«Найзағай жарқылдағанда» әңгімелер жинағы
Тоқтасынова Данила
toktasynova0120@gmail.com
Мазмұны
Өлеңдер
Жүрегімде қара құрдым
Махаббатты жоқтайды.
Дүниеде ешнәрсеге
Зауқым неге соқпайды?
Көңіл шіркін, мың құбылып,
Өз қызығын таппайды.
Уақыт болса жеткізбейді.
Жетсем егер, тоқтайды.
12.03.2022
Беймаза ойлар мезі қып,
Әрнәрсені сыбырлар.
Жанымды жеген уайымым
Кеудемде мәнсіз жыбырлар.
Жайымды қазір тез ұғып,
Түсінер адам қайда бар?
Өзімнен өзім бұғынып,
Кісіге айтпас сырым бар.
21.03.2022
Күн. Бірінші цикл.
Күнге қарай жүріп келем,
Жүріп келем, жаяумын.
Өзіме өзім күліп келем,
Өйткені енді "ояумын".
Күнге қарап сыбырлаймын
"Жақын қалдым, таяумын"
Ал Күн үшін қыбырлайтын
Құмырсқадай баяумын.
Күнге қарай жүріп келем,
Қанша болды, білмеймін.
"Жарық өмір" сүріп келем
Бірақ Күнді көрмеймін.
Күнге қарай жүріп келем,
Үміт өлмей көнбеймін...
Жеткізбесін біліп келем,
Үміт күндей сөнбейді.
11.05.2024
Күн патшалығы. Екінші цикл
(Бейнебаянның желісі бойынша жазылған)
Құдай теңдей өмір берді,
Көрсін, білсін, тойсын деп.
Бар адамға “көңіл” бөлді.
Жамандығын қойсын деп.
Алайда,
Күн патшасы әмір берді,
Айдың халқын жойсын деп,
Күннің даңқын шартарапқа
Өшпейтіндей жайсын деп.
Күн ханзада Ай аруды
Пәк сезіммен сүйіп ед.
Әкесінің айтқан сөзі
Ұлы үшін күйік ед.
Дегенмен,
Хан ұлына ел борышы
Махаббаттан биік ед,
Бала кезден өз парызын
Санасына түйіп ед.
Ай халқына келген азап
Қырып-жойды теп-тегіс.
Қалай ғана өзге “тозақ”
Біреу үшін тек жеңіс.
Сонда да,
Ауру әке, ару Ай қыз
Тірі қалуға серт етті.
Білсең, Құдай -Әділ жалғыз.
Ханзада жанын дертті етті.
Жылдар жылжып, уақыт сырғып
Күндер зулап өткенде.
“Күнін” “Айға” табыстырды
Құдай ерте көктемде.
Бірақ…
Ай-қыз “Күнге” оқ жіберді
Кек мезгілі жеткенде.
Ол да жұртын таңдаған ед.
Жасын төгіп, сөккенге.
28.06.2024
I'm from
Мен архивтегі кітаптардың шаңынанмын.
Оттекпенен көмірқышқыл араласқан
Табиғаттың заңынанмын.
Мен терезе маңынанмын.
Мөлдір, тұнық әйнектен
Көрінеді дүниенің арғы жағынан мұң.
Мен мәңгі түсін өзгертпес жасыл шыршамын.
Бар болмысыммен өзгермеуге тырысамын.
Мен астан соң қайыратын қысқа дұғамын.
Қысқа жапқан банкідей сезімдерді жүрегіме тығамын.
Мен әжемнің аян берер түстерінен,
Анамның істеріненмін.
Сенбі сайын жағатын моншаның ыстығынан,
Адамдардың суығынанмын.
Мен «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе,
Соңғысы да сонда жүретіндерденмін».
Мен Мұхаммедтің үмметі боп өмір сүретіндерденмін.
Аса өзенінің сағасынанмын,
Төле бидің жалғасынанмын.
Апамның тәбеншеге піскен нанымын,
Бәрінің сүйіп жейтін бананымын.
Әкемнің аманаты өлер алдын,
Атамның кеңесшісі кетер алдын.
Мен Естеліктер, ескі заттар, елес заттар сақталатын қоймамын.
Оларды өткен күндер жандансын деп қойғанмын.
Кеткен өмір жаңғырсын деп қойғанмын.
12.09.2022
Махаббат хаты
Жаным қалқып астында
Метеорит жаңбырдың.
Тоғысармыз екеуміз
Сызығында тағдырдың.
Сен қарайсың жұлдызға
Қиялмен мен қараған.
Сенің жұтқан ауаң да
Маған қарай тараған.
Бір қалада жүрсек те
Көріспегем сенімен.
Жүз метрлік жерден де
Байқамайсың мені сен.
Қолтықтап бір кітапты
Он метрден өтерсің.
Ой түбіне батқаннан
Тіпті қағып кетерсің.
Жүрегіңнің қағысын
Естісем бір-ақ білермін.
Оған дейін сенсіз де
Бақытты өмір сүрермін.
Адасқан қос молекула
Біздер қазір бөтенбіз.
Қашан біздер соғыспай
Табысады екенбіз?
24.09.2022
Бірінші өзіңе түсіндір,қызықтыр.
Қимылда,«оқы» деп қамшыла.
Сол кезде оқуың қызып тұр.
Білімің толығар тамшылап.
19.11.2022
Ешкімді тыңдағым келмейді
Ешнәрсе келмейді тыңдағым.
Ешқайсы тыныштық бермейді
Сөздерден қанайды құлағым.
Ешкім де ештеңе көрмейді
Көрмейді іштегі соғысты.
Ешбір жан ешқашан сезбейді,
Мендегі төге алмас қоқысты.
22.02.2023
Шамшырақ- мың түн жанған бір күн сөнер,
Мәуелі бақ - мың жыл гүлдеп, бір кезде өлер,
Аспалы шам - мың жыл тұрып бір кеште құлар.
Асау мінез - мың жыл шыдап бір сәтте жылар.
24.04.2023
Жаралайсың, жазалайсың сен мені,
Табалайсың, келе алмассың жөнге енді.
Қаралайсың, кіналайсың, жылайсың,
Соғысқанда екеумізден кім жеңді?
Түсіндірме, тыраштанба, Тырыспа
Уақыт қайта айналмайды, Дұрыс па?
Айқасамыз, шайқасамыз «қансырап»
Жеңілген - біз, Жеңімпаз жоқ ұрыста.
25.05.2023
Өлген екенмін деп ойлаппын.
Сөнген екенмін деп ойлаппын.
Осымен бітті деп ойлаппын.
Ажалым жетті деп ойлаппын.
Сөйтсем...
Өле алмайды екенмін
Бар кітапты парақтамай жатып.
Сөне алмайды екенмін
Берілген миссиямды аяқтамай жатып.
Осымен бітпейді екен...
Шаршасам да,
Қашсам да,
Қашпасам да
Көрге барып жатсам да, жатпасам да.
Тыныштықты өзіме өзім қимаған соң
Ажал да бермес күнде айтып қақсасам да...
17.10.2023
Тымық түн.
Дүкен.
Сыра.
Қуыскеуде.
Шибөрілер тіміскелеп бәле іздеуде.
Он алтыда көкке қайтқан қыршын үшін
Хақың бар ма, айтшы маған, күреспеуге?!
Дауылды түн.
Үнсіздік.
Өртенген үй.
Ашу келіп, ыза қысып, қайнайды ми.
Ақты ақ деп өлтірсең де бетіңе айтар
Көкбөрінің ұрпағы есіңді жи!
14.10.2024