— Тоқал, барсың ба, әй? — деді ол түтіге.
Келген байы екенін білген Зейнеп, шымылдықтан басын шығарып еркелей:
— Бармын ғой, — деді. — Немене соншама түн ортасында жұртты үркітіп…
— Ер өліп, Есіл бұзылып жатқанда, бұл қай ұйқы сенікі?
— Байының ашулы үнінен шошып кеткен Зейнеп төсегінен ұшып тұрды.
— Не боп қалды?
Қоңырқұлжа жауап берген жоқ. Иығында подполковник погоны бар сары ала оқалы сүртігін шешіп жатып, не қыларын білмей төсегінің үстінде көйлекшең шошайып отырған Есіркегенге көзі түсіп кетті. Дереу қабағы түксие қалды.
— Мынау үрпек басың кім? — деді. Оның даусында тағы бір қосымша ашулы дыбыс пайда болды.
— Масан би аулындағы жиен ғой…
— әй, осы сенің жиен, нағашың-ақ, бітпейді екен… — деп тоқалының сыры өзіне мәлімдігін бетіне басқалы келе жатты да кілт тоқтады, — әлгі Жамантайдың қарындасының оқудағы баласы емес пе?..
— Иә, сол Есіркеген ғой.
— ә… онда жата бер. Таң атқасын сөйлесерміз. — Аға сұлтан төсегінің шетіне отырды да, аяғындағы шпор тағылған қара хром етігін созды, — тоқал, мынаны тартып жібер…
Зейнеп байының етігін аяғынан суырып алды да, анандай жерге қойды. Содан кейін ғана ананың қап-қара боп түтігіп кеткен түріне қарап:
— Өзіңде өң жоқ қой. Не болды, айтсаңшы? — деді жаны ашығандай пішін көрсетіп:
Қоңырқұлжа қабатын төбеттей арс ете қалды.
— әй, не болғанын қайтесің? Өзіңе керегіңнің аман келгеніне қуан! Саған со да жетпей ме! Одан да қымызың болса бер…
Зейнеп үлкен сырлы аяқпен мөлтілдете тоңазыған сары қымызды төсегінің үстінде көйлекшең отырған байына әкеп берді.
Қоңырқұлжа сырлы аяқты ала беріп:
— Сыртқа шығып келші, — деді тоқалына, — жігіттер жайғасты ма екен?
— Қоңырқұлжа қымызын ішіп бола берген кезде Зейнеп үйге қайта кірді.
— Ауыл сыртындағы күзетшілерден бөтен ешкім көрінбейді.
— Жұртты дүрліктірмей тез жайғасқандары дұрыс болған екен. Жә, біз де жаталық.
Қоңырқұлжа қисая беріп шымылдықты түсіріп, қасына таяған тоқалын білегінен ұстай алып, бір жері ауырып қалар-ау деп аямастан, жанына құлата тартты. Үйде жатқан жиен-миенге мән бермей, көжекті бас салған арлан төбеттей, жұмыртқадай жұп-жұмыр жас тоқалын алпамсадай бауырына қысып умаштай жөнелді.
Аға сұлтанның күні бойы қанды ұрыста боп, ажалдан тек қараңғы түсе ғана аман құтылғанын тоқалы білмейді, тек ананың жайшылықтағысынан гөрі ашулы, екпінді қимылына риза болып «бейшара-ай, әбден шөлдеп қалыпсың ғой» деуге ғана мұршасы келді, әр жағында үніне үн қосып, байының бабын тауып аймалаумен болды.
Жұрт таңертең тұрғанында Ақмола бекінісін Кенесары әскері алғанын біле тұрды. Қапаланған да, қайғырған да бар. Қуанғандары да жоқ емес. Бұл ауылдың жігіттерін Қоңырқұлжа бекіністі қорғауға алмаған, тоқал тыныштығын күзетуге қалдырған. Қазаны бөлектің — қайғысы бөлек. Өз жігіттері сау қалғандықтан, нелер жақсы менен жайсаң қаза тапқан кешегі қанды ұрыс, сырт қараған адамға, бұл ауылға соқпай өткен сұрапыл дауыл секілді көрінді. Қайғысы, қуанышы болса да жұрт сыртқа лақылдатып шығармай, іштен тынды.
Қоңырқұлжа таңертеңгі шай үстінде тоқалына қарап:
— Ақмола құлады деп қан жылар жайым жоқ, — деді. — Бекініс керек болса, ана Қарапұшық кетті ғой қалған солдаттарымен Омбыға, Талызин өзі қайта салар, менің өз шаруам да жетеді. — Сөйтті де Есіркегенге бұрылды. — Сен орысша оқи білесің бе?
— Білем.
— Менің қатшым кеше Ақмолада оққа ұшты. Патша адамдары Омбыға кетті. Кісі тауып алғанымша сен осында бол.
Зейнеп жорта сөз тастады.
— Оқуынан қалып қоймай ма? Одан да үлкен баланы шақыртсайшы.
Зейнептің «үлкен бала» деп отырғаны Жәнәділ еді.
— Кіші балаңды құртып едің, енді үлкен балаңа ауыз салайын дедің бе? Жә, сөзді бөлмей, артыңды қысып жайыңа отыр. Қатыныңның ақылымен қоңсы қонсаң, көршің жау шығады. Жәнәділ де алысқа кетпес, оған да шаруа табылар. — Қоңырқұлжа қайтадан Есіркегенге бұрылды, — қаласың ба?
— Қалайын…
— Онда мына қағазды оқып, не дейді екен аударып берші. Омбыдан алдыңғы күні келіп еді, әлгі қанішер Кенесарының әуресіменен ашуға да қолым тимеді… Өзім оқуға түндегі ұрыстан кейін көзім ауырып отыр…
Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткеннен кейін Қоңырқұлжа жәрдем сұрап Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған.
Бұл сол хатқа жауап екен. Бұл күндері өзінің Кенесары көтерілісін басу жайында үлкен жоспар үстінде отырғанын айта келіп, ол хатының аяғында: «Қазір тартып алған малыңды қайтартып беретін еш күш жоқ, болған шығынды қарамағыңдағы қазақтардан өндіріп алуға рұқсат етемін», — депті.
Талызинның мұнысы қара қазаққа қосымша салық салып, Кенесарыға кеткен малыңды солардан өндіріп ал деген сөз еді. Есіркеген хат сөзін аударып берді. Қоңырқұлжа тұнжырай қалды. «Бір Кенесарыға күші жетпесе, Омбыда кілең сары ала түймелі жанаралдар не бітіріп отыр? Салық сал дейді. Айтуға оңай. Биыл Көкшетау, Қарқаралы дуандары жиырма екінші жылғы ереже бойынша жүз қарадан бір қара жасақ жинай бастап еді, мал ашуы — жан ашуы дейтін қазақ Кенесарыға қарай ағыла түскен жоқ па? Жау қолында кеткен он жеті мың жылқыны қайтарып алу оңай ма? Оның үстіне ел биыл қыстан жүдеп шықты. Жұрт маған малын оп-оңай бере қоя ма? Рас, Қараөткел қазағын қырқыншы жылға дейін патша салығынан өзім құтқардым. Жақсылыққа — жақсылық дегендей мүмкін өздері түсінер, жауға кеткен малымның орнын толтырар. Ал түсінбейді екен… Өз обалы өзіне, қолынан бермесе жолынан алармын. Бірақ дәл қазір бүйтуіме бола ма? Неге болмайды? Қоңырқұлжа жылқысын Кенесары алғанда, қара қазақтың жылқысын Қоңырқұлжа алмайтын не жыны бар. Аламын. Алғанда шырылдатып отырып тартып аламын. Бермей көрсін. Кенесарыға әлім жетпегенмен, қарамағымдағы бастары бірікпей талан-тараж болып жүрген қара қазаққа әлім жетер!».
Қайда барса да сорлайтын халық. Айналып келгенде Кенесарының Қоңырқұлжадан шапқан жылқысының ауыртпалығы тағы да қара халыққа түспек.
«Малымды тартып алды десе қазақ обалын Кенесарыдан көрсін! Оны қолпаштап, дем беріп отырған өздері ғой, тартсын жазасын. Бұл шаруаны бір ыңғайлағаннан кейін Омбыға өзім баруым керек. Жанарал-губернатор Горчаковпен ауызба-ауыз сөйлесуім қажет. «Баянауылдың қазақтары Кенесарыға қосылмақ, мені қабылдаңыз, деп өтінгенде, аға сұлтан мен түгіл қара қазақ Тұрсынбайдың Боштайын да қабылдап, керемет құрмет көрсетіп, Баянауылға арнаулы кәрлі қылыш-жасақ шығарған жоқ па еді? Менің Боштай құрлы бағам бар шығар. Горчаковтың өзімен сөйлеспесем, мына Талызин дегені, асықпай ұшатын мамырлап қалған бірқазан секілді, арты ауыр бір сорлы көрінеді»…
Осындай шешімге келген Қоңырқұлжа шайдан кейін Есіркегенді оңаша алып Ақмола өкірігінің он сегіз болысынан Кенесарыға ермей, аға сұлтанның қарамағында қалған тоғыз болысқа он жеті мың жылқыны салық етіп бөлді. Жетеуіне екі мың жылқыдан қойды да, Кенесарыға қарай иек көтеріп қобалжи бастаған Атбасар мен Қорғалжын болысына мың жарым бастан белгіледі. Ол бұл салығын «Төтенше салық» деп атады. Және болыстарға берген бұйрығында бұл малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын дөненге дейін ғана алынсын. Және асыл тұқымнан болсын. Қыршаңқы, маңқа жылқы алынбасын деп анықтай тапсырды.
Поштабайларын шақырып алып, мөрін басып қолын қойған осы бұйрықтарды тез болыстарға жеткізуді міндеттеді де өзі кенет Омбыға жүрмек болып дайындала бастады.
Қоңырқұлжа Омбыға жүргенше он шақты күн өтіп кетті. Осы екі ортада үлкен баласы Жәнәділ келіп, Қайниса мен Аққағаз бәйбішелердің де ауылдарын бері қарай, осы Есілдің төменгі жағына көшіруге бұйрық алды. Қоңырқұл- жа: «Омбыға жүремін. Маған жолығып кетсін», — деп Қарқаралының аға сұл- таны Тәукенің Жамантайына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына, Аманқарағайдың аға сұлтаны Уәлидің Шыңғысына ат шаптырды. Ондағы ойы кілең мықты қол қойып, Омбы генерал-губернаторынан қазақ даласына зеңбіректі мол әскер шығар деп өтіну еді. Ал егер Омбы шын қол ұшын бермейтін болса, амалын тауып, уақытша Кенесарымен келісімге келмек. Түбі жауласып өтетінін Қоңырқұлжа жақсы біледі, бірақ басқа жол қалмаса қалай жол табады? Кенесары шыдатар емес. Бостан-бос қырылғанша, беттің арын белге түйіп, бас иген боп, оны алдай тұрып жан сақтаған жөн. «Жаздым, жаңылдым» десе, Кенесары тимейді. Қоңырқұлжа мұны да жақсы түсінеді. Өйткені Кенесарының бар тілегі қазақтың басын қосып ақ патшаға қарсы шығу деп түсінеді. Ақмола аға сұлтаны. Бұл тілектің ар жағында бақ құмар Қасым баласында қандай ой жатқанын дөрекі Қоңырқұлжа қайдан сезсін. Ол тек мақсатына қарсы шықпасаң, Кенесары қандай күнәң болса да кешеді деп болжайды. «Ер шекіспей бекіспейді деген, шекістім — сен жеңдің деймін, — дейді ішінен Қоңырқұлжа, — міне қолым». Ал реті келген күні Құдаймендінің қанішер ұлы шімірікпестен Кенесарыны сол қолымен өзі бауыздамақ. «Аллатағала, — дейді ол тағы да ішінен жалбарынып, — сол күнге жетер болсам, сол сәтте жанымды алсаң арманым жоқ!».
Қоңырқұлжа жол дайындығын тез бітірсе де, аға сұлтандарды күтіп көп кідірді. Ақырында олардан да хабар келді. «Ел арасы бүліншілік, қазір орыс солдаттары қорғап тұрған приказдардан тыс шығу қауіпті. Келмеді деп өкпелемесін. Бізден жалғыз тілек: «Омбы тез әскер шығарып Кенесарыны құртсын. Ал Кенесарыны құртуға ең ыңғайлы кез қыс. Қыста ол жаздағыдай алысқа бара алмайды. Және бар сарбаздарын таратып, тек ең жақын батырларымен, қарамағындағы үш жүз үй төлеңгітімен ғана қалады» депті. Ауыздарына түкіріп қойғандай бәрі бірдей осы сөзді айтып жіберіпті. Патша солдаттарының артына тығылып, приказдарынан шыға алмай отырған аға сұлтандардың сөздерін естігенде Қоңырқұлжа Кенесарының қаншалық күш ала бастағанын анық сезінді. Енді шын қорқайын деді. Сөйтсе де өзінің қайсарлық мінезіне салып:
— Кілең қоян жүректер, — деді жанында қағаз жазып отырған Есіркегенге, — суыр секілді інімізге кіріп алып, көзге түспей тығылып жатсақ, жанымыз қалады деп ойлайды ғой. Мен білетін Кенесары болса, қасқыр соққан аңшыдай әрқайсысын жекелеп соқпаса қара да тұр!
Кенесары батырларының ерлігі соңғы кезде жұрт арасында аңыз болып тарала бастаған. Жас жігіт атаулысының батырлықты, ерлікті даңқ тұтатын әдеті емес пе, Есіркеген де мұндай әңгіме-жырларды ұйып тыңдайтын. Оның үстіне үлкен атасы Масан ақсақалдың да бір бүйірі Кенесарыға тартып тұратынын сезетін. Шүу дегенде Кенесарыға қарсы шыққан аға сұлтан Жамантай осы кісінің ақылы арқасында соңғы кезде ереуілшілерге қарсы келмей, бұғып қалуға көше бастаған. Масан ақсақал туған немересі жас Есіркегенге де осындай тәлім-тәрбие беретін. «Не болсаң да жұртыңмен бол, егер жұртың Кенесарыға еріп кетсе, айдалада қаңғып қалған жалғыз қаздай не қызық көресің? Одан да су ішсең де, суан ішсең де өз үйіріңнен айрылма!» — дейтін. Осындай рухта тәлім-тәрбие алып жүрген бала жігітке Қоңырқұлжаның аға сұлтандары «Кенесары аш қасқырдай біртіндеп соғады», — дегені өте ұнап қалды. Бірақ сыр берген жоқ, жәй әшейін күлімсіреді де қойды.
Қоңырқұлжа да дәл осы сөзді айтып отырған кезінде екі жылдан бері ғана орысша оқи бастаған Есіркегеннің өсе-өне келе қазақ деген елінің ұлттық туын көтеретін ең алғашқы оқығандарының бірі болатынын білген жоқ. «Бұл неге күлімсірейді?» деп оның бетіне ожырая қарады да, аға сұлтан бір шабарманын шақырып алып, өзімен бірге Омбыға жүретін он жігіттің жолға дайындалуын бұйырды.
— Күн түске аумай жүріп кетеміз, — деді ол.
Бұл таңертеңгі кез еді. Күн ашық, Сарыарқаның күзгі салқын желі тұра бастаған. Кейде аспанды қалың сұрғылт бұлт та шырмайды. Бірақ күзгі қалың жаңбыр мезгілі әлі келе қоймаған уақыт.
Шабарман шығып кетті де қайта оралды.
— Аға сұлтан, сізге жолығам деп бір бейтаныс жігіт келіп тұр.
— Қайдан екен?
— Онысын айтпайды. Тек аға сұлтанның өзімен ғана сөйлесем дейді.
— Кіргіз. Тек қару-жарағы болса алып қал…
Баласы Шыңғыс өлгеннен бері Қоңырқұлжа бейсауат адамнан қатты сескенетін. «Кім біледі, — деп ойлайтын ол, — Кенесары бір жындысын жіберіп, ол қарныңа қара пышағын сұғып алса не істейсің? Маған өшіккен адам аз ба?» Сондықтан да Қоңырқұлжа беймәлім біреу-міреу жолықпақшы болса нөкерлеріне ең алдымен оның қару-жарағын алуды тапсыратын.
Үйге шегір көз, бетінде қан жоқ, сөл жоқ, қатқан сары жігіт кірді. Түрі кісі өлтірген адамдай сұсты екен. Есіркегеннің бойы әлденеге дірілдеп кетті.
— Ассалаумағалайкүм, аға сұлтан.
— Уағаликум ассалам. Сөйле, жігітім.
Қоңырқұлжа мен Есіркегеннің көзі бірдей жігіттің белбеуіне түсті. Киімі нашар болғанымен, белбеуі әсем екен. Оның үстіне оң жақта тұратын құты, оқшантайы сол жағына шығып кетіпті.
— Өзі қайда? — деді Қоңырқұлжа кенет алдында тұрған — Ожар жіберген адам екенін түсініп.
— Өзі Байтабынның жасағында. Келе алмады. Кенесары… — деп келе жатты да ол «мынаның көзінше сөйлеуге бола ма» дегендей Есіркегенге қарады да, тына қалды.
