— Олай болса, біз кеттік, — деді қос сұлтан.

Бұлар келместен бұрын Әбілқайыр хан сарайының мұнарасынан Кеңгірді бойлай, Орда-Базардың күнгей бетінде құмырсқадай қаптаған әскерді көрген Жәнібек пен Керей қоштаспай, өктемдей адымдап есікке таянғанда «ұстаңдар мыналарды!» дей алмады нөкерлеріне. Жер шұқыған қалпымен үн-түнсіз қала берді.

Күн бата Арғын, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Уақ руларының біраз ауылы Жәнібек пен Керейге еріп, Моғолстанға қарай көтерілді.

Қалың әскері қорғаған қазақ рулары түні бойы көшті.

Таң атып, күн шыққанда кешегі ақшағала қалың ел сыңсып отырған шалғын шөпті жазық даланың біраз жері құлазып бос қалғанын Орда-Базар халқы тегіс көрді. Осылай боларын білген Әбілқайыр, хан сарайынан шықпай жатып алды.

Қыпшақ батыры Қобыланды да хан ордасының қасында қала алмады. Қыпшақтың қарамағындағы бес мың үйін ертіп, Торғай бойына кетуге бел буды. Қайсар батырдың бұлай көшуіне бір жағдай үлкен себеп болды. Жәнібек пен Керейге еріп қазақ рулары Моғолстан жеріне көтерілуден үш күн бұрын, қазақтың сол кездегі ардақты санайтын бір топ батыры мен билері Қобыланды батырдың аулына келген. Бұлар келсе Қобыланды он екі қанат ақ ордасының ішінде бүк түсіп теріс қарап жатыр екен. Сары қарын болып қалған бәйбішесі: «үйге қадірлі кісілер келді, тұрсайшы, батырым», — десе де Қобыланды тұрмады. «Ах» ұрып, өзге жұрт білмейтін, тек өзіне ғана аян жан азабына өртеніп жата берді.

Сонда батырларды бастап келген Арғын би:

— Уа, жарқыным, Әбілқайырға ердің — жол бермедің, ұлымды өлтірдің — құн бермедің. Бар жынымызды қоссақ біздің де бір Қобыландылық бақсылығымыз бар. Ел қамын ойлап келіп отырмыз. Келін-кепшігіне өкпелеген қариядай, теріс айналып, тоңқайып жатып алғаның не қылғаның? Тұр, сөйлеселік! — деген даусын көтеріп.

Арғын бидің өктем сөйлеуінен, бұл келгендер, ел аузындағы өзімен үзеңгілес батырлар екенін біліп, Қобыланды басын көтеріп, сәлем беріп, түрегеліп отырған.

Сырттағы жалшыларына қонақтарға арнап ту бие сойдырған Торғынай бәйбішесі үйге кіріп, бес тайдың терісінен тіккен сабаны қара піспекпен күрпілдете пісіп, тегенедей-тегенедей ағаш аяқтарға қымыз құя бастаған.

Ұзақ жүріп шөлдеп қалған Арғын сапты аяқты орталай бір сіміріп алған да, сөзіне кіріскен.

— Күнбатысында Еділді, күншығысында Орхон, Ертісті, солтүстігінде Тобыл, Есілді, оңтүстігінде сонау Қытай Шым қабырғасына дейін жалпақ даланы ежелден ен жайлаған ел едік. Көне заманнан тіліміз де, ойымыз да, шаруашылығымыз, салтымыз да бір еді. Қыпшақ, Алшын батысымды, Найман, Керей шығысымды, Үйсін, Дулат, Қоңырат оңтүстігімді қорғап келдің. Атам заманнан орталары¦да мен бар едім. Сендерден күші асып, жер ортама жау жеткенде, аянып қалған кезім жоқ. Қандай өкпең бар, ағайын? Ерлігім кімнен кем еді? Долданған теңізге желкен қайық не істей алады, хұнуға да қарсы шаптым, Қытайға да қарсы шықтым, бірақ күшім жетпеді. Ағайын деп Керей, Найман, Қоңырат жеріне ығыстым. Қоныс берді бұл ағайын. Арғын деп өзеніне ат қойдым. Соққан құйындай боп жерімді, елімді талап хұну өтті батысқа. Ата қонысыма қайта келдім. Қайтадан Арғынаты тауына қазық қақтым. Жауласар еліммен шекаралас Қыпшақ, Керей, Найман, Алшын, Үйсін, Дулат, Жалайыр, сендер болдыңдар. Ортаңда көз оймақтай мен қалдым. Сонау бір арғы заманда хан көтеріп ел болмасақ та, көшкен жерімізді жаудан сақтадыңдар, құрымадық. Ал бүгін не болғалы тұрмыз? Ойладың ба осыны, ағайын, өзара? Ойламасаң ойлайық, — Қобыланды сөйлемек боп тамағын қырынып ыңғайлана беріп еді, Арғын би оны тоқтатып тастады. — Шаңырақ өзіңдікі, кезегің келер, айтарсың. Алдыменен ағайынның сөзін ұғып ал. Сөйле Қарақожа батыр! — деді жолы үлкен болмағанмен осы отырғандардың жасы үлкені Керей Қарақожа батырға сөз тастап.

— Дұрыс айтты Арғын би, — деді, ел арасында «бес құлаш» деп аталатын еңгезердей, қошқыл өңді Қарақожа батыр, — анадан ер болып жалғыз Қыпшақ туған жоқ, батырлыққа, ерлікке бәріміз де ортақпыз. Ежелден біздің қонысымыз Орхон, Онон өзендерінің бойы мен қарт Алтай, Тарбағатай таулары екені бәріңе аян. Арғы аталарымыз кәпір дінінде болыпты деседі. О заманда қазақ қандай дін ұстағанын кім білген. Мүмкін кәпір де болған шығар. Бірақ Керей Керей болғалы, Ертіске көшіп қонғалы Үйсін, Дулат, Арғын, Қыпшақ, Найман, Уақ сендермен бір шығысып келеді бұл Керей. Рас, ерте кезде монғол елімен де біз дос болғанбыз. Қыз алысып, қыз беріскенбіз. Бірақ Темучин Шыңғысхан аталысымен-ақ, өзімен көршілес Керейдің ел болып отырғанын көргісі келмеді. Татар қауымынан кейін, ауызды бізге салды. Қылышынан қан тамған Шыңғысханмен он жыл айқастық. Керейдің ардагерлері Марғыз Бұйрық хан, Қожатұр хан, Уан хан — бәрі Шыңғыс қолынан қаза тапты. Осыншама біз не үшін алыстық, неге ардақты ұлдарымызды құрбан етіп қан-жоса болдық? Көк Орданың ханы Әбілқайырдың құлы болуға ма?

— Сөйле, Қаптағай батыр, — деді Қарақожадан жасы сәл кіші, Найманның ақ иығы Қаптағайға сөз беріп, Арғын би.

— Мен сөзімді мына Қарақожа батыр тоқтаған жерден бастайын, — деді Қаптағай батыр Қобыландыға бір қарап қойып. — Керейді жеңген Шыңғыс, әбден тояттанып алған соң, бар әскерін бізге жапты емес пе? Ежелден дініміз де бір, тіліміз де бір, қатар көшіп жүрген Керейді енді бізге айдап салды. Найман оңай көнді ме? әттең одақтас Хорезм-шах Мұхамед, Жажират тайпасының ханы Жамуха шешеннің опасыздығының салдарынан Даян хан бастаған Найман жеңілді. Ханның өзі қан майданда қаза тапты. Бірақ Найман бұдан кейін де мойын ұсынбаған. Даян ханның баласын атақты Құшлық батыр Шың- ғысханға қарсы жиырма жыл алысты. Шыңғысханның әйгілі баһадурлары Жебе-ноян мен Құбылайдың бізге істемегені бар ма? Тек көршілес қарлұқтардың әлсіздігінен ғана олардың бізге қуаты жетті. Шыңғыс нояндары Найманның бас көтерер бір адамын қалдырмай қырды. Ұлын құл етті, әйелін күң етті. Бірақ бостандықты көксеген Найман қандай ауыртпалық болса да жеңгізбеді, тасқын суда сең үстінде қалған адамдай қайтадан қарманып жағаға шықты. Қазақтың өзге руларымен қосылып ел болуды ойлады. Сонау біз үшін қанын төккен, қырылған ата-бабаның аруағын сыйлап, өз жерін, өз елін өле-өлгенше қорғады. Шыңғысхан ұрпағы қанша қанқұйлы болғанымен, олар бізді емес, біз оларды жеңдік. Монғол тілі емес, монғол дәстүрі емес, қазақ тілі, қазақ дәстүрі қалды. Осының бәрі неліктен болды? Қазақ атын Еділ, Жайықта, Қыпшақ, Алшын, сендер қорғасаңдар, Тарбағатай, Алтайда Керей, Найман біз қорғадық. Бас қоссаң тірі пенде жеңе алмайтын ел болдық. Бірақ басымыз қосылмады. Тағы бізді Барлас Ақсақ Темір жеңді. Бұл да бірімізді бірімізге айдап салып, бірімізден соң бірімізді бағындырып қойдай қырды. Тарамыстай жаны сірі халық бұдан да аман қалдық. Аман қалдық, бірақ одан не пайда? Быт-шыт болып әр ханның қолында жүрміз. Бізге Көк Орда қожа, Астрахань сұлтандары да қожа, Қырым мен Ноғайлы хандарының қарамағында жүрген ел де аз емес. Бүгін біз бірігіп ел болмасақ, ертең жерімізге күші басым жау келсе, не өзара бүліншілік күн туса, көрінгеннің тепкісінде кетеміз. Бүгін бірігіп өз хандығымызды, өз Ордамызды тұрғызуға әл-қуатымыз бар. Ал осы мүмкіншілікті пайдаланбасақ, қазақ деген ел болудан қаламыз. Осыны неге ойламайсың, уа, Қыпшақ Қобыланды?

— Сөйле, Жалайыр Бөрібай, — деді Арғын би Жалайыр батыры атан жілік, жалаң төс, орта жастан асып бара жатқан Бөрібайға жол беріп:

— Осы отырған рулардың Үйсіннен кейін жасы үлкені Жалайыр болар. Біз көргенді сендердің көбің көрген жоқсыңдар. Қытаймен де, қалмақпен де, грекпен де бетпе-бет алысқанбыз. Сол айқастың бәрінен де аман қалып, бауырым қазақ деп құшағымды жайып келгенімде, Қыпшақ, сен бүйректен сирақ шығарып отырсың. Бізді тастап Әбілқайырға қосылып, қандай ел болмақсың? Одан да есің барда жөніңді тап!

Енді сөзді осы келген батырлардың ең кішісі, Тамадан шыққан Қарабура батыр алған.

— Қырық бір жақ, қыңыр бір жақ, Қобыланды батыр. Сен қазір қыңырсың. Бірақ қырықтың аты қырық. Қандай қыңыр болса да түзетеді. Бұны ұмытпа, басымыз бірігуге айналғанда іріткі салма! Бұл саған ағайындық сөзіміз.

Қобыланды батыр шарт жүгініп алды.

— Бұларың не қорқыту ма? Қыпшақтың арысы Қобыланды батыр талай қоқан-лоқыны көрген, бірақ тірі жаннан қорқып көрмеген.

— Көрмесең көресің! — деді Арғын би даусын көтермей, — байқа, батыр, сен Арғын ұлы Ақжолды өлтірдім деп тым саңғи берме. Ат қазығынан кетпейді, саған да өз үйіріңнен кетпе дейміз. Кетеді екенсің, өз обалың өзіңе! Біз көппіз, бүкіл қазақ жиналып, Көк Ордаға әлі жетпесе де, Қобыландыға әлі жетеді. Мұны да жадыңда ұста. Бұларың не, қорқытпақсыңдар ма дейсің. Қорқыту жалғыз сенің ғана қолыңнан келеді деп ойлайсың ба? Жоқ, батырым, сен туған анадан біз де туғанбыз. Сен басып жүрген жерді, біз де басып жүрміз. Ақжолға сен сілтеген шоқпарды, Қыпшақтан шыққан Қобыланды, саған да біз де сілтей аламыз. Бұны да жадыңа тұт. Бұрын Жәнібек пен Керей ғана Ақжолдың құнын жоқтаса, енді бүкіл қазақ жоқтап жүрмесін. Егер бар қазақ Ақжолдың құнын сенен сұрар болса, өзің түгіл бүкіл Көк Орданың мал-мүлкі жетпес. Бұны да ұмытпа. Қорытып айтарымыз, — Арғын би сәл саябырлады, — айыптысың, бізге ер демейміз. Ал ел бірлігін ойласаң ертең біз көшкен күні, сонау Торғайдағы ата мекен қонысыңа сен де көшесің. Басымыз жаңа бірігіп келе жатқанда, сөкет үлгі көрсетпе өзге елге. Алда-жалда осы айтқанымызды орындамасаң, кінә тақпа. Бар қазақтан бес мың сойыл табылар. Онда жауымыз Әбілқайыр емес, өзің боласың.

— Дұрыс айтасың, Арғын би, — деді отырғандар.

— Айтарымызды айттық, ендігісін қабырғаңа кеңесіп өзің шеш! — деп Арғын би мен топ батыр дәмге қарамай үйден шығып кеткен.

Ызадан жанып-күйген Қобыланды бір мезет әлгілердің соңынан қуып жетіп, жалғыз өзі айқаспақ болған. Бірақ бірте-бірте сабасына түскен. Бүкіл қазақ біріккелі жатқанда, үйірден бөлінген саяқ секілді, Қыпшақ руын, Әбілқайырдың қасында алып қалуды өзі де жөн көрмеген.

Халқы ардақтаған аңғал батыр, Әбілқайырдың сөзіне еріп, ашу сезімін билей алмай, жұртына қара бет бола бастағанын кеш аңғарған. Өткен ісіне күңірене өкініп, енді ел-жұртынан алыс кетпеске бел буған. Бірақ бірден бұл арманын орындауға көңілі дауаламаған. Қазақ рулары Моғолстанға бет алғанда, бұның Торғай өзенінің бойына қарай көшу себебі осыдан еді.

Ал, көшкен елдің ең ақырғы қарасы үзілген кезде, Орда-Базардың күнгей жағындағы ойпаттан Көксеңгірін сабылтып терлеткен Қобыланды батыр көрінді. Хан ақылын алып, өзі жасаған дүрбелеңінің аяғына дейін шыдай алмай, біраз ел Әбілқайырдан бөлініп кетіпті дегенді естіп, кеше кешке хан Ордасына қарай шапқан. Сол шапқан күйі жеткен беті. Өзен бойында бұрын сыңсып отыратын ауылдардың сиреп қалғанынан бұл маңдағы рулардың көшіп кеткенін түсінген. Күйік үстінде өзінің не істегенін енді ғана ұққан. Бірақ өкінішін сыртқа шығармады. Бір мінезді, қайсар батыр әлденеге үміттене жан-жағына қарады. Төбе басында тұрған жалғыз салт аттыны көрді. Түйілген қабағы ашылып, талмаусыраған көзінде бір ұшқын пайда болды. Енді ол Көксеңгірін тебініп қап, төбе басында тұрған салт аттыға беттеді. Таяу келіп аттан түсті. Одан артық жақындауға батылы бармады. Төбе басында тұрған салт атты арт жағында таяп қалған ат дүбірін естіп, бетін сәл бұрды. Бұл он бес-он алты жасар қыз еді. Аққұба бетін күн сәулесіне шомылдырған, үлкен жаудыраған бота көздері қарақаттай қап-қара, оймақ ауыз, бүлдіршін еріндері тек ләззатқа ғана жаралғандай сүйкімді, қор қызынан кем емес бір сұлу…

Қыз жүзінде кенет бір қайғылы саз пайда болды.

— Не айтасыз, батыр? — деді ол қайтадан теріс бұрылып кетіп.

— Мен айтарымды айтып болдым ғой, бикеш, — деді Қобыланды! — Ақжол биді де сен үшін өлтірдім, батыр Саянды да сен үшін өлтіртпек болдым. Бір сен үшін жолымда жалғыз көз дәу кездессе де күресуге бар едім. Ал қазір… Арыстанның жүрегіндей жүрегім қоянның жүрегіндей болғанда, алпауыттай көңілім алақандай болғанда, қорлама енді сен мені, тағдырымды өзің шеш.

Қыз бетін қайта бұрды.

— Ақжол биге тоқалдыққа анамның бермек ойы болғаны рас. Бірақ Ақжол бидің қандай жазығы бар еді? Батыр Саянды менің сүйгенім рас. Бірақ батыр Саянның қандай жазығы бар еді? Жоқ, Қыпшақ жолбарысы Қобыланды, қара жерге кірмей мен саған қатын болмаймын.

Намысқой батыр ызалана қалды.

— әкең берсе қайтесің?

— Онда менің қызығымды сен емес, мына алмас кездік көреді, — деді алтын белбеуінің қынынан кішкентай қылшылдаған кездікті суырып.

Сөйтті де жас сұлу «Осы ақырғы кездесуіміз болсын!» деп, атын бұрып алып, Орда-Базарға қарай шаба жөнелді.

Қыз қалаға кіріп жоқ болғанша, Қобыланды батыр соңынан көз алмай қарап тұрды. Оның сонау шүңірейген отты көзінде кенет бір қасірет тұманы пайда болды.

— Иә, жанымды жалынға салған бар арманым күйреді, — деді Қобыланды жанының қатты ауырып тұрғанын жасыра алмай. Айдалада жараланып жалғыз қалған жолбарыстай ыңырана күрсінді.

Қобыланды батыр бұл қызды күшпен көндіріп, не ата-анасын батырлығымен қызықтырып сатып ала алмайтынын бұрын да білетін. Қыздың бұған жоқ екенін естуімен, енді бар арманының күйрегеніне көзі жетті. Өйткені бұл қыз Гүлбаһрам-Патшайым атты, Әбілқайыр ханның Маңғыт әйелінен туған кіші қызы еді.


ІV


Жасы ұлғайған сайын бұл дүниенің қызығы түспен тең екеніне Әбілқайыр ханның көзі жетуге айналған. Тағы бір он жыл өмір сүрсе оның ар жағында бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасан бас иген мынау алтын тақ, бір күнгідей болмай, адыра қалатынына шек келтірмеген. Қызық дәурен, сән-салтанат бәрі де өткіншек жалған емес. Өткіншек емес, тек ажал. Бір күні бұ да сол опасыз дүниемен қоштасып, мәңгі мекені қара жердің құшағына кіреді… Әйтсе де, тірінің тіршілігі бар, бұл жалғанда орындай алсам деген тілегі, арманы болады. Армансыз адам ескексіз қайықпен тең, тағдыр — толқын, қалай қарай ұрса, солай қарай ағады. Ал Әбілқайыр сол толқынды өз ықпалымен ағызам деген адам.

әйтседе Әбілқайыр күні өтіп өлімге таяған сайын, өзінің әлі көп арманының аяқсыз қалып бара жатқанына көзі жетті. Сол армандарының бірі: көзінің тірісінде он баласын, ер жете бастаған немерелерін, хандығының жер-жерлеріне, шаһарларына әмір, сұлтан, даруға етіп таратып, бүкіл өз хандығын сенімді қолдарға тапсырып кету еді. Ал бұл тілегі әлі бәлендей түлектеніп жатқан жоқ, балаларының алды отызға келіп қалса да, көбі жорықтарға қатынасып, ерлік көрсетіп жүрсе де, әлі жеке ел билеп, не ел жаулап алып әкесінің атағын ұлғайта түскен бірде-бірі жоқ.

