Жәнібек қазақ хандығының тағдыры шешілетін мұндай қысылтаяң мезетте сап алдында болмай, кәрі-құртаң ақсақалдар қасында қалуын кейбіреулердің қылмыс санайтынын да, не қорқақтыққа балайтынын да біледі. Бірақ ертең қазақтың бытыраған руларының басын қосып, мықтап ұстар хан болу үшін, мызғымас беріктік те керек. Өзіңді шабуға жау келе жатқанда бір сайдың жағасында қарт жыраудың толғауын тыңдап отыру — көрінген ханның қолынан келмейтін қасиет. Халық алдында мұндай адам аңызға айналады. Өзінің абыржымас тастай мінезімен өзгелердің де үмітіне әл беру — қолына қылыш алып жауға шабудан анағұрлым артық ерлік. Хан әбігер болмаған жерде, халық та әбігер болмайды. Бұл — жеңістің ең бір керекті шарты. Ханның келе жатқан жаудан құты қашпай, жайбарақат отырғанынан өзгелері де үлгі алды. Олар да келе жатқан жауына берекелері кетпей, сабырлы салқын қанмен дайындала бастады.

Қотан жырау Орақ толғауын бітіріп әлдеқашан Едіге жырына көшкен. Жұрт сол ұйыған қалпында тыңдауда. Бұған Жәнібек іштей қуанышты. Өзінің де қобалжуы басылғандай. «Жоқ, мұндай жұртты жау жеңе алмайды. Мұндай мызғымас елмен түбі Ұлы хандық құруға болады. Қан-жоса етіп қырып-жоям деп жауы келе жатқанда, мынау қарт би, батырлардың осыншама сабырлылық көрсетуі — жақсы ырым. Бұ тәрізді жұрт болашақта басына қандай ауыр сын түссе де шыдайды, қандай жаумен болса да табан тіреп алысуға жарайды. Ал келе жатқан мына жауға анау Нұра үстіндегі кілең батыр жігіттер жауап бере алады. Мұндайда ер қимылын арман шешеді. Ал ер арманы — ел болу. Бұл арман үшін анау ерлердің аянбай айқасатынына күмән келтіру күнә болар еді…»

Жәнібек ханның құлағына қарт жыраудың даусы еміс-еміс келеді. Құлағы жырда, көңілі көп кешікпей басталатын қанды айқаста.

Қарт жыраудың даусы әлі болдырмаған жүйріктің шабысы тәрізді. Біркелкі дүбір, біркелкі ұйтқу…

Қарт ақын қарлыға толғайды. Ол қазір тоғыз батыр Едігені қуып келіп, Кен-Жанбайдың Едігеге арнап айтқан жырын толғап отыр:


«әй, Едіге, сен енді қайт сана!

Қайтып Еділ өт сана!

Еңсесі биік боз Орда.

Еңкейіп сәлем бер сана!

Ерні жұқа сар аяқ

Ер сарқытын іш сана.

Жауырындары жақталы, Түйме бауы тартпалы.

Ал қара киім үстіңе.

Тон береді, ки сана.

Көк ала жорға ат мініп, Көк дабылпаз байланып, Тұтам бауы сом алтын.

Ақ сұңқар құс береді,

Көл айналып шүй сана!»


Бұл кезде Нұра беткейіндегі батырлар қара шоғырланып топтанып қалған. Қос күзетудегі Қыпшақтың жүзге таяу жігіттерін ертіп Қобыландыға Қазтуған қосыл- ған. Ел басына күн туғанда жеке қалудың лажын таба алмай, Шалкиіз жырау- ды бас етіп, екі жүздей қасындағы нөкер, сойылшы, малшы жігіттерімен Темір би де келген. Жәнібектің өзге балалары, бастығы Қасым мен Керейдің батыр ұлдары, ең үлкені Бұрындық боп, хан аулының маңайындағы төлеңгіт, сарбаздарын жинап, бұлар да төбе басына шыққан. Қысқасы, хан кеңесін қорғамақ боп Нұраның Қаратұзы беткейінде бес жүзге таяу заматта қол жиналды. Енді бұлар шеп құрып жауды қалай қарсы алуды кеңесті. Барлығы Қамбар батырдың айтқанына көнетін болды. Мұндайда батыр сөзіне бағыну ежелгі салт, Қамбар батыр Майсары[48] етіп Қыпшақ, Арғын жігіттерін, Маймене етіп Алшын, Дулат және өзге ру сойылшыларын тұрғызды. Өздері Шыңғыс ұрпақтары төлеңгіттерімен орта шепті алды. Келе жатқан жауға осылай үш мүйіз боп қарсы шабуды ұйғарды.

Дәл осы сәтте солтүстік пен шығыстың нақ орта шенінен аспанға бұрқылдай көтерілген шаң шықты. Тағы бір сүт пісірімдей кез өткенде шаң астынан қалың қол көрінді. Енді аздан кейін жау селеуті де анықтала бастады. Желкілдеген кілең ақ сең сең бөрік, күнге шағылысқан көк құрыш найза суыт келеді. Қарқындары тау бұзардай. Олар, таяған сайын қиғаштай шаба, әскердің қос қанатын екі жаққа жая түсті. Әбілқайырдың атты әскерінің ежелгі тәсілі. Құшағын жайып кеп, жауын ортаға ап жан-жағынан кенет ат қояды. Жау әскерін қоршауға алады. Бұл темір қышқаштан құтылу екіталай. Әскердің қолбасшысы бастаған бір тобы кейін қалады. Ол өзіне ың¬айлы жерде тұрып ұрыс болып жатқан майданнан көзін алмайды. Қай тұста әскері азая бастаса, не күші құлдырап жеңілуге айналса, сол тұсқа қасында тың тұрған әскерден көмек жібереді. Бұл жолы да сол әдістеріне салмақ тәрізді! Шайх-Хайдар әскері қазақ батырлары тұрған жерге тағалана қоршай таяп келеді. Дәл осы кезде, Нұра беткейінде тұрған батырлар, келе жатқан жау әскерінің күншығыс және солтүстік бүйірінен бұларға қиғаштай тиіспек боп құйындай шапқан екі қолды көрді. Батырлар бірден түсінді. Мынау астындағы қос өркеш желмаялары бастарын төмен түсіріп жіберіп, күншығыс жақтан тайрақтай шапқан қол — бұл жауын аңдамай өткізіп алған, қалқан етіп шығыс жақтағы жолға қойылған Керей, Найман жауынгерлері. Ал солтүстік тұстан шұбатыла жөңкіген — алдында әрқашанда ер жүрек батыры оқшау келетін — бұл солтүстіктегі қалқа — Арғын, Қыпшақ қолы. «Жау келе жатыр!» деген хабарды естігеннен-ақ Қасым: «Хан кеңесі болып жатқан жерге тез жетсін» деп ат шаптырған. Жау жүрек екі қолдың тез жеткеніне беткейде тұрған батырлар қуанып қалды. Әлдекімдер «Уа, сәт!», «Ақсарбас, ақсарбас!» деп өзінің көтерілген көңіл күйін жасырмай ашық айтып жатыр. Күтпеген жерінен, арттарын ала, екі бүйірлерінен екі қолды көрген Шайх-Хайдар әскері «өзіміз қоршауға түсіп қалмайық» деген қауіппен кенет екі жаққа жайыла түскен қанаттарын жия қойды. Енді олар шашау шығармай, тобын жазбай, садақ оғы жететін жерге кеп, аттарының қарқынын басып сәл аяңдай жүріп шоғырлана тоқтады. Бұл кезде Шайх-Хайдар әскерін, бүйірлей қоршап Найман, Керей мен Арғын, Қыпшақ қолдары да батырлар тұрған төбеге жетті. Екі жақ әудем жерге кеп қарама-қарсы тұрды. Енді қазақ батырларының тобы емес, Шайх-Хайдар әскері қоршауда қалатын тәрізді. Күш қазақ жағында басым. Бірақ бірде-бір рет жауынан беті қайтып, тауы шағылып көрмеген «Хан әскері» кейін шегінетін түрі жоқ. Көк найзаларын қазақ жігіттерінің кеуделеріне бір сұқпай мауқы басылар емес.

Кенет Шайх-Хайдар шебінен жал-құйрығы жерге төгілген, нардай ақал-теке арғымақ мінген, үстінде қара сауыты бар Қарашың батыр ойқастап ортаға шыға берді. Ол күндерде соғыс жүргізу тәсілі екі түрде болатын. Бірі жауын қапыда бас салу да, екіншісі қан майданда бетпе-бет кеп ашық ұрысу. Мұндай жағдайда ең алдымен жер белгіленіп, майдан ортасына батырлар жекпе-жек шығып ұрысады. Екі жақтан жекпе-жекке шыққан батырларға ешкім болыспайды. Қайсысының күші басым болса, сол жеңеді. Кейде жекпе-жек айқас екі жақтан батырлар табылғанша созылады. Кейде жекпе-жекке шыдай алмай, жаудың бір жағы ат қойып, ұрыс ашып жібереді. Бұл үлкен айып болып саналады. Артынан бітімге келгенде бұл кінә еске алынады.

Қарашың батыр қара арғымағының үстіне анандайдан қара шыңдай боп майдан ортасына кеп, айбарлы үнмен айқай салды.

— Шық бері жекпе-жекке! Жаныңнан безген қайсың барсың!

— Мен бармын! — деді Қамбар батыр астындағы қара сирақ тұлпарын тебіне түсіп, алға қарай ұмтыла беріп.

— Тоқта! — деп ақырып жіберді дәл осы сәтте шудалары жерге түскен аппақ бураның үстінде отырған Бұрындық. — Жол менікі! Аға тұрғанда іні алға шықпас болар!

Аға бұйрығына іні көну — қазақтың көне салты. Қамбар батыр атын кенет тежеп тоқтай қалды.

Бұрындық көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қолдары кескен томардай, шойын денелі балуан жігіт. Басы шарадай, қара сұр, жуан қара мұртын Ғазірет Ғалидай екі құлағына апарып іліп қоятын. Түнде көрген адамның жүрегі жарылатындай түсі суық. Бала жасынан сотқар, соғыс құмар. Оның жауымен ұрысқанда ең жақсы көретіні — ақ бурасына мініп алып жеке шығу. Ақ бураны ол бота күнінен жауға салып үйреткен. Өзі де өзге буралардан анағұрлым биік. Шапқанда жылқы баласының ілуде біреуі ғана ілесе алады. Бұрындықтың көркі осы ақ бурамен. Әсіресе атты адамды көрсе жыны бар. Ат үстінен аузымен жұлып алып, табанының астына салып, тарпып тастауға мықтап төселген. Кейде жерге құлаған батырдың үстіне шөге қалады да астындағы адамның сүйегін бытырлата сындырып, мылжа-мылжасын шығармай үстінен тұрмайды. Жекпе-жек шыққан батырдың үстінен Бұрындық екі құлаш қайың шоқпарымен қос қолдап ұрса, бұл жерге құлаған батырды жаныштап тарпып өлтіреді. Мұндай астындағы бурасы мен үстіндегі батыры қатар қимылдайтын жаудан жекпе-жек шыққан адамның күні бұрын зәре-құты қалмайтын. Оның үстіне ақ бура Бұрындықтың жауына қандай тәсіл құратынын алдын ала ақылдасып қойғандай, жауға шапқаннан-ақ үстіндегі батыр ыңғайына қарай көшетін. Тарпитын жерінде тарпитын, тістейтін жерінде тістейтін. Ал Бұрындық егер жауын құр аттан түсіріп кететін ойы болса, ақ бура ашуға мінбейтін, тек үстіндегі батырдың әуеніне қарай қимылдап, дегеніне көне беретін. Бұрындық ақ бурасына мініп жауға қарсы шықса жұрт «Тентек қара жынына мінді, енді жолымыз болар» дейтін.

Бұрындық міне осы ақ бурасына мініп, Қарашыңға жекпе-жекке шықпақ! Ал Қарашыңның қандай батыр екені жұртқа аян. Оң қолымен өзіне қарсы сілтенген сойыл шоқпардан қорғана білсе, сол қолындағы жүзі ұстарадай сала құлаш алдаспанымен жауының астындағы тұлпардың мойнын қағып тастайтын әдеті. Бұған тек ұрысқанда дәл осындай тәсілі бар, қара сирақ атты Қамбар батыр ғана төтеп береді. Және қара сирақ тұлпардың мойын тұсы кереге көз шынжыр сауытпен торланған. Ал ақ бура қанша айбарлы болғанмен де, сауыт жабылған тұлпар емес, сілтегені мүлт кетпейтін Қарашың батыр оның сидиған мойынынан басын бір-ақ қағып түсіруі мүмкін. Жоқ, бұл жекпе-жек айқасқа Қамбар батыр жөн еді.

Бұрындықтың Қарашың батырға қарсы шықпасқа лажы жоқ-ты. Оған деген елінің кегінен де бөтен, өзінің де кешпес өшпендігі бар.

Қарашыңның Тоқтар-Бегім деген қарындасы болатын. Көгал шөптің арасында жалғыз өскен қызғалдақтай, басқа қыздармен келе жатса анандайдан көзге түсер көркем. Оның үстіне ағасы Қарашың Әбілқайырдың аса бір ардақты батыры болғандықтан, анау-мынау адамды менсінбейтін тәкаппар, өр мінезді де, Бұрындық осы қызға Әбілқайыр қол астында жүрген кезінде ғашық болған. Қыз онда он үш жасар-ды. Бұрындық оған көңіл қосайық деп жеңгетай салған. Қыз: «Кескен томар секілді Бұрындық менің теңім емес», — деп жауап берген. Намысқа шапқан Бұрындық әкесі Керей сұлтан арқылы «қарындасын маған тоқалдыққа берсін» деп Қарашыңға құдалар жіберген. Әбілқайыр хан мен Жәнібек, Керей сұлтандардың арасының нашар екенін білетін Қарашың: «Қарындасымды Ташкенттің бір бекзадасы айттырып қойған» деп бермеген. Артынан, Жәнібек пен Керей Әбілқайырдан бөлініп көшіп кеткеннен кейін, осы Тоқтар-Бегімді өзінің қарамағындағы қыз ұнатқан бір жас батырға қосқан.

Осыған өшіккен Бұрындық: «Қап, бәлем Қарашың, қан майданда бір кездесерсің!» деп жүргенінде мына айқас дөп келді. Бұрындықтың көктен сұрағаны жерден табылды. Кекшіл батыр мұндайда өш алмай бұғып қала алар ма! Қамбар батырды тоқтата сап, өзі ақ бураны тебініп қап «шу!» деді.

Сала құлаш мойнын төмен тастап жіберіп, шудалары желкілдеп, аузынан көбік атып ақ бура тайраңдай шаба жөнелді. Өзіне қарсы түйелі Бұрындықтың шыққанын көріп Қарашың да ұмтылды. Бұл алыптардың айқасы еді. Бір жағында қара жартастай қара арғымақ мінген Қарашың. Екінші жағында көбік шашқан ақ бура мінген, айдалаға отырғызып қойған балбала тәрізді абажадай Бұрындық. Жұрт мұндай алып денелі батырлардың айқасының немен тынарын білмей, демдерін іштерінен алып жым-жырт тына қалған.

Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. «Бұ қалай?» деді ол ішінен, сөйтті де сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге таяса болғаны, ирелеңдеген мойнын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқталмастан орағыта бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды. Алдаспанын сілтегенше шауып келе жатқан екпінімен Қарашыңды кейін тартқан қыл арқан заматта тынысын тарылтып, аттың артына қарай аударып әкетті. Бірақ ер үстінен сырғып кетпес үшін, қарасанынан мықтап шырмаған қыл шылбыр жібермеді. Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады. Кенет кейін қарай кілт тартқан күшке шыдай алмай барып жерге күрс етті. Қыл арқанды тақымынан өткізіп, ақ бураның алдыңғы өркешіне байлаған Бұрындық ай-шайға қарамай, орағыта, өз тобына көкпар алған адамдай «Аруақ! Аруақ!» деп айқайлай шапты. Басына киген тор дулығасының етегі алқымына түскен қыл арқанның мойнын жұлып әкетпеуіне себеп болған Қарашың батыр, екі қолымен жанталасып жерді сыйпай, ат-матымен сүйретіле жөнелді. Осының бәрі көзді ашып-жұмғандай уақытта өтті. Алып күш алыптығын көрсетті. Шап-қан бойы Бұрындық өз шебіне жеткенде, үзіліп кеткен ер-мерімен шұбатыла сүйретіліп келе жатқан Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді. Қарашың құлаған жерге таяу тұрған Қасым атынан секіріп түсіп, қыл арқанды наркескенімен орып жіберді.