— Айта бер. Бұл бала өзіміздің адам.
Кенесары екі топ жасағын аттандырды. Бірін Ағыбай, екіншісін Байтабын бастап келеді. Ағыбай тобы қазір Қаражар шатқалында. Ертең Қарқаралыға өтпек! Аға сұлтан Жамантайдың ойдағы жылқысын айдап әкетпек! Кене оған ақ патша жағына шықты деп өте ашулы.
— Ал Байтабын қолы қайда? Оның беті қай тұс?
— Мен Ағыбай жасағындамын. Батыр алдымызды барлап кел деп жіберді… Ал Байтабын жасағы кейінірек. Шамасы бүгін түнделетіп жүріп, таң ата осы араға жетпек. Беті сіздің ауыл. Кенекең оны Қоңырқұлжаның қалған малын айдап кел деп жіберді.
Қоңырқұлжа күп-күрең боп кетті.
— Өздері қанша адам?
— әрқайсысында жиырма бес сойылдан.
— Бар болғаны сол ма? — Қоңырқұлжа қаһарлана қалды. — Басынған екен әбден! Көкелерін танытамын мен әлі? Ағыбай жасағы Қаражар шатқалында дедің бе?
— Иә, бүгін түнде сол арада ат тынықтырып алмақ. Ертең Қарқаралы аспақ…
— Жарайды, — деді Қоңырқұлжа, сөйтті де сыртта тұрған шабарманына дауыстап, — Асылкерейді шақыр, — деді. Ол қайтадан сары жігітке бұрылды. — Байтабын менің жылқымның қайда екенін біле ме?
Есіркеген әңгіменің түп нұсқасын бірден түсінді. «Ана кісісі кім екен? Байтабын тобында Қоңырқұлжаның көз-құлағы болған ғой». Әйтсе де, «ана кісілерің кім?» деп сұрауға бата алмады. Үн-түнсіз тыңдай берді.
— Сонда, менің жылқымды қай тұста деп жорамалдайды Байтабын? — Қоңырқұлжа өзінің түбектегі тығулы жылқысын ешкім білмейді деп ойлаған болуы керек.
— Есілдің Ертіске қарай бұрылатын жерінде деседі…
— Алда әкеңнің аузын ұрайындар-ай, бәрін біліп отыр екен ғой!
— Ана кісі өзі жасақтан бөліне алмайтын болған соң, маған сізге айт деген тағы бір құпия сыры бар…
— Оның тағы не сұмдық?
— Осы ауыл маңайында сізді торып әбдіуақит деген Кенесарының бір кісісі жүр. Оған сіздің басыңызды алу тапсырылған.
Қоңырқұлжа енді тіпті шошып кетті.
— Қай әбдіуақит?
— Бұрынғы өзіңіздің төлеңгітіңіз. Күміс деген қызын… — Сәмен ыржия күл-ді, — бозбалашылық етіп… нетіп жіберген көрінесіз…
Ел құлағы елу, Күміске істеген Қоңырқұлжаның жауыздығын Есіркеген де естіген. Туған қарындасын қорлағандай, іштей өте қынжылған. Өйткені ол былтыр оқуға бара жатып, мал басында отырған әбдіуақиттың үйінен сусын ішкен. Сонда Күмісті де көрген. Жас қызбен бір-екі ауыз сөзге де келіп, тіл қатысқан. Оның көркіне риза болып кеткен. Сол Күміске Қоңырқұлжаның істеген қорлығын естігенде, Есіркеген аға сұлтан дәл сол сәтте қолына түссе ішке тепкілейтіндей боп ашуланған. Сол Қоңырқұлжасы мынау. Оны ішке тепкілемек түгіл, өзі оған хатшы болып жұртқа істемек қиянатына көмектесіп отыр. Есіркеген Қоңырқұлжаны балағаттап жібере жаздап өзін-өзі әзер басты.
Қоңырқұлжа бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, үйге аға сұлтанның жасағының бастығы, ұзын бойлы, қара мұртты Асылкерей кіріп келді.
Аға сұлтан Сәменнің сөзін оған тегіс айтып берді де, ойын тұжыра бұйрық берді.
— Ағыбайды Қарқаралыға өткізбей, жатқан жерінде күн бата басу керек. Біздің істеген жақсылығымызды мына жігіт Жамантайға айта барар. Бұ да қазір жүріп кетеді. — Ол Есіркегенді нұсқады. — Елінің шетіне жау жеткенін хабарлар. Сосын сен бар сарбаздарыңмен Байтабынды түбектің аузында күт. Біреуін жібермей қырып сал. Оны жайғастырған соң осы ауылдың маңын тегіс сілкіп шық. Мені өлтірмек боп торып жүрген әбдіуақит құлды қайтып келгенімше ұстап алып, кісендеп қой. Жазасын келген соң өзім берем.
— Ел шетіне жау келіп жатқанда… — Асылкерей күмілжи сөйледі, — мүмкін сіз жүрмессіз…
— Жау ел шетіне бүгін келіп тұр ма? — Қоңырқұлжа жасақ бастығының сөзін жақтырмай қалды. — Жиырма адамға күштерің жетпесе, несіне ат мініп, қару асынып жүрсіңдер? — Ол «әбдіуақит аңдып жүр» деген сөзден сескеніп қалған-ды. «Мен келгенше ол итті жігіттерім ұстап алар, оған дейін бой тасалай тұрған жөн болар», — деген ойға келген. Сол себепті аға сұлтан Омбыға тез жүріп кетіп, қалың орыс арасына жетуді дұрыс көрді. — Біз Омбыға тез баруымыз керек, — деді ол жасақ бастығына. — Онда бізді бұдан да зор іс күтіп тұр.
Барлық жауапкершілікті Асылкерейге жүктеп, Қоңырқұлжа аттанып кетті. Жол бойындағы әлі Кенесары құрығы түсе қоймаған бай ауылдардан ат ауыстырып мініп, суыт жүріп үшінші күні таң ата Омбыға жетті.
Қоңырқұлжа бұл қалада бірнеше рет болған. Бұрын мұнда нелер ақжарқын күндері өткен. Патша ағзамның ең жоғарғы сатыда тұрған мәртебелі адамдарының талайымен кездескен. Аға сұлтанның есінде осындай кездесулердің екеуі мәңгі ұмытылмастай сақталған еді. Бірі 1829, яғни қазақша Сиыр жылы, осы Омбы қаласындағы тілмаштар мектебінің қырық жылдық мерекесіне арналған салтанатты кеш. Онда Сібір қазақтары жайындағы ережені шығарған патшаның оң көзі Сперанскийдің өзі бар. Кең залда ойнаған оркестр, би, ойын-күлкі… Қоңырқұлжаға ең алғашқы рет орыс офицері — штабс-капитан аты берілгені осы жолы еді. Содан бері тоғыз жыл өтіпті. Қазір ол подполковник. Екінші есте қалған күн — алдыңғы жылғы күз. Бұл күні бір шеті мен бір шеті тай шаптырым төрт қабат ақ үйде Омбының кадет копусы ашылды. Бұл тойға да қазақтың аға сұлтан, асқан байлары шақырылды. Тойды князь Горчаковтың өзі бас- қарған. Өзге аға сұлтандардан гөрі князь Қоңырқұлжаға ерекше көңіл бөлген. Тіпті би біткен кезде, зәулім биік залда ерсілі-қарсылы әңгіме құрып жүрген аққу-қаздарша сылаңдаған орыс дворяндарының әйелдері мен сыптай боп сәндене киінген орыс офицерлерінің алдында Горчаков оны қолтықтап өткен. Өзге аға сұлтандар қызғанғаннан іштері жарыла жаздаған. Сол жолы ғой Горчаков оған:
— әрі кетсе бір жиырма бес жылда қазақтың ұл-қыздары да мыналардай болады, — деген жан-жағындағы әйелдер мен офицерлерін көрсетіп.
Сары далада көшіп жүрген қазақтар жиырма бес жыл ішінде мыналардай болады деген князь сөзіне Қоңырқұлжа таң қалған. Ол ойын жасырмай:
— Егер қазақ бұлардай болғысы келмесе не істейсіз? — деп сұраған.
— Онда, — деп Горчаков ойланбастан жауап берген. — Аюға ақыл үйреткен таяқ деген мақалды естігенің бар ма? Жерінен, билігінен айрылған қазақ айтқанға көнбей қайда барады? Күшпен көндіреміз. Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп, жер жыртуды үйретеміз. Қол-аяғын матап шіркеуге кіргізіп, Иисус Христосқа шоқынуға мәжбүр етеміз.
Горчаковтың осы бір адуынды тік жауабы Қоңырқұлжаға ұнаған. «Өз басымды хан етсе, мейлі, қара қазақты пісіріп жесін. Одан менің нем кетеді? Ал сонда…» Аға сұлтан ойлана қалды. «Сол күштеуден не шықты? Арқа қазақ атаулысының жартысына таяуы осы күштеуге көнбей қарсы көтеріліп отырған жоқ па? Жақсы. Кенесарыны жоямыз, бірақ қазақ Горчаковтардың айтқанына көніп, айдауына оп-оңай жүре қояр ма екен?».
Қоңырқұлжаның есіне тағы да бір уақиға түсіп кетті. Ол кезде Қоңырқұлжа жас. Тобыл қаласында 1789 жылы тілмаштар дайындайтын мектеп ашылған. Он бесінде соған кеп түскен. Оның алдына әкесі Құдайменді шоқынған бір татарды жалдап Қоңырқұлжаға әзер-мәзер орысша хат танытқан. Сол шоқынған татар мұғалімі қызық адам болатын. Құдайменді байдың баласынан кім шығатынын қайдан білсін, күйген томардай қара-қошқыл, дөрекі Қоңырқұлжаның басынан сипап: «Оқы, оқы, қазақ малайы. Рус языкысыз жить булми. Қазір пушкасы килсә, соңынан Пушкині килә, бізге күн рус культурасымен шыға», — дейтін.
әрине, Қоңырқұлжа ол кезде пушканың зеңбірек екенін ұқса да, Пушкиннің кім екенін түсінбеген. Бес жыл өткеннен кейін ғана барып Пушкинді де білді. Бірақ бұл кезде ол қазақ даласында өз үкімін жүргізу үшін оған Пушкин емес, пушка керек екенін ұқты. Сондықтан да ол Горчаковтың «Аюға ақыл үйреткен таяқ, қазақ елін де күшпен көндіреміз», — деген сөзіне намыстанбаған. Өзінің тілегі мен Горчаковтың тілегі бір екеніне көзі жеткендіктен қазақ даласына пушканың көбірек келуін мақұл көрген.
«Міне қазір өзі де осы тілектің айдауымен келе жатқан жоқ па?» Аға сұлтан ауыр күрсінді. «Иә, иә, Қараөткел бекінісіне сол пушкалардың көбірек жетуін тілек етпек. Ал сол тілегін губернатор орындар ма екен? Орындауға тиісті. Өйткені екеуміздің де арманымыз бір, жолымыз бір».
Расында да бұл кезең осы екі сұмырай тілектің аса бір ұштасқан кезеңі еді.
Қоңырқұлжаның есіне кенет әкесі айтқан бір ескі аңыз түсіп кетті. «Дүниеде не қызық?» деп сұрапты Шыңғысхан бір күні өзінің нөкер, нояндарынан. Бір батыры: «Дүниеде бүркіт салып, түлкі ілген қызық». Екіншісі, «ғашық бол- ған сұлуыңды құшқан қызық». Ал үшіншісі, «алтын тақта отырып жұртқа әміріңді жүргізген қызық», — депті. Сонда Шыңғысхан: «Жоқ, білмедіңдер. Қастасқан жауыңды алдыңа салып айдап, қатын, қызын бауырыңа басып құшып, мал-мүлкін талан-тараж етіп тартып алғаннан дүниеде қызық ештеңе жоқ», — деген екен. Осы аңыз есіне түсіп кеткен аға сұлтан атын тебініп қалып кенет күбірлеп жіберді: «Ата жауым Кенесарыны табанымның астына салып, Күнімжан бәйбішесін бауырыма бір бассам, бүгін өліп кетсем де арманым жоқ».
Екі жағы бірдей ұйыса ағаш өскен даңғыл жолмен Қоңырқұлжа қала шетіне жеткенде қайда түсерін ойлап сәл кідірді. Қарсы алдында минарет, Омбы мұсылмандарының мешіті, оның ар жағында Ғабдырахманұлы Мұхамед Шариф ахонның қызыл кірпіштен салған кең сарай үйі. Жолдың кіре беріс сол жағында ғажайып салтанатты, төрт күмбезді, бастарында алтын жалатқан кіресі бар зәулім шіркеу, одан солырақ, алаңның ар жағында қасына азырақ тал еккен генерал-губернатордың екі қабат ақ үйі — салтанат сарайы. Көк темір төбесінде татар қыздарының басына киетін тақиясы тәрізді, жіңішке терезелері төрт жаққа бірдей шыққан, төрт бұрышты, губернатордың жұмыс істейтін бөлмесі… Төменде бірнеше жұпыны келген, ағаштан салған жатақ үйлері. Одан әрі шіркеумен жалғаса тастан, күйдірген кірпіштен қалаған сәнді-салтанатты екі қабат, үш қабат үйлі үлкен қала жатыр…
Қоңырқұлжа ахондікіне түсуді ұйғарды. Мұхамед Шариф үйінде екен. Құшағын жая қарсы алды. Сол күні-ақ Қоңырқұлжа ахоннан Омбы облысының бас- тығы Талызинның ауырып жатқанын естіп, генерал-губернатормен жеке сөйлеседі екенмін деп қуанып қалды.
Қоңырқұлжаны ертеңіне генерал-губернатордың өзі шақыртып алдырды. Ақмола бекінісін Кенесарыдан қорғай алмағанын айып көрген аға сұлтан кенет жүрексініп, губернатордың салтанат сарайына Мұхамед Шарифты ерте барды. Бірақ Горчаков тек Қоңырқұлжаны қабылдады. Генералдың атұлтанты[7] — ұзын бойлы корнет «кіріңіз» дегеннен кейін, қабылдау бөлмесінің қара былғарымен қапталған есігін аға сұлтан қобалжи ашты. Бөлме өзіне бұрыннан таныс. Қырық құлаш кең, биік зал. Сары сафьян былғарымен тысталған, арқа ағаштары оюлан- ған жұмсақ орындықтар. Ең түбінде, жасыл шұғамен жапқан, өрнекті, зілдей стол. Қабырғасында Бірінші Николай патшаның полковниктік дәрежеде түрегеліп түскен суреті. Әшекейленген төбеден төмен салбыраған жалтыраған жез баулы шам қоятын аспалар… Стол үстінде алтын жұмыртқа тәрізді сия сауытын тұяғымен басып тұрған, қос қанатын кере жайған қара мрамор тастан жасалған екі басты самұрық құс. Келген адамның сұсын алайын дегендей генерал самұрықты есік жаққа қаратып қойыпты. Егер қарсылық етер болсаң, тырнақтары қанжардай, қанқұйлы, айбынды қыран «шаңқ» етіп көтеріліп, бас салғалы тұрғандай. Кең залдың іші қандай ызғарлы болса, құс түсі де сондай ызғарлы. Иесі осал кісі емес. Россия патшалығының Сібірдегі аузынан от бүріккен қанды балақ жендеті.
Бөлме иесі князь Горчаков — Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Кірпідей тікірейген қысқа шашты, едірейген жирен мұртты, ақ боз, түсі суық кісі. Ол Қоңырқұлжаны столының ар жағындағы Бірінші Николай суретінің аясында тұрып қабылдады. Өзі де отырған жоқ, Қоңырқұлжаға да отыр демеді. Басын изеді де қойды. Аға сұлтанға ол бірден «қазақ даласында болып жатқан бүліншілікке сен де айыптысың», дегендей сұс көрсетті. Қоңырқұлжа іштей әбігерлене қалды. «Бәсе, мені келмей жатып неге іздетіп жатыр деп едім-ау, ұрыспақ екен ғой, тек ұрсып қойса ғана жарады…».
— Подполковник Құдаймендин, — деді Горчаков бірден ресми сөзге кірісіп, — Омбыға жай келмегеніңді біліп әдейі шақырттым. Қазақ даласында болып жатқан бүліншіліктің жәйі бізге әбден мәлім. Хорунжий Қарбышев Ақмола бекінісінен қалай айырылғандарыңды баяндаған. Патша ағзам алдында борыштарыңды ақтай алмағандарың үшін сендерді сотқа беру керек еді, бір жолға кешірдік. Енді бізден не тілейсің, соныңды айт. Және қысқа түрде. Ұзақ жырды тыңдауға уақытым жоқ.
Князь дәл қазір шынында да асығуда еді. Генерал-губернатор ит құмар жан болатын. Былтыр Лондоннан әдейі алдырған ағылшын сеттері тұқымдас қаншығы кешеден бері ауырып қалған. Томскіден арнайы шақырған дәрігер Омбыға жаңа ғана жеткен еді. Оны итіне өзі апарып көрсетпек. Князь соған асығулы. Сүйікті қаншығы ауырып жатқанда, қазақтың бір аға сұлтанымен мылжыңдасып, уақыт өткізуді жөн көрмеді. Сондықтан генерал-губернатор әңгімені тікесінен қойды. Мұндай келте қабылдауды күтпеген Қоңырқұлжа сасып қалды. Горчаков тіпті сөйлеспей кетіп қалар деп қорқып:
— Генерал-губернатор мырза, — деді аға сұлтан келген шаруасының тоқ етерін айтып! — Кенесары күннен-күнге күшеюде. Биыл қыс оны құртпасақ, келесі жаз бой бермей кетуі мүмкін.