әке балаға сыншы, бұ жағынан Әбілқайыр Маңғыт руынан алған бәйбішесінен туған Шах-Будақтың балалары Мұхамед-Шайбани, Махмуд-Сұлтан мен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен туған Сүйіншік оғыланнан зор үмітті. Түбі Көк Ордаға осылар ие болар деп қатты сенеді. Үшеуі де болайын деп тұр, құр қол ұстай алмайсың, жыланның баласы тәрізді әлден-ақ ысқырына қалған. Үшеуінің жастары шамалас, тек Сүйіншік қана ана екеуінен төрт жас үлкен. Әттең жас- тықтары ғана ханға бөгет, әйтпесе ауыр да, қызғылықты да хан істеріне қатынастыра бастар еді, амал жоқ, тағы бір жеті-сегіз жыл күтуге тура келеді.

Асылдан асыл туады. Әсіресе нағашысы Ақсақ Темір тұқымы Сүйіншіктен көп жақсылық күткен. Бақты-Қожа уәзірі келіп, «Сүйіншік сұлтанда жастығына қарамай хан ұлына керек қасиет бар екен, айтқан сөзді ұға қойды. Рабиу-Сұлтан-Бегім анасы болса да, істеген күнәсі үшін өлім жазасына қиятыны даусыз» дегеннен бері бұл баласына мерейін көбірек аудара түсті. «Тамырында Шыңғысхан мен нағашысы Ақсақ Темірдің қаны бар екен, Көк Ордаға осы ие болуы мүмкін» деп ойлады.

Бірақ кеше әбдіразақ дәруіш келіп:

— Тақсыр хан, Сүйіншік оғылан кеселге шалдыққан, тезірек емдету керек, — деген.

— Қандай кеселге ұшырапты? — деп Әбілқайыр дәруішке сезіктене қараған.

— Бұл ауруды өзі таппаған, біреу жұқтырған. Он үш жасар баланың мұндай кеселге шалдығуы қауіпті іс. Кеше сөйлесіп көріп едім, есі-дерті Сайын тағы… «Шешем менің күнәкар, оны таспен шөкелетіп өлтіртем, мені құр жақсы көрген болады, ал бар ойы әкем тағын Күшкінші ағама алып беру» дейді.

Хан Сүйіншіктің шешесін неге таспен шөкелетіп өлтіртем деуінің себебінің қайда жатқанын біле тұрса да, кенет арманы әке тағы бола қалғанына таң қалды…

Дәруіш: «Алтын тақты үлкен баласына алып бермек болғаны үшін, бүгін шешесін өлтіртем десе, ертең он үш жасар Сүйіншік, ер жеткен күні «тағыңды маған бер» деп өзіңе бас салудан тайынбайды. Жоқ, Сүйіншік науқас, әлі ақыл кірмеген жасты мұндай ауруға біреу шалдықтырып жүр, тезірек емдету керек», деген.

Бұл сөзден кейін хан ойланып қалған. Бақты-Қожа уәзірдің айтуынша екі-үш күннің ішінде Рабиу-Сұлтан-Бегімге хан соты болуға тиісті. Сол сотта Бақты-Қожа уәзір ханымның қылмысын ашып, халық атынан үкім шығартпақ. Сол үкім бойынша Рабиу-Сұлтан-Бегім жұрт көзінше таспен шөкеленіп өлтірілу керек. Бұл үкімді іске асыруға туған баласы Сүйіншіктің тек «дұрыс» деп басын изеуі ғана қажет. Бақты-Қожа уәзір айтуынша Сүйіншіктің бұны істейтініне күмән келтіруге болмайды. Бұндай қанды оқиға хан Ордасына таңсық емес. Оған хан қинала қоймаған-ды. Ал әбдіразақ дәруіштің мына айтып тұрғандары басқа бір қауіпті аңғартады. «Иә, солай. Демек, ең алдымен Сүйіншік қолымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен өш алу жөн. Ал содан кейін барып, егер менің көзім тірі тұрғанда әке тағынан үміткер ойы болса онда…».

Хан ойын әбдіразақ бөліп жіберген:

— Егер Сүйіншік сұлтан өз анасына күнәкар деп пәле тағатын жағдайға жетсе, мен араша түсем. Ауру баланың сөзіне сенуге болмайды. Ал оның нау- қас екені даусыз.

Ақылды дәруіш бұрын анасын жанындай жақсы көретін сұлтанның кенет «менің анам күнәкар, ол алтын таққа Күшкінші отырсын дейді» дегенінен хан Ордасына бір суық жылан — бүліншіліктің бас сұққанын аңғарған. Шығыс тарихында мұндай жағдай бәлендей таң қаларлық оқиға емес. Әбдіразақ осыны ойлап, «қылмысқа жол берме» деп ханға әдейі ашық айтқан. Хан дәруіш ойын ұққан. Ал «сен менің шешкен ісімді бұзғалы тұрсың, Рабиу-Сұлтан-Бегімді өлтірту менің бұйрығым, жайыңа жүр» дей алмаған. Деуге осы бір әділетті сүйгіш, бір беткей адал дәрігер ханға өте керекті адам еді. Онсыз Әбілқайыр бір күн өмір сүре алмасы даусыз.

Әбілқайыр хан көптен тұншықпа[31] ауру болатын. Осы аурудан құтылам деп қарамағындағы талай білгіш емшілерге қаралған. Тіпті Тибеттен, Қытайдан, Қорасаннан, Мысырдан да бақсы-балгер алдырып көрінген. Бірақ бұлардың бірінің қолынан ханды жазу келмеген. Дерт ұлғаю үстіне ұлғая түскен. Ақырында отыздан асар-аспасында әлсін-әлсін төсек тартып жатып қалатынды шығарды. Өзгенің өмірі өзіне шыбын құрлы көрінбейтін қатігез хан, енді ұзақ ұстайтын осынау көкжөтелдің бірінде тұншығып өліп кетеді екем деп зәресі қалмаған. Адам неғұрлым дәрежесі жоғарылаған сайын, соғұрлым жаны тәтті бола түседі. Бір шеті Қорасан, екінші шеті Жайық өзенінен асып далиып жатқан алып хандығының түкпір-түкпіріне «білгір дәрігер» іздетіп ат шаптырған. Осы кезде нөкерлері Мерв қаласынан әбдіразақты алып келген. Оған міне, он жылдан асып барады. Әбдіразақ келгелі көзі ашылды. Тұншықтырғыш дерттен мүлдем жазып жібермесе де, «кенет өліп қалады екенмін» деген қауіптен құтқарды. Оның үстіне адамның жасы үлкейген сайын жабыса кететін дерттерден ханды кәдімгі үшкіріп жазғандай жазады. Денсаулығы жаратылысынан нашар Әбілқайыр енді ұзақ жыл өмір сүреді екенмін деп үміттеніп қалды. Ал үміт өмір серігі, енді ол кейде, көңілі қош кездерде, «әбдіразақ өлмей мен өлмеймін» деп жымыңдауды шығарды. Осындай бар өмірі қолында тұрған әбдіразақпен хан санаспасқа амалы жоқ-ты. Сол себептен де ол дәруіштің аузынан қақпады. Әбдіразақ кеткеннен кейін Бақты-Қожа уәзірді шақыртып алып Рабиу сұлуды айыптауды әзірге тоқтата тұруын бұйырды. Ол кенет Сүйіншік баласының хан тағына құмар бола қалуынан бұл арада тағы да бір суық ойдың салқыны соға бастағанын аңғарған. Бұл суық ой кімнен шықты? Бақты-Қожадан ба, басқадан ба — хан білгісі келген.

«Жауыз ханнан құтылғың келсе, оның жауыз баласына сені хан етем де!» дейді монғолдың көне қағидасы. Ал расына келсек әбдіразақ Нахичеванидың айтқаны шындық еді.

Сонымен айлакер уәзір он үш жасар баланың ішінде бұйығып тыныш жатқан мансапқорлық жыланын оятты. Ол жылан енді жас баланың бар сезімін бұлқан-талқан еткен, ақыл-ойын арбаған, еркін алған кеселге айналдырды. Бейбақ бүлдіршіннің басынан «хан болсам» деген бір қияли ой шықпай қойды. Осылай ойлаған сайын, көзінде ағайын-туысына, бауырларына деген бір қор- қыныш суық ызғар пайда болды. Түрі де өзгеріп, бұрын қаны тамып тұратын ақшыл беті, енді жаққа ұрғандай құп-қу боп кетті. Кеше ғана анасының жанынан шықпайтын ерке кенжесінің кенет былай құбылуынан, кейде тіпті өзіне рақымсыз ишаратпен қарауынан шошыған Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым дәруіш әбдіразаққа өз ойын айтты. Баласына қандай пәленің келгенін біліп беруін өтінді. Он жылдан астам хан сарайында өткен өмірінде әбдіразақ дәруіш мұндай сырдың талайына қанық еді. Сүйіншікпен үш-төрт кездескеннен-ақ оның қандай кеселге душар болғанын ұққан. Және бұл кеселдің асқынуына Әбілқайыр мен Бақты-Қожаның да үлесі барын түсінген. Бірақ ханға бұ жағынан емес, пұшайман ғарып баланың қасіреті жағынан келген. Көзін қулық-сұмдықпен ашқан Әбілқайыр, бұл істе өзінің де қатынасы бар екенін әбдіразақ дәруіш аңғарып қалды ма деп сезіктенген. Әйтсе де «хан сырын білгеннің қаны төгілсін» дейтін ежелгі әдетке баспаған. Өмірінен көрі жақындаған сайын, хан жаны үшін әбдіразақты көзінің қарашығындай сақтауға бар. Сол себептен дәруішін «айтқаныңның бәрі ақылға салынады» деп қоя берген.

Бұл кеше еді. Ал бүгін ше? Бүгін Әбілқайыр кешегісінен де қатты толқуда отырған. Батыр Саян қашқаннан бері ол Оспан-Қожаны зынданға салып қой- ған. Ұзақ жылғы сенімді дәйекшісінің тағдырын өзі шешкен-ді. Бірақ бер жағында Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіруінен туған Жәнібек пен Керейдің ел бөлген әлегі ортаға түсіп кетіп, Оспан-Қожа ғарып ісін тіпті естен шығарған. Сол Оспан-Қожа ретін тауып, үлкен бәйбішесі Айбаһарам-Сүнейден Әбілқайырға «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Өзім де көп кешікпей зынданда шіріп өлермін. Бірақ өлер алдында хан ием бірер ауыз сөзімді тыңдасын» деп өтініш еткен.

Зынданға өзі салдырып қойса да, Әбілқайыр Оспан-Қожаның сөзін тыңдамаймын дей алмады. Өйткені бұл кісі оған тым жақын, тым берілген адам еді.

Оспан-Қожаның Әбілқайыр сан достығын, өзіне деген өмір-бақи ұмыта алмас талай жақсылығын көрген. Соның бірі Самарқантты алатын жолы болған.

Оспан-Қожа тұқымымен сонау ескі заманнан Сайбан ұрпағына қызмет істеп келе жатқан жан еді. Атасы әбілтас Ақсақ Темір шабуылында Барластардың қолына түскен. Ежелден хан Ордасына берілген тұқымнан болғандықтан әмір-Темір оны өзінің сарайына дәйекшілік қызметке алған. Осы атасынан бастап Оспан-Қожа өзімен үшінші буын болып, бүкіл дүниені тітіренткен сайыпқыран Көреханның Самарқант сарайындағы дәйекші қызметін атқарып келген. Бірақ жетім баланы қанша асырасаң да, өз әке-шешесін жоқтайды. Самарқант Ордасында қаншама жақсы атты боп жүрсе де, атасын құл етіп әкелген Ақсақ Темір немерелеріне Оспан-Қожаның жүрегі жібімеді. Мауреннахрға еліне қас жер, жау жер деп қарады. Есі-дерті сонау Арқадағы хан Ордасы болды да тұрды. Осындай ісігі қайтып, сынығы бітпеген Оспан-Қожа Күнбатыс пен Солтүстік жағына әлсін-әлсін қарай берді. Дәйекшінің мұндай күйін пайдаланып, Әбілқайыр жігіттері онымен байланыс жасай қалды да, екі жақты шешімге келді. Оспан-Қожа Әбілқайырдың Самарқанттағы сыбыршысы болуға қолма-қол көнді.

Әбілқайыр Есіл, Нұра бойын өзіне қаратып, Орда-Базарда ат шаптырып, балуан күрестіріп, батырларына олжаны бөліп, ұлан-асыр той жасап жатқанында, осы дәйекші Оспан-Қожадан арнаулы кісі келген. Онымен бие сауымындай сөйлескеннен кейін Әбілқайыр, бар қолбасшыларын жинап алып: «Самарқант қазір бос тұр. Ұлықбек мырза Қорасан мен Иракқа сапар шеккен шағында, алла-тағала өзі сақтап тұрған Самарқантқа тәуекелдің тізгінін бұрғым келеді» деді.

«Хан борышы — жорыққа ту көтерту,

Құл борышы — туға еріп, жанын беру» — деп ескі шежіреде айтқандай, хан айтса — қарамағындағы батыр, нөкерлері қоштайтын дәуір, қалың қолмен Әбілқайыр Самарқантты басып алуға шыққан. Өзбек Ордасының абыройын ойлаған хан, Шираз деген қалада: «Бірде-бір әскер егінші жұрт пен көшпелі елге өз бетімен тимесін. Егілген егін, салынған бау-бақша сол қалпында сақталсын. Кімде-кім бұл жарлықты бұзса дарға асылады» деп әскеріне бұйрық берген.

Ханның бұл қамқорлығына риза болған диқандар, көшпелі шаруалар, тарту-таралғысын, сыйлығын, хан әскерінің азық-түлігін өздері әкеп беріп, бағыныштылығын білдірген.

Самарқантты қоршап алғаннан кейін, қаланың хакімі Джалалитдин Баязит өзі шығып тізе бүгіп, қол қусырған. «Тірі жанға қиянат көрсетуді білмеген Ұлықбек мырза, сіз секілді ұлы ханға, яки сіздің ел басқарып отырған адамдарыңызға еш уақыт қастық ойлап көрген жоқ. Егер шаһарымызды шауып бүліншілік етпей, Ордаңызға қайтсаңыз, біз сіздің айтқаныңызға көніп, айдауыңызға шыдар едік» деген. Сөйтіп Әбілқайыр хан Самарқант әмірлігін бәлендей қан жоса етіп бүлдірмей, көп олжамен ұлы қаланы оп-оңай өзіне қаратып, Ордасына қайтқан. Осының бәрі Оспан-Қожа дәйекшінің дер кезінде хабарландыруынан еді.

Осы күннен бастап Әбілқайыр Самарқант, Бұқар әмірліктерінің ісіне жиі кірісіп тұратын болған. Өзіне ұнамаған әмір, сұлтандардың билігін тартып алып, басқаға беру Әбілқайырға үйреншікті әдетке айналған. Бұл істерде Оспан-Қожаның қолқабысы аз тимеген. Жалғыз жақсылығы бұл ғана ма?

Бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы, Хаджри есебі ойынша сегіз жүз елу бесінші жылы Самарқанттың әмірі, өз әкесі ұлы дана Ұлықбекті өлтірген әбді Латиф мырзаның өзі де алты ай өтпей қастарынан қаза тапқан. Бұл кезде Ақсақ Темірдің екінші ұлы Махамедтен туған Мираншах мырзаның баласы әбусейіт қуғында жүрген. Осындай жағдайда Бұқар, Мерв, Үргеніш әмірі Шахрухтың баласы Ирбагимнен туған әбділлах мырза Самарқантқа ие болған.

әбусейіт осы мезгілде бүлік шығарып Бұқарды алды. Бірақ Бұқар уәлиеті оған аз көрініп, Самарқантты да өзіне бағындырмақ болды. Әбілқайырға Оспан-Қожа мұндағы жағдайды тағы хабарлады. Әбділлахтан көрі, Көк Ордаға әбусейіттің тиімді екенін айтты.

Көп кешікпей әбусейіт әбділлахқа қарсы соғыс ашты. Бірақ жеңіліп қалды. Мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылған тоқал ешкідей Самарқантты жаулап аламын деп жүріп, Бұқарынан айрылды. Енді ол қалған қолымен Түркістанға қашады. Мұнда да тыныш жүрмей Ақсақ Темірдің тұқымы екенін пайдаланып, Түркістанға әмір болады. Содан кейін барып, әбділлахқа өзінің күшінің жетпейтініне көзі жетіп, көп сыйлықпен Әбілқайырға келіп бас иеді. Самар- қантты әбділлахтан тартып әперсең, өле-өлгенше құлыңыз болып өтемін деп ант етеді. Әбілқайыр бұған өзінің бір қызын береді. Көп қолмен Самарқантқа Бақтияр сұлтанды аттандырады. Әскер соңынан көп кешікпей өзі де жолға шығады. Хаджридың сегіз жүз елу бесінші жылы, яғни жаңаша бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы Самарқанттың күнбатыс жағында екі әскер кездеседі. Қырғын соғыс болады, таққа таласқан екі оғлан үшін көп адам қырылады, қан судай ағады. Ақырында әбділлах жеңіліп қашады. Оны қуып жетіп ұстап алып, Әбілқайырдың әмірі бойынша бауыздап өлтіреді. Самарқантқа әбусейіт әмір етіледі. Әбділлах әскеріндегі Жағатайдың көп батырлары мен пахлевандары (сыпайлары) есірей боп қолға түсіп, Әбілқайырға қосылады. Жоғары айтқан уақиғаның бәрі бір жылдың ішінде, яғни бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы болады. Міне, осы сергелдең жылдары Оспан-Қожаның Әбілқайырға тағы пайдасы тиген. Ол Самарқанттағы Ақсақ Темір тағының маңайында болып жатқан оқиғаның бәрін Әбілқайырға дер кезінде жеткізіп тұрған. Одан кейін Әбілқайыр мен әбусейіт Самарқантты алғаннан соң да, тағы бір мейіршапқат ақыл берген.

Ұлықбектің Жошының тұқымынан алған Шахарбек атты бәйбішесінен өзі өлгенде Рабиу-Сұлтан-Бегім есімді он бес жасар қызы қалған. Адамзаттан емес, көктегі періштеден туғандай, гүлін жарған қызғалдақтай жадыраған сұлу және Шығыстың әйелге деген қыспағына қарамай әкесі Ұлықбек жеті жасынан медресеге беріп, парсы, түрік, араб тілін үйреттірген. Рабиу-Сұлтан-Бегім әйелден шыққан өз заманының ақылдысы да, бір мінезді, табандысы да болған. Оспан-Қожа дәйекші Әбілқайырға «Егер Самарқанттан еліңе алтын әкететін болсаң, алтынның шынайы қызылы және ең тазасы осы Рабиу-Сұлтан-Бегімді әкет» деген. Қырыққа таяп қалған, жас иіс құмар хан қызды бір көргеннен ұйқы-күлкісінен айырылған. Есіл-дерті Рабиу-Сұлтан-Бегім болған да тұрған. Ақыры төртінші әйелі етіп алып, көңілі тынған. Самарқант бекзадалары қызды ырғалтып-жырғалтып, үстіне дүрия мен қамқадан тартылған балдахин орнатылған ақ пілді бас етіп, асыл қазына жасаумен қырық құл, қырық күң беріп ұзатқан. Бұл қырық күң мен қырық құлдың тең жартысы, жас ағашта өсіп тұрған әлі құрт түспеген өріктей, кілең балбыраған албырт жастар еді. Рабиу-Сұлтан-Бегіммен бірге Оспан-Қожа дәйекшінің өзі де ере жүрген.