Бұрыннан да қазақ жағының күші басым екенін байқап, жүрегі дауаламай тұрған Шайх-Хайдар, бас батыры Қарашыңның мұндай апатқа ұшырағанын көріп, енді шыдай алмады, атының басын бұрып алып кейін қарай шапты. Құбыжықтан машайық қашқан, қолбасшыларының өзі атын кейін бұрғасын, жауынгерлері де соңынан ерді. Қарашыңның әлегімен сәл көңілдері басқа жаққа ауған қазақ батырлары, жауының жапа-тармағай кейін шегініп бара жатқанын көріп, лап қойды. Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақал-теке, теке жаумыттар бұларды қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу адамын сойылға жығып түсірді. Қалғаны ұзай берді. Бұдан әрі қуу қажет емес деп түсінген өзге батырлар атының басын тартқанмен, қызып алған алуан күштің иесі Қобыланды батыр тоқтай алмады. Жеткен жігіттерін тірсектен сойылмен бір ұрып, жерге құлатып, жау соңынан қуа түсті. Қобыландының жалғыз шауып келе жатқанын көрген сұлжық түрікменнің елу шақты сойылкер батыр жігіттері кенет аттарының басын кейін бұрып Қобыландыға қарай ат қойды. Жан-жағынан қоршап, ортаға ап қыса бастады. Көкжал қасқыр қанша арлан болғанменен, жан-жағынан жұлқылай түскен өзіндей кілең көк бөріге не істей алады? Қобыландының да халі осы көкжал қасқырдай еді. Қанша алысқанмен де көпке топырақ шаша ала ма, күші де баяғы жас кезіндегідей емес. Енді ажалдың таяу қалғанына көзі жетті. Дегенмен күші азая бастаса да, ол сойылын оңды-солды сілтеп, қасына жауын тақа жуытпай тұр. Бірақ бұл алыс ұзаққа бара ма? Ол анда-санда арт жағына қарап қояды. «Көп кешікпей өзі оралар» деп ойлаған серіктері мұны іздеп келе қоймады. Хал мүшкілге айналды. Қарашыңды жауына түсіртіп алған сұлжықтар, оның орнына Қобыландыны байлап әкетпек болды. Олар асау ұстаған жігіттердей, жан-жақтарынан қоршап, арқандарын Қобыландының мойнына лақтыруға ыңғайлана берді. Қалжырауға айналған Қобыланды енді өзінен дәрмен кетіп бара жатқанын түсінді. Намыстан да жан тәтті. Қобыланды батыр бір мезет атының басын кейін бұрып, қоршауды бұзып шығып, қашып құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау шебін үзбек боп кейін шапты. Қобыландының айбарынан сескенген жігіттер қақ айырылды. Қобыланды орталарынан зырғытып өте берді. Бірақ өте алмады, екі жағынан лақтырған арқан мойнынан бірдей түсті. Ырғи жөнелген Киіккетпестің үстінен сыпырып жерге дүңк еткізді. Аспан-көк шыр айналып кетті. Құлап бара жат- қанында құлағына жеткені ат дүбірлері мен «Ақжол! Ақжол!» деген айқай ғана еді. Ар жағында не болғанын өзі де білмеді. Тек көзін ашып, есін жиып, орнынан ақырын түрегелгенінде, алдында күлімсіреп қарап тұрған жас жігіт пен алтын зерлі жұмсақ сауыт киген, құралай көз сұлу келіншекті көрді. Арада сегіз жыл өтсе де, бұл екеуін Қобыланды бірден таныды. Шатыраштанып жасыл төккен мырза қарағай тәрізді сұңғақ бойлы сымбатты жігіт батыр Саян болатын. Ал қасындағы келіншек, оның жұбайы Әбілқайырдың туған қызы Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім еді.

Батыр Саян баяғы Сейхун дарияның жағасында Әбілқайырды жолбарыстан аман алып қалғаннан кейін, өзі секілді күштілерден қорлық көрген жүзге тарта батыр жігіттерді жинап, аламан болып кеткен. Сейхун мен Жейхунның арасында қасқырдай жортқан. Талай шонжарлардың малын шауып, Мауреннахр мен Түркістан арасында көшкен сан саудагерлердің керуенін тонаған. Ақырында Жетіқоңыр маңайында қазақ рулары бас қосып жатыр дегенді естіген. Енді аламандықты тастап, бір кезде өзін өлімнен құтқарған нағашы жұртына қосылмақ боп, қасындағы жүзге таяу серіктерімен, бес жасар баласын алдына отырғызып, Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім сұлуын ертіп жолға шыққан. Құмға өскен қалың сексеуіл арасында келе жатып, Қобыланды батырды қоршаған сұлжық түрікмендердің жігіттерін көрген. Қобыландыны аналар аттан құлатып, байлап жатқан кездерінде Арғынның ұраны «Ақжолдап!» айқайлап, шабуыл салған. Қазақтың көп сыпайлары жетіп қалған екен деп ойлаған сұлжықтар, қарсыласуға батылдары бармай, Қобыландыны тастап қашқан. Өздері жолаушылап алыстан талып келе жатқан батыр Саян жігіттері оларды қумаған.

Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін-өзі ақылмен тоқтатты. Бір кезде өзі өлімге қиған батыры, енді бұны ажалдан алып қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды — қамыс, ерді намыс өлтірер» болса, да батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді.

— Қарағым, батыр Саян, ер шекіспей бекіспейді. Сен екеуміз шекістік. Айып менен, — деді. — Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім.

— Мен де кешірдім, — деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп.

Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы кезде Қырымды аралап Асан Қайғы жырау оралды. Бастығы Жәнібек боп бүкіл қазақтың ардақты батыр, биі қарт ақынды кілемге көтеріп қарсы алды. Өзіне арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды.

Осы тойдың нағыз қызып жатқан шағында, бір өліп тірілген, қараша күркеде сирағы сыртқа шығып шынжырлаулы жатқан Қарашың батырға Бұрындық келді.

— Қарашың батыр, — деді ол айтайын деген сөзіне бірден кірісіп. — Егер жаныңды сауға етіп, еліңе жіберсін десең менің шартымды орында.

— Қандай шарт?

— Тоқтар-Бегім сұлуыңды маған тоқалдыққа бересің. Сонда босатам.

— Ау, оның байы бар емес пе? Және былтыр бөпелі болған.

— Байынан айыр. Баласын байына қалдыр, не өзің асыра. Шешесін маған бер.

— Бұл мұсылманның сөзі емес.

— Сенің қарындасыңа мен мұсылман емеспін. Өзінің қылығына қарай кәпірмін.

— Жоқ, Мұқамет пайғамбардың дініне қарсы болар күнәға мен бара алмаймын. Одан да менің басымды ал.

— Маған сенің басың емес, қарындасың керек.

Бұрындық ертеңінде де, арғы күні де келді. Есіл-дерті кеше өзін менсінбеген Тоқтар-Бегімді қатын етіп, өшін алу болды. Қарашыңның «Тоқтар-Бегімнен де сұлу тағы бір қарындасым, екі қызым бар. Соның бірін ал» дегеніне көнбей қойды. «Не өзіңнің қаныңды ішем, не Тоқтар-Бегімді қатын қылам деді, қаныңды бірақ асықпай ішем, күніне бір қасықтан ғана ұрттаймын».

Түбі құтыла алмайтынын білген Қарашың ақырында еліне, аға-інілеріне кісі жіберді. Тоқтар-Бегімді Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өзін құтқаруды сұрады. «Құдыс батыр Тоқтар-Бегімнің сіңлісі Ажар бике мен өзімнің екі қызымның таңдағанын алсын», — деді.

Шайх-Хайдардың жорығы тек Бұрындық сұлтанның ғана мұратына жеткізіп қойған жоқ, бүкіл қазақ руларының мұратына жетуіне себепкер болды. Жи-налған батыр, билер енді қазақ руларының сөзсіз бірігуі керек екенін, егер бірікпесе Әбілқайыр хан, не басқа бір хан оп-оңай құл ететінін ұқты. Хан кеңесі қайтадан мәжіліске отырды. Барлығы келешекте үш жүзге бөлініп, бір ханға бағынуды мақұлдасты. Іштей наразы болғанмен де, Темір би де бұған сырттай қарсы болмады. Ұлы жүзге — аға рулар Үйсін, Дулат, Жалайыр, Орта жүзге жер ыңғайына, әдет-ғұрпы, салтына қарай Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты. Кіші жүзге Еділ мен Жайық бойын жайлаған Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жетіру кірсін десті. Бірақ бұл үш жүзге бөліну мәселесі бұ жолы аяқталмады. Арада талай толқу болды. Тек осы мәжілістен алпыс жыл өткеннен кейін, Қасым ханның баласы Хақназар ханның кезінде ғана бүкіл қазақ рулары ақырғы бітімге келді. Үш жүз боп үш орда тікті. Ал, ол жолы күрделі басқа бір мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан Қайғы әр рудың белгісі етіп таңба үлестірді.

— Үйсіннен шыққан бабамыз Майқы би Шыңғысханның кезінде-ақ — деді саудыраған жағын жібек орамалмен таңып алған қарт жырау. — Қазақ деген атты ту етіп көтерген екен, Үйсін руының таңбасы жалау болсын.

Отырғандар бір ауыздан дұрыс деп мақұлдасты. Хан төлеңгітінің бір зергер жігіті қолына балға мен тескіш алып Қаратұздың күңгірт нұрасына жалау белгісін түсірді.

— Жер аймағының айналасы алты айлық, — деді Асан Қайғы сәл жұмылып кеткен көзін ашып. — От ортасында қалың Арғын елі… Арғынатаның белгісі көздесем көңілім көншігер.

Отырғандар бір дауыстан тағы да дұрыс деді. Шебер тағы да қолына бал- ғасы мен тескішін алды.

Халқымызға жау тисе ең алдыменен атқа қонған жау жүрек Қыпшаққа айбалтаны таңба етелік — деді қарт жырау.

Осылай дәлелдермен Асан Қайғы қазақтың сол кездегі басты қырық руына таңба үлестірді. Бұл қырық таңба сол күні Нұраның Қаратұзының жарына түсірілді. Халық бұл жерді сол күннен бастап Нұраның таңбалығы деп атады. Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады. Содан кейін барып келесі жаз шыға, қалың қол жинап Орысханның кезінде Ақ Орданың астанасы болған Сығанақтан бастап бүкіл Түркістан жерін жаулап алмақ болып, уәделесіп, ру бастықтары тарасты. «Басымыз бірігіп ел болдық, хан көтердік» деген ру біткеннің игі жақсылары, қараша адамдары мәз-мейрам еді. Тек Алшын адамдарын басқарып келген Темір би ғана қабағын ашпады. Оның қабағы өле-өлгенше ашылмай кетті. Ол соңынан Жәнібектің үшінші баласы Қасым хан бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін алып, Еділ, Жайық бойындағы Кіші жүздің бар руларын өзіне ақылмен бағындырғанын көзімен көре алмады. Бұл кезде Темір би дүние салған. Бірақ тірісінде де қарсы күресуге дәрмені жетпеді, өйткені бар қазақ ел болып бас қосуды тілеген.

Үш күннен кейін Хан Ордасы Шу, Сарысу бойындағы қыстауына қарай көшті. Бұрындық сұлтан Талас етегіндегі қыстауына келіп қонған күні, Тоқтар-Бегімді алып Қарашың батырдың аға-інілері келді.

Қарындасын баласы мен ерінен айырып Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өз басына еркіндік алып, Қарашың батыр еліне қайтты. Бірақ Бұрындыққа деген өле-өлгенше өшпейтін кегін жүрегінде ала кетті.

Сол күні кешке Бұрындық жас тоқалы Тоқтар-Бегімге арнап тігілген ақ отауға келді. Үй ішіне шұлғауының шуаш иісін мүңкіте, жуан қоныш саптама етігін шешіп жатып, түрулі шымылдықтың ішінде, ақ мамық құс төсектің үстінде отырған, сазды жердің сары ағашындай, нәзік денелі жас тоқалына көз қиығын аударды.

Оның сұп-сұр болып қатуланып кеткен жүзінен, өзін жек көретінін жасырмай жалын атқан ашулы көз қарасынан, сүйіп қосылған байы мен бауыр етінен де тәтті екі жасар баласынан айырған Бұрындықтың күнәсін еш уақытта кешірмейтінін білді. Сұлтан ләм-мим демей, қолын созып, күміс бақан жанында отырған үкідей тарғыл мысықты ұстай алды. Кенет мысықтың «шар» еткізіп мойнын бұрап үзіп жіберді де, заматта қолын қол, бұтын бұт етіп, жұлып-жұлып быт-шытын шығарып, түндіктен сыртқа лақтырып жіберді. «Егер айт- қаныма көнбесең, сені де өстем!» дегендей ол Тоқтар-Бегімге қайта қарады. Жаңа ғана шатынап отырған тоқалы «түсіндім» дегендей, Бұрындықтың бетіне көзін тоқтата алмай, төмен түсірді. Сұлтан езу тартып сәл күлімсіреді.

Сырт киімін шешіп тастап, бір төбе тастай боп ақ мамықтың үстіне барып отырды. Талдырмаш денесінің бір жерін ауыртып алармын деп қорықпай, добалдай қолдарымен жас тоқалының үзіліп кетуге таяу тұрған аш белінен ай-қара құшақтап, бауырына алып қысып, сәл уақыт үнсіз тына қалды.

— Егер жақсы қатын бола алсаң, өткен күнәңнің бәрін де кешірем, — деді ол, сөйтті де жас тоқалын құшақтаған қалпында ақ мамықтың үстіне жантая берді.

Бір жыл өткен соң осы тоқалынан, кейін Қасым ханнан қашып барғанында пана берген, Самарқант ханы Мұхамед-Шайбанидың кіші інісі Мұхамед-Темірханның әйелі болған Жауһар-Бике деген қыз туды.


ІІІ


Келесі жазда Жәнібек уәделескен әскерлердің келуін күтіп Арқаға көшпей қалды. Бірақ күткен әскері келмеді. Жайық, Еділ, Жем бойын жайлаған Кіші жүздің ойы жаңа құрылған қазақ хандығына өз үлесін қосу болса да, оның осы жазда ар жағындағы Ноғай Ордасы мен Қазан хандығының дүрбелеңі көбейіп кетіп, өз жер-суын қорғаудан қолы босамай, небары бес жүз жігіт жіберген. Бірақ бұл келгендер садақ таңбалы Адайдың батыр жігіттері еді. Торғай, Ор өзендерін жайлаған Қыпшақтар да жарытып жасақ жібере алмады. Қобыланды батыр қыс бойы төсек тартып науқастанып, қарамағындағы елді басқара алмады. Соның салдарынан жұрт өзі қызығын көрмеген хандықтың болашағына жөнді мән бермеді. Расында сонау дүниенің бір шетіндегі Еділ, Жайық, Торғай бойында жатқан қазақ руларын Шу мен Сарысуға келіп, Түркістанды жаулауға шық деу үстірт қараған адамға қиын тілек еді. Алайда таяу тұрған Қазан, Ноғай, Қырым хандарына бағынудан гөрі, Еділ, Жайық бойын жайлаған рулар, алыс болса да, ғасырлар бойы жауларына бірге аттанған, тілі, тағдыры, шаруашылығы бір қазақ хандығына қосылуды таңдаған.

Жалғыз алыстағы Кіші жүзден ғана емес, өзіне тән Арғын, Найман да бұл жолы мол әскер шығарған жоқ. Мұндай жағдай Арғын, Найман билерінің өзара ала ауыздығынан туған-ды. Сол жылы көктемде тоқсанға келіп отырған Арғын би дүние салған. Арғынның ардақты көсемін қоюға бұл рудың игі жақсылары жиналған. Қаралы қазаға көңіл айтуға, сонау Қорасаннан бірнеше күн жол шегіп, Хорезм уәлиетінің әмірі Сұлтан Хусаин мырза келген. Сұлтан Хусаин әмір ол күндегі Арғын руынан шыққан атақты адамның бірі болатын. Аталары Иранның шахы Құлағудың бас басқақтары болып бүкіл Шығысқа аты шықса, өзі Қаракөлдің әмірі тағына отырып, Хорезм уәлиетін басқарды. Сұлтан Хусаин әмір Арғын би еліне тарту-таралғысымен бірге, ел бірлігін бұзар арам ойын да ала келді. «Жәнібек хан үшін Арғын руының Түркістанды аламын деп қырылуының қажеті жоқ. Егер қысы-жазы малдарыңа жайылым болатын жер іздесеңдер, Қорасанға көшіңдер, кең өріс, мол қоныс берем. Сауда-саттығыңа да қолайлы. Ар жағында Ирак, Иран, Ауғанстан да алыс емес» деді ол қырқын беруге жиналған Арғынның би, батырларына. Арғын руы Арғынаты тауынан асып көшпегенімен де ел басы — Арғын биінен айырылған жұрт судай тол- қып, сеңдей соғылысты. Осындай бәтуасыздықтың арқасында Есіл, Тобыл бойындағы түпкі Арғын руы жартымды бәлендей жасақ бере алмады. Ал, Найман, Керей болса, бұ жылы өзіне Амансанджи тайшының кезекті шабуылына қарсы шығудан қолы босамады. Бұл шабуылға қатыспайтын Мауреннахр жеріндегі Керей, Наймандар Әбілқайырдың сенімді адамдарының бірі Қожа-Уали бектің айтқанынан асып кетпеді.

Міне, осындай халге ұшыраған Найман мен Керейдің де Жәнібекке ойдағыдай көмек көрсету қолынан келмеді.

Ақырында Жәнібек хан өзіне еріп көшіп жүрген үш жүз мың шаңырақ Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Үйсін, Уақ және Бестаңбалы руларынан отыз мыңдай ғана әскер жинай алды. Мұндай әскермен кімді шабады? Бұл кезде бір Әбілқайырдың өзінде жүз мың атты әскер бар. Ал, елінің шетіне күнде тиіп отырған Қытайда, Торғауытта қанша күш бар екені кімге мәлім? Күншығысы мен оңтүстігі мұндай ауыр жағдайда болғанда, күнбатысы мен терістігі жетісіп тұр ма? Құбыласында Жошы ханның бір бұтағы Астрахань мен Ноғайлы хандарында қанша қол бар? Ар жағында Қырым ханы атақты Меңдігерей мен Қазан ханы Ибрагимның елі тұр. Бұлардың бәрі де Дәшті Қыпшаққа дос емес. Ал Жәнібек болса отыз мың әскермен аузынан жалыны атқан Әбілқайырдан Түркістанды тартып алмақ. Жоқ, Жәнібек, сен өзіңнен күшті арыстанмен алыс- қың келсе, ең алдыменен бел омыртқаңның үзіліп мерт болмайтын жағыңды ойлауың ақыл. Ал мұратқа жетудің екі жолы бар. Бірі — күшің қазір шағын екен, онда өзің секілді Әбілқайырға қастардың басын қосып, майданға солармен бірге шық. Әрине бұл оңайға түспейді, бірақ қайткенмен де құм жиылып тас болуға тиісті. Ал екінші жолы — Әбілқайырмен алыспастан бұрын әбден күшейіп алуың шарт. Мұның да жалғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек. Бұл екеуінсіз Көк Орда ханының жерін тартып алу қолыңнан келмейді.

Ал қас дегенде Әбілқайырға қас кім бар? әрине ең алдыменен өз тұқымы Сайбаннан тараған Қожа-Мұхамед ханның немересі, Махмудек ханның баласы Айбақ хан. Жатса-тұрса ойы Әбілқайырдың орнын басу. Содан кейін Әбілқайырға еріксіз көнген Маңғыт руынан шыққан Ақсақ Темір Ордасының әмірлері Аббас бек, Мұса бек, Жаңбыршы бек, Моғол Сұлтан-Махмуд хан, Жақия, Хайдар бектер.

