— Сосын?! — Бұ жолы Сыбан Раптанның даусы темір тор ішінде тұрып ызаланған жолбарыстың гүріліндей тым қатты шықты.
— Сосын… Сосын Шәңгерек ноян мен барлауға кеткенде, күзеттегі Меркіт жігіттеріне бұйрық беріп, қыздың қол-аяғындағы кісенін алдырып босатып жібереді… Шәңгерек ноянға қыз: «Егер тірі кездессек, бұл жақсылығыңды өтеймін» деп рақметін айтып, атына мініп, Әбілқайыр ханның әскеріне қарай бір-ақ тартыпты.
— Демек, Әбілқайыр хан біздің келе жатқанымызды біледі екен ғой?
— әрине.
— Қап! Сосын?!
— Сосын… мен Шәңгерек нояннан қызды неге босаттың деп сұрадым.
«Қызды мен босатпағанымда, сен оны бәрібір өлтіретін едің ғой» — деді ол. Мен: «Өлтірсем ше?», — дедім. Ол «Одан өзімнің өлгенімді артық көрдім», — деді. Мен: «Қызды өлтірмей-ақ өзімнің аға-інілерімнің біріне беретін едім ғой», — дедім. Ол: «Онда мен сені де, өзімді де өлтіретін едім», — деді. Сонда ғана барып мен Шәңгерек ноянның ол қызға шын ғашық болып қалғанын ұқтым. Өзімді-өзім ұстай алмай, оны өлім жазасына бұйырдым…
— Бекер еткенсің… Әкең қонтайшының шешімін күту керек еді…
Бағанадан бері сазара сөйлеп тұрған Хоча:
— әке, менде де жүрек, сезім, намыс бар емес пе? — деп, өкіріп қоя берді.
Тас жүрек Сыбан Раптан қызының Шәңгерек ноянды қаншалықты жақсы көріп келгенін енді ғана түсінді.
— Өзің емес пе едің оған шықпаймын деген? — деді ол кенет сәл босаңсып. — Жә, болды, ондай жігіт сенің бір тамшы жасыңа тұрмайды! Бүкіл жоң- ғар халқының тілегін бір қыздың сұлулығына сататын бала өсірген Дода Жорд- жидың өз обалы өзіне!
Қонтайшы кілт бұрылып, жуан қамыт аяқтарының өкшесі біріне-бірі тиіп, атына қарай жүре берді. Тек қаңтарып қойған ер басынан тізгінін алып, аяғын үзеңгіге сала беріп, баласы Қалден Церенге:
— Хоча қазақ қызын өлтіріңдер дегенде, өлтіртпей тірі алып қалған Меркіт жігіттері бірі қалмай осы арада ажал тапсын! — деді.
— Құп!
— Қонтайшы алпыстан асып кеткеніне қарамай, бұлаң құйрық торы айғырына, үзеңгісіне аяғы тиер-тиместен ырғып мінді де, батысқа қарай желе жортып жүре берді. Хоча мен Ренат соңынан ерді. Бүгінге дейін Жоңғар елінің жеңісі үшін жан қиып келген жетпіс жігітті бір сәт қана көңілшек болғандары үшін өлім жазасына бұйырған Сыбан Раптанның қатыгездігінен жаны түршіксе де, Ренат өзінше тұжырым істеді: «Өзгеге әмірін жүргізем деген адам осындай тас жүрек болуы керек. Бұндай болмаған күнде Шыңғысхан әлемнің тең жартысын басып ала алмас еді» деп ойлады.
Хоча тобына кездесіп, Шәңгерек ноянның өліміне себепкер болған — ерлігімен жұрт көзіне түсе бастаған Бәсентин Малайсарының қарындасы Гәуһар еді. Арғын руының бір тармағы Бәсентин ол кезде Ұлытау төңірегін жайлайтын. Маңайында сауда-саттық ететін үлкен шаһар болмағандықтан, Ұлытау, Арғынаты маңайындағы қалың қазақ ауылдары Түркістан, Ташкент қалаларына кіре тартып, жүн-жұрқасын, тері-терсегін, кейде үйірлеп жылқысын, қотандап қойын айдай кеп, базарларына сатып, дүкендерінен қант-шайын, киім-кешегін, қала берді, ақыреттік бөзіне дейін алып қайтатын. Кей жылдары бұндай қала шыққан керуендер Бұхар, Хиуаға дейін де баратын. Биыл Малайсарының ауылы Түркістан базарына керуен тартқан. Келер жылы Есіл бойындағы бір ауқатты адамның баласына бермек боп отырған Гәуһарды әке-шешесі, құтты жеріне қонар алдында құрбыларымен барып бой жазып қайтсын және өз көңіліне ұнаған жасауын алсын деп, керуенге ілесіп саяхат құрып бара жатқан бір топ қыз-бозбалаларға қосып жіберген.
Керуен Түркістанға жеткеннен кейін екі бөлінген. Бір бөлегі, малдарын құндылау етіп сатқылары келген ауқаттылау жағы Ташкент барып қайтпақ болған. Екінші жартысы олардың қайта оралуын күтіп, Түркістанда қалып қойған. Сол Түркістанда қалған топта Гәуһар да бар еді. Түркістан төңірегіндегі қазақ атаулы шаһарды қорғаймыз деп жатқанда, Бәсентин жігіттері кемеден қашқан егеуқұйрық тышқандай, елге кетіп қалудың ретін таба алмады. Түркістанды қорғаушыларға қосылды. Гәуһар да солармен бірге қалды. Амал жоқ, Елшібек қаланы бергеннен кейін Арқа жігіттерімен бірге Гәуһар да Сырдарияның қалың қамысының арасына тығылды. Дәл осы кезде бұларға Әбілқайыр әскерінің келе жатқаны, оған жақында Арқадан Сәмеке бастаған қалың қол келіп қосылмақ деген хабар жетті. Іле-шала «ұзын құлақ» Сыбан Раптан Әбілқайырға қарсы қырық мың жауынгермен аттанды деген суық сөзді әкелді. Бұған қоса «Әбілқайыр әскері Сыбан Раптанның шыққанын білмейді екен, олар Шиелі бойында Сәмеке әскерінің келуін күтіп жатқанда, Жоңғар қонтайшысы аңдаусызда үстерінен түспек екен» деген тағы да суық сыбыс естілді. Хабарсыз жатқан қазақ әскерінің, жаудың тұтқиыл шабуылынан қатты апатқа ұшырайтынын білген нәзік сезімді, ер жүректі Гәуһар енді шыдай алмады. Әбілқайыр әскеріне хабар бермек боп атқа қонды. Біз ерейік деген серіктерді ертпеді. Нашар киінген жалғыз аттыны ешкім аңғара қоймас деген. Арқа жігіттерінің ең таң- даулы жүйрігін мініп жолға шықты. Сыр бойын қуалай түні бойы шабыстан танбаған Гәуһар, таң қылаң беріп келе жатқанда, Хочалар қос тіккен қоғалы көлдің жанынан өте беріп қолға түскен. Жігіт деп ұстағаны қыз болып шыққанда Хоча таң қалды. Қыз болғанда қандай! Сан айқастан өткен, сонау Қытайдың шекарасындағы Халқадан Түркістанға дейін адамзаттың нелер сымбаттысын кездестірген қалмақ жауынгерлері Гәуһарды көргенде, мөлдір су түбінде жатқан жарқыраған гәуһар тасты көргендей естері шықты. Шәңгерек ноянның бірден Гәуһарды өлімге қимай араша түсуі де осыдан еді.
Гәуһар босанып шығысымен сол күні сәске көтерілмей-ақ Әбілқайыр қолына кеп жетті. Ханға Сыбан Раптанның қырық мың әскері келе жатқанын айтты. Әбілқайыр дабыл қағып, әскерін сапқа тұрғызды. Хан кеңесін шақырды. Тұтқын жігіт Хочаларға Әбілқайырдың отыз мың әскері бар деп білмегендіктен айтқан. Әбілқайырдың бар әскері он бес мыңға да жетпейтін. Мұндай шағын қолмен қырық мың жауынгері бар Сыбан Раптанға қайдан қарсы тұра алады? Бұлардың бар сенгені қалың қазақ жайлаған Арқа қолы болатын. Сол қолға сеніп жорыққа аттанған. Сол қолды күтіп, Шиелі бойына қос тіккен. Енді жау- дың таяп қалғанын естіген және оған төтеп бере алмайтынына көзі жеткен Әбілқайыр бір себептен кейін шегінуді де ойлады. Бірақ Адай мен Таманың батыр жігіттері оған көнбеді. Олар Алшын руының алтын ұшты найзасын жоң- ғар қанына малмай кейін қайтпаймыз деп кесіп айтты. Әбілқайыр, амал жоқ, әскері аз болса да, Сыбан Раптанға қарсы шығуға бел буды. Тек өздерінің аз екенін айтып, «тезірек жетсін» деп, келе жатқан Сәмеке ханның әскерінің алдынан тағы ат шаптырды.
Болат ханның Ордасына Қабанбай батыр жеткенде, хан жазғы жайлау Нұра бойында болатын. Бірақ өзі төсек тартқан ауру екен. Бұл ел суық сөзден бұрын да хабардар боп шықты. Хан Жоңғарға қарсы шығуды інісі Сәмекеге тапсырды. Ол бүкіл Арқа бойындағы Орта жүз руларына кісі жүргізді. «Қазақ жеріне жау шапты, аттан!» деген хабарды естіген қалың ел лезде дүрліге қалды. Қазақ деген атқа ие болып, Еділ мен Ертістің, Алатау мен Есіл, Тобылдың арасын жайлаған елге ежелден соғыс деген сөз жат емес-ті. Ғасырлар бойы бұл елдің соғыссыз өткен бірде-бір жылы жоқ. Соңғы екі жүз жылын Сырдария бойындағы қалалары үшін Әбілқайыр, Мұхамед-Шайбани ордаларымен, Самарқант, Бұқар әмірлерімен айқаста өткізген. Бұнымен қатар он бесінші ғасырдың басынан бастап, күні бүгінге дейін Жоңғар, Қытай хандықтарымен алысып келеді. Әлі алдарында қанша қырғын апат бар! Осының бәріне еті өліп көндіккен халық, бұ жолы да «жер шетіне жау келді!» деген суық сөзді естігенде, елең ете түсті. Бірақ жерінің шалғайлығымен байланысты заматта жинала қоймады. Қырда жатқан жылқыларынан жорыққа мінетін аттарын алдыртып, босағада сүйеулі тұрған сойылдарын тақымдарына басқанша біраз уақыт өтіп кетті. Тек бір ай мөлшерінде отыз мыңға жуық жігіт жиналды. Осы жігіттердің ішінде, бүкіл қазақ еліне аттары мәлім, халқын жоңғар шапқынынан құтқаруға жан салған әйгілі батырлары: Арғынның бір тармағы Қанжығалы руынан шыққан Бөгенбай, Бәсентин руынан шыққан Сырымбет, Малайсары, Тарақты руынан шыққан Байғозы, Шақшақ руынан шыққан Жәнібек, Ұлытау бойындағы Найманның бір тармағы — Бағаналы руынан Оразымбет Имантай келді. Өздері жас болғанмен, кейбіреулері қастарындағы топ жігітке басшы болуға жарағандай. Бұлардың үстіне Баянауыл мен Көкшетау даласындағы Обаған өзенін жайлаған Уақ руларының жігіттерін ертіп, бұрын да Іле бойында жоңғарлармен сан алысқан, Арқаның ардагері Батыр Баянның өзі де бүгін-ертең жетпек. Бұлар келе бастағаннан кейін, сонау Ертіс бойындағы Қаракерейден өзіне серік жігіттерді жимақ болып, Қабанбай батыр еліне қайтты.
әрқайсысы әр тауды мекендеген қазақ руларының әскерлері жиналғанша, жаз ортасы да болып қалды. Жұт жеті ағайынды дегендей, Арқаның жауынды-шашынды мезгілі биыл жылдағысынан ерте түсті. Сәмеке әскерінің тегіс жиналуын күтпей, Батыр Баян үш мың салт атты ығай мен сығай ер жігіттерден құрылған жау жүрек қолмен Сыр бойына беттеді. Бұлар сапарға шығар алдында ғана Сәмекенің сәлемін алып, Кіші жүздің ханы Әбілқайырға шабарман жіберілген. Екі ханның уәдесі бойынша қазақ қолы қарашаның орта шенінен қалмай Шиелі мен Жаңақорған арасындағы Сыр бойында бас қоспақ-ты. Осы арадан ел болып бірігіп, жоңғарға қарсы аттанбақ еді. Жері шалғай Арқа жігіттері дәл бүгін-ертең жинала алмайтындарына көзі жеткен Батыр Баян, Әбілқайырмен кездесетін мезгілдері таяп қалғандықтан, «Арқаның әскерінің алды келе бастады» деп Кіші жүздің көңілін көтере тұру үшін, өзі әдейі бұрынырақ шыққан. Бұл Көкше теңізді жағалай Қаратаудың теріскей тұсына жеткен кезде, Сәмеке де жиырма бес мыңға жуық қолмен Нұрадан қозғалған.