Осы кездегі астанасы Сығанаққа келгеннен кейін, Әбілқайыр оны өзіне дәйекші етіп алған.

Міне, содан бері он төрт жыл өтті. Сол он төрт жылдың ішінде Оспан-Қожа пақыр ханды бір рет алдап, не тілегін теріс орындап көрген жоқ. Хан басына туар қауіпті ол өзгеден бұрын сезетін, хан көңілі қалар істі де ол алдын ала болжайтын. Хан абыройын төгер жамандықты сезсе оны ханның құлағына тезірек жеткізетін. Әбілқайырдың оң иығында отырған Жәбірайыл періштедей, бұрыс жолдан әрдайым сақтап қалатын. Ал Рабиу-Сұлтан-Бегім болса ханға арыстай екі ұл тауып берген. Өзінің ақылымен, парасаттылығымен, көркіменен Әбілқайырдың ең сүйікті әйелі болып алған. Сөйткен Оспан-Қожа мен Рабиу-Сұлтан-Бегім ханды көк мұзға отырғызып кетті. Бірі ханның көзіне шөп салды-мыс, екіншісі сол көзіне шөп салған ханның қас жауын аңқаулық істеп қашырып жіберді. Расыменен-ақ Оспан-Қожа аңдамай қалды ма? Оспан-Қожа тәрізді өмір-бақи хан қызметінде жүрген адамның мұндай өз басына қауіп туғызар істе салақтық етуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Ұрыны аңдыған алады, не аналар Оспан-Қожадан қулықтарын шын асырып алдап соқты. Не сақ құлақ дәйекшінің өзі солармен бірге… Бірақ неге бірге болады? әлде бір жағдайда маған ренжіп қалды ма? әлде ақшаға сатылды ма? Жоқ, сатылуы мүмкін емес. Оспан-Қожаның алтынға қызыққанын көрген жоқ. Сан рет көңілім түсіп кетіп, көп олжадан үлесін молырақ етіп бергенімде өзіне тиістісінен артығын алмайтын. «Хан қызметінде жүрген кісі дүние шіркінге құмар болмауы керек. «Адам болғалы опасыздықтың бәрі де осы дүниеқоңыздықтан туған» дейтін. Сөйткен Оспан-Қожа… Демек, мұнда бір гәп бар… Сол үшін де оны зынданға салғызарымда күнәсін өзім тексерем деп едім ғой, қалай ұмытып кеткенмін?… Ұмытпасқа мұрша болды ма… Жәнібек пен Керей ойраны басқа іске көңіл бөлдірді ме?»

Үйге Бақты-Қожа уәзір кірді.

— Хан ием, Оспан-Қожа жүзіқараны алып келдік.

Әбілқайыр сәл ойланып қалды. «Жүзіқара! Оның жүзінің қара екенін бұл қайдан біледі? Хан солай қараған соң, бұл да солай қарап тұр ғой… Әйтсе де осы менің шешімім дұрыс па? Тұтқыннан абайсызда айрылып қалғаны үшін кешегі серігіме бүгін мұндай қарғы тағуым жөн бе? Опасыз дүние! Опасыз адам баласы! Қолыңда күшің болса сені ардақтайды, мадақтайды. Күшің кетсінші… Бүгін ханым десе, ертең харам дейді… Бірақ бұған өкпелеуге болмайды. Адам баласы осылай жаратылған, осылай өледі» Әбілқайыр басын иді.

— Кіргізіңдер.

Үйге екі адам екі жағынан қолтықтап Оспан-Қожаны алып кірді. Дәйекші бұрын да шыр бітпеген арық болатын. Сол себептен кейде оны жұрт Инелік деп атайтын. Он жылдан бері тарамыс денелі Инелікке хан көзі қанша үйренгенмен, мына алдында тұрған селеуіттен шошып кетті. Иә, бұл адам емес, адамның селеуіті еді. Арса-арса сүйегіне құр терісі жабысқан, көзін біреу ойып алғандай шүңірейіп кеткен. Құдық түбінде жылтыраған су тәрізді, сонау көз түбіндегі тереңде бірдеме жылтырайды. Екі ұрты ұзақ аурудан қайтыс болған адамның ұртындай қушиып біткен. Жағы жағына тиіп жатыр… Тозығы жетіп, бүрісе қалған кәрі беті тиіп кетсең жыртылғалы тұр. Ал бұдан көп жыл бұрын… жоқ, жоқ. Әбілқайыр хан өткен күндерде өзіне жақсылық істеген адамдардың қызметін есіне түсіргісі келмейді. Әр нәрсе өз кезінде. Өткеннің бәрін есіңе түсіре берсең… бүгінгіге не қалады? Кеше жақсылық істесе, бүгін жамандыққа барып отыр. Әр іс өзінің мезгілінде деп бағалануы керек. Өткен жақсылықпен қазіргі жамандықты жапсам хан бола алар ма едім? Иә, он жеті жасар Әбілқайыр Орда-Базарда хандық құрып отырған Жұмадүктің қолында тәлім-тәрбие алып, әскер басқаруды, ел билеуді үйренді ғой. Он алты жасқа келгенде сол кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақ руларын басқарып, Жұмадүк ханның оң қолы болған, Маңғыт руынан шыққан атақты Едіге батырдың баласы, Ақсақ Темір ұрпақтарына бүйідей тиген Қазы биді өлтірді. Әрине оны бұл жалғыз өзі өлтірген жоқ, Қазыға қарсы әмірлер мен сұлтандарды жинап, солармен бірге бауыздады. Жұмадүк ханның қаһарынан қорқып соңынан ерген Дәшті Қыпшақтың біраз әскерімен өзінің туған шаһары Тараға қашты. Артынан жетпіс мың әскермен қуып шыққан Жұмадүк ханмен қан майданда бетпе-бет кездесіп, оның басын алды. Содан бері Әбілқайыр өзіне жақсылық істеген, талай қиын-қыстау қатерлі өткелдерден алып шыққан, бірақ артынан сәл мүлт басқан талай серіктерін оп-оңай су түбіне жіберді емес пе? Осындай қанқұйлы болмасаң, хан тағында отыра алмайсың. Өзгеге аяушылық еткен Ұлықбек не болды? Ақырында өз баласының қолынан ажал тапты. Жоқ, алтын таққа ие болғың келсе, жолыңды кесіп өтерін білсең, туған балаң болса да аяма. Айдаладағы бір дәйекші сөз бе екен? Алтын тақ пен аяушылықтың бірі бар жерде, екіншісі өмір сүре алмайды.

Оспан-Қожаның бір жақсылығы ұмытылған тарих. «Ал, қазір сенің білетінің оның жаңа тарихы — істеген қастығы. Жақсылығы үшін дер кезінде сен де оған жақсы қарағансың, ал жамандығы үшін сен енді оған жаман қарауға тиістісің! Бұл өмір заңы!»

Өзімен-өзі болып кеткен ханның ойын кенет Оспан-Қожа бөліп жіберді.

— Хан ием, — деді ол тұншыға қырылдай сөйлеп, — егер сен қазір мені босатсаң, бәрібір мен саған рақметімді айтпаймын. Енді менің күнім біткен. Алла-тағаланың жазғанын ешбір хан бұза алмайды, ал менің көп болса бір жұмалық тіршілігім қалды. Сенен сол бір апталық тіршілікті сұрап алғым келмейді, сен хан болсаң да… қалған күнімді одан артық ұзарта алмайсың… Қысқартам десең — еркің… Бірақ сенен сұрарым басқа…

— Не сұрамақсың?

— Сұрарым — менің сөзімді тыңдап шық.

— Жақсы.

— Алдымен саған неге адал қызмет істеп келдім, соны біл. Есі дұрыс адам Ұлықбек мырза тәрізді әділетті жанды өзің тәрізді қатыгез ханға айырбастамас болар. Мен айырбастадым. Соның себебін есті.

— Жарайды, естиін.

— Жошының бесінші баласы Сайбаннан Бәниел баһадур туады, одан Иіс-Бұғы, Иіс-Бұғы ұрпағы Абдол оғлан, одан Мөңке Темір хан, одан Фулат оғлан, Фулат оғланнан Ибрагим оғлан, одан Дәулет-Шайхы оғлан, Дәулет-Шайхы оғланынан өзің — Әбілқайыр хан тудың… Сенің он атаңдай менің де он атам болған… Бірақ олардың аттарын ешкім білмейді. Білудің де қажеті жоқ. Сендер хансыңдар да, біз құлмыз. Мен ата таластырып тұрғаным жоқ, айтарым басқа. Ұлы Шыңғыс хан тұқымымыз десеңдер де, сендердің де іштеріңде құлдарды да адам санағандары болған. Соның бірі сенің жетінші атаң Иіс-Бұғы сұлтан. О кісі хан тағына жеткен жоқ, бірақ жауынгер адам екен. Осы Иіс-Бұғының құлы менің жетінші атам Қара Нар деседі. Шамасына қарамай көжеге де қаймақ тұрады. Құл екенін місе тұтпай бұ кісі де орасан батыр болыпты. Бір қанды айқаста өзінің төресін — Иіс-Бұғыны жау қоршауынан құтқарам деп жүріп, қолға түсіпті. Бұл ұрыста жалғыз менің бабам Қара Нар ғана емес, одан нәсілі де атақ-бағы да жоғары талай бекзадалар тұтқын бопты. Ұрыс бітіп, екі жақ бітімге келіпті. Жеңген жау қолға түскендерді бәлен қара төлеуін беріп, сатып аласыңдар дейді. Кей сыпайылардың құны он жылқы болса, бір сұлтанның бағасы жүз жылқыға бағаланыпты. Ал сол айқаста аса ерлік көрсеткен үш батырдың әрқайсысының құны үш сұлтанның құны депті. Соның бірі менің жетінші атам Қара Нар екен. Қазақтың белгілі руларынан шыққан ана екі батырды, жау жағының сұрағанын беріп елдері тез-ақ босатып алыпты. Ал менің жетінші атам құлды кім үш жүз жылқы төлеп қайтарсын? Руы жоқ сорлы, қатын-баласын қия алмай қан жылайды. Бірақ шабыншылыққа іліккен ел орталарынан мал шығарып құнын төлей алмайды. Құлдардың аяқтарына кісен салып, жаулары Қытайға апарып сатпақ боп ыңғайланады. Дәл осы сәтте Иіс-Бұғы сұлтан келеді. Сөз айтпай үш жүз мақпал қара асыл жылқысын айдап беріп, өзін ажалдан алып қалған құлды босатып алады. Қатын-баласына қосылып көзайым боған Қара Нар Иіс-Бұғының аяғына жығылады. Жеті атаңның жеті ұрпағым құлы болып өтсін дейді. Жеті атаң үрім-бұтағымды қойдай бауыздап жатса, қыңқ етіп үн шығармауын, өзімнің ұрпағыма өсиет етіп кетем деп ант береді. Міне, сол Қара Нардың жетінші ұрпағы мен боламын. Менімен сенің атаңа берген Қара Нардың ұрпағының анты бітеді. Құлдың намысы хандікінен кем емес. Атамның антына кір келтірмейін деп, бар қиянатыңа көне бергем.

Әбілқайыр мырс-мырс күлді.

— Сенің үкіміңді Қара Нар бабаң атам заманда айтқан болса, менің үкімім тек сол үкімді орындау болып шығады екен ғой.

— Ол солай. Мені өз қолыңмен бауыздасаң да, құдай алдында сұрауым жоқ. Оның үстіне күнәм бар.

— Қандай күнәң бар?

— Батыр Саянды қашырып жіберген менмін.

— Сенсің бе? — Әбілқайыр кенет түксие қалды. — Онда өміріңді жүз аптаға ұзарттырам. Өлтіртпеймін. Күніне нәр беріп, кәріліктен өлгенше зынданда ұстаймын.

— Қанша күн өмірің болса, сонша мәртебе өл дейсің ғой? Мейлің. Егер хан әмірі алла-тағаланың жазғанынан күшті келер болса, оған да көндік. Ал менің айтам дегенім бұ да емес.

— Енді не?

— Хан, мен батыр Саянды неге қашырып жібердім, соны неге сұрамайсың?

— Алтын көрсе періште жолдан таяды.

— Жоқ, алтын періштеге де, құлға да керек емес. Алтын хандарға керек. Мен оны босатқан себебім басқа. Батыр Саян Ұлықбек мырзаның Арғын күңінен туған ең кенже баласы. Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеңнің бір әкеден туған інісі. Бұны тек Рабиу-Сұлтан-Бегім мен мен ғана білетінмін. Өзіне тиген қырық құлдың бірі етіп ханым батыр Саянды да алып келген. Ұлықбек мырзаның күңінен туған ұлы бар екенін әбді Латиф, әбусейіт, әбділлах сұлтандар да, Шахарбек ханым да білмейтін… Олар біле қалса хан тағына тағы бір таласкердің пайда болғанын ұната ма? әрине ұнатпайды. Көзін жас күнінде-ақ құртқан болар еді. Ұлықбек мырза өз басына ауыртпалық туа бастағанын сезіп, өлер жылы, ақылы, ойы ерте жетіккен Рабиу-Сұлтан-Бегім қызы мен осы жеті жасар ұлын көзінің қарашығындай сақтауымды тапсырған. Ал мен ұлы данышпан әміршіге өле-өлгенше жас Саянды жауларынан қорғап өтуге ант бергенмін. Міне, сол үшін оны қашырдым. Үш күреңді де Рабиу-Сұлтан-Бегім менің ақылыммен алып қалды. Менің ақылыммен Жәнібек сұлтан да күзетші Арғын жігіттеріне батыр Саянмен қашуға бұйырды. Ендігісін өзің біл, қазір өліп кетсем өкінбеймін, Қара Нар бабамның өсиетін де, өзімнің Ұлықбек мырзаның алдындағы антымды да адал орындадым.

Әбілқайыр соңғы кезде тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге ғана емес, бүкіл Ақсақ Темір ұрпағына ашулы еді. Самарқант әміршісі, өзінің күйеу баласы әбусейіт әбділлахтан майданда жеңіліп, Әбілқайырға кеп паналап, хан күшімен әбділлахты өлтіріп, Самарқантты тартып алғаннан кейінгі қылығы кешегі күндегідей емес, басқаша еді. Ол кезде Әбілқайырды хан тұтып, Гератта оған арнап сарай салдырған. Халықтан жинаған қаржы-қаражаты мен зекетінің тең жартысын уәделескен уақытында Орда-Базарға жіберіп, өзінің рухани бағынышты екенін әрдайым білдіріп тұрған. Сол әбусейіт соңғы кезде кілт өзгерді. Бұқар, Самарқант уәлиеттеріне Қорасан мен Иранның біраз жерін қосып алып, өз әмірлігін күшейткеннен бері Әбілқайырға қырын қарауды шығарған. Әбусейіттің бұл қылығын Әбілқайырдың туған қызы Күнайжамал да қолдайды-мыс деп естіген хан. Жәнібек пен Керей қарамағындағы елін бөліп әкетіп, сәл әлсіреп қалған Әбілқайыр, бір ыңғайсыз кезде әбусейіттің өзіне жұдырығын түйе бастағанын көрген. Хан іштей қатты ызаланған. «Егер қарамағындағы сұлтан, әмір, көрехандар бүйте берсе айбарлы Дәшті Қыпшақ хандығында не қалады? Жығылған Орданың біреу шаңырағын, біреу уық, бақанын, біреу керегесін бөліп-бөліп әкететініне сөз бар ма! Жоқ, өйткізіп қоюға болмайды. Сайыпқыран Әбілқайыр хан да сояудай қанды тырнақтарын көрсетуі керек! Ал әбусейітпен майданда кездесуге әлі мезгіл туған жоқ. Қазір Самарқантты шабар әл-қуат жеткіліксіз. Әттең Жәнібек, Керей, әбусейіт күннен күнге күшейіп бара жатыр. Амал жоқ, шыдаған жөн. Жағатай ұрпақтары, әңгіме сендермен сосын болсын!» Осындай күйініп жүрген шағында Рабиу-Сұлтан-Бегім оқиғасы оған дәтке қуат болған. Ақсақ Темір ұрпақтарына аз да болса қара жағылып, өшім қайта берсін — деген.

Ал Инеліктің мына сөзі тағы бұны кенет сескендіріп тастады. «Сонда қалай?.. Саянның кіші інісі екенін маған Рабиу-Сұлтан-Бегім неге айтпайды? Мұнда қандай гәп бар? Арғындар өзіне Саянның жиен екенін біледі. Бұ да әрине Рабиу-Сұлтан-Бегім арқылы… Мен ештеңе де білмеймін… Әрине бәйбішем мен Арғындар арасында да бір құпия сыр бар… Кім біледі, олар маған қарсы одақ құрып жүрген шығар?»

Әбілқайырдың қабағы кенет қайтадан түксие қалды. Бұл жалғанда адам баласының жан тыныштығын бұзуға бостан-бос сезіктенуден, өзгенің бәрін өзіңе жау көруден қауіпті күш жоқ. Әбілқайыр жас кезінен-ақ қарадай жел сөзге майысқақ, орынсыз сақ құлақ жан еді. Жасы ұлғайған сайын бұл ауруы да күшейе түскен. Бұл жолы да солай болды. Көңілінде кішкентай ғана күдік туып еді, ол күдік кенет басын алғалы келе жатқан қорқынышқа айналды. «Жоқ, жоқ бұлар бәрі бірігіп мені құртқалы жүр. Алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің көзін жою керек».

Хан ойын болжап білгендей Оспан-Қожа:

— Арғындар батыр Саянның өздеріне жиен екенін мен арқылы білді. Осыдан бес жыл бұрын оларға мен айтқам.

— Неге?

— Жетім бала теңізге шыққан жалғыз қайық секілді. Оған мықты рулардың бірі қорған болсын дедім.

— Арғынсыз қорғаны осал ма еді. Саянды Сүйіншікке атеке етем деп Рабиу-Сұлтан-Бегім осында жанталасқан жоқ па еді?

— Оған өзің көнбей қойдың ғой.

«Бекер көнбеген екенмін. Көнсем ғой, өсек сөзден өзім де, Рабиу-Сұлтан-Бегім де ада болады екен-ау! Және Ұлықбектің туған баласы жиеніне атеке болып менің қолымда тұрса, қандай күш! Темірлан алтын тағы Орда-Базарға қауіптене қарай жүрер еді ғой. Әбусейіт тәрізді бұра тартарларды ауыздықтағаным, тобыр алдында кінәсіз көрінер еді. Қалай жаулап алсаң да, тобырдың көкейіне қонбаған үстемдігің, тысырайып тұрған тар киім тәрізді, бір жерінен болмаса бір жерінен сөгіліп кетеді». Әбілқайыр хан бұл қағиданы ұзақ жылғы ел билеген тәжірибесінен біледі.