әрине, осы күштің бәрі жиналса, оған Жағатай ұрпағы Сұлтан-Махмұд ханның інісі, Кішік Мұхамедтің баласы Ахмет ханның әскерін қосса бір Әбілқайырға күштерінің жететінінде сөз жоқ. Бірақ бұлардың бірде-біреуіне сенуге болмайды. Өз пайдасына қарай, оп-оңай сатып кетулері даусыз. Күшті болғың келсе баяғы бар Дәшті Қыпшақты тегіс қолыңа алуың мақсат. Өз іргең сөгілмей, берік отыра алатын күйге жетсең, қандай жаумен болса да алыса аласың.

Осындай шешімге келген Жәнібек енді бүкіл қазақ руларын өзіне бағындыру әрекетіне кіріскен.

Қарамағындағы қазақ руларын хан Ордасы шығыны мен әскер ұстау үшін алым-салық, қаржы-қаражат төлейтін етіп әбден бағындырғанша тағы жыл жарым өтті. Бірақ осы жыл-жарым қандай қиыншылыққа түсті! Дастарқанға төгілген бауырсақтай жайылып, жапан түзде біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке бытырап көшіп жүрген қазақты ел етіп біріктіру үшін қаншама тәсіл, қаншама күш қолданылмады! Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па! Бері көш десе, әрі көшкен ауылдардың басына хан нөкерлері сырық ойнатып, сырмағын жүндей түтті емес пе? Қаншама мал барымталанып алынды! Қаншама ел ата мекен жерін тастап, жаңа қонысқа қонды!

Жәнібек осының бәрін неге істеді. Бұлай ету оған оңайға түсті ме? Сол үшін де Қотан қарт өлер алдында:


«Жәнібектің сырты ғана күлкі-әзілді паш еткен.

Мезгілі көп оңаша қап жас төккен» —


деп бекер айтқан ба? Ал сонда өз елін өзі қанға бояғаны жөн бе? Бұл Жәнібекке қатты батты. Кей күні құса боп, төсек тартып жатып та қалады. Өз бетімен тағы болып өскен руларды айтқанына көндіре алмай, кейде тарығатын да, тіпті бағзы бір жағдайда соңынан ерген аяулы адамдардың орынсыз қылығына жаны күйіп, оңашада қалың қайғыға беріледі. Бірақ хан Жәнібек бір хадисті жақсы түсінетін. Тоғай арасында өскен күйкі шөп малға ас болмайды. Ал қыршын, қопа арасындағы шытыр, көкпек малды тек апатқа ұшыратады. Сол себепті ел бірлігіне кесірі тиетін жанды Жәнібек өз аузынан үкім айтып, дарға астырса өкінбейді, мұндайда ол табансыздық көрсетпейді. Өйткені үлкен арман құрбандықсыз орындалмайды — бұл ханға да белгілі қағида. Осындай қатаң саясаттың арқасында Жәнібек далиып жатқан Дәшті Қыпшақ даласын тегіс өзіне қаратпақ болды. Содан кейін барып ол қазақ хандығына Түркістан өлкесі мен Еділ өзенінің бойындағы Кіші жүздің асау руларын бағындырсам деген ізгі мұратына кірісуді ойлады.

Мұндай шешімге келген Жәнібек, ең алдымен өз ойын ағасы Керей балалары мен өз балаларының таразысына салмақ. «Бар ауыр қанды жорықты қай тұстан бастау керек? Күншығыстан ба, күнбатыстан ба?»

Жошы ұрпағы, Бадықтан туған Орыс ханның жеті ұлы болған; Тоқты-Қия, Құтлық-Бұғы, Тұғылық-Болат, Құйыршық, Тоқта-Болат, Сейдахмет, Сейтәлі.

Тоқты-Қиядан — Болат, Болаттан — Керей.

Құйыршықтан — Барақ хан, Барақ ханнан — Жәнібек.

Сөйтіп Жәнібек пен Керей бір атадан шөбере туыс.

Керейдің төрт баласы бар: Бұрындық, Шайхым, Санджор-Жақан, Жақан-Бахты.

Жәнібек ханнан тоғыз бала: Жиренше, Махмұт, Қасым, әдік, Жаныш, Қамбар, Тыныш, Ұснақ, Жәдік.

Шөбере туыс Керей мен Жәнібектен тараған осыншама баладан ата жолын қуып жауға шабар әке жолын қуып баққа таласары алтау. Керейден — Бұрындық, Жәнібектен — Махмұт, Қасым, Қамбар, әдік, Жәдік.

Қазақ ханының тағына ие болар деп Жәнібектің әсіресе үміттенері Қасым. Қасым қазір жиырма алтыда. Ұзын бойлы, кең жаурын, қара торы пішінді жігіт. Қалың қабағының астынан үлкен қоңыр көзі адамға әрқашан да ойлана қарайды. Он бесінен көкпарға, күреске түскен. Әзірге жамбасы жерге тимеген балуан. Жау жүректігі мен ақылдылығына қарап, хан болуға лайық, әрқашанда сабырлы деп ойлайтын Жәнібек. Қасымды ханның өзге балаларынан артық көрер тағы бір себебі бар. Қасымның шешесі Жаған-бике Жәнібектің жеті қатынының ішінде ең жақсы көрер бәйбішесі. Одан туған бала да ханға ерекше ыстық. Жағанды Жәнібек құр ғана жақсы көрмейді, оныменен санасады, ерекше сыйлайды. Ал Әбілқайыр ханның келіні, Шах-Будақтың әйелі Аққозы-бике Жағанның туған апасы. Аққозы мен Жаған Алтын ханда[49] көшпелі Керей руының белгілі батыры Домбалықтың апалы-сіңлілі қызы. Жағаннан Қасым туса, Аққозыдан Әбілқайыр ханның ең жақсы көрер немерелері, соңынан бүкіл Орта Азияны жаулап алған Мұхамед-Шайбани хан мен Махмуд-Сұлтан туған.

Әбілқайыр мен Жәнібектің арасындағы қанды ұрысты өшпендікке қарамай, кезінде бүкіл Шығысқа аттары шыққан қос сұлу Жаған мен Аққозы біріне-бірі тарту, таралғы, кісі жіберіп сыйласып тұрған. Аралары балдан тәтті тату. Оның үстіне Қасым да, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан да Шыңғыс әулетіне жатпайтын, шешелерінің айтқандарын екі етпейтін мінез көрсеткен. Бұл әрине балаларын жастайынан өздерін сыйлайтын етіп өсірген аналарының қасиеттерінен туған ерекшелік.

Қасымның осындай жағдайын білетін Жәнібек, баласымен әңгімелескенде әрқашанда бәйбішесі Жағанды ала отыратын. Ал Жәнібек соңғы кезде Қасыммен жиі кездесетін болды. Оған себеп — ханның өзге ақылгөй үзеңгілес би, батыр серіктерінен гөрі, Қасымның қиын мәселелерде әкесіне анағұрлым дұрыс кеңес беруінен еді.

Күндегі әдеті бойынша, шаңқай түс шамасында хан Ордадан шығып, бәйбішесі Жағанның оқшаулау тігілген, шағаладай аппақ екі кигіз үйден кіндіктесе көтерілген ақ ордасына беттеді. Бұл кез көктем бітіп, жаз жадырай бастаған мезгіл еді. Хан Ордасы Сарысудан Ұлытау етегіне көшіп келген. Әлем сандықтан күн көзіне алып шыққан жанат ішіктей құлпырады. Жаңа көтерілген көк балауса жасыл шалғын көкірегіңді жарғандай жұпар аңқиды. Тау қойнауынан төмен қарай сарылдай аққан мұздай бұлақтардың мөлдір суы күн сәулесімен шағылысып, жерге тастаған күміс белбеудей жалт-жұлт етеді. Бұлақ жағаларында бұйралана өскен құба талдың басына қонып алып, бұлбұл құстар не бір тәтті әуенге сап ән шырқайды. Жәнібек әлемнің осынау бір ғажайып суретіне сұстана қарап сәл кідірді де, ақ орданың есігін ашты. Ханның келетінін күтіп, үйдің ортасындағы қызғалдақтай кілем үстінде алтын шарадағы уыз қымызды сапырып отырған Жаған түрегеліп, иіліп сәлем етті.

— Арсың ба, Жаған бикем?

— Барсың ба, хан ием.

Есік алдына күмістенген кебісін тастап жатып, хан әйеліне сұқтана қарады. Жаған қара торының сұлуы еді. Сұңғақ бойлы, оймақ ауыз, көген көз. Екі бала тапса да қыпша белі әлі де жіп-жіңішке. Қақтаған алтыннан жасалған ауыр шолпысы жерге тартып тұрғандай, білектей етіп өрген қос бұрымының ұшы шұбатылып кілем үстінде жатыр. Меруертпен шытырмалап, гауһар таспен безеген қызыл мауыты сәукелесі, аш белін қынаған алтын оқалы қызыл бар- қыт камзолының түсін ашқандай жарасып тұр. Жаған иген басын әлі жоғары көтерген жоқ. Сонау бота көзін жауып тұрған ұзын кірпіктері найзадай Жәнібектің кеудесіне келіп қадалғандай. Жәнібектің қырықтан асқанға дейін сан айқаста мызғымаған тас жүрегі, кенет қолға түскен торғайдай тыпырши қалды. Хан көз алдында осы Жағанмен алғашқы кездескен шағы елестеп кетті.

Жәнібек жиырмадан жаңа асқан тұсында. Жазтоқсанның нағыз сарша тамыз ыстық кезінде Шах-Будақ сұлтанның серігі боп қырық жігіт құдаларды басқарып Алтын хан патшалығына барған. Әбілқайыр ханның баласының жанына ерген әнші, күйші, батыр, балуан, мерген, құсбегі — кілең өнерлері тасыған өрендер. Домбалық батыр сол маңда көшіп жүрген ең беделді рулар — Қытай, Найман, Керейдің бас батыры еді. Оныменен Цзинь богдаханы да, көршілес Ойрат қонтайшысы Исентайшы да мықтап санасады екен. Жәнібек бастаған Шах-Будақ тобы Теріскей Тарбағатайды жағалап Зайсан көлінен өтіп, Алтай тауының күнгей жағына шықты. Қалың Найман, Қытай, Керей тайпа елін көктей басып, үшінші тәулікте Домбалық аулына жетті. Бұл ауыл Қыдыркөл жағасына кеше ғана келіп қонған екен. Қамысты көлді жағалай кілең ақ шағаладай кигіз үй тігіліпті. Көк майса, жасыл шалғын белуардан келеді. Арғы қабағы қарауытып қана көрінген шалқар дария, көгілдір көлдің ақ айдынында сыңсыған қаз-үйрек, сыбызғыдай сызылған қоңырқай аққу әні алыстан талып естіледі. Көлдің қамысы аз күншығыс жағынан, сонау алыстағы белеске қарай өріп бара жатқан қарақұрым жылқы көрінеді. Шах-Будақ сұлтанның келе жатқанынан күні бұрын хабардар ауылдың қыз-келіншек, бозбалалары құдаларды көш жерден қарсы алды. Жәнібек Шах-Будақтың қалыңдығы Аққозыны бірден таныды. Қарсы алған ауыл қыз-келіншегін қырағы көзімен бір шолып өтіп еді, дәл осы ауылға бұл жалғанның бар сұлу қыз-келіншегін жинағандай екен. Ал Аққозы солардың ішінде топ қоңыр қаздың арасындағы аққу тәрізді. Сұңғақ бойлы, аққұба мөлдір көз бір керемет. Басындағы алтай құндызынан тіккен шоқ үкілі камшат бөркі де, үстіндегі дүрия шәйі қос етекті көйлегі де, белін қынай киген қамқа ішігі де, гауһармен безенген алқасы мен аяғын басқан сайын қоңыраудай сылдыр қаққан қақтаған алтын шолпысы да басқалардікінен анағұрлым қымбат, өзгеше. Қыздың сырт бейнесін көргеннен-ақ Жәнібек Домбалықтың атақты сұлуы Аққозы осы екеніне шек келтірмеді. Енді ол қалған қыз-келіншек арасынан Аққозының сіңлісі Жаған бикені іздей бастады. Былтыр Аққозыға құда түсе келген Әбілқайыр адамдарынан Жағанды Аққозыдан сұлу болмаса, кем емес деген лақапты естіген. Қарсы алдында тұрған қыз-келіншектің ішінде Аққозыға көркемдігімен пара-пар келетін ешкім көзіне түсе қоймаған соң, «Жаған мұнда жоқ екен!» деген. Неге екені белгісіз, Жаған Аққозыдан да асқан сұлу болуға тиісті деген ойдан ол арыла алмаған. Қайткенмен де Жағанды тезірек көруге құмарлана асыққан. Бірақ Жаған көзге түспеді. Тек қонақтарға ауыл кәдесін істеп, кешкі ойын-сауыққа кірісер алдында ғана Домбалық батырдың екінші қызының жылқы бағуға кеткенін білді. Қазақ руларының ғұрпы бойынша көне заманда жылқы бағу тек жылқышылардың ғана борышы емес, қыз-бозбаланың да шаруасы. Жасыл шалғынды ми далада, жаздың жылы айлы түнінде қыз-бозбала болып жылқы күзету — қазақтың ескі салтының бір қызық дәстүрі. Кең алқапта үйір-үйір боп бытырай жайылған қалың жылқы. Сол қара-құрым жылқыны екеу-екеуден серік боп, ән шырқап айнала жүрген қыз-бозбала. Қос жанында тай қазанда былқылдай қайнаған құлынның уыз еті. Үйірінен бөлініп кеткен саяқты іздеген боп сайға түсіп бара жатқан, сойылын сүйреткен бозбала. Арғы беттен астындағы жорғасын жанындағы серік қызына ұстатып, төмен қарай асыға аяңдаған үкілі бөрікті, былқ-сылқ басқан жас сұлу… Бұ да бір қызық заман! Жақсы көрсең де келмейтін, жек көрсең де оралмайтын, біржолата мәңгі өшкен алтын дәурен!

Жолдан шаршап келгендеріне қарамастан жігіттер түнімен алтыбақан теуіп, ән салып көңіл көтерісті. Әзіл-қалжың, айтыс, қазақтың көне заманындағы сауықтары «Түн қату», «Түйе жығу» секілді сан алуан ойындарын ойнап, таң шапақтап ата бастары жастыққа тиді. Ойын-сауық ертеңіне тағы басталады. Күрес, сайыс, көкпардан кейін кезек жамбы атуға келді. Міне, осы ойын кезінде Жәнібек сұлтан Жаған бикені көрді. Келген қонақтар мен ауыл жастары бәсекелесіп жамбы атып жатқан. Бақан басындағы қадаға ілген күміс жамбыны бір жүз қадам жерден екі жақтың бірде-бір мергені тигізе алмай-ақ қойған-ды. Жайшылықта құралайды көзінен ататын жігіттер бұ жолы қолдарын шайтан қағып тұрғандай, алыстан еміс-еміс ағараңдап көрінген жамбыға садақ оғын қанша көздесе де дөп қадай алмады. Біресе үстінен мүлт кетеді, біресе астындағы бақанға барып сарт етеді. Алақанның аумағындай күміс жамбының нағыз бір оқ қағары бардай, байлаған жерінен бірде-бір қозғалмай-ақ қойды.

Дәл осы кезде шоғырланған топ қыз-бозбала кенет шуылдап қоя берді:

— Жаған келе жатыр!

— Жол беріңдер! Жол беріңдер!

— Жаған жамбыны көздемей түсіреді.

— әй, Оқас, Жаған бикеге жамбы атып жатқанымызды айт!

Аққозы бикенің шабарманы «Бикем не бұйырады?» деп анадай жерде атын шідерлеп күтіп отырған қара торы бала жігіт, жанындағы көкбестіге міне сала, ән шырқатып қырқадан төмен түсіп келе жатқан бір топ қыз-бозбалаға қарсы шапты. Шабарман жетер-жетпестен аттан домалай түсіп, топ басында күміс ер-тоқымды ақ боз ат үстінде жантая отырған, басына нарттай қызыл түлкі бөрік киген қызға әлденені айтып жатыр. Түлкі бөрікті қыз жамбы жанында шоғырланған топқа қарап бірдемені сұрады да, қолындағы сойылын қасында тұрған жігітке ұстата беріп, оның садағын алды. Жігіт қорамсағынан екі-үш оқты суырып, таңдап біреуін берді. Қыз садақтың бауын, домбыраның шегін шерткендей, қолымен қатты тартып көрді де, сол қолымен жақты жоғары көтеріп, жебесін қойып кезенді. Сөйтті де, астындағы ақ боз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді. Жұлдыздай ағып келеді. Жамбы атып тұрған қыз-бозбала: «Жол беріңдер! Жол беріңдер!» «Иә, аруақ, қолдай көр!», «Қарақожа!», «Ойшыбай!» деп Керей руының ұранын айтып кейін шегіне берді. Жәнібек сұлтан қыз абыройын құрбы-құрдасының осыншама тілеуінен Жағанның осал бике емес екенін аңғарып қалды. Сөйткенше болған жоқ, ақ боз жорғаны теңселте ағызып, қыз да бұлар тұрған жерге таяй түсті. Ұзын қос бұрымын беліне қыстырып алған, ат үстінен бір жағына қарай жантая, садағын кезене ыңғайланып келе жатқан ерке сұлу, Жәнібек сұлтанның қасынан өте беріп, садағын тартып жіберді. Сол сәтте жұрт шу ете түсті. Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді.

Шулаған жұрт жорғасын әзер тоқтатып кейін оралған Жағанға қарсы ұм- тылды.

— Мың жаса, Жаған мерген!

— Қыз емес, қыран ғой!

— Сені тапқан анаңнан айналып кетейін.

— Қарақожа атаңның аруағын бір көтеріп тастадың ғой!

— Ел намысын жібермеген ер қызым, мың жаса!

