— Сөйле жырау, — деді Асан Қайғы Қотанға:
— Бөтен елге бұл хандар аңызымен бірге, жаман аты мен сүйектерін де қалдырды, — деп бастады бұл жолы толғауын Қотан қария ырық бермей. Жаңағы аты аталған хандардың көбінің шапқалы барған жерінің князьдерінің қолынан өлгендігін айта келіп, Қотан жырау «Өз жерінің топырағы тас болып па еді бұларға! Не жетпеді соншама бөтен елден ажал іздерлік?» деген сұрақ қойды. Жайшылықта салмақты қарт, бұ жолы біреу шабынан түртіп, мазасын ала бергендей, қабағын кәрлене түйді. Енді ол өз сұрағына өзі жауап берді. — Жоқ, зираттық екі құлаш жер оларға Қыпшақ даласынан да табылатын еді, — деді. Бірақ хандардың іздегені басқа. Адамның дүниеге өзі тойғанмен көзі тоймайды. Байыған Қыпшақ хандары байыған үстіне байи түсуді мақсұт етті. Тегін алтын, күмісті, асыл жиһаз дүниені, ғасырлап жинаған бөтен жұрт қалаларының қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер пайда оларға аз көрінді. Ерлігі ішіне сыймағанынан емес, қанағатсыздығы мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге тоймаған қос жанар, басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын күңірене күрсініп, «жауынгер туған, Қыпшағым» зираттары жат жұрттың даласында қалған хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау жырын тоқтатты.
Қыпшақ жағында үн жоқ. Қобыландының екі беті түктеніп кеткен. Бірақ хан алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас, су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр түйіп, бұрқ-сарқ тасығалы кезегін күтіп, тыпыршып әзер отыр. Ал төреші Асан Қайғыда да үн жоқ. Ол сонау Қыпшақ хандарының қанды жорықтарын ақыл таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана:
— Сөйле, жырау, — деді.
Қазтуған «Айт, шу!» деген бәйгі ұранын естіген қылаң құйрықтай, бірден аға жөнелді.
Бұ жолы ол домбырасын безектей ойнатып бір тізерлей отыра қап ащы айқайға салды. Күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан жыландай ісініп ап, толғауына кірісті.
— Ерлік — ежелгі салтым, — деді. — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы алдында отырған жауы — қарт жырауға қона түсуге дайын, өзі де сол қыран құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен.
Даусын кеңнен алып, тағы да бір шырқап жіберді де «Осы ерлігінің арқасында Қыпшақ әлемге аян болды. Батыр жұрт Қоламан[22] патшаның кезінде Стамбулды да жау тырнағынан алып қалды» деп жырын бітірді.
Қотан мырс етіп езу тартты.
— Сөйле, жырау, — деді Асан Қайғы Қазтуғанның ағат кеткенін аңғарып, ұнатпай қалғанын жасырмай сәл қабағын түйіп.
Қотан қарттың күткен кезі осы мезгіл еді. Кәрі қыран енді Қазтуғанның құрыш денесіне сояу-сояу тырнақтарын қырш-қырш кіргізді.
— Орынсыз қан төккізгенді ерлікке кім санаған? — деп бастады ананы әжуа ете, қарт жырау. Қазтуған ақын паш еткен Қыпшақтар қатынасқан Стамбул оқиғасын Қотан қария жыр еткенде, қобыз үні құдды қан жылағандай аңырай шықты. Қарт жыраудың өзінің даусы да дәл бір өксігін баса алмай отырған қаралы адамның үніндей. Бұл хикаяны естіген жұрттың екі ұрты суалып, жақ жүндері үрпиісіп жүдеп кеткендей. Әбілқайыр хан көз қиығын Қобыланды батырға аударып еді, оның да басы төмен салбырай түскен екен. Қарт жыраудың сөзі жүректерін тырнап, көздерін жасқа толтыруға таяу тұрса да «Тоқтатыңыз!» деп бұйыруға бірде-бір адамның аузы барар емес. Ханның да, батырлардың да көмейіне құм құйылған.
Алтын күмбез мешіті, ақ мрамордан қаланған патша сарайларымен безенген, Босфор теңізінің жағасындағы Византия астанасы Стамбулға он бірінші ғасырда аса бір сойқан күн туды.
Еділ, Днепр бойларынан Қыпшақтар қуған торкі елі Дунай өзенінен өтіп Византияға жақындады. Византияның солтүстігін бұдан бұрын печенегтер басып алып, талан-таражын шығаруда еді. Ал Кіші Азияда Византияның қалаларын түрікмен сельджуктары мазалауда болатын. Стамбулдың сау қалуына екіталай күн туды. Бұл аздай, енді Стамбулға төртінші қас пайда болды. Ол қас — Дунай өзеніне жетіп қалған бөрте жылқы мінген Қыпшақтар еді.
Сасқан Византияның патшасы (императоры) Алексей Комнин Стамбулды қалай сақтап қалуды білмей өзінің ежелгі жауы Крестшілер мен Рим папасына «Константинополь» (Стамбул) торкілер мен печенегтердің қолына түскенше, сендер алыңдар» деп жәрдем сұрап хат жазды. Расында Византияға безбүйрек көшпелі тағы елдердің шапқыншылығы тым қорқынышты еді.
Византияның басына қан жауған осы бір қиын-қыстау кезеңде, печенегтер бірінші боп Стамбулдың іргесіне кеп тоқтады. Император Комнин «Қыпшақтар не дер екен? Егер олар печенегтерге қосылып кетсе, біржолата құрыдық» деп қан жұтып жүдеп жүргенінде, бір күні Стамбулдың солтүстік жағынан қаһарынан жан түршігетін Бонақ пен қанқұмар Тұғырхан қалың қолмен сау ете түсті. Олар «Жауды көрсет! Біз дайын!» деді. Алексей әлі де болса Қыпшақтардың күшін пайдаланғысы келмей, оларды кең сарайында күндіз-түні күтіп, ұрыс күнін айтпай кідірте берді.
Бірақ арақ-шараптан көрі, кісі қанын ішуді ұнататын Қыпшақ хандары императордың сән-салтанатты кең сарайында рақаттанып жатудан безіп, майданға шығып, қисық наркескендерін оңды-солды сермеуге асықты. Олар императорға: «Біздің енді күтер жағдайымыз жоқ. Ертең күн шыққаннан кейін, біз не қойдың етін, не қасқырдың етін жеуіміз керек» деді. «Бұлары біз ұрыссыз бос жата алмаймыз, ертең күн шыға сендермен қосылып печенегтермен соғысамыз» дегендері еді. Зәресі кеткен Алексей соғыс күнін айтты. Бұл қанды айқас бір мың тоқсан бірінші жылдың Көкек айының жиырма тоғызы күні болды. Қыпшақтар мен Стамбулдың әскері печенегтерді мықтап жеңді. Печенегтердің көп әскері тұтқынға түсті. Түнімен Қыпшақтар жеңісті тойлады. Ал, таңертең тұрғандарында… Кешегі тұтқынға түскен печенегтердің қырылып қалғанын көрді. Тұтқындар лагері қан сасиды. Нағыз қой бауыздағандай гректер оларды шетінен бауыздай беріпті. Талай қанды айқастарды бастарынан өткізген, қастасқан жауларын аяп көрмеген Қыпшақтардың да қолға түскен қарусыз тұтқындарға гректердің істеген айуандығынан төбе шаштары тік тұрады. Бөлісеміз деген олжаларына қарамастан, ертеңіне Қыпшақтар ат бетін кейін бұрған.
Қазтуғанның Стамбулды да Қыпшақтар аман алып қалды деп мақтаныш еткені осы оқиға еді.
Бұл оқиғаның қалай болғанын қарт Қотан айтып бергенде, отырған жұрттың үндей алмай қалуы да осыдан еді. Қанша қатыгез келсе де қолға түскен тұтқынды қыратын Қыпшақта дәстүр жоқ. Не болса да ұрыс үстінде, шабуыл үстінде болады. Ал мынау оқиға… Өздері істемегенмен, ата-бабаларының қарусыз жұрттың қырылуына себепкер болғандарын, айдалада жатқан Византия мен өздері жерін алып қуып жіберген түркі тұқымдас елдің таласына барып кірісіп, осыншама қан төккендерін, жырау сөзін тыңдап отырғандар рас қылмыс көрген. Қазтуған жырау да үндей алмай қалған. Тек Қобыланды батыр ғана Қотан ақынның жеңіп бара жатқанын сезіп намыстана, түнере түскен. Тыныштықты Асан Қайғының өзі бұзған. Ол аппақ ұзын сақалын баяу сипап, оңып кеткен көздерін сәл жұмып отырды да қайта ашты.
— Өз руыңның ерлігін енді, Қотан жырау, сен айт, — деді. — Қайсыңның жеңгеніңді жұрт сосын естір…
Қотан қарт алдында тұрған сырлы аяқтан уыз сары қымызды бір жұтып орнына қайта қойды. Қобызын асықпай қолына алды. Мұздаған жанды жылытар, қобалжыған көңілді тыныштатар бір майда қоңыр күй тартты. Қарт жырау күйді ұзақ тартты. Жұрт ұйып тыңдай берді. Бір мезгілде барып қарт жырау қобыз даусына өзінің үнін қосты. Қария даусы бұ жолы қарлығып қажымады, жаңағы жұтқан уыз қымыздың дуасы ма, әлде айтайын деген жырының қақ-соқтықсыздығынан ба, лебі биязы қоңырқай шықты.
— Арғын да алуан ел болған, келген жерге көнбеген, онда да талай ер туған, қазір қисса онда емес, — деді жырау ерекше, өзгеше сарынға салып, — қыран көкке қанатын қанша биік қақса да тізіліп бірге ұша алмас. Шаңқылдап айбат атса да, аққудай сыңсып ән сала алмас. Қыпшақ қыран болса, егер, Арғын — аққу көл көркі… Сойылдан гөрі қолына домбыра алуды паш санар. Ұран салып, жау іздегеннен ән шырқап жар сүйгенді ұнатар. Одан артық, әлеумет, айтшы қандай арман бар. Ел айырар ұрыстан, бейбітшілік, елдікті мұрат еткен бұл Арғын. Ән мен күйге орда боп қуантсам жұртты дейді бұл Арғын. Батыс түгіл, Қызылбас, Үндіге де Қыпшақ талай аттанған. Арғын одан аз емес, ерлігі бірақ өзгеше… Арғы бабам Басым елі[23] түркі тілдес жұртпенен тізе қосып, кептеле ту тігіп үш жүз жыл Танменен[24] алысқан. Анау асқар тауыңды, мынау шалқар көліңді сол қасыңа бермеген. Кілегей бұлттай жау төнсе, сонда ғана бұл Арғын алдаспанын сермеген. Асан Қайғы, аға ұлы, ендігісін өзің шеш. Ел болайық деген жұртымды адастың десең де айт. Кең болайық деген жұртыңды қателестің десең өзің айт.
Арғын[25] тайпасы да, Үйсін руы тәрізді, Тянь-Шань сақтары мен аргиппейлер қалдығынан құрылған, көне түркі қауымына кірген. Соңынан Жоңғар тауынан Жетісуға ауып, «қырық ру» қатар көшіп, қытай династияларымен сан күрескен. Қытайлардың Арғынды хұнумен шатастырулары да содан.
Қотан жырау осылай толғап, талықсып кеткен адамдай қобыз күйін бәсеңдете барып бітірді.
Жұрт тағы да үн-түнсіз тына қалды.
— Мың жаса, атажан, — деді кенет қайратты бір жас дауыс, — Дария тоқтаған бөгетті бұзып, суды тасыту бір адамның қолынан келеді. Мүлгіп тұрған орманға шақпақ тастан от беріп, телегей-теңіз өрт шығару о да бір адамның атқара алар ісі. Сол тасыған суды тоқтату жүз адамның да қолынан келмейді. Тоғайды алған қалың өртті мың адам да сөндіре алмайды. Ерлік көрсетіп ел-елдің арасын бүлдіру қай рудың қолынан болса да келеді.
Бүлінген жұрттың басын қосып, ел ету тек халқына жаны ашыған ұлдарының ғана қолынан келеді. Олардың қолынан әзірге елді біріктіру келмесе де, сол елді біріктіру — арманы. Сол арманды мына қауым алдында жайып сал- ғаныңыз үшін, Арғынның ардақты ұлы, жырау Қотан ата, сізге жас болсам да өз есімімнен алғысымды білдіремін.
Жұрт осы сөздерді айтқан жігітке қарай қалды. Бұл жігіт Жәнібек сұлтанның баласы Қасым еді. Ұзын бойлы, қошқар мұрын, ақ сұр жігіт өзіне қадала қалған самсаған жандардан қайыспай, көзі шоқтай жайнаған қалпында, отырған орнынан қозғалмады. Үстіне бадана көз кіреуке киген, хан алдында суырыла сөйлеген осынау жас батыр кенет жұртқа ұнай қалды. Ал ұнатпағандар Шыңғыс ұрпағына «өзіңнен үлкендер отырғанда, сенің сөйлеуің ерсі» деп айта алмады.
Әбілқайыр оған бажайлай көз тастады. «Бұрын қалай назар аудармай келгенмін, — деді ол ішінен, — Жәнібек сұлтанның мына баласы болайын деп-ақ тұр екен! — Ол ақырын езу тартып жымиды. — әрине, оның дегеніне өзге сұлтандар жеткізсе».
Ойға шомып кеткен Асан Қайғы енді басын көтерді.
— Бейбітшілік әрқашан халықтың көкейкесті мұраты, сен сол халық мұратын көксеп отырсың, Қотан жырау, — деді. Бас бәйге сенікі, — енді ол Қазтуғанға қарады, — елдің елдігін, ердің ерлігін мадақтау о да бір паш өнеге, бірақ ерлік ел шабуға бағышталса езгілікке айналады. Демек, Жейхұн өзеніндей тасыған жырың үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды, орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ ақылгөй Қотан қарт Қыпшақтың өзге елге еткен қиянатын бетіңе басып, тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмеді. Сол себептен әлі де айтылмаған жырың қалған іспеттес. Қыпшақ құр ғана басқа елдерді шауып қойған жоқ қой, өз елін қорғағандағы ерлігін естісек дер едім…
Бас бәйгені алған Арғын жағы шат-шадыман боп тасыды. Аталы сөзге тоқ- тап үйренген жұрт Асан Қайғы шешіміне риза екенін білдірді. Асан шешімін Қазтуған да әділетті көрді. Жеңіліп қап пәрмене болдым демеді. Тек Ақжол бимен бақ күндес Қобыланды батыр ғана намыс оты күйдіріп тақат ете алмай, іштей алай-дүлей.
Айтыс тізгінін қолына ұстаған Асан Қайғы әлі де қызу отырған Қазтуғанды тежегісі келмей:
— Сөйле, жырау, — деп домбырасын ұстаттырды.
әбден қызып алған Қазтуған күттірмеді. Әбілқайыр ханға қарап домбырасын қағып-қағып жіберіп:
— Қалған жырды тағы да тарих өзі жырласын, Қазтуған жырау аузынан әлеумет тек тыңдасын. Құлаққа жағымсыз жай болса, кешіре көрсін, хан ием, — деп жырау өзінің айтар сөзіне рұқсат сұрады ханнан.
Қарапайым ел қамын ойлаған, қызыл тілін қару еткен қазақ жыраулары әрқашанда өз ойларын ашық айтқан.
Бірақ… «аталы сөзге арсыз тоқтамас», дәуірінде ханға да шындықты тыңдау бір ғанибет іс еді. Сол салттан шыға алмай Әбілқайыр да:
— Ақын ел еркесі, айта бер қорғанбай жырыңды, — деді салғырт, Қазтуғанның айтар сөзінен күйінерін күн бұрын сезсе де кеңпейіл көрінбек боп.
Қазтуған жырау әсем көсілген жорғадай толғауын емін-еркін бастап кетті. Аздаған үзіліспен бір ғасырға жуық жүргізілген Шыңғысхан және оның ұрпақтарының шапқыншылығы бір мың екі жүз алтыншы жылы Монғол мемлекеті құрылысымен-ақ басталған. Осының алдында ғана өзін Шыңғысхан деп атаған, әкесі қияттан, шешесі та-та[26] елінен шыққан Темучин құр ғана монғолдардың өзара таласын басып қойған жоқ, ең алдымен монғол елімен аралас Керулен, Аргун, Онон, Орхон өзендерінің бойында көшіп жүрген Керей, Найман руларын жеңіп алды.
Бір мың екі жүз жетінші жылы монғолдар Енисей өзенінің жоғары жағы мен Селенгі өзенінің солтүстік тұсын жайлаған ұсақ елдерді жаулауға кірісті. Осы аттаныстарының арқасында Шыңғысхан әскерін қаруландыруға өте маңызы бар, темір өндіру өнеркәсібіне бай өлкеге ие болды. Сол жылы-ақ Шыңғысхан Орталық Азиядағы Си-Си деп аталатын бір кезде Қытайды тітіреткен тунгус мемлекетін өзіне қаратты. Жауынгер атты әскерін қосып өзінің шебін көбейтті. Содан кейін олар, жер мойны қашық Шығыс Түркістандағы ұйғырларды бағындырды. Осы кезде монғолдар қырғыз, бурят, ойрат секілді Оңтүстік және Орталық Сібірді жайлаған бірталай елдеріне дүрк тиді. Бір мың екі жүз он бірінші жылы Шыңғыс қалың қолмен Қытайға аттанды. Үш жыл соғысып ақырында Пекинді алды. Енді Шыңғысхан екі жүз мың әскермен Орта Азияға бет бұрды. Хорезм шахы Мұхаммед монғолдарға қарсы тұрарлықтай әскері болғанмен, бетпе-бет келіп айқасудан бас тартып, бар күшін жеке қалаларын қорғауға бөлшектеді. Соның салдарынан Шыңғыс әскері Хорезм, Самарқант, Мерв, Бұқар — бәрін жеке-жеке шапты. Бұл оған Орта Азияның бар әскерімен қан майданда бетпе-бет кездесуден жеңіл түсті. Бір мың екі жүз он тоғызыншы жылдан бастап үш жылдың ішінде Шыңғысхан әскері бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырды. Орта Азия халықтары басқыншыларға қарсы сан рет көтерілді, бірақ монғол хандары олардың көтерілісін қан-жоса етіп, басып тастап отырды.