— Қалайша?
— Торғай бойын жайлаған қалың Қыпшақ пен Ырғыз, Елек, Ембі өзендерінің маңындағы Кіші жүздің көп руларының оған қосылып кету қаупі туып тұр. Бүйте берсе бар қазақ Кенесары туының астына жиналуы мүмкін.
— Мұндай ақымақ халықты көрсемші, — деді Горчаков мысқылдай күліп, — Россия патшалығы қазір қазақ жерінде мықтап тұрып орын теуіп алған жоқ па? Маңызды деген аудандардың бәрінде де біз өзіміздің бекіністерімізді, форпостарымызды салып болдық. Енді патша солдаттарын бұл арадан бір Кенесары түгіл, мың Кенесары да қуа алмайды. Абылай кезіндегідей емес, қазір қазақ еліне деген Россия патшалығының саясаты өзгерген. Осыны ақымақ қазақ білмей ме? Ал сенің Кенесарыңда ақыл болса, қазақ халқына емес, Россия патшалығына қолайлы жол іздеп, бізге бас ұрмас па! «Россия патшалығына протекторат ретінде бағынуға қарсылығымыз жоқ, бірақ біздің елдігімізді сақтап, саяси бостандығымызға, жерімізге тимейтін болсаңдар екен» деп ол маған бірнеше мәрте хат жазды. Бұндай есалаңды көрсем бұйырмасын! Патша ағзамға бағыну деген сөз — саяси бостандығымды жоғалттым деген сөз емес пе?! Сондықтан да мен біздің тыныштығымызды бұзған адаммен келісім сөз жүргізуді өзіме ұят көріп және патша ағзамға үн-түнсіз бағынудан бөтен басқа шарт қоюына ешбір үміті қалмасын деп әдейі хаттарына жауап бермей қойдым.
— Дұрыс еткенсіз, губернатор мырза.
Горчаков алдында тұрған Қоңырқұлжаны адамға санар емес. Сүзетін бұқадай басын төмен тұқыртып, өз ойын ашық айтып жатыр.
— Біз қазақ елін тек отарымыз деп қана санаймыз. Кімде-кім бұған көнгісі келмесе, оны қарудың күшімен көндіреміз. «Азаматтармен келісімге келудің ең дұрыс әдісі — оларды қорқытып ұстау». Бұл пікірді соғыс министрі Чернышев мырза да мақұлдайды.
— Біздің де тілегіміз сол емес пе? Тек қарулы күшті тезірек шығарсаңыз дейміз.
— Кенесары көтерілісін түп-тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс жоспары жасалып жатыр, — деді Горчаков, — көп ұзамай қарулы күш те шығарылады. Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазартылады. — Кенет генерал-губернатордың есіне ауру қаншығы түсіп кетті, ол енді асыға бастады. — Өзге шаруаңызды облыс бастығы Талызин мырзамен сөйлесіңіз. Қош болыңыз.
Қоңырқұлжа салы суға кетіп үйден шықты. Ауырып жатқан Талызинның пәтеріне барып жолығып, үш күннен кейін еліне қайтты.
Аға сұлтан бұ жолы Талызиннен көмекке небары жүз солдат алғанымен, келесі жаз Кенесарыны біржолата құртатын қалың әскер шығатынын естіп, көңілі сәл орнығайын деді. «Қыс болса келіп қалды, ал Кенесары қыста шабуылға шықпайды. Бірен-саран жасаққа мына жүз солдат пен өз күшім де төтеп бере алады». Бірақ ол ел шетіне жетер-жетпестен-ақ әнеукүнгі Ағыбай мен Байтабынның ауылды шауып, түбектегі бар малын айдап әкеткенін естіді.
Оқиға былай болған еді.
Есіркеген жас та болса санасы ерте оянған жігіт еді. Қалада орысша оқып, хат танып, көзі әжептәуір ашылып қалған. Өзімен бір мектептегі кей балалардың «жайлауымызға биыл солдаттар бекініс салыпты, енді аулымыз әрі қарай құмға көшетін шығар», — деген сөздерін естіп, түбі патша отаршылық саясаты еліне қолайлы тимейтінін түсіне бастаған. Оның үстіне Кенесары мен оның батырлары жайында естіген ерлік әңгімелері де бала жігіттің көңілін еліктіретін. Әсіресе Шұбыртпалы Ағыбай батыр жайындағы аңыздар кәдімгідей қанын қыздырып, қиялына от тастайтын. Ағыбайдың сондай жау жүрек батырлығын мақтаныш ететін, өйткені Шұбыртпалы оған аталас ру. Енді сол Ағыбайдың басына қауіп төнгенін біліп, не істерін білмей, әбден күйінген-ді. Әйтсе де, нағашы апасының аулында бұдан әрі жата берудің жөнсіз екенін біліп, Қоңырқұлжа Омбыға аттанысымен бұ да серіктерін ертіп, өз еліне жүріп кеткен-ді. Бұлар ауыл шетіне шығар-шықпастан-ақ алдарынан бір қоян ойға қарай зыта жөнелді. Кілең есерсоқтау жас жігіттер әлгі қоянды қуып берді. Есіркегеннің аты өзгелерінің атынан ұшқырлау болғандықтан, серіктерінен озып кетіп, қоянды жеке қуды. Ақырында қоян Есіл жағасындағы бір қалың талдың ішіне кіріп жоқ болды. Бірақ Есіркеген қояннан айырылғанмен, шоғыр талдың түбінде түні бойы Қоңырқұлжаның аулын торып, қазір тынығып ұйықтап жатқан әбдіуақиттың үстінен шықты… Тарсылдатып келіп қалған ат дүбірінен әбдіуақит шошып оянып жанындағы шоқпарына жармасты. Кілт тоқтаған Есіркеген сәлем беріп өзінің жау емес екенін айтты. Әбдіуақит жас жігітті шырамытып, танығандай секілденді. «ә… Масан бидің ұрпағы тәріздісің… Асылдың сынығы, шұғаның қиқымы екенсің ғой, алдамассың», — деді. Бұл кісінің кім екенін білген Есіркеген өзінің таңертеңгі жылпық сарыдан естіген сөзін, Ағыбай тобын Қаражар шатқалында жатқан жерінде басыңдар деп нөкерлеріне Қоңырқұлжаның бұйырғанын жасырмай айтып берді. Сөзінің аяғында: «Жанымда жолдастарым бар. Маған бұрылуға болмайды, сіз Ағыбай батырға жетіңіз. Және Байтабын жасағында Қоңырқұлжаның адамы бар, соны да құлағына салыңыз. Өзіңіз де сақ болыңыз, ауыл торып жүргеніңізді Қоңырқұлжа жігіттері біледі», — деді. Есіркеген естігенін айтып бола берген кезінде ойпаттан жолдастары да көрінді. Бала жігіт әбдіуақит аналардың көзіне түспесін деп, серіктеріне қарай тұра шапты.
Қоңырқұлжаға барған жігіттің түсін сұрауға үлгірмегеніне өкініп, әбдіуақит, Есіркеген кетісімен-ақ көп кешікпей, қалың тал ішіндегі байлаулы атына міне сала Қаражар шатқалындағы Ағыбайға жөнелді. Ағыбай сол күні алды-артын барлауға төрт адам жібергендіктен, қайсысының Қоңырқұлжамен хабардар екенін ажырата алмай, амалсыз Қаражардан жедел көтеріліп, күн бата Байтабынның жасағына келіп қосылды.
Ат құлағында ойнаған елу жігіт таң сыз беріп келе жатқанда түбектегі аға сұлтанның жылқысына тиді. Ақылағын ағызған Ағыбай мен Серкесанын секірткен Байтабынға кім шыдасын, қос батыр алғашқы айқасқанда-ақ сойылды оңды-солды сілтеп, қарсы шапқан Қоңырқұлжаның жүз нөкерінің он шақтысын бірден түсіріп кетті. Сөйткенше шұбатыла артындағы елу жігіт те жетті. Тек суыр ініне аяғын сұғып алып, астындағы аты ақсап Ожар ғана кейін қалды. Кенесарының ұрысқа әбден шыныққан жігіттеріне жеме-жемге келгенде аға сұлтандардың нөкерлері шыдап көрген емес. Бұл жолы да солай болды. Бетпе-бет кеп қарсы шапқанда Ағыбайдың мысы жеңді, Асылкерейдің бірнеше қайратты нөкерлері сойылға жығылды. «ә» дегенше болған жоқ бірнеше ат ойнап шыға берді. Сұлтан нөкерлерінің алыспай жатып-ақ берекесі кетті. Көп кешікпей олар тым-тырақай қаша жөнелді.
Өз жасақтарынан тек он шақты сарбаз ғана жараланған Ағыбай мен Байтабын түбектегі көк аланың тайлы-таяғын қалдырмай айдап елдеріне бет алды. Жасынан аға сұлтан Жамантайға өшпенді Ағыбай бұ жолы Қарқаралыны шаба алмайтынын біліп, амалсыздан Байтабын жасағымен бірге кейін қайтты.
Бар малынан айырылған Қоңырқұлжа жаман қиналды. Оңашада ат жалын құшып жылап та алды. Малсыз аға сұлтан боп ұзақ отыра ала ма, әсіресе осы қауіп жүрегін удай ашытты. Тек айқаста әбдіуақит төлеңгіттің сойылға жығылып қайтыс болғанын естіп, көңілі орнықты.
ІV
Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алғаннан бері Кенесарының көңілі көтеріңкі тәрізді еді. Оның үстіне асығы алшысынан түсіп, Ағыбай мен Байтабын батырлар қас жауы Қоңырқұлжаның ең соңғы үш мың жылқысын айдап әкелді. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны. Әрине, осыдан. Кенесарыны әсіресе қуантқан Кіші жүзден келген хабар. Жақында екі айдай уақыт жүріп Елек, Ембі, Ырғыз, Жем бойын аралап Таймас қайтқан. Ұрыс десе жаны кіретін Кіші жүздің Жоламан батыры бастаған Тама, Табын, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларының көп ауылдарымен Иман, Жәуке батырлар соңынан ерткен Торғай өзенінің жағасын жайлаған қалың Қыпшақтың Кенесары көтерілісіне қосыламыз деп дайын отырғанын айтып келген. Және Орта жүз бен Кіші жүзді біріктіріп ақ патшаға қарсы шығу үшін, Кенесарының бері қарай, Торғай өзенінің бойына көшіп келуін өтінгендерін де жеткізген. «Егер Қоқан хандығына қарсы Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхамедтің Жан-қожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене», — деп ойлайтын Кенесары… Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. Тек соңынан ерген рулардың кейде қонысқа, жайлауға, мал өрісіне таласқан бірен-саран реніш-жанжалдары ғана көңіл күйін аздап бұзатын. Бірақ бұ да ұзаққа бармайтын. Қысқасын айтқанда, қазіргі жағдайда Кенесары жабығардай ештеңе жоқ секілді еді. Әйткенмен олай болмай шықты. Ел басы бір үлкен қауіп-қатерге тірелгендей, соңғы кезде Кенесары түнере түсті. Оның бұлай өзгеру себебін хатшысы және ақылгөй серігінің бірі Жүсіп-Иосиф Гербурт қанша ойласа да таба алмады. «әлде жақында өткен Наурызбайдың тойында бір сыр жатыр ма?» деп ойлады ол. Осыдан бір жеті бұрын, Байтабын Қоңырқұлжаны шабуға жүріп кеткен шақта Наурызбай мен Ақбөкеннің қосылу тойы болған. Тойды Кенесарының өзі басқарған. Ақын айтысында да, балуан күресінде де адал төрелік істеп, жұрттың көңілін өзіне бір аударып тастаған. Сөйткен жағасы жайлау, төсі қыстау Кенесары күрт өзгерді. Төренің көңіл райының құбылғаны түрінен сезіліп тұр… Өйткені сұлтан бірдемеге ренжісе, қапаланса, не шешім таба алмай қиналса, еш адаммен сөйлеспей қабағын қарс жауып сыр шашпай қара судай тұна қалады, не болмаса қауіп-қатер басына төнген қорқынышпен ойнай бастайды. Мұндайда ол ажал-сыннан тек өз басын ғана емес, соңынан ерген қарашысын да, қасындағы батырларын да, ағайын-туысқанын да сақтап қалмайды, ешқайсысын аямайды. Бұл Кенесарының жүрек толқынының қобалжуының, жанына батқан ауыр сырдың шешуін таба алмай қиналуының ең анық белгісі. Кенесарыда мұндай жағдайда мәймөңкелеу, біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді. Ол бүгін де осы әдетіне көшті.
Күн батып бара жатқан кез еді. Малдың у-шуымен ауыл үсті күндегісіндей азан-қазан. Ауыл сыртында тартқан қурай күйі, белестен аса күрсіне салған жылқышы әні, батып бара жатқан алтын күнге жоқтау айтқандай біртүрлі мұңлы, қасіретті еді.
Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп Кенесары ақ ордасынан шықты. Үстінде түйе жүн жеңіл шекпен, кішкентай кездікті былғары қыналы белінде күміс белбеу. Сыздық тұрымтайдай шапшаң, Кенесарының аузынан түскендей ақ сары бала. Әкесі бұны өзге ұлдарынан жақсы көреді. Тентек, кішкентайынан жау жүрек, пышақ, таяққа үйір-ақ.
Есік алдында анандай жерде тұрған Жүсіпті көрді де:
— Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық, — деді Кенесары қой мініп ойнағысы келіп тұрған Сыздықтың білегінен ұстап жібермей.
— Мақұл.
Жауға аттанғанда болмаса, Батырмұрат ауыл арасында Кенесарыны күзетпейтін, мұндайда сұлтанды бақылаушы, күзетуші Қараүлек. Ол ауыл сыртына қарай кетіп бара жатқан ана үшеуді көрді де, үн-түнсіз соңдарынан ерді.
Кенесарының баласының білегінен ұстап жібермей келе жатқанын аңғарған Жүсіп арт жақтарындағы бас жендетті көріп кенет абыржи қалды, жүрегі аттай тулай жөнелді. «Япырмай, мына жас баланың бір жазығы болмаса нетті?.. Қараүлек бостан-бос ермесе керек еді…»
Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топырақты сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да беліндегі күміс кездігін суырып:
— Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді.
Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа көмді.
Кенесары енді баласына бұрылып:
— Батыр болғың келе ме, Сыздық? — деді.
Баланың жүзі жайнап кетті.
— Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.
— Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың.
Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.
— Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?
— Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?
Сыздық теріс бұрылды да жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?… Жоқ, баланың көңілі дауаламас!»
Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен…»
— Жетеді, Сыздық, — деді дауыстап Кенесары. — Кәне жүгір!
Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап:
— Апаңа бара ғой, — деді.
Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:
— Нағыз көкжал болады! — деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап.
Кенесары мырс етіп күліп жіберді.
— Неге күлдіңіз?
— Өзім де Сыздықтан көп үміттімін. Өзге балаларым бір төбе де, Сыздығым бір төбе. Ал күлген себебім: Абылай атамның түсін жорыған Бұқар жыраудың сөзі есіме түсіп кетті. Сенің Сыздықты көкжал бөрі болады дегенің сол кісінің айтқанына дәл келіп тұр…
Жүсіп-Иосиф Гербурт қазақ арасындағы сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп екенін бұрыннан білетін. Және оларды құмарта тыңдайтын. Реті келсе жазып та алатын. Бұ жолы да сондай бір жәйттің шеті көрініп қалғанына қуанып кетті. Төре тұқымы өздерінің құпиясын басқа жұртқа көп айта қоймайтынын білсе де:
— Қандай түсті айтасыз? Бұқар жырау не деген екен? — деді сұлтанды сөйлеткісі келіп.
Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.
— Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты…
«Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, — депті хан Абылай, — алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті… Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжнай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», — депті Абылай хан.
Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен:
«Жалынқұйрыққа мінгенің — хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», — депті.
Егер Абылайдан туған арыстан менің әкем Қасым төре болса, одан туған жолбарысты өзім десем, менен туған көкжал қасқыр әлгі Сыздық емес пе? Жаңағы қылығы Сыздықтың көкжал бөрі болатынын көрсетпей ме? Өзің де соны аңғарып қалған жоқсың ба?
Кенесары әлденеге көңілі бөлініп кенет тоқтай қалды. «Ал көкжал қасқырдан түлкі тууға тиісті ғой, түс жоруы дұрыс болса, солай тәрізді… Өзіңіз соған сенесіз бе?» — деп сұрауға Жүсіптің батылы бармады. Ол әрине дәл осы минутте Сыздықтан туған Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін қайдан білсін, тек Бұқар жыраудың Абылай түсін әлгідей жорығанына таң қалуда еді. «Түс жоруы дұрыс. Қасым төре — арыстан, одан туған Кенесары жолбарыс, ал бұл Жолбарыстан туған әлгі Сыздық шын көкжал болғалы тұр. Одан кім туады? Шыныменен Бұқар жырау айтқандай күнін көру үшін заманына қарай бейімделген, жалтарма бір қызыл түлкі дүниеге келер ме екен?» Жүсіптің ойын тағы Кенесары бұзып жіберді.