Дабырлаған топ қызды ат үстінен көтеріп ап, сұлтандарға қарай жүрді. Олар Жәнібектер тұрған маңға таянғанда ғана қызды қолдарынан түсірді. Өздерінің тобына жақындап келіп, иіліп сәлем берген Жаған адамзаттың баласы емес, көктен түскен қор қызы боп көрінді. Қос бұрымы жерге тиіп шұбалып, құралайдың көзіндей танадай қара көздері Жәнібекке жайбарақат, мөлдірей қарады. Осы бір күнәсіз көзқараста жігіттің асау жүрегін тайдай тулатқан бір ғажа- йып сиқырлы күш бар еді. Өн бойы қорғасындай балқып, Жәнібек өзін-өзі әзер ұстап қалды.

— Арсыздар ма, құда жігіттер? — деген Жаған сонда ұзын кірпіктерін Жәнібектің жүрегіне, дәл осы қазіргісіндей қадап.

— Барсыз ба, мерген құдаша? — деген жігіттер шулай жауап беріп.

Осыншама шудың ішінен тек Жәнібектің даусын естігендей Жаған сұлтан- ға тағы да бір мәністі көз тастады. Сұлтан енді бұрынғыдан да бетер өртеніп кете жаздады. Сол күні түні бойы көз ілінбей шықты. Ертеңіне Жәнібек Жаған қыздың қалай асау үйреткенін көрді. Бойды алған жалын, ойды өртеген арман бұрынғыдан да өрши түсті. Ұлытауға қайтып келісімен сұлтан сонау Алтын хан еліне құдалыққа кісі жіберді. Келесі Жазтоқсанның басында он төрт жасар Жаған сұлуды үшінші бәйбішесі етіп ақ отауға кіргізді. Баяғы алғашқы жолы кездескенде «Барсың ба, ару қарындас?» деп амандасқаннан кейін, ол Жағанмен бірінші мәртебе осы ақ мамық — жар төсегінің үстінде сөйлесті. Төсектің ірге жағында көйлекшең отырған Жағанның жерге шұбатылып жатқан қос бұрымын оң білегіне орап, сол қолымен тастай қатты сүйір ұшты қос анарын кезек-кезек сәл ауырта қысып, ұяттан күйіп-жанып не істерін білмей жанта- ласқан жас аруды бауырына тартты. Бетіне бетін таяп:

— Мен сені Жаған, жақсы көріп алдым, — деді.

әйел жынысын ол уақытта тек мүлік деп қарайтын еркектің бұлай дегеніне жас сұлу таң қалды. Сөйтсе де көңілдегі өкпесін айтты:

— Өткен жылы менімен ең болмаса бір мәртебе сөйлесуіңіз керек еді ғой. Мәжнүнді жақсы көрген Ләйлідей менің бөтен біреуді ұнатып қалмағанымды қайдан білдіңіз?

Қыз сөзі Жәнібектің еркектік намысына тиді. Ол кенет алқымына тығыла қалған ашуын әзер басып:

— Оны қазір көрерміз, — деді — ит тиген арам аста қадір бола ма? Келген жеріңде ауылың бар…

Үй іші тастай қараңғы болса да, Жәнібек қыздың езу тартып күлгенін сезіп қалды.

— Егер анамның ақ сүтіндей адал болсам, — деді қыз кенет даусы қалтырап шығып, — бір тілегім бар, орындайсыз ба?

— Қандай тілек?

— Егер ұл тапсам, оған атеке етіп біздің ауылдың Хасен деген бір жас жігіті бар, соны алдыр. Маған садақ тартып, асауды жуасытуды сол үйретіп еді.

Жәнібек бойын өртеп бара жатқан жалынды күшпен басып енді отыра алмады, қыз өтінішіне жауап берудің орнына, оны аш белінен құшақтай өзіне тартты, жаңа піскен мәуедей әбден дер кезіне жеткен жас сұлу да, бауырын жазып жігіт әуеніне қарай икемделе берді.

Тірі жан қол тигізбеген сырлы тобатайды алғашқы сындырған Жәнібек қатты ұйықтап кетті. Тек таң бозарып атып келе жатқанында, бойын тағы бір күш билеп қайта оянды. Құшағында жатқан, таң алдында ғана маужырап ұйқыға шомған жас жарының бетіне қарады. Бозғыл таңмен қара торы жүзі сәл ақшыл тартып, шие ерні сәл ашылып, дем алған тынысы сәл естілер-естілмес боп білініп, тәтті ұйқыда жатыр екен. Жәнібек өзін-өзі ұстай алмай, аш белінен қысып, жас аруын өзіне қарай икемдей берді. Ақ білегін мойнына салып, ұзын кірпіктері астынан еріне еркелей қараған Жаған:

— Кешегі өтінішіме жауап бермедің ғой, сұлтаным, — деді.

Жағанның адалдығына риза болған Жәнібек, дәл осы сәтте бойын билеп кеткен қуанышын баса алмай:

— Жарайды, айтқаныңды орындайын, — деген, келіншегін белінен құшырлана қысып.

Сөйткен Жаған сұлу осы. Сондағы тілек еткен Хасен деген жігіті анау… Жәнібек қабағын түйіп есік алдында сәл кідірді. Өмірінің ең алғашқы қуаныш сағатында Жаған тумай жатқан баласына Хасенді атеке ет деп бекер өтінді ме? Расымен… Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес. Жан сезімі қалай туласа да, Жаған оны баса алады. Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, «мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба» деп. Ол өз сезіміне өзі ие бола алады. «Ал ие бола алмай жүрсе қайтем? Ақылдан басқа жүрек бар ғой. Ал жүрек деген құрық көрмеген шын тағы жылқы тәрізді емес пе? Басына түскен құрықты үзіп кеткен жүйріктер аз ба? Онда… онда… жоқ, жоқ, қазір әңгіме бұл жайында емес. Әңгіме бір қатынның тағдырынан көрі үлкен іс хақында. Халқымның тағдыры туралы… Ең алдымен соны шешу керек».

Жәнібек қабағы қайта ашылды. Ол кебісін тастап, қызыл сафьян мәсісімен төрге шығып төрт қабат шәйі көрпенің үстіне, ақ мамық жастықты шынтақтай отырды.

Жаған қымыз құйылған күміс шара мен алтын кесені әкеп, төменірек тізе бүкті. Иісі аңқыған сары қымызды күміс ожаумен сапыруға кірісті.

— Хан ием, жақсы жатып жайлы тұрдыңыз ба? — деді ол көзінің қиығын күйеуіне аударып. Ханымның бұлай деп сұрауының әзіл астары бар еді. Өткен түн хан Ақжол бидің кіші қарындасы Жанбике арудың ордасына түнеп шыққан. Жанбикені Жәнібек былтыр алған. Оның жас иістігі есіне түсіп, хан кейде әйелдерінің кезегін бұзатын. Жас тоқалының ордасында өзге әйелдерінің үйінен гөрі жиірек болатын. Өткен түн кезегі Жағандікі еді. Жәнібек өзге әйелдеріне істеген тұрақсыздығын бұған әлі істеп көрмеген-ді. Намысқой Жаған күйеуінің сол қылығына қарай, бұл сөзді әдейі тигізіп айтып отыр. Ол қабағын да шытпай күлімсіреген қалпында сөзін жалғай түсті.

— Жанбике тоқал өзгемізден гөрі төсекті жұмсақ төсей біледі дейді ғой.

Бүкіл Дәшті Қыпшақтың жиырма сегіз басты руының басын қосамын деп талпынған Жәнібек хан, ешуақытта да жеті қатынын тату-тәтті ұстаймын деп ойлаған емес. Жиырма сегіз руға әлі жеткенмен, жеті қатынына әлі жетпейтінін ол жақсы білетін. Өйткені әр қатынының дауы бір тайпы елдің дауынан кем түспейтін. Солардың ішінде мұндай ошақ басы жанжалға араласа қоймайтыны осы Жаған еді. «Бұ да кірісе бастаған екен» деді ол ішінен. Қазір оған қандай жауап берсе де, қыңыр сөзге душар болады. Бәрібір жеңе алмайсың. Қатынның аты қатын, басы алтын, арты күміс болса да, өз дегенінен шыға алмайды. Ал қатынның кішкентай өзімдік жан дүниесі бүкіл әлемге бергісіз. Одан да үндемей құтылайын деді Жәнібек. Осындай ойдағы хан Жағанның көңілін бөтен сөзге аударғысы келгендей, бәйбішесі ұсынған алтын кесені алып жатып:

— Қасымды шақыртшы, — деді сөйлесетін сөз бар…

Жаған көзін ойнақшыта қарады.

— Хасан атекесін де шақыртайын ба, үнемі бірге жүреді?

Жағанның бұнысы да әлгі қыңыр сөздің жалғасы.

Жәнібектің жүрегін мысық тырнап алғандай ашып кетті, сөйтсе де сыр бермей:

— Шақырт, — деді.

Жаған түрегеліп, талдырмаш мықынын ырғалта, сұлу денесін ойната, аяғын былқ-сылқ басып барып есікті ашты.

— әбен! — деді сырттағы нөкеріне дауыстап. — Қасымжан мен атекесі Хасенді шақыртшы! Хан әкесі сөйлесем дейді.

«әйелдің аты әйел, — деді тағы да Жәнібек ішінен ойлап, Жағанның есікті қалай барып ашқанына сүйсіне, — қашан да болса еркектің көзіне ұнамды жерін түсіргісі келіп тұрады».

Жаған орнына келіп отырғаннан кейін Жәнібек босаған алтын кесесін ұсынды.

— Қымызың балдан тәтті екен, тағы да құйшы.

Жаған жадырап сала берді.

— Сабасын Керейлерше ыстатқам. Әдейі өзіңе арнап…

Жәнібек риза боп күлімсіреді.

— Менің бабымды өзің ғана табасың…

Осымен арадағы кірбің бітті. Енді олар бір-біріне жадырай қарасты. Осы уақытта үйге Қасым кірді. Сәлем беріп, әкесінің оң жағына барып отырды. Жәнібек баласына көз қиығын аударды да, Жағанға қарады. «Айнымаған шешесі тәрізді. Тек мұрны мен иегі, қоюланып өсіп қалған мұрты да өзімдікі».

— әкең атекеңмен бірге келсін деп еді ғой, — деді Жаған баласына алтын кесеге қымыз құйып беріп жатып, — Хасен қайда?

— Екі аптадай болып қалды-ау деймін, қайын-жұртына кеткен.

— ә-ә!

Жәнібек мырс етіп күліп жіберді. «Жаңа Қасымды атекесімен жұбын жазбайды» деп, Хасенді де шақыртқанда, әдейі менің жаныма тисін дегені екен ғой. Өткен түннің өшін менен осылай алмағанда қалай алсын, бейшара… Намысына тиген ерін шымшыған түрі де… Жоқ, жоқ, Хасеннің қайда жүргенін де білмейді. Демек, бұның онымен еш байланысы болмаса керек-ті…

— Көке, мені жай шақырттыңыз ба? — деді Қасым әкесінің ойын бөліп.

— Жай емес, Қасым жігіт, — Жәнібек қолындағы кесесін жерге қойды, — үйді дауыл кезінде емес, бұрын тігеді, ақылдасатын жай бар…

— Дұрыс айтасың, көке. Кигіз жамылған су болмас, ақылдасқан жөн…

— Өзің де байқап жүрген шығарсың, бір қияпат айқас таяп келеді. Бұны қазір қайта күшейе түскен Көк Орда, Моғолстан дайындығынан аңғаруға болады. Бүгінгі күні біз де осал емеспіз. Осының бәрі арамыздағы көптен бері келе жатқан жанжалдың үлкен жанжалсыз бітпейтінін көрсетеді.

— Дұрыс айтасыз, хан ием. Күз келері көктемнен мәлім, Көк Ордадан іргеңді бөлек салғаннан-ақ, түбі бір ұлы айқастың болары хақ ғой.

— Бірақ бұл айқас тек Көк Орда жағынан ғана көрініп тұрған жоқ тәрізді. Батысың да, шығысың да қауіпті. Батысыңнан сенің жеріңе көзін тіккен Қазан, Астрахань, Қырым, Ноғайлы хандары бар. Олардың ар жағында, алыстан тулап жатқан дариядан — Түрік пен Стамбул сүлесі көрінеді. Екі жағың да жетісіп түрған жоқ. Бірі болмаса бірі бас салатыны аян. Ал, ондай халге жетпес үшін, біз өзіміз ерте қимылдауымыз керек.

— Дұрыс айтасыз, хан ием. Кім садақты алдымен тартса, сол жауын бұрын жаралайды.

— Міне осы жай еді менің сенімен ақылдасайын дегенім, Қасым сұлтан. Не айтасың?

Қасым көп ойланған жоқ.

— Ақылмен арыстанды да ұстауға болады, — деді ол. — Ақылға салған іс қашанда жеңісті келеді. Дұрыс істегенсің, көке, жалғыз менімен ғана емес, Бұрындықпен де, Қамбармен де ақылдасқан жөн…

— Олардың да кезегі келер, өзің не шертесің?

— Менің дерім бір-ақ ой. Жатсам-тұрсам көз алдымнан Әбілқайырдың сұрғылт жүзі кетпейді. Ол текке жатпаса керек.

— әрине ғой. Қауіп Көк Орда жағынан. Диірменде туған тышқан дүрсілден қорықпас. Бізбен алысып үйреніп қалған жау қаймығуды білмейді, бүгін болмаса ертең Әбілқайыр хан Ақ Ордаға қарсы жорыққа шығады.

— Дұрыс айтасың. Қазір ол Моғолстанға қарсы қол жинап жатыр деген сыбыс бар.

— Моғолстанға аттанғаны — бізге аттанғаны. Андыз барда ат өлмес, қолымызда күш тұрғанда бізге бос жатуға болмайды. Әбілқайыр Үргеніш жақта Моғолстанға қарсы қол жинап жатқанында, біз Түркістан уәлиетін басып алуымыз керек. Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ, Отырар тәрізді мықты бекіністері бар қалаларды қолға түсірсең, Әбілқайырдың көк желкесіне мінеміз. Оны Дәшті Қыпшақ жеріне жібермек түгіл, бүкіл Мауреннахрдың өзіне қауіп туғызамыз.

— Өзім де солай топшылап едім, болжауымыз бір жерден шықты.

— Түркістан уәлиетін қайтару — Дәшті Қыпшақ елінің сауда-саттық жолын ашу ғана емес, әділеттік үшін күресу. Өз жерімізді, өз қалаларымызды өзімізге алу — тілектес Моғолстанды қанды көз Әбілқайырдан қорғау.

Бағанадан бері әкесі мен баласының сөзін құр тыңдап отырған Жаған сөзге кірісті.

— Сонда сендер Көк Ордаға қарсы соғыс ашпақсыңдар ма.

әкесі үшін Қасым жауап берді.

— Жоқ, апа, біздің елімізге, жерімізге қарсы жүз жыл бұрын Ақсақ Темір ашқан соғысты аяқтамақпыз.

— Ақсақ Темірдің жерінің өзін Аққозының хан атасы жаулап алған жоқ па?

— Жаулап алды. Жаулап алды да, Ақсақ Темір әулетімен бірігіп кетті. Қазақ руларының байырғы қонысы Түркістан өлкесін кеше Ақсақ Темір билесе, бүгін Әбілқайыр билеуде. Әділеттік іздесе, ол жерді бүгін біз қайтарып алуымыз керек.

— Тағы да қырғын қан төгіс болады екен ғой?

— Иә, апа.

— Аққозының балалары саған қарсы, сен оған қарсы шығады екенсіңдер ғой.

— Иә, апа.

Жаған кенет қабағын шыта қалды.

— Жоқ, оларың болмайды!

— Неге, апа?

— Аққозы марқұм екеуміз бір ана, бір әкеден тудық. Апалы-сіңлілі екі адамның балаларына бірін-бірі кескілердей не жетпейді? Атақ па, бақ па?

— Жоқ, апа, мен атақ, бақ үшін қан майданға шықпаймын. Мені ажалға айдап салар халқымның жағдайы, болашағы. Біздің заман қасқырлар заманы. Кімде-кім өзгеге үлесін жібермесе, тартып-жұлып өзінің тиесісін ала алса, соның қолында бұ жалғанның тірегі. Соның ғана сұм дүниеде тіршілік сүруге қақы бар. Егер біз өзімізді Әбілқайырға талауға берсек, ертең құл боламыз, жерімізден, елімізден айрылып, тарих бетінде мәңгі жоғалып кетеміз. Ал жаныңды құрбан етіп алыспасаң, болашақ ұлы айқастарда құрып кету оңай.

— Құрымаудың жалғыз жолы тек майдандасу ма? Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады. Сойыл ала жүгіргенше, жылы сөйлесіп, марқұм Аққозы бикенің атасымен де, балаларымен де тіл табуға болмай ма?

Анасы мен баласының сөзін үнсіз тыңдап отырған Жәнібек басын көтерді.

— Әбілқайырмен және оның ұрпақтарымен тіл табу — олардың айтқанына көну деген сөз. Айтқанына көнсең сол күні қаныңды ішеді.

— Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасымжанның қанын ішпейді. Былтыр аналары Аққозы қайтыс боларда екеуінің де берген анттары бар…

Былтыр Күзтоқсанның басында Жаған Аққозы хал үстінде жатыр деген хабар алып, Қараталға көшіп бара жатқан бетінде Яссыға бұрылған. О кезде қандай өшпенділік болмасын, мұндай қайғылы жағдайда ресми қатынасқа жол берілетін. Бірінің адамына бірі тимейтін. Аққозы ханым Мұхамед-әкім эль Таразидың тойынан кейін, екі баласының даңқына көз тимесін деп, пітір беріп құран оқытуға Яссы қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидың мешітіне әдейі арнап келген-ді. Атақты қари[50] Қожа Мүлкім Аққозы ханымның атынан екі бие сауымдай мезгіл құран оқып батасын берген. Ханым садақаға молда, мүрит, қари, бейшараларға он топ жібек, барқыт, екі арба өрік, мейіз үлестіріп, құрбандыққа қырық қой, бес ту бие сойғызып, өзінің жібек шатырына қайта оралған. Шатырға кіре қалпақтай түскен. Жиналған бақсы-балгерлер ханымның қандай кеселменен ауырғанын таба алмаған. Сасып қалған Яссының хакімі Мұхамед-Мазит тархан Аққозының атасы Әбілқайырға, Аққозының сіңлісін алып отырған Жәнібекке ат шаптырған. Өзі сырқаттанып жүргендіктен Әбілқайыр кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді жіберген. Жаған өзі келген. Қасымды Жәнібек біреу болмаса біреу қастық істеп жүрер деп алып қалған. Жаған жеткенде сұлу Аққозы хал үстінде жатқан. Әлі де аққудың көгілдіріндей сұлу Аққозының бір аптаның ішінде табытқа айналғанын көріп Жаған солқылдай жылап, апасын құшақтап ағыл-тегіл болған. Осы кезде барып Аққозы ең ақырғы күшін жиып, Жағанға өзінің енді бұл дүниенікі емес екенін айтып:

— Бауырым, Жаған, — деген, — о дүниеге өз күнәмды арқалап кеткім келмейді. Тек өзіңе ғана айтатын құпия сырым бар. Егер бұл сырымды иманыңдай сақтайтын болсаң…

— Аққозы-ау, о не дегенің? Сенің сырың менің иманым емес пе? — деп Жаған солқылдап жылап қоя берген.