Осы жылдары Жошы әскері қазақтың көп жерін алып, Ертіс, Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінен өтіп Ұлытауға келіп туын тікті. Орта Азияны шауып болғаннан кейін, Шыңғысхан Қыпшақ елімен шекаралас Шығыс Европаны жаулап алуға кірісті.
Жебе мен Сүбітай баһадурлар басқарған отыз мың әскер бір мың екі жүз жиырма екінші жылы солтүстік Иран арқылы Азербайжанды қанға бояды. Енді кезек грузиндікі болды. Бес миллионға жуық Грузия халқының жан аямай қарсыласуына қарамай, Жебенің құрған айласының арқасында бір күннің ішінде отыз мың әскерін қырып, монғолдар солтүстік жағынан Дербентке таяды. Бұл арадан өту оңай болмағандықтан монғолдар Ширван шахқа «Сендермен бейбітшілік бітім істеуге бірнеше адам ғана келдік» деп кісі салды. Ширван шах алдағанды білмей, басты он адамын жіберді. Монғолдар біреуін өлтіріп, қалған тоғызына: «Егер де сендердің өлгілерің келмесе жолды көрсетіңдер» деді. Олар қорыққанынан Дербенттің қиялы жартас, тұңғиық құзды, ыңғыл-жыңғылды ұры сайлары арасымен монғолдарды аман-есен солтүстік Кавказға жеткізді. Солтүстік Кавказда тұратын алан жұрты «монғолға бірігіп қарсы тұрайық» деп Қыпшақтарды болысуға шақырды. Қыпшақтың қалың атты әскері аландарға келіп қосылды. Монғолдармен үлкен айқас болды. Екі жағы тең түсті. Қайтадан ұрысқа дайындалды. Алан мен Қыпшақты жеңе алмайтынына көзі жеткен монғолдар Қыпшақтарға көп тартумен «сендер бізбен қандас елсіңдер, аландар бөтен жұрт, біз сендермен бітімге келеміз, оларға болысушы болмаңдар» деп кісі салды. Монғолдың алтын-күмісіне қызыққан Қыпшақ батырлары аландарды тастап кейін шегінді. Жалғыз қалған аландарды монғолдар қан-жоса етіп қырды.
Ал Қыпшақтар «Бітімге келісетін болдық, бізге тимейді» екен деп әскерлерін үйді-үйіне таратып, жайбарақат жата берді. Сол уақытта ала¦дарды жеңген монғолдар, сау етіп бұлардың еліне жетіп келді. Әскерін таратып жіберген Қыпшақтар монғолдарға төтеп бере алмады. Бірі Донға, бірі Қырымға қашты. Осы уақыттағы Қыпшақтардың ханы Қотан[27] орыстарға кеп «маған туған күн саған да туады, бірігіп монғолға қарсы шығайық» деп өтінді. Орыс князьдары уәдесін береді. Сол күннен бастап Қыпшақ елінің басқыншылармен ауыр айқасы басталды.
Бейбіт елдерді қан жылатқан Шыңғысханды суреттегенде, бір қара албасты құбыжық келе жатқандай қобалжи, алан жұртын сатып кеткен Қыпшақ хандарының опасыздығын жыр еткенде, қарабет болған жандай көзін жерден алмай қиналып зар шеккен Қазтуған жырау, толғауының Шыңғысханға тиер жеріне жеткенінде тіпті зәрленіп кетті. Бауыры қызған бәйге атындай серпіліп сала берді. Жауына қарсы шыққан орыс, Қыпшақ жауынгерлерінің дәл ортасында өзі келе жатқандай, қарағай домбырасын дүбірлетіп, көзінен жалын атып, қаһар төкті.
Орыс, Қыпшақ болып бірігіп, басып алғалы аттанған жауына қарсы шыққанын жырлағанда ер көңілді батыр жыраудың үнінен мақтанған, қуанышты, адамды қанды кекке шақырар бір құдіретті саз естілді. Осылай шалқи қалған Қазтуған Қалқа ұрысын айтқанда кенет «әттең, әттең!» деп күңірене күбірледі.
Бір мың екі жүз жиырма үшінші жылы мамыр айында Днепр өзенінің жағасындағы Олешья деген жерде орыс, Қыпшақ әскері жиналды. Бұған бар әскерімен Киев князі Мстислав Романович, Галич Мстислав Мстиславович, Чернигов князі Владимир Рюрикович, тағы басқа Чернигов князьдары мен Қыпшақ хандары тегіс келді. Бұдан басқа Смоленскіден, Курскіден, тағы бөтен орыс жерлерінен көптеген жауынгерлер қосылды. Мұндай нөпір әскер орыс жерінде бұрын бас қосып көрмеген-ді.
Калка ұрысы деп аталып кеткен монғол, орыс, Қыпшақ қырғынын тарихшы Рашид-ад-Дин былай деп жазады: «Орыс пен Қыпшақтар дайындалып көп әскер жинады. Жауының көп екенін көріп монғолдар кейін шегінді. Монғолдарды қорыққанынан шегінді деп ойлаған Қыпшақтар мен орыстар оларды жиырма күн соңынан қуды. Кенет монғолдар аттарының басын кейін бұрып алып, қуып келе жатқан әскерлердің қосылуына мүмкіндік бермей, біразын қырып салды. Бір апта бойы ұрысты, ақырында Қыпшақ пен орыстар шыдай алмай қашуға мәжбүр болды. Монғолдар соңдарынан қалмай өкшелеп, қалаларын қиратып, жұртын бостырып жіберді».
Калка өзенінде орыс пен Қыпшақ әскерінің жеңілуінде анығында екі себеп болған-ды. Днепрден өтіп сегіз күндей жауын қуған орыс пен Қыпшақ полктарының арасы тым алыстап кеткен-ді. Осы жағдайдан отыз бірінші мамыр күні Калка өзенінде тобын жазбай қарсы атой берген монғол әскеріне бұлар бас қосып қарсы шығатын мүмкіндіктері болмаған. Әйтсе де Галич князі Мстислав Мстиславович өзімен ала көз Киев князі Мстислав Романовичты хабарландырмай, Қыпшақтармен бірігіп қан төгіс айқас ашты. Монғолдардың алдыңғы шебін жеңіп, бас күшіне шабуыл жасады. Ұрыс өте қатты болды. Қан судай ақты. Бірақ бұл ғаламат айқасты ең алдымен Қыпшақтар бүлдірді, олар ежелгі тәсілі — қашқан болып жауды ертіп, арттарында күтіп тұрған әскерінің қолына түсіретін әдеттеріне салмақ боп кейін шегіне бастады. Бір тобы шегініп еді, оған өзгесі асыға қосылды. Бұны көрген орыс полктері де кейін тым-тырақай босты. Ақырында, соңынан түре тиген монғолдарға қарсылық істей алмай қалды. Бұл — орыс, Қыпшақ әскерінің жеңілуінің бір себебі. Екінші себебі орыс князьдарының өздерінің ала ауыздығы еді. Галич князі Мстислав Мстиславович Қыпшақтармен бірігіп қанды қақпаннан қалай құтыламыз деп монғолдармен қырылысып жатқанда, Киев князі Мстислав Романович өзен жағасындағы биіктікте «менсіз сендердің қалай соғысқандарыңды көрейін» дегендей, өзінің көп полкімен тұрып қалды. Ал жаулары Галич полктары мен Қыпшақтарды жекелеп жеңіп, енді Киев полктарына келіп тиіскенде, қаптаған монғолға Мстислав Романович төтеп бере алмады. Адырдың жан-жағынан қоршап алып, өзіне төнген монғолдармен үш күн айқасқаннан кейін, олардың «өмірлеріңді сақтап қаламыз» деген сөзіне сеніп екі баласымен жауына берілді. Әрине, монғолдар алдаған-ды, қолға түсісімен князьді балаларымен бірге ай балтамен шауып өлтірген. Қазтуған жыраудың: «әттең, әттең!» деп өкінуіне құр ғана Қыпшақтардың қашқаны емес, монғол қандыбалақтыларының алдауына аңқау батырлардың талайының көніп, сан ұрыста ұтқызған өкініші де бар еді.
Монғол нояндарының соғыс жүргізу әдісі де, жауын алдап түсіру айласы да өздеріндей көшпелі ел Қыпшақтардікіне кейде ұқсағанмен, тегінде ерекше келетін. Монғол әскерінің оннан тоғызы бөтен ұлттардан, өздері жеңген елдердің жігіттерінен, сатылған бұзық, қарақшылардан құрылған. Бірақ бәрі бірдей темір тәртіпке бағынған. Темір тәртіп бұл жер сілкінткен қалың әскердің тек өзіне ғана тән ерекшелігі. Екінші ерекшелігі оның басқа елді шабу, бағындыру, айла-әдістерінде. Монғолдар бір елді шабар болса, ең алдымен ертөлелерін жібереді. Олар өрт салмайды, дүние-мүлік тонамайды, тек шабатын елдің адамдарын өлтіреді, ең болмаса қорқытып қашырады. Сөйтіп, қанқұмарлықтарымен тыныш жатқан елдің күні бұрын зәре-құтын алады. Содан кейін барып қалың қолмен шабады. Бұ жолы ештеңені де аямайды. Қолға түскен қаланы өртеп, қиратып, дүние-мүлкін талайды, тек құлдыққа сатуға, не мал бағуға, өйтпеген күнде өнер-өрнекке жарайтын шеберлері болмаса, қатын-балаға қарамай қырады. Кешегі салтанатты қаланың орнына күйреген кірпіш, тас-талқан болған құр сілімтірін қалдырады. Гүл-гүл жайнаған бау-бақша, жасыл егіні жайқалған ну даланы құлазыған қу тақырға айналдырады. Содан кейін барып өздері шауып кеткен жерлеріне жаршыларын жібереді. Олар тығылып қалған адамдар болса, жасырылған қазына болса, бәрін тауып нояндарына жеткізеді. Әскер басы баһадурлар осы жаулап алған қала, далаларына әкім етіп өздерінің адамдарын қалдырады.
Егер қала мықты қамалға айналып, өздігімен берілмесе, монғолдар бекініс алатын тас атқыш катапульттерін салады. Қамал қабырғалары берік боп тас атқыштар ештеңе істей алмаса, қалаға кіретін үңгір-ладыз қазады. Сөйтіп, күтпеген жерден түн ортасында, не таң ата шаһардың ішінен, не бекіністің арғы бетінен шығады. Аянбай соғысады. Ал, қала халқы тым сақ болып бұндай жағдайға жеткіздірмейтінін білсе, қаланың жанынан ағып жатқан өзен, дарияларға бөгет сап, су арнасын өзгертіп, халықты суға тұншықтырады.
Мединаны алғаннан кейін оның белгілі бек, хакім, би, батыр, оқыған адамдарына рақым етпейді. «Қарсыласпай өздерің берілсеңдер сендерге тимейміз» деп аналарды қарсылықсыз қолға түсіріп ала қалса да шетінен бауыздайды, тірі қалдырмайды. Бұл — шауып алған елге Шыңғыс ханның орнатқан жалпы тәртібі. Ұлы қанішерлер ойынша «басып алған жерде тыныштық болу үшін ол араның ең алдымен басты адамдарын құрту керек. Олар қорыққанынан «бағындым» десе де ыңғайы бола қалса халықты қарсы қойғысы келіп тұрады. Қоя алады да. Рушылық заманда қандай халық болмасын, өзінің басты адамдарының соңынан ереді. «Ал ол басты адамдарын құртып жіберсең, бассыз тобыр ештеңе істей алмайды, басы жоқ дене тірі дене емес, өлі дене».
Шыңғыстың бұл қатал заңын білмеген ел бастайтын хандар өз жандарын аман алып қаламыз деген үмітпен күресер жерінде күреспеді, халық соңдарынан еріп, «жауыңызға қарсы шығуға бармыз» дегенде, қорықты. Ақырында өздері қырылды, халықты да қырғызды.
Осылай алданғанның бірі Киев князі Мстислав Романович еді.
* * *
Монғолдар қарсы жақтың қаласын алу үшін ештеңеден де тартынбайтын. Өлтірген адамдарының майын шыжғырып алып жауы тығылған үйлерге құйып от салу (адам майы ұзақ жанады) не бекініс қабырғасы берік шаһарлардың үстінен грек отын — құм аралас мұнайдан істелген жанғыш затты лақтырып, адам көзі қимас ғажайып сұлу мешіт, шіркеу, патша сарайын өртеу, жан түршігерлік зұлымдық, айуандық қаныпезерлік, алдау дегендердің бәрі де қатар жүретін.
Шапқыншылар әскерлерінің тағы бір қасиеті жылдамдығы еді. Құлынынан бастап ұшы-қиыры жоқ монғолдың құмайт даласында босып өскен жылқы мінген Шыңғыс атты әскерінің бір тәулікте елу фарсат алуы тіпті таң қаларлық іс емес. Бар ұрыс саймандарын, қазан-ошақ, жататын үйлерін тиеген арбалары мен бекіністерді алатын катапульті ауыр көшінің өзі де күніне отыз-қырық фарсат жер жүретін. Бұның бәрі монғол жылқысының төзімділігі мен жауынгерлерінің салт атқа жасынан дағдыланғанынан еді. Осы қасиеттерінің арқасында монғол әскері күтпеген жерден жауының дәл қасынан пайда болып, не күндіз ұрысқан қолының бір түнде басқа жағынан шығып, керек болса қаша жөнеліп, қара үзіп кете беретін. Монғолдың бұл әдісіне тек Қыпшақ жігіттері ғана төтеп бере алатын. Бірақ олар аз, екі жүз мың монғол әскеріне қырық мыңға жетер-жетпес Қыпшақтың салт атты сыпайлары не істей алады?
әйтсе де сонысына қарамай, Қыпшақ, Керей, Найман тәрізді рулар мон- ғолдарға оңайшылықпен көнбеді. Жерін, елін қорғап ұзақ күресті. Калка өзеніндегі айыбын сан мәртебе ыстық қанымен жуды, асыл ұл-қызының үзіліп кеткен жүректерімен ақтады.
Қазтуған жырау осы монғол шапқыншыларымен алысқан Қыпшақ әскерлерінің ерлігін толғағанда нағыз бір жүйрік атқа мінгендей, көңілі лепіріп, ұшып-қонып қансорпа боп бір орнында отыра алмады. Бір мезет Бошман жырына келгенде тіпті аруақтанып кетті. Бошман — Қыпшақ батыры еді. Иран тарихшысы Джувейни айтқандай: «Қисық қылыштан тірі қалғанның бәрі тағдырдың дегеніне көніп, мойынсұнғанда да» Бошман батыр монғолдардың ырқына көнбеді. Елінің тәуелсіздігін, жерін, суын қорғап шапқыншыларға қарсы шықты. Өзі секілді монғол қолына түспей құтылып кеткен бірнеше батырларды жинап, «Қанға қан! Кекке кек!» деп жауларының жеңіл-желпі жасақтарын құрта бастады. Басқыншылардан кек алуға болатынын ұққан Қыпшақ жігіттері жүздеп келіп Бошманға қосылды. Бұны көріп, Еділ бойындағы уақ ұлттар: башқұрт, алан, бұлғарлар да бас көтерді. Бошманның үлгісінің өте қауіпті екенін түсінген Бату әскерінің қолбасшысының бірі Мөңке Бошманды тез ұстауды бұйырды. Бірақ Бошман ұстатпады. Оның қатары күннен-күнге көбейе түсті. Бошман қатары көбейген сайын, монғолдардан да береке кете бастады, жоқ жерден шабылған көрен,[28] бүлінген жасақтар саны молайды. Бошманды ұстаймын деп енді Мөңке қаһарына мінді, ал аяулы ер Еділ бойының қалың ағашының арасына кіріп ап, басқыншылар шебіне тиісумен болды. Ақырында Мөңке інісі Бөшек екеуі әр кемеге жүз қарулы жауынгер отырғызып, екі жүз желкенменен Еділ бойымен төмен ағып, өзеннің екі жағын бірдей қарап шықты. Бошман бұған да ұстатпады. Еділдің ортасындағы ат көрінбес анақурайлы бір аралға бекініп ап, жағасына жау желкендерін жуытпады. Мерген Қыпшақтар желкен үстіндегілердің басын көтертпеді. Қарсы жағы Бошманды ала алмайтындарына көздері жетіп, енді әрі қарай жүрмек боп тұрғандарында кенет адам айтқысыз қатты жел тұрып, аралдың бір жағындағы суды қуып, біраз жерін қарайтып тастады. Мөңке осы күтпеген қара қатқақ жол арқылы аралға бар әскерін төкті. Мың қаралы жауынгерлерімен Бошман батыр қолға түсті. Монғолдың бір нояны Мөңкенің жарлығы бойынша Бошманды балтамен қақ жарып өлтірді.
Елін шапқыншыларға көтере білген Бошман батыр өз ісін істеп кетті. Оның көтерілісі біткенмен іле-шала Баян мен Жықу атты бұқарадан шыққан кісілерінің бастауымен Қыпшақ жігіттері тағы күреске шықты.
Қазтуған жырау осы көтерілістің барлығын еміренте, бір жалынды үнмен жыр етіп мақтана толғай берді.
Әбілқайыр жыр басталғалы алтын тағынан қозғалмай, қара сұр жүзі сәл қуқылданып үн-түнсіз тыңдап отыр… Ашу қысып тына қалғанын хан сырын білетін дос-қасы тегіс түсінуде… Тек Қазтуған жырау ғана өзгеріп кеткен хан келбетін аңғарар емес. Ел шапқаннан гөрі, елін қорғаған Қыпшақтың ерлігін жыр еткенде дарыны енді шын ашылып, кісендеулі құлашы жаңа ғана жайылғандай, толғауын аңқылдап соғып отыр…
Кезекті енді Қотан жырау алды.