Ақылымен, ерлігімен емес, байлығымен ер арасындағы тартыста өзін жақтайтын шынжыр балақ шұбар төс шонжарлардың демеуімен көзге түскен Сәмеке, Болат хан ауырғалы әбден лепіріп алған. Өткен жылы ғана кенжесі Құдаймендені Бөкей сұлтанның ұрпағына үйлендіріп, Їш жүзді шақырған ұлан-асыр тойдың қызуы басылмай, әлі көкіп жүрген Сәмеке ырғалып-жырғалып қалың қолмен жорыққа аттанғанша, қырдың боранды-шашынды, желі өңменіңнен өтетін қара суық күзі де басталып қалған-ды. Көкше теңізге жетіп, оның күнбатысы мен Сыр бойына қарай беттеген кезінде, бүкіл қазақ жерінің Қарақұм, Қызылқұм, Сарықұмын дәл осы тұсқа әкеліп үйгісі келгендей, адам айтқысыз қара дауыл соқты. Аспанға көтерілген құм, топырақ, қиыршық тас, түбірімен жұлынған баялыш, жыңғыл, қаңбақтан дүние жүзі көрінбей кетті. Үйір-үйірлеп матастыр- ған жылқының кей тобы жел өтіне шыдай алмай ығуға айналды. Тек өмір бойы жылқы бағып өскен Арқа жігіттерінің ерекше ерлік қимылдарының арқа- сында ғана аман қалды. Бұл қара сұрапыл екі күн дегенде әзер басылған. Азыққа деп айдап шыққан қотан-қотан қойдың бәрі тегіс қырылды. Тек түйелерге артқан бидай, тары, құрт, жент, май аман қалды. Қол қайтадан қозғалды. Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады. Сәмеке осы арада ер қажап тастаған аттардың жарасына май жағып, әбден қажыған жігіттерін тынықтырып алу ойымен сәл аялдады. Осы арада сол Сыбан Раптанның әскері Әбілқайыр қолымен Жаңақорған маңайында кездесіп, қатты қырғын соғыс бол- ғанын, Әбілқайыр қолы жеңіліп кейін қайтқанын естіді.
Сыныққа сылтау іздеп келе жатқан Сәмеке енді жалт берді. «Қыс болса келіп қалды. Жоңғар әскері де ұрысын тоқтатады. Арқа жаққа бәрібір беттемейді. Өзіміз барып тиісуіміз — шын ақылсыздық болар. Әбілқайырдың қолын жеңген Сыбан Раптан, біздің жадап-жүдеп әзер жеткен әскеріміздің быт-шытын шығаруы даусыз. Текке құримыз. Одан да «есің барда — еліңді тап» деген, босқа қырылмай тұрғанда елімізге қайтайық. Құдай бұйырса, жоңғармен келесі жазда кездесерміз. Оған дейін қалың қол жинап, әбден мықталайық» деді Сәмеке. Шынжыр балақ, шұбар төс ру басшылары бұл кеңесті мақұлдады. Расында да Сәмеке әскері, осы күйінде Сыбан Раптанға қарсы шығар болса, текке қан-жоса болатыны айдан анық еді. Бір жағынан, Әбілқайыр қолының кейін қайтқаны Арқа жігіттерін рухани әлсіретсе, екінші жағынан, алыс жолдан жадап-жүдеп келген әлсіз жұрт мұздай боп дайындалған, өздерінен екі есе көп Жоңғар әскеріне төтеп бере алмайтыны да хақ. Күреске түсуге дәрменің жетпесе құр жүректілік кімді мұратқа жеткізген. Арқа жауынгерлері Сыбан Раптанмен кездеспей кейін қайтты.
Қырық мың қолмен Сыбан Раптанның келе жатқанын Гәуһардан естіген Әбілқайыр дабыл қақтырып бар әскерін сапқа тұрғызып, «тәуекел!» деп Сыбан Раптанға қарсы жүрген. Бұл жолы Сыбан Раптан емес, оны Әбілқайыр ойламаған жерден шапты. Әскері шұбалаңқы келе жатқан Жоңғар қонтайшысы күтпеген жерден тиген жаудан шүу дегенде сескеніп қап, сәл кейін шегінсе де, қазақ қолының анағұрлым аз екенін көріп, тез-ақ есін жиған. Жоңғар әскерінің соңғы шептері де жетіп, Кіші жүздің жігіттері қанша ерлік көрсетіп қарсыласқанмен де, ерікке қоймай, қазақ әскерін кейін қарай ығыстыра түскен. Енді бұларды жеңуге айналдым ғой деп, ақырғы қимылына кіріскен кезде, кенет «Қабанбай!», «Қабанбай!» деп ұрандасып, қамыс арасынан Қабанбай батыр бастаған Найманның екі сан қолы Жоңғар шебіне дәл өкпе тұсынан тиген. Әуелде Арқаның қалың әскері келіп қалған екен деп абыржыған Сыбан Раптан, бүйірінен тиген жау жаңадан жеткен шағын жасақ екенін түсінісімен, тез-ақ бойын жинап алған.
Жоңғар қолы қайтадан шабуылға шықты. Ұрыс шиеленісе түсті. Күн екіндіге таяп қалған кез. Қазақтың бұдан басқа әскері жоқ екеніне көзі жеткен Сыбан Раптан, өзінің көптігін көріп, әскеріне «бірде-бір қазақ жауынгері құтылушы болмасын, жан-жағынан қоршап алыңдар!» деп бұйрық берді. Жоңғар әскері қонтайшысының бұйрығын орындаған. Ұрысқа қызу кіріскен Әбілқайыр өздерінің қоршауда қалғанын күн батып бара жатқанда бір-ақ білді. Қандай қақпанға түскендерін аңғарған Кіші жүздің жігіттері қашып құтыла алмайтындарын түсінісімен-ақ, өлімге біржолата бел буған. Жастықтарын ала өлмек болды. Қазақ жігіттерінің ерлігі, қайсарлығы бұрынғысынан он есе, жүз есе арта түсті. Жауының оңай берілмейтініне көзі жеткен Жоңғар жауынгерлері де барын салды. Екі жақтан да бірдей батыл қимыл, қан-жоса кескілесу басталды. Бірақ Әбілқайыр қолының жан-жағынан темір қоршау бірте-бірте тарылып, қазақ жігіттерінің шеңберден шыға алмай қырылатыны шындыққа айнала бастады. Сонда да әйгілі Адай, Тама, Найман жігіттерінің қоршауында, маңына жан жуытпай жүрген Әбілқайыр «жеңілдім» деп қол көтермеді. Бұған ызаланған Сыбан Раптан «қазақтың бірде-бір жауынгері тірі қалмасын!» деп тағы жарлық берген. Қанды көрген қасқырдай, қазақты қыруға әбден құнығып алған Жоңғар қонтайшысының бұл бұйрығын орындар ма еді — қайтер еді, кенет солтүстік жақтан «Аруақ!», «Аруақ!», «Ақжол!», «Ақжолдаған!» айбарлы ұран шықты. Бұл кезде күн де батып бара жатқан-ды. Ойламаған жерден айбарлы ұран естілгенде Сыбан Раптан шын сасып қалды. Сәмекенің қолы жеткен екен деп ойлады. Ал бұл жеткен — бар болғаны үш мың жауынгері бар Батыр Баян еді. Ол Іле бойында бұрын да қалмақпен сан айқасқан, сан жеңген, жау жағына бұрыннан белгілі батыр. Ақбоз атын қол алдында көсілдіре салып келе жатқан жігітті көргенде, жоңғарлар «Батыр Баян!» деп шу ете түсті. Жау шебінің бір жағы шетіней бастады. Сол шетінеген тұстан Әбілқайыр әскері қоршаудан босанып шыға берді. Бұл кезде қас қараюға айналған. Заматта қараңғы түсіп кетті. Енді екі жақ та ұрыстарын тоқтатып кейін шегінді. Осылай Батыр Баянның ойда жоқта пайда болуының арқасында бір қырғыннан сау қалған Әбілқайыр әскері, майданда тең жартысын көмусіз тастап әрі шегіне берді. Батыр Баянның әскерін қосқанның өзінде қолының саны бар болғаны он мыңға жетер-жетпес. Мұндай шағын күшпен үш есе көп жоңғарға не істейсің?
Сәмекенің алыста жатқанын білмеген Сыбан Раптан Әбілқайыр қолын қумады. Артымнан Сәмеке әскері түре соғар деп қорықты. Содан, екі әскер екі жаққа қарай шегінді. Көп кешікпей жаңбыры жоқ, қары жоқ, күпілі адамның өкпесінен өтетін, бүкіл Сыр бойының жұртына мәлім күзгі қара суығы да басталады.
Сауран қаласы Отырар, Сығанақпен қатар салынған қазақ елінің көне бекінісі. Бұл қамал жағалай қазылған, ұзындығы жиырма бес, тереңдігі он бес кез, тіп-тік ормен қоршалған. Ордың түбінен қамалдың жоғарғы ернеуіне дейінгі биіктігі елу гяздай 1.[1] Оның үстіне әр әмір, әр дәуірде бұл шаһардың қорғанын өзінше күшейте түскен. Сондықтан да қамалдың ғасырлар бойы келе жатқан қабырғаларын Шыңғыс хан шабуылы кезінде де тас атқыш машиналар бұза алмай қойған деген лақап бар. Аңызға қарағанда, Сауран шаһарына Шыңғыс хан әскері кіре алмаған. Тек қаланы қорғаушылардың бірі қалмай аштан қырылғаннан кейін барып, монғол басқыншылары ие болған.
Түркістанды тастап кеткен Елшібек батыр, түнде қамыс арасында тығылып жатып, күндіз жүріп, үш күн дегенде серіктерімен осы Сауран бекініске әзер жеткен.
Қала хакімі Тұрсынбек жоңғарлардан қорқып әндижанға қашып кетіп, шаһар тұрғындары әбігерде екен. Бұл маңайға әйгілі Елшібек батырдың келгеніне олар қуанып қалды. Бір дауыстан бәрі шаһарды қорғау жұмысын Елшібекке тапсырды. Батыр бірден жауға тойтарыс беру жабдығына кірісті.
Жер бетін әділетсіздік билеген сонау қу заманда, тарих қиянаты әлсін-әлсін қайталана беретін. Осы сұрғылт балшықты ұлы бекініс сол қиянатты әр жүз елу жылдар арасында үзбей көріп отырған. Ол қиянатты Шыңғысхан кезінде де, Ақсақ Темір, Әбілқайыр, Абдолла шабуылдарында да бастарынан өткізген. Міне, бүгін жоңғар басқыншылары да сол қиянатты тағы қайталамақ. Ал қала тұрғындары бірі қалмай қырылғандарынша, шаһарларын жауға бермей қорғап келген. Бүгін де сүйтпек.
Бір кезде осы бекініс үстінде тас мүсін тәрізді күзетте Орақ батыр тұрған. Содан жүз елу жыл кейін, құл мен күңнен туған, жалаң төс батырлар Қияқ пен Тұяққа кезек келген. Қазір қорған үстінде осы қос батырдың ұрпағы, алпамсадай алып денелі, құрыштай берік Науан ұста тұр.
Науан ұстаның бар күн көрісі — көрігі мен балғасы. Арманы — арғы бабасы Орақ пен Қияқ, Тұяқ салған әділеттік пен ерлік жолын адал ұстау. Ал халқы үшін жан қиған ерлер жайындағы ел аңызы оның ана сүтіменен қанына сіңген.
Аңыз? Жоқ, Қияқ пен Тұяқ ерлігі аңыз емес, шындық! Оны ұрпақтан ұрпаққа ертегі етіп ел айтады, сол батырдың қаны тамған сұрғылт топырақты жер айтады. Бастарына қойылған құлпы тас пен ерліктерін өткізген осынау берік қамал — бекініс жыр етеді.
Ата-бабасының ерлігі ұмытпастай боп ұрпақтарының жүректерінде сақталып, мойындарына тұмар болып тағылған.
Күзетте тұрған Науан ұстаның қасына Елшібек батыр мен Бұқар жырау келді.
Мұсылманша хат танитын Бұқар жырау — қазақ тарихы қамтылған көне кітаптарды көп оқыған әйгілі шежіре. Ұлы арманының бірі сол халқының ерлігін үлкен дастан ету еді. Ол қазақ елінің басынан өткен күндерін ғана емес, бүгінгі күресін де, ерлігін де жырламақ. Үш айдан бері Сауранның жауға берілмей тұрғанын естіп, кеше қара түнді жамылып, жау шебінен өткен. Содан бері қаласын жаудан қорғаған, аштыққа да, ажалға да көнген қара бұқара жұртын көріп, мұқалған көңілі бір жасарып қалған. Жыр шумағы бірінен соң бірі келіп, қиялында дастан да туа бастап еді.
— Арсыз ба, Бұқар-еке! — деді Науан ұста қос қолын кеудесіне қойып.
Бұқардың майдан басына келгенінен хабардар жұрт лезде жиналып қалды.