— Менің ажалыма ешкім де айыпты емес, өзім ғана күнәлімін…

— Қалайша?

— Өсек сөздің шеті өзіңе де жеткен шығар. Орақ өлді дегеннен кейін ерге шықпаймын деп құран ұстап ант еткенімді өзің де білесің. Сол Орақ тірі болып шықты. Махаббат шариғаттан да күшті екен, сол Орақпен биыл екі рет кездестім… Екі ұлымның бетіне салық болмасын деп, іштегі күнәмды көрсетпеу үшін, бір балгерден іш тастатар дәрі алып іштім…

Аққозы сөйдеген де, Мұхамед пен Махмудты шақыртқан.

— Құлындарым, — деген жанына келген балаларының маңдайларынан иіскеп, — мен енді сендерге жоқпын… Сендердің алдарыңда күнәм бар еді, ол күнәмды өзіммен бірге әкетіп бара жатырмын, — деген қысыла сөйлеп. — Ал енді ажал алдында сендерге жалғыз ғана тілегім бар, орындайсыңдар ма?

Екі бала бірден:

— Орындаймыз, — деп тізелерін бүккен.

— Орындасаңдар… Менің тілегімді тыңдаңдар… Міне Жаған екеуміз сонау жат жерге келін боп түсіп едік. Мүмкін сол жат жерде екеуден-екеу болғандығымыздан ба, өмір бақи тату-тәтті өттік. Әкелерің қандай қастасып жүрсін, біріміздің біріміз титтей де көңілімізді қалдырған жоқпыз. Сендерден де тілейтінім — сол. Мына нағашы апаларың Жағанның баласы Қасыммен тату-тәтті болыңдар… Адам баласын аяуды білмеген ұлы бабаларың Тыңболаттың[51] сендер де тұқымысыңдар, түбі нәсілдеріңе тартып кетулеріңе күмәнім жоқ, бірақ мені зиратында тыныш жатсын десеңдер, Қасымға қол көтермейсіңдер! Құран ұстап осыған ант беріңдер.

Аққозы келін боп түскеннен кейін сегіз жыл сарғайып барып тұңғышын көрген. Содан шығар, анасы мен балалары арасындағы махаббат орасан берік болатын.

— Міне, құран, міне, антымыз, — деп екі жігіт Қасымды қан етпеске ант берген. Жаған да Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға Қасым жағынан қастық жасатпаймын деп апасы Аққозыны сендірген.

Сол күні Аққозы қайтыс болған. Ел болып, хан ұрпақтары оны құрметпен Ахмет Яссауи мешітінің іргесіне жерлеген. Шешесі Аққозы өлгенде ер жетіп қалған екі баласы бірдей жас нәрестелердей, жер бауырлап ағыл-тегіл боп жылаған. Сондықтан да оларға деген жүрегінде бір үлкен жылы сезім сақтап, Жаған еліне қайтқан. Қазіргі айтып тұрғаны осы жәйт.

— Жарайды, — деді Жәнібек, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасым сұлтанмен тату-тәтті болсын. Түбі осы қос бөрінің бірі Әбілқайырдың тағына отыруы хақ. Ал Қасым менің тағымның түпкі иесі. Апалы-сіңлілі екі адамның хан тақтарында отырар балаларының жауласпауы керек-ақ тілек. Бірақ ол мүмкін бе? Хан тағындағы адам айдаһардың үстінде отырған адаммен бірдей. Өзін айдаһар жұтып жібермес үшін, ол сол айдаһарға туған әкесін, жалғыз баласын құрбан етуге бар. Хан тағын қорғау қашан да болса қымбатқа түскен. Екінің бірі бұл кеселден аман құтыла алмаған. Осы ауыртпалықтың бәріне шыдап Қасым сұлтан жерін, тағын аламын деп ұмтылған Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға қарсы сойыл ұрмай отыра ала ма?

— Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасымжанның тағын аламын деп, сойыл соғып соғысқа шықпайды. Қолына құран алып аналарына берген серті бар.

Серт тек арманға жету үшін ғана керек. Жарайды, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасым сұлтанға тимесін, ал егер сол қос бөрінің бірі Қасымның туған ағасы Қамбарға, не әдікке найза салса, Қасым сұлтан не істейді? Ал Әбілқайыр болса ауру… Түбі оның тағына Шах-Будақтың қос бөрісінен ыңғайлы Әбілқайырдың басқа ұрпағы жоқ.

Жаған ерінің өзіне қойған сұрағының қаншалық ауыр екенін енді ұқты. Жауап қайтара алмай сәл кідіріп қалды. Кенет басын көтеріп алды.

— Онда ма? Онда… — Жағанның даусынан нәсілі Керейге біткен қайсарлық естілді. — Онда кекке — кек! Қанға — қан! Қасым сұлтан әкесі мен ағасының өшін қайтарады. Әбілқайырдың өзін өлтіреді. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанның толып жатқан ағаларының басын алады. Бірақ өздері антын бұзбай екеуіне де қылышын көтермейді. Егер мені ана дейтін болса, тұңғышым Қасымжаннан осыны тілеймін. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға бірінші боп шоқпар сілтемеймін, — деп екеуміздің алдымызда ант беруін өтінем. Егер бұл арманымды орындамаса ақ сүтімді көкке сауып өтем.

Ана тілегі Қасымның жүрегіне қанжардай қадалды. Дәл осы мезетте шешесі Жағанның апасы Аққозыға берген уәдесінің қаншалық қымбат екенін түсінді. Кенет ол орнынан атып тұрып, бір тізерлеп шешесінің алдына отыра қалды да, беліндегі наркескенін қынабынан суырып ап, екі жағынан ұстап маңдайына тигізді де, қылшылдаған жүзінен сүйді.

— Асыл болат наркескен, қос бауырым Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға сені бірінші боп қынабымнан суырмасқа ант етем, — деді ол. — Егер антымды бұзып қос бауырыма бірінші боп қастық етсем, мына тұрған асыл анам Жаған бикенің ақ сүті ұрсын!

Жаған бике орнынан түрегеліп баласының қолындағы жалаңаш ақ семсерді алды да ерніне тигізді.

— Асыл болат ақ семсер, егер қансырар болсаң, жалғыз ұлым Қасымға емес, ең алдымен менің жүрегіме қадал. Ана тілегін қабыл алғаны үшін, оның құрбаны болсам арманым жоқ деп күні бұрын ант етем!

Анасы мен баласының бұл қылықтарын өз көзімен көрген хан Жәнібек іштей екі сырды қатты түйді. Бірі — Қасымның анасы Жағанды аса жақсы көретінін. Екіншісі өткен түнде Жанбике тоқалдың үйіне кезексіз бардың деп әйелдік мінез көрсетіп, Жәнібекті өзіне дене сұлулығымен тартпақ боп отырған Жаған бикенің кенет шын ар-намысын қорғайтын іске келгенде, қандай табандылыққа болса да бара алатынын білді. «Сұлу әйел егер ақылды болса, еркекке тек өзінің сұлулығымен ғана емес, терең ойлылығымен де, табандылығымен де қымбатты болып көріне алады екен» деді ол ішінен. Ол осы сәтте үлкен жүректі әйелдің уақ әйелдік сезімінен де алыс тұрмайтынын қатеріне алды. Мұндай әйелдің намысымен ойнаудың қаншалық қауіпті екенін түсінді.

Ертеңіне Жәнібек жарлық беріп, хан кеңесін шақыртты. Бұл кеңеске Орда маңындағы сұлтан, батырлар, ерлік істерімен көзге көріне бастаған өз балалары мен Керейдің баласы Бұрындық сұлтан қатынасты. Екі күн кеңесіп, ақырында Күзтоқсанның басында Түркістан уәлиетіне шабуылға шықпақ боп ұйғарысты. Дәшті Қыпшақ әскерін екіге бөлмек болды. Жәнібек хан балаларымен өзі бас- қаратын топ Созаққа, Керей ханның баласы Бұрындық сұлтан мен Найман батыры Қаптағай, Қоңырат батыры Сарыбалақ, Керей батыры Ойшыбай, Уақ батыры Жаубасар, Жалайыр батыры Бөрібай бастаған қалың қол Сығанаққа шабуыл салсын делінді. Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты жасақтары Жәнібек ханның — хан Ордасының қасында қалды. Бұған Жайықтың бергі беті, Атырау теңізі мен Сырдың төмегі саласын жайлаған Кіші жүзден келген Адай руынан Теген батыр, Табын руынан Серке би, Шөмекей руынан Ақтаңдақ батыр, Тама руынан Қарабура батырлар басқарып келген жасақтар мен Ұлы жүзден Қаңлы, Ысты руынан Бахтияр би, Шапырашты руынан Қарасай батыр, Жаныс руынан Жанатай батыр басқарған шағын қолдар келіп қосылсын делінді. Хан Ордасынан осы әскерлер жиналып жатқан Саумалкөл, Телікөл, Жуанарық, Көкше теңіз Атырау жағасына ат шаптырылды. Бар қол Күзтоқсанның басында Сейхун дарияның төменгі шеніндегі Қараөзек қойнауында шоғырланбақ болды. Бұнымен қатар бұл шаһарлардың хакім, бектеріне жасырын кісілер жіберілді. «Біздің күшіміз қазір Әбілқайыр ханның күшінен артық, қазақ еліне ежелден жататын шаһарларымызды қан төгіспей өзімізге қайтарыңдар. Егерде бұл тілегімізді орындамасаңдар өз обалдарың өздеріңе» деп хат жазды. Бірақ бұған Әбілқайыр хан «арзани дашті» ретінде басыбайлы Созақты берген өзінің немересі Қызыр ханнан туған Бахтияр сұлтан да, Сығанақ хакиматының белағасы Манеден-оғлан да кекете: «Әбілқайыр ханнан күшті болса, ең алдымен сайыпқыран ханды жеңіп алсын. Содан кейін қалаларымызды қан төкпей бостан-босқа береміз» деп жауап берді. Жәнібек пен Бұрындық Ордаларын Телікөл мен Боқтықарынның бойына тастап, желтоқсан түспей-ақ Қараөзекке келді.

Осы араға көп кешікпей жүз мыңға таяу қазақ сыпайлары жиналды. Ортада азғантай қолмен Жәнібектің өзі, ал Маймене жағын Бұрындық сұлтан, Майсары жағын Жәнібектің үлкен балалары Жиренше мен Махмұд басқарып (Қамбар мен Қасым екінші шепте болған), жыланның айырма тіліндей екі бұтақ боп, Түркістанға қарай аттанған. Осы күнгі Шиелі жеріне келгенде екі бөлінген. Бұрындық Сығанаққа, Жиренше мен Махмұд Созаққа беттеген. Жәнібек өзі Арғын, Қыпшақтың таңдамалы жігіттерінен қалқан құрып, Шиелі қамысы Сейхун дарияның жағасына бекінген.

Қазақтардың айтып жүргендері құр қоқан-лоқы қорқыту деп ойлаған Сығанақ қожасы Манеден-оғлан мен Созақ билеушісі Бахтияр сұлтан жауын көрген жыландай кенет жиырыла қалды. Басын көтеріп, ысқырынып айбат шақырды. Қаланы қоршаған қамалдың дарбазаларын дереу бекітіп, қала жатақтарын лаш- қарға алды. Бірақ бұл дайындықтың бәрі тығыз-таяң, асығыс болды. Қазақ әскерінің тым көп екенін естіген қала ақсақалдары, «жұртты босқа қырғызып, қан төгудің не қажеті бар, қаланы әзірге қазақтарға беру керек. Әбілқайыр ханнан көмек келгенде қайтып алу оңай ғой» деп күңкіл шығара бастады. Ел басы ақсақалдардың, керуенсарай ұстаған саудагерлердің көбі Маңғыт, Қаңлы, Жалайыр, Дулат руларынан шыққан қазақ қанды адамдар еді. Қала басы сұлтандар болғанмен, бекіністердің шын тағдыры осылардың қолында тұрған. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша егер, қала билеушілері — ақсақал, сау- дагер, қожа-молдалар ұйғарса, қаланы көңілдеріне ұнаған адамға тапсырар әдет бар. Сығанақ қожасы Манеден-оғлан жұрттың мұндай жағдайын көріп, Самарқант, Ташкент, Яссыдан жуыр арада көмек келе қоймайтынына көзі жеткен соң, «есің барда еліңді тап» деп Бұрындықтың әскерінің қарасы көріне бастағаннан-ақ бүкіл үй ішін, өзіне деген нөкер-құлдарын алып, Самарқантқа қашқан. Сөйтіп Бұрындық сұлтан Сығанаққа бір садақ оғын жібермей, сырнайлатып-кернейлетіп тал түсте кірген.

Ал Созақтың билеушісі Бахтияр сұлтан бүйтпеді. Әбілқайырдың аты шулы батырларының бірі, Көк Орда ханына ұнай білген, бүкіл Созақ уәлиетін қойдай өргізген қажырлы сұлтан, «Қаланы қан төкпей беруді ойласаң қайтеді?» деп келген ақсақал, саудагерлер тобын нөкерлеріне қоршатып алып, «жұрт арасына іріткі салады» деп, қараңғы тас сарайға қаматып қойды. Созақ мидай жазық далаға салынған шаһар. Жан-жағындағы қамалы да Сайрам мен Саурандай биік емес. Түйелі кісінің ернеуіне қолы жетеді. Бүкіл уәлиетінен отыз мыңға таяу лашкер жинап, қалада тығылып жатпай ашық далада жауына қарсы бетпе-бет майданға шықты. Бірақ бала жасынан ат құлағында ойнап өскен, ал ер жете бастағаннан-ақ сойыл соғып, садақ атуды өнер көрген қазақтың жау жүрек жігіттері қойсын ба, құмырысқадай қаптап: «Ақжол!», «Уайс!», «Жауқашар!», «Бахтиярлап!» ат қойғанда, алғашқы қарқынында-ақ Бахтияр сұлтанның алдыңғы шебін күл-талқан етті. Қазақтан дәл мұндай өнер күтпеген Бахтияр сұлтан әбден састы. Халық күші жазғытұрымғы жүздеген, мыңдаған сай, жыралардан қосылып аққан сумен тең екенін, олар бір жерге жиналып, ернеуінен асып тасыса, алдында қандай қамал, бөгет болса да быт-шытын шығаратын алып күш екенін Бахтияр сұлтан сонда білді. Расында да қазақ елі көнтерілі, сан қорлыққа шыдаған қауым еді. Ашына келіп, ақырында ернеуінен асып төгілген дариядай, атқа мініп, қолына сойыл алуға мәжбүр болды. Жалғанда қиянатқа көнтерілі халықтың долданғанынан асатын ұлы күш жоқ. Көнтерілі халық жәй күнде, бөлтіріктері үстіне шығып ойнап маза бермеген арлан қасқыр тәрізді. Ал ызаланғанда ештеңеге қарамайды, бөлтірігім демейді, бөтенім демейді, үстіндегінің бірде-бірін қалдырмай, қанды ауызын салып қап, жан-жағына аямай лақтырып-лақтырып жібереді. Қазақ та дәл осы арлан қасқыр тәрізді шамасы келгенше шыдап бақты. Шыдамы таусылып еді, өлген-тірілгеніне қарамай, желке жүнін күдірейтіп, жауына ақыра тап берді. Қазақ жауынгерлерінің мұндай қаһарлы түрін көріп, Бахтияр сұлтан «жеңілдім!» деп алдына кеп қол қусырып Жиренше мен Қамбардан бітім сұрады. Бұлар қаланың кілтін алып, бітімге келісті.

Хан ордасын уақытша Сығанаққа көшірген Жәнібек, Созақ уәлиетін екінші баласы Махмұдқа, Сығанақ уәлиетінің билігін Керейдің баласы Бұрындық сұл- танға берді.

Сығанақ пен Созақты алып, көңілі көтеріліп қалған қазақ Ордасының ханы Жәнібек енді «өз еріктеріңмен беріліңдер» деп Яссы мен Отырар қаласының әміршісі Мұхамед-Мазид тарханға, Сауранды билеп отырған оның баласы Құлмұқамет тарханға, Үзкенттің хакімі Уақас биге, Сайрамның хакімі Мыржық төреге кісі жіберіп, хат жазды.

Дәл осы кезде яғни Хаджри есебі бойынша сегіз жүз жетпіс төртінші, Тыш- қан жылы, жаңаша бір мың төрт жүз алпыс сегізінші жылы, елу жеті жасар Әбілқайыр ханның өзі ақұрығын алып, жүз мың атты әскерімен Моғолстанды шаппақ болып Үргеніш тұсынан шығыпты деген хабар жетті. Жүз мың әскер! Бұл қолына құр сойыл мен садақ алған қазақтың әскері емес. Бұл Исфаған болатынан алдаспан, ұзын қылыш тағынған, Қорасан құрышынан сауыт-дулыға киген, мұздай боп қару-жарақ асынған, өз заманының әскери өнер-ғылымымен әбден суарылған, Әбілқайыр ханның бүкіл шығыс әлеміне белгілі атақты атты әскері! Хан әскерін ұрысқа өзі үйреткен! Жауын аямастай етіп өзі баулыған! Көк Орда Көк Орда болғалы ұлы ханның әскері жетпіс бес мыңнан асып көрген емес, ал бұл жолы… жүз мың! Бұл хабарды естігенде Жәнібектің де жүрегі дір ете қалды. Ол бүкіл Сығанақ, Созақ уәлиеттерінің ұста, шеберлерін жинатып, көрік қыздыртып, әскеріне хакім қоймаларынан табылған көк болат құрыштан қару-жарақ соқтыра бастады.