— Құс ұша түзеледі, бетің жаңа жөнделді, Қазтуғаным, — деді ол, — сен бастаған әуенді мен ұлғайта түсейін…
Ашына сарнаған қобыз үніне қосылып, қарт жырау енді бір алуан уақиғаларды бастап кетті…
Шыңғысхан тағына Күйік отырған кезде Батудың қарамағында монғолдың бар болғаны төрт мың ғана жауынгері қалған. Бүкіл Шығыс Европаны жаулап алған айбынды әскері өзіне бағынышты елдердің дені Дәшті Қыпшақ жігіттерінен құрылған-ды. Бұндай әскермен қарамағындағы жұртты билеу де қиын және бұның өлімін күтіп отырған, жүз мың қолы бар Күйікпен бетпе-бет келу де оңай емес. Сондықтан Бату сенімді одақтас іздеді. Бұл — Алтын Орда ханының сол кездегі көкейтесті арманының бірі еді. Міне, осы тұста Новгород князьдары Александр мен Андрейдің әкесі Ярослав, бұрыннан уәделесіп келген Күйіктің ордасына келісім сөзге барған жерінде монғолдардың қолынан қаза табады. Батудың көктен сұрағаны жерден табылады. Новгород князьдары Александр мен Андрей Күйіктен ат құйрығын шарт кесіп бөлінеді де, Батумен бітімге келеді. Новгород князы Александр Батуға алым-салық төлеп, оның баласы Сартақпен өле-өлгенше соғыспай өтуге ант береді. Осы күннен бастап Алтын Орда хандары мен Новгородтың ұлы князьдарының арасында ғасырға таяу созылған келісім басталады.
Ал он үшінші ғасырдың басынан бастап католик дініндегі Европа кресшілері православ дініндегі гректер мен орыстарға қарсы шабуылға шыққан. Бір мың екі жүз төртінші жылы олар Стамбулды алып, Византия патшалығын жойып, латын империясын құрған. Эсті мен латыштарды жеңіп, өздерінің құлдарына айналдырған. Осындай қара түнекті орыс жұртының басына да тудырмақ болған. Бірақ Шығыс жағынан жау күтпеген Александр Невский оларды 1240 жылы Нева өзенінің, 1242 жылы Чуд көлінің үстінде жеңген. Демек, соғыс әлі бітпеген-ді, әлі де орыс еліне әскери көмек керек еді. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Лигницеде Польша мен неміс рыцарьларының бірлестігінің күл-талқанын шығарған Бату өзінің уәдесін бұзған жоқ. Бұл жағдай Алтын Орда хандары Бату, Сартақ өлгеннен кейін де, Берке тұсында да сақталып келген. Ал 1269 жылы неміс кресшілері өздеріне қарсы шығуға Новгородқа Алтын Орда қолының келгенін естіп, бұл кезде күшейіп алған орыс князьдарынан бітім сұрады. Сөйтіп орыс жері кресшілердің шабуылынан мүлде құтылған. Алтын Орда хандары Бату саясатынан хан Мамайға (1362 ж.) дейін айырылған жоқ. Оған себеп Сарай шаһарында отырған хандар бір кезде өздері бағындырған орыс, болғар, Дәшті Қыпшақ елдерінің қолдарына енді өздері қарап қалған-ды. Ал бұл ортада осыдан екі ғасыр бұрын алты-ақ мың болған орыс елі әбден әлденіп, кемеліне жетіп үлгірген! Өйткені оның бұл дәрежеге жетуіне Алтын Орда күншығысынан келетін жауына қалқан болды. Қотан жырау достықтың қандай ұлы күш екенін, көршілес елдер тату тұрып, жерлерін бірге қорғайтын болса қандай апаттан болса да құтыла алатынын білдірді.
Жырау сөзі Әбілқайырға ұнамағаны хақ, кезек енді Қазтуғанға беріліп, анау шырқай жөнелгенде хан кенет қолын көтерді. Жырауды қошаметтеп «Уай, пәле!» деп лепіре қызынған жұрт тына қалды. Қазтуған да шауып келе жатып аяң желіске түскен жүйріктей даусын төмендете түсіп, қарқынын әзер басып, сөзін кібіртіктетіп барып тоқтады.
— Намаз мезгілі болып қалды, — деді хан, — Қазтуған жырау толғауын содан кейін тыңдалық.
Әбілқайыр мұсылман ханы болғанмен, Мұхаммет пайғамбардың жолын берік ұстамайтын. Өзі намазды кейде оқып, кейде оқымайтын. Онысына қарамай хан орнынан түрегелді. Ханмен бірге жұрт та апыр-топыр қозғалды. Осы кезде Найманның бас батыры Қаптаған шеткі топтан сытылып шыға берді. Ол асыға басып Найман руына арнап тіккен өртеңнің баурындағы ақ ордаға келді. Есік алдында тұрған, қолында найзасы бар, елтірі тымақты, үстіне шекпен киген, күзетші сары жігіттен:
— әлі келген жоқ па? — деп сұрады.
— Келген жоқ.
Қаптағай қобалжи қалды.
— Япырай, бірдеме болмаса игі еді. Келер уақыты асып кетті. Әлде өзің барып қайтасың ба?
— Құп. Барсам, барып қайтайын.
Найманның аты шулы бас батыры, атан жілік балуан, айдаһарға қарсы барар жүрек жұтқан Қаптағай қара қасқа кедей болатын. Қарамағындағы он бес қараша үйді, жаудан түскен олжа мен атып алған бұғы-маралымен асырайтын. Жау жоқ жылдары сауатын сауын, көшер көлігін ауқатты ағайындарынан алатын. Осыдан екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған. Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір күнде жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен кездескен. Айлас қатын мұңдас, хан мен биге бейнет етіп жүрген қос батыр біріне-бірі ұнаған. Қаптағай елуден асып кетсе де, ал, Орақ жиырма беске жаңа жетсе де, өмір үндері бір жерден шығып, екеуі достасып қалған. Осы Орақ мына болып жатқан асқа осыдан үш күн бұрын келуге тиісті еді. Маңдайына басқан жалғыз аты Ақбақайын бәйгеге қоспақ болатын.
Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат сыншысы Қаптағай:
— Жүйрігіңді сынап көр. Мен бірдеме білсем, Ақбақай ұятқа қалдырмайды, — деп Ораққа өзі ақыл берген.
Орақ атын бәйгеге қоспақ болған, бірақ әлденеге:
— Жақсы, асқа келейін, — деген, тек біреу-міреу қастық етіп жүрмесе…
Қаптағай бұл жолы жылқышының сөзіне көңіл аудармаған. Тек Орақ уәделескен уақытында асқа келмегеннен кейін ғана «со шіркінге біреу-міреу қастық етіп жүрмесе еді?» деп қобалжи бастаған. Сондықтан да шыдай алмай жылқыдағы Ораққа әдейі кісі жібергелі тұр.
Жылқышының келуін тағы бір адам шыдамай күтуде еді. О да Орақтың жалғыз атын бәйгеге салатынын білетін. Бұл күткен — бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі қатігез хан Әбілқайырдың келіні, басына қара жамылып сонау төбе басына шығып күншығыстан көзін алмай телміре қалған, Шах-Будақ сұлтанның жесірі — Аққозы-Бегім. Құса болған ажарына қарасаң, жүректегі жұлдызы өшкендей. Жоқ, Орақ пен бұның арасында құдай алдында күнәлі дер, не ауыл арасында өсекке ілігер ештеңе болған жоқ. Тек, біраздан бері бір-біріне құмартқан ыстық жүректер, көріскендерінше шыдай алмай алас ұруда. Осыдан төрт күн бұрын асқа мінетін атын алуға келген Аққозыға Орақ тағы өзінің өлердегі сөзін айтқан.
Елінен бала жасынан еріп келген Ораққа Аққозы:
— Құдай алдында күнәкар, жұрт алдында қарабет болғым келмейді. Ерімнің асы өтсін, — деген аққұба беті балбұл жанып, — содан кейін қайын атамнан рұқсат сұраймын, көнсе шариғат алдында қосылам.
— Көнбесе ше? — деген Орақ қобалжи. — Бар әлемнің тең жартысын билеп тұрған, аузынан жалын атқан Әбілқайыр хан келінін есігінің алдында жүрген құлына береді дегенге сену қиын…
— О да адам емес пе? — деген жас сұлу қабағын сәл шытып. Сол сәтте көзінен ұшқын атып жігітке қараған: — Көнбесе… Дүниеде екі тумақ жоқ. Бәрібір… Онда да қосыламын! — деген.
Кенет құрыш денесіне қанат бітіп, көкке ұшар құстай көңілі шалқи жөнелген Орақ:
— Қазір өліп кетсем арманым жоқ, — деген даусы қуанғанынан сыбырлай шығып. — Асқа мен де барамын, Ақбақайымды бәйгеге қосып көрмекпін. Сонда көрісерміз!
Бірақ Орақ асқа келмеді. Егер тірі болса келері күмәнсіз еді. Оны Аққозы жақсы білетін. Сол себептен өзге құрбы-құрдастары айтысқа кеткенде, ол шыдай алмай аулының сыртындағы мың жусанды, тырбақай бетегелі қырқаға шығып, күншығысқа қарап Орақты сарғая күтумен болған.
Хан жырау толғауын Қыпшақ руының Шыңғысханға қарсы шығып ерлік көрсеткені үшін тоқтатқан жоқ. Бұндай толғауға Сайбан ұрпақтары түгіл, бүкіл Жошы үрім-бұтақтарының құлақтары үйренген. Ал шыдай алмағандары кегін ішіне сақтап қалатын. Тікелей дау шығаруға халықтың қаһарынан сескенетін.
Хан қанын ішіне тартып отырса, ол жырау сөздеріне шамданғандықтан емес, бөтен жағдайдан Батуханның ұрпағы Бердібек ханды ағайын-туысы өлтіріп, Сайбан ұрпақтары Сайын тағына отырғанға дейін Дәшті Қыпшақ Ордасы әркімнің қолында келген. Бұл кезде болған ханның бәрі дұрысын айтқанда не Ноғай батырдың, не Ақсақ Темірдің дегенімен жүрген. Тек Орыс хан, Тоқтамыс пен Едіге ғана көнбеген.
Сайбан ұрпақтары Көк Ордаға ие болғаннан соң да осы жағдай жойыла қоймаған. Әбілқайыр хан тағында отырғанмен де оның қолынан халықтың басын қосып, Сайын Ордасының қызыл туын бүкіл Дәшті Қыпшақ үстіне желбірете алмаған. Оған себеп бәз-баяғы қазақ руларының өз батырларына, биіне ғана бағынуы. Рушыл халық хан үстемдігін тек ру басшылары би, батырлар қабылдаса, сонда ғана мойынсұнған.
Тек өзінің дұшпандарын жеңіп, Әбілқайыр Көк Ордаға билігі өктеп жүре бастағаннан кейін ғана бұл жағдай кілт өзгерді. Бірақ ол Орда төбесіне Сайын туын да емес, Ақ Орда туын да емес, Өзбек ханның туын тікті. Өлеріне он жыл қалғанда Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасан жеріндегі «осыдан бір пәле келеді-ау» деген Жошының басқа ұрпақтарының басын қостырмай тізе көрсетіп, құмдай бытыратып, әрқайсысын әр жаққа қуды. Тек Жошының бір буыны Қасым сұлтанның Астрахань тағына отыруына жәрдемдесті. Онда да Әбілқайырдың өзі ғана білетін себебі бар еді.
Әбілқайыр Шығыстың көп жерін алғанменен, бұл жеңіс өзіне қауіпті қатер туғызуға айналды. Талан-тараж болған Жошының басқа ұрпақтары Әбілқайырды жеңу үшін жапа шеккен руларды біріктіре бастады. Әсіресе Моғолстанды басқарып отырған Жағатай ұрпақтарымен енді жаңа хандықты жанталаса көксеген Жәнібек пен Керей тіл табуға тырысты. Егер бұлар тіл тапса, оңай күш емес. Оны бұл жалғанның қыбыр-тықырына елеңдеп тұратын хан жақсы біледі.
Моғолстан мен қазақ руларының басын біріктірмей құрту керек! Ал құртудың екі жолы бар, бірі — Моғолстанды шабу. Екіншісі — Жәнібек пен Керейді көп кешіктірмей жою.
Үйелменді ел Моғолстанға аттануға әлі ертерек. Ол үшін Қорасанды өзіне тегіс бағындырып, әбден күшейіп алған абзал. Қазір осыншама жерге қанат жайып кеткен Жағатай ұрпақтары мен Моғол бекзадаларын аяқ астынан құрта алмайсың. Сонда екінші жол қалады. Әбілқайыр хан ордасында туғалы тұрған бүлікті білмей жүрген жоқ, біледі және сол бүліктің Барақ балаларынан шығатынына да шек келтірмейді. Сөйте тұрып, оларды бірден, тіпті бір түнде нөкерлерін жіберіп, жоқ қылып жіберуге жүрегі дауаламайды.
Ханның дәл өткір қанжардай алып түсетін кезінде де алып түсе алмауының да үлкен астарлары бар…
Шыңғысханның тұсынан-ақ ұрпақтарының көбі қарамағындағы қалалар мен қоныстанған елдерді тек талау үшін керек деп қараған. Тек осы жағынан келіп, олар шауып алған қалаларды, қоныстанған елді тонаумен болған.
Ал, қанды жорықтардың осынау тасқындары басыла бастағаннан кейін, Шыңғысхан ұрпақтары Қарақұрым хандығының әкімшілік ісін басқаратын, Үгедейдің оң қолы Елуй Чусайдың арқасында бұл істерінің дұрыс емес екенін ойлай бастаған. Елуй Чусай Үгедейге: «Ұлы хандық ат үстінен түспей жаулап алынды. Оны енді ат үстінде отырып басқаруға болмайды» деген. Ұлы қидам ақылшысының бұл сөзін көп ойлаған әсіресе Мөңке хан. Егер әскерлер бұлай аты-жөні жоқ бар қалаларды шауып, қоныстасқан елді құрта берсе, көп кешікпей тонайтын жердің де, елдің де қалмайтынына көзі жеткен. Сол себептен Қарақұрымның ордасына ие болғаннан кейін, өзіне бағынышты қалалар мен қоныстасқан елдің қанын сорудың басқа жолын іздеген. Жолын тапқан да, Шыңғыс ұрпақтары шауып алынған қалалардың бәріне даруға (Орта Азияда) мен басқақтар (Иранда) белгіленген. Ең алыс тұрған Иран жеріне бас басқақ боп Аргун батыр жіберілген.
Бұл даруға, басқақтар тікелей Қарақұрымға бағынған. Бұлардың міндеті қарамағындағы жұртқа санақ жүргізіп, сауда жолдарын, ақша мәселелерін тексеріп, жұрттан дер кезінде салық жинап, Қарақұрымға тікелей жіберіп отыру.
Шыңғысхан заңы бойынша жаулап алынған көшпелі елдердің жері, суы хан ұрпақтарына ұлыс-ұлысқа бөлініп, басыбайлы берілген. Бұл елдердің тағдырын, көшіп-қонуын, шаңырақ, мал басынан жиналатын салығын осы хан ұрпақтары өздері шешетін. Ал отырықшы ел мен қалалар Ұлы Орданың астанасы Қара- құрымның өзі тікелей жіберген әкімдерге ғана бағынатын. Түскен пайда (егіншіліктен, өнеркәсіп, салықтан) Қарақұрымдағы Шыңғысханның қазынасы мен оның толып жатқан ұрпақтарына бөлінеді. Сөйтіп басқарып отырған жерінде қала, отырықшы жұрты бар хан, бұлардан түскен салықты өзі жеке пайдалана алмайды. Бұл салықтардың бәрі Қарақұрым қазынасына бір бағамен түсу үшін Мөңке хан бүкіл Алтын Орда, Жағатай, Иран жерінде салмағы бір алтын ақша — динарлар шығартқан. Бұл динарлардың құнды болып, бүкіл Монғолия патшалығында бірдей бағалануын, Мөңке хан саудагерлер арқылы жүргізіп келген. Бұқар, Самарқант, Герат, Алмалық, Берке ханның кезіндегі Алтын Орда астанасы Сарай әрқайсысы өзінің алтын ақшасын құйған. Бірақ бәрінің де салмағы бірдей болып отырған.
Мөңке өліп, Шыңғыстың Ұлы Ордасын Қытайға көшіргеннен кейін, бұл Орданың күйреуімен бірге ақша саясаты да бүлінген. Алтын Орда хандары алтын ақшаны өз аттарынан құя бастаған. Бірақ Ақсақ Темір Сарайды шауып, Қыпшақ даласында бүліншілік бастағаннан кейін бұл жағдай мүлдем тоқталған. Негізгі шаруашылығы мал бағу болған қазақтың көп руы енді қала салудан біржолата бас тартып, өзінің кең байтақ даласында ру-ру боп көшкен. Бұлардың бар байлығы малы мен жері ғана. Ал осы уақыттағы Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр бөтен саясатты ұстады. Ол Сейхұн мен Жейхұн дариялар бойындағы Шыңғыс шауып кеткен шаһарларды қайта тұрғызып, бұл араларға қо- ныстануға бейім елдерді орналастыра бастады. Әбілқайырдың бұл саясаты осы кездегі қазақтың мал бағатын руларының бастылары Арғын, Қыпшақ, Үйсін, Найман, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңыратқа ыңғайлы тимеген. Бұлардың араларындағы Маңғыт, Бүркіт, Барлас руларының көп елі Әбілқайырға қыз беріп, қыз алып хан жағына ауып кеткен. Осының арқасында Әбілқайырдың өзінде де қазақ руларына деген қырғи-қабақтық пайда болған. Ал, қазақтың Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр секілді руларының кей ауылдары өздеріне жақсы қарайтын Моғолстан жеріне көшіп те үлгірген. Бұны да істеп жүрген сол баяғы Жәнібек пен Керей деп ойлайды хан. Ал қазақтың көп рулары оларды Ақ Орданы құрған Орыс ханның ұрпақтары деп, өз сұлтандары санайды. Мұндай жағдайда Жәнібек пен Керейге тура бас салуға бола ма? әрине, болмайды.