Хан ойын Оспан-Қожа тағы бөліп жіберді.

— Батыр Саянды өлтірсеңіз ерке-шора Гүлбаһрам-Патшайымды да өлтірген болар едіңіз…

— Неге?

Гүлбаһрам-Патшайым қызыңыз батыр Саянға ғашық…

— Оны сенен басқа кім біледі?!

Ханның бұл сұрақты текке бермегенін Оспан-Қожа бірден ұқты. Ол сәл ойланып қалды да:

— Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым, — деді қырылдай сөйлеп. — Ол екі жастың түбі қосылуына жан-тәнімен тілектес…

«Жоқ, Рабиу-Сұлтан-Бегім батыр Саяннан адал екен, әйтпесе жиырма тоғыздағы жас сұлу оны күндесінің қызына қимас болар… бірақ бұны тағы менен неге жасырды? Мұнда қандай сыр бар? Саянның Ұлықбек мырзаның баласы екенін білсем, мүмкін мен оны Сүйіншікке атеке етер едім ғой. Мұндай аңырақай, соқпақты, қиын жағдайларда ең бөктер жол сол болатын еді-ау!».

— Рабиу-Сұлтан-Бегім алдымен сізден Саянды Сүйіншікке көкілташ[32] етуді өтінбек болған. Бірақ жастайынан біріне-бірі ұнаған Гүлбаһрам-Патшайым мен Саяндай екі жасты аяды. Егер Саян Сүйіншікке көкілташ болғанда Гүлбаһрам-Патшайымнан мәңгі күдер үзер еді. Өз қарындасын өзі алуға Мұхаммет пай- ғамбардың діні рұқсат етпес еді. Сол себептен сізден ханым оны атеке етуіңізді өтінді. Сен көнбедің ғой. Ал батыр Саянның кім екенін сізге айтуға қорықтық. Өйткені Қыпшақ батыры Қобыланды да сенің қызыңа ғашық… Бәрібір Қобыланды тұрғанда қайдағы бір келімсекке Гүлбаһрам-Патшайымды бермейтінің айдан анық қой.

Тоғыз торап жол бір жерге келіп түйіседі. Сондай-ақ сан адамның тағдыры кейде осындай бір тұстан табысады. Хан өз Ордасында тарам-тарам қан тамырларындай түйісіп, қайтадан тарасып жатқан құпия сырларға таң қалды. Қан тамырының бәрі келіп бір жүрекке құйып, қайта тарайды. Ордадағы сол жүрек Әбілқайырдың өзі ғой. Бірақ сол Орда тынысын, қан тамырларының қалай соғып жатқанын неге сезбей келген? «Халықты билеместен бұрын, ең алдымен Ордаңды билей біл. Ордаңды жұмған жұдырықтай берік ұстай алсаң, халықты да берік ұстай аласың» деп әлем құдіретшісі ұлы Шыңғысхан бабамыз бекер айтпаған екен, «өз Ордамда не болып жатқанын сезбегенде де Жәнібек пен Керейдің халқымды қалай бүлдіріп жүргенін қайдан білейін. Жоқ, жоқ, мен алдыменен маңымды берік ұстауым керек».

Хан енді басын көтеріп алды, қоңырау орнына алақанын шапалақтады. Үйге Бақты-Қожа уәзір кірді.

— Қазір менің қызым Гүлбаһрам-Патшайым мен Қобыланды батырды алып келіңдер.

«әрине, Гүлбаһрам-Патшайымды Қобыландыға қосамын. Жазықты ма, жазықсыз ба — бәрібір батыр Саян кінәлі. Тыныш жатқан арыстан — хан ашуын өзі оятты… Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім күнәсіз… Оның кесімін кейінге қалдырғаным жөн болған…»

— Хан ием, тағы да айтатын бір ақылым бар.

— Ол қандай ақыл?

— Уәзіріне сырын білдіріп алған хан қақпанға түскен аңмен бірдей. Тағдырың уәзіріңнің қолында. Достық ойласа қақпанынан құтқарып жібереді, қастық ойласа ұрып алады. Әйтеуір қақпанынан оңай босатпайды.

— Бұны сен маған неге айтып тұрсың?

— Бақты-Қожа уәзірден сақтан. Жұрт сенен емес одан қорқа бастапты. Мұндай айбар тек ханды өз уысында ұстаған уәзірдің қолынан ғана келеді.

«Мына сөзінде де жан бар секілді. Иә, Бақты-Қожа бір сырымды біледі. Және сыр болғанда қандай сыр! әрине сол сырымды өзіме қарсы пайдалануға тырысады. Кім біледі пайдаланып та жүрген шығар?.. Тұра тұр!» Әбілқайыр тағы да өзінің сезіктенгіш қылығына ауды. Оның көз алдында, кенет, құпия сыбырласып отырған Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Бақты-Қожа уәзір елестеп кетті. Одан кейін бәйбішесінің кешегі бір өзіне деген жылы шырайы есіне түсті. Әдетінше түс мезгілінде хан Рабиу-Сұлтан-Бегім үйіне барған. Жас сұлу бәйбішесі ақ тотыдай таранып отырған. Әбілқайыр үйреншікті әдеті бойынша шымылдықтың қасына келіп шешіне бастағанында, Рабиу-Сұлтан-Бегім ақ мамықтың үстінен еркелеп түрегеліп, аяғын ырғала басып алтын кесеге шербет құйып әкелген.

— Гераттан жіберіпті. Бұғы мүйізінің нәрі қоса қайнатылған, аяғына дейін ішіңіз, хан ием, — деген.

Хан ішкен. Және денесі аппақ қардай, қарақат көз сұлу бәйбішесінің жанында әдеттегісінен анағұрлым ұзақ жатқан. Сол бір шатты сәтте әлі де он жеті жасар уылжыған қызға бергісіз осы бір періштедей сүйкімді әйелін Бақты-Қожа уәзірге өлтір деп тапсырғаны ойынан шығып кеткен. Бар ынтасы сол бір тамаша мезеттің қуанышын мейлінше соза түсуде болған. Өткіншек дүниенің қызығы да оған дәл осы сәтте марал мүйізінің сөлі қосылған шербеттің тәтті уытындай көрінген. Тек осы қызық тез өтіп кетпегей деп тілеген.

Ал сол сурет оның көз алдына басқаша елестеп кетті. Шербет құйылған алтын кесені қолына алды. Жанындағы Рабиу-Сұлтан-Бегім мөлдір көзіне қарай тұрып кесені түбіне дейін жұтып салды. Сөйтті де жүрегі өртеніп домалай барып құлады… «Марал мүйізі сөлінің орнына кішкентай ғана күшәланың уы қосылса не істеймін?! Жоқ, жоқ бұдан былай қарай тым сақ болған жөн. Япырмай, бір ажалдан аман қалған екем. Өзім де сезімге берілгішпін. Шербетті алдыменен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзіне неге іштіріп алмадым? Екіншідей бұл естен шықпасын. Жалғыз Рабиу-Сұлтан-Бегім ғана емес, қай қатыным болса да берер асын, ішкізер сусынын ең алдыменен өздеріне таттырып көруім керек-ақ!»

— Хан сырын көп білетін уәзір тірі қалуға тиісті емес…

Ойда тұрған Әбілқайырға дәйекші сөзі алыстан талмаусырап жетті. «Иә, хан сарайларында бар өмірі өткен қарт дәйекші дұрыс айтады. Бақты-Қожа уәзір менің ең қылмысты сырымды біледі. Сондықтан…»

Үйге кірген шабарман кенет хан ойын бөліп жіберді.

— Тақсыр хан, үлкен бәйбішеңіз сізге айтуға бата алмай отыр екен. Гүлбаһрам-Патшайым ханша кешеден жоқ… Бір жетіден бері төмендегі елдің бәйгесіне екі қылаңды мініп кеткен секілді.

Мұндай хабарға еті үйреніп кеткен хан, қабағын да шытқан жоқ.

— Қобыланды батыр қайда екен?

— Тақсыр, Қобыланды батыр бар Қыпшағын соңынан ертіп ата мекен ескі қонысы Торғай өзенінің бойына көшіп бара жатыр.

— Неге?

Онысын білмеймін. Қас-қабағы жабыңқы. Жігіттері де қалың қол боп тастай түйініп алған. Қайт деуге бата алмадық. Жәнібек пен Керей ауылдары ауған Жағатай жұртына қарай қашқан Гүлбаһрам-Патшайым ханшаның соңынан қуып жете алмай қалыпты деседі жұрт. Ұзын-құлақ. Мүмкін бұл өсек болар.

«әрине бұл өсек емес. Қыпшақ батыр Қобыландының шынымен-ақ менің қызымда үміті болған екен. Қыз көнбей қашып кеткен соң, ызадан көшкен екен. Маған қолқа салуға қаймыққан ғой. Ажалға бермей, алып қалғанымды тағлым тұтқан да. Шіркін, ләззат, сен кәріні де, жасты да отқа саласың-ау. Оспан дұрыс айтады. Қобыландының Ақжол мен Саянға өшігуі де осыдан. Бірақ бір қатын қолыма түспеді деп, осыншама бүлінетін не бар еді, ақымақ! Осының ызасына әлде соңынан бар әскерімді жұмсап, қан жоса етейін бе? Жоқ, өйтудің керегі болмас. Торғай өзенінің бойы да менің қарамағымда ғой. Кетсе өз жеріне кетті, Жәнібек пен Керей тәрізді жеке хандықты көксеп, жат жаққа қаша жөнелген жоқ қой. Әлі-ақ сабасына түсер, қайта оралар…»

Әбілқайыр ақыл-сезімін астаң-кестең еткен бұл ойларын ешкімге сездірген жоқ. Тек:

— Қырық күншілік жерді бір күнде алатын Көксеңгірмен Гүлбаһрам-Патшайымға жете алмай қалса, шын таусылған екен! — дей салды теріс бұрылып кетіп.

— Иә, солай, тақсыр.

Хан сол теріс бұрылған қалпында «бәрің де кетіңдер!» деген ишарат білдіріп қолын сілтей салды. Уәзір, шабарман тұтқынды ала жөнелді.

— Қош бол, хан ием…

Әбілқайыр кешегі өзінің жақсы көретін ақылшысының бірі Оспан-Қожаға бұрылып та қараған жоқ. Ол дәл осы сәтте Оспан-Қожаны да, оның тағдырын да, бағанадан бері айтып тұрған су астында жатқан інжу-маржандай сырларын да есінен шығарған. Иә, ол өзгенің қастығы болмаса, жақсылығын тез ұмытатын. Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Қорасанды билеп тұрған Әбілқайырға Оспан-Қожа деген құл кім? Жақын етсе өзі етті. Өлтірсе өзі өлтіреді. Ал дәйекші сорлы қайтадан зынданында ажалы жеткенше, іріп-шіріп жата бермек боп кете барды. Ханды енді басқа ой мазалай жөнелді.

«Жәнібек пен Керей Жағатай ұрпақтарының қол астына ауды. Қыпшақ Қобыланды көшті өз жайына. Самарқанттағы әбусейіттің теріс бұрылып бара жатқаны анау… Еділ бойындағы өзіне тән Қыпшақтарын ертіп қарға бойлы Қазтуған да Жәнібек пен Керейге қосылғалы қонысынан көтеріліпті деген сөзді кеше естідім. Және Қазтуған жырау:


Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас, Бақасы мен шаяны.

Кежідегі адамға.

Түн ұйқысын таптырмас, Сөйткен менің Еділім, Сен салмадың, мен салдым.

Қайырлы болсын сендерге.

Менен қалған мынау Еділ жұрт, —


деп Еділ бойында қалған Алшын, Ноғайлы руларына батасын беріп көтеріліпті дейді. Өзге рулар да Жәнібек пен Керейдің соңынан ерді деген сөздерді жиі ести бастадым. Бұның бәрі неліктен? Отыз жылдай ат үстінен түспей көтерген Көк Ордам қайтадан құлағалы тұр ма? Егер менің көзімнің тірісінде мықтап шетінесе, он ұлым, он бес қызым, елуге тарта немерелерім, әрқайсысы ол Орданы өзіне қарай тартып пара-парасын шығармасына кім кепіл? Иә, сөйтулері мүмкін. Жоқ, ондай жағдайға жеткізуге болмайды. Ел тізгінін қайтадан қатты тартуым ақыл. Ең алдымен Мауреннахр мен Қорасанның биліктері қолындағы өзіммен тілектес хакім, сұлтандармен одақтасып алып, Жәнібек пен Керейдің қолтығына су бүркіп, жеке хандық етеміз деп отырған Моғолстанға ойранды салуым борыш…»

Әбілқайыр енді Ордасының ішіндегі жағдайға көз жіберді. «Алғашқы келісімді Ақсақ Темірдің ұрпақтары меңгеріп отырған Самарқант пен Бұқардан бастайтын болсам, Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім жайындағы ой-пікірімді тез өзгертуім қажет. Заты әйел болғанмен Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір ұрпақтары мен Мауреннахрдың бек, әмірлерінің алдында қадірлі. Тартыс- та бұл қасиетін де есте тұтқан жөн. Әскер басқа елді басып алуға керек, ал жауыңның ақылды адамдары, бек-сұлтандары сол елді билеуіңе құрал». Әбілқайыр езу тартып күлді. Оспан-Қожа: «хан сырын білетін уәзір өмір сүруге тиісті емес» дейді. Дұрыс айтады. Бұл данышпан ақылыңды Бақты-Қожаны құрту үшін ғана емес, өзіңнің көзіңді де тезірек құрту үшін жұмсармын… Сен жеті қабат жер астындағы зынданда жатсаң да, білетін сырың жер астында жатпайды, бәрібір сыртқа шығады… Мұндайда қара жерге де тіл бітеді…»

Ертеңіне Оспан-Қожаға ас түсірілу тоқтатылды. Ал сол күні төрт нөкерімен хан Ордасына келе жатқан Бақты-Қожа уәзір үшті-күйлі жоқ болды да кетті… Хан шабармандары іздеп жан-жаққа қанша шапқыласа да оны таба алмай-ақ қойды, хан Ордасының маңайындағы Үйсіннің атышулы батыр, билері «бұл қалай?» деп күңкіл шығара бастады. Дәл осы кезде «Бақты-Қожа нөкерлерімен Моғолстанға өтіп кетіпті» деген лақап дүңк ете қалды. Өзі шығарған бұл лақапты ең алдымен Әбілқайыр пайдаланды, «Мені сатып кеткен әкесінің айыбы» деп, хан көптен бері көзін тігіп жүрген, ерніне әлі тірі жанның ерні тиіп көрмеген, кеудесіндегі қос алмасы тығыршықтай, дала киігіндей тағы, қамшының таспасындай тастай етіп өрілген қолаң шашы жерге түскен Бақты-Қожаның он төрт жасар сұлу қызы — Тоқтар-Бикені тоқалдыққа алды. Қандас уәзірдің кесірі тие ме деп, хан қаһарынан қорқып қалған Үйсін батырларының сыбырлары су сепкендей басылды.

Әбілқайыр жас тоқал алып ашуын басып, енді жорыққа дайындалуға кірісті.

Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім атақты Ақсақ Темірдің данышпан немересі Ұлықбектің қызы. Ол өзінің ақыл-парасатымен жұрт алдында ерекше көзге түскен. Сүлеймен пайғамбардың кезіндегі әйел патша Балқыз замандастарына қандай құрметті болса, бұған да өз замандастары біздің уақытымыздың Балқызы деген ат берген.

Жас иіс сұлу тоқалы Тоқтар-Бике Әбілқайырға тек өзінің сұлулығы мен жастығын берді. Өзгесін хан Рабиу-Сұлтан-Бегімнен тапты. Рабиу-Сұлтан-Бегім де өзіне хан ықыласының қайта түскенін көріп, жас иіске аз күн ауғанын кек тұтпай, енді бұрынғыдай емес, хан істеріне біртіндеп араласа бастады. Осы кезде Орда-Базарға әбду-Латифтың туған баласы Мұқамет-Жөкі келе жатыр деген хабар жетті.

Рабиу-Сұлтан-Бегім оны алдынан ат шаптыртып қарсы алды. Үстінде көк құрыш шынжыр сауыт, ер-тоқым, жүген-құйысқандарын алтынмен аптатқан он шақты жігіт Орда тұсына кеп түсе қалды. Хан Ордасына қарай жаяу жүрді. Қару-жарақтарын сыртқа қалдырып, бұлар иіліп сәлем беріп үйге кіріп келгендерінде, Әбілқайыр елең етіп шошып кетті. Ордада ханмен бірге тұрған Рабиу-Сұлтан-Бегім езу тартып күлімсіреді.

— Хан ием, бұл кіші балдызыңыз, әбду-Латиф мырзаның туған баласы Мұқамет-Жөкі, — деп басын иді.

Ал Жөкіге:

— Жалғыз бауырым Мұқамет-Жөкі, сау-саламат келдің бе? Мына кісі ұлы мәртебелі Сүлеймен пайғамбардай ақылды, Ескендір Зұлхарнайын патшадай айбарлы, бүкіл Дәшті Қыпшақ ханы Мауреннахр мен Қорасанның сырттай әміршісі Әбілқайыр жездең, — деді. Өзі барып, бірінші боп құшаққа құшақ тигізіп амандасып, бауырын қолтықтап ханға таяды.

Хан созылған қолды аларда тағы дір ете қалды. Сәл кейін шегініп те кетті. Бірақ құшаққа құшақ, кеудеге кеуде тигізіп амандасуға батылы бармады, тек қол алысып амандасты да қойды.

Әбілқайырдың расында сескенетін де реті бар еді. Мұқамет-Жөкі алғашқы үйге кіріп келгенде, оны батыр Саян екен деп қалған еді хан. Бірінен бірі аусайшы! Бір шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас. Сол қалың қабақ, өткір көз, сопақтау келген сұрша бет. Бойлары да, дене құрылыстары да дәлме-дәл. Сұңғақ бой, арыс кеуде, жіңішке бел. Жас жолбарыстың аяқтарындай, аяқ-қолдары сомдала біткен. Жалпы қимылында, дене бітімінде секіруге дайындалған жолбарыс тәрізді бір қауіпті сұс бар…

Әбілқайыр қол алысып амандасып, Мұқамет-Жөкіден ел жайын, Мауреннахрдың күйін сұрап отырғанында да іштей сезіктенумен болды. Ханның мұндай жағдайын байқаған Рабиу-Сұлтан-Бегім енді Әбілқайырдан қонағын өз Ордасына алып баруға рұқсат сұрады. Бойын билеп алған әбігерден айырыла алмай отырған Әбілқайыр бірден көнді.

Рабиу-Сұлтан-Бегім сескенуден де, «әкең әкемді өлтірген» деп Мұқамет-Жөкіге кек тұтудан да аулақ еді. Әбду-Латиф Ұлықбек мырзаны, менің және өзінің әкесін өлтірді, ал өзі басқалардан ажал тапты. Ақырында екеуінің қастары әкесі мен баласынан бірдей құтылды. Бұған қарап Ұлықбектің қызы мен әбду-Латифтың ұлы қырық пышақ болуға тиістіміз бе? Жоқ, тиісті емеспіз. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Ұлықбек тұқымынан тірі қалғандардың ішіндегі ең жақыны біз екеуміз. Егер біз екеуміз жау болсақ, бұдан тек қастарымыздың бағы жанады.