Бірақ Жәнібектің бұл қызу әрекеттері ұзаққа созылмады. Кенет тағы бір хабар жетті. Қырық жылдай бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасанды тітіреткен Әбілқайыр хан о дүниеге сапар шегіпті! Бүкіл атақ, алтын тақ, Шығыс елінің тең жартысын жылатып жинаған дүние-қазына ұлы ханның өмірін ең болмаса бір күнге созуға жарамапты! Атақты дәруіші әбдіразақ Нахичеванидің өзі тапқан мың да бір кеселге шипа болар, ебелек тікенегінен жасаған — сырыншан шурнәсі де қонбапты. Есіл ер Жейхун мен Сейхун дарияның ортасындағы етрақ[52] далада жеті күн кезікпен күйіп-жанып, ақыры қайтыс болыпты! Зірік талдай сарғая бастаған денесін ыстық күнге бұзылып кетпесін деп, Бахтияр баһадур мен Қарашың батыр, бал толтырған алты құлаш астауға сап, Созақ мединасына алып келіпті. Бұл шаһар қазақтардың қолында болса да, өлімге дауа бар ма, алтын сырмен атын жазып, арнаулы қара мәрмәр тасынан мазар ойып, құрметтеп жерлепті. Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көкала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді. Тек Жәнібек хан ғана дүние шіркіннің өткіншектігіне қамығып, үш күн орнынан тұрмай жатып алды. Жоқ, Жәнібек Әбілқайыр ханда кеткен кегіне өкінген жоқ. О заманда хан кегі — қолға ұстаған алдаспан тәрізді, ыңғайы келсе жауына жұмсалады, ал өзіне тиімді болса қынабына қайта салынады. Кейбіреуі сол қынабында жатып тот басып, әбден шіриді. Ал енді біреуі анда-санда қынабынан суырылып жауының үстінен жарқ-жұрқ ойнап, сес көрсетіп, қайта орнына барып жатар болар. Тек зардабы асып кеткенде ғана сол кек-алдаспан қызыл қанға малынуға тиісті. Жәнібек пен Әбілқайырдың да кегі осындай кекке айналған. Екі жақтың халқы бірдей қызыл қанға малынғанымен, өздері бірін-бірі ажалға қиюдан аулақ еді. Тек хандығын тартып алып, жауын тақырға отырғызу ғана — армандары болатын. Жоқ, Жәнібек Әбілқайырда кегім кетті деп өкінбеді. Дүние шіркіннің жалған екеніне өкінді. Бар өмірін жиһангерлікпен, алыс, жұлыс, ұрыспен өткізген азуы алты қарыс, мүйізі шаңырақтай, атақты хан Әбілқайыр ақырында не тапты? Бар тапқаны Созақтың қасынан қазылған екі құлаш жер болды! Енді оған үстіне қойған мәрмәр тастан, басына жазылған алтын жазудан не пайда?

«Өлдің, Мамай, қор болдың!» деген міне, осы!.. Қайсымыздың болса да бұл жалған дүниеден ақырғы алар еншіміз — осы екі құлаш жер! Атақ, бақ ше? — Жәнібек ауыр күрсінді. — Атақ, бақ та қолға салған алтын сақина тәрізді, қанша асыл болғанмен түбі тозады. Әбілқайыр түгіл, кеше бүкіл Шығыс еліне үлгі болған Қошан патшалығының ұлы патшасы Қанышқаны кім біледі? Ал кезінде бұдан атақты, бұдан абыройлы қандай патша болып еді? Жоқ, атақ, бақ деген — қолға салған алтын сақина. Тек тірі кезімізде ғана өзгелер көрсін, қызықсын деп саусағымыздан алмауға тырысамыз. Ал өлгесін ше? Қай ұрпақты көрдің — бабамның мұрасы деп атам заманғы сақинаны көзінің қарашығындай сақтаған? Сақтаудың қажеті жоқ шығар. Әр заманның үлгісі өзіне қымбат қой. Атағың да сондай. Қара да тұр, Алтын Орданы тік тұрғызған Әбілқайырға бүкіл үрім-бұтағының орнатқан ескерткіші «Осы жерде Әбілқайыр хан жатыр» деп үстіне қойған сонау қара таспен бітеді. Жыл өтер, ғасыр өтер, Әбілқайырдың да даңқы, бүгінгі күнгі қадірі ұмытылар. Бұным не, Әбілқайырды табалап жатырмын ба? Жоқ, бұным табалағаным емес, ақиқатым. Әбілқайыр соңынан ерген жұрттың сенімін сақтай алмады. Елді ел ету қолынан келмеді. Ал біз ше? Біз оны көгерте аламыз ба? Көгерткен күнде келешек жұрт ісімізге қандай баға береді?

Япырмау, менің бұным не? Болашақ ұрпағымыз не айтады екен деп өз борышымызды атқармай өтпекпіз бе? Жоқ, келешектің бағасы үшін емес, солардың алдында өзіміздің ар-ұятымыз таза болу үшін, ел-жұртымызға деген өз борышымызды адал атқарып өтуіміз керек. Қорғай алмаса өз обалы өзіне, біз халқымыздың алғашқы мемлекеттік отауын тіктік! Тігу үшін қан майданда жан құрбан дедік!»

Жәнібек төсектен басын көтеріп алған. Сол күні Сауранды билеп тұрған хакім Құлмұқамет-тархан «Күшің жетсе — жеңіп ал» деп Жәнібектің хатына жауап берген. Ал Жәнібек те сол сағатта Сауран шаһарын шабуға әскеріне жарлық шығарған:

Бүкіл Сыр бойын алып жатқан қалың әскер қайтадан жасаққа бөлініп, шабуылға дайындала бастады. Хат жіберілген өзге шаһарлардан жауап келгенше екі аптадай уақыт өтті. Жәнібек бар уәлиеттен жауап алмай тұрып, Сығанаққа таяу Сауранды шабудан әзірге бас тартқан. Әбілқайырдың өлгенін естіген жұрт, хакімдеріне қан төгіспей қалалардың қақпаларын аштыртар деп үміттенген. Бірақ бұл ойы ақталмады. «Әбілқайыр хан өлгеннен кейін не болар екен?» деп күткен хакімдер тез жауап бере қоймады. Жұрт осындай дағдарыс халде жүрген шақта, тағы бір хабар келді. Әбілқайыр ханның тағына үлкен баласы Шайх-Хайдар отырыпты деген лақапты құс қанатты ұзынқұлақ бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне бір-ақ күнде таратты.

Жәнібек тағы ойға қалды. «Әбілқайыр жорыққа бастап шыққан жүз мың әскерді Шайх-Хайдар дәл қазір таратып жібермейді. Әрине, Шайх-Хайдар Көк Ордаға хан болып жарытпайды. Бірақ оның нағашы жұрты — өзбек Қоңыраттары қазір бел алып тұр. Сондықтан да Шайх-Хайдарды хан көтерді. Ал, Шайх-Хайдар қанша табанының бүрі жоқ, осал болғанмен де, әкесі құрған мынау жүз мың әскерді пайдаланып, абырой алып қалуға тырысады. Бұны Әбілқайырдың серіктері — әскер қолбасшы батырлар да қолдайды. Қайткен күнде де тастай түйілген әскерді жорыққа жұмсайды. Тек қай елді шабу керек, соған қарай әскерінің бетін бұрады. Әрине, Көк Ордаға қазір Моғолстаннан қазақ елі қауіпті. Оның үстіне біз Сығанақ уәлиетін алып қойдық. Өз елінің де, өзге елдің де көз алдында қадірін түсірмес үшін, Шайх-Хайдар Сығанақ пен Созақты қайтаруға барын салады. Сөз жоқ, әскерінің бетін ол Түркістан өлкесіне бұрады. Ал Шайх-Хайдардың әкесі Әбілқайырдың бабына келтірген жүз мың әскеріне, бар қару-жарағы сойыл мен көне Қыпшақ кезінен келе жатқан қайың садақтарын саптаған қазақ жігіттері қарсы тұра алмайды. Бұндай соғыста жеңіп шығу үшін тек жазды күні жиналатын ер жүрек жігіттері ғана емес, қан майданда әбден шыныққан, соғыс тәсілін мейлінше үйреніп алған қару-жарағы мұздай, тұрғылықты әскер керек. Ол әскер қазір тек Шайх-Хайдарда ғана бар. Сонда қалай, Шайх-Хайдардың әскері күшті екен деп ұрыстан күні бұрын тайып кету керек пе? Жоқ, өйтуге болмайды. Шайх-Хайдардың мұздай қару-жарақтанған әскеріне қарсы бөтен күшті пайдалану керек. Ол күш — Көк Орда хандығына қарсы батырлардың басын біріктіру, солардың әскерін Шайх-Хайдардың жан-жағынан қаптату, бүйідей тигізу. Мүйізі қарағайдай алып өгізді жан-жағынан тиген он бүгелек қызыл танау етіп шапқылатып, жанын қоярға жер тапқызбайды. Бүкіл қастар жиналсақ бір Шайх-Хайдарға әліміз жетпей ме? әрине жетеді.

Осындай ойға келген Жәнібек, Моғол, Жағатай хандары Қажы-Мұхамед баласы Сайдан-Айбақ ханға, Керей-Арабидің баласы Бүреке сұлтанға, Маңғыт әмірлері Аббас бек, Мұса бек, Жаңбыршы бекке, «бәріміз бірігіп Шайх-Хай- дарға қарсы шығайық» деп кісі салды.

Ежелден Әбілқайырға қарсы хан, сұлтан, бектер әскерімен тез-ақ жиналды. Киік лағын өргізген қара суықтың алдында Яссы мен Сауранның ортасындағы етрақ далада жүз мыңдаған қалың қол кездесті. Жәнібек әскерінің саны артық болғанымен, Қарашың батыр бастаған Көк Орда әскері алғызбады. Жәнібек, Айбақ, Мұса, Жаңбыршы бірнеше мәртебе қарсы шапты, бірақ сауыт бұзар болат ұшты жебе жаудырған Шайх-Хайдар әскері маңайына жолатпады. Бірнеше рет өздері қарсы шабуылға шықты. Нұраның Қаратұзындағы айқастан бері қазақ хандарына тісін қайрап жүрген Қарашың батыр, күйеу баласы екеніне қарамай, Бұрындық сұлтанның әскеріне өзгеден көбірек өшіге ұмтылды. Бұрындықтың баяғы өзіне істегенін алдына келтірмек боп, қолына арқанын алып қырғын ұрыстың ішінен талай аңдыды. Бірақ сұлтанды қоршаған кілең сайгүлік мінген қарулы ер жігіттер жуытпады. Кейде өздері қолға түсе жаздап әзер құтылды. Қарашың нұсқауымен сұлжық түрікмендерінің атақты жасағы Жәнібекке де сан ұмтылды. Бірақ баяғы Нұраның Қаратұзындағы оқиғадан кейін Жәнібек ханның өзін қорғайтын екі жүз алдаспанды арнаулы қосынын басқаратын батыр Саян, хан үстіне түйілген қылышты сан рет найзасымен қағып, ханды жәбірейілдей қорғап, майдан ортасынан аман алып шыға берді. Осылай екі аптадай салғыласқан қазақ әскері ақырында, күздің қара суығы келе Сығанаққа кейін шегінді. Жау жағының қайтқанын көрген Шайх-Хайдар хан енді өз әскерін тарата бастады.

Әбілқайыр Ордасы қастарының да күткені осы еді. Шайх-Хайдар хан жауынгерлерін таратып болып, қалған бес мың қолмен ертең Самарқантқа қайт- қалы тұрғанында, кенет Әбілқайырдың ескі жауы сұлтан Ахмет ханның жиырма мың жақсы қару-жарақты әскерін ертіп, Айбақ хан бір бүйірден сау ете қалды. Шайх-Хайдар тарап кеткен қолына жиналсын деп бұйрық беріп, ат шаптырғанмен, жөнді әскер жиналып үлгермеді. Амал жоқ, жиырма мың әскерге бес мың қолмен қарсы шығуға тура келді. Шайх-Хайдар жайшылықтағы жүрексіздігін қойып, осы айқаста Қарашыңмен қатар тұрып, жан аямай ұрысты. Суға кетер бала дариядан шегінбейді, әлде ажалына көрінді ме, не баяғыдан бері қорқып келгенінің ызасын қайтарайын деді ме, ол астындағы құла қасқа текежаумыт тұлпарын ойнақтатып, жау шебінің ортасына қарсы шапты. Таяу жерден жіберген бірнеше жебе үстіндегі кереге көз шынжыр сауыттың быт-шытын шығарып, ақырында ат үстінен құлатты. Құлаған ханның денесін аламыз деп, екі жақ бірдей жан аяспай қырылысып жатқанда, сан жағынан жараланған Шайх-Хайдар хан қансырап, қиналып барып, ақырғы рет жарық дүниеге бір қарады да, көзін мәңгі жұмды. Бұл жолы да ұтылғанын білген Қарашың батыр, соғысқа ең алғашқы рет қатынаспақ боп Шайх-Хайдар қолына ерген он жеті жасар Мұхамед-Шайбани мен он бес жасар Махмуд-Сұлтанды қан сасыған қырғыннан аман-есен алып шығып, қалың ши арасына кіріп жоқ болды.

Шайх-Хайдар қаза болғаннан кейін, оған ерген әмір, сұлтандар елді-елдеріне тарап кетті. Көбі өздерінің қасқырға жеке шабатын арлан тазы емес, тек қора күзетуге жарайтын бұралқы төбеттер екендіктерін көрсетті. Бұрын топтанып арсылдап үріп, сырт адамға айбар шексе, онысы айтақтайтын, бастарын қосатын әміршілері болғандықтан екен. Әміршілері ажал тауып еді, енді олар өз қалаларының қақпасының алдында отырып алып, тек жат адамды жуытпай құр сырттай қыр көрсетіп абалауға ғана жарады.

Мұндай жағдай қазақ, моғол, Жағатай хандары мен Әбілқайыр ұрпағына қарсы Ақсақ Темір әмірлеріне жаман тиген жоқ, Көк Ордаға бағынатын қалаларды жеке-жеке жаулап, біртіндеп талан-тараж етіп ала бастады. Әбілқайырдың кезіндегі айбарлы Ордадан «әне-міне» дегенше құр бөлшектенген уәлиеттер ғана қалды. Бұл Ақсақ Темірден кейін, қайта лаулап көтерілген Өзбек хандығының тағы да бір құлдырап құлауы еді.

Жәнібек бас жауы Әбілқайыр ордасын жеңгеннен кейін көңілі азырақ сая тапты. Сөйткенше қыс та түсті. Қалың қол қасына ұстайтын ол кезде хан қоры бәлендей бай емес, сыпайлардың өзіне ас керек болса, аттарына шөп керек. Қазақ ол уақытта шөп шауып, қыстық қорын дайындап көрмеген. Дайындағанмен де соншама бықыған малды қамтамасыз ету тіпті мүмкін емес. Жаз болса бір сәрі, сыпай аттары да жайылымда болады. Осындай жағдаймен хан жылда, қыс бола бас әскерін елді-еліне тарататын.

Биыл да сөйтті. Және осы жылы Дәшті Қыпшақ хан Ордасын Сығанаққа көшірді. Тек осы Сығанақты қорғауға бес мың атты әскер алып қалды да, өзге сыпайларын ауылдарына қайтарды. «Қару-жарақтарың, жауға мінер аттарың ер-тұрмандарымен дайын тұрсын, керек болып қалсаңдар жаршы хабар береді» деді. Биыл жылдағысындай «жаз шыға бәлен жерге жиналыңдар» демеді. Жәнібектің ондағы ойы, бір жағынан әрқайсы өз бетіне қамалға айналған Түркістан уәлиетінің қалаларын бұрынғыдай жүз мыңдаған қол жинамай-ақ, қарамағындағы бар күшпен аламын деген үміті болса, екінші жағынан бұл қалалардың хакім, ақсақалдарымен тіл тауып, бейбіт келісімге келіп, соғыс ашпай-ақ өзіме бағындырармын деген сенімі бар еді.

Жәнібек осы ойын орындауға кірісті. Өзінің қоқан-лоқы күшін көрсете отырып, Түркістан уәлиетінің Сығанақ пен Созақтан бөтен қалаларына «қан төгіспей бағыныңдар» деп үшінші рет хат жазып, уәкілдер жіберді. Бұ жолы Жәнібек, сөзінің салмағы болатынына шек келтірмеген. Сөйтсе Яссы, Сайрам, Сауран, Отырар, Ақруқ, Үзгент секілді мықты бекініске айналған шаһарлардың оңай қолға түсе қоймайтынын да түсінетін. Әсіресе Яссы, Сауран қалаларын басқарып отырған Мұхамед-Мазит-тархан, Құлмұхамед-тархан секілді Әбілқайыр кезінде де биліктерін ешкімге ойыншық ете қоймаған хакімдері бар және қорғайтын әскері бар қалалардың тағдырын оңай шеше алмайтыны оған хақ еді. Жәнібек бұл мединелермен жеке алыспай тағы да өзіне серік іздеуге кірісті. Оған енді бұрынғы Абақ хан, Ахмет хан, Аббас, Мұса, Жаңбыршы бектерден күштірек серік керек болды. Мұндай адам Исан-Бұғы өлгеннен кейін, Моғолстан тағына отырған Жұныс хан еді.