Әбілқайырдың ойы бағанадан бері осы өзіне өш қос сұлтанның тағдырын қалай шешсем деген дүрбелеңде еді. Және ұзаққа созбай осы ертең, күні бүгіннен қалмай шешу қажет. Өйтпесе күннен-күнге маңына ел үйірілуден қалып барады. Қасына берген бір күн, көшінің артыла түсуіне әдейі арнаған бір жылмен тең. «әрине осыншама жұрт жиналған, мына ұлы тойда Жәнібек пен Керей көп би, батырлармен тіл тапты. Қазақ батырлары Қаптағай, Бөрібай, Оңай, Бекет, Қарақожа босқа топтанып жүрген жоқ. Мен асықпағанмен олар асығады. Сондықтан күні бұрын қимылдау керек. Ертең ас бітеді… Ас бітісімен ақ…» Осындай ойда іштей, бұлқан-талқан болып отырған Әбілқайыр Қыпшақ ерлігін, тарихын тыңдаудан көрі, тезірек осы кездегі өзінің бас уәзірі Бақты-Қожа ұйғырмен ақылдасқысы келді.
Хан тағынан көтеріліп, нөкерлерін ертіп, өз Ордасының оң жағынан оқшау- лау тігілген төртінші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің үйіне қарай жүре бергенде, Қыпшақ ерліктерінің ең қызық жерінде тыңдамай тұрып кеткен Әбілқайыр мінезі ұнамай қалған Асан Қайғы, отырған орнынан қозғалмастан:
«Көлге үйренген қоңыр қаз, Шөл қадірін білмейді,
Шөлге үйренген дуадақ,
Көлге апарып қамасаң
Шөлін аңсап шөлдейді»,
— Хан ием, халық өз тарихын көптен бері естімей, сағынып қалған екен, өзің намазыңа асықсаң, өзгемізге айызымызды қандыруға рұқсат ет, — деді.
Азуы алты қарыс Бердібек ханға:
Қас-қабағыңнан таныдым, Хан Бердібек боларсың,
Қауырт көштен таныдым.
Еділ барып қонарсың!
Қан жылатып халқыңды,
әлі-ақ сен де толарсың!
Өз әкеңді өлтіріп.
Қайда барып оңарсың? —
деген ел ардақтаған Асан Қайғы, Әбілқайырдың жырау толғауын тыңдамай кетуіне намаз емес, басқа себеп бар екенін бірден сезді. Сондықтан да ол ханға қадала сөйледі.
Әбілқайыр Асан сөзінің маңызын ұққысы кеп, кенет тоқтай қалды.
— Шабытына мінген жырау, ат сабылтып шауып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, — деді Асан қалың қабағын түйіп, сөйтті де ар жағынан келіп қалған ызасын ұстай алмай түксиген қабағынан қыраулы қыстай кәрін төгіп, көптен бері айтайын деп жүрген өкпе-ашуын толғай кетті.
Сара жолдан жаңылған.
Ханға зират қазылмас.
Сөгілгелі тұр қабырғам, Кеселдімін жазылмас.
Тарқат, ханым, шерімді,
Намазыңа асықпа.
Құрыштан берік елімді
Ала ауыздықпен жасытпа!
Бітеу өскен қауынды.
Тұрсың босқа жарғалы, Досыңнан іздеп жауыңды.
Тұрсың жалғыз қалғалы!
Ұмыттың қазақ даласын,
Ұлғайттың жаным жарасын.
Бір атаның баласын.
Екіге бөліп барасың!
Жолын, ханым, таппасаң,
Бүлінеді барлық жұрт!
Таң боп қайта атпасаң,
Басқалы тұр қара бұлт!
Көптің көкейінде жүрген тілекті Асан Қайғы айтты. Хан ақын толғауының ар жағында өзіне деген халықтың наразылығы жатқанын әбден ұқты.
Бұған қандай жауап беру керек? әділетке келсек, әрине жырау сұрағы жөн. Бірақ оған хан қандай жауап бере алады? Өзі шетінеткен бөгетті қайта жамай алар ма? Жоқ, енді кеш. Бөгеттің ернеуінде лықылдап асау толқын келіп тұр. Бүгін болмаса ертең ол бөгеттің быт-шытын шығармақ. Ханның бар қолынан келері сол толқынның астында қалмау. Жолын тауып жағаның бір жағына шығу. Ал Асанға жауап бермей кетуге тағы болмайды. Оның сөзінің ар жағында қолында тобылғы сапты, бұзау тіс қамшы, күлге көміп солқылдатып алған қайың сойылы бар Дәшті Қыпшақ елінің әбден ұшталып қалған мүддесі тұр…
Әбілқайыр жауап бергенше, кенет әлдекімнің үрейленген даусы шықты.
— Бұл кім екен? — деді дауыс. — Орда аман болса жарар еді?
Жаугершілік заман, қандай мықты хан болса да өздері жоқта Орданы шабатын жау жүрек қастары табылатын шақ. Жұрт та жігіт көрсеткен жаққа үрейлене қарады.
Алыстан ызғытып келе жатқан, жанында қосары бар салт атты көрінді. Жаңа ғана сағым ойнап тыныш жатқан мидай жазық көгілдір дала да, маужырап тұрған көгілдір аспан да кенет қобалжи қалған тәрізді…
Хан үндемегеннен кейін тірі жан аузын ашқан жоқ, барлық жұрт құлаққа ұрған танадай үн-түнсіз.
Шапқыншы атын ұшқыртып кеп, Әбілқайыр тұрған топқа таяй беріп ер үстінен домалай жерге түсті. Аяғын жедел басып хан алдына таяп келіп етпетінен құлады.
Хан ием, кессең тіл, алсаң бас мінекей, — деді ол кенет басын көтеріп, — айып менде, көзімнен таса етіп алдым. Батыр Саян жанындағы екі пасбаныменен қашып кетті.
Бұл келген Әбілқайырдың өзі «Батыр Саянның той біткенше көзін құрт» деп тапсырма берген Оспан-Қожа деген дәйекшісі еді.
Хан алқымына келген ашу толқынын әзер басып, сәл аялдап тұрды да:
— Күзетшілері кімдер еді? — деді.
— Арғын жігіттері.
«Батыр Саян қашып кетті» дегенді естігеннен бері түксиіп қатып қалған Қобыланды бір иығын сәл сілкіп жіберіп, беліндегі наркескеніне қол салды да, ханның ар жағында жайбарақат тұрған Ақжол биге түйіле қарады.
Ақжол би айылын жиған жоқ, Қобыландыға кекете көз тастады да, сабырлы қимылдап, тек кейіндеу сырғып кеткен беліндегі қисық сап алдаспанын жөндеді де қойды.
Екі батырдың қимылдарын Әбілқайыр да, Асан Қайғы да, тұрған жұрт та аңғарып қалды.
Дәл осы кезде кенет жерді жара күн күркіреді. Жап-жаңа ғана айнадай ашық көгілдір аспанды қара бұлт торлап түнере қапты. Заматта аспан бетінде жіңішке найзағай қылыштар жарқ-жұрқ ойнай жөнелді. Долы жел шығып, шөп бастары жерге жығыла шуылдай түсті. Әбілқайыр енді қап-қара боп кеткен аспанға қобалжи бір қарады да, Асан Қайғыға көз қиығын аудармастан нөкерлерін соңынан ерте, Рабиу-Сұлтан-Бегім ордасына қарай асыға жүре берді.
Хан кетісімен жұрт та тым-тырақай тарай бастады.
Кейбіреуі өредегі атына жүгірді, бағзы біреуі Ордаға қарай беттеді.
Тек екі жағынан екі адам қолтықтай тұрғызған Асан Қайғының ғана түнере қалған аспан мен шартылдай ойнаған найзағайларда шаруасы болған жоқ, жаңа ғана наркескендеріне қол жүгірткен Арғын, Қыпшақ қос батырының қимылдары есіне түсті ме, ол:
— Бүгінгі ас — қайғы асы еді, енді бүліншілік асына айналмаса нетсін, — деді ақырын күрсініп.
Көпті көрген сыншы адасқан жоқ еді, расында да бұл ас қазақ жеріндегі тағы бір бүліншіліктің басы болды.
Тек аяғы игілікпен бітсін де…
ІІІ
Сарыарқа деп аталатын Дәшті Қыпшақ жерінің дәл ортасында, Ұлытаудың күнгей жағында, Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағасында Әбілқайыр ханның ордасы — Орда-Базар қаласы тұр. Жан-жағы құлазыған жазық, Ұлытау, Кішітау, Арғынаты тауларынан бөтен оңтүстігінде де, солтүстігінде де, күнбатыстағы сонау Мұғажар биіктіктеріне дейін, ал күншығысындағы Шет, Құдайменді, Ақшатауға дейін құлан менен киік жортқан ұшы-қиыры жоқ алып дала. Оңтүстігіндегі ең жақын қала Түркістан (Яссы) солтүстігінде ең таяуы Чинга — Тұра шаһарлары, бірі Орда-Базардан жүргіш атқа он күндік, екіншісі он бес күндік жер…
Орда-Базар бір кездерде Бату ханның құмырсқадай бықыған әскерінің Шығыс Европаға аттанарда бас қосатын жері болған. Жүз мың жылқы жайылса да шөбі жапырылмайтын, жусанды, қаулы, жасыл шалғынды егіз өзен Қаракеңгір мен Сарыкеңгірдің ұшы-қиыры жоқ жазық даласы. Сол жазықтың ортасында Бату қорғаны.
Орда-Базар шағын қала. Әбілқайырдың негізгі басқаратыны көшпелі қазақ, өзбек елдері болғандықтан, ел салтын бұза алмай, хан Ордасы — бес ауылы жаз бойы Дәшті Қыпшақ жерінде көшіп жүретін. Тек күз келе Орда-Базарға қыстау ретінде тоқтайды. Әбілқайыр көші ерте кезде күнбатыстағы Жем, Ойыл өзендеріне дейін, солтүстігіндегі Тобыл, Есіл, Нұраға дейін барған. Кейде жазы қоңыржай болса Сыр бойы мен Көкше теңіздің жағасын да жайлайтын. Хан аулының жайлауға шығуы тек жаздың жақсы-жамандығынан, шөптің шығым-шығымсыздығымен ғана байланысты емес-ті. Жаз шыға Орда қай жаққа қарай бет бұруы толып жатқан хан саясатымен шиеленісіп жатар болар. Өзіндей мықтыменен құда болып қанатын жая түсу, ырқына көнбей жүрген кей руларына жақындай қонып, бір түнде быт-шытын шығарып шабу — бәрін де іші қатпалы ханның жаз шыға Ордасы көшпестен бұрын ойланар ісі.
Осы себептен де болар, Әбілқайырға көп жағдайда бағынышты Самарқант, Бұқар, Герат секілді Орда-Базардың үлкен шаһарға айналмай, шағын қала қалпында қалғаны. Шығыс шеберлері күйген кірпіштен күмбездетіп салған бірнеше хан сарайларын санамасақ, қала шымнан құйған, тастан қаланған екі жүздей ғана үйден тұрады. Стамбул үлгісімен тұрғызылған алтын айлы, ақ тастан қалан- ған зәулім биік мешіті. Түркістанда Ахмет Яссауи шайхқа арнап салған Ақсақ Темірдің атақты мешітіне де, Феодосия қаласына жақын ескі Қырымға Өзбекхан салдырған мешітке де ұқсамайды. Қазір аты естен шыққан ұлы шебердің ақауы жоқ өнері, ұзақ тоқыған қолдан түлеткен өрнегі.
Қаланың тым өсіп кетпеуіне тағы бір себеп ол Әбілқайырдың алыстағы ойы. Хан өз астанасын түбі әбден жаулап алған соң Гератқа, не Самарқантқа аудармақ. Ал Орда-Базар уақытша мекені. Мауреннахрға біржолата көшіп кетуге, ұшы-қиыры жоқ кең далада тағы құландай кезген қалың қазақты билей алмай қаламын ба деп қауіптенген. Хан ойынша қазақ руларының арасындағы алауыздық түбі жойылуға тиісті. Оған дейін өрбіп, өсіп келе жатқан балаларының алды ел билейтін қабілетке жетіп қалады. Сол кезде бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін бәйбішелерінен туған бір-екі ұлына билетіп, өзі Мауреннахрдың әшекейлі алтын сарайлы бір шаһарына Ордасын көшірмек…
Осындай ойдағы хан Орда-Базардың өркендеуіне бәлендей көңіл бөлмеген. Тек соңғы жылдары жайлауға алысқа бармайтын. Ұлытау маңындағы бір шұрайлы жерге бір-екі айдай бой жазып, үй тігіп серуендеп жататын да жаз аяғы болмай Орда-Базарға қайта оралатын. Биыл да хан осындай ойда еді.
әнеу күнгі сұрапыл дауылдың аяғы тынбай құйған бір жетілік ақ жауынға айналған. Асты аяқтай алмай хан Орда-Базарға қайтуға мәжбүр болған. Ханмен бірге тізе айырмай Қыпшақ, Арғынның игі жақсылары да, Шыңғыс ұрпағынан шыққан сұлтандар да Орда-Базарға таяу көшіп келген.
Әбілқайыр жауар бұлттай ашулы қайтты. Мұнда келгеннен кейін батыр Саянның қалай қашып кеткенін естіп бұрынғысынан бетер қара түнектей тұнжырай қалды.
Хан кезінде жұртқа сыр бермеген. Жұрт асқа жаңа дайындала бастаған шақта құлағына «Орақ жылқышы да асқа Ақбақайын қоспақ екен» деген хабар тиген. Әрине, асқа қазақ дәстүрі бойынша кім болса да қатысуға хақы бар. Бірақ хан баласының ұлы асына есікте жүрген құлы ат қоспақшы деген сыбыс Әбілқайырды қатты қорлаған. Оның үстіне егер осы құлдың Ақбақайы барлық ханзадалардың жүйрігінен озып келе қалса не болмақ? Бұдан артық масқарашылық мүмкін бе? Бүкіл қара халық онда Әбілқайырды күлкі етуі даусыз. Ханның бұлай ойлауға себебі де бар еді.
Осыдан екі жыл бұрын, Тарланкөгін жаратып жүрген кезінде, Әбілқайыр әлдеқалай жылқысына барған. Ол сол жолы бір таңданарлық оқиғаға кездескен… Орақ малшының былтыр жылқыға қосып жіберген Ақбақай деген бестісі үш күннен бері тірі жанға ұстатпай қойыпты. Ұстатпайды емес-ау, талай асау- ды бастыртпай қуып жететін жүйріктер, бұған таямақ түгіл, тіпті шаңына ілесе алмай қалады екен. Хан қызып кетіп, ертең, бүгін қасқыр қуамын деп әбден жаратқан Тарланкөгімен Ақбақайды қууға бұйрық берген. Асау қуып үйренген бір жылқышы қолына құрығын ап, Тарланкөкке міне сап, шеттеу жайылып жүрген Ақбақайға лап қойған. Ат дүбірі шығысымен-ақ елең ете қап, Ақбақай басын көтеріп алып, өзіне ұмтылған құрықшыны көзі шалып, ор қояндай ата жөнелген. Бүкіл Дәшті Қыпшақта алдына жылқы салмаған Тарланкөктен сытылып шыға берген. Тарланкөк талай жеткен, Ақбақай бесті талай құтылып кеткен. Осы шабыс үш бие сауымындай мезгіл алған. Үш күн қуғында болған жас жылқыны қаншырдай боп әбден жараған Тарланкөк қойсын ба, ақыры Ақбақайдың мойнына құрық түскен.
Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Үнемі жорықта, талас-тартыста жүрген Әбілқайыр оны ұмытып та кеткен. Сөйткен Ақбақай қазір жетіде. Жыл- қы баласының жал-құйрығы төгіліп, тұяғы әбден бекіп, кемеліне жететін кезі. Әбілқайыр ұмытқанмен, Ақбақайдың Тарланкөкпен таласқа түсуге жарап қалғанын енді Орақ жылқышының өзі есіне салды. Хан іштей шамдана бастады. Осы кезде тағы бір суық хабар жетті. Бақты-Қожа уәзір өзінің толып жатқан көреген көз, сақ құлақ тыңшылары арқылы Орақ жылқышымен келіні Аққозының бірер рет кездесіп қалғанын естірткен. Онсыз да қаһарына мініп алған Әбілқайыр Орақтың тағдырын біржола шешкен.
Бақты-Қожа уәзір жіберген жеті қарақшы айсыз тастай қараңғы түнде кеп, бәйгеге жаратып жүрген Ақбақайын қосының жанына қаңтарып қойып, көзінің шырымын алғалы ұйықтап кеткен Орақтың дәл үстінен шыққан. Жатқан жерінен тұрғызбай қол-аяғын мықтап таңып, Ақбақайдың құйрығына ұзын арқанмен байлап, «шу!» деп қамшымен бір тартып қоя берген. Ақбақай қара түнді сілкіндіріп, құйрығына байланған құбыжықтан үркіп, бетінің ауған жағына тасырлата шаба жөнелген. Жеті қарақшы уәзір әмірін орындадық деп мәз болып күліп қала берген. Сол күні таңертең Орақтың қалай өлгенін Әбілқайыр естіген. «әлін білмеген әлек. Хан келінінен дәмеленетін сабазсың ғой. Саған со керек» деп хан миығынан күлген де қойған. Қара жер өлгенге де хабар береді, астан қайтқаннан кейін ұзынқұлақ бұл оқиғаны Аққозыға да жеткізген. Нәсілі берік жас әйел, іші оттай күйіп, кеудесіне қайғысы сыймай тұрса да сыртына еш сыр шығармаған. Бар ашуын жүрегіне түйіп сазара қалған.
Жасынан ерке-шора боп өскен келінінен «осы тағы бір сойқан шығарып жүрер» деп күдіктенген Әбілқайыр Аққозыға кісі салған.
— Құдай риза, біз риза, ұлымның атына шіркеу келтірмей жыл отырды, — деді, — жас жан еді, обалына қалмайын, ерге шықсын. Аға өлсе, ініге мұра, Шах-Будақ ұлым қаза болғанмен тірі әлі он ұлым бар, таңдағанының атын айтсын, қосамын.