— Барсыңдар ма, өрендерім! — Бұқар сүйсінгендей барлық жұртты көзімен бір шолып өтті де, Науанға бұрылды. — Арғы аталарың Қияқ пен Тұяқ батырлардың ерлігіне қанық едім, өз ерлігіңді көзіммен көргелі, шыбын жанымды шүберекке байлап, әдейі іздеп келдім, арысым…
— Халқыңыздың халі қыл үстінде тұрғанда келгеніңіз — бізге он сан қол қосылғаннан кем болмас! — деді Науан ұста. — Ісіміз оң болар.
— Айтқаның келсін! — кенет Бұқар жырау төңірегіне бұрыла қарады. — Бір кезде осы Сауранды Абдолла әміршіден сенің бесінші аталарың Қияқ пен Тұяқ қорғап еді, қазір, Науан ұста, жоңғардың жолында өзің тұрсың. Шапқан жаудың екпініне қарағанда біз әлдеқашан құрып кетуге тиісті едік, ел болып әлі келе жатырмыз, құдайдың бұнысына да шүкіршілік!
— Уа, жырау! — деп Науан ұста сәл алға аттады. — Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, менің бабаларым осы Сауранды қорғаған деп. Бүгін жау жағы тыныш жатыр ғой, қажыған көңілге қуат бере ме екен, солардың ерлігін айтсаңыз қайтер еді?
Жұрт шулап қоя берді.
— Иә, жырау!..
— Бабаларымыздың ерлігін үлгі етелік!..
— Налыған көңілге нәр болсын!
Халқының өткен ерлігін бір айтатын кез осы екенін ұққан жырау, көп күттірмей, сөзін бастап та кетті.
— Қазақтың басынан қандай сорақы күндер өтпеген, — деді толғанып. — Соның бірі осыдан жүз елу жылдай бұрын Тәуекел ханның тұсында болып еді.
Бұхар әміршісі Абдолла өз ордасында отыр. Кенет көзі күлімсіреп, сұлу мұрты тікірейе қалды. Ойда-жоқта бірдемеге қуанып кеткендей. Бірақ әміршісі ашуланса кенет көзі күлімсіреп, бетіне қан жүгіре бастайтынын көп жылдан бері білетін ақылшысы Хасен-єожа тағы да жазықсыз біреудің қаны төгілгелі тұрғанын ұқты. Уәзір әміршісінің бұл қасиетіне үйрене алмай-ақ қойған. Алдында тұрған көжекті жер алдында аждаһаның сілекейі көзінен жас боп ағады дейді. Әміршінікі де сол тәрізді қылық… Сонда бұл жолы кімді жұтпақ? Қазір хан сарайында Хасен-єожадан бөтен жан жоқ. Сонда… Мұның қандай жазығы бар? Бар айыбы — Бабасұлтаннан Талас бойындағы ұрыста Шағайдың жеңіліп қалғанын естірткені ме?
Абдолла кенет орнынан тұрып, терезе алдына барды. Мұнара биіктігінен хан сарайының етегіндегі, қалың бау-бақшаға бөленген Бұқар шаһарының қиыр шетіне көз жіберді. Әр жерде сыртын сан түрлі бояуларымен өрнектеген, ернеулері құран сүрелерімен безенген күмбезді мешіттер, Калон, Чар, Минер мұнаралары, Ұлықбек салдырған салтанатты медреселер көрінеді. Хан сарайының ауласы өрік, жүзім, алма, алмұрт, інжір ағаштарымен сыңсыған жасыл бау… Ағаш арасы сылдырап аққан күміс қоңырау бұлақтар. Бұл өзбек елінің Самарқанттан кейінгі үлкен шаһары. Бір кезде бұл шаһарды Самарқантпен бірге Абдолланың бабасы Мұхамед-Шайбани Ақсақ Темір ұрпағынан тартып алған. Мұхамед-Шайбани қаза тапқаннан кейін, Бұқар қайтадан Ақсақ Темір ұрпақтарына көшкен. 1557 жылы, яғни хаджри есебі бойынша 964 жылы, жиырма төрт жасар Абдолла екінші рет жаулап алды. Содан кейін ол Бұхарды өзінің астанасы еткен. Осылай Бұқар хандығы туған.
— Бұхар әміршісі Абдолла өзбек халқының қанын қандай сорса, Сырдарияның орта шеніндегі қазақ елінің де қанын сондай сормақ болды. Бабалары Әбілқайыр мен Мұхамед-Шайбанидың қазақ жерінен шыққанын сылтау етіп, Сыр бойындағы қалаларын өзіме қаратамын деп талай рет шапты, — деді жырау.
Абдолла терезе алдынан кейін бұрылып, жан-жағына ойлана қарады. Бірақ оның кірпік қақпай тесірейе қалған шегір көзіне — зәулім сарай еденіне төселген қырмызы қызыл парсы кілемдері де, әшекейлі өрнекті сафьян орындықтар да, қабырғада ілулі тұрған болат аспаптары мен алтын зерлі қылыш, қанжарлары да, бұрыштағы дөңгелек арша үстелінің үстіне шәрбат ішуге қойылған фарфор кеселер де, имек мойын күміс құмыралар да — бірде-бірі көрінбеді. Оның шегір көзі хан сарайының мәрмәр қабырғаларын тесіп, әлдеқайдағы көкжиекке шаншыла қарағандай.
— Қожа, сенен ақыл сұрағым келіп тұр, — деді ол, тағы көзі күлімдеп. — Дос боламын деп ант берген жауым, басқа жауларыма достық көрсетсе, мен қандай шара қолдануым керек?
— Ондай алдамшы достардың басын алған жөн, тақсыр хан.
— Солай де… Біздің жаққа шыққан Шағай мен оның баласы Тәуекел, қас жауым Бабасұлтан мен Бұзахұрдың бастарын маған әкеп бергілері келмеді. Ал, олардың басын қазақ қалаларын жаулап алған соң мен кесуім керек…
Бабасұлтанның опасыздығын сылтау еткен Абдолла бір мың бес жүз сексен екінші жылы, тамыздың сегізі күні Сауран бекінісінің етегіндегі қалың тоғайдың арасына кеп шатырын тікті.
Таң атып келе жатқан мезгіл. Бір кездегі атақты Әбілқайыр бабасының лашкерлеріндей, кілең көк темір құрсанған, төгілген жал, құлаш құйрық жүйрік мінген елу мың әскер лек-лек боп, бекіністі қоршай сапқа тұра бастады. Шаһардың сол жағында ақ боз, қара көк сәйгүлік мінген, бастарындағы болат дулығалары шығып келе жатқан күнмен шағылысқан Ұбайдулла сұлтанның жауынгерлері. Теріскей жақта күн белгісі бар қара туды желбіретіп ұстаған Абдолланың баласы әбді-Мумин сұлтанның лашкерлері. Түстері суық, қаһарлары ызғарлы. Күнгей тұста Ұбайдулланың баласы Асфандияр сұлтанның, ірбіз басының суреті салынған алқара көк туының астына Абдолла қарамағындағы Келдеш би, Жандәулет би, Тұрсын би, Бике би секілді белгілі әмірлердің жігіттері тізілген. Дені қазақ руларынан шыққан әмірлер болғандықтан, бұлардың әскерлерінің сырт бейнесі Дәшті Қыпшақ сыпайларына ұқсайды. Найзаларының басына ту етіп тұтам қылшық байлап алған. Тақымдарының астында бұзаубас шоқпарлары.
Сауран шаһарының құбыласындағы тоғайлы алаңында Абдолла әміршінің алқызыл жібек шатыры көрінеді. Бұ жақта да қалың әскер. Бұл әскерлер өзгелердікінен гөрі салтанатты. Жігіттерінің киген сауыттары да ерекше зерленген. Белдерінде кілең қорасан болатынан соғылған Бұхардың ұзын қисық қылышы. Иықтарында ұзын мойын білтелі бұқар мылтығы. Әскер кейпі сәнді де, сұсты да.
Шаһар бекінісінің үстіндегі кереге көз алаңдардағы қала қорғаншылары: қала хакімі әбді-Саттар, Қияқ, Тұяқ батырлар… Кенет бүкіл әлемді басына көтере барылдаған керней үні шықты. Оған шиқылдаған зұрнаның ащы даусы қосылды. Жүздеген дауылпаз қағылып, заматта дүние біткен әлем-тапырық үнге толды да кетті.
… Енді Бұхар әміршісінің қызыл жібек шатырының ар жағындағы шағын тоғайдан бір топ салт аттылар көрінді. Үстеріндегі болат сауыттары күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Жалаңаш қылыштарын бастарына көтере ұстаған. Қорасан құрышының жүзінде күн сәулесі емес, ажалдың суық ызғары ойнағандай. Ең алдында өн бойы күміс шынжырлы сауытпен жабылған есік пен төрдей ақ боз ақалтеке арғымақ мінген, қырықтарға жаңа жеткен, сұлу мұртты, тұлғалы адам келе жатыр. Өзгелерден бұның құр ғана айбарлы пішіні, атқа тәкаппар отырысы, асыл қару-жарағы ғана емес, тағы да бір айырмасы бар. Астындағы ақбоз тұлпарының тоқпақтай кекілінің үстіне көне заман ғұрпымен «бақ құсы» — аппақ сүттей тұрымтайды отырғызып алған. Егер тұрымтай жау көргенде қорқып ұшып кетпесе, батырдың жолының оң болары хақ. Ал жау қарасын көргеннен тұрымтай қаша жөнелсе, онда батырға бұл айқас қауіпті. Бақсы-балгерлер заманында жаман ырымнан сескеніп батырлар атының басын кейін бұрады.
Атты жасақ шеткі әскер алдына жете бергенде, қайта дабыл қағылып, керней, зұрналар қайтадан ішегін тарта барылдап, шиқылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті.
Қамал басындағы жұрт бұл топ Бұхар әміршісі Абдолланың тобы екенін, бәрінің алдында ақбоз ақалтекесін ойнақтатып келе жатқан айбынды баһадурдің өзі екенін біліп сескене қалған.
әмірші тобы сол қылыштарын көтерген қалпында Абдолланың соңынан құрық тастам жерде жұбын жазбай желе шауып, қорғанды қоршаған қалың әскердің алдынан тоқталмай өтіп келеді. Жан-жақтарына қарар емес. Тек Абдолла топтың алдында тұрған сұлтандарын, батырларын, билерін көргенде ғана соларға қарай мойнын бұрады. Әмір, сұлтандар: «Мәртебелі болыңыз, ұлы баһадур!» деп бастарын иіп тәжім етеді. Әмірші атын ойнақтатқан қалпында әскер алдынан өте берді. Соңынан еріп келе жатқан топтың үстінен алтын ай бейнесі салынған Мұхаммед пайғамбардың жасыл туы бүкіл аспанды жапқысы келгендей, желмен ойнап желпілдейді. Ақ боз арғымақтың кекіліндегі «бақ құсы» байлап қойғандай тырп етер емес.
— Біз жеңіліп, ол жеңеді екен, халайық, — дейді құстың ұшпағанын көрген біреу.
Енді Абдолла тобы әбді-Саттар тұрған қабырғаның тұсынан өтіп бара жатыр. Екі топтың арасы садақ оғы жетер-жетпестей мөлшерде.
— Ол бізді жеңгенше…
Қала хакіміне таяу тұрған Қияқ батыр сөзінің аяғын айтпай қайың садағына сауыт бұзар жебесін салып жіберіп, Абдоллаға қарай шірене тарта бастады.
— Атпа! — деді бір зор дауыс.
Қияқ батыр «әттең, әттең!» деп, жебесінің ұшын жерге қаратты.
— Олай болса! — деді ағасының сол жағында тұрған Тұяқ батыр садағын көтере беріп, тартып қалды.
Құладын қауырсынына байлаған қозы жаурын жебе зу етті. Көзді ашып-жұмғанша, Бұхара әміршісінің астындағы ақ боз сәйгүліктің кекілінде отырған ақ тұрымтай жалп етіп жерге ұшып түсті.
— Мерген екен! — деді Абдолла жүзінен ешбір қобалжу белгісін көрсетпей. — Тұрымтай өзі ұшқан жоқ атып құлатты ғой, бұл санаққа алынбайды. Басқасын отырғызыңдар.
Нөкер кейін шауып, заматта қайта оралды. Әмірші атымен қатарласа желіп, ақ боз жүйріктің кекіліне басқа бір ақ тұрымтайды отырғызды.
Абдолла ертеңіне тағы майданға шықты.
Тағы күн шығып келе жатқан кез. Қамал үстінде баяғы адамдар… Тағы көк темір асынған қалың әскер. Кенет дабыл қағылып, керней, зұрналар ішін тартып барылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті. Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші… Бірақ бұ жолы кешегідей емес, алыс кетіп барады. Сірә, Тұяқ мергеннің жебесінен қорыққандай.
Абдолланың ақ боз атының кекіліндегі ақ тұрымтай алыстан бір үн естігендей қанатын қағып жіберді де кенет жоғары көтеріле берді. Қас қаққандай уақыт өткенше ол қамалға таяй түсті де, кенет кілт бұрылып кейін ұшты. Шамасы, ат кекіліне қайта барып қонбақ. Бірақ ол ойнағысы келгендей, ойламаған жерден бір бұтаға барып қонды.