— Жә, Бұқар жыраудың әңгімесін қоя тұрайық, — деді ол кенет, көптен бері көңілінде жүрген бір сырды қозғағысы келіп, төбе үстіне жантая жата беріп, — сен де отыр, Жүсіп, — деді. Сөйтті де әңгімесіне қайта кірісіп кетті. — Сен бөтен жұрттың баласысың, Жүсіп… Жасың кіші болғанмен көпті көрдің… Ақ патшаның таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан сендер бізден гөрі білгірсіңдер… Білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау қу далаға айдар ма еді.
— Күш қолында тұрғанда, өзіне қарсы адамды патша неге аясын…
— Иә, ол солай ғой… Ал мен сенімен кеңескім келеді. Шын дос болсаң ойыңдағыны жасырмай айт.
— Сұраңыз. Жалған айтпауға ант етейін.
— Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір, бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. Ал сұрайын дегенім… Өзің көріп жүрсің, Жүсіп, от сала білсең патшаға қарсы қазір бүкіл Сарыарқа көтерілуге бар… Ереуіл жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін…
— Дұрыс айтасыз.
— Ал біз де ширыға түсеміз. Егер Орта жүз тегіс көтеріліп, оған Кіші жүз қосылса… Бұның өзі қыруар күш қой. Сөйтсе де… — Кенесары ойын айта алмай тағы да үндемей қалды. Тек аздан кейін ғана барып қинала, — осынымыздың бәрі түбі босқа қан төгу болмай ма? — деді, — жарайды бар қазақ бірлестік делік, сонда ақ патшаға айтқанымызды істете аламыз ба?
«Кенесарының бұл күмәндануы бос күмәндану емес екенін Жүсіп бірден түсінді. Әрине осы биылғы жаздағы жеңістерден кейін басқа адам болса, лепірген үстіне лепіре түсер еді. Ал Кенесары… Жоқ, жоқ, бұл жай қазақ емес, бұнда бір елге аға боларлық ақыл бар. Әттең! әттең! Елі кішкентай жұрттың ардақты ұлдарының даңқы да кішкентай. Дәл осы шоқша сақалды, шегір көз қазақ, Европа елдерінің қолбасшыларының қайсысымен салыстырсаң да батырлық, айлақорлық жағынан кем соқпас еді, бірақ кішкентай халықтың ұлы… Ал жері көп… Сол көп жерді осынау аз ғана жұрттың басып отыра алмайтынын білмей ме бұл? Бұлардың ажалдарының өзі де осы қорғап жүрген жерлерінде емеc пе? Бүгін үйтіп-бүйтіп аман алып қалғанмен, ертең бәрібір сол жерден айырылады. Өйткені бұлар саны аз халық… Осыны неге түсінбейді бейбақ? Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады. Шын көңілден сұрап отыр ғой, не болса да шындықты алдына ашып салайын».
— Ақ патшаға, — деді Жүсіп Кенесарының сөзіне жауап беріп, — бәрібір айтқандарыңды істете алмайсыңдар.
— Неге?
— Қазіргі Россия бұдан жүз жыл бұрынғы Россия емес. Қазір ол қазақ жеріне әбден бауыр басып алған. Қаруы да, әскері де көп. Қазақ халқы қанша ер жүрек халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу де, әлде бір жолы он мың әскер шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды, сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау санамайды. Сондықтан хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді.
— Өзім де солай ойлаймын…
— Онда неге ұрыс аштың?
Кенесарының көзі кенет жарқ етті.
— Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме? — Кенесары кенет шаршап кеткендей көзін жұмды, — қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді.
Жүсіп мырс-мырс күлді.
— Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе?
— Сенемін. Сол үшін жан беруге бармын. Әлде менің мұным қате ме?.. Менің ерлігіме ұрпақтарым қарғыс айтады деп ойлайсың ба?
Жүсіп тіке жауап қайырмай ақырын күрсінді.
— Меніңше Абылай ханның түсін Бұқар жырау дұрыс жорыған тәрізді.
— Жоқ, — деді Кенесары кенет түнере түсіп, — Абылай атам Үш жүздің басын қосып, қазақтың еркіндігін сақтап, жеке ел етемін деген хан. Оның түсіне де осы халық тұрғысынан қарау керек.
— Иә, сонда?
— Абылай ханның алдынан қашқан арыстан — ол баласы Қасым төренің кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс — ол мынау менің кезімдегі батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян… Бұдан кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды… Көкжал қасқырдай жауына талай шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да ауыл-аймақтан ұзай алмайды… Одан кейінгі елім «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа амалы бар ма? Ал ол түлкі қулықты елімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке секілді жұрт, ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан қазір халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап қалуым керек!
Кенесарының көзі қанталап, ақ сары жүзі күреңітіп кетті. Жүсіп баяу жауап қайырды.
— Бұқар жырау Абылай ұрпағының бесінші буыны уақтанып кетеді десе, ол бір сәрі. Хан ұрпағы десек те, ол болжау бір тұқымға ғана жатады… Ал бүкіл қазақты сондай болып кетеді деуге қандай себебіңіз бар? Егер себебіңіз жоқ болса…
Кенесары өзіне қарсы келген қашқын сөзіне ашулана қалды.
Ал ашу үстінде Кенесарыға қан төгу оңай шаруа екенін Жүсіп жақсы біледі. Әйтсе де Кенесарымен біраздан бері талай тар жол, тайғақ кешуді басынан бірге өткізген нәсілі ер жүректі жігіт тақа саса қоймады. Сабырмен сөйлеп:
— «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ. Сол таяқ кеми берер жонған сайын», батыр ашуды ақылға жеңгізіңіз! Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін… Тікенек шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі.
— Ал гүл жайылымын арам шөп басып кетер болса не істеу керек?
— Онда… отау керек.
— Дұрыс айтасың. Өзіме ермеген ауылдарды шапқанымда мен де сол арам шөптерді отап жүрмін деген ойдамын. Бірақ өз саусағыңды өзің тегіс кесе аласың ба? Оның да бір жауабы бар емес пе?
— әрине.
Кенесары күрсінді.
— Ал жауаптан қорықсаң, жеріңді арам шөп басып кетеді.
— әйтседе, — деді Жүсіп. — Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады. Бірақ әңгіме онда емес, басқада. Көп қорқытады, терең батырады. Сол көптің қорқытатынын алдын ала болжаған қарт Асан Қайғы да түсінген. Қол бастаған ақылды, батыр Кенесарының қалай ұқпайтынына таң қалам. Россия империясы қазір Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұқардан анағұрлым күшті. Және қазақ жерінің дені қолында. Түбі, әрі кетсе бір елу жылда бүкіл Сарыарқа, Сыр бойы, Маңғыстау, Үстірт, Жетісудың бәрін бауырына басатыны сөзсіз. Сонда не дейсің? Кім күшті болса, жұрт соның сөзін сөйлейді. Ал күшті кім? Ақ патша! Ол өзіне қарсы сойыл көтерген Кенесарыны мақтай ала ма? әрине, мақтамайды, жамандайды. Патша жамандаған адамды Абылай ұрпағының бесінші буыны да жамандауға мәжбүр болады. Өйткені кімнің қолында күш болса, өзгенің соның сөзін сөйлеуі өмір заңы, қоғам заңы. Тек бұл қасіреттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол жол — уақ халықты қанаушы патша үстемдігін Россияның өзінде жою. Ал ол күн қашан келеді? Міне әңгіме қайда! Оған дейін Абылай хан атаң тәрізді патшаға бағындым деген сөзбен көз бояп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтатып, жеке мемлекет етемін деуің, құр бос қиял. Ондай еркелікті қазіргі заман көтермейді.
Кенесарының ашуы сәл тарағандай, бірақ әлі де қабағы қатыңқы.
— Дегенімізге жете алмайтынымызды біледі екенсің, бізге неге қосылдың? Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма?
— әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ, — Жүсіп ақырын күрсінді, — тәуелсіздік үшін күресудің не екенін мен жақсы түсінемін. Өз жұртымның басынан өткен қайғылы хал… Ал сендерге жаным ашиды. Қолымнан келсе ақылымды айтып, жәрдемімді беремін бе деп едім… Бірақ оным болар емес.
— Неге? әлде біз дұрыс ақылыңды тыңдамадық па?
— Жоқ, айып сендерде емес. Көтерілістеріңе қосылғандағы ойым, екі ұлттың жақындасуына дәнекер болу еді. Жерінен, тәуелсіздігінен айырыла бастаған қазақ халқының қанының босқа төгілмеуін арман етіп едім. Бірақ ол ойым қолға түспес сағым екен. Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков та, Омбы облысының бастығы граф Талызин де сендермен бейбітшілік бітім жасар түрі жоқ. Олар қазақ даласын тек қана мылтықтың күшімен алып, бейшара елді табанының астына салуды көксеп отыр. Мұндай жағдайда талас қан төгіспей шешілмейді. Қазір қазақ халқының басына ең бір ауыр күн туғалы тұр. Ал мұндай жағдайда мен сендерді қалай тастап кете аламын? Бір кемеге міндік, өлсек бірге өлеміз.
Иосиф Гербурт Кенесарының сырын анық білмейтін. Оны сұлтан болса да ұлт бостандығы қозғалысының қолбасшысы деп қана ұғынатын. Кенесарының жан аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі бәрі тек елінің еркіндігін аңсап патша отаршылық қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінетін. Осынау шоқша сақал, шегір көз, ақ сары адамның ел мүддесінен шығу арқылы жетпек болған жеке басының мақсаты да бар екенін аңғармаған. Ал Кенесары болса, тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында. Ал Иосиф Гербурт оны тек отаршылыққа қарсы күрестің қолбасшысы деп қана ойлайды. Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары өзін хан деп атағаннан кейін арылды. Оған дейін… Ол Кенесарыға өзінің ойын ақтарыла айтып келді. Қазір де сол адал көңілін ашып отыр. Ал Кенесары болса тек тыңдауда.
— Жоқ, — деді Кенесары кенет басын жоғары көтеріп, Гербурт сөйлеп болған кезде, — болашақ ұрпақ кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін өзі тауып алар, ал біз өз борышымызды ақтауымыз керек. Қазақта «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем!
Сұлтанның алған жолынан қайтпасын Гербурт анық сезді. Ішінен аяп та кетті. «Халқы үшін жан қиюға шешінген екен, күші жетпес аждаһамен алысып, елін де, өзін де қан етуге бел буынған екен. Мұны апаттан аман алып қалар қандай жол бар?»
— Батыр, бетіңізден қайтпауға белді бекем буынған екенсіз, алдыңыздан жарылқасын, — деді Жүсіп, бірақ тағы да айтар бір кеңесім бар. Батыс Сібір губернаторы сіздің тілегіңізді орындамайды және өзіңізді жазым етпей тоқтамайды. Олармен арамыз тым әріге кетті. Жоламан мен Иман батыр шақырып отыр ғой, мүмкін Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына ауысқан жөн болар?.. Соңғы кезде Орынбор мұжықтары қатты толқуда, бізге ақ патшамен күресуге сол жақ қолайлы тәрізді. Оның үстіне өзімізге қаншама тың елді қосамыз. Арқа қазақтары бір жағынан ру бастықтарының дегенінен шыға алмай және патша солдаттарымен жиі алысып, қалжырап қалғандай… Бұ да еске алатын жағдай.
Жүсіп Кенесарының ойлаған жерінен шықты. Сұлтанның соңғы кезде күрт өзгеруіне де себеп болған осы бір тілектен туған ауыр ойлар еді. Наурызбай мен Ақбөкен қосылар кезде Бопай Аманқарағай приказын шабуға тағы да кеткен-ді. О жақтан жақында олжалы болып оралған. Сол күні Кенесарының ордасына келген. Қараөткелді алар кезде, Тамыздың басында шабылған Шыңғыс, Кенесары сарбаздары енді жортуылға шыға қоймас деп бейқам жатқан екен. Бопай жоқ жерден қойға шапқан бөрідей астан-кестеңін шығарыпты. Қарындасы соны баяндап болды да «Науанжан мен Ақбөкенді бекер қосыпсыз. Ағаттық еткен екенсіз», — деген. «Неге?» деп сұраған Кенесарыға Ақбөкеннің Байтабынға кішкентайынан айттырған қалыңдығы екенін, біріне бірі кет әрі еместігін, тек осынау аласапыран кезде жат жерде қосылудың ретін таба алмай жүргендерін айта келіп «жиенінің қалыңдығын ініңізге алып бергеніңізді Жоламан батыр қалай көреді. Бір шүйкебас үшін бір тайпы жұртты өкпелетіп алып жүрмесеңіз нетсін. Серғазы ханның зорлығынан қашып келген Байтабын бұ жақтан да қиянат көріп, бізден безер болса, бұған өзге жұрт не айтады? Жоламан батыр не айтады?» деп жауап қайырған тәкәппар Бопай.
Осы күннен бастап Кенесары күрт өзгерген. Орта жүз бен Кіші жүздің басын қосамын ба деп қатты үміттеніп тұрғанында көңіліне күдік кірген. Қазақтың қай батыры намысқа шаппаған? әрине, ел басқарған сұлтан Жоламанның да қорлануы табиғи жәйт. Егер Байтабын Орта жүзден көрген қиянатын шағым етіп барса, бүкіл Табын болып Кенесарымен жауласып кетуі ғажап емес. Қазақ мұндайда үлкен тілекті, зор арманды жеке бастың мүддесіне де айырбастай салады. Сонда не істеуі керек? «Байтабынды әлдеқалай жазым болды деп біржолата көзін жойып жіберсе қайтер еді? әрине, Қараүлек мұны оп-оңай орындар еді. Бірақ жаманшылық жата ма, бір күні болмаса бір күні шындық шығып қалса не айтам? Оның үстіне жесір дауы тағы бар. Бұл қазаққа ажалдан кем жоқтау емес».
Кенесары Жоламан бастаған Кіші жүздің белді руы Табыннан қол үзгісі келмеді, ал қол үзбеймін деп бір анадан туған, жанындай жақсы көретін Науанының қойнынан сүйген жарын тартып алуға көңілі дауаламады. Ел арасына бүлік салмау үшін Ақбөкеннің өзін бір түнде жоқ етіп жіберуге тағы да дәті шыдамады. Ал Кенесарының ойынша бұл қиындықтан құтқарар жалғыз жол — осы екі жігіттің арасындағы Ақбөкеннен құтылу… Бірақ ағасының сыры өзіне мәлім Науанын қалай жұбатады? Егер ол жұбанбай қойса не істейді? Наурызбай Кенесарының оң қолы, оң көзі — онсыз ол жарты жан емес пе? Ойлай-ойлай келіп Кенесары Байтабынның көңілін табу, соның дегенін істеу керек деген шешімге тоқтады. Сонда ғана екі ел бүлінбейді. Жоламан бастаған жұрт та Кенесарының жасыл туының астына кіреді. Сұлтан осы шешімге тоқтасымен енді Байтабынның оралуын күтуде болды. Жүсіптің мына ақылы да Кенесарының түпкі ойынан шығып тұр. Әрине бір қыз үшін екі елді алыстатпау керек және соңынан ерген Арқа елі мақұл көрсе Торғай, Ырғыз өзендері бойына қарай көшу жөн-ақ. Бүйту Кенесарының ақ патшамен алысу әдісіне де қолайлы. Бір жерде ұзақ тұруға болмайды, Ұзақ тұрсаң патша әскерінің өзіңді қоршап алуына мүмкіндік бересің… Ал қоршалдым дегенше шаруаңның біткені. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де жеріңнің кеңдігін пайдалану керек. Қыс Есілде болсаң, жаз Торғайда бол, қашқан түлкідей, аңдыған жауға із тастап, әр жерден бір көрініп, қақпанына түспе…
— Сібір генерал-губернаторының қолы жетер төңіректен кету керек, — деді Кенесары, — бізді енді бұл арада зорлықтан басқа ештеңе де күтпек емес. Ел болып бірігер күн туса, түбі қайта бір соғармыз. Қоңырқұлжа, Шыңғыс, Зілқара, Жамантайларда қалған өшті сонда алармыз.
— Дұрыс.
Осы кезде бұлар ауыл жақтан өздеріне қарай беттеген үш-төрт кісіні көрді. Кенесары бір қарағаннан-ақ тани кетті.
— Байтабын батыр келген екен!
Көзінде қобалжығандай болмашы бір сәуле пайда болды да, кенет жоғалып кетті.