«Жақсы, ойланып көрейін, ойымды үш күннен кейін қайын атам — хан иемнің өзінің алдында айтамын» деп Аққозы жауабын қайтарған.
Үш күннен кейін Әбілқайыр өзінің үзеңгілес серіктерін, батырлары мен билерін шақырып алып, солардың көзінше:
— Келін шырақ, ойланып болған шығарсың, қай қайныңды таңдадың, атын айт, — деді.
Жесір сұлудан дәмесі бар, ордада отырған ханның он ұлы бірдей Аққозыға көздерінің жанарын төге қарады. Аққозы да оларды жайбарақат бір шолып өтті. Ақырын жымиды.
— Он ұлыңыз да алмас кездіктей бірінен-бірі өткен асыл! Таңдау да қиын, — деді ол сол жымиған қалпында, — әйтсе де хан ата, сізден бір тілегім бар…
— Айт.
— Орындайтын болсаңыз… айтайын.
Хан ойлана сөйледі.
— Орындалмайтын тілекті Аққозы келіннің өзі де сұрамас деп жоримын. Егер Сайбан шаңырағына кір келтірмейтін болса…
— Жоқ, кір келтірмейді. Менің өтінішім абыройыңызға абырой қосады.
— Тыңдалық онда. Айт.
— Айтсам… — кенет Аққозы қойнынан қара құранды суырып алды. — Міне, құран, хан ата, — деді ол. — Осы құранды басыма көтеріп тұрып өмір-бақи ерсіз өтуге ант етемін. Сізден өтінемін, антымды бұздырып қарғысыма қалмаңыз.
Орақтың қалай өлгенін Аққозының естігенін хан бірден ұқты. Бір сәт он ұлын бір жылқышы құрлы көрмеген тәкаппар келінін антын бұзғызып, еріксіз аттастырып өшін де алмақшы болды. Әйткенменен, бұның бәрі хан үйіне кір келтіретінін ойлап Әбілқайыр:
— Бердім тілегіңді, — деді басын жерден көтермей.
Жұмақ күнді дозаққа айналдырған, о сөлекет дүние! әттең, әттең, өмір-бақи ерсіз өтуді ант еткен Аққозы Орақтың тірі қалғанын білген жоқ. Бұл адам сенгісіз ғажайып оқиға еді. Тастай қараңғы түнде құйрығына байланған заттан үріккен Ақбақай тарсылдата жөңкіп шауып келе жатып, алдында жатқан қара суға күмп берген. Артындағы заты су жағасында өсіп тұрған жуан үйеңкі талдарға маталып, бөрте ат қорықты көл шетіндегі қалың шылға шырмалып не әрі, не бері жүре алмай қалған. Таңертең жылқы суаруға келген жылқышылар ұзын арқанға байланған, бет-аузының тамтығы жоқ, тек кеудесінде шығар-шықпас жаны бар Орақты тауып алған. Болған оқиғаны айтпай түсінген серіктері көзден таса, Ұлытау маңындағы бір үңгірге апарып баққан.
Бұл жайды Әбілқайыр хан да білмеген. Тек бес жыл өткеннен кейін ғана, соңынан аламанын ертіп, әлсін-әлсін жылқысын шауып маза бермей жүрген жыртық бет, жалғыз көз батыр осы Орақ екенін естіген.
Ал, ол күндері хан Орақты ат құйрығына байлатып біржолата жоқ еттім деп ойлаған. Сондықтан да келіні құран алып ант еткенде, «Орақ болса да жоқ, мейлі» деп тілегін бере салған. Хан қабағының ашылмауына, әрине, Саян да себеп болды.
Әбілқайырдың Бүркіт руынан алған әйелінен Шах-Будақ сұлтан мен Қожа Мұхамед, Маңғыт бәйбішесінен Ахмет пен Мұхамет-сұлтан, Қоңырат руынан алған бәйбішесінен Шайх-Хайдар, Санжар, Шайх-Ибрагім, төртінші бәйбішесі Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегімнен Күшкінші мен Сүйіншік сұлтан туған-ды. Шабуылда тоқалдыққа Барлас руынан алған әйелінен Ақ-Бұрық пен Саид-баба дүниеге келген. Осы он бір баладан ең тұңғыш Шах-Будақ пен Рабину-Сұлтан-Бегімнен туған Сүйіншік сұлтан бір төбе де, өзге балалары бір төбе болатын. Шах-Будақ о дүниеге аттанғаннан кейін, Әбілқайырдың үлкен баласына деген махаббаты одан қалған екі ұлға ауған.
әсіресе екі баланың үлкені Мұхамед-Шайбаниды өте жақсы көретін (бұл атты да оған өзі қойған). Ал балалық мінезінде де Шыңғыс ұрпағының қанына біткен қайсарлық, қағілездік бар-ды.
Келіні Аққозыға деген ашуын да хан осы екі немересін жетім қалдырып, өксітпейін деп әзер кешірген-ді.
Ал осы он бір бала, олардан туған толып жатқан немересінің ішінен Әбілқайыр келешекте Ордамның тірегі болады деп нағашысы Ақсақ Темірге тартқан, кесіп алса қан шықпас қатал, Сүйіншік сұлтан мен немересі Мұхамед-Шайбаниды ерекше көңіліне қуат ететін. Әке балаға сыншы, өмір Әбілқайырдың болжауын дұрысқа шығарды. Бірақ болжауы дұрыс болғанмен де, бұл екеуінен Сайын тағы әзірге тым алыс жатқан-ды. Шах-Будақтан кейінгі кезек Шайх-Хайдардікі еді.
Бұрындықтың атасының тағының жанына келген Мұхамед-Шайбаниға шүңет көздерімен аса бір өштене қарауынан, немересінің тағдыры жеңіл болмайтынын, басынан талай ауыртпалық, қанды тартыс өтетініне хан шек келтірмеді. «Соның бәріне осы албырт Мұхамед шыдай ала ма? Шыдай алса, жауына төтеп бере ала ма?» деген қобалжу сұрақ осы тойдан кейін оның ойынан кетпей қойды. Қыран құс балапанын басып шығарарда, ең алдымен өзінің ұясына жақын жерден туатын қауіпті ойлайды дейді. Егер ол қауіп жылан, не болмаса басқа бір қорқынышты жыртқыш аң болса, сол жауларын жойып, ұясына туар қатерден балапанын құтқармай, жем іздеп алысқа ұшпайтын көрінеді.
Мұхамед-Шайбаниге деген Бұрындықтың көзінде жарқ еткен өшпендік отты Әбілқайыр есінен шығара алмай қойды. «Немереме жақын жау, сыбдырын білдірмей шағар улы жылан осы Орыс ханның ұрпақтары, — деді ішінен Әбілқайыр, — егер ұрпағың қауіп-қатерсіз дүние қызығын көрсін десең ең алдымен осы Бұрындықтардың көзін құрт!».
Ал екінші жақсы көрері Сүйіншікке келгенде Әбілқайыр бір орнында отыра алмайды. Астынан сыз өткендей түрегеліп келіп, ерсілі-қарсылы ызалана жүре бастайды. Ханның бүйтуі тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген қызғаныштан ғана тумаған-ды. Жан күйінер, намысына тиер басқа да бір қырсық пайда бола қалған.
Алдыңғы жылғы Қорасан жорығынан Әбілқайыр, жүзіктің көзінен өтердей үш текежаумыт күрең бесті әкелген. Хан ордасына тиісті олжаны бөлгенде, әлгі бестілерді сый-сияпат етіп сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлуға тартқан. «Аулың көшкенде, екі балаңмен үш күреңді мін. Ақсақ Темірдің немере қызына сөйтсе, жарасады» деген. Осы бір сөзімен бүкіл Азия мен Үндістанды тітіреткен ұлы әмірдің шаһарын шауып, немере қызын тартып алып, әйел етіп отырса да, қанды көз Көрегеннің аруағына бас иетінін білдірген. Бұл тарту, өзге бәйбішелерінің арасында кезінде күндестіктен туған жанжал да шығара жаздаған. Сол бестілер биыл ауыздарымен құс тістейтін жеті жасар ат болған. Биылғы тойда Әбілқайыр оларды да бәйгеге қосып көрмек боп, Рабиу-Сұлтан-Бегімге:
— Ханым, үш күреңді тойға мінбей апарыңдар. Тарланкөкпен бірге бәйгеге салмақпын, — деген.
Сүрме қасты, аққудай аппақ, отыз беске, келіп қалса да, әлі де шаңқай түстей жарқыраған сұлу Рабиу-Сұлтан-Бегім:
— Үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады, — деген, қарақаттай мөлдіреген үлкен бота көздерін найзадай ұзын кірпіктерінің астынан хан тағындағы еріне жаудырата қадай, — тізбектеліп ұшқан қоңыр қаздай үшеуінің қатар келгені жарасымды. Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр. Қабылбай сынықшы кеше қарап кетті.
— Олай болса, бұл жолы қоя тұрайық, — дей салған хан.
Батыр Саян жанындағы екі күзетшімен Сығанақ жаққа, дәл сол күні қораға әкелінген осы үш күреңмен қашқан. «Бақытты жігіт жалғыз ғана ханның жас бәйбішесін құшып қоймапты, әрқайсысы бір рудың жылқысына татитын үш сәйгүлік жүйрігін мініп кетіпті! Қандай қорлық, ханның намысын аяққа таптар қылық!» Сыбырлағанды құдай естімей ме, құдай құлағына жетер сөзді, жұрт қалай сақтанып сыбырласа да хан құлағына да жеткен. Әбілқайыр жұрт өсегін ойына алса болғаны, шиырқап шабатын бурадай қаһарлана түседі. «Рабиу сұлу мен батыр Саян арасындағы баяғы жел сөз бен үш күреңнің ауылда қалуы… Үш күреңді үш кісінің мініп кетуі — бәрі бір түйін» дейді хан ішінен және бас уәзірі Бақты-Қожа арқылы үш күреңді той алдында Қабылбай дәруіштің көрмегені анықталған. Сірә, ханым берген сыйлыққа қызыққан болуы керек, Қабылбайдың өзі үш күреңді қарағам депті, ал оның бірге еріп жүрген шәкірттері сынықшының бұл күндерде тіпті Орда-Базарда болмағанын айтыпты. Ханда «Бақты-Қожа уәзірі бір жаман оймен шындықты бұрмалап жүр ме, әлде сынықшы шәкірттерінің арасында күншілдік боп, Қабылбай қарттың сөзін әдейі бұрған жоқ па екен» деген ой болмаған-ды.
Онсыз да жүрегіне тұнып жүрген бұл сөздер ханды өзінің тұңғиығына батыра берген. Әбілқайырдың көкірегін Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген өшпенділік уы жайлаған. Көзіне шөп салған, арын, намысын қорлаған жігітпен арасындағы қаңқу сөзді былай қойғанда, бүкіл елге әйгілі үш жүйрігіне мінгізіп, оны ажалдан құтқарып жіберген ерке бәйбішесінен енді хан Ақсақ Темір тұқымына дақ салардай өш алуды ойлаған. Өш алуға келгенде Әбілқайыр, қайын атасының кеше бүкіл әлемді тітіреткен аруағынан да, оның ұрпақтары билеп отырған елдердің қаһарынан да қорықпаған. Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір немересі болса, мен ұлы Шыңғысханның әулетімін деген. Бұл ашудың үстіне Рабиу-Сұлтан-Бегімнің тағы бір қылмысты қылығы жамалған-ды. Тағы сол Бақты-Қожа уәзірдің айтуы бойынша, батыр Саянның жанына күзетке Арғын жігіттерін қойдырған ханның сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзі болып шықты. «Күзет бастығын да сатып алған секілді. Және жоғарғы мәртебелі ханымның Арғын билерімен де байланысы бар тәрізді» деген сол баяғы Бақты-Қожа уәзір. Арғын билерімен байланысы бар деген сөз — ата жауы, бақ күндестері өздерін Арғын сұлтандары санап жүрген Жәнібек, Керейлермен тілегі бір деген сөз. «Бұдан артық ханымда қандай күнә болуы керек? Мұндай күнә опасыз әйелі түгіл, пейіштегі қор қызын да дарға асуға жеткілікті емес пе! Бірақ дарға асу аз жаза! Оған бүкіл төркінін, атақты Ақсақ Темірдің ұрпағын бар әлем алдында қарабет ететін жаза қолдану мың да бір сауап!» Хан қабағын қарс жауып алтын мен күміске бөленген кең сарайын тағы кезе бастады.
Бірақ Ұлы ғалым Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім Әбілқайыр мен оның уәзірі ойлаған қылмыстардан мүлдем ада еді. Мұндай күнәға қасиетті ата-анасынан алған үлгі-ілім, тәрбиесі де, өзінің мөлдір бұлақтай кірсіз таза жан сезімі де оны еш уақытта да жуытпас болар. Батыр Саянды Сүйіншікке аталық етуге тырысқаны да, басына ажал қылышы төнген сәтте жігіттің құтылып кетуіне жәрдем бергені де рас. Бірақ бұлардың бәрі де басқа мүдделерден туған-ды.
Хан кенет тоқтай қалды. «Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудың қаны дәл осылай төгілсе, бұдан сауапты жаза бар ма? Атасы Ақсақ Темірдің әділетті заңы енді өзінің немере қызының басын алсын. Кек сөйтсе ғана қайтады!» Әбілқайыр бүгінге алғашқы рет езу тартты.
Қазақ жеріне келген шапқыншылардың Шыңғысхан мен Батудан кейінгі «қылмыстыларға деген заң-ережесі» қанқұйлы қатты болғаны Ақсақ Темірдікі еді.
Солардың ішінде әсіресе «Ана алдында қылмысты балаға, бала алдында күнәлі анаға» деген жаза тәртібі ерекше сойқан болатын.
Бала алдындағы күнәлі ананың жазасын баласы айтуы керек. Іштен жарып шыққан, ақ сүтін емізген, бауыр етіндей тәтті баласы айтқан жазадан ауыр, одан артық жанына батар үкім бар ма? әсіресе, егер ана бала алдында жазықсыз боп, тек оны қанішер жаулары ұйымдастырса бұдан асқан қиянат табылар ма?
Аяулы анаға, тіпті күнәсі болған күнде де, сол баланы өмірге әкелген, «құлыным» деп түн ұйқысын төрт бөліп аялай сүйген сорлы анаға, дәл мұндай сұмдық жазаны Ақсақ Темір қалай шығарған? Көреген[29] деген атақты оған неге берген?
Әбілқайыр дәл бұл сәтте қатал әмір-Темірдің шығарған жазасының қиянаттық жағын ойлаған жоқ, ол тек кегінің қайтуын ғана көздеді. «Анасының күнәсіне көзі жеткен баласы Сүйіншік өзі айтады Рабиу-Сұлтан-Бегімге өлім жазасын. Өзі болып бірінші тас атады… Содан кейін діншіл, қанішер мүрит, мүзәйімдер қарабет ханымды «лағнет» тасымен шөкелеп өлтіреді. Сонда ғана Рабиу-Сұлтан-Бегімнен қату боп байланған кегім қайтады. Жоқ, жалғыз ғана Рабиу сұлудан емес, сондай қыз тәрбиелеген бүкіл Ақсақ Темір әулеті қара жүз болады. Ақсақ Темір әулеті! Сол әулетке жиендік жағынан менің сүйікті ұлым Сүйіншіктің өзі де жатпай ма?
Жатса мейлі! Шайбани тұқымы таза болу үшін, бұл арада таспейілдік жөн. Бастан құлақ садаға! Иә Рабиу-Сұлтан-Бегім осылай өлуге тиісті! Бұлай өлу тек әмір-Темірдің заңына ғана емес Мұхаммед пайғамбардың да шариғатына дәлме-дәл… Туған анасын Сүйіншік сұлтан осылай жазаласа, осылай өлтірсе, түбі Сүйіншік сұлтан Көк Ордаға ие бола қалса, мәңгі-бақи нағашы жұртының ықпалынан кетеді. Алдағы уақытта олардан мүлдем алыстайды. Шайбани әулетінің Өзбек ордасындағы өмірі осылай таза сақталуы керек. Ал туған анасына мұндай жаза айтуға Сүйіншік көнбесе? Онда Күшкінші сұлтан бар емес пе? Жоқ, Сүйіншіктің үкімімен өлуі керек! Сүйіншік жалғыз менің ғана емес, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де ең жақсы көрер кенжесі! Жақсы көрер адамның сілтеген таяғы жау таяғынан анағұрлым ауыр тиеді».
Әбілқайыр күміс қоңырауды қақты. Батыр Саяннан айрылып қалғаны үшін хан үкімін күтіп Оспан-Қожа дәйекші зынданында жатқан. Үйге Бақты-Қожа уәзірдің өзі кірді.
Хан есік алдында әмір күтіп тұрған уәзірді жоғары жақтағы кілемнің үстіне апарып отырғызды. Әбілқайыр енді бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі емес, түнде үй тонауға шыққан ұрыдай сыбырлай сөйледі. Бақты-Қожа уәзір хан сөзін кейде естіп, кейде естімесе де, оның жұқа ернінің қимылдауынан, көзінде кенет жарқ ете қалған рақымсыз оттан Әбілқайыр ойының бәрін түсінгені көрініп тұр. «Дұрыс, хан ием, дұрыс!» деп кеудесінде тулай жөнелген қуаныш толқынын баса алмай, кенет дауыстап жібере жаздайды да, дер кезінде өзін-өзі әзер ұстап қалады. Жан-жағынан діншіл, есуас топтың таспен шөкелеп жатқан Рабиу сұлудың қан-қан болған суретін бір мезет ол көз алдына елестетеді де, ішінен «Сол керек саған Темірлан қаншығы. Мені уәзір еткізбеймін деп бекер жанталаспаған екенсің, енді айыбыңның есесін өзім қайтарамын» дейді.
— Анасының күнәкар екеніне баласының көзін жеткізу керек. Сөйткен күнде ғана өлім жазасын Сүйіншік сұлтанға айтқызған лауазым, — деп Әбілқайыр хан сыбырлауын тоқтатты.