Ежелден қазақ рулары жағатай, моғол хандарымен достасып келген. Моғолстанда бір тірегім болса, мұртымды балта кеспейді деп ойлады Жәнібек. Оның үстіне Жұныс хан Мауреннахрдағы Ақсақ Темір әмірлерімен байланысты. Самарқант әміршісі әбусейіттің баласы Омар шайқы бұның қызын алып отыр. Түбі Түркістан уәлиетін қан төгіп жаулап алатындай күн туса Самар- қант, Бұқар күштерінің сырт қалғаны жөн. Қашан да болса топтанған қасыңнан, жекеленген жауыңды жеңу оңай. Ал қазір сондай әдіске жол бар. Әбілқайыр дүние салғаннан бері, Темірлан тағына қарайтын уәлиеттер жеке-жеке бөлініп кеткен. «Ортақ өгізден оңаша бұзау» деп қарайтын сұлтандарға, әмірлерге жалғыз әміршіге бағынғаннан гөрі, әр уәлиетті бөліп билеу тиімді көрінген. Жауың өзі осындай халде тұрғанда, неге оның осал жерін пайдаланбасқа? Жәнібек өз ойын іске асыруға осы кездің дәл екенін еске алып, қыз беріп, қыз алысайық деп Жұнысқа кісі салды.

Жаңа іргесін қалап келе жатқан қазақ хандығының Түркістан өлкесін қайтып алудан да бөтен толып жатқан істері бар. Әскер құру, хан тәртібін орнату, мемлекет заңын — жаңа «хан жарғысын» шығару, отырықшы аймақтар мен көшпелі тайпалардан хан қорына, әскер ұстауға, мешітке, мемлекет ісін жүргізетін адамдарға арналған салық, ғараж, ұшыр, зекет жинау. Сығанақ пен Созақты алғаннан бері Қыпшақ даласы мен Моғолстан, Алтын хан, Қара теңіз жағасындағы қалалармен сауда-саттық жұмысын күшейту — хан әсіресе көңіл бөлетін мәселелер еді. Бұрынды-соңды Дәшті Қыпшақта қалыпқа түспеген осындай тың істермен шұғылданып жүргенінде, Жәнібек қыс өтіп жаз шыққанын білмей қалды.

Жаз шыға Жәнібек өзінің көшпелі ел ұлы екенін есіне ұстап, қазақ елінің дәстүрі бойынша, хан Ордасын Сығанақтан Сырдарияның сағасына көшірді.

Бұл ара шым үйлі, күндіз-түні шулаған базарлы, көшесіне адамы сыймай жатқан қаладай емес, көк шалғын, ауасы да жеңіл, өрісі де кең, қамысты алқап.

Сырдария жағасына келіп қонғалы. Жәнібектің шаруасы бұрынғысынан да көбейіп кетті. Сайрам хакімі Қатта бектен, Моғолстан ханы Жұныстан хабар келген. Бұл екеуі де Жәнібектің ұсынысына бірден құлап түспегенмен де, тақа «кет әрі» еместігін білдірген. Сондай-ақ Сауран хакімі Құлмұхамед те кісі жіберген. Хан ұсынысына ол терісқақпай жауап берген.

Жәнібек осы мәселелерді Хан Кеңесіне салмақ болды. О кезде күрделі істің бәрін Хан Кеңесі шешеді. Хан ұсынысын егер Хан Кеңесі қабылдаса ғана іске асады. Абылай ханға дейін бүкіл қазақ тарихында осылай болып келген. Ал Жәнібек тұсында Хан Кеңесі екі түрге бөлінетін. Бірін «Тағанақ кеңесі» деп атайтын, екіншісін «Тұрымтай кеңесі» дейтін. Біріншісі үлкен Хан Кеңесі деген мағынада, екіншісі кіші Хан Кеңесі деген түсінікте. Біріншісіне елеулі рудың басты адамдары тегіс жиналады. Онда хан сайлау, соғыс ашу тәрізді күрделі істер ғана қаралуға тиісті. Сондықтан бұл кеңесті кейде үш жүзге бөлінерде бас қосқан жерінің атымен «Қаратұз кеңесі» деп те атаған. Ал Тұрымтай кеңесінде басқа жұртқа елші жіберу, қонысқа жер бөлу тәрізді жеңілдеу мәселелер шешілген. Бұл кеңеске Маймене мен Майсарыдан бөтен, Орда маңындағы әскери қолбасшылар, хан балалары қатынаса алады. Бірінші Кеңес жылына бір мәртебе, екінші Кеңес апта сайын бас қосқан.

Жәнібек өзінің дүдәмалданған ісін, Хан Кеңесіне қоймай тұрып, көбіне Қасым сұлтанмен ақылдасатын. Бұ жолы да осы әдетіне сап баласын, өзі отырған Жаған бәйбішесінің ордасына шақырттырды.

Күн жаңа батып, төменгі ауылдың малы келіп азан-қазан болып жатқанда, кешке таманғы аласапыран әлеті еді. Күндіз ыстық боп, күн бата ғана самал жел тұрған. Орда іші салқындай түссін деп хан есікті әдейі ашып қойған. Баласымен сөйлесер сөзін жат құлақ естімеске күзет жігіттерін де «әрірек барып күзетіңдер» деп, Орда маңынан алыстау жерге қуып жіберген.

— Ымырт үйіріле Қасым да келді. Әкесі оның сәлемін алып оң жағына отырғызды да:

— Пешпентіңді шешіп таста, денеңді жел аймаласын, — деді, сөйтті де қымыз құйып отырған бәйбішесіне, — шам жағасың ба, қайтесің, — деп көз қиығын аударды.

Сонау Жанбике оқиғасынан кейін үш жыл өтсе де, Жаған бәлендей өзгере қоймаған-ды. Сәл толығайын деген тәрізді, әйтпесе сол баяғы көл жағасына шығып таранған аққу-қаздай сәнді қалпы. Жасы қырықтан асып кеткенін есіне тұтып, баласының көзінше орнынан ілтипатпен тұрып, жайшылықтағы еріне деген қылтың-сылтың мінез көрсетпей, әдеппен сәндене майыса, керегеге ілулі қытай шамын жағуға кірісті.

Жәнібек аспай-саспай, алдындағы алтын кеседен уыз қымызды бір ұрттап қойып әңгімесін бастады:

— Бүгін Алмалықтан Жұныс ханнан кісі келді, — деді ол. — Кеше Сауран хакімі Құлмұхамед-тархан мен Сайрам хакімі Қатта бектен жеткен хабарды естіген шығарсың?…

— Еміс-еміс қана…

— Құлмұхамед-тархан әлі өр көкіректігіне салып, — деп келе жатты да, кенет тоқтай қалды. Дәл осы сәтте есік жанындағы қоржыннан шақпақ тас алуға бара жатқан Жаған Қасымды әлденеден қорғай «алла» деп дауыстап жіберді де, жерге шалқалай келіп гүрс құлады. Жәнібектің көргені ашық есік алдында қараң етіп пайда болған қара далбағайлы жат кісінің кенет найзағайдай жарқ еткізіп лақтырған болат қанжары болды.

Жәнібек атып тұрып есік алдына барғанша, қоюланып келе жатқан түн қараңғысынан аруақтай пайда болған түсі суық адам, сып етіп үйді айнала беріп, сиқыршы жандай жоғалып кетті.

Жәнібек тек:

— Ұстаңдар! — деуге ғана шамасы келді.

Сірә есік алдында кенет елең еткен жат бейнені күзетшілердің де көзі шалып қалған тәрізді, енді олардың су жағасындағы қамысқа қарай жүгіріп бара жатқан дүбірлері естілді. Әлден уақытта: «Қап, әттеген-ай, ұстатпай кетті-ау!» деген әлдекімнің өкінішті даусы шықты.

әкесінің сөзін тыңдап бетіне қарап отырған Қасым, шешесінің даусы шыққан шақта ештеңе түсінбей қалды, тек Жаған шалқалай түсіп құлағанда бір-ақ ырғып қасына барды. Қара көлеңкеленіп кеткен бейуақта үн-түнсіз жатқан анасының дәл көкірегіне қадалған қанжардың сабын көрді. Жанталасып мүйіз сапты қанжарды кеудесінен жұлып алды. Атылған ыстық қан бетіне шапшып жуып кетті. Анасы «құлыным» деп ышқына бір бұлқынды да тына қалды. Осы кезде үйге басқа адамдар да келіп, шам жағылды. Енді жұрт қызыл қанға батып өліп жатқан ханымды көрді.

Бүкіл хан аулы түнімен Жағанды өлтірген адамды іздеді. Таба алмады. Тек таң ата ғана оның Сейхун дарияның жағасында жатқан қара жүн далбағайы мен жеңіл пұшпақ ішігін, түйе терісінен илеген көн етігін тауып әкелді. Шамасы арғы бетке жүзіп өтіп кеткен тәрізді. Ағысы қатты, кімді болса да оп-оңай алып кететін бұл кездегі Сейхун дариядан әлгі адамның қалай жүзіп өткеніне жұрт жағасын ұстап таң қалды. «Адам емес, хан Ордасына арнап келген бұл бір албасты болар» деді ішінен ғаламатқа сенгіш кейбір кемпірлер. Ал тастап кеткен киімдерінен бұл келген жын да, албасты да емес, нағыз адам, адам болғанда Дәшті Қыпшақтың өзінен шыққан, тіпті сонау Жайықтың арғы бетінен келген жау екеніне ешкім де шек келтірмеді. Бұған киім үлгісі, көмкеруі, оюы куә еді.

Жағанды бүкіл ел-жұрт боп арулап қойып, жетісін бергеннен кейін, Жәнібек тағы Қасымды өз ордасына шақырды. Қасым келгеннен соң, оның беліндегі қанжарды алды да, қолына ұстап тұрған, Жағанның кеудесінен суырылған қанжармен екеуін баласының алдына қойды.

— Көрдің бе, екеуі бірдей, — деді Жәнібек, — саған осы екі қанжар қандай сыр айтып тұр?

— Бір шебердің жасағаны ма?

— Одан бөтен?

— Есіңізде ме, анам марқұмға Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға тимеймін деп ант бергенімде менің қолымнан мынау қанжарды алып, «саған қадалар қанжар менің жүрегіме қадалсын» деп еді ғой? Анамның сол тілегі орындалған тәрізді.

— Рас, анаң адал жан еді. Адал жүрегінен тілеген тілегі орындалды. Топырағы торқа болсын. Ал бұдан басқа бұл қанжардың лақтырылуынан не ұқтың?

— Қанжар не сізге, не маған арналып лақтырылған.

— Дұрыс айтасың. Бұл қанжарларды Мекеге барған Ноғайлы хандығының бір биі Стамбулдан алып келген. Маған біреуін берген еді. Сен жеті жасқа толғаныңда әдейі беліңе байлағам. Ал қалғандары сол Ноғайлы елінде болатын. Мына қанжарды лақтырған адам не саған, не маған арнап лақтырды. Және өзі со жақтан келді. Бұдан не ұқтың?

— Еділ бойындағы ағайындар да тек жатпайтын тәрізді ғой.

— Дұрыс айтасың. Дәшті Қыпшақ жері — түйенің терісі тәрізді мол дүние. Әркім-ақ одан бір ұлтандық жұлып алып қалуға құмар. Тегі Түркістанға тым көңіл бөліп кеткен тәріздіміз. Біз бұ жақта әуре болып жүргенде, Еділ бойындағы Ноғайлы Темір би мен Астрахань Ордасының әміршісі Қасым сұлтан да бос жатпағаны көрініп тұр… Қазан мен Қырым хандарымен тіл табысқандай ма, қалай. Төрт жұрттың төртеуі де бізге дос емес. Түркістанды аламыз деп жүргенде, олар Дәшті Қыпшақтың бүкіл батысын басып қалуға дайындалып жатпағанын кім білсін. Жоқ, артыңды бекітпей тұрып алдыңды қармай берудің жөні болмас… Қандай ақылың бар?

— Ақылым өзіңіз ойлағандай: жау екі жақтан. Астананы екі жағыңа бірдей қарай алатын жерге көшіру керек.

— Оның Ұлытау ма?

— Жоқ, Ұлытау екі жақтың дүбірінен де алыс. Бізге тегі қауіпті тұстан тақа алыс кетпеу жөн. Дәшті Қыпшақ хандығы бұл жақтағы шекарасын қазір әжептәуір бекітіп алды. Енді Сауранды жаулап алсаңыз өздері бүлініп жатқан Әбілқайыр мен Темірлан тақтарынан бәлендей қауіп әзірге туа қоймас… Қауіп дүмпуі Ноғайлы жақтан. Дәл Ноғайлы хандығы болмаған күнде де, ар жағында Түрік патшалығы бар. Біз о жақтан тым алыстап кеттік. Сығанақты — Бұрындық сұлтанға қалдырып, хан Ордасын Жайық бойындағы көне қала — Сарайшыққа көшірген жөн.

— Өзім де осылай болжап едім. Дәшті Қыпшақ хандығы болу үшін қарамағымызда Еділ, Жайық, Жем, Торғай өзендерін жайлаған туыстардың бір бол- ғаны жақсы. Ал олар біздің құрығымыздың мойындарына түсуіне тым шалғай жатқанын місе тұтып, бөліне жайылып жүрген түрі бар… Оның үстіне ар жағында тағы қас жауларымыз тұр…

Күзтоқсанның бас кезінде хан «Тағанақ кеңесін» шақырды. Бұл кеңес хан ұсынысын дұрыс деп тапты және қыс түсе Сауранды қайтарып алуды мақұл деп шешті.

Жәнібек қыс түсе Сауранды басып алды да, келесі жылы жаз шыға Сығанақты — Бұрындыққа, Созақты — Махмұдқа, Сауранды үлкен баласы Жиреншеге тастап, өзі Жайық бойындағы Дәшті Қыпшақтың көне қаласы Сарайшыққа көшті.

Баласы Қасым жөн айтқан сынды, егер тағы бір бес жылдай бұ жаққа көңіл бөлмегенде, бүкіл Еділ, Жайық бойы Мұғажар тауына дейін Ноғайлы, Астрахань, Қазан, Башқұрт хандарының үлесіне кетуі мүмкін екен. Оның үстіне Жәнібекті «бар қазақтың ханы» деп құр атағаны болмаса, бұл арадағы рулар оның ықпалынан тым алыс жатқан-ды. Хан өзінің тегеурінді мінезіне басып, тағы қауіп-қатерлі, кейде қан төгіссіз бітпейтін жаңа айқастарға кірісіп те кетті. Енді ол өзіне арналған қанжардың неге батыстан лақтырылғанын ұқты. Оңаша отау, жеке хан болуды арман еткен басшыларының азғыруы салдарынан Еділ, Жайық, Елек, Жем, Торғай, Ор өзенінің бойындағы рулар Жәнібекке бағынудан айни бастаған. Жәнібек өзінің он мың атты әскерін ерсілі-қарсылы дүбірлетіп, көк құрыш алдаспанын найзағайдай жарқылдатып, енді оларды ойлануға мәжбүр етті. Осылай бұ жақтағы қазақ руларының басын біріктіріп, Дәшті Қыпшақ хандығына күшпен бағындырам деп жүргенінде балаларына тастап кеткен Дәшті Қыпшақтың күншығыс жағына Әбілқайыр ханның кезінен де зор қауіп туғанын білмей қалды.

Әбілқайыр өзі өлместен бұрын Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды өзінің бұрынғы атекесі Бай-Шайх ұйғырға тапсырған. Және оларға атеке етіп бұрынғы күкілташы қосшы руынан шыққан Дәулет-Қожа бектің баласы Дарвиш-Хұсайын-Қарашыңды тағайындаған. Бұл екеуі де Әбілқайырмен бірге Көк Орданы тігіскен ер жүрек, сенімді адамдар болатын. Шайх-Хайдар өлгеннен кейін Әбілқайыр тағына отыру Мұхамед-Шайбанидың кезегі еді. Өйткені оның әкесі Шах-Будақ сұлтан Әбілқайырдың үлкен баласы. Ал өзі Шах-Будақтың Аққозыдан туған тұңғышы. Екі жылдан кейін, Махмуд-Сұлтан туған. Екеуі де түрге келбетті, алып күшті, жас жолбарыс тәрізді ер жүрек жандар. Оның үстіне екеуі де оқуға зирек, өнер-білімге жақын. Хан маңындағы адамдар түбі әлемге Сайбан тұқымының атын шығарар осы екеуінің бірі болар деп жоритын. Бар үміттерін олар Мұхамед-әкім эль Тарази тойында ақтағандай да еді. Осындай үміт күткен екі ханзаданы Әбілқайыр қайтыс болысымен, әмірлер кеңесі «көзіңнің қарашығындай сақта» деп Әбілқайырдың ең сенімді, ең ер жүрек батыры Қарашыңға тапсырған. Сол себептен бұл батыр өзін осы екі ханзаданың өміріне жауапты санайтын. Жалғыз жанын құрбан етіп оларды қауіп-қатерден сақтауға ант еткен.

Осы екі ханзаданы Шайх-Хайдар қаза болған ұрыстан алып шығысымен Қарашың батыр Хаджитархандағы, яғни Астраханьдағы Жошының үшінші ұлы Құтлық-Темірдің ұрпағы, Қасым ханға бірден тартқан. Мауреннахр жерінде жүрсе, тірі қалуларынан Қарашың батыр күдіктенген. Астрахань тағына отыруға кезінде Әбілқайыр үлкен жәрдем берген Қасым хан, қашып келген ханзадаларды құшағын жая қарсы алған. Қарашың батырмен ақылдасып, Қасым хан Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды жаудан жасырып бағуды Маңғыт руынан шыққан Темірбекке жүктеген.

Темірбек ханзадаларға тамаша құрмет көрсетіп, қызмет істей бастаған. Бұл жағдай Әбілқайыр әулетіне жаны қас жауы, қай жерден қос бөрі шыға қалар екен деп құлағын түріп отырған Айбақ ханға, моғол Ахмед хан мен Аббас бекке жеткен. Бұлар көп әскермен Хаджитарханға қарай шыққан. Соғысуға күші жеткіліксіз Қасым хан Темірбек пен Қарашыңды шақырып алып, екі ханзаданы Хаджитарханнан Мауреннахрға қашырған.

Жолай бұларға Әбілқайыр тағына берілген бірнеше сұлтандар, батырлар қосылып, өздерін қоршап алған Айбақ ханның әскерімен соғысады. Осы айқас- та Мұхамед-Шайбани, Махмуд-Сұлтан, Қарашың үшеуі ханның інісі мен бір баласын өлтіріп қоршаудан шығады. Соңынан қуып жеткен Ахмед ханның қолбасшыларының бірі Қоныш-Қыпшақ батыр басқарған мың адаммен айқасып, олардан тағы құтылып кетеді. Бұл айқаста әсіресе Мұхамед-Шайбанидің інісі Махмуд-Сұлтан, Бахтияр сұлтанның балалары әлік пен Хамзе, Әбілқайырдың баласы Сүйіншік аса ерлік көрсетеді.