— Ұстап әкеліңдер, — деп бұйырды Абдолла.
Бір нөкері шапқан бойы, жерден теңге алғандай, бұта басындағы тұрымтайды қолымен алып, қағып кейін қарай зымырады.
— Лашкарға емес, құсқа обал болды-ау! — деп өкінген дауыс шықты. Сөйткенше болған жоқ, Тұяқ қолындағы садағын көздемей тартып қалды. Абдоллаға жүз қадамдай қалған лашкар қолындағы тұрымтаймен бірге жерге жалп етті. Абдолла қорған жаққа таңдана қарады да, атының басын кейін бұра сала, шатырына қарай шаба жөнелді.
— Жау тұрымтайының денесі біздің жерімізде қалды, жақсы ырым! — деді, бағанадан бері болып жатқан оқиғаға үн-түнсіз қарап тұрған әбді-Саттар сұлтан. — әйтсе де, ат кекілінде отырған тұрымтай кенет неге бізге қарай ұшты? — Ол Тұяққа сезіктене қарады.
Тұяқ сәл езу тартты да, қолын аузына апарып, нағыз бір бала күніндегі құс шақыратын әдеті есіне түскендей, ақырын ысқырды.
Хакім езу тартып күлді.
— Сенің құпияңды ешкім білмей-ақ қойсын — деді ол, — құс денесі біздің жерде қалды. Бұған халық та сенсін…
— Жау қандай айла қолданғанмен, қамалды ала алмады, — деді Бұқар жырау. — Басқыншылары қара түнде ұрланып келіп, қабырғаға баспалдақ қойса, қорғаушылар үстерінен майлы от-дәрі лақтырды. Бекініс астынан жау ор да қазып көрген, бірақ Сауран бекінісінің қабырғалары он бес кездей жер астынан қаланғандықтан, одан да ештеңе шықпады. Терең жыра өткізіп, Сырдың суымен қаланы тұншықтыруды да ойлады. Қала биікте тұрғандықтан, суы жоғары көтеріле алмай, ернеуінен асып, Абдолланың өз шатырын су әкете жаздады. Осылай арпалыста үш ай өткенде, Сайрамнан азық-түлік келу тоқтатылды. Абдолла тонаған жұрт Сайрамға жиналып, қала маңында бүлік көбейді. Енді онсыз да тамаққа жарымай жүрген Бұхара әскерінің халі тіпті қиынға айналды. Азық-түліктен ада бола бастаған әскердің арасында «осы соғыс кімге керек?» деген күңкіл де туа бастады. Көп кешікпей бар астық бітті. Әскер ашаршылыққа ұрынды. Енді жігіттер зеребе ұстасып, ұтылған серіктерінің атын сойып жеуді шығарды.
Сауранды қоршап болған Абдолла қорғанды алудың жаңа жолын ойлай бастады. Ең алдымен ол бір күні түнде Бұхар аймағының әмірі Камалиддин Хұсаиндиванға ат шаптырды. Тезірек Сауранға азық-түлік пен Рухади ұста құйып жатқан «Қара бура» тас атқыш қазанын жеткіз деп бұйырды.
Жер арасы шалғай, жәрдем тез келе қоймады. Абдолла әскерінің халі күннен-күнге нашарлай түсті. Әскер арасында бүліншілік те шығуға таяды.
Бұл соғыстың қажеті жоқ екеніне көзі жеткен кей жігіттер қазақ даласына қашты. Сонау Бұхара мен қазақ жерінің түйіскен тұсында, Сырдария мен Амударияның қамысты жағаларында өзбек, қазақ, түркімен, қырғыз жігіттерінен құрылған бірнеше аламан жасағы пайда болды. Олар тек қана бай мен манаптардың мал-мүлкін талап қоймады, Сауранды қоршаған Абдолла әскеріне бара жатқан, азық-түлік тиелген керуендерді де шапты.
Абдолла әскерінің халі күннен-күнге қорқынышты бола бастады.
Бір күні әмірші үстіне жаман шапан киіп, түсін өзгертіп, әскер шебін аралады. Топ жігіттің жанынан өтіп бара жатып, олардың не сөйлесіп тұрғанын естімек боп тоқтай қалды.
— Қашан бітер екен бұл соғыс? — деді бір жас дауыс.
— Сауранды ал, сосын бітеді, — деп жауап берді кәрі жауынгер.
— Сауранды алсаң, «Сайрамды ал!» дейді. Сонда менің табарым не? Соғыстан олжа етіп алып барған азғантай матаң мен ақшаңды елге қайтысыменен, «соғысқа керек» деп салық жинаушы тартып әкетеді.
— Берме!
— Бермей көр!
— Бәрі алладан және өзіңнен…
— Өзіңнен? Топ итті жолбарыс басқарса, біраздан кейін иттер жолбарысқа айналады. Топ жолбарысты ит басқарса, жолбарыстар түбі ит боп кетеді. Бізден не шығады, ит боп кеттік қой. Әйтсе де Мұрат балуан өз жолын өзі тауыпты… Аламан боп жүрген көрінеді. Жақында хан керуенін тонапты. Енді ханның өзі кездессе екен дейтін көрінеді.
— Неге?
— Оған сақтап жүрген оғым бар депті…
— Ақырын…
Абдолла әрі қарай жүре берді. Бір адамды жазалағанмен не шығады? Біреуінің басын кессең, оны наразы болады. Онының басын кессең, жүзі бүлік шығарады. Қазір әскер арасы қураған қурай секілді, болмашы ұшқын түссе болғаны лап ете қалғалы тұр.
Қиын жағдайдан әміршіні Бұхардан келген жәрдем құтқарды. Екінші Жұмаді айының оны күні бірнеше «Қара бура» тас атқыш қазандары мен тоқсан түйеге тиелген азық-түлік жетті. Абдолланың жарлығы бойынша, төрт қазан Сауранның сыртында төрт жерге орнатылған. Әбден ыза болған әмірші «Қара бура» тас атқышы дайындалып бітісімен-ақ радендазанларға (зеңбірекшілерге) «Атыңдар!» деп бұйрық берді. Дабыл қағып, зұрна, кернейлер барылдай жөнелді. Ал «Қара бура» қазандары астынан көтерілген бу мен жалыннан гүрсілдей ақырып, қойдай-қойдай тастарды ғасырлар бойы мызғымаған қамал қабырғаларына дүңк-дүңк ұрды. Кенет ақырзаман орнағандай дүние жүзі әлемтапырық болып кеткен. Енді «Қара буралар» қала ішіне атылып, әр жерде өрт шыға бастады. Сонда да қала қорғаншылары «көндік!» деп қол көтермеді. Қияқ пен Тұяқ басқарған екі жүз мерген қорғанға таяу қойылған тас атқыш жанындағы сарбаздарға оқты қардай боратты.
Дүние осылай астан-кестең боп жатқан кезде Сауранға Яссыдан хат таситын көгаршын ұшып келген. Көгаршынның мойнына байланған қағаздан Сауран тұрғындары өздерін құтқарып алуға, Ноғайлы елінен жиналған қалың қолмен Бабасұлтан мен Бұзахұр келе жатыр деген қуанышты сөзді оқыды. Бұл сөз қала қорғаушыларының рухын көтеріп тастады. Енді олар «Бауырларымыз, сендер жеткенше қаланы бермейміз» деп, бүкірейген шалы мен еңбектеген баласына дейін қайтадан қамал үстіне шықты. Бұлардың бағына қарай, кейінгі күндерде «Қара буралар» да даусын сирек шығара бастаған. Өйткені, қазандарды қыздыратын Бұхардан алып келген майлары таусылуға айналып еді.
— Ал, Яссыдан келген хабар жалған хабар еді, — деді Бұқар жырау. — Оқиға былай болған: Бабасұлтан мен Бұзахұр сұлтан Абдолладан қашып Мұғажар тауларын бөктерлей отырып Сарайшыққа жеткен. Бірақ осының алдында ғана Ноғайлы елі бағынып отырған Астрахань хандығы құлап, Астрахань қаласы бұл уақытта айбарлы орыс патшасы жандаралдарының қолына көшкен. Астрахань хандығының билері орыс патшасының қол астына енген. Бұларға көнгісі келмейтіндердің біразы Қырымға, Герей ханның жеріне қашқан, ал кейбіреулері Ноғайлы елін паналаған.
Бұхар хандығына қарсы күресуге Түркістан сұлтандарына әскер беруге қарсы болған осы Астрахань билері еді. Бұлардың сөзін Маңғыт руының беделді ақсақалдары, шонжарлары қолдады.
— Ноғайлы елінің жігіттері орыс патшасынан Астраханьды қайтарып алуға керек, — деді Астрахань билері, — Ноғайлы жұртының мұң-мұқтажы осы жерде, күші мол Қырым ханына жететін жолда. Біз Қырым ханымен бірігіп, Ноғайлы жерін сақтауымыз керек. Айдаладағы Абдолламен соғысып біздің қандай шаруамыз бар?
Ақырында Ноғайлы еліне келіп көп әскер аламын деген Бабасұлтан, шағын қолмен ғана үй ішін ертіп, өз басын өлімнен әзер құтқарып, Түркістанға қарай беттеген.
Сауран қорғаушыларына жеткен «Бабасұлтан келе жатыр» деген осы хабар еді. Бірақ әлдекімнің дуалы аузыменен өзгеріп жетті. Қастығы ма, достығы ма, кім білсін?…
— Бабасұлтанның келе жатқанын Абдолла да естіді, — деді Бұқар, анталаған жұртқа қарап, — дереу Тәуекелді жұмсады.
Ол он күн өткеннен кейін Бабасұлтанды өлтіріп, қолға түскен баласы Латифты алдына салып айдап Сауранға келді. Жібек шатырының алдында, хан тағында отырған Абдолла әміршінің аяғының астына Бабасұлтан мен Жалмұхаммед аталықтың бастарын тастай салды да, өзі бір тізерлеп тәжім етті.
Абдолла әмірші түрегеліп, аяғының астында жатқан жауларының бастарына көз жіберіп сәл тұрды да, үстерінен аттап, анандай жерде тізе бүгіп отырған Тәуекелдің қасына келді.
— Ең қас жауыңды өлтірген адам ең жақын туысқаныңнан да қымбат! — деді сұрлана қарап. — Тәуекел сұлтан, сен енді маған бауырым Ұбайдолла мен Дүстем сұлтаннан кем емессің. Осы еңбегің үшін өзімнің туған қалам Африкентті сыйладым.
— Көп рахмет, мәртебелі әміршім, — деп Тәуекел орнынан түрегелді.
Абдолла жиди бастаған бастарды бұзылып кетпес үшін, балға толы күбіге салдырды. Сол мезгілден бастап, Бұхар әміршісінің бас жауының құрығаны үшін үлкен той басталды. Түні бойы Сауран қорғаншылары жау жағының у-шуын, шаттана шырқаған ән-күйін естіп шықты. Шараптан әбден еліріп алған бір лашкар қамал етегіне кеп: «Бүгінгі түн сендердің ақырғы түндерің! Ертең жан біткеннің бәрі жоқ болады!» деп айқай салды. Қамал басында тұрған бір жігіт ашу қысып кетіп, оған қарай қолындағы қамыстан жасалған оқ-дәрісін лақтырды. Мас лашкар үстіне түсіп, лап етіп жанған оқ-дәрімен бірге лапылдап өртеніп шыр-көбелек айналды да қалды.
Кешеден бергі қанды оқиғадан хабары жоқ сұлу күн әдеттегісіндей тағы да әлем бетіне алтын нұрын төге шықты. Дүние жүзін тағы да мерейлі шаттық биледі…
«Қара бура» гүрсілі сәл тоқтап, болмашы тыныс алған, шоғырланған то- былғы, баялыш арасындағы қара торғайлар көтеріліп келе жатқан күнді құттықтағандай, әлемді тәтті бір әуенге бөлей, ән шырқатты.
Жібек шатырынан Абдолла әмірші де шықты. Ол нөкерлеріне әмір берді.
Көп кешікпей қамалға қарай қара күбі қойылған ат-арба бара жатты. Арбамен қатарласа қол-аяғы кісендеулі Латиф сұлтанды бір кісіге сүйретіп, бір кісіге айдатып қамал етегіне Құлбаба көкілташ та жетті. Қамал үстінде әбді-Саттар мен Сауран биі Жанболат төре тұр. Қастарында Сауран ақсақалдары, Қияқ пен Тұяқ… Аяқ-қолы кісендеулі сүйретіліп келе жатқан туған інісін көргенде, әбді-Саттар бір мезет екі қолымен бетін басып тұрып қалды.
— Уа, ағайын! Асқар тау, сенде бір мін бар, асуға жол бермейсің. Тасыған су, сенде мін бар, өтуге өткел бермейсің. Сауран шаһарының жақсылары, сендерде де бір мін бар, жеңілгеніңді көрмейсің! — деп бастады Құлбаба көкілташ, — жеңілгенің емей немене, Ноғайлыдан әскер әкеледі деп сенгендерің Баба- сұлтан болса, алдарыңда тұр…
— Бабасұлтан қайда?