— Құп, тақсыр, әміріңіз орындалады, — деп уәзір басын иді. Сөйдеді де бұ да сыбырлады. — Рабиу ханым жазасын айттыңыз, ал Ақжол биді қайтеміз? Батыр Саянды қашыруда оның да күнәсі бар…
Күні-түні ақыл-ойын кіші бәйбішесіне деген өшпендік билеп кеткен хан, уәзір сөзін бірден түсінбеді. Ұғып еді, көңілінде үнсіз жатқан күдік кенет шағатын жыландай жиырыла қалды.
Бақты-Қожа бұл сұрақты бекер бергенін артынан ұқты. Көңілге кірген түйткіл, қылаң берген жаумен тең. Ақжол би де бұның бас уәзір болмауына көп ой салған. Бақты-Қожа: «Ақжолға өш екені ханның өзіне аян, содан сескеніп Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымға деген ойымның беті ашылып қалмаса нетсін? Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де мені бас уәзір еткіздіргісі келмегені өзіне мәлім…» деді ішінен.
Әбілқайырдың сезіктеніп қалғаны да рас еді. Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Ақжолды осы уәзірге бекер тапсырдым ба, қалай? Өш аламын деп тым асығыс кетер ме екен? Бірақ әлгіде ғана жыландай, ой түкпірінде шумақтала қалған күдік бұдан әрі жазылып енді қимылдамады, сол жиырылған қалпында қала берді. Рабиу-Бикеге деген көптен көкірегінде ұялаған сенімсіздік бұрынғысынан да күшейе түсті. Енді ол: «Бәсе, Ақжолдың тағдырын қалай шешу керек?» деп бір ашуға бір ашуды қосты. «Батыр Саянды құтқарушының бірі Ақжол би екені сөзсіз. Және Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеммен байланысуларына қарағанда, Арғынның бұл жүйрігі дүбірді алыстан қозғаған секілді. Маған деген көрлерін тереңнен қазайын деген бе, қалай? Иә, солай тәрізді. Мұндай жағдайда Ақжолды аяудың қажеті бар ма? Ақжолды аямау деген сөз, Жәнібек пен Керейдің шаңырағын ортасына түсірумен бірдей. Арғын биінен алынған өш, Керей мен Жәнібектен алынған өш!».
Орыс хан ұрпақтарының есімі аузына түсіп еді, Мұхамед-Шайбаниға қараған Бұрындықтың кейпі қайтадан көз алдында елестей қалды. «Біз Жошы тұқымының сұлтандары бәріміз де осындаймыз. Дәшті Қыпшақ тағына ие болу үшін мен Жошыдан шыққан қай адамды аядым? Қолына күш тисе Бұрындық та соны істейді. Ал күш тиіп қалуы да мүмкін. Қалың қазақ руларына олар текке иек сүйеп отырған жоқ. Рас, бұл руларды Арғын бастағысы келгенмен өзгелерінің басы қосылмай жүр. Үйсін, Наймандар әлі де ауа жайылуда. Алдағы бір айла бұлармен Жәнібек пен Керейді, қала берді олардың балалары Қасым мен Бұрындықты біріктірмеу керек. Ал біріктірмеудің жалғыз жолы баяғы бір кәрі амал — ажал… Түбірімен жұлынған шөп қана қайта өспейді. Құр үстін шабудың қажеті жоқ: Өзбек ордасы Ақ Ордаға айналмасын десең, Жәнібек пен Керейді түп-тамырымен құрту шарт, бірақ Арғындармен ымдас руларға сөзін өткізе алатын Дайырқожа — Ақжол би тұрғанда ол мақсатқа жету қиын. Ақжол би Жәнібек пен Керей үшін отқа күйіп, суға батуға бар. Иә, ең алдымен Ақжол бидің өзін…
Әбілқайыр хан Ақжол биді жоқ ету — жатқан жыланның құйрығын басу екенін дәл осы сәтте есепке алған жоқ. Баяғы көкіректі жайлаған өшпендік уы, баяғы хан тағын қорғау қаупі тағы жеңді. Бірақ уәзірге ол:
— Ең алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегім жайында айтылған әмірді орында, — деді, — Ақжол бидің тағдырын сосын шешеміз.
Бақты-Қожа уәзір:
— Құп, тақсыр, — деп орынсыз күмәнданғанына көзі жетіп, тәжім етіп үйден шығып кетті. Бірақ ізін ала қайта кірді.
— Қара Қыпшақ Қобыланды сіздің алдыңызда бас имекші, — деді шығыс ғұрпымен орағыта сөйлеп.
— Жақсы, кірсін, — деді Әбілқайыр, үре түрегелген иттердей өзіне тарпа бас салған қалың ойды қуа беріп.
Иә, хан ойланатын іс қазір мол еді. «Өз әкесі Ұлықбекті өлтіріп, Самарқант әмірі болған әбдуәли-Латиф мырзадан кейінгі әміршісі Ақсақ Темірдің екінші баласы Шахрух мырза өзінің Әбілқайыр ханға бағынышты екеніне қарай, Үндістан мен Иракқа жорыққа шығыпты. Бұл қай саясаты? Үндістан мен Иракты өзіне қаратса күшейемін дегені ме? Иә, солай болар. Шахрух мырза күшейсе ең алдымен Әбілқайырдың құрығын үзуге тырысады. Жоқ, ол болмас. Шахрух мырзаны біржолата құрту үшін Самарқант билігін өз ұлдарымның біреуіне беру керек. Шахрухтың басын жоятын мезгіл жетті. Моғолстанның да қазір өрісі кеңіп алды… Исан Бұғы хан Жәнібек пен Керей сұлтандарға көңілдес. Бізбен кереғар. Бұл ханды да жөнге салар бір қайың құрық керек-ақ! Түбі Моғолстанмен бір айқасуым кәміл. Мүмкін қазір айқасқан жөн бе? Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Хорезм, Моғолстанның солтүстік-шығыс жағының әжептәуір жері қолымда тұрғанда, ала ауыз Жағатай ұрпақтарына күшім жетуі ғажап іс емес. Бірақ сондай байтақ елге жорыққа аттануға денсаушылығым көтере алар ма екен? Ақсақ Темір Мауреннахрға бабаларын Кавказдан құл етіп айдап әкелген, қазір ұрпақтары мұсылман болып кеткен, атақты балгер-дәруіш әбдіразақ Нахичевани кешке «хан ием, буындарыңызға тұз ұялай бастапты. Сары ауруға шалдығып кетер қаупі бар. Бір-екі жыл жорықты қоя тұрып, Мауреннахрға барып, ыстық бұлақ суларымен емделгеніңіз жөн болар» деді ғой. Бұл ақылды еске алмасқа бола ма? Жаулап алған бүкіл әлемнен түбі саған тиері екі құлаш қара жер ғана ғой, дүние жүзін билеймін деп жанталаса берудің қандай қызығы бар? Ханның бұл өлімнен қорыққаны емес. Адамның өзіне тимей кетпейтін бір үлесі бар. Ол бақыт та емес, тек өлім! Әбілқайыр бұны жақсы біледі, енді өз ойына өзі күлді. «Дүние шіркін қандай тәтті! Оның өлімнен күштілігінің өзі сонда ғой, қара жерге кіргеніңше сол үшін алысып өтесің! Үрім-бұтағым деп алысасың» кенет есіне Шыңғысханның ескі өсиеті түсті. Шыңғысханның жер-жиһанға аты жаңа тарап, қырықтан асып бара жатқан кезі екен, жанында бір топ нояны бар аң аулап келе жатыпты. Кенет жас ноян Сүбітай баһадур: «Тақсыр хан, қараңызшы!» деп оң жақтарындағы биік жартастың етегін көрсетіпті. Биік құз, етегі қалың көгал шөп, ортасында селдір құрақты бұрала сылдырап аққан күміс бұлақ. Осы бұлақтан су ішіп бір топ киік тұр. Жел қарсы жақтан болғандықтан киіктер Шыңғысхан тобының сыбдырын естір емес. Ханның оң жағында келе жатқан ноян иығынан садағын жұлып алып, киіктің шеткі марқа қошқарын іліп түспекші болып, көздей бастады. Бірақ Шыңғысхан «тұра тұр!» деп қолын көтеріп, садағын тартқызбай қойды. Ханның қырағы көзі дәл осы сәтте басқа бір кереметті шалып қалған. Ол алдыңғы жағына ентелей қарады. Сөйткенше болған жоқ, нояндар киіктердің ар жағындағы көлден шығып, шың түбімен өрмелей келе жатқан ұзындығы бес құлаштай қара шұбар жыланды көрді. Әлгі ноян енді садағын киіктерге қарай ақырын жылжи таяған әп жы- ланға көздей бастап еді, Шыңғысхан қолын көтеріп тағы атқызбай қойды. Киіктер өздеріне жақын қалған ажалды сезді ме, кенет құлақтарын едірейтіп жан-жақтарына елеңдей қарады да, айдаһарды көріп ата жөнелді. Бірақ олар тым кеш қимылдады, әп жылан лақтырған бүйендей кенет жуан шұбар денесін сопаң еткізіп бір ытқытты. Сол сәтте шеткі жас киік «бақ» ете қалды. Жыланның орала түскен балуан денесінің бір сығуынан киік қалмады. Екінші рет бақыруға да жарамады, жас сүйегі сытыр-сытыр сынып, заматта жан берді. Енді жылан жазылған арқандай бес құлаш денесін созып жіберді де арандай аузын ашып, киікті жұтпақ болып ыңғайлана берді. Жаңағы ноян үшінші рет садағын кезенді. Шыңғысхан бұ жолы да оны тоқтатты. Жылан киіктің бас жағынан шығып енді жұта берем деген кезде, кенет «шаңқ» еткен дауыс шықты. Қайдан келгені белгісіз, кереге қанат ақ иық қыран көктен түскен тастай жарқ етіп айдаһардың үстіне құлады. Екі алып алай-түлей жұлысты да қалды. Қайсысының қыран, қайсысының жылан екенін білу қиын, бірі қара шұбар, бірі тарғыл жүнді таудың ақ иығы. Тек бірін-бірі құшақтай жұлқыласқан, жанта- ласқан, жартас етегінде шыр-көбелек айналып домалаған, будақталған түйін ғана көрінеді. Көктен түскен қыран, сірә, қанжардай тырнақтарын жыланның ең жанды жерлерінен салған болуы керек, анау оны қанша орап алып сығып құртам десе де болмады. Сүт пісердей алысқаннан кейін айдаһар иірілген денесін дірілдей созып, кенет сылқ етіп құлап түсті. Бүркіт айдаһардың шу дегеннен-ақ бір аяғымен көк желкесінен ап, екінші аяғын омыртқа тұсынан сап, артына қайырып өлтіргенін нояндар енді көрді. Адамның басы мен аяғын ұстап артына қайырып, омыртқасын сындырып өлтіретін нағыз Шыңғыс жаналғышы дерсің! Қыран жыланның басын денесіне дарытпапты. Ананың тек ирелеңдеген бөксе жағы ғана қыранға жабыса беріпті. Қанжардай өткір сояу тырнақтар қойсын ба, көк желкеден түсіп, тамағына дейін бүріп, айдаһарды әрі тұншықтырып, әрі арқа сүйегін күйретіп жіберіпті.
Ақ иық айдаһарды өлтіргеннен кейін, нояндар енді оны жас бағлан киіктің етімен тояттанар деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Бүркіт киік етіне көз де салмады. Әлі жаны шығып бітпей, ақырын ғана діріл қағып жатқан әп жыланның денесіне қанжардай сояу тырнақтарын салып жіберіп, әп-сәтте күлпаршасын шығарды да бөлшектенген етімен қомағайлана тояттана бастады. Әбден тойып алғаннан кейін ғана барып, анандай жерде жатқан киікті көтеріп алды да кереге қанаттарын жая, шаттана шың басындағы ұясына қарай шырқай жөнелді.
әп жыланның бес құлаш ұзындыққа жетуі үшін ең аз дегенде жүз жыл өмір сүруі керек екенін білетін бір нояны Шыңғысханнан:
— Ұлы хан, әлгі қыран жас бағлан киіктің етімен емес, кәрі әп жыланның сіңір етімен неге тояттанады? Сол жас бағлан еті үшін өзі әп жыланға түскен жоқ па еді? — деп сұрады.
Сонда Шыңғысхан:
— Досыңнан қасыңның еті тәтті. Ал қасыңнан өзіңмен алысқан жауыңның еті тәтті, — депті.
әңгіме бұнымен бітпеген. Шыңғысхан қартайып келе жатқан кезінде тағы да аңға шығады. Баяғы өздері көрген шыңның жанынан өтіп бара жатқандарында қазір егде тартып қалған Сүбітай баһадур тағы да:
— Ұлы хан, қараңызшы! — деп шың жақты көрсетеді.
Нояндар жалт бұрылады. Бір жағын пышақпен кескендей баяғы қап-қара биік құз… Осы құздың тұсынан ұзындығы үш құлаштай қара шұбар әп жылан жоғары өрмелеп бара жатыр. Жартастың орта шеніне таяп қалған. Қырағы көздер көріп тұр, жартас түстес шұбар жылан жоғары қарай ақырын қозғалады. Құлар болса өзінің де тамтығы қалар емес. Бұны осыншама қауіпке салар қандай күш? Күш — біреу. Ол ата кегі, мынау шұбар аждаһа баяғы қыран өлтірген аждаһаның ұрпағы екені сөзсіз. Сондағы жартас, сондағы ұя, атадан әкеге, әкеден балаға қалған өшпенділік. Әр жылжығаны ажал, осынау қауіпті сапарға бұл жас аждаһаны да аттандырған сол ежелгі өштік. Нояндар шың басына қарады. Ернеуіндегі қуысқа жабыстыра салған қыран ұясы. Жаз ортасы, қыран балапандарының қанаттанып ұшып кете қоймаған кезі. Өздеріне жылжып келе жатқан ажалды сезгендіктен бе, олардың үрейлене шыққан шаң- қылы еміс-еміс естіледі. Нояндар жылан сырын енді түсінді. Мынау әп жылан ата кегін енді қарт қыранның балапандарынан алмақ!
Шыңғысханның оң жағындағы, қазір қартаң тартқан баяғы мерген бас ноян садағын қолына тағы алды. Шыңғысхан осыдан жиырма бес жыл өткен әдетіне сай оны тағы тоқтатты.
Жас жылан, келе жатқанымды көріп балапандардың күні бұрын зәресі ұшып өлсін дегендей асықпай жылжиды. Ұяға міне, үш құлаш жер қалды. Тағы да жылан өрмелей түсті, енді екі құлаштай ғана єалды. Жылан енді бір өрмелесе ұяға да жетеді. Қарт қыранның балапандарының жас қанын ішіп, ол ата кегін қайтарады. Жылан енді ақырғы рет өрмелеп ұя аузына да жетті. Қыран балапандарының шырылдаған дауыстары енді анық шықты. Мерген ноян тағы да садағын қолына алды, Шыңғысхан тағы да тоқтатты. Жыланның басы қыран ұясы салынған қуысқа кіре берді. Дәл осы кезде кереге қанаттары суылдап қыран да жетті. Бұл сөзсіз баяғы қыран. Бірақ қанат серпісі баяғыдай дауыл тұрғызар екпінді емес, қартайған… Әйтсе де жаратылысынан жасқануды білмеген жау жүрек қыран, қартайдым, алысар қуатым жоқ деп жас жыланнан сескеніп шегінген жоқ, алыс жолдан талып келген қанатын ең ақырғы рет пәрменінше сілтеп, жартастың дәл төбесінен бауырлай түсіп, бір аяғымен жыланның құйрығынан іліп төмен қарай лақтырған тасша құлады. Жыланның басы сопаң етіп шығып, шұбар денесі бір мезет жазыла көрінді де, әп-сәтте қайтадан жиырылды. Енді оның лақа балық басындай жалпақ басы жоғары қарай көтеріле берді. Бірақ жылан басы қыран денесіне тиіп үлгермеді. Сын айқаста тәжірибе алған қарт қыранның бос аяғының мұқала бастаған, бірақ әлі де сояудай тарбиған тырнақтары жыланның тасырайған қос көзіне барып қадалды. Екі алып осылай айқасқан қалпында жерге келіп құлады. Тағы да баяғы жан аяспас жұлыс, орала жұмарланған денелер. Жастың аты жас, бұл жолы әп жылан қыранды ортан белінен орап алған-ды. Күші қайтқан қыранның мұқалған тырнақтары аждаһаның құйрық жағын босатып жіберді. Бұ жолы алыс ұзаққа созылған жоқ. Қыран бір мезетте жылан құшағынан босап шыға берді. Ол енді бір қанатымен жерді сабалай, ілби шоршып жанындағы кісі бойлы жартасқа шықты. Бұл кезде қыранды қоя берген әп жылан құйрығымен жер сабап, иіріле дөңбекши, өзімен-өзі әуре боп жатты. Қыран қырындау жағынан шығып тастың басына барып отырды да жерде тулап жатқан жыланнан көзін алмай қатты да қалды. Шыңғысхан тобынан да сескенбеді. Өз денесін өзі тауға да, тасқа да ұрып тулап жатқан жылан әрі-беріден кейін әлсіреуге айналды. Қыран әлі қозғалған жоқ. Жылан өрім-өрім болған денесін, ақырғы рет бір мәрте жиырды да кенет жазыла бастады. Тас басында тапжылмай отырған қыран осы сәтте қуана шаңқ етті. Кереге қанаттарын жайып жіберіп көкке қарай талпынды, бірақ түбінен опырылған бір қанаты екінші рет қағуына жарамай ол төмен қарай жантая құлап, жаңа ғана өзі көтерілген жартастың сүйір ұшына кеп кеудесімен ұрды да, шалқасынан түсті. Екінші рет көтерілуге жарамады. Ақырғы рет қанталаған көздерімен көк аспанға қарады да, бір-екі рет сау қанатымен дірілдей жерді соғып, тына қалды. Шыңғыс тобы шың етегіне таяды. Қыран бір аяғының тырнағымен жыланның қос көзін ойып түсіріп, екінші аяғының тырнақтарымен кеңсірігін ет-метімен жұлып алыпты. Жылан әлсіреп барып жан тапсырыпты. Бірақ бұ да өз есесін жібермепті, алып денесімен орап қыранның бір қанатын топшысынан сындырыпты…
Жыланның өлгенін көргенде шаңқ етіп қуана шыққан қыран даусы әлі құлағында тұрған Шыңғысхан:
— Мына қыранның арманы жоқ, — деді. — Ол алғашқы жолы өзінің қайратты кезінде тайталасқан жауын алысып жеңді. Бұ жолы өзі өлсе де балапандарын ажалдан құтқарып өлді. Мына аждаһаның балалары өсіп, өшін алғанша, анау шың басындағы ұядағы балапандар да қыран болады. Олардың өз тартыс- тары басталады. Ал қарт қыран өз борышын атқарып ажал тапты. Өзі барда ұрпағына қауіп тудырар жауын құртып кетті. Осылай ажал тапқан ақиық ақырғы рет көк аспанға қанат жайып, өлер алдында қуана шаңқ етті. Сендер де осы қырандай болыңдар. Ажал сағаты келгенше монғолдың ұлы тағына қауіп-қатер туғызатын жауларыңды құрта беріңдер. Сөйтсеңдер бұл жалғаннан әлгі қырандай армансыз өтесіңдер, — деп сөзін бітірген.