Иә, бұл Байтабын еді. Жанындағылары Жеке батыр, Құдайменді, Таймас. Бұлар қыр басына жетіп те қалды. Өзі жоқта Ақбөкенді Наурызбайдың алғанын Байтабын естіген тәрізді. Әзер жүріп келеді. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, тістеніп алған. Ал Кенесары жаққа тесіле қараған көзінде бір ғажайып қайғы тұна қалған. Қарашықтары әдеттегісіндей ұшқын атып селт етер емес. Қабағы тастай түйілген. Оң қолында садағы. Жақ ағашынан, ортан белінен ұстап келеді. Бұлар Кенесарыға жете бергенде, кенет бір дүбір естілді. Жүсіп бұрылып қарап еді, аң аулап қайтып келе жатқан Наурызбай тобы екен. Олар да Кенесарыны көріп, тез аттарынан түсіп төбеге қарай беттеді. Алдарында Наурызбай, оның оң иығында тұғырға қондырған «Қанды көз» аталған бүкіл елге әйгілі аппақ сүттей жібек балдақты ақсұңқар…
Кенесары мен Жүсіптің қасына бұл топ та асыға жақындады. Наурызбай Байтабынды көрді де кенет тоқтай қалды. Байтабын Кенесарыға жақын келіп қалған еді, тізе бүгіп сәлем берді.
— Батыр, барып қайтқан сапарымның қиындығын айтайын ба, әлде елімнен алыс жерде жүргенімде көрген қиянатымды айтайын ба? — деді.
Кенесары жігіттің жүрек соғысын бірден түсінді. Бүркіт қанатындай жирен қастары көзінің ортасына түйіліп:
— Екеуін де тыңдайтын уақыт болар әлі. — деді ол жігіттің жүзіне тесіле қарай, — алдымен бір өзара талас жәйді шешіп алалық… Байтабын, сені жұрт мерген деседі… Шын мерген болсаң жүз қадам жерден ана Наурызбайдың қолындағы ақсұңқарды атып түсірші!..
— Батыр, оқ ақымақ келеді, ақсұңқарға тимей… — Байтабын Наурызбайға жалт етіп бір қарады да сөзін аяқтамай тоқтады.
Кенесары кесімін пышақ кескендей тұжыра айтты.
— Ақымақ оққа сен айыпты емессің!
Наурызбай мен Байтабын арасындағы әңгімеге Жүсіп те қанық еді. Және Наурызбайды Кенесарының жанындай жақсы көретінін де білетін. Сұлтан сөзінен туған інісін қанша жақсы көрсе де, ел бірлігін одан жоғары бағалайтынын тағы да аңғарып қалды. «Ел бірлігі үшін соңынан ерген батыр інісін оққа байлау — құр ғана қатігездік емес, одан да жоғары, одан да биік қасиет. Байтабынға: «Ақбөкен үшін кеткен өшің болса, Наурызбайдан ал, кегіңді қайтар, бірақ Жоламан екеуміздің арамыздағы жаңа бірлесіп келе жатқан одақты бұзба деп тұрған жоқ па! Байтабын бұған не демек? Расымен Наурызбайды оққа қияр ма екен?»
Кенесарының ойын жалғыз Жүсіп емес, Байтабын да, Наурызбай да, қала берді, қоршап тұрған жұрттың бәрі де түсінді. Осындай ерлік кесіммен шешілмесе, Наурызбай мен Байтабын арасындағы жағдай екі елді жауластырар қанды жанжалға айналып кететінін болжаған батырлар ара түсіп ештеңе демеді. Өзге жұрт не айтарын білмей қысылып үн-түнсіз тұрған шақта Наурызбай кілт бұрылып, жүз қадамдай жерге барып «Қанды көзді» тұғырымен иығынан сол қолына қондырды да қырындай қасқиып тұра қалды. Ажал дәл осы сәтте тепкелі келе жатқан қанды тұяқтай ыңғайлана берсе де міз бақпады. Тек сұрғылт жүзі атып келе жатқан таң бозындай қуқылданып кетті.
Байтабын да ұзақ күттірген жоқ, қабағын шытып сәл бөгелді де, бір шешімге келген адамдай тез оң жақ белбеуіндегі түйе тері қорамсақтан қозыжаурын жебені алды да, оң қолындағы жақты кеуде тұсына көтере беріп садағына асыға оқтап ойланбастан тартып қалды. Сол сәтте… Наурызбайдың созылған қолының басында тұрған ақ сұңқар жалп етіп жерге құлады.
Ақбөкенінен айырған Наурызбайға қанша ашулы болғанмен, Байтабын бақастықтан, намыстан ел бірлігін жоғары көрді. Көкірегінің көзі ашық жас батырды Кенесары өзі келіп құшақтап баурына қысты да:
— Байтабыным, шын мерген екенсің! — деді. — Бүгінгі маған көрсеткен құрметің үшін қарамағымдағы елдің өзің таңдаған ең сұлу қызын ал.
Қайғы, ашу жүрегіне шаншардай қадалып тұрса да бойды алған қам көңілдікті ақылға билеткен Байтабын ілтипатпен басын иді де қойды.
Жаңа ғана кенет қара түн келіп, сұрапыл дауыл жерге ұрып кетердей қобалжыған Наурызбай айыбын кешірген Байтабынға қатты риза болып, жақсы көрген сұңқарды бір жігітіне сол өлген жеріне көмуді тапсырды да (соңынан осы төбе «Сұңқар өлген» төбе деп аталып кетті) өзі қыр басына көтерілді. Байтабынмен қол алысып амандасты. Қастары түгіл, достарының қатты сөзін кешірмейтін өркөкірек екі батыр жігіттің арасындағы махаббат таласы мен намыс таласы осылай бітті.
Бірақ ел бірлігін сақтауды інісі Наурызбайдан артық ұғынған Байтабыннан Кенесары іштей кенет сескене қалды. «Қарашыдан шықса да хан тұқымына бергісіз ақылы бар екен. Бұл қасиетін еске алу керек. Және мұндай жанды өзіңе дос ете білген жөн. Ал алда-жалда қарашылығы жеңіп, жолымыз екі айырылатын күн туса тағдырын Қараүлек шешсін… Қасыңнан жау болып кеткен ақылды батыр шабайын деп тұрған қалың қолдан қауіпті».
әйтседе Кенесары қатар тұрған інісі мен Байтабынға сүйсіне қарап:
— Байтабын батыр, — деді жылы шыраймен, — ал енді қиын-қыспақ, қауіп-қатерден аман қайтқан алыс сапарың жайын баянда.
Байтабын бастан өткен оқиғасының бәрін тегіс айтып келді де:
— Қоңырқұлжа жігіттерінен ұққаным, олар биылғы қысқа қатты дайындалуда: Омбыдан да қалың әскер шығады деседі… Қыс түсе сарбаздар ауыл-ауылдарына тарап, сіз қыстауда төлеңгіттеріңізбен қалған кезіңізде ордаңызды шаппақ көрінеді, — деп сөзін аяқтады.
Жылдағы әдеті бойынша ол қыс түсе бар әскерін елді-еліне таратып, жаз шыға қайта жинайтын. Биыл да сондай ойда еді. Бес мыңнан асып кеткен салт атты жауынгерлерді азық-түлікпен, аттарын шөппен қамтамасыз ету оңай ма? Қыс көзі қырауда, өздері де бұл маңайға келіп орналасқалы жылдан асқан жоқ. Жау ереуілшілердің әлсіз кезін дәл тапқан тәрізді. Егер Омбыдан солдат шығып бес жүзге жетер-жетпес төлеңгіті, батыры бар сұлтан аулын қысты күні қоршар болса, құтылып кету қиын. Арлан қасқырды аңшылардың омбы қарға қамап соғатынындай, патша генералдары да бұдан өш алар кезін дұрыс көздеген екен. «Жоқ, жоқ, олай оп-оңай қолға түсуге болмайды. Батыс Сібір генерал-губернаторы әскер шығарып қысты күні ұстаймын деп жүргенде біз Орынбор жаққа, Кіші жүз жеріне ауысып кетуіміз керек. Ойламаған жерден пайда болған ереуілшілерге Орынбор соғыс губернаторы не қылады? Ол қамданып бізбен айқасқанша қыс та өтер. Ар жағын тағы көрерміз. Мүмкін тіл табармыз. Ұлық атаулының бәрі Горчаков секілді қанішер емес шығар…»
Кенесары дәл осы арада жұртқа бұл ойын ашқан жоқ. Ол Байтабын шапқан малды Ағыбай айдап келе жатқанын, Ожар екеуінің көштен бөлініп жақсы хабарды айтқалы бұрын жүріп кеткенін естіп болды да, жадырай түсіп тас қабағын қайта ашып:
— Біраз шаруа бітіріп қайтқан екенсің, көп-көп алғыс, — деді, — Ожар осында ма?
— Жоқ, ол жолдағы бір Қарауыл аулына бұрылып кетті.
— Неге?
— Онысын айтқан жоқ. Маған жүре бер деді. Шамасы әлі де тың тыңдамақ тәрізді.
Ожардың атын естігеннен-ақ Таймас елере қалған.
— Қай Ожар? — деді ол кенет сұрлана түсіп.
— Қубеттің Ожары.
— Ол сұм бұл жақта қайдан жүр еді?
— Омбы абақтысынан қашып шығып, Тайжанның қызымен бірге бізге келіп қосылған, — деді Кенесары.
— Марқұм Тайжанның қызы бар ма еді?
— Орыс қолында күңдікте жүрген қызы бар екен. Әкелерінің жолдасы деп Ожарға ерге шығыпты.
— ә-ә!
— Ожарды неге сұм дедің?..
— Бұл бір ұзақ оқиға… Кенеке, соңынан айтармын, — Таймас Наурызбайдың жігіттеріне қарады. — Тайжанның қызы қайда?
Шеткерірек тұрған жатаған қара жігіт жауап берді.
— Осы ауылда. Анау шеткі ақ отау соныкі.
— Япырмай, ә?..
Бұл кезде күн де батып кеткен. Ымырт үйіріліп қараңғылық түсе бастаған. Кенесары әлденені ойлап сәл тұнжырап тұрды да:
— Байтабын мерген, алыс жолдан қайттың ғой, бір-екі күн демал, сосын маған соғарсың, — деді, — сөйлесетін шаруа бар.
— Құп.
Кенесары ауылға қарай беттеді. Өзге жұрт соңынан ерді. Тек Байтабын ғана орнынан қозғалмай тұрып қалды.
Кенесары ордасына келгеннен кейін Таймаспен екеуі оңаша отырып, ұзақ сөйлесті. Тайжанның жалғыз қызының әкелерін жауға ұстап берген адамның қойнында жатуын екеуі де сұмдық көрді. Кісі жіберіп Алтыншашты ордаға шақыртып алды. Таймас қинала отырып, уылжыған жас бала мінезді Алтыншашқа күйеуі Ожардың кім екенін айтып берді. Бір ғажабы, жас келіншек еңірей жыламады, «мені одан құтқара көріңдер» деп жалынбады. Тек суықтан қалтырағандай дір-дір етіп, тостағандай мөлдір көзінен екі-үш тамшы жас домалап кетті. Осылай қозғалмай ұзақ отырды да, әлден уақытта барып, керегеге көзін аудара шиедей қызыл еріндерін сәл ашып:
— Өзім де сондай бір сұмдықты сезіп жүр едім, — деді. — Ағажан, күмәніміздің бетін аштыңыз. Ал әкем мен Сейтен көкем үшін Ожар әлі маған жауап береді. Оған кегімді жібермеске алдарыңызда ант етемін!
— Қарағым, — деді бағанадан бері Алтыншаштың сұлулығы мен ұстамдылығына таң қалып отырған Кенесары. — Кек алу — еркектің ісі, ақ саусақтарыңды қанға малма! Тайжан мен Сейтеннің құнын өзіміз де аламыз.
— Жоқ, — деді Алтыншаш тіл тартпай, — көкетайлар, бұл кекті өзіме қалдырыңыздар!
Талдырмаш жап-жас келіншектен Кенесары құр ғана қайсарлық емес, әкелеріне деген бір мөлдір таза сезімді байқап қалды.
— Мейлің, — деді кенет ол, — тек қапы қалып жүрме.
Ал Байтабын мана төбе басында үн-түнсіз отырып қалған-ды. Өткен-кеткенді елестетіп, қиялы көк бетінде жүзген айдай ұзақ кезді. Сұлтан тұқымы қараға қыз бермейді екен, Тіленшінің ерке қызы Дәметкенді Байтабынның әкесі Қожыға қалай бергенін кім білсін, әйтеуір осы ел аузына іліккен жау жүрек әкенің арқасында Байтабын да бұлаң өсті. Сол әкеден он жасында қалды. Содан бері не көрмеді? Он алтысында ат жалын тартып мініп, нағашысы Жоламан батырдың соңынан ерді. Қазір жиырма үште. Осы жеті жылдың ішінде ат үстінен бір түскен жоқ. Талай қанды ұрысқа қатысты. Сан мәрте ажал деген аш арыстанның аузында болды. Сонда… Осыншама шыбын жанын жүлдеге тігердей бұған не жоқ? әлде малын, дәулетін, бағын қорғаймын деп жан таласып жүр ме? Жоқ. Бар малы — астындағы жалғыз аты. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. Әкеден қалған қазына — шешесі Дәметкен паналап отырған жалғыз қараша үй. Сонда бұл әлділермен неге жауласады? Байтабынды алыс-жұлысқа айдаған екі арман. Бірі бота көз, оймақ ауыз Ақбөкен. Бүкіл Кіші жүзде ажарына жан тең келмес, айдай толықсыған сұлуды алу үшін Байтабынға құр Жоламан батырдың жиені болу жеткіліксіз. Хор қызын тек періштелер ғана құшады. Ал Ақбөкен секілді сұлуға қол созуға жұрттан асқан дәулетің, немесе көпке әйгілі атағың болу керек. Дәулет оңай қолға түспейді, ал атақ… Ол ер жігіттің өзінің қолынан келер іс. Бақ уысқа сыймағанмен, атақ уысқа сыяды. Жауыңнан жасқанбас батыр болсаң атақтың өзі келеді. Тек дұшпаныңмен алыса біл. Байтабынның әйгілі жан болуын Ақбөкеннің өзі де тілейтін тәрізді. Сол себептен емес пе, бұның қосылайық деген тілегіне Ақбөкен соңғы кезге дейін «әлі ерте, сен ең болмаса жұрт аузына ілігетіндей халге жет», — деп келген жоқ па? Қарадан шықса да Ақбөкеннің хан қыздарының арманын көксейтініне бұл жазықты ма? Бала жаста жақсы көрген албырт жүрек қыз көзіне қадірлі болып көріну үшін оны кейде көзсіз ерлікке де жетектеген жоқ па? әрине сөйтті. Тек соңғы кезде ғана Байтабын қайнардай төңкерілген тұнық көзге көзі түсіп кеткендіктен туған бұл арманның орынсыз екенін, қыз үшін ерлікке ұмтылуы уақ әрекет екенін түсінді. Сол себептен де өзі соңғы уақытта Ақбөкенге өзгеше қарай бастаған жоқ па? Сүйген адамынан ерлік тілеген махаббаттың таза махаббат емес екенін аңғарды емес пе? әрине сөйтті. Шын жақсы көрген адам бірін-бірі сол тұрған қалпында жақсы көреді. Ақбөкендікі өзгеше арман, өзгеше тілек. Мүмкін бала кезінде Ақбөкен мұны шын ұнатқан шығар. Серғазының ауылынан қашып шыққанында да Байтабын есінде болған шығар, бірақ өзгермейтін жан бар ма, ерлікті, атақты қадір тұтатын қазақ дәстүрі мұны да өзгерткен болар. Оны айыпқа санау қылмыс емес пе? Бұл жалған түсінік кейде жұрт қадірлер есімді ардақтар Ақбөкен түгіл, өмір бақи құлдықта өскен, тек жоқшылықпен ғана көзін ашқан адамдарды да өзгертіп жатады. Ал сұлу жанды Ақбөкеннің, сүйген жарының әйгілі болуын жақсы көретін Ақбөкеннің бала жастағы сезімнен өзгеруі күнә ма? Күнә деген күнде де оған ренжіп, оған ашуланып, өз өміріңді қор еткенде не түседі? Кім ренжиді, кім жылайды? Қасың қуанып, досың өкпелейді. Тек сені тапқан анаң ғана көз жасын көл етеді.
Ана! Атың қандай жақсы. Байтабынды батырлық жолға салған екінші себеп осы ананың сөзі, ананың тілегі емес пе еді? әрине, солай.
Иә, сол адуынды қара кемпір еді ғой, бұл он алтыға жеткенде, Қожының кәрі кертөбелін алдына тартып: «Қарағым, ел шетіне жау тиді, найза ұстар ер-азамат атқа қонып жатқанда Қожы баласының шешесінің жанында отырғаны келіспес, әкеңнің атын жоқтатпай нағашыңның аулына бар», — деген. Иә, осы сөзді айтқан сол қара кемпір. Байтабынға осыдан кейін «ана», «ел», «туған жер» деген сөздер бір ұғымда болып кеткен. Оған туған жерін қорғаса — анасын қорғағанмен бірдей. Елінің тәуелсіздігін қорғағаны — анасының тілегін орындағанына пара-пар. Байтабын бертін келе, осы Кенесары тобына қосыл- ғаннан бері ғана өзінің туған халқына, кір жуып, кіндік кесіп өскен жеріне қандай қауіп төнгенін анық білді. Бұл қауіптен тек ел болып тізе қосса ғана құтыла алатынын да түсінді. Ол енді осы ел біткен біріксек деген тілекке шыбындай жанын, бар тілегін бағындырды. Өзге сезімнің бәрін былай тастады. Соның арқасында да Байтабын Наурызбай екеуін жауықтыратын қиянатын кешті. Ер намысын ел намысына жеңгізді. «Қыз махаббаты деген алдыңнан қаша жөнелген қызыл түлкі емес пе, жете алмай қалсаң оған кім айыпты? Халқың зары жүрегіңе шаншудай қадалған шақта, өз ойымдағым орындалмады деп көңіліңді сезімге булықтырғаннан не түседі!?»