— Денесі қайда дейсіңдер ме? Бәріміз баратын қара жерде… Ал алтын басы мына бал салынған қара күбіде…
әбді-Саттар інісіне қарап:
— Мына қақпастың айтып тұрғаны рас па, Латиф сұлтан? — деді дір-дір етіп.
— Рас…
— Естідіңдер ме, ағайын? — деді дауыстап Құлбаба көкілташ. — Енді сенетін кімдерің қалды? Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! Сонда ғана ұлы мәртебелі Абдолла әмірші күнәларыңды кешеді.
— Ал берілмесек не істейсіңдер? — деді Жанболат төре дауыстап.
— Ең алдымен өз көзіңше мына тұрған бауырың Латиф сұлтанды бауыздаймыз, әбді-Саттар мырза! Содан кейін барып зынданда құрт-құмырсқа жеп жатқан Тахир сұлтанның басын аламыз.
— әбді-Саттар сол сазарған қалпынан өзгермеді:
— Сосын?
— Сосын… Осы қамалды қоршап алып, бірің қалмай аштан өлгенше, той тойлап, би билеуде боламыз.
Кенет Латиф сұлтан шынжырын сүйрете алға ұмтылды да, бар даусымен айқайлап жіберді.
— Біз үшін Сауранды бермеңдер! Абдолла Сауранды алғаннан кейін сендерді де өлтіреді. Бәріміздің қанымызды ішпей тынбаймын деген анты бар?
— әкет кейін, мына жолбарысты!
Екі жігіт Латиф сұлтанды орнынан қозғалта алмады. Еңгезердей лашкар оны тізесінен таяқпен ұрып құлатты да, бәрі жабылып кейін сүйрей жөнелді. Ол сүйретіліп бара жатып:
— Кешірім етеді деген сөздеріне сенбеңдер! — деді бар даусымен. — Шыдаңдар! Берілмеңдер! Көп кешікпей сендерге жәрдемге Яссы, Сайрам, Отырар, Ақрұқ…Бүкіл қазақ даласы келеді.
Бұқар жырау осы тұсқа келгенде, тыңдап тұрған жұрт толқып кетті:
— Аруақтарыңнан айналайын бабаларым-ай?!
— Өлтіріп жатса да шаһарды жауға бермепті ғой.
— Біз де солардай болуымыз керек!
Жырау сөзін қайта бастап кетті.
Ертеңіне күн шыға тағы дабыл қағылып, зұрна, кернейлер барылдап, әдеттегідей, бар әлемді басына көтерді.
Абдолла шатырынан шықты да, әлдекімге қолымен әмір етті. Сол сәтте ең үлкен «Қара бура» гүрс етіп атылды. Бұ жолы оның аузынан қамалға тас орнына сірі қапшық ұшты. Бұнда Бабасұлтан, Тахир, Латиф сұлтандар мен Жалмұхаммед аталықтың бастары бар еді. Қапшық жарылып кетпесін деп сыртынан кигізбен қаптаған. Ішінде Абдолланың қолынан жазылған «үлкен-кішілеріңе қарамай бәріңнің де бастарыңды дәл осылай кесермін» деген хат бар екен. Сауран тұрғындары ақ кигізге сап, төрт басты әбді-Саттар мен Қияқ, Тұяқ батырлардың алдына алып келді.
Денесі жоқ төрт басты қала тұрғындары қадірлеп, мұсылман ғұрпымен жерледі. Бабасұлтан хикаясы осылай бітті.
Өліктерін жерлегеннен кейін, Ноғайлыдан күш келмейтініне көзі жеткен әбді-Саттар кешке қарай Қияқ пен Тұяқты шақырды.
— Жігіттер! — деді ол. — Сауранды көп болса екі аптадай ғана қорғауға күшіміз жетеді. Ашаршылық жайлай бастады… Бірақ, жаудың да халі бізден артық емес. Күздің қара суығы, жауын-шашын басталғалы тұр. Ар жағында қыс та таяу… Абдолланың әскерінің дені ыстық жақтан. Бұл араның қара суығына шыдай алмайды. Және күзгі батпақты жолмен азық-түлік жеткізу де оларға оңайға түспейді. Күзге дейін шыдасақ, Абдолла қоршаудан еріксіз босатады.
— Босатпай жүрсе қайтеміз? — деді Тұяқ.
— Онда бәріміз де қырыламыз.
Үшеуі бір сәт үнсіз қалды. Қияқ бір ой түбіне шомып кеткендей, жерден көзін алмай тұрып-тұрып, әлден уақытта басын көтерді.
Менің бір ойым бар.
— Сөйле, батыр.
— Бақанын алсаң, шаңырақ жерге құлайды…
— Сонда… сен…
— Анада бір ыңғайы кеп қалып еді…
— Қалайша?
— Менің жебем өзгелердікінен екі есе алысқа ұшады. Тек әлдекімнің «атпа!» дегенінен кідіріп қалдым. Бекер тыңдаған екем. Соған өзім де қатты өкінем… Ал қазір Абдолла бізге аспандағы жұлдыздан да алыс… Қолымыз жетпейді. Оның шатырын жұмақты қорғағандай қорғайды. Майданға үнемі қалқанмен шығады… Менің ойым Абдолла емес, басқа адам жайында. О да Бұхар әскерінің бір тірегі…
— Кімді айтып тұрсың, батыр?
— Тәуекел сұлтанды… Хақназар ханды Жасылкөл жағасында өз қолымнан қойдым. Хан өлер алдында маған Тәуекел туралы бір құпия сыр айтып еді…
— Онда… Өзің білесің, батыр… Жастығына қарамай Тәуекел Абдолланың оң қолы екені рас. Және Тәуекелдің соңынан ерген қазақтар да аз емес. Қыс түскенде, Абдолланың өзге әскері шыдай алмағанмен, бұлар шыдайды. Мен Тәуекел жасақтарынан сол жағынан қауіптенемін.
— Рұқсат етіңіз, сұлтан, онда біз жолға шығайық.
— Рұқсат, жолдарың болсын!
— Сол күні түнде Абдолланың туған ағасы Ұбайдолланы, оның баласы Асфандиярды, Абдолланың жалғыз ұлы әбді-Муминды, ақылшысы Хасенєожаны, егер ақылға көнбесе Тәуекел сұлтанды да жансыз барып өлтіруге, Саураннан жұпыны киінген бес тас жүрек жолға шықты. Бұлар кетісімен, бие сауымдай мезгіл өтпей әбді-Саттар сұлтанның әйелі Айнар Сұлтан-Бике үйінің терезесінен жау жағына хат тасушы көгаршын ұшты. Көгаршынның қауырсынына байланған қағаздан Айнар Сұлтан-Бикенің әкесі Ұбайдолла өздеріне жіберілген бес жігіттің хабарын білді. Әбді-Муминды, Асфандиярды, Хасенєожаны өлтіруге келген үш жігіт бірден қолға түсті. Сол сағатта бастары кесілді. Ал Ұбайдолланы өлтіруге келген Тұяқ қауіпті дер кезінде сезіп қап, ұстауға шыққан лашкарлармен атысып, қоршаудан әзер құтылды. Өлдім-талдым дегенде таң ата Сауран қамалына жетті. Ешкімнің қолына түспей Тәуекелді аңдып, Яссы жағына тек Қияқ қана өтіп кетті. Бірақ бұ да алдынан күтіп тұрған жасақтан құтыла алмады.
Тәуекел бұл күндерде Шағай сұлтанның қарамағындағы қосынмен Яссы бекінісін шаппақ боп жатқан. Қол-аяғы байлаулы Қияқты Тәуекелдің алдына алып келді. Жаңа соққан алдаспанын сынамақ боп, сұлтан шатырының алдында бір құшақ жас тобылғыны шапқылап тұрған. Ол қылышын тастамай тұтқынның қасына келді. Жігіттің қандай қылмысы барынан бұрыннан да хабардар еді. Енді тұтқынның сымбатты дене бітісіне, өткір көзді қайсар жүзіне сұқтана қарады. «әбді-Саттар сұлтан менің басымды алдыруға кімді жіберуді білген екен. Жеркене қараған келбеті қандай сұсты? Бұған мен не жаздым? Нәсілі, себебін білген жөн болар… Бостан-бос мені өлтіруге шықпаған шығар… Және өзінің жасы да менімен теңдес пе, қалай?»
Тәуекел сұлтан ызалана қараған Қияқтан көзін алмай біраз тұрды да:
— Атың кім? — деді.
Қияқ та көзін тайдырмай:
— Атым Қияқ, әкем Жаубасар батыр! — деді.
Тәуекел мырс етіп күлді.
— «Жаман иттің атын бөрібасар қояды». Жаубасар деген батырды естісем құлағым керең болсын. Қай рудансың?
Арғынның батыр руы Алтаймын.
— Алтайдың қай биінің баласымын дедің?
— Жаубасар деген құлының баласымын.
ә!.. Қаншаға келдің?
— әкем марқұм Шағай сұлтанның өгей баласы Тәуекел туған күні сен де туғансың дейтін…
«Өгей баласы» деген сөзді естігенде, біреу жүрегіне қанжар салып алғандай, Тәуекел сұрланып кетті. Осындай жанына бататын бір суық сөзді ол бала кезінде де бір естігені бар… Бірақ, одан бері көп жыл өтті ғой… Нағашы әкесі әбілқасымның үйінен әкесі Шағайдың қолына қайтып келгелі, мұндай жанын күйдірер лебіз құлағына тиіп көрген жоқ… Ал мынау құлдың айтып тұрғаны не сандырақ?
Ол қылышымен Қияқтың қол-аяғын байлаған шылбырды қиып жіберді.
— Отыр! — деді бұйырып. — Ал сөйле білгеніңді!
— Мына жат көздерің кетсін…
— Жақсы, олай болса шатырға кір, — деді Тәуекел Қияққа, сосын күзетші жігіттерге бұрылды. — Сендер сыртта қалыңдар.
Сұлтанның айтқанын орындап күзетші лашкарлар сыртта қалды. Тек шеткі, қабағы қатыңқы мосқал лашкар ғана, қылышын қынабынан суырып, есік алдына барып күзетке тұрды. Іштегі сөз сыртқа тегіс жетпегенмен, жан күйігінен ашына шыққан кейбір үндер талмаусырап күзетшіге естіліп жатты.
Тәуекел үйге Қияқты алып кіргеннен кейін, дереу сөзге кіріскен.
— Ал айтшы, маған қастық ойлардай қай бауырыңды өлтірдім, қай қалыңдығыңды қорладым?
— Қазақ баласы деген бауырымды өлтірдің, қазақ қызы деген қалыңдығымды қорладың! Абдолла әміршіге еріп туған еліңді қан-жоса еттің. Сол үшін мен сені өлтіруге тиісті едім.
— Туған елімнің қанымен менің қолым боялған жоқ. Бабасұлтанды өлтірсем, о да сенің ата жауың! Шарабхана оқиғасын ұмыттыңдар ма?
— Иә, ол солай… Бірақ Бабасұлтан қазақ еліне Түркістан уәлиетін соғыссыз қайтарып берді ғой, Абдолла оны соғыспен тартып алмақ. Сол ма сенің жаныңның ашығаны? Молда, қожа басының сақинасы бар адамды «қаны тасып кетіпті» деп тамырынан қан ағызып емдейді. Қазақтың қаны тасып кетті дегенің бе, халқыңның қанын судай ағызғаның? Қолым қанды емес дейсің, Кендірлік, Кеңгір бойының ауылдарын шауып, ақырғы күн көріс малын Абдолла әскеріне әкеп бергеніңде де қолың қанды болмады ма? Бабасұлтанға ерген Түркістан уәлиетінің қазақ жігіттерін Жыланшық өзенінің бойында қан-жоса етіп қырғаныңда, екі қолың бірдей өз бауырларыңның қанына боялған жоқ па еді? Яссыны шапқалы отырсың, сонда кімді мұқатпақсың? Баяғы бір сорлы қазақ елі емес пе? Осының бәрін Жаубасар құлдың баласы Қияқ түсінгенде, Шағай сұлтанның асыранды ұлы, Тәуекел, сен неге түсінбейсің?
Қияқ батырдың жер-жебіріне жете айтқан сөздері жанына сегіз таспалы қамшының осуындай батып тұрған Тәуекел, «Шағай сұлтанның асыранды ұлы» деген сөзді естігенде жүрегі тағы қабынып кетті. Беліндегі қанжарына қолының қалай барғанын білмей қалды. Әйтсе де ол өзін-өзі ұстап:
— Жарайды, егер менің қолым туған елімнің қанымен былғанса, жауының қанымен жуып ағартуға бармын, — деді даусы қырылдай шығып, — бұны соңынан ұғысалық. Ал сен бір емес, екі емес менің бетіме «Шағай сұлтанның өгей баласы» деген ауыр сөзді кінә етіп бастың. Бұл қай сөзің? Егер жалған айтып, жала жапсаң… — Тәуекел сөзін аяқтамай тоқтады.