Рабиу-Сұлтан-Бегімнің Мұқамет-Жөкіні өзіне жақын тартуының тағы да бір себебі екеуінің Ұлықбек сарайында тетелес өсуі еді. Мұқамет-Жөкі Рабиу-Сұлтан-Бегімнен үш жас кіші. Сондықтан Рабиу-Сұлтан-Бегім одан өзін үлкен санап, кішкентайынан оған апалық қамқорлық көрсетіп келген.

Сұлтан тұқымдарына тән аяусыз қатты мінездеріне қарамай, екеуіне де жастайынан жат емес, осы бауырмалдық сезім, қазіргі тілектерінің жақындай түсуіне жол ашты.

Рабиу-Сұлтан-Бегім Мұқамет-Жөкінің келуіне арнай қыз-келіншек, бозбалалар жинап, ұлан-асыр той істеді. Ат шаптырылды, балуан күрестірілді. Жігіттер жамбы атып, сайысқа түсті. Шырқалған ән, тербелген алтыбақан… Айлы түндерде, бетегелі құрақты сай ішінде хан қонағы талай сұлуды құшып, күндіз сұңқар, қаршыға салып, Арқаның қызыл түлкісі мен кіші-гірім лақтай қыр қоянын алдырды.

Осылай бір апта ойын-сауық құрғаннан кейін, Мұқамет-Жөкі хан алдына келді. Алыс жерден сапар шеккен мұң-мұқтажын айтты. Жігіттің сауытсыз, қару-жарақсыз екенін көріп, хан көңілі күптенбеді. Ол енді Мұқамет-Жөкімен ақжарқын, шын көңілмен ұзақ әңгімелесті. Бұл әңгімеге тек Рабиу-Сұлтан-Бегім ғана қатынасты.

Самарқант, Бұқар, Герат, Мервте қазір қанша әскер барын, халықтың әбусейітпен өш екенін баяндай келіп, Мұқамет-Жөкі сөзінің аяғында:

— Әбілқайыр хан, Ақсақ Темір тағына менің атам Ұлықбек, одан кейін оның баласы, менің әкем әбду-Латиф отырған, ендігі кезек менікі, — деді, — әбусейіт қазір Қорасан мен Иракты тегіс жаулап алам деп жорықта жүргенінде, Самарқант билігін қолыма түсіруге жәрдем беріңіз. Мұндай ыңғайлы сәт екінші мәртебе кездесе ме, онысын білмеймін. Ал қазір ең қолайлы шақ…

Әбілқайыр баяу езу тартты.

— әбусейіт те әбділлахтан әмірлікті алар жолы, дәл сен тәрізді ішке кіре келген…

— Ақсақ Темір ұрпағының бәрі әбусейіттей опасыз бола бермес. Егер Самарқант әмірінің тағына отырғызсаңыз, өмір-бақи сізді әке етіп, айтқаныңызды екі етпей өтуге қолыма құран алып ант етуге бармын.

— әке еткеніңнің маған керегі жоқ. Әкесі болар балаларым жетеді. Алда-жалда Самарқант тағына отыра қалсаң әмірімді екі етпеймін деп серт берсең құба-құп.

— әміріңізді екі етпеске міне құран, міне нан.

Әбілқайыр үндемей қалды. Ол ұзақ уақыт тілсіз отырды да, бір мезетте:

— Самарқант уәлиетінің жерінде ұрысқа жарайтын қанша жауынгер пілдер қалды? — деп қарсы отырған жігітке тесіле қарады.

Бұрын Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр жерлерінде соғыста піл қолданылмайтын. Ақсақ Темір Иран мен Үндістанның шетін алғаннан кейін барып, пілді кей жағдайларда Орта Азия хандары жауын қорқытуға аздап пайдалана бастаған. Бір кезде Самарқант, Бұқар уәлиеттерінде піл әжептәуір қоқан-лоққы күшке айналған. Ал Әбілқайыр үнемі Мауреннахр жеріне шабуылға шыққанда, қойға шапқан қасқырдай, ол әдетте хандарының бөтен елге жорыққа кеткен кезін аңдып тұратын. Қалаларын жау алған соң, пілдер де ештеңе істей алмайтын. Демек, Самарқант, Бұқарда дәл біз айтып тұрған шақта жауынгер пілдер бітуге айналған-ды. Бірақ әзірге өлмеген азғантай пілдердің өзінен де, бұрын мұндай ашулы алып хайуандармен айқасып көрмеген көшпелі ел сыпайларының зәре-құты қалмайтын. Самарқантты бағындырам деп аттанған баяғы алғашқы ұрысында өздеріне қарай дүрсе қоя берген үш пілден бүкіл Қыпшақ жігіттері жөңки қашқан. Әскердің арт жағында келе жатқан Әбілқайыр, ұзын тұмсығын оңды-солды сілтеп, кіші-гірім үйдей боп өзіне қарай тап берген алып пілді көргенде, не істерін білмей, қолындағы найзасын жерге түсіріп алған. Тек ажалдан астындағы жүйрік ақ боз аты құтқарған. Содан бері Ақсақ Темір әміратына жататын қаланы шаппақ болса, ең алдымен «жауынгер пілдері жоқ па екен?» деп сұрайтын. Жылан шаққан адам ала жіпті аттауға қорқады. Бір рет өлердей боп шошып қалған Әбілқайыр бұ жолы да сол дағдысына салып, піл жайын тәптіштеп сұрап отырған-ды.

— Бүкіл Самарқант, Бұқар, Гератта үш-ақ піл бар, — деді Мұқамет-Жөкі, — о да жорыққа шыққанда Көреханның шатыры мен гаремін алып жүреді.

— Өзге пілдері қайда?

— Пілді соғысқа пайдалану үшін оларды жұмсай алатын адамдар керек… Бұрын бұл қызметті Иран мен Үндістаннан алып келген есірейлер атқаратын. Олардың өлгені өлді, өлмегені ебін тауып өз жеріне қашып кетті. Иесіз қалған пілдерді әбділлах қастары у беріп өлтірді.

— Бұлары дұрыс болған екен! — Әбілқайыр Ордасының әшекейлеп сыр- ланған қабырғасына қарады. «Қан төкпей істейтін ісіңді қан төкпей істе. Қан төгіп істер ісің болса алла-тағала өзі жәрдем берсін» деген қабырғаның жоғар- ғы ернеуіне оюлап жазылған хадистің төменгі жағына көз жіберді. Қабырғада самсаған қару-жарақ ілулі тұр. Болат наркескен, қисық алдаспан, көк құрыш сүйір ұшты найза, шойын басты шоқпар, жақтың бірнеше түрі… Әне, анау Исфаған қылышымен Жұмадық ханның басын алған. Әне, анау болат сүйір найзаны Әбілқайыр өз қолымен Мұстафа ханның жүрегіне қадаған… Хан езу тартып күлді. Хадис «әділеттік үшін қан төгіп істер ісің болса, алла-тағала өзі жәрдем берсін» дейді. Қандай жәрдем? Қан төгуге жаралған осы қаруларды қолыма ұстатқанының өзі алла-тағаланың берген жәрдемі емес пе? Иә, солай, жәрдемі. Самарқант әмірінің бар пілін улатып өлтірткені — о да жәрдем! Алла-тағала менен жәрдемін аяп көрген бе, тек сол жәрдемдерді дұрыс пайдалана білсем болғаны ғой. Пайғамбар аузынан шыққан мына хадис та соны айтып тұрған жоқ па? Дәл солай. Берген сертін бұзған әбусейіттің өз обалы өзіне. «Қан төкпей істейтін ісіңді қан төкпей істе» дейді. Мұхаммед пайғамбарым. Мен қан төгейін деген жоқ едім, әбусейіттің өзі қанымды төк деп тілеп тұр ғой. Сұрағаны болсын!»

Әбілқайыр Мұқамет-Жөкіге тесіле қарады.

— Жақыныңа жәрдем ет дейді құран, мен саған жәрдем беруге дайынмын. Бірақ, қояр екі шартым бар.

Мұқамет-Жөкі басын иді.

— Бірінші шартым — Әбілқайыр бұл шарттың Мұқамет-Жөкіден гөрі Рабиу-Сұлтан-Бегімге қатынасы бар екенін әдейі білдіргісі келгендей, кіші бәйбішесіне қарады, — әбусейіт менің қызымды алған, бірақ антында тұрмады. Антын бұзғаны үшін мен одан кегімді қалай қайтаруым керек?

Рабиу-Сұлтан-Бегім жымия күлді.

— әрине, кегің қызыңды қайтарып алумен бітпейді.

Қызың орнына әбусейіттің бірінші әйелінен туған, он үш жасар сұлу Ғибадат-Сұлтан-Бегімін тоқалдыққа алуың керек.

Әбілқайыр қайтадан Мұқамет-Жөкіге бұрылды.

— Бірінші шартым — Ғибадат-Сұлтан-Бегім сұлуды сол қауыздай жарылмаған, шыныдай сынбаған күйінде менің қойныма саласың.

— Уәде, тақсыр жезде.

— Екінші шартым — әбусейіт бұзған антты сен орындайтын боласың.

Бұнысы әбусейіттей емес, сен мені алдамайсың, өле-өлгенше бағынышты боп өтесің дегені еді.

— Құп, тақсыр.

Сол күні Әбілқайыр Мұқамет-Жөкіге ертіп, Самарқантқа Бүреке-Сұлтан мен Бішкенді оғланның басқаруымен он мың санды қол аттандырды. Атышулы батырларының да біразын жіберді.

Хан әбусейіттің Қорасанда жүргенде Самарқантты басып қалудың бәлендей қиындыққа түспейтінін жорамалдады.

Екі апта өткеннен кейін жиырма мың қолымен Әбілқайыр өзі Мауреннахр жеріне қарай беттеді.

Көк Орда ханы отыз жылдан астам хандық өмірінде астанасын бірнеше жерге көшірген… Сығанаққа да ту байлаған. Қай өлкені бағындырса, сол өлкеге Ордасын алып барған. Асан Қайғының Дәшті Қыпшақтың жеріне, не Ұлытауда, не Еділ, Жайық жағасының бірінде хан Ордасын тікпедің деп ренжуі де осыдан еді. Демек, ол қай жерге хан Ордасын көшірсе де, өзінің алғашқы туын тіккен Орда-Базарға қайтып орала беретін. Орда-Базар оның түпкілікті астанасына айналған. Әйтсе де көптен бері осы астанасын мүлдем тастамақ ойға бекіген.

Орда-Базар, еш теңізге құймайтын, суы мол болғанымен өрісі тар Қаракеңгір өзенінің бойында тұр. Батысындағы кеме жүретін Еділ өзені екі мың шақырымнан астам жерде. Солтүстігіндегі ұлы өзен Ертіс пен Есіл олар да сондай жырақта… Оңтүстігіндегі қос алып Жейхун мен Сейхун да тым қашықта жатыр… Шығысындағы Көкше теңіз сәл таяуырақ, бірақ жол ортасы аңырақай, шөлейт… Әбілқайыр астанасын көп уақыт Сығанақта ұстаған. Кейін Қырымдағы Өзбекхан мешіті мен гаремі тұрған Қара теңіз жағасындағы Қара-Даг тауынан отыз шақырымдай жердегі Ескі Қырымға да көшірмек болған. Бертін келе Еділ жағасындағы Ақсақ Темір бұзған Алтын Орда астанасы Сарай шаһарына апаруды да ойлаған. Солтүстік тұсына да, тіпті Жем, Ойыл, Ақ Жайық өзендерінің бойына да орнатсам деген. Бірақ мұның біріне де тұрақтай алмаған. Өйткені неғұрлым Дәшті Қыпшақтың батыс шекарасына қарай беттеген сайын соғұрлым Мауреннахр шаһарларынан алыстап кететін болған. Бұлай істеудің жөн емес екенін Әбілқайыр жақсы түсінетін. Батыс мемлекеттері бұл уақытта әжептәуір күшейіп алған. Оларға түбі күшінің келмейтініне Әбілқайырдың көзі жете бастаған. Көк Орданың бел алуы енді тек Шығыс шаһарларына ықпалын жүргізуде деп білген… Сондықтан оның көзі Батысқа емес, Шығысқа тігулі болатын-ды. Сол себептен де Шығысқа жақын Орда-Базарға әлсін-әлсін қайта орала беретін. Ал соңғы кезде бұл Орда-Базардың өзі де Әбілқайырға қуат бола алмайтындай күйге жеткен. Ол заманда көмір, мұнай, құрыш, темір өнеркәсіптері тіпті өркендеген кезі, ал қалалардың үлкейіп, гүлденіп кетуіне екі түрлі жағдай керек-ті. Бірі — қала дегенің үлкен сауда жолының үстінде тұруы қажетті. Әйтпесе кеме жүретін, бір ел мен бір ел қатынасатын, суы мол өзен, не теңіз жағасына салынуы керек. Ал Орда-Базарда бұл қасиеттің бірі де жоқ. Міне, осы жағдай Әбілқайырды бөтен астана іздеуге мәжбүр етті. Жаңа астана іздемеске болмайтын тағы бір себебі бар. Қазақ руларының біразы Моғолстанға көшіп кеткеннен бері Ұлытау маңы хан Ордасына жайсыз тие бастады. Қойға шабатын бөрі де, малын айдай қашатын ұры да көбейді. Әсіресе «Жалғыз көз» деген батыр пайда болып, хан қостарына маза бермейтін бір қырсыққа айналды. Астында желдей жүйрік ат, жанында өзіндей кілең батыр жігіт. Хан әскері бірнеше рет соңдарынан түссе де, Қарақұмға сіңіп кетіп ұстатпай қойды.

Ал бұл «Жалғыз көз» батыр — баяғы жылқышы Орақ еді. Үңгірде бір жыл жатып, балгердің емдеуімен төсектен тұрған. Бір көзден айырылып, беті адам көргісіз тыртық боп біткен. Аққозыға қайта жолығуға өзінің мына мүсәпір түрінен қорланып, одан біржолата күдер үзген. Өзі тәрізді кедейлердің өшін Әбілқайырдан алмақ боп атқа мінген. Бірақ әзірге соңынан ерген халқы аз болғандықтан, бар қолынан келері аш қасқырдай хан малына тию болған. Әрине, хан бұның Орақ екенін білген жоқ. Демек, бұл арадан көшіп, көбейіп кеткен өзіне қас адамдардан да құтылуды жөн тапқан. Ойлап-ойлап ақырында астанасын Үргеніш шаһарына көшіруді ұйғарды. «Жейхун дариясының жағасында, Сұлтан-Уайз-Даг қамалынан жетпіс шақырымдай төмен тұратын Үзбой арнасы арқылы жүзіп отырып Хивас[33] теңізіне жетуге болады. Бұл теңізге шығуымыз — Түркімен, Дәшті Қыпшақ, Хива өлкелерін уысымызға қысып ұстауымыз ғой. Ортада бір кезде Еділ, Дон, Днепр бойынан көшіп келген қарақалпақтар бар. Қай жағыма қарасам да көз алдымда өзіме бағынышты елдер тұрады.

Ал тілі де, діні де бір қарақалпақтарды өз Ордама қоса салу қиынға түспейді. Күншығыс пен оңды-солды жағың — Мауреннахр жері, солтүстік батысың — Моғолстан, онымен шектесіп жатқан тағы Дәшті Қыпшақ… Тек Моғолстан өлкесін өзіңе бағындырсаң, болғаны. Көк Орда хандығы батысы — Еділ, Қара теңіз, оңтүстігі — Хивас, Иран, Ауған, солтүстігі — Тара, Орал ойпаты, шығысы — Үндістан, Қытай мемлекетіне дейін созылған ұлы хандыққа айналады. Мұндай жерді Ескендір Зұлхарнайын әтиль, Шыңғысхан, Ақсақ Темірден бөтен ешкім билеп көрген жоқ. Бесінші ұлы хан боп мен билеймін, жалғанда бұдан артық жетер арман бар ма? Бұл опасыз дүниеде бәрі де бір күнгідей болмайды, байлығың да, бақытың да өтеді де кетеді… Тек атағың ғана өшпейді. Ал осыншама жерді, елді билесең сенің атағың ұрпақтан ұрпаққа кетеді. Бүкіл әлемді топан су қаптар күн туса, Нұқ пайғамбардай адамзатқа өлмес атың қалады. Өзің өлсең де, тарихта есімің өлмесе, одан артық қандай мәңгі тіршілік бар? Бұдан асып тірі пенде не істей алады?»

Бұл ханның орындалмас қиялы. Демек, Үргенішті алуды арман еткен Әбілқайыр Дәшті Қыпшақтың оңтүстік құмайтты жағын қиғаштай жүріп, бір аптадан кейін Отырардың солтүстік тұсынан өтетін Сейхун дарияның қамыс, жиде, қарағашты жағасына келіп жетті. Құмырсқадай быжынаған қалың қол, белдері босаңсыған аттарын тынықтырмақ боп, бір жетіге қостарын тікті. Хан ойынша бұлар тынығып болғанша әскерге азық-түлікке он мыңдаған қойды айдап, соңдарынан көше қонып келе жатқан көп қараша ауылдары да жетпек-ті. Ал қосын келіп қостарын тіккен Сейхун дарияның тұсы өркеш-өркеш асау сұрғылт толқындары жұдырықтай тастарды жаңқа құрлы көрмей жұлып ала жөнелетін долы еді. Екі жағы бірдей түйелі адам көрінбейтін қалың қамыс, анақурай. Бұлардан әрі кигіздей боп тұтасып кеткен тапал бойлы тораңғыл мен жиде ағашы. Іші толған сан түрлі аң, құс. Анда-санда бүкіл Дария бойын тітіреткен жолбарыстың ақырған ашулы үні естіледі. Сөйткенше «бақ» ете қалған ақбөкеннің даусы шығады.

Әбілқайыр әскері осы арада бір жеті болмақ. Аттың белін көтергеннен кейін арғы бетке өтпек. Сейхун секілді долы тасқыннан өту оңай шаруа емес.

Шыңғысхан заманында мұндай өзеннен өтудің басқа жолы болған. Әрбір монғол жауынгері ерінің басына байлап алған өгіз терісін дастарқан секілді дөңгелетіп ойып, шетінен қыл шылбыр өткізетін тесік істейтін. Бар киім-кешегін, кейде тіпті қару-жарағын да, осы терінің ортасына салып, шетіндегі тесіктерден өткізілген шылбырмен аузын бүріп байлайтын. Осылай қолдан жасалған, суда батпайтын тері қапшықты ат құйрығына байлайтын. Өзі атының жалынан ұстап қатарласа жүзеді. Не атты бос қоя беріп әлгі қапшықтың үстіне отырады. Орхон, Онон, Керулен, Енисей, Ертіс секілді ағысы қатты мол судың жағасында өскен монғол жылқылары, толқыны екпінді қандай өзендер болса да арғы бетке алып шығады. Дәл осылай олар бір кезде Жейхун, Сейхун, Жайық, Еділдерден де өткен. Ал Қыпшақтардың тәсілі бөтен-ді. Олар жылқыларын өзеннен бос жүзгізетін. Ағыс жағына күштілерін салатын да, олардың ық жағымен тай-құлындарын тоғытатын. Өздері қамыстан, не талдан сал тоқып, сонымен өтетін. Тек кейбір өжет жігіттері ғана үрген қос қарынды байлаған жіптерді қолтықтарының астынан өткізіп, арқасына киімі мен қару-жарағын таңып, жүзіп арғы бетке шығады. Ал, Сейхун, Жейхун жағасының жауынгерлері көбіне кепкен асқабақтарды байлап жүзіп өтеді.