Осы адамдармен ол Түркістан уәлиетіне келеді. Бұл мезгілдегі Түркістан уәлиетінің әміршісі Ұлықбектен туған Мираншох-мырзаның немересі, Сұлтан Ахмед, Яссы қаласының хакімі моғол Мұхамед-Мазит-тархан, Отырардың хакімі оның баласы Құлмұхамет-тархан, Ташкент уәлиетінің әміршісі Сұлтан Махмуд-тархан көптен көп Көк Ордаға мейлінше дос-жар адамдар. Бәрінде де қазақ хандары жеңіп, билігімізден айырылып қаламыз ба деп зәре жоқ. Бұларға хакімі әмір әбдуәли-тархан, қосшы әміршісі Ақсофы батыр қосылып, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды ту қылып көтеріп, құрып кеткен Көк Орданың шаңырағын қайта көтеруді ойлаған. Бұлар Мұхамед-Шайбаниды Дәшті Қыпшаққа хан етіп көтеріп, өздерінің қастары қазақ пен Жағатай хандарына қарсы күш етіп пайдаланбақ болды. Осындай саясаттың арқасында осыдан екі-үш жыл бұрын қашқын боп жүрген ханзадалар Дәшті Қыпшаққа қауіпті күшке айналды. Оның үстінде Мұхамед-Шайбанидың өзінің жеке басының қасиетін, ер жүректігін, ақылдылығын, оқығандығын қоссақ, шынында да, Дәшті Қыпшаққа бүгін болмаса ертең нағыз қатерлі күн тууы сөзсіз еді. Осы қауіп іс жүзінде айқындала бастады. Бұрындық Сарайшық жағына серуендеп кеткенде, Мұхамед-Шайбани Сығанақты басып алды. Мұхамед-Шайбани жаққа шыққан қала ақсақалдары көмегімен, осының алдында ғана Яссыға жорық салып, ештеңе өндіре алмай келген Жиренше сұлтанға да Саураннан айрылу қаупі туды. Көп кешікпей ол да Саураннан айырылды.

Ақ Орданың — қазақ Ордасының екі бірдей бұрынғы астанасын жоғалтуы Жәнібек пен Бұрындыққа, Жәнібектің баласы Махмұд-Қамбар, Қасымдарға Дәшті Қыпшақтың күншығысында қандай қауіптің туғанын анық көрсетті.

Бұл әрекеттердің бәрі де, тоқ етерін айтқанда, күшейіп келе жатқан қазақ елін қайтадан басқа ұрып, кейін шегіндіру еді. Түркістан өлкесін кім алса, Дәшті Қыпшаққа сол үстемдігін жүргізеді. Осы себептен Түркістан қалаларының маңайында тағы төрт хандық түйісіп, қырғын басталуға жақын қалды.

Қазақтар Түркістан өлкесі арқылы өзінің ежелгі жері мен қалаларын қор- ғап, хандық дәрежесін жоғалтпағысы келсе, Моғолдар бұл өлкені өздері басып қалып, Жетісудан қазақ елін тайдыруды ойлады. Ал Темірдің быт-шыт бола бастаған әмірлері Түркістан арқылы өздерінің бұрынғы Ақсақ Темір кезіндегі патшалығын сақтап, Дәшті Қыпшақты қарамағында ұстап, сауда-саттығын өркендетуді арман етсе, Әбілқайыр тұқымдары бұл өлкені қолына алып, бүкіл Дәшті Қыпшақты қайтадан басқармақ болды. Осындай қарама-қарсы келген төрт ниеттің тағдыры осы Түркістан өлкесіне кеп тірелді. Мұндай жағдайда Жәнібек Жайық бойында қала алар ма? Кеше ғана өзі қожа бола бастаған Түркістаннан айрылғысы келмеді. Түркістаннан айырылуы қайтадан қазақ хандығын жоғалтуы еді. Сондықтан Жәнібек Сарайшықты тастап, қайтадан бұрын- ғы қонысына көшуді ойлады. Түркістанды жаулап алу үшін құр ғана әскер емес, ол жерді жайлайтын, бауыр басып қалатын ел керек. Сол себептен де ұлы жырау Асан Қайғының:


«Қырыңды киік жайлаған, Суында балық ойнаған.

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын.

Жемде кеңес қылмадың.

Жемнен де елді көшірдің

Ойыл деген ойыңды.

Отын тапсаң тойынды.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің»,


деп толғай ұрысуына қарамай, хандығының келешегін ойлаған Жәнібек бұл жолы да өз айтқанынан қайтпады.

Жәнібек жорық үшін қайтадан қоныс етпек болған Шу, Сарысу бойын Асан Қайғы жамандап: Мына шіркіннің екі жағы борбас екен; баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы қынынан суырылмайтұғын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен» деп, не болмаса Жәнібектің көп елі жайлай бастаған Қаратауды көріп: «Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа ісі жоқ, жер азғыны мұнда екен, қатыны семіз, ері арық ел азғыны мұнда екен, аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесінде қартаятұғын жер екен» деп Еділ мен Жайық бойын тастамауды айтса да, Жәнібек көнбеді. Түркістаннан айрылса, Дәшті Қыпшақтан айрылатынын, Ордасы жоқ, ошағы жоқ, азық-түлік, сауда-саттығы жоқ, бөтен жұртпен байланыс жасай алмайтын көшпелі елді күншығысындағы Әбілқайыр ұрпағы мен Темірлан тағы, күнбатысындағы Ноғайлы, Астрахань, Қазан хандықтары бөлшектеп жұтып жіберетініне көзі жеткендіктен өз дегенінен таймады. Ол енді ештеңеге қарамады. Өз жолының жөн екенін біліп тұрғандықтан, Асан Қайғының дегеніне көнбеді. Бүкіл жұртты шұбырта тағы көшті. Келе сала Сығанақ үшін Мұхамед-Шайбанимен соғысуға дайындалды. Бірақ бұл кезде Мұхамед-Шайбани әжептәуір күшейіп алған-ды.

Екі жақ Сауран мен Яссының ортасындағы кең жазық далада кездесті. Бұ жолы ешкім де жекпе-жекке шықпады. Жәнібек бастаған қалың әскер екінді кезінде Мұхамед-Шайбанидың шебіне ат қойды. Жау жағы да қарсы шапты. Бірақ Мұхамед-Шайбани қулығын асырды. Қазақ әскерінің мақсаты қан майданда жауын жалпы жеңу болса, Әбілқайыр Ордасының ойлағаны хан Жәнібекті құрту еді. Бетпе-бет кеп тұра қашқан бір топ әскерді қуа түскен Жәнібек пен батыр Саян кенет өздерінің Мұхамед-Шайбани мен Ақсофы батыр басқарған қосшы омағының ер жүрек он сан жауынгерлерінің ортасына қалай түскендерін білмей қалды. Алпыстан асқан Жәнібек қанша айбын көрсеткенімен, Мұхамед-Шайбанидың қасындағы алып күшті жас батырға қарсы тұра алмады. Бетпе-бет келіп қалғанда, ананың қос қолдап ұрған шоқпарының салмағымен омырт- қасы үзіліп ат-матымен жер құша омақата құлады. Осы кезде сәл соңынан келе жатқан батыр Саянның да жігіттері жолындағы жау шебін қамыстай бытырлатып жетіп үлгерді. Жолбарыстай ақырып бір тобы Мұхамед-Шайбаниға ұмтылды. Бірақ бір арманына жеткенін көзімен көрген хан баласы ұпайым түгел дегендей, бұларға бұрылып та қарамастан астындағы жел жетпес күрең атына қамшыны үсті-үстіне басып, өз тобына қарай құйындата жөнелді. Ал батыр Саян жерде жатқан хан денесін алдына өңгеріп алып, екінші жағынан келіп қалған жау тобынан сытылып шыға берді. Сөйткенше түн болып қараңғылық түсті. Ұрыс тоқталды. Ай туа әскері ойсырап қалған Мұхамед-Шайбани, таңертеңгі ұрысқа төтеп бере аламайтынына көзі жетіп, Яссы қаласына барып бекінбекші боп кейін шегінді.

Ханы өлген қазақ әскері жауының соңынан қумады. Жәнібектің денесін ақ кигізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмұт билеп тұрған Созаққа беттеді. Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханның бірі Жәнібекті ардақтап ақырғы сапарына шығарып салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді мазардың жанында тағы бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі жүргендерінде бүкіл Дәшті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан, енді он шаршы құлаш жерге қатарласа көмілді. Өмір татуластыра алмаған екі ханды, енді өлім татуластырды.

Жәнібектің қырқын берісімен ел жиылып, кезегіне қарай Керейдің өзге ұлдарынан батыр туған Бұрындықты ақ кигізге көтеріп хан сайлады. Бұрындық хан болысымен Әбілқайырға еліктеп жұртты отырықшылыққа бейімдей бастады. Бөген мен Шілік өзенінің түйіскен жеріне өзінің астанасы Бұрындық деген қала салуға кірісті. Екі жағында екі өзен, түйіскен жерінің алдыңғы жағынан қамал жүргізді. Бірақ бұл қаланы салып бітіре алмады. Самарқантқа қашқанында әдейі кісілер жіберіп өртеп кетті. Бұл арада осы күнге дейін жұрт Бұзық деп атап кеткен қорғанды қала орны әлі тұр. Бұрындық хан болған дәл осы күндері Ташкент, Яссы, Отырар шаһарларын билеп отырған моғол хакімдері мен Темірлан әмірлерінің жинап берген әскерлерін басқарып Мұхамед-Шайбанидің інісі Махмуд-Сұлтан Созаққа аттанды. Бұ жолы да қырғын ұрыс болды. Қан судай ақты. Тағы да Әбілқайыр балалары жеңіліп кейін шегінді. Бірақ Махмуд-Сұлтан Созақ билеушісі, Жәнібектің ортаншы ұлы Махмұт-Сұлтанмен жекпе-жекке шығып, найзамен үстіңгі ерні мен мұрынын алып түсті. «Шайбани-намеде» айтқандай, «тағдыр басындағы бар ақылын мұрнынан қан етіп ағызды». Бірақ аттан құлап түскен Махмұт сұлтанды қазақ жауынгерлері жау қолына қалдырмай бірден ат қойып аман құтқарды.

Бір халықты өзбек, қазақ деген екі елге бөліп алған хандар тартысы шиеленісе түсті. «Бұл тартыстың аяғы немен тынбақ?» — Өзгеден гөрі Қасым сұлтан көбірек ойланды. Күрестің алғашқы кезеңі аяқталған тәрізді. Анасының анты орындалып, өзін Қасым үшін құрбан етті. Ал әкесі Жәнібек, он жыл бұрын айтқанындай, Мұхамед-Шайбанидың өзінен болмаса да, оның жауынгер батырынан қаза тапты, туған ағасы Мұхамед-Шайбанидың інісі Махмуд-Сұлтаннан бет-аузы адам қарағысыз боп жараланды… Бәрі осыдан он жыл бұрын анасына ант берген күніндегі әңгімедей болып шықты. Осындай тартыс қанды кекке айналып бара жатқан жағдайда, енді өзі сондағы анасына берген антын орындай алар ма?

Қасым ауыр күрсінді. «Жоқ, жоқ қайткен күнде де антты орындауы керек. Анаға берген сөзін бұзса қарғыс атады…»

әрине Бұрындық ханның әскери басшысы болып жүргенде бұл антын бұзбайды, ал егер ертең алтын тақ-айдаһардың үстіне отыруға тура келсе қайтеді? Апалы-сіңлілінің балалары түгіл, бір анадан, бір әкеден туған егізді айыратын, бірін-бірі бауыздататын қанқұмар алтын тақ-айдаһар Қасым сұлтанды бүгінгідей өз еркіне қояр ма?

әй, қоймас. Алтын таққа отыру — өз басыңның айдаһарға айналуымен тең емес пе? Тең, сөз жоқ тең.

Биылғы жыл Қасым сұлтанға ауыр тиді. Бұрындықтың орынсыз жұмсауымен дайындықсыз тиісіп бір-екі рет Мұхамед-Шайбаниден жеңіліп қалды. Оның үстіне хан тұқымын қанаушы санаған «Жалғыз көз» батыр, әлділерден опық жеген малшы-жалшыларды жинап, Қасымның да екі қос жылқысын айдап әкетті. Сыр бойының төменгі жағындағы балықшы ауылдарға апарып үлестіріпті деген сыбыс та құлағына жеткен. Бірақ Қасым жылқысын іздеп ол ауылдарға аттанбады. Өйткені, дәл осы кезде ең жақсы көрер әйелі Ханық-Сұлтан Ханша ұл тапты. Атын Қасымның өзі Хақназар қойды.

Көп қатын алатын хан тұқымы балаға зар болмайды. Бірақ Қасым осы Хақназарға өте қуанды. Өзінің ізін басар қазақтың әйгілі ханының бірі боларын білді ме, күндік жерден ат шаптырып ұлан-асыр той істеді. Орақ барымталап алған көп жылқысын енді ол сонау балықшы кедей ауылдарға ұлым үшін берген садақам деді.


ІV


«Екі көз бірін-бірі шұқымасқа аллатағала ортасына мұрынды жаратқан» деп қазақ босқа айтпаған. Бұрындық таққа отырып, Қасым сұлтан әскербасы, яғни әмір-эль-умера болғаннан кейін, көп кешікпей-ақ араларында қайшылықтар туа бастады. Негізгі ала ауыздық Бұрындық пен Қасымның қазақ хандығының келешек саясатының қандай болуы керек, деген мәселедегі екеуінің көзқарасынан туған. Оның үстіне Әбілқайыр Ордасын қайта тұрғызуды көздеген Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан жайындағы араларындағы алалығы қосылды.

Аңғал батыр, қысқа томыратын морт мінезді Бұрындық қазақ хандығының келешегі тек соғыста деп ойлаған. Жасынан жауынгершілікті мұрат еткен, тоң мойын, өз дегенін дүниенің тетігі көретін қайсар хан қазақ хандығының күшею жолы тек көрші елдерді шабуда деп ұққан. Сондықтан ол өзі де үнемі ат үстінде болып, өзгеден де соны тілеген. Ал Қасым бөтен пікірдің адамы. Оның ойынша қалың қол, соғыс тек жаудан өз жеріңді қайтарып алу үшін ғана керек. Қазақ хандығының күшею жолы үнемі соғысуда емес, алдымен өзіңе ешкімнің тісі бата алмайтын айбарлы, қой үстінде боз торғай жұмыртқалататын бейбітшілікті арман еткен ел болуда деп түсінген. Осындай ойдағы Қасым үнемі жорық, үнемі шапқыншылық халықты жүдетеді десе, Бұрындық «жоқ, олай емес, жаудың жер, суын тартып алып, дүниесін тонау ер жүректі қазақ жігіттерін байытады, ал жорық, ұрыс тек халықты шынықтырады, сақылдаған аяз бен бұрқыраған боранда өскен көкжал қасқырдай қайтпас қайсар етеді. Бұндай елге ешкім де беттей алмайды. Ал жауы қорыққан елдің хандығы да берік, айбынды келеді. Сол себепті қазақ елінің ең мықты саясаты соғыс болу керек» деп тұжырған. Хан билігіне бағынбауға қақы жоқ әскербасы Қасым лажсыз Бұрындықтың бұйрығын орындап, жұмсаған жорықтарына баруға мәжбүр болған. Осындай орынсыз жорықтардың кейбіреулерінде жауына күші жетпей жеңіліп те қалатын. Әрине, Бұрындықтың мұндай қылықтары Қасымның көңілінде оған деген наразылық тудырды. Ал Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға келгенде, Бұрындық екеуін тезірек құртуды тілесе, Қасым қос бөрінің бетін Түркістан өлкесінен қайтарып, Ақсақ Темір хандығына қарсы жұмсауды көздеді. Әбілқайырдың көптеген әмір, сұлтан, мырзалары Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды жақтайтынын түсінетін Қасым, қазақ елінің айбынды жауы Ақсақ Темір Ордасын құлату үшін, іріткіні жау тобының өзінде шығарсақ деген тілекті құптады. Мауреннахрдағы Моғол, Жағатай тархан, мырза, әмірлерін күшейтуден көрі, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды өз жағына шығарып, аналарға қарсы пайдалануды дұрыс көрген.

Бұл мәселеде хан мен оның әскер басының арасында оңай өте алмас тұңғиық пайда болды. Егер бұлар тіл тауып, бір шешімге келмесе, бұл тұңғиық екеуін бірдей батырып кететіні сөзсіз еді. Өйткені қас жауыңа достық көзбен қарау — еліңді сатумен тең қылмыс. Бұрындық ойынша Қасым сол қылмысқа таяу жүр. Әрине, мұндай жағдайда арасындағы ала ауыздық екеуіне бірдей қатер.

әйткенмен бұл түйінді қос бөрінің өздері шешті.

Мұхамед-Шайбани Ташкент билеушісі жағатайлық Сұлтан-Махмуд хан мен Самарқант әміршісі әбусейіт ханның арқасында Сығанақ, Ақрұқ, Үзгентті алғаннан кейін, бұл жеңістеріне қанағат тұтпай Хорезмге аттанды. Жолай Тырсақ бекінісін шауып, өзінің ағрұғын[53] осы арада қалдырып, Хорезмді қоршады. Хорезмді әне аламын, міне аламын деп тұрғанында, кенет қалаға Қорасан әміршісі жағатайлық Сұлтан-Хұсайын мырза жіберген жиырма мың әскер көмекке келді. Мұхамед-Шайбани амалсыз кейін қайтты. Дәл осы кезде Ташкент билеушісі Сұлтан-Махмуд хан кеп Отырар уәлиетін басып алды. Ол үлкен той жасап, мәңгілік одақтас боламыз деп достасып, Отырарды Мұхамед-Шайбаниға басыбайлы беріп, өзі әскерімен Ташкентке қайтып кетті.

Загрузка...