— Жақсы, сен сұрадың, мен айтайын. Жалған болса халқы Хақназар деп атаған Ақназар ханның аруағы атсын. Бұл сөзді сол ханның өз аузынан естідім. Менің анам аты күңге лайық Қойсана болса, сенің анаңның аты ханшаға лайық Күнсана екен, — деп бастаған Қияқ, өзінің Тәуекел жайында білгенін тегіс айтып берді. Анасы Күнсананы өгей әкесі Шағайдың қалай өлтірген жерін естігенде, Тәуекел қанжарын суырып алып, ақырып жіберді.
— Тоқтат! — деді ол. Тәуекел есік алдындағы күзетшінің тым таяу тұрғанын жаңа ғана аңғарды. — Егер енді бір сөз айтар болсаң…
Қияқ кілт тоқтады. Тәуекел де сол жалаңаш қанжарын жоғары көтерген қалпында демін әзер алып, мелшиді де қалды. Әлден уақытта барып қанжарын қынабына салды.
— Осыншама құпияны білгенің үшін, тірі қалмауға тиісті едің… Әйтсе де, бір жолға кештім. Ал сен айтқан сырды басқаның аузынан естір болсам, маған өкпелеме!
Тәуекел жедел басып барды да, «Садық» деп дауыстады. Үйге күзетшілердің басшысы ұзын бойлы, ашаң жүзді лашкар кірді.
— Садық, — деді Тәуекел, — мына жігітті ауқаттандыр да, астына ат беріп, қас қарая барар жағына апарып сал. Өзіңнен бөтен тірі жан білмесін.
— Құп!
Тәуекелдің көзі кенет есік алдындағы күзетшінің алыстау барып тұрғанын шалып қалды. Енді ол сыбырлап сөйледі.
— Ал мынау Жарқын сарбазды… бүгін түнде жоқ ет!
— Құп!
— Сұлтан сыбыры өзі жайында екенін күзетші де сезді. Іші мұздап кетті. Әйтсе де, сыр бермеді. Қас қарая Садық тұтқынды шығарып салуға кеткен кезде, бұ да басқа жолмен Сауранға қарай тартты. Садықтың қайтып келіп, өзін өлтіруін күткен жоқ. Ол атын анда-санда сәл тынықтырып, түні бойы шауып отырып, таң ата Сауран түбіндегі Шағай сұлтанға жетті. Естіген сөзінің бәрін айтып берді. Сұлтан ләм-мим демей, үн-түнсіз тыңдап шықты. Қашқын бар білгенін жеткізіп болып, мұндайда айтылатын алғысты күтіп, басын төмен ие бергенде дәл жүрек тұсынан кеп алмас қанжар қадалды. Қашқын сәл еңкейе берді де, етпетінен құлап түсті. Жалғыз рет аунауға ғана мұршасы жетті, көзі шарасынан шыға жаздап бір ышқынды да, созылып жүре берді. Шағай еңкейіп Жарқынның кеудесіне қадалған қанжарын алды да, жанына жүгіріп келген дәйекші жігітке:
— Мынаның өлімтігін шығарып тастаңдар! — деді. — «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген осы.
Сәске көтеріле Шағай Абдолланың шатырына кірді. Ханға кәрі сұлтанның не айтқаны белгісіз. Тек қаһарына мінген Абдолла Тәуекелге жендеттерін жіберіп, ұстап әкелуге бұйырғанында, сұлтан өз шатырында болмай шықты. Хан үш түн өткесін барып, Тәуекелдің Дәшті Қыпшақ жеріне қашқанын естіді.
Сөйткенше күздің қара суығы да келді. Сауранды ала алмайтынына көзі жеткен Абдолла, әкесі Ескендірдің қатты науқас екенін сылтау етіп Бұхарға қайтты.
— Халық табандылығы деген, міне, осы! — деді енді Бұқар жырау, — Бұхар ханының көк темір құрсанған атақты әскері де азғантай қала тұрғынына ештеңе істей алмаған! Табанды болсаң жоңғарлар да кейін шегінеді.
Халық тағы шулап қоя берді.
— Табанды боламыз!
— Біріміз қалғанша шаһарымызды бермейміз!
— Жауға құл болғанша, өлгеніміз жақсы!
Шу басылған кезде бір жас жігіт:
— Сосын не болды! — деп сұрады, — Қияқ, Тұяқ батырлар қайтадан Абдоллаға қарсы соғысқа қатысты ма? Бабасұлтан ұрпақтары не істеді? Жауынан әкелерінің кегін қайтара алды ма?
— Бабасұлтан ұрпақтары емес, халық өз кегін Абдолладан сан рет қайтарды, — деді Бұқар жырау. — Бабасұлтан хикаясы сонымен тынған. Құмкентке таяу, Үшбас пен Қарабас өзендерінің тоғысқан қойнауында осы оқиғадан жиырма бес жыл өткеннен кейін, сұлтанның кенжесі Ысқақ «әкемнің өлген жері» деп, мешіті мен медресесі бар «Баба» деген шағын қала салдырған. Өз басының қамы үшін халқын қанды қырғынға ұшыратқан Бабасұлтанның атын қазірдің өзінде ешкім білмейді. Ал Қияқ пен Тұяқтың аты халқының жүрегінде сақталып келеді. Олардың ерлігі әсіресе соңынан хан болған Тәуекел тұсында ерекше көзге түсіп… — деп келе жатты да Бұқар жырау кілт тоқтады.
Өйткені осы кезде, қамал үстін гүрсілдеп жарылған зеңбірек оттары қаптап кетті.
— Тезірек тығылыңдар? — деуге ғана Елшібектің шамасы келді. Жұрт жапа-тармағай бекіністің зеңбірек оғы өтпейтін, қалың шым қуыстарына жүгірді. Елшібек те біреуіне кіріп үлгірді. — Бәсе, тым тып-тыныш бола қалып еді, біздерді алдап ұрғылары келген екен ғой!
Иә, тарих әділетсіздігі қайталап отырған. Бір кезде Сауран бекінісіне Шыңғысханның тас атқыш қарулары, Абдолла ханның Рухади ұста жасаған «Қара бура» бу қазаны қойдай-қойдай шойын тастарын лақтырса, бүгін жоңғар бас- қыншыларының швед унтер офицері Ренат пен Қытай шеберлері құйған болат зеңбіректерінің қорғасын оқтары жауып тұр. Сонау алыс кезеңде осы бекініске тоқпақ жалды аласа жылқы мінген Жошының қанішер жауынгерлері сұр топырақты көкке көтеріп, «гу-гулеп!» атой салса, бүгін сол жылқының тұлпар тұяқты тұқымын мінген жоңғар жауынгерлері шабуылға шықты! Бәрінің де мақсаты біреу-ақ: шаһардың күлін көкке шығарып, халқын қырмақ, ұлын — құл, қызын — күң етпек! Осыншама өшігердей бұларға айдалада, Түркістанның сұрғылт даласында, өзімен-өзі болып, тыныш жатқан осынау еңбекші жұрт не істеді екен? Бар жазығы егінін егіп, бақшасын суарып, өз алдына өмір сүргісі келгені ме? Иә, солай… Бұл күштілер заңы: адамды адам жеу керек. Адамды адам құл етуі керек. Күшті күшсіздің жерін, малын тартып алып, әлсіздің ар-намысын аяғының астына таптауды арман етеді. Сол үшін Сыбан Раптан да жорыққа шықты, сол үшін арлан қасқырдың соңынан ерген аш бөлтіріктері де шамасы жеткенше қазақ елін қойдай қырып, ыстық қанына тойынуға асығады.
Зеңбірек оқтары бекініс үстіне кеп, тынбай жарылып жатыр. Сыртқа шы- ғарар емес.
Елшібек қамал саңылауынан қала сыртындағы далаға қарады. Ұран салып, қаптап келе жатқан жау атты әскерін көрді. Кейбір тобы ұзын-ұзын басқыштарды көтеріп, қатарласа шауып келеді. Елшібек жау ойын бірден түсінді. Зеңбірек оқтары бас көтертпей, қала қорғаншылары қуыста тығылып тұрғандарында, жоңғар жауынгерлері басқыштарын қабырғаға сүйей, атыс басылысымен бекініс үстіне шықпақ. Зеңбірек отын қалқан етіп, шабуылға шығу — жоң- ғарларға Ренат үйреткен Европа әдісі еді.
— Сақ болыңдар! — деді Елшібек айқайлап. — Зеңбірек тоқтасымен, жау жоғары өрмелейді! Аямаңдар! Бекініс үстіне бірде-бір жоңғар шықпасын!
Зеңбіректер кенет тына қалды. Қабырғаға басқыштарын сүйеп үлгірген жоң- ғарлар, енді құмырсқадай қаптап, жоғары қарай тырмысып, көтеріле берді.
Тарих жамандығын ғана емес, жақсылығын да қайталауға тиіс.
Шыңғыс хан, Мұхамед-Шайбани, Абдолла кезіндегідей Сауран қорғаншылары тағы ғажайып ерлік көрсетті. Жауға қарсы білтелі мылтық, шоқпар, сойыл, алдаспан, алмас қылыштарымен қатар, қара тас, қазан-ошақ, қолға түскен қатты заттың бәрі жұмсалды. Бірде-бірін қамал үстіне шығармады. Қорғаншылар ерлігіне шыдай алмаған жоңғарлар қамал түбіне көптеген өліктерін қалдырып, кейін қашты. Сонда ғана барып Бұқар жырау, өзіне таяу қамал шетінде, кіндік тұсына жау найзасы қадалған Науан ұстаны көрді. Жүгіріп қасына барды. Найзасын суырып алайын деп еді, сұп-сұр боп кеткен ұста оның қолын кейін итерді.
— Тимей-ақ қой, — деді даусы әзер шығып, — бәрібір өлемін. Өкінбеймін… жоңғардың құрығанда жиырмасын жайраттым білем. Әттең дүние, әңгімеңізді тегіс ести алмай кеттім… — Елшібекке қарады. — Ана артымда қалған жал- ғызыма айт: Әкең бабаларының жолынан тайған жоқ де… — Соны айтты да, Науан ұста сылқ етіп құлап түсті.
Жоңғарлар сол күні де, келесі күні де осы тәсілмен сан рет шабуылға шықты. Бірақ бекіністі ала алмады. Ақыры күздің қара суығы басталған кезде, Сау- ранды тастап, Яссыға қайтуға мәжбүр болды. Бұқар жырау да осы оқиғаға арналған «Тас қамал» атты дастанын шығарып еліне қайтты. Әттең не керек, асыл мұрасын сақтап әдеттенбеген көшпелі ел бұл асылын да бізге жеткізе алмады.
Келер жазды күткен Батыр Баян жігіттері де бұ жолы елдеріне қайта алмай, Қазалыдағы Әбілқайыр Ордасына қыстап қалған.
Қабанбай батыр мен Гәуһар осы Кіші жүз жерінде қосылды. Бұлар неке қиярын азынаған дауылды түнде жау малын айдап алудан бастады.
Қазақтың ежелгі ата мекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласын, сар даласын Жоңғар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, ақ жорға борасын, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүние жүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қатты боран бірде-бір толастамады. Жау шауып сорлаған елге сопақ астау тап болды. Жығылған үстіне жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы, шөп жетпей, мың-мыңдап қырылды… Жоңғарлар бар табысынан айрылды. Ал қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды.
Жоңғар қырғынынан қазақ елі тек екі жыл өткен соң барып есін жиып, басқыншыларға қарсы тұруға жарады.
Ең алғашқы жеңісті Кіші жүздің Тайлақ батыры мен оның жиені — Ұлы жүздің Ошақты руынан шыққан Саңырақ батыр әкелді. Бұлар Бұланты мен Бөленті өзенінің ортасындағы «Қара сиыр» деген жерде Жоңғардың қалың қолын бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді. Көп жоңғар осы арада қаза тапты. Жоңғар мен қалмақты бір санайтын қазақ «Қара сиырды» енді «Қалмақ қырылған» деп атады. Бұл жеңіс қазақ елінің рухын көтерді, қанды кекке шақырды.
Жыл өткеннен кейін, үлкен бір айқаста, ауыл адамдары «Сабалақ» деп ат қойған, он сегіз жасар түйеші «Абылайлап!» ат қойып, жауын қашырып, бүкіл еліне «Абылай» деген атпен әйгілі болды. Сонда барып, Әбілқайыр хан бұл Абылай баяғы Бұқар жырау екеуі барлауда жүргенде кездестірген Төле бидің түйешісі әбілмансұр екенін білді.
Осы кезден бастап қазақ елі ел боп бірігіп, жоңғарға қарсы жаппай атқа қонды.
Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты артынан, жоңғарлар аңыраған «Аңырақай» жеңісі деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты», соңынан «Сұңқайтты» болып өзгерген ат қойды.