Осы аңыз қазір Әбілқайырдың құлағында шыңылдап тұр. Оның ойынша дүние-жалған маңызы арғы бабасы Шыңғысхан өсиетіндей ұрпақтарының мәңгі құлпыра беруінде. «Ерте ме, кеш пе, бәрібір ажалдан құтыла алмайсың, ал сенің атыңның ұзақ не қысқа тұруы тек ұрпақтарыңның өмірімен байланысты. Сол ұрпақтарыңның өмірін ұзартуға сен өз борышыңды, әлгі қырандай, өтеп кетуге міндеттісің. Аурусың ба, ауру емессің бе, егер сенің алтын тағыңа ие болар немере-шөберелеріңе Моғолстан, Самарқанттардан қауіп туар болса сол қауіпті сен көзіңнің тірісінде құртып кет! Иә, солай»…
Хан сарайына кірісімен-ақ, Әбілқайырдың қалай ойға шомып кеткенін Қобыланды айтпай-ақ білді. Амал жоқ, үн-түнсіз ұзақ күтуге тура келді. Жасы егде тарта бастағанмен де ол әлі қызба, шыдамсыз мінезінен айырыла қоймаған-ды.
— Хан ием, — деді ызбарлы жуан даусын шамасынша ақырын шығарып. Терезеге қарап тұрған Әбілқайыр селк етіп жалт бұрылды. Дағдыланған оң қолы болат қанжарының алтын сабына барып та қалды.
— Мен сіздің қасыңыз емеспін…
«Иә, иә, бұл менің қасым емес. Ақжолдың қасы…» Әбілқайыр лып етпе сезімін батырына оңай аңғартып алғанына жаман өкінді… «Осыншама жұртты өзіме қаратсам да, осылай болмашы бірдемелерден елегізіп қаламын. Шіркін жаны құрғыр неткен тәтті едің…»
— Жай ма, батырым?
— Жай емес, хан ием, баяғы бір Ақжол би жайы да… Қобыланды мен Ақжол жанжалы ең алдыменен Әбілқайыр ханға қайсымыз ықпалымызды көбірек жүргіземіз деген бақталастықтан басталған. Иә, әрқайсысы өзін Яссауи мешітінің күмбезіндей зор санайтын екі рудың екі батыры жанжалдасса, оның артында тұрған екі ру ел де қырғи-қабақ болады. Араларына қылау түседі. Мұндай жанжалдар тек хандардың мүдделерінен шығуы керек-ті…
Әбілқайыр Ақжол мен Қобыланды арасын астыртын шоқ тастап шиеленістіре түскен. Бірақ бұдан екі батырдың өшпенділігі екі рудың өшпенділігіне айнала қоймады. Демек, Қобыланды мен Ақжол өшпенділігі күннен күнге өрши бергенмен де, жеке бастың өшпенділігінен аса алмады. Бұрын мұндай батырлар таласы бірден ойран-асыр рулар таласына айналып кететін-ді, бұ жолы ондай өрт шықпады. Тіпті айтыс, бәйге таластары да екі топтың уақытша қызбаланғаны болмаса, кектесіп, қан төгісер күйге жетпей қойды. Бұның себебі Арғын, Қыпшақтың басын қосып, өзіме қарсы салғылары келіп жүрген Жәнібек пен Керей сұлтандарда-ау деп жорамалдады хан. Ал шын себебі басқа еді. Кең байтақ далада бар күн көрісі мал бағу ғана болған қазақ рулары бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың өте қажет екенін ұға бастаған. Жерінің шалғайлығы да, сол жердің шалғай болуын тілеп отырған мал шаруашылығы да, бірлесіп бір жерде отыруға мүмкіндік бермейтіні рас. Бірақ қазақ руларының түсіне бастаған тағы бір жағдайы бар. Ол жағдай бастары қосылмағандықтан көрінгеннің жеңіл олжасына айналып кете беруі еді. Осыдан барып бытыраған қазақ Жошы ұлдарынан да, Ақсақ Темір қосындарынан да жеңілген. Шапқыншылық заманда тағы бөтен жақтан келген бір басқыншының жеміне айналып кетпес үшін, бүкіл қазақ рулары бір жерде бас қоспағанмен де, әдет-ғұрпы, жайлау-қыстауына қарай одақтас жұрт болу керек екенін ұққан. Оларда енді Үш жүзге бөлініп қауымдассақ қайтер еді деген үміт туған. Үш жүз деп атқа бөлінбегенмен де үш сапқа ыңғайланып бастарын біріктіруге кіріскен. Дәл осы кезде Арқада көшіп жүрген Арғын мен Қыпшақ арасында да осындай одақтың лебі сезіліп қалған. Бұны жөн көрген осы екі рудың атақты биі, ақылгөй ақсақалдары Қобыланды мен Ақжол арасындағы кикілжіңді рулар жанжалын өршітпеуге тырысқан. Халық тұрғысынан дәстүрге айналған, әркім өз байлығын, ерлігін, шешендігін дәріптейтін айтыстарға қатынасқанмен де, бұл бірігудің абзал екенін Асан Қайғы, Қазтуған, Қотан секілді бүкіл қазақ қауымы ардақтаған жыршылар да қолдаған. Сол себептен екі батырдың дауы өз араларының дауынан аспай қала берген.
Ал осы дауды түбі Жәнібек пен Керейдің дауына аударсам деген Әбілқайыр әлі де болса Қобыланды мен Ақжолдың арасын оқта-текте бүлдіріп отыратын.
— Ақжол жайында дейсің бе? Оның жайын маған несіне айтасың, — деді хан баяу сөйлеп.
Қобыланды мен Ақжолдың арасындағы өшпенділіктің өзі білетін жайдан бөтен, біріне-бірі кешпес жау боларлықтай тағы да бір сырдың барын Әбілқайыр білмейтін. Сондықтан екі батырдың арасын тек өз тұрғысынан өршіте түскен. Түбін күтіп, өз басына тиер өсек-аяң сөздерге де шыдаған.
— Батыр Саянды Ақжол қашырып отыр ғой.
— Білемін…
— Білсеңіз… Кінәсі қолыңызда тұрғанда…
Әбілқайыр ақырын күлімсірегендей болды.
— Өйтуге болмайды. Ақжол жақтағылардың күші мол…
Қобыланды кенет ашулана қалды.
— Қандай күш?! ән мен сөз баққан Арғынның көп жігітін айтасыз ба? Рұқсат етіңіз, он сойылмен Ақжол бидің аулын тал түсте шауып берейін.
— Ақжол бидің аулы Жәнібек пен Керей сұлтанның ордаларымен қотандас отырған жоқ па? Ақжолды шауып жатқанда олар үндемей қалар ма?
Қобыланды бұрынғысынан бетер күреңденіп:
— Үндемей қалмаса тағы мейлі! Онда мен оларды Ақжолмен бірге шабамын.
Хан тұнжырап кетті. «Жоқ, жоқ, өйткізуге болмайды. Бүгін қара халық сұлтандардың ауылын шауып дағдыланса, ертең ханның Ордасына да лап беруден тайынбайды. Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар. Қара халықты басқарудан туған таласымызды Шыңғыс ұрпағы өзіміз шешуіміз керек. Мейлі бірімізді біріміз қан жоса етсек, о да біздің ғана шаруамыз. Ал сұлтандар тағдырын бүгін қара халыққа шешкізсек, дағды алған бассыз кеткен ноқай тобыр ертең ереуілдеп Орда тағдырын өзі сойылымен шешеді. Иә, сонда Қобыландыға қандай жауап беру керек? әйтсе де, оның елу батпан[30] шоқпарын сілтетіп қалған жөн-ақ».
— Ақжол батырдың көзі жойылса, Жәнібек пен Керей ең жанашыр адамынан айрылады.
— Олай болса, тек Ақжол бидің жалғыз өзін жоюға рұқсат етіңіз, хан ием!
— Бір адамды өлтіру үшін, он адам боп ауылды шабудың қажеті бар ма? әлде жекпе-жекке күшің жетпей ме?
Бұл сөз Қобыланды батырдың намысына тиді, бірақ ол хан алдында тұрғанын ұмытпай, қинала жауап қайырды.
— Жекпе-жекке Ақжол би шықпаса қайтемін, хан ием?..
— Онда… Жекпе-жек жүз кездесер жолын торлау керек.
Қобыландының онсыз да күрең беті енді тіпті күреңденіп кетті. Хан сөзін ол дұрыс түсінді. «Ақжолды қарақшыдай аңдып жүріп жалғыз жүрген кезінде өлтіруі керек. Жоқ, Қобыланды батыр ондай қарақшы емес. Өлсе де, өлтірсе де қан майданда жаумен бетпе-бет келеді».
Қара Қыпшақ жолбарысының намыстанып қалғанын хан да сезді. Енді ол бұйыра сөйледі.
— Ашық айқас ел арасын бүлдіреді. Арғын, Қыпшақтың тату болғаны жөн. Екі батырдың оңаша айқасында кімнің дауы бар? Жүзбе-жүз айқаста күші жетпей қаза болған ердің құнын ешкім жоқтамайды. Бұл ата-бабамыздың ескі салты.
Хан сөзінің жаны бар екенін Қобыланды батыр енді аңғарды. Әрине, ол Ақжолды оңашада кездессе салған жерден өлтіреді. Жүректі жегідей жеп бара жатқан күйік тек соны ғана арман етеді.
Қобыланды батыр басын төмен иді де:
— Құп, тақсыр, ендігісін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы шешсін! — деп хан сарайынан шығып кетті.
Әбілқайыр тағы да ойға шомды. «әрине, Жәнібек пен Керей Ақжолдың құнын сұрап хан ордасына төнеді. Міне, сол кезде жекпе-жекте өлген батырдың дауы арқылы елге бүлік салайын деп жүрсіңдер деп, біржолата көздерін құртып жіберу керек. Сөйтсем мен тобыр көзінде Дәшті Қыпшақ бірлігін ойлаған хан боп қалам. Ал тобыр солай түсінсе қос сұлтанның өлімдері де елеусіз өтеді». Сол күні ол өзінің Орда күзет әскерінің баһадуры Найман Қара Оспанды шақырып алды. Оған ертеңнен бастап Орда-Базардағы хан әскерін ұрысқа дайын ұстауын бұйырды. Соңғы кезде Жәнібек пен Керей жағына іш тарта бастаған Найман баһадуры хан бұйрығын Жәнібек сұлтанға жеткізді. Кенет секем алған сұлтан өз жігіттеріне аттарын белдеуде, найзаларын босағада ұстау- ды ескертті.
Дәл осы кезде Ақжол би жанында үш аңшы серігі бар, қаршыға салмақ боп қазақтың көне мәдениетінің кіндігі болған қарт Арғынаты тауларының бөктеріндегі бір кезде Барақ хан Ордасы тұрған Барақкөл маңына саяхатқа шыққан. Жаз бойы құсбектері той-думанда жүріп, тұғырларында ұзақ отырып қалған қанды балақ, қызыл көз қаршығалар аңшылардың әбден айызын қандырған. Қырдың шоқтай қызыл түлкілері мен қара қылшықты қарсақтарын қиядан іліп, Ақжол би мен серіктерінің көңілін көл-көсір ашқан. Қаршыға салу қызығына мүлдем батқан саятшылардың ауылдан шыққандарына бір аптадан асып кеткен. Осы кезде оларға Жәнібек сұлтаннан «Хан Ордасы қазір ұйқы-тұйқы қобалжуда. Аз адаммен аңда жүріп ұқыпсыз боп бір қырсыққа ұшырап қалмасын, тезірек Ордаға қайтсын» деген шабарман келген. Заты сабырлы Жәнібек сұлтанның босқа мазасызданбағанын Ақжол би бірден сезіп, сол сәтте-ақ ауылдарына бет бұрған. Бірақ бұлар ойлаған кездерінде Орда-Базарға жете алмаған. Ұлытаудан бері асып, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы «Орда тіккен» деп аталатын, бір кезде Жошы ауылы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған. Түсі суық, кигені кереге көз сауыт. Күн сәулесімен шағылысады. Жуандығы білектей, түбіріне жұмырықтай қорғасын құйған, үлкендігі баланың басындай, зілдей қайың шоқпарын үйіріп, көк орай шалғында бір жамбастап жатқан Ақжол биді көргеннен-ақ ақырған:
— Қатын болмасаң шық қазір, өлер жерің осы! — деген.
— Батыр-ау құба жонда бұныңыз не? Жекпе-жекке шығар болсаңыз қалың ел бар емес пе? — деген Ақжол бидің қара мұртты жас серігіне:
— әй, мына қара шоқпарым ең алдымен өзіңе тимесін десең, былай тұр! — деп зекіген.
Қобыланды батырдың өшпенділігі тым тереңде екенін білетін Ақжол би онымен сөз таластырып әуре болмаған. «Құдайдың жазғаны осы болса оны да көрейін» деп шідерімен оттап жүрген Ақжанбасын алдырған. Шарт киініп, бөтен қарулары болмағандықтан түлкі, қасқыр соғуға деген қайың сойылын ұстап атына мінген. Сол-ақ екен долы мінезді Қобыланды Көксеңгірге қамшыны басып жіберіп қарсы шапқан. Ақжол атын тебініп үлгіргенше сала құлаш кеуделі Көңсеңгір арқырап жетіп келген. Ақжол сойылын да жөндеп сілтей алмай қалды. Нардай биік тұлпардың үстіне қарай соққан сойылы сауыт киген Қобыландының тек бүйір тұсынан барып тиді. Қара Қыпшақ батыры тұлпарының қарқынын тоқтатпастан Ақжанбасты кеудесімен қақтыра ырғытып бұзау бас қара шоқпармен өзінен сәл төмендеу Ақжол биді дәл төбесінен қос қолдап ұрды. Ақжол биі түбінен кескен теректей дізерлей қалған Ақжанбасының үстінен күрс етіп құлап түсті. Дулығасыз түлкі тымақ киген, мылжа-мылжа болған төртбақ денесі анандай жерге дейін домалап кетті.
Қобыланды батыр бұрылып артына қараған жоқ, нөкерлерін соңынан ертіп, Көксеңгірді ойнақтатқан бойы, іп-лезде көзден ғайып болды.
Ойламаған оқиғадан шошып кеткен Ақжол серіктері дереу қалың Арғынға ат шаптырды. Бас сүйегі күл-талқан боп, миы әр жерге шашырап жатқан аяулы бидің нардай денесін алдарына өңгеріп Орда-Базарға қарай беттеді.
Әбілқайыр бұл кезде хан сарайында Бақты-Қожа уәзірмен оңаша отырған.
Уәзір хан тапсырмасының орындалып қалғаны жайында әңгіме шертуде.
Сүйіншік сұлтан туған шешесінің қылығын алғашқы естігенде сенбеген-мыс… Сен менің анама қара жауып отырсың, жарып өлтірем деп қанжарын ала ұмтыл- ған-мыс. Бірақ бұл оқиғаны «хан әкең де біледі. Сен айтпаған үкімді әкең айтады» дегеннен кейін барып тоқтаған-мыс.
Шыңғысханның тас жүрек тұқымы емес пе, ақыры күнәлі анасын өлім жазасына кесуге көнген…
Зұлым уәзір бұл жерде, біраз жағдайды жасырып қалған. Ол Сүйіншік сұлтанмен әңгімесін бөтен түрде бастаған. Ханның өзге балаларындай емес, бұл сұлтан Бақты-Қожа уәзірге жақын жүретін. Уәзір оны оңаша шақырып ойындағысын айта алмай ұзақ отырған.
Хан уәзірінің көмейінде бір өте күрделі сөздің тығылып тұрғанын сезген бала жігіт:
— Сөйле, Бақты-Қожа уәзір, — деген. — Байқауымша айта алмай отырған бір құпия сырың бар секілді.
— Оның рас еді.
— Егер құпия сыр маған арналған болса, екі құлағым сенде.
— Тек өзіңе ғана арналған. Тек сенің болашағыңа керекті сыр…
Тумай жатып Хан Ордасының өзара қанды таластарына әбден қанық Сүйіншік: «Менің басыма қауіп туып қалған екен» деп шошып кетті. Сұлтанның бұл жағдайын сезген қу уәзір:
— Бүркіт балапаны жаратылғанда қыран болам деп жаратылады. Хан баласы туғанда хан болу үшін туады. Сенің әкең Әбілқайыр он жетісінде бүкіл Дәшті Қыпшақты биледі. Ал одан туған сен, әлі жорға мініп алтыбақан тебуден аса алмай жүрсің. Дер кезінде қабыршағын жарып жарық дүние көрмеген балапан тұншығып өледі, дер кезінде алтын таққа отыра алмаған хан ұлы, хан тағын арман етер кеселге айналады. О да өлгенмен тең…
«Хан тағы» деген сөзді естігеннен-ақ Сүйіншіктің екі көзі оттай жайнап сала берді. Уәзір бала жігіттің ең осал жерінен ұстағанын сезді, енді ол бір терең ойға шомып кеткендей ұзақ уақыт үндемей қалды. Уәзір сөзі жанына жаға бастаған Сүйіншік шыдай алмай:
— Хан тағынан дәметер менен де бөтен аға-інілерім бар ғой, — деді бірден өзінің қаупін ашып, — олар да хан баласы.