Байтабын қиялы енді Ақбөкеннен біржолата сусып, Алтыншашқа ауды. Алтыншашты екі-ақ рет көрген. Бірақ көз алдында пайда болған сурет қараңғы меңіреу түнде адасып жүрген шағында көрінген от тәрізді көңілін серпілтіп тастады. Әйтсе де біреудің қосағы туралы ойлаудың күнә екенін Байтабын жақсы біледі, сондықтан ойламайын деп Алтыншаштың бейнесін өзінен сан қуды. Бірақ онысына ақылға бой бермес қиял деген асау күш көнбей-ақ қойды. Жалғыз қалса-ақ Алтыншаш қасына жетіп келеді, сезімін еріксіз оятып, өзімен бірге бір ғажайып жастық-шаттық дүниесіне ала жөнеледі…
Қазір де Байтабын осындай жағдайда еді. Өзі жерде, қиялы көкте. Ай бағана туған, ел жата бастаған. Осы отырғаным жетер енді деп Байтабын орнынан түрегеле беріп еді, кенет Алтыншаш бейнесі тағы да көз алдына тұра қалды. «Мен келдім ғой, қайда барасың?» — деп күлкіге көмілген күміс тісін көрсете еркелей төбе басынан жібермеді. Байтабын кенет бойын билеп ала жөнелген көңіл дауылын баса алмай, сезім кемесіне мініп, шаттық теңізінде жүзе берді. Жас батыр осындай топ жарып ұлан-асыр қимыл етердей қуанышты жағдайда отырғанда түнгі салқын жел әлдеқайдан көкірегін күйдірген арманына шипа болар бір әдемі үнді жеткізді. Ынтыға тыңдай қалды. Қыз әні. Оқта-текте шыққан дауыстардан төменгі тұста қыз-бозбала алтыбақан теуіп жатқанын Байтабын бағана аңғарған. Бірақ қиялында пайда болған Алтыншашты айдалаға жалғыз тастап кетуге қимай, қыз-бозбала қуанышына мән бермей өзімен өзі болып отыра берген. Ал мынау ән, бұрынғы әндердей емес, жас жігіттің онсыз да лепірген көңілін ушықтырып әкетіп барады. Бұл «Төбе басында неге жалғыз отырсың, мен сені тастап кеттім ғой. Қазір алтыбақандамын, жет жылдам», — деп бұйырған Алтыншаштың даусы тәрізді. Бұл үн май қарағай тастаған оттай, жүрегіне бір жалын лап беріп, енді отырғызар емес. Ол Алтыншаштың даусын әлі күнге дейін бір рет те естіген емес, ал мынау оған сол Алтыншаштың даусы секілді көрінді. Жүрек солай жорыды. Естіп тұрғаны Алтыншаштың әні екеніне жас батыр енді күмән келтірмеді. Соның үні деп бар сезімі, жаны, тәні ырық бермей «жүр-жүрлей» бастады. Әйтсе де Байтабын орнынан қозғалмай «тек ән бітіп қалмаса екен» деп тыңдаған үстіне құмарлана тыңдай түсті. Дауыс шынында да ерекше еді. Әнші қыздың көмейіне тоқсан бұлбұл қонып алып, толықси сайрағандай. Жалғыз шыққан ән қобыз, домбыра, қурай дыбыстарының бәрінің сұлу ырғағын бір сазға түсіріп тынық түнді әлдилегендей… Қыз үнінен біресе өзінің қызық дәуренімен қоштасқалы тұрғандай қайғы естіледі, біресе жаныңды алмас қылыштай кекке қайрар жігер, ал кей шақта көңіліңе сая болар қуаныш толқиды… Бір адам бүкіл әлемнің бар сұлулық бейнесін өз даусы арқылы өзгеге жеткізгісі келгендей… Ән бірде асқақтап, көкті шарықтай, бір мезет жел құлпыртқан көгал шөптің басындай құлпыра түсіп, немесе жарды ұрған теңіз толқынындай күшейе қарқындап, ал әлден уақытта барып, қара тасты әзер жарып шыққан тас бұлақтай ақырын ғана сылдыр қағып әлсірей, мың бұралып жүз құбылды.
Байтабын енді шыдап отыра алмады, алтыбақан жаққа жүре берді. Ән салған шынында да Алтыншаш еді. Ол бағанағы Кенесары ордасынан шыққаннан кейін, үйінде шыдап отыра алмай, алтыбақанға келген. Жастық деген бір лаулаған жалын емес пе, жүректегі қайғыны да, Ожарға деген кекті де, қорғасындай ерітіп, өзінің ыстық құшағына аймалай қысып, бөтен дүниеге ала жөнелген. Алтыншаш дәл осы сәтте Ожарды ұмытып, құрбы-құрдастарының қуанышына ере, алтыбақан тепті, ән салды. Қайғы көлкіген көңілді қызыл шоқ жастықтың қызуына жеңгізді.
Байтабын қыз-бозбалалардың жиынына жеткен кезде, Алтыншаш алтыбақаннан түсті. Айлы түнде айдаладан пайда болған жас батырды көріп Алтыншаш Байтабынның қасына келді. Ожармен бірге кеткен жігітті бірден таныды. Қуанып қалғандай.
— Сау-сәлемет қайттыңыз ба батыр? — деді ол Байтабынға жақындай.
Күле қараған Алтыншаш Байтабынға хор қызынан бірде-бір кем көрінген жоқ. Жастық мерейін, сұлу көркін жас батырға әдейі арнап ашқандай, Алтыншаш та айлы түнде бозаңқы тартқан ақ бетін тақай, үлкен қарақат көздері күлім-күлім етеді. Байтабынның жүрегі лүпілдеп, бар денесі күйіп-жанып барады. Бойын билей жөнелген жалын сезімді әзер басып:
— Өзіңіз де амансыз ба, Алтыншаш, — деді, — Ожар аға бір шаруасы болып жолдағы ауылда қалды.
Келіншек сылқ-сылқ күлді.
— Ағаңыз туралы қам жемеңіз. Жолын тауып қайтар…. Мен сіздің сау-сәлемет келгеніңізге қуаныштымын… Жүрегім тым алаңдаулы еді.
— Неге? — деді Байтабын сөз астарына түсінбей.
Бұл кезде Байтабынды қоршаған қыз-келіншектер қайтадан алтыбақанға қарай беттеді. Алтыншаш пен жас батыр аз уақыт оңаша қалды.
— Неге деріңіз бар ма, — деді күрсініп Алтыншаш, — жаныңыздағы серіктеріңіз маған қауіпті көрініп еді.
— Япырмай, сіз де солай ойлап па едіңіз…
Алтыншаш пен Байтабын сөйлесе келіп бірін бірі енді шын танығандай.
Бойды билеген асау сезім қоя ма, таң сыз беріп келе жатқан шақта, ауылға қайтқан қыз-бозбаладан ебін тауып бөлініп, бұлар кейін қалды.
Бір апта өте, шықтана бастаған қалың көденің арасында, екі жас бірін-бірі аймалай құшақтап, жастық мауықтарын басты.
Күміс кеседей боп жарқырай туған Шолпан жұлдызы, сендер де мен тәрізді әлем бетінде жарқырай түсіңдер дегендей, құмар құшағындағы екі жасқа алыс- тан жымың қағып қарап тұрды.
Байтабын бұл қылығын жүрегімді өртеген ләззат қуанышының қалауы десе, Алтыншаш қастасқан еріме деген кектің алғашқы қайтуы деп ұқты.
Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды.
Ертеңіне, ел жатқан кезде Байтабын мен Алтыншаш осы арада тағы кездесті. Арғы күнгі түндері де осылай өтті. Ожар келе қоймады. Біріне бірі құмарта түскен екі жас, аңдыған көз бар екенін аңғармады. Күнде ел жата Алтыншаштың қара шапанын жамылып қара түнде сай бойына баратынын және оның таң сыз бере қайтатынын Ожардың оң көзі мен сол көзі Сәмен байқап қалған. Ләззат қуанышына беріліп, тас қайнардай ыстық қандары бұлқысып ойнаған екі жас мұны сезбеген. Күндегі кездесетін уақыттарын аңсай күтумен болған.
Сөйтіп жүргенде арада он шақты күн өтіп кетті. Байтабын бүгін де дағдылы әдетінше сайға барып Алтыншашты күтті. Бірақ келіншек келмеді. Түн ортасы да ауып кетті. Ожардың әлі қайтпағанын білетін Байтабын, таңға жуық қалғанда «Алтыншашқа не болды?» деп шыдай алмай ұрлана келіншектің үйіне қарай беттеді. Үй маңында суытқан ат, не болмаса түнде келген көлік көрінбейді. «Ожар әлі оралмаған екен» деп өз ойына сенген Байтабын ақ отаудың іргесіне етпеттей жатып, үй ішіне құлақ салды. Аздан кейін ол әйелдің талмаусыраған, қиналған даусын естіді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі бірден сезді. Атып тұрып, есіктің ішінен ілген тиегін жұлып түсіріп, үйге кіріп келді. Байтабынның бірден көргені, қара көлеңке үйдің ортасында теріс қарап тұрған Ожар болды. Білегіне дейін сыбанып алған. Оң қолында жүзі суық ақ қанжар. Анандай жерде тобылғы сапты жуан өрімді қамшы… Аяғының астында, үстіндегі көйлегі пара-пара болған, ұзын қолаң шашы үйдің тең ортасына дейін жайылып, аппақ денесі қан-қан боп етпетінен Алтыншаш жатыр…
Ожар әнеукүні Байтабындардан әдейі бөлініп қалған. Ол Таймастың бүгін-ертең келетінін білетін. Таймастың Сейтен екеуінің сөзін естіген-естімегеніне көзі анық жетпейтін-ді. Сондықтан бір сыбыс білінгенше бой тасалағанды жөн көрген. Хабардар болып тұруды Сәменге тапсырған. Көрші ауылдың қыстауында тығылып жатқан Ожарға сазды жердің сары жыланындай сыбдырын білдірмей жүрген сары жігіт әнеукүні Кенесары мен Таймастың Алтыншашты шақырғанын, Алтыншаштың олардан қатты жүдеп шыққанын, ал қазір Байтабынмен көңіл қосып жүргенін жеткізген. Ожар өзінің әшкереленгенін түсінген. Бірден Қоңырқұлжа аулына қайтып кетуге Алтыншашқа деген ашу тұсау бола берген. Жансыз келіп оны өлтіріп, Кенесары жасағынан біржолата қашуды ойлаған. Сол тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана үйіне келген. Бұл кезде Алтыншаш жаңа ғана Байтабынға жетпекші боп киініп жатқан-ды. Қатыны оңашада қолға түскен Ожар, оған төсегінің ірге жағына тығып қойған қанжарын алуға мұрша бермей, іштен теуіп бірден есінен тандырып тастаған. Содан кейін Алтыншаш көзін ашқан кезде аузына орамал тығып үнін шығартпай, Тайжан мен Сейтенді қалай ұстап бергенін естіртіп, «Байтабынмен ойнас болдың» деп қамшының астына алған. Ол Алтыншашты енді қанжармен бауыздамақ боп тұрған мезгілінде үйге Байтабын кіріп келді. Мұны күтпеген Ожар, артында тағы кісілер бар ма деп қауіптеніп сәл кідіріп қалды. Осы кідіру Байтабынға жетті, ол атылған арыстандай секіріп барып, Ожардың қолындағы қанжарын жұлып алды. Содан кейін екі батыр жігіт арыстан мен жолбарыстай айқаса кетті. Байтабынның қолы Ожардың тамағына бұрын жетті. Ожар қанша бұлқынғанмен, құрыштай берік қарулы қол босатпады. Қос қолымен Ожардың өңешін қысқан қалпында Байтабын қатты да қалды. Тынысы тарылып, бойынан қуаты қашқан Ожар әлден уақытта Байтабынның кеудесінен итерген қос қолын босатып жіберіп, опырылған томардай дүңк ете құлады. Байтабын Ожардың өңешін сол қолымен қыса түсті де, оң қолымен жерде жатқан қанжарды алып, нақ жүрек тұсынан құлаштай ұрып сабына дейін кіргізді. Ентіге демін алып аздан соң орнынан түрегелді. Ол енді ұшып барып Алтыншаштың аузына тыққан орамалды жұлып тастап, кеудесіне қолын салды. Талықсып жатқан келіншектің жүрегі баяу соғуда екен.
Осы кезде адыр басына қызғылт нұрын шашырата төгіп көкжиектен күн шеті көріне бастады. Аздан соң өрісі кең, шалғыны мол дала тойға дайындалған қыз-келіншектей, қызылды-жасылды жаз аяғының гүліне бөленіп, салтанатты сәнімен шыққан күнді қарсы алды. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, оянған ауыл өзінің әдеттегі тіршілігімен жаңа ғана тыныш жатқан даланы у-шуға бөледі.
Енді Байтабын ауылдың үрейленген қатын-қалашын, мал өргізуге ерте оянған кәрі-құртаң кәрия-ақсақалдарын соңынан ерте, қанға боялған Алтыншашты жас балаша екі қолымен бауырына қыса құшақтап ұзын қара шашын жерге шұбалта, Кенесарының ордасының қасына келді.
Сергек ұйықтайтын сұлтан даладағы у-шуды естіп, сырттағы күзетшілердің хабарын күтпей, иығына қара құндыз ішігін іле сала асыға үйден өзі шықты.
— Батыр, — деді Байтабын тізе бүгіп, Алтыншашты қолынан түсірмей, — басымды алсаң мінекей, мен жаңа өз қолыммен Ожарды өлтірдім. Жазығы болды.
Кенесары сәл ойланып қалды. «Ожардың бөтен де жазығы бар. Өлтіргенің дұрыс болған. Бірақ сен де маған борыштар болуың керек».
— Жақсы, Байтабын, кештім бір күнәңді, — деді сұлтан әлден уақытта.
— Егер ол күнәмді кешсеңіз, — деді Кенесарының бетіне тіке қарап, қуанышын әзер жасырып Байтабын, — Арқадан таңдаған қызыңды беремін деген уәдеңіз бар еді. Таңдағаным осы Алтыншаш болсын, қиыңыз маған.
— Қидық, Байтабын.
Адам баласының сан алуан қиын жағдайына еті үйренген Кенесары, Алтыншаштың мұндай күйге қалай жеткенін сұраған жоқ, Байтабынның тілегін орындады да, қайтадан ордасына кіріп кетті.
Алтыншаш екі жетіден кейін жараларынан айығып, төсегінен басын көтерді. Терісаққан мен Ұлытау маңын жайлаған қалың Алтай, Қарауыл, Тарақты, Төртуыл, Қозған, Бағаналы болып жиналып, Алтыншаш пен Байтабынды ұлан-асыр той жасап қосты. Ат шаптырылып, балуан күрес те болды. Бұл тойға жорықтан қайтқан Ағыбай, Жекебатыр, Жанайдар, Құдайменді, Бұқарбай қатынасты. Тойды Кенесары өзі басқарды.
Кенесары кей жағдайда «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген ескі қағиданы ұмытпайтын. Бұл оған тек дұрыс шешім табуға ғана емес, алда-жалда түскен жолдары қауіп-қатерге апарып соға қалса, жалғыз өзі айыпты болмас үшін керекті еді. Бұл жолы да сөйтті. Той біткен түні жасырын кеңеске үзеңгілес серіктерін, өзіне бағынышты ру басшыларын шақырды. Оларға Кіші жүздің жеріне көшудің керектілігін айтты. Ақылдарын сұрады. Жиналғандар, қара бұқараға туған жерден кетудің қиын екенін түсінсе де, бөтен лаждары болмағандықтан, күз көшуге көнді.
Кенесары мәжілісті бітіріп далаға шыққанында таң құланиектеніп атып қалған екен. Бірақ той әлі тарамапты. Төменгі сайдан қыз-келіншектердің, бозбалалардың алтыбақан теуіп жатқан дабырлары, күлгендері, сөйлегендері тынық түнде сампылдап естіліп тұрды. Кенет бір қажырлы дауыс ырғақты әнді шырқай жөнелді. Кенесары тыңдай қалды.
Ұшар көлің, сағынып, қонар көлің,
әрқашанда, ер жігіт, туған елің.
Соның ғана жүрегін тебірентер
Қуанышың, шаттығың, қайғы-шерің…
Оны тастап кеткенде алыс жаққа,
Созған қолың жетер ме атақ, баққа?