Бірақ қазақ елі бұл жеңісін ұлғайта алмады. Осы ұрыстан кейін Болат хан о дүниеге сапар шегіп, Үлкен Орда ханын сайлайтын жағдай туды. Түрік-мон- ғол дәстүрі бойынша «Үлкен Орда» ханы болуға тек бәйбішеден туған балалардың ғана хақы бар. Қазақ елі бұл дәстүрді берік ұстап келген. Ал Әбілқайыр болса Жәнібек ханның тоқал әйелдерінен тараған ұрпаққа жатады. Осы себепті жұрт Үлкен Орда ханы етіп, Болаттың шаңыраққа ие баласы Әбілмәмбетті сайлады.
Бұған намысқой Әбілқайыр ашуланып, бар әскерімен майданнан кейін шегінді. Өзінің Ордасын енді ол Қазалы қаласынан көшіріп, Торғай бойындағы арғын-қыпшақтың бас батыры, туған жездесі Шақшақтан шыққан Қошқар ұлы Жәнібектің жеріне іргелес Ырғыз өзенінің бойына әкеп тікті.
Болат қайтыс болғаннан бері өзін Орта жүздің ханы санаған, жетпіс бес мың жылқы біткен Сәмеке де қалың әскерімен Арқа жеріне беттеді.
Кермиық сары дала өлік тәрізді үрейлі, моладай азынаған суық. Ашулы жел қырдың құмды топырағын бетке әкеп ұрады. Ұшы-қиырына көз жетпес бозғылт шөлдің шетіндегі тақырда жел қуып әкелген адамның бас сүйектері жатыр. Атамзаманда қырылғандардың бастары, езу тұстары мен кеңсірік сүйектері мылжаланып қалған. Мүмкін, Шыңғысхан нояндары, әлде Әбілқайыр лашкарлары шапқан сыпайлардың сүйектері шығар. Құмда көшіп жүрген қазақ ауылдарын шүршіт жендеттері тұтқындағанда кескен бастар болуы да ғажап емес. Әйтеуір көне заман қияпаттарының қалдығы.
Ал бұл бастардың қатарында тағы бөтен бастар көрінеді. Бұлар әлі күнге күйіп, жаңбырға жуынып үлгірмеген. Күмәні жоқ, жоңғар қонтайшылары қырған адамдардікі. Әрі кетсе алдыңғы жылы болған қанды оқиғалардың куәлары.
Өгей анадай түнерген аспанға Бұқар жырау түксие қарады. Ол бүгін де сапарға жалғыз шыққан. Кейде осылай жалғыз жүру жыраудың әдетіне айнал- ған, өзімен-өзі сырласатын оңаша сәттер өткен-кеткенге көз жіберуге де қолайлы, алдағыны болжауға да ыңғайлы. Ал сар даласы болса, үстіндегі топырағын жел ұшырған адам сүйектерін алдына жайып тастап, желмен бірге халықтың ұзақ шежіресін боздап, жырау көңілін тыншытар емес.
Ымырт үйіріле бастады. Бұқар ай туғанша көзінің шырымын ала тұрмақ боп, атын тұсап тастап, ерін жастық, тоқымын төсек етіп, сексеуілдің түбіне қисая кетті. Бірақ гуілдей соққан кәрлі жел ұйқы бермеді. Жырау енді шал- қасынан түсіп, дәл үстінен қара қазандай төңкерілген қап-қара аспанға қарап жатып, халқы жайында мазасыз ойға шомды.
Көне заманда өткен арғы бабаларының жазу, сызу таңбалары әлдеқашан ұмытылған. Тек ел көкейінде олардың қайғылы армандары ғана қалған. Кім біледі, халық мұны да ұмытар ма еді, қайтер еді, тек зар жақ жыраулары ұмыттырмаған. Сөйтіп, ел шежіресі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған. Халықтың жырауларды төбесіне көтеріп құрмет тұтатын себебі де, сірә, осыдан болса керек. Бұқар жырау да солардың бірі. Сауран қорғанысы жайында жазған «Тас қамал» дастаны кейін сан ұрпаққа тарады. Осы дастаннан ұрпақтардың тағы бір білгені: жоңғар шабуылы басталмастан бұрын орыс саудагерлерінің әкеп сатқан мушкеттері мен оқ-дәрілері Сауран бекінісінің жауға берілмеуіне себепкер бол- ғаны.
Егер сол бір мушкеттер мен оқ-дәрілер қазақ еліне дер кезінде көбірек сатылса, шүршіт зеңбірегі тыныш жатқан елдің ойран-асырын шығара алмас еді. Әттең не керек, игілікті істің көбі — мезгілі өткен соң барып істеледі.
Жоңғар шапқыншыларына тойтарыс беру үшін, ең алдымен бар халықтың басын қосу керек. Ол үшін осы елді бөле-жарып жеке билеп жүрген, есіл-дерті хан тағына жету боп келген қаптаған сұлтан, би, шынжыр балақ, шұбартөс мықтыларды біржолата тізгіндеу арман. Мұндай қамал бұзарлық қасиет қандай ұлдан табылады? Бұқар жырау кенет басын көтеріп алды. Оның көз алдына баяғы өзі көрген Төле бидің жас түйешісі — жыртық шекпенді әбілмансұр тұра қалды.
Жоқ, қазір бұл әбілмансұр емес, Абылай. Және бұл қазір түйеші емес, бар қазақ даласына әйгілі жас сұлтан. Иә, оның алғашқы аяқ алысы да Шыңғыс тұқымына лайықты аяқ алыс еді. Өзін құлдықтан құтқарған Ораз құлды бауыздап өлтірді. Содан кейін барып, құлашын алысқа сермейтінін аңғартқысы келгендей, ана жылаған баласын уататын, қанішер атасының атын алды.
Бұқар жырау тағы күрсінді. Осынау қатал заманда осы Абылай тәрізді қатыгез адамның ел тізгінін ұстағаны, мүмкін, жөн де шығар?..
Құс ұшып өте алмас шексіз сар далада халықтың қаны телегей-теңіз боп тағы төгілгелі тұр-ау! Қазақ халқының алдында бір ғана жол бар. Ол — қан майданда баяғы бабаларынша аянбай шайқасу. Сол шайқаста жан беру, не ел болып, елдігін сақтап қалу. Басқа жол жоқ.
Ана жолы Әбілқайыр ханның өтінішімен Бұқар жырау Хақназар тұсындағы Ақ Орда шежіресін айтып берген. Сонда бір аңғарғаны — Кіші жүз ханы қан майдандағы халықтың ерлігінен көрі, хан тағының маңындағы тартысқа көбірек көңіл бөлген. Ал кеше жырау, Науан ұстаның тілегі бойынша, Сауран бекінісін өткен заманда қалай қорғағанын жыр еткенде, жұрт халықтан шыққан Қияқ пен Тұяқ батырлардың қимылын құныға тыңдаған. Бұқар жыраудың бір тұжыр- ғаны: хан, сұлтан, билерді қызықтыратын тарих бар да, халықты қызықтыратын тарих бар екен. Ол халықтың өз тарихы, өзінің арасынан шыққан, елі мен жері үшін күрескен қаһармандарының ерлігі.
Екінші бӨлім
І
Қазақ елінің батыс тұсында дәл қазір алып-жұлып бара жатқан бәлендей қорқыныш болмағанмен, солтүстік жағы тағдырына елеулі әсер етердей уақиғаларға толы еді. Ұшы-қиыры жоқ сұсты Сібір өлкесінде ежелден-ақ мал шаруашылығымен шұғылданатын, балықшылық пен аңшылықты кәсіп ететін түрік және монғол тектес көшпелі халықтар мекен ететін. Бірақ бұларда баяғы Түрік Қағанатынан кейін қалыптасқан мемлекет болмай келген.
Сол себептен о жаққа өзара ру таластарынан таяқ жеген қазақтың ер-азаматтары ғана емес, өз елінде жапа шеккен Қазан, Астрахань хандықтарының, көне Еділ бойы мен башқұрт, татар төрелерінің сан түрлі адамдары қашып барған. Со жақтан пана іздеген құл-төлеңгіттер, ұлтын айырып білуге болмайтын не қилы босқын тұтқындар, боярлар мен князьдардың қыспағына шыдай алмаған орыс жігіттері Сібір жерін атам заманнан әбден бауыр басып алған-ды. Бұлар аздай, патша ағзамның қиянатына шыдамаған кейбір орыс қара шекпендері ауыл-аймағымен Орал тауынан аса, тірі жан басып көрмеген Сібірдің мылқау түкпірлеріне қарай шұбыруды шығарған. Соңғы кезде әсіресе бұ жаққа патшаның әділетсіз заңы қыр соңына түскен, патша жандармдарының таяғы етінен өтіп, сүйегіне жеткен жәбірленген соқа басты адамдар да көп қашқан. Бұлар әр түрлі ұлттан еді, бірақ тез тіл табысып, заматта ұғысып кететін. Бәрі бірігіп, өздеріне казак деген ат қойып, тіршілік етуге кіріскен. Бұлар көне қазақ елінің атын алғанда, өздерінің сол жауынгер көшпелі елдің ешкімге бағынбайтын еркін салтымен өмір сүретіндерін аңғартқан. Олардың жасақтағы бағыну тәртібі де қазақтың көне кездегі өз батырларына ғана бас иетін әдеттеріне ұқсас еді.
Осындай, әрқайсысының жеке атамандары бар ондаған, жүздеген жасақтар көшпелі елдердің аламандары тәрізді көршілерінің малын барымталап, бай саудагерлердің керуендерін тонап, тіпті болмаса бірімен бірі айқасып, ұшы-қиыры жоқ еркін далада ойларына келгенін істеп жатты.
әйткенмен, бұлар ежелгі көшпелі елдермен араласып, біртіндеп отырықшы жұртқа айнала бастаған. Сөйтіп Сібір жері ерте кезден-ақ ұлы Россияның бір бөлегіне айналды. Бертін келе орыс патшасы бұдан түсер пайданы бірден ұқты. Ұшы-қиыры жоқ Сібір жерін тек әскери күшпен билеудің қиындығын түсінген ақ патша, енді осынау бас кесер өжет казак жасақтарын өз саясатына жұмсауды ойлады. Осылар арқылы бүкіл Сібірді өз қолына алмақ болды. Енді оларды шекара күзету ісіне де пайдалануға кірісті.
Осы кезде, бүкіл Сібір жерінде Строган деген кісінің аты жер жарды. Бұл Сібір жерін ақ патша қанауға берген Строганов саудагердің есімі еді. Ол бүкіл Сібірдің шетіне сауда қалаларын, қоймаларын сала бастады. Сол қоймаларды және жан-жаққа жүргізе бастаған сауда керуендерін қорғауға Строганов тек казак-орыс жасақтарын пайдаланып қойған жоқ, көршілес қазақ ауылдарының көп жігіттерін де жалдады. Бұл қазақ жігіттері Сібір саудагерлеріне қазақ елінің жылқысын, қойын, жүн-терісін бірінші сатушылары болды. Әрине, орыс шекарасындағы саудагерлер қазақ елінің өлі затын тым арзан бағамен алды, бірақ бұл сауда-саттық дала жұртына тек Бұхар, Хиуа, Үргеніштерге ғана емес, өзімен шекаралас орыс еліне де өзінің артық малын, шикізатын сатуға мүмкіндік берді. Осындай сауда жолы арқылы, қазақ халқының орыс елімен алғашқы қарым-қатынас әрекеттері басталған.
Ал Жоңғар әскерінің қазақ жеріне енуі тек қазақ халқына ғана емес, онымен көршілес елдерге де қиын тиді. Сібір қалаларында суық желдің лебі сезілді. Қырғыздар тау арасына қашуға мәжбүр болды. Қарақалпақтар ығысып, қазақтың босқын ауылдарына қоныс берді. Жоңғарларды енді Ташкенттен бері қарай аттанар деп қауіптенген өзбектердің де берекесі күні бұрын кетті…
әсіресе бұл жағдай Еділ бойындағы қалмақтарға қиын тиді. Еділ мен Жайық бойындағы қазақтардың жайылымын басып қалуды арман еткен қалмақтар, Жоңғар шабуылының алғашқы кезінде қазақтардың ойраттардан жеңілуін тілеген-ақ еді. Бірақ бұл үміттері ақталмады. Жоңғардан шегінген қазақтар малына жайылым іздеп, енді Еділ мен Жайық өзенінің бойына қарай беттеуге шықты. Ал Россия саясатшылары күншығыс-оңтүстік жағындағы қазақтың ұлы даласында болып жатқан уақиғаларды сырттай бақылаумен болды. Россияның бұл кездегі әрекеттері өзге кездегісінен тіпті басқаша келді. Оның әр қимылында енді сабырлылық, алыстың артын бағушылық байқалды.