Жігіттері бір күн дем алғаннан кейін, Әбілқайыр қамыс шауып сал дайындауға бұйырды. Өзі нөкерлерімен әскері қос тіккен жерден әрірек барып аң ауламақ болды. Хан аңға шыққан жер Сейхунның ойпаттау сағасы болатын. Дария жазғытұрымғы тасыған кезде осы арадағы кең алқапты алып, қайтадан есесіне түскен шағында ойдым-ойдым қарасулар қалдыратын. Тым қуаңшылық жылдары бұл араға сонау Қазықұрт тауынан жайлауға көшіп келген ауылдар, тартылып қалған қарасулардың балшықтарынан құлаш-құлаш мекре, лақа балықтарды қазып алатын.

Ауылдар жайлауға келмеген жылдары бұл араны бұғы мен марал жайлайды. Көл аралары жазық дала, көк шалғын. Сейхун жағасы қалың қамыс, тұтас- қан жиде ағашы. Бұғы мен маралға бұдан артық қандай қоныс керек?

Әбілқайыр осы араға шатырларын тікті де, қасына кернейші-дабылшы екі-үш жігіті мен ежелгі серігі Бахтияр-баһадурды ертіп жан-жақтарын шолып келуге шықты. Астында жол-жөнекей ер салынбай, тың, жетекте келген Тарланкөк. Ауыздығымен алысады. Өзгелердің де мінгендері қосаяқтай жүйріктер. Әйтсе де олардың аттары қамыс құлақтарын қиғаштап, жіті басқанмен де, Тарланкөктей емес, ауыздығымен алысып келе жатқан жоқ. Сірә, Сейхунның лайлы суы мен шігір араласқан сұрғылт бетегелері жер-су талғайтын сәйгүліктерге тақа жәйлі тимеген тәрізді.

Хан тобы әңгімелесе жүріп, бір жазық далаға шықты. Кенет Тарланкөк осқырына, танауы делдиіп, құлағын тіге қалды. Бұлар «не болды» деп жан-жақтарына қарап та үлгерген жоқ, дәл алдарынан шаңырақ мүйіздерін арқаларына сұлата жатқызып, көгал шөптің үстімен бауырлай ұшқан құстар тәрізді, ұзын аяқтарын көсілте жазып, теңбіл жүнді бір топ арқар зуылдай өте берді… Үлкен-кішісі аралас. Шабыстарына көз ілеспейді, нағыз бір селдірлей аққан сағым-сынды, «Бұлар бізден үрікті ме?» деп хан ойланып та үлгермеді, кенет арқардың соңынан шұбалана қуған бір ұя қасқырды көрді. Қамысты жердің нағыз қара қылшықтары, құлынжал арландары. Топтанбай созыла шапқанмен аралары жиі кетіп барады. Хан тобы бұларды шөптің қалыңдығынан бірден көре алмаған екен, арқарларды өкшелеп жетуге жақын. Сірә, қасқырлар өздерінің ежелгі әдеттеріне салып, кезектесіп қуған болуы керек, қарқындарына қарағанда мына көкжалдар төтеден қосылған тәрізді, әйтпесе жазық жердің жел ере алмас құдіретті жүйріктері — арқарлары бұларға шаңдарын да көрсетпесе керек-ті.

Хан тобы шыдап тұра алмады, елегізген жүйріктерінің тізгінін босатып жіберіп, сойылдарын ыңғайлап, айқай сап қасқырлардың соңынан тұра шапты. Тарланкөк өзге аттардан бірден суырылып сала берді. Көп кешікпей хан серіктерінен озғындай шығып қарасын үзді. Әбілқайыр жас кезінде ұрыстарға тікелей қатысып келсе де, алтын тақтың қызығын көрген сайын ажалдан қорқа түскен. Жиырма бестен асысымен-ақ хан ұрысқа қатысуды қойған. Таластың тағдыры шешілетін қан майданға ол өзінің батырлары мен әскерін айдап салатын. Тек жау жеңілген кезде ғана жеңіс қуанышын қарсы алуға жұрт алдына шығатын. Өзі тікелей ұрысқа қатыспайтындығынан хан көптен бері сойыл, найзаны жұмсауды ұмытқан. Бірақ өзін аңдыған жаудың көптігінен сескеніп, Ордада жүргенінде наркескенін, атқа қонғанда садағын тастамайтын. Бұл екі қаруды жұмсауда аса шеберленіп алған. Әсіресе жақ тартуға келгенде, жебесін құралайдың көзіне дәл қадайтын мерген. Міне, осы қасиеті қазір де өзіне үлкен жәрдем берді.

Тобылғылы, қурайлы, бозаңы белден келетін жазық дала… Алдарында көгілдір тоғайлы Сейхун дария… Оңды-солды қамысты шалшық көлдер… Аспан айнадай ашық, шаңқай түс. Алыста, көгілдір белестердің үстінде тек буалдыр сағым ойнайды. Сағым-сынды ағып келе жатқан арқарлар. Оларға енді-енді жетеміз деп ауыздарын ырсита ашып, секіре самғаған кілең қара қылшық арлан қасқырлар.

Тарланкөк әне-міне дегенше қасқырлар тобына жетіп қалды. Әбілқайыр енді олармен жанаса шауып келеді. Есіл-дерттері алдарындағы арқарлар боп, әбден көздері қанталап қызып алған қасқырлар, ық жақтарымен жанаса жүз қадамдай жерде шауып келе жатқан салт аттыны аңғарар емес. Тек ат дүбірі құлағына анық жеткенде ғана соңғы көкжал Әбілқайыр жаққа жалт бұрылды. Бірақ дәл осы сәтте ат үстінен тартып қалған хан жебесінің болат ұшы дәл жүрек тұсынан кеп қадалды. Қасқыр қыңсылай барып, сылқ етіп бір бүйіріне қарай құлай кетті. Әбілқайыр оған бұрылып та қараған жоқ, енді екінші қасқырдың тұсына жете беріп, оны да омақата құлатты. Осылай заматта үш қасқырды сұлатты. Алдында әлі де екі-үш көкжал бар. Бірақ ханның қорамсағында жал- ғыз жебе қалды. Ол енді соңғы арқарға таяу келе жатқан, биіктігі тайыншадай, көкжал арланды түсірмек болды. Бойы бусанып, қызып алған Тарланкөк ой- қастай таяй бергенде, үзеңгісіне шіреніп, ерінен көтеріле түсіп, кейін қарай сәл қисая, «иә, сәт!» деп қайың садағын тартып қалды. Өкпе тұсынан жарым қарыс кірген жебе өз қайратын көрсетті, қасқыр ышқынып бір секірді де, домалап-домалап барып сұлап түсті. Алдыңғысының қалай құлағанын көрген соңғы екеуі ық жақтарында кенет пайда болған қауіпті салт аттыны аңғарып, жалт бұрылып желге қарай салды. Әбілқайыр оларға бұрылған жоқ, шаңырақ мүйіз ар- қарлардың ең болмаса біреуін алып қалайын деп, ат қарқынын бәсеңдетпей садағын иығына іліп жіберіп, беліндегі жарты құлаш көк құрыш алдаспанын суы- рып алды. Бірақ дәл осы кезде жануарлар жұбын жазбаған қалпында жардай болып тұтасып тұрған қамысты жапыра қиратып арасына кіріп жоқ болды. Хан қамысты жанай шауып, Тарланкөгін әзер дегенде барып тоқтатты. Бірақ дәл осы сәтте Тарланкөк үрейлене шыңғырып жіберіп, көкке шапшиды. Атының үстінен жерге құлай жаздап, жалына жабыса қалған Әбілқайырдың көргені қарсы алдында, он бес қадамдай жерде, қан-жоса етіп күл-талқанын шығарған бұғының етінің жанында өзіне қарай шөге түсіп жатқан есік пен төрдей тарғыл жүнді жолбарыс болды. Көзі тасырайып, мұрты жыбырлап, шабар алдындағы әдетіне салып, ұзын құйрығымен жерді бұлаңдата ұрады. Тарланкөк арындап кеп, алдыңғы аяғын жерге тигізе бергенде, жолбарыс та атылды. Әбілқайырдың бар қолынан келгені жалаңаш алдаспанымен басын қорғай берді. Бірақ аппақ үлпе бауырын жаза атылған жолбарыс Әбілқайырға қанжар тістерін сала алмады, кенет гүрс етіп жерге құлады. Көзін ашып алған ханның көргені, бағанағы көкжал қасқырдың өкпесіне өзі қадаған жақ оғындай алып жолбарыстың дәл жүрек тұсынан кірген садақ жебесі болды. Жолбарыстың құр дір-дір етіп қозғала алмай жатқанына қарағанда жебе ар жағынан бір-ақ шыққан тәрізді. Бұны садақ оғының бер жағында шошайған екі қарыстай сабы көрсетіп тұр. Алып жолбарысты жалғыз оқпен жайрату үшін алып күш керек. Бұл кімнің қолынан келеді?

Әбілқайыр енді садақ атылған жаққа қарады. Жақында «осы Сейхун бойында Саян батыр бастаған бір топ аламан жігіттер пайда бопты, істейтіндері бекзадалардың малын талау, әсіресе, Көк Ордаға өшігулі деп естіген. Әбілқайыр жиде қойнауынан шыққан көк сауытты, мұздай боп қару-жарақ асынған жүзге тарта кілең жас жігіттерді көрді. Алдарында үш күреңнің біреуіне мінген батыр Саян, жанында екінші күреңге мінген өзінің туған қызы Гүлбаһрам-Патшайым… Хан жолбарыс көргеннен бетер, не істерін білмей сасып қалды. Саянның қолындағы садақтың жебесіз екенін көріп, өзін құтқарған қас батыр осы екенін білді. Енді біржолата абыржыды. «Ханды ажалдан алып қалған жас батырға алғыс айтып басын ию керек пе, әлде өзі өлім жазасына бұйырған, рұқсатсыз қызын қатын қылған қас жауына жалаңаш қылышын жарқылдата қарсы шабуы керек пе?»

Хан осылай шешім таба алмай абыржып тұрғанында, қызы Гүлбаһрам садағын алып, қорамсақтан қозы жаурын жебені әкесіне қарай кезей бастады. Әбілқайырдың жүрегі дір ете қалды. Өзіне шапқалы жатқан жолбарысқа ең болмаса бетін қорғай жалаңаш алдаспанын қарсы көтеруге жараса, бұ жолы өйтуге де күші жетпеді. Бүкіл денесіне қорғасын құйғандай қозғала алмады. Жанының тәттілігі де, дүниенің қымбаттылығы да, аңға сауыт киіп шықпағаны да — бәрі осы көзді ашып-жұмғандай мезетте, жүрегін удай ашытып өкіндіре санасында жарқ етті де, кенет сөне қалды. Шыңғыс тұқымының мейірімсіз келетіні өзіне мәлім, көзін жұма берді. Бірақ жүрегіне көк құрыш сүйір ұшты жебе қадалмады. Аздан кейін жанынан өтіп бара жатқан ат дүбірі мен Гүлбаһрамның даусын естіді.

— Бекер қолымды ұстап қалдың, — деді қызы әкесінің тұсынан өтіп бара жатып. — Егер, біз қолына түссек, бірден басымызды алар еді.

Оған қоңырқай дауыс жауап берді.

— Өз әкесін өзі өлтірген әйелмен, қанша жақсы көрсем де, бір төсекте жата алмас едім.

— Онда өзің өлтіруің керек еді.

— әкесін өлтірген адамды қандай әйел шын көңілімен ерім дейді?

— әрине ғой, — қызы күрсінді, — садағымды тартуға менің де дәтім бармас еді… Тек ыза… — сөздің ар жағы естілмеді.

Әбілқайыр аздан кейін көзін ашып жан-жағына қарады. Бірақ ешкімді көрмеді. Аламандар оң жақтағы қалың қарағаш арасына кіріп кетіпті. Кенет Әбілқайырға хабар берген керней үні шықты. Жорық дабылына үйренген Тарланкөк арқырай кісінеп қоя берді. Көп кешікпей серіктері де жетті. Өліп жатқан жолбарыс пен жолай жайрап қалған қасқырларды көрген Бахтияр-баһадур мен нөкерлері хан ерлігін мадақтай жөнелді. Бірақ оған Әбілқайыр ләм-мим деп тіл қатпады, қабағы түксиіп сазарды да қалды. Ол қазір алай-түлей өкініште еді. «Отыз жыл хан болсам да, осы мезгілге дейін өзіме керек адамды таңдай білмеймін. Әлгі жігітпен ғой тіл тапсам әскеріме қандай қолбасшы болар еді. Сондай адамдармен ғана әлемді бағындыра аласың! Қап! Қап!

Хан батырлығының куәсі етіп нөкерлері жолбарыс пен арлан қасқырлардың терісін сойып алып, алдарына бөктеріп, кейін қайтты. Әбілқайырда әлі үн жоқ, сол қабағын қарс жапқан қалпында. Тек нөкерлері ханның жеңісті екенін күні бұрын бар әлемге дабырлата білдіріп, сырнай-кернейлерін барылдата тартып келеді. Шатырларына таяғандарында ғана Әбілқайыр қасындағы Бахтияр-баһадурға:

— Егер мен жоқ жерде батыр Саян мен менің қызым Гүлбаһрам-Патшайым қолдарыңа түсе қалса, — деді өзгелерге естіртпей, — менің қызымның басын алыңдар. Ал батыр Саянды сый-құрмет көрсетіп босатып жіберіңдер.

— Құп, тақсыр!

Бахтияр, баһадур осы бір болмашы сөзден ханның неге үндемей келе жатқанын ұқты. Жолбарысты батыр Саян өлтірді-ау деп жорамалдады. «Бәсе, жолбарыс жүрегінен суырылған жебе хан жебесіне ұқсамайтын еді-ау». Батыр жігіттің тек жолбарысты ғана өлтірмей, ханды да ажалдан алып қалғанына шек келтірмеді. «әйтпесе кекшіл Әбілқайыр оны қолға түссе босатып жібер демесе керек еді». Осының бәрін сезсе де Бахтияр-баһадур тіс жарып ештеңе демеді. Ханның көңілін көтерейін дегендей ол, құйрығы мен бас терісі жерге сүйретіліп бір нөкердің ерінің алдына бөктеріліп келе жатқан жолбарыс терісін көрсетіп:

— Қандай үлкен жолбарыс, — деді сәл езу тартып күлімсіреп, — егер қарсы шапқан кезінде қолыңыз дірілдеп кетіп садақты тарта алмай қалсаңыз ғой, жарып тастауы кәміл еді. Бір ажалдан батырлығыңыз құтқарды. Бұл ажалдан аман қалғаныңызға зор қуаныштымын. Сіз көрінбей кеткеннен-ақ «Ақсарбас!» садақаны айтумен болдым.

Қарсы шапқан жолбарысқа оқ кеудесінен, не басынан, әйтеуір қарсы жағынан тиер еді, ал өлген жолбарыстың жебе өкпе тұсынан қадалған-ды. «Қарсы шапқан жолбарыстың» деген сөзінен Бахтияр-баһадурдың жолбарысты мұның өзі өлтірмегенін сезіп қалғанын хан бірден ұқты. Бірақ мыңдаған жауынгерлердің жеңісін өз жеңісі санап әдеттенген хан, «жолбарысты батыр Саян өлтірді» деу- ге аузы бармады. Әйтсе де баһадурдың сөзін түсінгендігін білдіре, ол қай-тадан:

— Егер батыр Саян қолға түссе босатып жіберіңдер, — деді.

— Құп тақсыр. Ал екінші мәртебе қолға түссе ше?

— Онда басын алыңдар.

Бахтияр-баһадур езу тартты да қойды. Батыр Саянның ханды жолбарыстан құтқарғанына енді ол тіпті күмәнданбады. «Ажалдан аман алып қалғаны үшін, хан да оны бір рет өлімнен құтқаруын борыш санайды. Ал екінші рет қолға түссе. Істеген жақсылығы үшін қастық. Жақсылық та, жамандық та саудаға түскен, шіркін, қу заман!» Дегенмен, аламан жігіттерден сескенген Әбілқайыр бұдан былай қарай бұл маңға аңға шықпады. Бір апта өткеннен кейін, мыңдаған салмен сау-саламат Сейхун дариясының оңтүстік жағасына жүзіп шықты. Су киімдерін кептіріп тынығып жатқандарында, үш күн бұрын осы арадан Жәнібек пен Керейге қосыламыз деп Андижан маңайындағы қазақ руларының өтіп кеткенін естіді. Хан қашқан елдің соңынан түре қуып, қырып тастауға әскеріне атқа қонуға бұйрық берді. Әскері әбігерленіп, дайындалып жатқанда Самарқантты алған Мұқамет-Жөкінің сыйлыққа жіберген көші жетті. (әттең не керек, әбусейіт Қорасаннан қайтқан соң, бөтен әмірлердің күшімен өз тағын қайтадан Жөкіден тартып алды). Жүз қызыл нарға Самарқанттың бар қазынасын арттырып жібергендей Мұқамет-Жөкі. Ал бұл керуенде жүз нарға тиелген алтын ыдыс, парша, манат, шағи, дүрия, қамқа. Самарқант кілемдерінен де қымбат Әбілқайырға арналған ерекше қазына бар болып шықты. Ол әбусейіттің үлкен бәйбішесінен туған Ғибадат-Сұлтан-Бегім еді. Қос анары жаңа пісіп келе жатқан алмадай қап-қатты, үлкен қарақат көздері қолға түскен құралайдың көзіндей жаудыраған, жаңа қыз болып қалыптасып келе жатқан сұңғақ бойлы жас сұлудың мысы жеңді. Әбілқайыр қашқан елдің көшін шабуды ертеңге қалдырды. Сол күні түнде күміс бағаналы көк жібек шатырдың ішінде әлі тұғырынан тая қоймаған кәрі көкжал он үш жасар уылжыған ақ тотының аппақ төсінен шөлі қана тояттанды. Кешеден бері Ғибадат-Сұлтан-Бегімді көргеннен бүкіл денесін билеп кеткен қызуын баса алмаған Әбілқайыр, енді көңілі бір саябырлап қалың қолына көтерілуге бұйырды. Бірақ жіберілген ертөлелерден қашқан көш түнде Сейхун дариядан кейін, Қараталға қарай өтіп кеткенін естіді. Кешегі салдарды суға ағызып жіберген хан, қайтадан бір жеті сал тоқытып, кейін шегінгенше қыруар ел мекендеріне жетіп, бекініп алатынын түсінді. «Үргенішке туымды тігіп, әбден күшейіп алып Моғолстанды шапсам, әр жерге бір көшіп жүрген қазақтың қаңғыған рулары қайда кетер дейсің!» деп ойлап Әбілқайыр бетін қайтадан Жейхун дариясының жағасына бұрды. Бір түннің қызығына хан Ордасының болашағын айырбастаған қатесін ол бұ жолы аңғармады. Тек жиырма жыл өткеннен кейін бұл қатенің ауыртпалығын балалары көтерді. Өйткені осы қалың көшті Көкше теңізге құятын Қаратал өзеніне бастап бара жатқан — қазақ елінің болашақ ұлы ханы, Жәнібектің баласы Қасым сұлтан еді. Әбілқайырға бір түнде түсетін жеңіс, артынан барып оның балаларына отыз жылдық күйреуге айналды.