Қанша жүйрік болсаң да, өгей жердің
Өз шабысы саналар арғымаққа…
Өлең дәл өзіне арналғандай, Кенесары кенет тұнжырап кетті. «Иә, өз еліңде, өз жеріңде сенің құның бөлек. Ал бөтен жақ бұны қалай бағалайды? Көсеміміз деп соңынан ере ме, жоқ па? Шақыруын шақырса да, бұларды әлі Жоламан қалай қабылдайды? Өз елі, өз жері…»
Демек, «Тәуекел, не болса да барған соң көрерміз!» дегендей, Кенесары қолын бір-ақ сермеді де, өз ордасына қарай беттеді.
Осы тойдан екі апта өткен соң, жапалақтап ең алғашқы қар жауа бастады. Дәл осы кезде оңтүстікке құлағы тігулі сұлтан Қаратауда ата-мекен жеріне ие боп қалған азғантай Қоңыраттан бір жылы хабар алды. «Мәделіхан өгей шешесі Ханпадшайым сұлуға үйленіпті. Ташкентке көзін тігіп жүрген Бұхар әмірі Қоқан ханының бұл шариғатқа жатпайтын күнәкар ісін шіркеу етіп Мәделіханға бүкіл мұсылман қауымын қарсы қоймақ әрекетіне кірісіпті. Сірә, бұл айқас түбі соғыспен бітетін шығар» деген. «Үр-рит соқ, үр-р-рит соқ, соқ! — деді екі өзбек төбелессе азбан қошқарлардай маңдайлары жарылмай тоқтамайтынын білетін Кенесары ішінен, — егер Бұхар мен Қоқан соғысар болса бірін бірі әлсіретпей қоймайды. Міне дәл сол кезде Қоқаннан бүкіл Сыр бойын бөліп алуға болады. Бірақ өйту үшін өзің де күш жинауың керек. Ал күшті Кіші жүзсіз жинай алмайсың».
Кенесары осындай шешімге келді. Ол маңайына жиналған қалың әскерін жаз шыға табысармыз деп ауылдарына таратты. Өзі үш жүз төлеңгіті мен қасына ерген бес батырын алып, күздің қар аралас қара суығында Торғай мен Ырғыз бойындағы Кіші жүз бен Қыпшақтың жеріне қарай көшті.
Үшінші бӨлім
І
Орынбор әскери губернаторы граф Василий Алексеевич Перовский, жұмсақ орындыққа шалқая түсіп, көгілдір көзін сәл жұмып, кең маңдайын ұзын саусақты сол қолымен сипай тағы да ойға кетті. «Батыс Сібір губернаторының қарамағынан көшіп келіп Кіші жүз ереуілшілеріне қосылған Кенесары сұлтанмен тіл табуға қалай мәжбүр болып еді?.. Иә, иә, ол кезде помещиктердің тепкісіне шыдай алмаған Орынбор өлкесінің басыбайлы қарашекпендері мен казак-орыстардың түгелдей патша үкіметіне қарсылық көрсеткен қозғалысы бас-талған еді ғой. Ол аз болғандай Арқадан Кенесары келіп Елек, Ырғыз, Торғай бойындағы қазақ ауылдары тегіс ереуілге шықты емес пе… Орынбор екі оттың ортасында қалмады ма. Екі отты бірдей сөндіруге күш жетпеген соң, амал жоқ, қазақ ереуілшілерімен тіл табуға мәжбүр болған жоқпыз ба?.. Онда да біз емес, алдыменен Кенесары сұлтанның өзі бітім сұрады емес пе? Иә, иә, өзі сұраған. Қалай деп жазып еді ол сонда хатында?» — Василий Алексеевич елуден асып кеткеніне қарамастан, жас жігіттерше орнынан ұшып түрегеліп, сұңғақ бойын тіп-тік ұстап, аяғын сыптай басып бұрышта тұрған темір шкафтан бір папканы алып ішіндегі қағаздарды қарай бастады… «Міне, міне осы қағаз… Бір мың сегіз жүз отыз тоғызыншы жылы яғни қазақша Доңыз жылының наурыз айы делінген» Перовский енді аузын жыбырлатып оқи бастады — «Атамыз Абылай ханнан бері біз орыс жұртшылығымен бір туысқан адамдай тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр едік, тек Сібір губернаторының адамдары маза бермегендіктен, амалсыз соғысуға мәжбүр болдық… Ал сіздің жеріңізге келуімізбен еш уақытта да Россияға қас болмағанымды айтқым келеді, және менің осы сөзімді жоғары жаққа жеткізуіңізді өтінемін»… Граф қағазды былай қойып тағы ойлана қалды. «Россияға қазақтарды бағындыруда менің саясатым әуел бастан-ақ князь Горчаковтікінен өзгеше болатын… Өлке бойынша көтерілген орыс мұжықтарының қимылын еске алып, мен қазақтарды князь секілді қылыштың күшімен емес, бейбіт жолмен бағындырған жөн деп білгем, сондықтан да Кенесарының өткен күнәсына кешірім сұрап, жаңағы хатының көшірмесін Соғыс министрі Чернышев пен вице-канцлер Нессельроде мырзаға жіберген едім ғой, — Перовский алдындағы папканы тағы ақтара бастады. — Сол ресми хатым мына қағаз ғой. «Мәртебелі мырзалар, ереуіл ұйымдастырып бас көтерген Қасым ұлы Кенесары сұлтанның осы жіберіп отырған хатынан, егер патша ағзам оған кешірім істесе, оның бізге мойын ұсынып бағынатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар». Иә, осы хаттың аяғында бұдан былай қарай Орынбор жеріне көшіп келген қазақтардың ісіне Сібір генерал-губернаторының кіріспеуін өтінген едім мен. Солай деп князь Горчаковқа Соғыс министрі бұйрық та берген. Бірақ ол бұйрықты князь қалай қарсы алды? Князь ашуға мініп маған хат жазған»… — Граф ақырын езу тартып күлімсіреді де Горчаковтың хатын тауып алып оқи бастады. — «Орынборға жататын қырғыз-қайсақтарды басқару осы уақытқа дейін менің ойламаған ісім. Бар мақсатым Кенесарының қанқұйлы тобырынан өз генерал-губернаторлығымды аман сақтап қалу болатын. Қырғыз-қайсақтарға көне замандағыдай бостандықтарыңды қайтарып әперем деп сендіріп, өзінің ел тонаушылығын бүркей білген Кенесары бүліншілігінің қаупі күшті. Осы себептен, оңай мал табудан гөрі, ескі замандағы еркіншіліктерін қайтарып алуды арман етіп, оның соңынан ергендер көп».
Граф тағы ойлана қалды.
«Орынбор Омбы емес. Мұнда орыс оқығандарының демократшыл тобы бар. Көтерілген халықты Горчаковтай қанға батырсам, сол өзім сыйласатын, кейде пікірімен санасатын орыс оқығандары не айтады? Олардың да ойын еске алу керек. Түркістан тарихы жөніндегі еңбектерімен әйгілі болған, өзіммен бірге жұмыс істеп жүрген В. В. Вельяминов-Зернов, орыс түсінік сөздігін жасаушы В. Даль қазақтардың Россия империясының қол астына кіруі түбі прогресшіл жол, сондықтан оларды қарудың күшімен емес, ақылмен бағындыру керек деген пікірде емес пе… Бұл ойды осы Орынбор шекара Комиссиясының бастығы боп көп жылдан бері қызмет істеп келе жатқан генерал-майор В. Ф. Генс те қолдайды. Әйтсе де осы генерал-майор қызық адам, өзі Россия патшалығына бағынбадың деп қазақтарға қарсы соғысады, сөйтіп жүріп олардың жетім балаларын үйіне жинап жетімхана ашады. Және жұрттан жасырып қазақтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде еңбек жазады. Бұлар аз болғандай Орынборға айдалып келген поляктың белгілі азаматтары да халықты қырғаннан гөрі ақылмен көндірген жөн дейді. Осындай ойларын Мицкевичтің жан аяспас досы, Орынбор музейін ашқан Томаш Зан да, шекара комиссиясында қызмет істейтін дарынды ақын И. В. Виткевич те өткен жылы өзіме келіп ашықтан-ашық айтты…
Қарамағымдағы қазақ елін қанға батырып, ереуілін басқанда көңілдес сырластарым, Петербургтағы белгілі орыс әдебиетшілері не айтады? Өзімнің бауырым, белгілі жазушы Антон Погорельскийдің бетіне қалай қараймын? Бәрі де қан төгуді жек көреді, менен бірден безбей ме?».
Перовский тағы да тұнжырай қалды.
«әйтсе де мен өз ойлағаныма жеткен едім. Россия патшалығы мен қазақ елінің арасындағы қайшылық қай түрде бітетінін Кенесары да, мен де анық білмегенмен, әзірге қан төгіс шабуылды екі жақ бірдей тоқтатқан едік қой… Батыс Сібір шекарасындағы анда-санда бұрқ ете қалатын жанжалды есепке алмасақ, Орынбор шекарасындағы бекіністер мен казак-орыс станицаларын шабуын Кенесары біржола тоқтатты десе де болады… Оның есесіне патша ағзам өткен қырқыншы жылы Кенесарының бар күнәсын кешіріп, амнистия берді… Және айдалып, сотталып кеткен туған-туыстарын тегіс қайтарды…»
Граф бірдеме ойына түскендей орнынан түрегеліп темір шкафтан екінші бір папканы алды.
«Иә, иә, патша ағзам менің тілегім үшін өзінің бұрынғы указын бұзған жоқ па еді? Ол указда…»
Перовский Указға көз жүгіртіп оқи бастады. Бұл Бірінші Николай патшаның бір мың сегіз жүз отыз сегізінші, қазақша Ит жылы мамыр айының бірінде берген Указы еді. Онда «Қылмыстары үшін арестант роталарына жіберілген қазақтар, мерзімді уақыттары біткеннен кейін де туған жерлеріне қайтарылмай, әскер қызметіне жарайтын сенімділері солдатқа беріліп, ал өзгелері Иркут губерниясына жер аударылсын», — деген.
«Патша ағзам осы мейірімсіз Указына қарамай, — деді граф ішінен, — Кенесарының ұсталып кеткен туыстарын, Уәлиханның үлкен баласы Ғұбайдолладан бастап босатып берді… Бірақ Ғұбайдолла туған інісі — Құсмұрынның аға сұлтаны Шыңғыстың еліне бармай, Кенесарыға келіп қосылды. Неліктен? Патша ағзамның жақсылығын білмегендігінен бе, әлде өзінің тоқал шешесі, Шыңғыстың анасы Айғанымға деген өштігін ұмытпағаны ма?.. Айғаным демекші, оны осыдан жиырма бес жыл бұрын Петербургта көріп едім ғой… Марқұм Бірінші Александр патшаның туған күнгі тойында… Сол тойға арналған балда сұлулық жағынан Айғанымнан еш әйелдің аспағаны әлі есімде… Оған өзім секілді орыс- тың жас офицерінің бәрі ғашық болып қалған едік қой». Граф әлденені есіне түсіріп күлімсіреді. «Иә, сөйткен сұлу Айғанымды қасқырдың қаншығындай тас жүрек деп кім ойлаған. Хандыққа өзімен таласқан Уәлидің үлкен әйелінен туған Ғұбайдолланы да, Уәлидің туған ағасы Сартайды да Сібірге жер аудартқан жоқ па? — Перовский тағы күлімсіреді. — Алайда Бірінші Александр патшаның сол тойын өмір бақи ұмыта алмаспын… Жетпіске таяп қалған Уәли өзі секілді кілең ақ шашты шалдармен патша сарайының бір салонында карта ойнап отырғанда, бидің дәл қызу үстінде. Айғанымды өз үйіме алып кетіп едім-ау! Ах, жастық шақ, жастық шақ, сен қазір алыстағы ай тәріздісің ғой, сәулең бар, қызуың жоқ…
Ал сондағы марқұм Бірінші Александр туған күнгі балмен, қорғанышым Бірінші Николай патшаның туған күніне арналған кешегі бал айырмасы қандай? Жер мен көктей! Алғашқы балда қылыштың жүзіндей қылшылдаған офицер едім, алдымда мен асатын сан қызық асқар белдер бар болатын, бар болашағым мені күтіп тұр еді ғой… Ал кешегі балда ше?.. Шын қызығы артында қалған кәрілікке бас ие бастаған жан секілді көрінген жоқпын ба, салтанатты сарай бикештеріне… Айғаным тәрізді жас сұлуды оңашаға алып кетпек түгіл, патша ағзамның көңілдесі жезөкше Нинаның әзіліне әзіл қайтара алмай қалдым ғой… Иә, иә, бәленің бәрі осы әзілден басталған жоқ па?.. Сөйтті ғой».
Василий Алексеевич тұнжырай ойға кетті. Расында ол ойланатын жәйттер көп еді. Перовский Қоқанға өзі басқарып барған Доңыз жылғы сәтсіз экспедициясының әуресінен құтылған соң, биыл азырақ дем алып көңіл көтерейін деп жазғытұрым патша ағзамның рұқсаты бойынша Петербургке келген. Жастық шақ өткен жердің ыстықтығы қандай, осы тамаша астанада үш-төрт ай серуендеп қалған. Енді қайтам деп тұрған кезінде патша ағзамның бір қызының туған күні болып, соның балына қатынасқан. Балда қыдырып жүріп Бірінші Николай императоры мен оның көңілдес әйелі, Петербургтың соңғы кезде ауызға іліне бастаған сұлуы Нина Макеевскаямен кездесіп қалған. Амандасып болғаннан кейін сайқал Нина:
— Ах, патша ағзам, сіздің маған берген уәдеңізді орындамауыңызға Василий Алексеевич те кінәлі ғой деп ойлаймын, — деп күлген.
Патша сарайы әйелдерінің мұндай сөзді астарсыз айтпайтынын білетін Перовский дереу:
— Ғафу етіңіз. Егер мәртебелі патша ағзам уәде берген болса, ол уәдені орындау үшін Орынбор өлкесінің әскери губернаторы граф Перовский өз жанын пида етуге бар, — деп басын иген.
— Онда қалай болғаны? — Сұлу Нина сиқырлана күлген, — патша ағзам маған осы тойға көйлектікке бұхар дүриясын алдырам деп арнаулы керуен жібереді. Ал ол керуенді Ташкент түбінде соғыс ашқан сіздің Кенесары сұлтаныңыз тонайды… Бұл айып емес пе?
— Ол мүмкін емес. Кеше ғана хабар алдым. Бесінші сентябрь күні Кенесары сұлтан өзінің Торғай өзенінің жағасындағы ордасында болатын.
— Орынбордан Арал теңізінің жағасына дейін екі ай жүретін тек орыс генералдары ғана, — деген Николай патша кекете, сәл қабағын шытып. Бұнысы Перовскийдің Хиуа хандығына қарсы отыз тоғызыншы жылы шығарған экспедициясының Арал теңізінің жағасына екі айда әзер барғанын бетіне салық ету, — ал қырғыз сұлтандары Торғайдан төрт мың әскермен жеті-ақ күнде Созаққа жетеді екен.
— Ғафу етіңіз, патша ағзам, мен сіздің қалжыңыңызға түсініп тұрғам жоқ. — Перовский басын ие түскен.
— Қарамағындағы қырғыздардың не істеп жатқанын, патша генералдарынан емес, генералдары патшасынан білетін болған екен бұл бақытсыз Россияда. — Николай патша қабағын түйе түскен. — Білмесеңіз айтайын. Сіз қорған боп жүрген Кенесары сұлтан осы жылы жетінші сентябрь күні өзін хан деп жария- лап, соның құрметіне бір жетіден кейін Қоқан хандығына қарсы Ташкент түбінде соғыс ашқан.
— Бекер болар… — деген Перовский сенерін де, сенбесін де білмей. Өйткені жақында ғана өзінің орнында қалған генерал-майор Генстен хат алған. Хатында ол адъютанты Герннің Кенесары ордасынан бірінші сентябрьде қайтқанын жазып «Ол жақта бәрі тыныш, Кенесары бітімнің ең соңғы шешімін күтіп жүр» деген.
— Бекер! Ғафу етіңіз, қадірлі Василий Алексеевич, бүгін ғана Қоқан ханы Шерәліден шабарман келді. — Николай патша соңғы кезге дейін өзінің сүйеп жүрген губернаторын біржолата жермен-жексен еткісі келмеді. Енді ол жүзіне сәл шырай берді, — осы уақытқа дейін князь Горчаковтан гөрі граф Перовскийді жақын санасақ онымыз Кенесарыны сіз хан етсін дегеніміз екен деп түсінбеңіз. «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуға мүмкін емес». Және Индия, Ауғанстан, Орта Азияда ағылшындар мен біздің тілегіміз қарама-қарсы келіп отырғанда, Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарымен сауда-саттықты, қарым-қатынасты бұзу Россия империясының саясатына жатпайды. Мұны да ұғыңыз. Демек, Кенесары әңгімесін бітіретін уақыт жетті. Әр губернатор өз бетінше саясат жүргізуден ештеңе өнетін емес. Сондықтан мен бүгін Чернышев мырзаға Сібір мен Орынбор губернаторлары тізе қоса отырып, биыл жазда Кенесары қозғалысын біржолата құртатын болсын деген бұйрық бердім. Егер бұл міндетті орындай алмаймын десеңіз…
— Бәрін де түсіндім, — деп Перовский басын ие түскен.