— Қара қазақ баласы — әкесінің баласы. Хан тағының баласы — әкесінің ажалы. Өйткені тақ біреу, отырамын деушілер көп.
— Хан әкеміз әлі елуге жеткен жоқ қой…
— Хан жасы — баласының жасымен байланысты. Баласы өзін нәресте санаса — хан жас болады. Баласы ер жеттім десе — хан қартқа айналады.
Сүйіншік түксие қалған.
— Сонда сен…
Уәзір ақырын жымиып күлген.
— Шыдай тұр, ел билегің келсе, алдымен өзіңді өзің билей біл, — деген ол. — Мен сені әкеңе қарсы салғалы отырғам жоқ. Қылшылдаған жас айғыр кезі келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады. Хан иемізге қаншалық жаның ашитынын кезінде көрсетерсің. Ал қазір айтарым: мүбаракті Әбілқайыр хан ауру жан. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні, оның төсек тартып жатып қалуы ғажап емес. Құдай өзі бергенін өзі алады. Бұған тірі пенде араша түсе алмайды. Әбілқайыр ханның тек сырты ғана сау, іші күйе түскен кигіздей шұрық-шұрық. Құдай тағала қымбатты хан иеме мың жыл тіршілік берсін. Ал алда-жалда… — уәзір қиналғандай төмен қарады, — жаман айтпай жақсы жоқ, егер хан ием олай-былай бола қалса, бір таққа он ие бар, қайсың отырасың мен соны айтайын деп едім.
Сүйіншік адуынды хан әкесінің көзі тірі екенін тіпті ұмытып кетті. Әлі өзі отырып көрмеген алтын тақтың буы күні бұрын жүрегін тулата бастады. Ол енді қобалжи, толқи сөйледі.
— Сонда өзіңіз қайсымызды лайық дейсіз?
Уәзірдің де күткені осы сұрақ еді. Енді ол асықпай, әңгімені тереңнен қозғады.
— Хан иемнің өзге балалары бір төбе, сен де бір төбесің. Топ қарғаның ішінде қоңыр қазымсың. Бірақ ханның ақылды баласының бас жауы өзінің әкесі деген. Ал сенің әкең емес, анаң бас жауың…
Сүйіншік шошып кетті.
— Ол мүмкін емес, — деді даусы дірілдей, — бір ана баласын жақсы көрсе, ол менің анам!
— Болар жігітке дүниеде анасының жақсы көруінен қиын бөгет жоқ, Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым сенен аналық махаббатын аямайды, сені көзінің қарашығындай сақтағысы келеді. Сол үшін алтын таққа Күшкінші сұлтанды отырғызуға бар.
Сүйіншік сұлтанның екі көзі шатынап, ерні кезеріп кетті.
— Алтын тақты қимаған ананың махаббаты маған неге керек? Жақсы көремін дегені бос сөз екен ғой, түсіндім, шын жақсы көрері Күшкіншік болды!
Осы сәтте Бақты-Қожа уәзір шын сырын ашты.
— Хан тағына жетем деген адамда туыс та, туған да болмайды. Кейде ата-ананың, бір туған бауырларының өлігінің үстінен аттап, хан тағына жетуге тура келеді. Өйтпесең сенің өлігіңнің үстінен көп бауырларыңның біреуі аттап өтеді. Хан тағы тек тастай берік, жан аямас мықтының орны. Қажырсыз адамның ел билегені, өгізге мініп жылқы баққанмен бірдей. Егер осы жолда қажырлы бола аламын десең мен сенімен бірмін, — деп бір тоқтаған уәзір.
«Бола аламын!» деп уәдесін берген Сүйіншік. Осы сөзден кейін жатса-тұрса да хан тағы оның көз алдынан кетпей қойған. Мансапқор, ақылға бай емес бала жігітті зәр ішкендей жағдайға жеткізіп ап, зұлымдығына найза бойламас уәзір, хан тапсырмасын орындауға кіріскен. «Саған алтын тақты қиғысы келмейтін анаңның мынандай да күнәсі бар, егер хан тағына жеткің келсе осы күнәсін дақ етіп, ең алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен құтыл» деген.
Бақты-Қожа уәзір қателеспеді. Қасқырдың қаншығы тек күшігі қасқыр бол- ғанша ғана ана, ал күшігі қасқыр болғаннан кейін, анасы да оған қасқыр. Ақылды уәзір Сүйіншікке «Ханға әке де, шеше де, аға-іні де — тек алтын тақ» деп бекер айтпаған еді.
Уәзір ханға Сүйіншіктің тілін осылайша тапқанын ашпады. «Ханға бәрі бір емес пе, баласы анасының басын қалай алғаны. Тек бұйрығы орындалса бол- ғаны ғой».
— Жақсы, Бақты-Қожа уәзір, — деді хан, анау басын төмен иді.
Осы сәтте Ақжол бидің өлгенін естіртуге шабарман келді.
Әбілқайыр Тарланкөкке мініп, қалың нөкерлері мен «хан қорғаны» жауынгерлерін ертіп, қазақтың көне дәстүрін сақтап, Ақжол аулына көңіл айтуға аттанды. Орда-Базарды қоршай қонған қазақ ауылдарын аралай, Қаракеңгірдің етек жағына қаза болған Ақжол биге арнап тіккен үйлерге беттеп келе жатты. Хан атының басын тежей тартып, әлсін-әлсін өзен, көл бойларын жағалай жайлаған қалың елге қарап қояды. Қараған сайын сұрлана түседі. Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ ауылдарының маңайында өреде ерттеулі ат, белдікте шошайған найза сойыл. Жайшылықтағы тыныш жататын бейбіт елде жауға шығар, не жау күтер алдында осындай бір сұсты түр пайда болатын. Мынау жорыққа дайындалған, дүрліккен ауылдар. Тек Маңғыт, Бүркіт, Барлас, Қарашын, Қосшы рулары мен төлеңгіт ауылдары жайбарақат. Әбілқайыр қазақ руларының түрін көріп сескенейін деді. Қобыландыға Ақжолды өлтір деп бекер ақыл бердім бе, қалай деп ойлайды ол бір мезет. Жаздың жарқыраған әдемі күнінде жауар бұлттай қаһарлана қалған, мынау, қалың елдің осыншама кәр көрсетуіне себеп болғанына, Әбілқайыр енді өкінді. Ақжолдың құнын жоқтап Жәнібек пен Керей құр қол келе қалады деген жорамалының да бұрысқа шыққанын ұқты. «Ақжол ажалын Жәнібек пен Керей өз мұраттарына пайдалана білген екен. Енді тек айқастың күндерін күтіп отыр-ау деді ол ішінен. Ханның қайсарлылығы ұстап кетті. — Айқасса Әбілқайыр дайын. Қазірдің өзінде биылғы жылдай бейбітшілік жылдың өзінде, тек осы Орда-Базардың төңірегінде жиырма мың салт атты әскері бар. Әбілқайыр тағы да осынау қару-жарағын сайлап, қаптаған Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты ауылдарына көз тастады. Бірақ сол жиырма шыңның тең жартысы қазақтың осы руларынан емес пе? әрине солай. Қалғаны ғана Согдиялық — Мауреннахрлықтар, ұйғыр, кірме монғол, шағатай, моғол, қалмақ, қырғыз елдерінен. Егер айқас туа қалса, қазақ рулары әскерінің менің шебімде болмайтыны хақ. Мынау, дайындық соны көрсетеді ғой. Қобыланды батырды қорғап, Қыпшақ жауынгерлерінің де Ар- ғынды шабуы екіталай. Күш тең түсіп қалған екен. Жәнібек пен Керейдің де соңғы кезде тым суырыла шығып жүргені да осыдан… Мауреннахр мен Қорасаннан әскер алдыруға уақыт тығыз… Не істеу керек».
Бұлар Ақжол бидің қазасына арнап тіккен ауылға таяп қалды. Кеңгірдің жазғытұрым тасығанынан пайда болатын қара қамысты Қарасуды жағалай, қарабастырық пен ат құйрығын найзаға байлап босағаға іліп қойған бұл ауылдың қаралы жағдайын көрсеткен жүзге таяу ақбоз үй тұр. Сол ақ боз үйлердің төрінде, топ аққудың ортасына ұшып келген қара бүркіттей он алты қанат, шымқай қара қой жүнінен бастырған сұсты қара орда ерекше көзге түседі. Шаңырағына байланған Арғын руының көз таңбасы салынған сала құлаш құйрықты қара жалау… Қара орданың түрі тым сұсты, бүкіл Арғын руының айбары тәрізді. Әрине, Ақжол өліміне бүкіл елдің осыншама көңілін аударған Жәнібек пен Керей сұлтандар. Қолының қанжар сабына қалай барғанын Әбілқайыр білмей қалды. Бірақ сол сәтте-ақ қолын кейін тартып алды. «Менің өзімнен өзім қобалжып келе жатқанымды ешкім байқай қоймады ма екен?» — деп енді ол түріне жайбарақат пішін беріп жан-жағына көз тастады. Жоқ ешкім көрмеген екен, жұрттың бәрінің көзі қаһарлы қаралы үйде… дегенмен, не істеу керек? Бұндай айқаста қандай тәсіл, қандай дұрыс жол бар? Баяғы бір күпті сұрақ оның ойына қайта келді. Хан ойына жауап іздеп тұнжырай берген кезде кенет, «Ой бауырымдап!» ауылға қарай ат қойған топ жігіттің даусы селк еткізіп, ойын бөліп жіберді.
Қазалы ауылға таяғанда «Ой, бауырымдап!» ат қою қазақ руларының сан заманнан келе жатқан көне дәстүрі. Бұл дәстүрді тек Шыңғыс тұқымы ғана қолданбайтын. Сонау Монғол жерінен келген Шыңғыстың бар ұрпағын, нөкер, нояндарын өзі тіліне, өз ғұрпына көшіріп алған қазақ елі сұлтан тұқымының бұл әдеттен бас тартуын дұрыс-бұрыс деп көңіл қоймайтын. Ал, Шыңғыс тұқымы хан басымен, жай қазақтай өлік шыққан үйге «ой, бауырымдап!» далбақтай шаба жөнелуді өздеріне лайық көрмеген. Осы себептен де Әбілқайыр тобы қаралы ауылға үрдіс аяңмен таяп келе жатқан. Кенет «Ой, бауырымдаған!» дауыс шықты, хан соңындағы жауынгерлер мен нөкерлерінің бір қанаты опырыла шапты. Бұлар Арғын, Найман тәрізді қазақ руларының жігіттері еді. Хан оларға «кейін қайт!» деп ақырмағанмен, тобының рұқсатсыз бұлай бөлінуін жақсы ырымға санаған жоқ. Түйілген қабағы түйіле түсті. «Хан Ордасына бір қауіп жақындап келе жатқан тәрізді. Өзіңді безенген садақтай дайын ұстаған жөн». Әбілқайыр тобы қара орданың сыртына келіп түсті. Сұлтандарға арнап тартылған кермеге аттарын байлады.
Басында қошқар мүйіз етіп ойған алтын тәжі, тор көз жеңіл қорасан сауыт сыртынан киген алтын зерлі, Герат шеберлері тоқыған қызғылт торқа шапаны күн сәулесіне малынып, Әбілқайыр қара орданың есігін ашты. Төр алдында басына қара құндыз бөрік, үстіне жағасын қара құндызбен көмкерген қара мақпал қаралы шапан киген, алтын белбеулі Керей мен Жәнібек сұлтан отыр. Қастарында қазақ руларының он бестей атақты би, батыр, жыраулары. Орданың сол жағында өлік. Өліктің бас жағында баласы қаза болғаннан бері ша- былған қурай тәрізді кеуіп, қаусап қалған Қотан жырау, қобызын күңіренте көзінен жасы парлап, даусы шығар-шықпас боп сарнайды. Үйге кірген ханды көріп, қайғылы қабақтарын ашпай, Жәнібек пен Керей баяу жылжып орталарынан орын берді. Хан нөкерлері де үйдегілермен үнсіз амандасты да, дәрежелеріне қарай тиісті орындарына отырды. Хан келді деп жалғызынан айрылып тұл қалған Қотан жырау толғауын тоқтатқан жоқ. Көрші үйлерден әйелдердің зарлы жоқтаулары да адамның жүрегін тырнап естіліп жатты.
Хан жайласып отырғаннан кейін ғана қара орданың ішіне көз сала бастады. Орданың сырты қандай қара болса, іші де сондай қан жылаған қара екен. Алтын, күміспен зерлеген қара сырлы уық, кереге, бақан. Абажадай қара шаңырақтан жерге салбыраған қара шуда жіптен өрген шашақты тұжырма. Үй іші адамның зәресін алып, құтын қашырғандай… Әбілқайыр енді сол жақта, қара мақпалдан оюлап өрнек салынған ақ кигіздің үстінде жатқан өлікке қарады. Ақжолдың денесіне көзі түсер-түспестен селк етіп шошып кетті. Табытта қопарылған түйе тастай боп дөңкиіп Ақжолдың денесі жатыр, басы жоқ. Алып денеден қан ұйып қара күреңденіп кеткен, тек мойын омыртқасы көрінеді. Тас жүрек мызғымас ер болсаң да мына суреттен жан түршігерлік? Мына жырда басы болған, ал мына тұсы тымақ киетін жері еді дегендей, өліктің мойынынан бір жарым қарыс- тай жоғары Ақжолдың көк тысты құндыз тымағын қойыпты. Бүкіл қара бояу- лы үй ішінде тек түсі өзгеше осы тымақ қана. Жайшылықта жігіттің көркі болар әдемі қымбат тымақ, мойынмен екеуінің арасында бұрын бас болғанын әдейі көрсетіп, адам құтын бұрынғысынан да ала түскен. Әбілқайырдың бойы дірілдеп кетті. Хан әбігерін Жәнібек пен Керей бірдей сезді, бірақ оны басып тіс жармады. Әбілқайыр көзін өліктен аударып кереге тұсына қарады. Өліктің бас жағында керегеде ілулі, өлер күні кимеген, Ақжолдың болат сауыты мен іші қалың кигізбен әдіптенген кіші-гірім қара қазандай көк құрыш дулығасы ілінген. Кеуде тұсына бидің той-думанға деген қара камшат ішігі мен қайқы бас саптама үргеніш етігі. Аяқ жағында өлер күні тағы үйде қалған батпан қара шоқпары мен бидің өзінен басқа тірі жан алмайтын қайың садағы. «Осы заттары сол күні Ақжол бимен бірге болса, Қобыланды батыр бұны өлтіре алмас еді» деп ескертіп өлік басына әдейі қойғандай.
Жырау сыбырлай зарлайды:
«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!
Сексен асып таяғанда тоқсанға.
Тұра алмастай үзілді ме жұлының!
Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының!
Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!»
Жалғыз ұлынан айрылған қарт жырау ұзақ сарнады. Біресе өзі тоқтап, кәрі қобызын аңыратты. Әлден уақытта қарт жырау «Аһ» ұрып әзер тоқтады.
Сол уақытта барып сыбызғыдан шыққан, құлаққа жағымды қоңыр күйдей қоңырқай дауыспен әбдіразақ Нахичевани-дәруіш құран оқи жөнелді. Аятын бұ да ұзақ оқыды.
Құран оқылып біткеннен кейін, Әбілқайыр талғамды сөзбен көңіл айтты.
Хан сөзі бітісімен, Қыпшақтың сүбе биінің бірі, топ жарған шешен Құба би:
— Қара бетпін, ағайын, — деді. — Ат үстінде аяулы ұлыңды өлтіріп, елге қарар емес, жерге қарар жайым бар. Кессең бас, алсаң жан мінекей, құнын беруге дайынмын. Құн алынғанмен Дайырқожа би қайтып келер ме? — деді Керей күрсініп.
— Ардақтымызды ақ орап қоялық, сөз сосын болсын! — деді байсалды дауыспен Жәнібек.
Әбілқайыр хан бұлардың үнінен бір ауыр зіл сезді.
Осымен хан тобы қаралы ордадан шықты. Орда-Базарға қайтып келе жатып, Әбілқайыр екі жағдайды есіне алды. Бірі — Қара Қыпшақ Қобыланды Ақжол биді өлтірсе де, оның қадірін құрта алмауы еді. Бұл жазықсыз ажал Ақжол бидің атын тірідегісінен де ұлғайта түскендей. Кейде тарих адам атымен осылай ойнайды. Тірісінде жоқ даңқты өлгеннен кейін береді. Ақжол би де осындай даңққа ие бола бастаған-ды. Қара Қыпшақ Қобыланды бидің басын алғанмен, оның ұрпақтарға кететін даңқын жоя алмаған. Әбілқайыр хан бұны анық түсінді. Екіншісі — осы Ақжол бидің өлімі өзі ойлағандай Жәнібек пен Керейді құртатын жол болмай шықты. Хан өз қатесін өзі мойындады, бұл өлімнің аяғы үлкен насырға, ел бүлінер дау-жанжалға шабатынына шек келтірмеді. Хан мұны есіне ұстауға тиісті екенін мықтап түйді.
Ақжол бидің жетісін бергеннен кейін Жәнібек пен Керей қазақ руларының сойыл ұстар жігіттерін, Орда-Базар сыртына сапқа тұрғызып қойып, хан сарайына келді. Қазалы ерінің құнын сұрады. Әбілқайыр: «Қыпшақтың үш жігітінің басын ал, бір бидің жоқтауы осы үш адамның қанымен бітсін» деді.
Жайшылықта ақ жарқын Жәнібек қараңғы түндей түнере:
— Бізге жазықсыз жандардың қаны керек емес. Жазықты Қобыландының басы керек, — деді.
Хан көнбеді. Бұл айқас тек Қобыландының басымен тынбайтынын білетін-ді. Қобыландыдан айрылса бар Қыпшақтан мүлдем қол үзетінін есепке алды. Сондықтан «жоқ, Қобыландыны бермеймін» деді.
Жәнібек пен Керей орындарынан түрегелді.