Хан қалың қолымен құмайтты, сорлы сұрғылт даланы басып үш күннен кейін, Жейхун дарияның сол жақ жағасына жетті. Енді осы дарияның бойымен жоғары қарай жүріп отырып, Үргеніштің тұсынан шықты. Бұрын, отызға толмай тұрған шағында ол қан-жоса қырғыннан кейін екі аптаның ішінде Үргенішті алған-ды. Шаһарға көк Орданың көкшіл жібек туын тіккен. Орда-Базардан хан Ордасын мүлдем көшіруді ол кезде ойлаған жоқ еді. Сол күннен бастап Әбілқайыр тағы шығыс патшаларының ең күштілерінің біріне айналды. Үргеніштің жазық даласында алтын айлы, көк күмбезді мешіт салдырды. Стамбул, Пекин, Рум, Мәскеуден шеберлер алдырып, ақ тастардан, күйдірген қызыл кірпіштерден хан сарайларын тұрғызған. Әйтсе де жат жерді ұзақ қоныс ете алмаған. Ал қазір Үргенішті қапелімде қолға түсіріп, мүлдем басып қалуға күші жетпеді. Енді, амал жоқ, атының басын кейін бұруға тура келді. Бұ жолы Әбілқайырдың көздеген ескі қонысы — Сығанақ болды…

Әбілқайырдың сырты бүтін, іші түтін еді. Бет келбеті де қара күреңденіп кеткен. Жәнібек пен Керейдің және оларға ерген рулардың ішіне қан қатқанына, ашу, араздықтың оңайшылықпен тарқай қоймайтынына анық көзі жеткенімен, олар өзінен бүйтіп ат құйрығын кесісіп, мүлде бөлініп кетер деп ойламаған. Бөлінген күнде де адымы кең болмас, қайта оралар деген. Бүйтіп атадан балаға мирас қалар жаулыққа шыдамас, өйтуге батылдары бармас деп көңілін жұбатқан. Енді міне… Олар біржолата оралмай келмеске кеткен екен…

Жорық кезінде аздап басылған ыза, Сығанаққа келгеннен кейін қайта өршіді. Туын тігісімен Әбілқайыр шыдай алмады.

— Бас әскербасы қайда? — деді Әбілқайыр үй тола отырған батыр, сұлтандарға сүзіле қарап.

Қол қусырып сырттан кірген жасауыл сол еңкейген бетте шегіншектеп шығып кетті. Сыртта бір құлтекінің аузынан екінші құлтекінің аузына көшкен «әскербасы Бахтияр сұлтанды алдияр тақсыр шақырып жатыр» деген дауыс бірте-бірте әлсіреп, әлдеқайда көше қуалай ұзап барып мүлде өшті.

Көп ұзамай-ақ хан сарайына қыран қабақ, нар денелі, апай төс, орта жастан асқан бас әскербасы Бахтияр сұлтан келіп кірді. Жақсылық хабармен шақырылмағанын біліп еді, бірақ әміршісінің қанын ішіне тарта, сұрланып алған түрін көргенде көп сұмдықты басынан кешкен жүрегі зырқ ете түсті. Дегенмен сыр бермеді, ханның оң жағынан кеп орын алды.

— Бахтияр баһадур! — деді Әбілқайыр. — Күн нұрынан жаратылған қасиетті бабам сайыпқыран Шыңғысханды ауызға алмай-ақ қояйын. Бүкіл Дәшті Қыпшақты билеген Жошының тұсында елдің бір бөлігі ханнан безіп, түп көтеріле көшу деген болушы ма еді.

— Жоқ, алдияр, — деді әскербасы.

— Ал, сол Жошының атының тұяғы тиген жерге мен де тегіс билік жүргіздім. Жошы әкесі Шыңғыстың арқасында жетіп еді ғой ол билікке. Дәшті Қыпшақты дүрілдетіп қайтадан ел қатарына қосқанда мен тек күшіме, өз ақылыма ғана сүйенгем…

— Иә, алдияр, қияға тек қыран бүркіт қана жете алады, — деді әккі әскербасы, мұндай сәтте хан иесінің мақтан сүйетінін есіне алып.

— Бірақ қыранға да серік керек, — деді Әбілқайыр. — Жошы бабамыз жанына кімді ертерін білген… — Сол себептен де жеңілмей келген… Ал мен… — хан айтайын деген сөзін бүгіп қалды, — соның арқасы болуы керек, қарамағымдағы елімнің тең жартысынан айрылдым…

Әбілқайыр ашуға булығып, демігіп, сөйлей алмай қалды. Бахтияр сұлтанда да үн жоқ, орданың ішінде шыбынның ызыңы естілердей ауыр тыныштық орнады. Ақыры үнсіздікті Әбілқайырдың өзі бұзды.

— Ханның әмірінен бас тартып, Моғолстанға қашқан қарашылардың жазасы қандай болмақ?

— Өлім… — деді Бахтияр даусын қатты шығаруға қорыққандай күбір етіп.

Сол-ақ екен. Ордада тұрған жұрт бірауыздан ду ете түсті.

— Өлім, алдияр.

— Өлімнен басқа кесім болмауға тиіс.

— Өлім.

Айтарын айтып қалғанмен, бәрі де өз сөздерінен өздері қорыққандай жамырай барып қалт тынды.

— Үкімдеріңе разымын, игі жақсылар — деді Әбілқайыр зорлана жымиып. — Оны орындау өздеріңе жүктеледі. Қолда бар әскер түгел ертең таңнан қалмай осы Орданың түбінен табылсын. Жаудың қорғанын қырып, қалғанын құлақ кесті құл етіп өз деңгейіме бас ұрғызбасам, Әбілқайыр атым құрысын!

Қанша ашуланса да, дауыс көтермейтін Әбілқайырдың мұншама ерен сөйлеуінің себебі ызадан екенін жұрт бірден ұқты. Қарсыласып ешкім тіл қатпады.

Бұйрықты беру оңай да, оның орындалуы қиын. Мұны Әбілқайыр жақсы білетін. Әсіресе бұ жолы. Сөйтсе де тәуекел деп ойлаған. Егер қарауында қалған елдің бас көтерер, қару ұстар ер-азаматтары түбімен қопарыла аттанса, әлі орналасып болмаған Керей мен Жәнібек көшін талқан етіп шауып, ел-жұртын шулатып, алдына сап малша айдап қайту оған мүмкін-ақ көрінген.

Бектер мен батырлар, «игі жақсылар» Ордадан шығысымен-ақ әрқайсысы өз қарауындағы руларына шапқан. Елдің елеңдеп отырған уағы, бір күннің ішінде әскер жиып алу әбден мүмкін іс еді. Басқаны былай қойғанда, хан Ордасының төңірегінде отырған, Әбілқайырға әбден берілген, сенімді деген сарбаздың өзі қаншама.

Бас әскербасы Бахтияр хабаршы, шапқыншыларды аттандырып болысымен, осы өз қарауындағы сарбаздарды жорыққа қамдауға кіріспек болды.

— Үргеніштен қайтқалы жамбастарың сарғайып аз жатқан жоқсыңдар, — деді ол Ордаға өңшең «жақсылардың» тегіннен-тегін жиналмағанын аңдап, әлдебір сұмдықты күтіп топ-топ боп, үдірейісіп тұрған сарбаздарға келген бойда. — Қылыштарың да қынабында жатып қалып, тот басуға айналған шығар. Құдай тілеулеріңді берді. Олжаға да қарық боларсыңдар.

— Уә, пәлі! — деді бір жас сарбаз ыржалақтап. Қынабынан қылышын суыра түсіп, жөткірініп қойды. Әйткенмен, қалған жұрт бұл құсап алақайлап кеткен жоқ. Сөздің артын тосып тұр.

— Бұл жолғы жау — басы шоқты қалмақ та, жылмағай жүзді шүршіт те емес. Алынуы оңай жау. Ел болып басын қоса алмай жатқан әлгі Керей мен Жәнібектің қашқындары. Ал қашқан жауға қатын ер…

— Ой-дой!

әскербасы көп ішінен күңк ете түскен дауысты құлағы шалып қалса да, құр доңайбат жасаумен болды.

— Қашқан жауға қатын ер, — деді ол сөзін қайталап, жан-жағына көз тастап. Кәне, батыр болсаң шығып көрші дегендей, әскеріне түксие қарап біраз тұрды. Бірақ бұл жолы тірі жан қыбыр етпеген соң, сөзін қайта жалғастырды. — Ал сендер сайыпқыран ерлер емессіңдер ме?! Тентек Жәнібек пен ақылынан адаса бастаған Керейді ат құйрығына байлап, ал оларға еріп, ханымыздың қасиетті Ордасынан безген жалаңаяқтарды қойдай маңыратып, қозыдай шулатып айдап келу — сендер үшін түк емес.

— Сайыпқырандық қолдан келсе! — Бұл — мана алғаш үн шығарған кісі еді. Жасы отыз бес-қырықтардағы көк көз сары жігіт Орысбай болатын. — Шаруадан босай алсам жақсы ғой…

— Менде сылтауратар ешқандай шаруа жоқ, бірақ… бұл сапарға қинамасаңыз… — Бұл сөзді айтқан бетінде қылыш таңбасы бар, елулер шамасындағы кәрі жауынгер Қоқыш деген еді. Бар өмірін Әбілқайыр есігінде өткізген кедей төлеңгіт…

Сол-ақ екен, күңкіл-сүңкіл көбейіп кетті.

Шаруа жайы қиын ғой, жорықтан қажып қайттық…

— Мал бар, бала-шаға бар…

— Уақыттың өзінің тар боп тұрғанын көрмеймісіз…

— Тоқтат, өңшең шуылдақ! әскербасы ақырып жіберді. — Бұрын соғыс көрмеп пе едіңдер? Жорық көрмеп пе едіңдер? Сонда үйде шаруам қалды, қатыным қалды деп қайсың айтушы едің?! әлде ел шетінде шұбырып көшіп жүрген аз ғана тобырдан қорқамысыңдар? Атаға тартпай туған өңшең су жүрек!

— Тақсыр, — деді Орысбай иығын қомданып, алға шығыңқырап. — әрине, біліп, сезіп отырсыз, шаруа дегеніміз тілге тиек қана. Шынымды айтсам, мен жазықсыздан-жазықсыз өз бауырларыма қарсы қылыш көтеріп, адам алдында бір, құдай алдында екі күнәкар болғым келмейді. Онсыз да төгілген қан аз емес. Дәрежең кем демесең, мен де ата мен анадан туған ұлмын. Ешкімнің де басыбайлы құлы емеспін. Өз еркім өзімде. Бұл жорыққа бара алмаймын.

— Қинамаңыз, мырза.

— Тақсыр-ау, ел бетіне қалай қараймыз…

— Хан мен сұлтандар жанжалдасты деп екі ортада шаруа неге қырылуы керек…

— Өзара жауласудың қанша қажеті бар…

Жұрт дабырласып, дүрлігісіп кетті.

— әй, Қоқыш, әй, Такежан, әй, Күйгенбай, — деді әскербасы қарашы халықтың мына райын аңдаған соң, Әбілқайырдың басыбайлы төлеңгіттерінің атын арнайы атап. — Хан иемнің бауырында өскен күшік емеc пе едіңдер, дәмін ақтамай, құдайды ұмытқандарың қалай?!

Топ ішінен біреудің кеңкілдеп күлген даусы естілді. Бірақ төлеңгіттердің көбі не айтарын білмей тосылып қалған еді, көп атынан Қоқыш сөз алды.

— Дәм ақтайтындай, ешкімнің хақысын жеген жан емен, — деді ол әскербасыға тура қарауға қаймыққандай, көзімен жер шұқып. — Бірақ хан бұйырса қай жорыққа болмасын барам. Әйткенмен, тақсыр, сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды деуші еді, құр қара көбейтсін демесеңіз, қан төгуге ар-ожданым шыдамас.

— Өңшең ез! Сендер жау түсірмек түгіл, өздерің олжаға кетерсіңдер! — деді күйіп кеткен әскербасы булыға.

Бұдан әрі күш көрсетуге Бахтияр сұлтан бара алмады. Әскер дені көшкен елмен тілектес екенін сезгендіктен не айтарын білмей тұрып қалды.

Кешке қарай әр тараптан хабаршылар да жете бастады. Елегізіп отырған ел хан жарлығын қуанышпен қарсы алмапты. Тіпті, кейбір рулар хан ием біздің Жәнібекке ермей, өз қарауында қалғанымызға неге шүкіршілік айтпайды десіпті. Ал енді бірталайы игілікті іс үшін хан өлімге жұмсаса да барар едік, бірақ бұ жолғысы қиянат, өз бауырларымызбен соғысуға аталарымыздың аруағынан қорқамыз деген көрінеді. Жарлыққа мойын ұсынғандар аз еді. Осының нәтижесінде Әбілқайыр жасағы ханның өз ойлағанынан екі-үш есе кем боп шықты. Бұл жиналған жұрттың өзінің қаншалық сенімді екені күмәнды.

Ақыры хан, үстіне жан адамды кіргізбей, көз шырымын алмай, дәм татпай ақ орданың ішінде бір күн, бір түн бойы ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген де қойған. Әбілқайыр бұ жолы, шынтуайтқа келгенде ел тағдырын хан мен сұлтандар емес, халықтың өзі шешетінін ұқты. Қазір Дәшті Қыпшақтың қалың бұқарасы өзінен опа шегіп, қазақтың жеке хандығын құрамыз деген рулар жағына мүлдем шығып кеткеніне шек келтірмеді. Енді ол Жәнібек пен Керейлерді хандық құрмай тұрғанында басып алу үшін жорыққа аттану жайлы ойынан бас тартты. Өйтпеске шарасы да жоқ-ты. Жаралы арыстан сияқты ызалы хан іші қазандай қайнағанмен күресуге дәрмені жоқ, істің ақырын күтіп, аңысын аңдуға көшті.


Екінші бӨлім



І



Ұлы Шыңғысханның екінші баласы Жағатайдың бесінші буыны Мұхамед ханның шөбересі, атақты Уайс ханнан туған, Моғолстанның қазіргі ханы Исан-Бұғы бүгін өте қапалы еді.

Жайшылықта бір қарағаннан көңілін көтеріп жіберетін Алмалықтың жасыл төккен бау-бақшасы да, Алатаудың бұлт қонған қаһарлы биіктері де, көшеде қыз күлкісіндей үнемі сыңғырлап ағып жатқан арықтардың күміс сылдыры да, бүгін жүдеу жанын жұбата алмаған.

Ол кездегі мол сулы Алтын Емел өзенінен Жалайыр жігіттері жаз бойы құм жуып, ханға тарту етіп алып келген жарты қапшық ұсақ алтын да, тіпті бұның көңілін ашпаған. Жігіттердің ықыласын аяқсыз тастағысы келмей, бесеуіне бірдей сол Алтын Емел бойынан әрқайсысына бір тепе[34] басыбайлы жер берілсін деп бұйрық алған да өз қолымен иықтарына зерлі шапан жауып, қайтадан төргі бөлмесіне кіріп кеткен. Әрқайсысы бір тепе алтын жуатын жерге ие болып, кенет байып қалған жігіттердің қуанышты кетіп бара жатқанын терезеден көріп, сәл езу тартып, күлген. Бірақ кенет қайтадан қабағы түйіле қалған. Кешегі естіген хабары қайтадан қойнына біреу суық жылан салып жібергендей бойын тітіркенте түскен.

Хан кеңесі жиылғанша жанын қоярға жер таппаған. Сосын екі жүз елу жыл бұрын Жағатай бабасы мекен еткен, бір кезде Үйсін, Жалайыр, Ұйғыр диқандары салған, бірақ қазір құлап біткен көне Алмалықтың ескі жұртына барған. Бұл ескі жұрт Исан-Бұғыға қымбат дүние еді. Осы ескі жұртта ол алғашқы рет махаббаттың не екенін білді, осы ескі жұртта ол әкесі Уайс ханның қалай қан төккенін көрді.

әкесі Уайс сұлтанның алғашқы жігіт кезінде бұлардың ұлысы Жейхун дариясының оң жағында болатын. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы — Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан. Ал Жейхунның оң жағы — сұрғыл төбелі, тек жусан мен баялыш қана өсетін, түйіршік тасты ұшы-қиыры жоқ дала, Қарақалпақ тұсы — Сұлтан Уайстың ұлысы еді. Көк Орда мен осы Жағатай ұрпағының меншікті жерін екіге бөліп, екпіні Сейхуннан екі есе күшті, сұрғылт толқынын үйірілте бұлқынған, адамның бір қарағаннан қарадай зәресі ұшатын, мол сулы Жейхун ағатын. Осы Жейхун дарияның күнбатыс жағасында биіктігі қырық, қалыңдығы он құлаштай сұрғылт топырақты шымнан құйған бекініс бар. Бекіністің ішінде сұрғылт кірпіштен қалаған бірнеше кең сарайлар салынған. Міне, осы бекініс, соңынан Сұлтан-Уайс-Даг деп аталған жер, Уайс сұлтанның атамекен қонысы болатын.

Исан-Бұғының балалық шағы осы жерде өтті. Әкесі ұзақ жыл Моғолстан әскерін басқарып, басынан сан жорықты өткізіп ақырында өзінің қастарын жеңіп, ақ кигізге көтеріліп хан болған. Содан кейін барып Исан-Бұғы Моғолстанның астанасы, бау-бақшалы Алмалық шаһарын көрді. Жейхунның жағасындағы жан-жағын биік бекініспен қоршаған, айдалада жападан-жалғыз тұрған сұлтан Ордасында өскен жас балаға, бұл шаһар бір керемет салтанатты боп елестеді. Қаланың жасыл бағында сыңсыған алма, өрік, жүзім, алмұрт… Көшесіне шықса, диқан аспаптарын, жауынгер қару-жарағын, қыз-келіншектер алқа-жүзік, білезіктерін соғып жатқан шеберлердің көк құрыш төсті құлаштай кеп ұрған балғаларының шаңқылынан құлақ тұнады. Алғашқы рет ол осы қалада намаз оқуға көк күмбезді мешітке кірді. Осы қалада ол алғашқы рет кәпірлер шоқынатын насрани дініндегі келімсектер салған шіркеуді көрді. Сол бір ғажайып балалық шағындағы көріністер әлі күнге дейін көз алдынан кетпейтін. Әкесі Уайс хан өте діншіл еді. Бір күні ол таңғы намазын оқып болды да әлі шырт ұйқыда жатқан ер жете бастаған балалары — Жұныс пен Исан-Бұғыны оятты. Өзімен бірге ертіп жүрді. Соңдарында нөкерлері. Көп кешікпей бұлар көне Алмалыққа келді. Тісі түсіп опырайған кәрі адамның аузы тәрізді, келісімсіз кілең құлап жатқан шым үйлер, зәулім үлкен кірпіш қоралар… Осы жан шошырлық күйреген қаланың ортасында тек басында сары жезден крес орнатқан жасыл күмбезді мәнерлеп салған ағаш үй көрінеді. Үйдің жанында бау-бақша. Бақша толы кілең ишан, қожа, ақ сәлделі, көк сәлделі молда, мәзін, кәри, мүриттер. Хан келісімен ортада тұрған мінбеге ақ сәлделі молда шықты. Таңертеңгі салқыннан әбден мұздап қалған екі бала енді әлгі мінбенің жанындағы дарды көрді. Дар қасында екі қолы артына байланған, шашы өсіп кеткен, ақ сақалы бүкіл кеудесін жапқан, үстінде тізесіне түсетін ақ кенеп көйлегі бар келісті біреу тұр. Сырт пішіні, түр келбеті мұсылманға ұқсамайды. Ат жақты, көк көзді, ақ сары адам.