— Түсінсеңіз, көп кешікпей Орынборға жүріп кетерсіз деп ойлаймын. — Патша ағзам басын изеп қоштасты да, енді кідірмей, қасындағы сұлу келіншекті қолтықтап кете барған.
Нина Макеевская Соғыс министрі Чернышевтың Николай патшаға жақындастырған әйелі екенін граф білетін. Ал сол Чернышевтың көптен бері Перовскийдің орнына артиллерия генерал-майоры Обручевті қойғысы келіп жүргенін де сезетін. Тек патша ағзамның өзі Перовскийді сүйейтін болғандықтан «ауыстырайық» деуге бата алмайтын. «Чернышев ойлаған мақсатына жақындап қалған секілді-ау» деді граф ішінен, патша ағзамның сөзінен өзіне көз қарастың өзгере бастағанын сезіп, «бір қатынға көйлекке деген торқаның мезгілінде келмегені үшін бір елдің тағдыры өзгеше шешілуі керек».
Перовский сол түні таң ата-ақ Орынборға аттанған да суыт жүріп кеше жеткен. Келген бетінде-ақ Генстен болған уақиғаның анығын білген. Бүгін қолданар шараны шешпек.
Кенесары қозғалысын басуды ақылдаспақ болған Перовский қарамағындағы аға сұлтандарға «тез жетсін» деп ат шаптырған. Ал барлық жағдайды толық баяндауды генерал Генске тапсырған. Әскери губернатор бұл баяндамаға бір тәулік қана уақыт берген. Қазір сол генерал Генсті күтіп отырған жайы бар.
— әскери губернатор мырза, — деді есікті ашып хатшы-адъютанты аққұба келген бала жігіт, — генерал майор мырза келді.
— Кірсін.
Ұзын бойлы, қошқар тұмсықты, ойлы, үлкен көзінде алтын пенснесі бар, әскери адамнан гөрі оқымыстыларға көбірек ұқсас Генс үйге кірді.
Графтың кабинеті Горчактың кісі қабылдайтын бөлмесіндей далиып жатқан сұсты болмаса да, төрт бұрышты әжептәуір кең зал. Стол тұсындағы патша ағзамның суретінен бөтен әскери губернатор құрмет тұтатын Суворов, Кутузов секілді атақты орыс қолбасшыларының ғана бір-екі тас мүсіндері бар. Жұмсақ орындықтар, дивандар бәрі алтын түстес сары барқытпен тысталған. Қабырғада Орынбор өлкесінің үлкен картасы. Бөлме іші толған кітап. Бұрыштағы шкаф ішінде де, стол үстінде де кілең былғары тысты жуан шығармалар…
— Жақсы жатып, жәйлі тұрдыңыз ба, Василий Алексеевич, — деді Генс қол беріп амандасып, бұл екеуі көптен келе жатқан әріптес, серіктес адам бол- ғандықтан араларында бәлендей ресми тәртіп сақтала қоймайтын, — жол соғып тастаған жақ па екен?..
— Жол соққанмен төсекте рахаттанып жататын кез болып тұр ма? — Перовский езу тартып күлді де, тез орнынан түрегеліп, қабырғадағы картаның алдына барды. — Уақытты босқа өткізбейік, генерал мырза, сіз маған алдымен Кенесары сұлтанның қарамағындағы елдің қайсысы қай жерде, соны көрсетіңізші.
Генс бұрышта тұрған көрсеткіш таяқты алып сөйлей бастады.
— Бұл жаққа Кенесарының соңынан көшіп келген Ақмола және Қарқаралы округтерінің әлке — Байдалы, Тыналы — Қарпық, Алшын — Жағалбайлы, Қаракесек, Айтқожа — Қарпық, Төбе — Темеш болыстары Қарақұм мен Аққұмның төңірегіндегі мына жайылымдар мен Жыланшық өзенінің Торғайға құятын сағасына орналасты. Ал Баянауыл округінен келген Қозған, Қойлыбай — Шағыр, Қаржас, Малай — Қалқаман болыстары мен Ақмола округінің Тыналы — Қарпық, Торайғыр — Қыпшақ болыстарының қалған ауылдары Бағаналы руымен қосыла, мына Қара Торғай өзені бойына жайласты. Осы Қара Торғайдың жоғарғы тұсында, жұрт «Орда тіккен» деп атай бастаған жерде Кенесарының өзінің аулы тұр. Отыз сегізінші жылы Кенесарымен бірге көтерілген Орта жүздің Атбасар дуанына жататын мына Арғынаты Ұлытау, Терісаққан, Қайрақты, Шойынды көл, Ақ көл маңын жайлаған қалың Алтай — әлке, Алтай — Байдәлі, Төбет — Темеш, Тыналы — Қарпық, Айтқожа — Қарпық, Қойлыбай — Алтай, Алшын — Жағалбайлы рулары біздің жеріміздегі Алшынмен бірігіп кетіп отыр. Міне көрдіңіз бе, қанша жер екенін? Генс картаның дәл ортасын қомақты етіп бір ойып өтті, — бұған мына Жайықтың күншығыс жағындағы Жем, Елек, Ырғыз өзендері мен Жыланды, Мұғажар тауларының бауырын қоныс еткен Кіші жүздің Табын, Тама, Шықылық, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларын қоссаңыз ереуілшіл сұлтан қарамағында Франция мен Италияға пара-пар бір хандық ел болады.
Перовский картаға ойлана көз тастады.
— Таң қалам, — деді ол сәл кідіре, — жайшылықта аулы бір қонып өтетін жерге таласатын қазақ рулары, Сібірден қаптай көшкен осыншама елге қалай қоныс берді?
— Расында, бұл таң қалатын жағдай, — Генс ойлана жауап қайырды. — Кенесарының күші де осында емес пе? Ол Россия империясының отаршылық саясатын өмір бойы бытырап жүрген қазақ руларының басын қосуға пайдалана біліп отыр.
— Сондықтан да оны қазақтар хан сайлады демексің бе?
— «Кенесарыны жетінші сентябрь күні хан көтеріпті» деген хабарды үш күннен кейін мен де естідім. Сіздің атыңыздан арнаулы кісі жіберіп, «бұл рас хабар ма?» деп сұрақ салғанымда Кенесары: «бекер» деп жауап қайырды. Бұл сөзге мен сендім. Өйткені «Үш жүздің адамдары Кенесарыны ақ кигізге көтеріп хан сайлапты. Торғай бойында ұлан-асыр той болып жатыр», — деп Қоқан бейқам отырғанда ол төрт мың әскермен бір жеті өтпей Созақтан бір-ақ шықты. Сонысына қарағанда «Кенесары хан болыпты» деген сөз қулығы ма деймін. Не болса да анығын Герн мырза біліп келеді, ол алдыңғы күні жүріп кетті.
— Бар қазақтың басын қосатын ханың болдым демесе Созаққа неге барды?
— Торғай правителі Ахмет Жантөрин: «Кенесары Созаққа өз бетімен барған жоқ. Ташкент құшбегіне қарсы бас көтерген Сыр бойын жайлаған Шөмекей, Төртқара, Тама рулары оны Қоқан хандығынан құтқаруды сұрап шақырып отыр» дейді. Ал Сібір Таможный округінің бастығы: «Кенесары Қоқан жеріне соңғы аласапыран кезде көшіп кеткен Россияға бағынатын қырғыз ауылдарын қайтарып әкелуге өтті» дейді. Егер бұл хабарларға туған әкесі Қасым төрені Қоқан ханы мен Ташкент құшбегісінің өлтіргенін еске алсақ, Азия елінің дәстүрі бойынша Кенесарының жау жұртын шабам деуі таң қаларлық іс емес.
— Кенесарының туыстарын өлтірген Мәделіхан мен Ташкент құшбегі Бегдербек, Ләшкәрлар қазір жоқ. Онда Мәделіханның інісі момын Шерәліхан. Ол бізге дос.
Мәделіхан баяғы Ташкенде тоқал шешесімен кездескеннен кейін, бір жыл өтпей үйленген болатын. Бұнысын кәпір ісі деп «Қасапшы Нұрасулла» атанған Бұқар әмірі, биылғы жылы көп әскерімен кеп Мәделіханды бауыздап, ал сұлу Ханпадшайымның күнтимесіне қорғасын құйып өлтірген-ді. Граф соны айтып тұр.
— Бұқар мен Қоқан хандығының арасындағы қастықты пайдаланып, Кенесары елін босатып аламын десе осы кез ең ыңғайлы кез. Кенесарының қимылы осыны көрсетеді… Ал ол Бұқар, Қоқан, Хиуа хандарының бірінің де қол астына кіргісі келмейді. Олардың қазақ халқына жандары ашымайтынын, өзін «бізге кел» деп шақырса, хандықтарын Россиядан қорғайтын алдыңғы шеп етіп пайдалануды ғана көздейтінін Кенесары жақсы біледі. Сондықтан да алдыңғы жылы октябрь айында Мәделіхан көп сыйлықпен әдейі кісі жіберіп, Қоқан хандығына көш дегенінде, Кенесарының көнбей қалғаны өзіңізге аян. Ол Хиуа ханы Аллақұлға да көнбеген. Бұл жағдайлар туралы біз октябрь айында граф Нессельродеге арнаулы хат жазғанбыз…
— Бәрі дұрыс. Кенесарының Қоқан, Бұқар, Хиуа хандарының қарамағы түгіл, Россия империясының да қол астына кіргісі келмейтінін білемін. Оның ойы Россия берген тыныштықты пайдаланып, Қоқан қарамағындағы қазақтарды өзіне қосып алу. Сөйтіп барып қазақ хандығын құру… Шамасы келсе Хиуа ханына қарсы шығып жүрген Көтібардың Есетін де өзіне ерту. Бірақ Есет те, Сыр бойының батыры Жанғожа да Кенесарының қол астында болғысы келмейді. Олар «Ортақ өгізден, оңаша бұзауды» жақсы көреді. Кенесарыға Кіші жүздің бәрі бірдей қосылмай отыруына да осы себеп…
— Жанғожа бұл жолы Кенесарымен тіл тауыпты. Әйтпесе бес мың әскері бар Созақ секілді күшті бекіністі, Кенесары екі мың әскерімен қалай алсын…
Перовский Генстің сөзін бөліп жіберді.
— Патша ағзам төрт мың әскермен аттаныпты дейді ғой Кенесарыны?
— Онысы рас. Бірақ мынау Шұңқыр құдық түбіне ат шалдырған әскерінің арасында дизентерия ауруы пайда болып екі мыңдай жауынгері ұрысқа қатынаса алмапты. Оның орнына Жанғожа батыр екі мың әскерімен келіп қосылыпты.
— Сөйтіп олар Созақты алып па?
— Алуға таяу дейді. Бүгін ұрыс басталғанына он күн.
— Ғажап, — деді Перовский, — зеңбіректі, бес мың әскері бар мықты бекіністі Кенесары төрт мың атты әскерімен қалай алмақ?
— Қиянат көріп қорланған жұрт қашан да болса тәуекелшіл келеді. Бірі онға татиды. Оның үстіне Кенесары секілді тәжірибелі қолбасшысы болса… — Генс ойға шомғандай сәл кідірді, — Кенесарының Созақты алатыны сөзсіз. Бекініс қабырғасына шығатын жүздеген баспалдақ істетіпті. Ол баспалдақпен өрмелейтін батырлар қазақ жігіттерінің арасында қашан да болса мыңдап табылады.
— Сөз жоқ, батыр халық! — деді Перовский, — тек бастары бірікпейді. Ру-ру боп үнемі таласады да жатады. Көрінгенге бағынуларының бас себебінің өзі де осында… — Василий Алексеевич кенет картаға бұрылды. Есіне патша ағзамның Кенесары Созаққа бір жетінің ішінде жетіпті, деген сөзі түсті. Ол картадан көзін алмай, — орта жолда Бетпақдала, атпенен осынау жерді олар қалай бір жетіде алды? — деді.
Генс күлді.
— Бір жеті емес, бес күннің ішінде, Кенесарының жетінші сентябрь күні Ұлытау маңында болғаны хақ. Оны хан сайлады ма, сайламады ма білмеймін, сол күні Алашаханның қабірінің жанында сұлтанды қолдайтын рудың бар ақсақал, билерінің жиналуы рас. Ал он екінші сентябрь күні ол аурудан сау қалған әскерімен Созақтан бір-ақ шықты. Кенесарының күшінің өзі осы шапшаңдығында, құлан, киік секілді туған даласының ой-шұқырын жақсы білетіндігінде…
— әйтсе де бес күнде… Перовский кенет картаға қайта бұрылды. — Сонда ол қай жолмен жүрген? Бетпақдаладан құс болып ұшып өтті ме? Қазақтың Сырға баратын ескі жолы мынау Балқаш көлі жағасы арқылы өтеді… Не болмаса Қарақұмды басып отырады. Бірақ оған ат емес, түйе керек.
— Кенесары бұ жолы Алашаханның бұдан төрт жүз жыл бұрын салған ескі сүрлеуімен жүріпті. Оны маған кеше бізге хат әкелген бір сарбазы айтты. Егер білгіңіз келсе…
Перовскийдің есіне ақ патшаның өзінің Арал теңізіне екі айда жеткені жайындағы кекесіні тағы түсті. Ол қабағын сәл шытты да, «көрсет» деп басын изеді.
— Біріншіден, ол бұл жорыққа басшы етіп Арқаның батырларын емес, құм кешіп үйренген Шөмекей, Табын, Төртқара руларының таңдаулы жігіттерін алған… — Генс картаның жанына келіп, оны ұзын көрсеткішпен шұқылай, сол жорыққа дәл өзі қатынасқандай тәптештеп сөйлеп кетті. — Олар мына Қара Кеңгірдегі Алашахан мазарынан шығып, Ұлытаудан жүз отыз шақырымдай жердегі Қара Жарға келіп түнепті. Одан Сарысудың құмайтты оң жағын жағалап отырып, жиырма екі шақырымдай жердегі Таймас батырдың моласын басып, қырық бес шақырым тұратын мына Қыз моласы деп аталатын тұсқа келіп азырақ ат шалдырыпты.
— Бұл ара шөпке кедей, суға жарымаған жер секілді ғой?
— Дұрыс айтасыз, — деді Генс, — қазақ жылқысы мұндай жерде де оттай алады… Сосын жиырма жеті шақырымдай жердегі мына Сарт моласынан сәл төменірек, Сарысудың Тасөткел деп аталатын тұсынан әскер арғы бетке өтіп бір түнепті… Таң ата қалың қол қайта көтеріліп Сарысудың сол жақ жағасымен жүріп отырып, отыз шақырымдай жерде тұратын Қара Қыпшақ бейітіне келіп тағы да ат шалдырыпты. Бұдан әрі көп кешікпей Көкжиде дейтін өркеш-өркеш құмды өңір басталады. Бұл арада тақыр сордағыдай емес, өркеш-өркеш шағылдардың арасындағы сай, ойпаттарда жүзген, жыңғыл, шеңгел, баялыш, сексеуіл өседі. Кей жерлерінде биіктігі бес сажындай жиде ағаштары да шоғырлана кездеседі. Анда-санда сұрғылт түстес кішкентай қояндар мен ирелеңдеген шағын сұр жыландар көзге түседі. Оқта-текте үйірімен айдаланы басына көтеріп сатырлай шапқан қара құйрықты да көруге болады. Осы шағылдардың арасындағы жерді құлаш бойы қазсаң, тұщы су шығады. Осы арамен Көкжиде қойнауынан отыз шақырымдай жердегі Жаман қорғанға жетесің.
— Бұл Қоқан хандарының қазақ жеріне салған алғашқы қорғаны ғой? — деді Перовский ойлана.
— Иә, — Генс әлденені есіне түсіргендей сәл кідірді де, қайта сөйлеп кетті. — Бұл биіктігі төрт, қалыңдығы бір жарым кездей, төрт бұрышты шым дуал. Көлденеңі жиырма бес сажындай, ұзындығы да сондай. Дуалды қоршай тереңдігі үш жарым, көлденеңі екі кездей ор қазылған. Бір кезде Қоқан хандары бұл қорғанды қазақтардан керуен жолын қорғау үшін салса, соңғы кезде қазақ ауылдарын шабу алдында тоқтайтын бекінісі еткен. Осы Жаман қорғанда бір түнеп Кенесары қолы әрі қарай жүріпті. Бархандар бұдан әрі кішірейе түседі, бірақ мал оты жоқтың қасы. Қазсаң әлі де тұщы су шығады. Жаман қорғаннан Сарысудың сол жағын жағалай Қызыл жыңғыл арқылы отыз бес шақырымдай жер өткеннен кейін Сандыбайға өштесіп Қара Кеңгірден көшіп кеткен Бәтеш батырдың Телікөлдегі қыстауының үстінен шығасың. Осы қыстаудан кейін, жаз-ғы-тұрымғы қар суынан ғана пайда болатын, Сарысуға құятын, Боқтықарын деген жылға кездеседі. Егер соның құмайтты жағасымен жүріп отырсаң, қырық шақырымдай жердегі Айнамкөл деп аталатын көгал шөпті, қамысты Қарасуға кездесесің. Одан әрі қарай Бетпақдала басталады.