Мінбеге шыққан әлгі молда екі қолын жоғары көтеріп, Уайс ханға қарап:

— Ісләм дінінің қорғаны, ұлы мәртебелі Уайс хан сіздің мүбәрәк қолыңыз қойылып, алтын мөріңіз басылған әділетті жарлығыңызды орындауға рұқсат етіңіз! — деген.

Хан басын изеген:

— Рұқсат!..

Қызыл шырайлы молда енді қолы байлаулы кісіге қараған:

— Мұхаммед пайғамбардың үмбеті, ұлы Моғолстанның ұл-қызын өз дініне өткізіп, дозаққа түсірмек әрекетімен шіркеу ұстап, күнәкар болғаның үшін Сүлеймен пайғамбардай әділетті, Ғазірет Ғалидай айбарлы, ұлы мәртебелі Уайс хан, аллатағаланың кәпір пендесі Дәниел, сені дарға асып өлтіру жазасына бұйырды. Ажал алдында қандай өтінішің бар?

Ұзын сақалды, дудар шашты адам басын шайқаған.

— Діні басқа пұсырмандардан еш өтінішім жоқ. Дінім үшін құрбан болуға бармын! Тезірек дарларыңа тарта беріңдер!

Молда ханға қараған. Хан басын тағы изеген. Қолы байлаулы адамның жанындағы екі жендетке молда:

— Аллатағаланың жазмышы осылай. Құдайдың шоқынды құлы Дәниелді дарға асыңдар! — деген.

Екі жендет қолы байлаулы адамның мойнына қыл арқанды ілмешектеп түйіп, екінші ұшын өздеріне қарай тарта бастаған. Сақалды адам серейе, жоғары көтеріле берген. Тек дары белағашының тұсына таяғанда ғана бір рет жұлқына түсіп, екі қолын салбырата, басын бір жағына қисайтып тына қалған. Екі жендет арқанның қолдағы басын жердегі қазыққа апарып байлаған.

әлгі молда қайтадан Уайс ханға қараған:

— Ұлы мәртебелі тақсыр хан ғибаратты жерімізде тоқсан жыл бойы әзәзілдің ошағы боп келген мына шіркеудің күл-талқанын шығаруға рұқсат етіңіз! — деді.

Хан тағы да басын изеп, «рұқсат» деген ишарат көрсеткен.

Білектерін сыбанған қожа, молда, мәзін, кәри, мүриттер «тфа, тфа, пәлекет!» деп қыл арқанды шіркеудің биік басындағы кресіне байлап, бәрі жабыла тартып жерге жұлып түсірген. Содан кейін үлкендігі тай қазандай мыс қоңырауын жерге құлатқан. Екі бие сауымдай уақытқа жеткізбей, бір шеге шашпай, Алатаудың аршасынан қиыстырып, жонып салған шағын, салтанатты шіркеуді күл-талқан еткен. Сүниет дінін берік ұстаған, Арабстаннан, Ираннан келген қожа, муфти, ишандардың кеу-кеуімен, кілең қызба әфенді, мүрит, шейхтер шіркеуді біржолата жермен-жексен етіп жоқ қылған.

Исан-Бұғыға бұның бәрі ойыншық боп көрінген. Тек бертін келе, өзі хан тағының ісіне араласа бастағанда ғана Византия епископы Джавани Мариньолли, Флоренциядан Жетісу мен Гоби құмы арқылы Ханбалыққа[35] бара жатып, бұл шіркеуді Алмалықта 1340 жылы салдырғанын білген. Уайс ханнан бұрын- ғы Алмалықтың хандары мен хакімдері, бұзыла бастаған шаһардағы ешкімге керегі жоқ шіркеудің бар-жоғына көңіл бөлмеген. Рим папасының мұсылман жеріне жіберген тыңшы-діни адамдары шіркеудің мұндай жағдайын астыртын пайдаланып жүрген. Талай мұсылмандарды насрани дініне кіргізіп алған. Тек өте діншіл Уайс хан ғана Жағатай тағына отырғаннан кейін, бұл шіркеуді мұсылман дініндегі адамдарды ақ жолынан адастырмасын деп біржолата құртуға жарлық берген.

Исан-Бұғы бұл күнгі көрген көрінісінен жас жанын деміктіріп күйзелмеген. Қарт адам Дәниелдің ажалы да, жасыл күмбезді әдемі шіркеудің қирауы да көңілінде бәлендей із тастамаған. Бірақ бұл жалғанда ұмытпас әсерді оған бас- қа жағдай қалдырған. Ер жетіп келе жатқан хан балалары, қираған шіркеу тұрған жердегі тамаша бау-бақшаға келіп, сан түрлі ойынға берілетін. Бір күні осындай жағдайда Исан-Бұғы жасыл емен түбіне сүйегі жерленген Дәниелдің төмпешік зиратының басында булыға жылап отырған қыз баланы көрді. Үстіне қара киген, қолында бір шоқ гүлі бар, шамасы он екі-он үш жасар. «Бұл не қылған қыз? Қайдан келді?» Исан-Бұғы таяй түсті. Дәл осы кезде қыз бала да орнынан түрегелді. Исан-Бұғы беліндегі қанжарын шап беріп, ұстай алды. «Жоқ, бұл адам емес, перінің қызы! Мұндай адам баласы жаратылуы мүмкін емес!» Расында да қыз хан баласының жайшылықта көріп жүрген қыздарына тіпті ұқсамайтын еді. Үлкен көгілдір көзі тұнып жатқан Көкше теңіз суындай көкпеңбек, ақсары жүзді, қыр мұрын, сұңғақ бойлы. Исан-Бұғыны таң қалдырған әсіресе шашы болды. Ол мұндай шашты жаратылғалы көрген емес. Жерге шұбатылып жатқан қос бұрымы, нағыз бір төбесінен етегіне дейін толқындала төгілген қызыл алтын тәрізді… Жоқ, Исан-Бұғы мұндай қызғылт шашты еш уақытта да көрген жоқ. Мұндай шаш адамзатқа бітуі мүмкін емес. Мұндай шаш тек су перілерінде болады деп еститін. «Өзі де су перісіндей сұлу екен. Сірә, мені, сиқырлап алуға су астынан шыққан ғой». Пісмилла! Пісмилла! Мен бұнымен тіл қатысуға тиісті емеспін. Егер тілдессем біткенім… Жоқ, жоқ егер маған таяйтын болса, қанжарымды жіберуім керек… Бұл су перісінің қызын өзіме жуытпауым керек… Астапыралла, астапыралла!..»

Бірақ қыздың өзі де таямады. Ол Исан-Бұғының бетіне азапты пішінмен жасқана қарады. Көзі күздің бұлыңғыр күніндей тұманды жасқа толы.

— Ғапу етіңіз, хан оғлы, жолыңыздан кездесіп қалғаныма! — деді ол басын иіп, — бұл ара сіздің ойнайтын жеріңіз емес еді…

«Бәсе айттым ғой, бұл перінің қызы деп, әйтпесе менің хан баласы екенімді қайдан біледі? Пісмилла! Пісмилла!..» әйтсе де қызға жауап бермеу мүмкін емес еді. Егер адам айдалада келе жатып, жол үстінде жайнап жатқан гауһар тасты көрсе бір бұрылмай кете алар ма, қыз да осы ғажайып гауһар тастың дәл өзі болатын. Исан-Бұғы оған тіл қатпай қала алмады.

— Таяма! — деді ол даусы дірілдеп. — Өзің кімсің? Адамсың ба? Жынсың ба?

Қыз Исан-Бұғының шошып қалғанын енді сезді. Ол мұңая езу тартты.

— Қорықпа, адаммын, — деді ол. Сөйдеді де ананың қанжарынан қолын алмай тұрғанын аңғарып, тағы да мұңая езу тартты. — әкең әкемді өлтіріп еді, енді сен мені өлтірмексің бе? Жазығым не? — Қыз ақырын күрсінді. — Бұл күні жазыққа қарайтын заман ба? Мейлі өлтіргің келсе, өлтіре бер…

«Бәсе, былтырғы дарға асылған кәпір де осы қыз секілді көк көз, ақсары еді ғой. Көп болса қызы шығар… Бірақ әлі сенбей тұрған Исан-Бұғы:

— Расымен адамсың ба? — деді әлі де қанжарынан қолын алмай. — Онда «оллаги, биллаги, Мұхаммедтің үмбетімін, жалған айтсам құдайтағала кәрі соқ- сын» деші.

Қыз сәл жымиды.

— Рас айтам, адам баласымын. Егер өтірік айтсам құдайтағала кәрі соқсын. Ал Мұхаммед пайғамбардың үмбетімін дей алмаймын, мен насрани дінінің үмбетімін.

— Ол не? Кәпірсің бе?

— Сендерше кәпір… Біздерше ең әділетті діннің құлымыз…

«Жын-пері болмағаныңа мың да бір шүкір. Ал кәпірлігіңді тастап, мұсылман дініне ауысуың тақа қиын болмас… Оны соңынан көрерміз…»

Исан-Бұғы қыз сөзіне сенді. Сенбеске амалы жоқ еді. Өйткені қыздың кәпірлік күнәсын сұлулығы жеңіп кеткен. Оның жын-пері еместігін біліп қуанған бала жігіт дәл қазір өзін осы кәпір қызы үшін дозақ отына күюге дайын тәрізді сезінді. Исан-Бұғы тек бар болғаны пісмилла, пісмилла деп қызға таяй берді…

Қыз шынында да былтырғы дарға асылған шалдың қызы болып шықты. Әкесі өлген кезде Мұхаммед пайғамбардың дінін тастап, Иса пайғамбардың дініне көшкен бір ұйғыр диқаны бұны үйіне жасырып тірі алып қалыпты. Қазір сол ұйғыр үйінде тұрады екен. Флоренцияға баратын керуенді күтіп жүрген көрінеді. Әкесінің зиратына гүл қоюға келгенінде Исан-Бұғыға кездесіп қалыпты.

Екі жас бірін-бірі, шу деп кездескенінен ұнатты. Балалық мөлдір сезім бірте-бірте лаулаған жалындай, жүректерін балқытқан алғашқы махаббатқа айналды. Бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтындай күйге жетті. Бірақ кішкентайынан күндес өскен туған ағасы Жұныс, інісінің ойынды тастап, тез өзгерген мінезінен сезіктеніп, аңдып жүріп бұлардың құпиясын ашты. Ашып та қоймады, әкесіне барып: «Балаң кәпірдің қызын алайын деп жүр» деп шағыстырды. Өзі өлсе тағына Қыпшақ әйелінен туған үлкен баласы Жұныстан гөрі, шешесі Моғол хандарының қызы, Исан-Бұғының отыратынын тілейтін Уайс хан шошып кетті. «Егер Исан-Бұғы кәпірден қатын алар болса, түбі насрани дініне бір бүйірінің тартпасын кім біледі? Мұсылман дініндегі адамдарға да қиянат етуі мүмкін ғой. Жағатай[36] тағының құруы да осындайдан басталуы ықтимал. Әйел жүрген жерде — қашан да болса қауіп жүреді. Шыңғыс бабамыздың төртінші ұлы Төленің үш баласы бірдей — Қытайды басқарған Құбылай, Иран мен Египетті алған Құлағу, ақырында Қарақұрымдағы үлкен Орданың ханы Мөңке — Арғын руынан әйел алғанынан не шықты? Көп істерді жасырын осы әйелдері басқарды. Құбылай Арғын қызы Жауһар ханымның айтқанын екі етпеді, тіпті Қытай мемлекетінің көп істеріне де Арғындар қатынасты. Құлағу Арғын әйелінің айт- қанын орындап, қарамағындағы бүкіл Қара теңіз маңындағы елге бас басқақ етіп Арғұн батырды отырғызды. Ал сол Арғұн басқақ бір кездегі Жағатай ұлысына Жетісу арқылы жүргізілген Батыс пен Шығыстың ұлы жолын өзінше бұрмақ болды. Қара теңіз бен Азов теңізінің жағасындағы қалалардың Күншығысқа баратын сауда керуендерін ол енді Дәшті Қыпшақ жерін қақ жарып, Арал теңіз даласы арқылы өткізуге кірісті. Жолдың бұлай өзгеруі Шығыс пен Батыстың керуен сарайы боп тұрған Алмалыққа қанша зиян келтірді. Ал, Мөңке хан өзі Қарақұрымда отырса да, қытай мен ұйғыр қызына үйленді. Ақылгөйлерінің көбін қытай, ұйғырлардан алды. Осының бәрі ұлы Шыңғысхан ұрпақтарының өз тілін, өз хандығын жоғалтуға аз себеп болған жоқ. Жоқ, жоқ ақымақ балаңның сүйері — өз тілегіндегі қатын болмаса, оның зияны аз тимейді. Сондықтан да Исан-Бұғы жақсы көрген насрани қызы тірі қалуға тиісті емес. Ол өлуі керек».

Хан уәдесінде тұрған. Жазығы жоқ, уылжыған жас сұлуды Орданың екі нөкері Исан-Бұғының көз алдында бауыздаған. Бұл оқиға Исан-Бұғының жүрегіне бітпес жара салған. Ол өзінің сүйген адамының көз алдында қалай ажал тапқанын көргеннен кейін, жас жаны енді аяушылықты мүлдем ұмытып, тірі пендеге рақымсыз, тасбауыр болып алған. Соңынан алғашқы махаббатының өшін талай қас-жауынан қайтарған. Осы өштің ең алғашқы құрбаны әкесі бір, шешесі басқа, өзінің ағасы Жұныс еді. Исан-Бұғы әлгі оқиғадан жеті жыл кейін әкесі Уайстың орнына Моғолстан тағына отырған күні, ағасы Жұнысты ұстауға әмір берді. Ондағы ойы тек «түбі осы менімен хандыққа таласады» деген қауіп қана емес, баяғы кәпір қыздан айыртқан өшін алуы да еді. «Таста тамыр, ханда бауыр жоқ» деген міне, осылай келетін. Бірақ Жұныс қолға түспей қашып кетеді.

Исан-Бұғы өзі хан болғаннан кейін, осы кәпір қыздың өлген жеріне құлпытас орнатқызып, ескерткіш қойдырған. Әлдеқалай қайғырса, не жол таба алмай қиналса, хан үнемі осы араға келетін. Сүйген адамының сол күнгі көз алдында бауыздалған суретін елестетіп, сөйтіп босай бастаған көңілін қайтадан қатуландыратын. Хан жолының мейрімсіз жол екенін есіне түсіріп, толқуын тоқтататын.

Соңғы кезде Моғолстан шекараларының тыныштығы тым бұзыла бастаған-ды. Осыдан бір апта бұрын жеткен хабарға қарағанда, Қашқар, Құлжа қалаларына Қытайдың көп әскері шабуыл жасамақ тәрізді. Үйсін Арқалық батырдың жіберген шапқыншысының жеткізуі бойынша, шабуылға шықпақ Қытай әскері тым көп көрінеді. Егер хан тағынан жәрдем келмесе, Қашқар, Қырғыз сыпайлары ұзақ ұрысқа төтеп бере алмайды депті жиені, Қашқар ханы Сетәлі. Сондай-ақ Қара Ертіс бойындағы Найман, Керейлерден де арғы жақтарындағы ойраттар қазақ жеріне аттанбақ болып жатыр деген хабар жеткен. Ойраттар жеңіл жау емес, оның үстіне қолтығына су бүркіп, оларды құтыртып отырған тағы да сол Қытай богдахандары. Қытай Қытай болғалы, осыдан мың жарым жыл бұрын өткен Қошан патшалығы кезінде де Орта Азияға, қала берді осы күнгі Моғолстан жеріне көз тігумен келген. Бірақ осы күнгі Орта Азия, Ауғанстан, Күншығыс Дәшті Қыпшақ және Иранның шығыс жағын жайлаған Жүзші, Үйсін, Сақ, Қыпшақ, Басмалы, Ұйғыр тәрізді көшпелі елдердің бірігуінен, соңынан Үнді, Ауған, Иран халықтарының бас қосуынан туған ұлы қауым қытайдың ықпалына түспек түгіл, өз ықпалын жүргізген. Будда діні осы жердегі Қошан патшалығынан Қытай, Жапон, Кореяға тараған. Бірақ құмырсқадай қаптап өскен Қытай халқы сол кездің өзінде-ақ өз жеріне сыймай бара жатқан соң, богдахандары көне Қытай қабырғасынан шығып, әлсін-әлсін жан-жақтағы елге ауыз сала берген. Әсіресе, олардың көздегені Көкше теңізге дейін осы күнгі Жетісу болған. Жерін қорғаған Үйсін, Дулат, Жалайыр, Басмалы,[37] Ұйғыр жұрты мен Қытай богдахандары арасында сан түрлі ұрыс, қан төгіс айқастар өткен Қара Ертіс, Құлжа, Қашқар бойларында Қытай әскері талай жеңілген… Демек, бұдан олар сабақ алмаған, қарапайым халқының өлімін шыбын өлімі құрлы көрмейтін Қытай богдахандары кей кезде өз шекарасынан өтіп, Көкше теңізге дейін жеткен. Бірақ айбынды, Сақ, Қыпшақ атты әскерлері оларды өздерінің «Қытай қабырғасына» қайта қуып тыққан. Соған қарамай міне, тағы Моғолстан жеріне шабуыл жасамақ. Әрине Қытай шабуылы үйреншікті ауру. Ол басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес тұтып, қоқан-лоқы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы бармайды. Жоңғар қақпасына келіп, шүлдірлеп азан-қазан болып жатқандарында, бер жағынан біз де жетеміз… Кілең атты қазақ, сойылға қарсы келе алмайтын өңшең жаяу қытай әскерін қайтадан өз жеріне қуып тығады. Бұл оларға да, бізге де үйреншікті әдет. Сондықтан да бәлен ғасырдан бері Қытай богдахандары біздің жерімізге ең болмаса бір қаласын тұрғыза алмай келе жатқан жоқ па? әрине бұның бәрі күші жетпегендіктен. Әйтпесе қазақты аяйын деп отырған Қытай богдахандары жоқ. Қасқырға бата алмаған бұралқы, үреген, сабалақ майлыаяқтар тәрізді, құр байбаламымен қорқытпақ. «Құлжа, Қашқарға аттанамыз деп күні бұрын дабыл қағып мазаны алмақ…»

Загрузка...