әрине, қазақ елінің басына қара түнек туған қилы кезеңде, күншығысынан Жоңғар әскері, күнбатысынан — Еділ бойындағы қалмақ нояндары, солтүстігінен башқұрт бекзадалары, оңтүстігінен Орта Азия хандары қазақ даласын борша-борша етіп бөліп алса — Россия секілді ұлы мемлекет өзінің қомақты үлесін, арыстан үлесін, өзгелерден әлдеқашан тартып әкеткен болар еді. Сөйтудің қазір де кезі келіп тұр. Сөз жоқ, Бірінші Петрден бұрынғы Россия патшаларының қайсысы болса да дәл осылай істер де еді. Ал, Бірінші Петр патшадан бастап Шығыс істеріндегі Россия саясаты басқаша құрыла бастаған. Бұл терең де және алысқа қол сермеген саясат еді. Оның көп шешімдері сонау төрт мұхиттың жағаларына бірдей қанат жайған өзге ұлы мемлекеттердің саясаттарымен қат-қабат келіп түйісіп жатқан. Сол себептен Россия, Азияның жүрегі — Орта Азия- дағы әрекеттерін әзірге достық қарым-қатынас пен сауда-саттықты жөндеуге жұмсап, алдағы болашақ уақиғалардың табиғи шешімдерін күтуде еді.
Бірақ бұл саясат қазақ елін басып алуға шыққан жоңғар шабуылын тоқ- татқан жоқ. Қазақ елі батысынан да, шығысынан да тікелей жәрдем ала алмады. Тек өз күшіне сенуге тура келді.
Бөгенбай батыр қатты толқу үстінде еді. Ол ауыл сыртына шығып, көп жүрді. Қазір, міне, төбе басында отыр. Ой-қиялы сан саққа жүгіріп, көз алдынан Жоңғар шабуылы басталғаннан бергі талай шайқастар елестеп өтті, әсіресе Шұно-Дабо ноянмен екеуінің арасындағы айқас есінен кетпеді.
… Құз басына біткен шынардай, мызғымас берік Бөгенбай атының басын кейін бұрып алды. Астындағы омырауы есіктей биік күрең айғыр, орағыта бұрылды да, тұяғының астындағы құмды ошақтай ойып, қайтадан шапты.
Нардай ақ боз текежаумыт мінген Шұно-Дабо ноян да атының басын бұрып үлгірген екен. О да азынатып келе жатыр…
Бөгенбай мен Шұно-Дабо аттары үзеңгілесе тақалып кеп қалғанда, қолдарындағы бұзаубас қара шоқпарларын біріне-бірі тағы сілтеді. Бұ жолы шоқпарлардың шойын бастары біріне бірі дәл тиді, аямай ұрған қос батырдың алып күшіне шыдай алмай қыл мойындарынан шорт сынып, екі жаққа ұшып түсті.
Аттарының басын қайта бұрып, екі батыр бір-біріне қарсы ұмтылғанда, бұлардың қолдарында енді сала құлаш көк құрыш алдаспандары жарқ-жұрқ ойнады. Үзеңгілес келіп екеуі алдаспандарын қатар сермеді. Бірақ қылшылдаған көк құрыш қанша қан сағынғанымен, екі батырдың денелеріне дарымады. Бірінің жүзіне бірі тиіп, шақ етіп өте берді. Батырлар аттарының басын бұрып алып қайта шапты. Бұл жолы олар ақ көбік атып, қара терге малынған жүйріктерін бір орнында шыр көбелек ойнатып, ұзақ уақыт қылыштасты… Ақырында алдаспандарының жүздері майырылып, екеуі де бұл алыс-жұлыстан айнып шықты. Екі батыр ең алғашқы кездескен беттерінде-ақ садақ тартысып, найза салысқан. Садақтарының жебелері шынжыр сауыттарын бұзып өте алмады. Ал найзаларының сүмбіл ұштары болат қалқандарына шақ-шұқ тиіп, тез-ақ майы- сып, істен шығып қалды.
Осындай бірін-бірі жеңе алмаған теке-тірес, биенің екі сауымындай уақытқа созылды. Өздері де әбден әлсіреп, қара терге малынды, аттары да болдыруға айналды.
Енді бұлар аттарынан созыла түсіп, қылшылдаған ақ семсерлерін жалаңдата бір-біріне қарсы жаяу ұмтылды. Тең күш бұ жолы да бірін-бірі жібермеді. Қарулы қолдардың сығуына шыдаспай, алақандары жазылып, болат қанжарлар жерге сусып түсіп, ақыры бұлар қоян-қолтық алыса кетті. Тобықтан келетін жұмсақ құмды кешіп жүріп, бірін-бірі жамбасқа да алды, іштен де шалды, көтеріп ап жерге де ұрды. Бірақ бұдан да ештеңе шықпады. Пара-пар келген алып күш бірін-біріне жеңдірмеген. Күн шыға алысқан қос арлан сәске ауған уақытта ғана барып, әбден дымдары құрып, екеуі екі төбешік құмның үстіне әлсірей құлады. Біріне-бірі алдырмайтынын сезген қос батыр майданға қайта шықпады. Орындарынан тәлтіректей түрегеліп, анадай жерде тұрған аттарына кетіп бара жатып, уәделескендей екеуі де бірдей кілт тоқтап, арттарына қарады.
— Бөгенбай батыр, — деді Шұно-Дабо, — жекпе-жек алысып көрдік, екеуміздің де арымыз таза. Ендігі жерде кімде-кім жолын табады, сол өлтіреді. Абайсыз жүріп, қапы қалма!
— Жарар. Сен де арманда кеттім деме!
Осыдан кейін екеуі аттарына мініп, бірі күншығысқа, екіншісі солтүстікке қарай желе жортып кете барған.
Бұл екеуінің арасындағы өшпенділік, жас Шұно-Дабоның қазақ жеріне ең алғашқы шабуылға шыққан кезінен басталған. Содан бері бұлар сан айқаста бетпе-бет кездесті. Бірақ бірін-бірі жеңе алмай-ақ қойды. Бойға біткен алып қуат пен ызалы кек ақыры әкеп жекпе-жекке шығарды. Бірақ бұ да ерегес бәсін шешпеді.
әйткенмен қастасқан қос батыр бес жылдан кейін қайта кездесті. Арыс пен Бадам өзенінің арасындағы адырлы, бұйратты ойлы-қырлы кең дала Үш жүздің атты әскеріне лық толған. Бадам өзенінен бес шақырым жердегі «Орда басы» деген биіктің үстінде қазақ жасақтарының қолбасшысы — ақ боз атты Әбілқайыр тұр. Алды да, арты да, көз жеткен жерге дейін, алақандағыдай айқын көрінеді. Күнгей жағында қара бұлттай тұтасқан жоңғар әскері. Бәрінің алдында Шұно-Дабо ноянның өзі. Тау етегінде есік пен төрдей қара көк сәйгүлік мінген Бөгенбай. Екі көзі әскерінің алдында жүрген Шұно-Дабода. Сәске көтеріле дабыл ұрылды. Екі жақ бірдей лап қойды.
Бұ жолы ұрысқа отыз мыңдай жауынгер қатысты. Соғыс бесінге дейін созылды. Адам қаны тағы да судай ақты. Тағы сан ана баласыз, сан бала әкесіз қалды. Бұл Аңырақайдан кейінгі ең үлкен айқас еді. Қазақтар бұ жолы да жоңғар әскерін оңдырмай жеңді. Күн ұясына қона жоңғар әскері Бадам өзенінің арғы бетіне қарай қашты. Міне, осы арада Бөгенбай мен Шұно-Дабо тағы кездесті. Бұлардың бұ жолғы кездесуі ұзаққа созылмады. Әдісін тапқан Бөгенбай, жоңғар ноянының дәл қолтығының астынан көк сүмбілі найзасын мықтап қадады. Қолтық астының сауыты жұқалау еді, ұшы біздей көк құрыш Шұно-Дабоның өңменіне бір-ақ жетті. Ноян ат жалын құшып қалды. Жерге құлап та түсетін еді, иесінің тізгінін босатып жібергенінен бір сұмдықтың болғанын сезген қара айғыр мол сулы, көбік атқан Бадамға күмп берді.
Қолтығынан шапшыған қызыл қаны ат жалын бояған Шұно-Дабо кенет есін жиды. Арғы бетке таяп қалған екен. Бұның келуін күтіп жағада тұрған немере інісі Қалден Церенді көрді. Қолында шойын басты шоқпары. Шұно-Дабо жанталасып атының басын кейін бұрғысы келді. Бірақ сол сәтте есінен қайта танып кетті. Астындағы айғыры қос аяғын жар ернеуіне зорға іліндіріп, арғы бетке шыға берді. Сол сәтте Қалден Церен де шойын шоқпарымен Шұно-Дабоның дәл маңдайынан қос қолдап кеп ұрды. Миы бұрқырап, басы күл-талқан боп ұшып кеткен ноянның денесі ат үстінен сырғып, сұрғылт толқынға күмп етті. Көбік атып бұрқыраған асау ағыс тірісінде қолы жетпеген қазақ жеріне енді оның өлігін алып кетті.
— Бар! Бар! — деді Қалден Церен, сұрғылт суды қызыл қанға бояп ағып бара жатқан өліктің сыртынан шоқпарын білеп, — көр енді алтын тақтан дәметіп!
Сөйтті де күншығысқа қарай шаба жөнелді. Өзен жағасынан ұзай бере, оған басқа бір ноян қарсы кездесті.
— Шұно-Дабо баһадЇрді көрмедіңіз бе? — деді ол. — Аты әскер соңынан шауып барады… Жау қолынан қаза таппаса игі еді.
— Қаза тапса естілер еді ғой, — деді Қалден Церен. — Аты бос кетіп бара жатса, өзі қазақ арасында қалған болар…
Қалден Церен артына бұрылып қарамастан, атын тебініп жүріп кетті.
«Шұно-Дабо қазақ жерінде қалып қойыпты» деген аңыз, міне, осылай туған.
Бөгенбай батыр халқын қан-жоса еткен қасынан, Қалден Церен өзінің Жоңғар тағына бәсекелес туысынан осылай құтылған.
Төбе басында отырған Бөгенбайдың есіне енді Бұқар жырау айтқан бір әңгіме оралды. «Осы біздің Бұқар шынында әулие ғой!» деп ойлады ішінен. Ол сонау «Ақтабан шұбырынды» кезінің өзінде-ақ: «Біз жоңғарларды түбінде жеңеміз» деп еді. Сол айтқаны дәл келді.
Шұно-Дабо өлген ұрыс шынында да, Жоңғар басқыншыларының қазақ қолдарынан мықтап тойтарыс алуының басы еді.
Тәуке ханды өз көзімен көрген Бұқар жырау бірде жорықтан келе жатып, бұған:
— Есіңде болсын, құртамын деп қылышын сүйретіп келген жау, әрқашан да өзіне сол жерден ажал табады. Халқы қоштамаған әділетсіз соғыс, түбі, Жоңғар қонтайшысының күйреуімен бітуге тиіс.
— Сыбан Раптанның бұл шабуылын халқы қолдамай отыр ма?
— Қолдаса, соғыстан олжа табам деп, бала-шағасын шұбыртып, бар жоң- ғар осы маңға көшпес пе еді?.. Қазақ жеріне қонтайшыларының дүмпуімен тек әскері ғана келді… Бірақ басқыншы әскер, қанша айбарлы болғанменен, жат жерде ұзақ орнығып отыра алмайды. Халқы жақтамаған соғыс қашан да шапқыншылардың күйреуімен біткен. Бұл — тарих қағидасы. Әттең не керек, ел басқарушы күштілер сол тарихи сабақты естерінен шығарып алады. Басқаны былай қойып, қазақ хандарының кейбіреуі бөтеннің жерін басып алам деп жүріп, сол жат жерде қаза тапқан.
— Сіз кімді айтып отырсыз? Сонау көне заманда болмаса, өзім ес білгелі қазақ әскері бөтен елді шапты дегенді естігем жоқ.
— Естімесең мен айтайын, тыңда.
Бөгенбай қоржынын шынтағының астына сап, ыңғайланып жатты. Бұл әңгіме Жоңғар қолын аңдыған бір үлкен жорықта болған. Жырау Хақназар хан өлгеннен кейінгі хикаяны бастап та кетті.
— Ер азбай, ел азса — айдын көлдің суалғаны. Ел азбай, ер азса — зор бәйтеректің құлағаны, — деп бастады Бұқар жырау қазақ елінің ұлы шежіресінің бір тармағын. — Бәйтерегің құласа — ағаш орнына ағаш өседі. Айдын көлің суалса немен толар есесі? Ер бұзылса да ел бұзылмасын. Бұзылғанды түзетеді. Түзелмесін жер етеді.
— Тәуекел сұлтан Абдолла ханнан қашқан бетімен, — деді ол сөзін жалғап, — Талас өзенінің бойындағы Дулат еліне келген. Мұнда Есім сұлтанның шешесі, Шағайдың өзіне ермей қалған бәйбішесі Балғайым Бикенің аулы бар еді. Содан кейін Тәуекел қайын жұрты Қараспандағы Қыпшаққа барды. Одан Сарайшыққа сапар шекті. Мұнда әмеңгерлік дәстүрімен, Хақназардан айрылса да, әлі де болса толықсып отырған Ақторғынды тоқалдыққа алды. Ақыры, адуынды Балғайым Бикенің ықпалы жүретін Жетісудың теріскей өңіріндегі Ұлы жүздің рулары мен Ноғайлы, Қыпшақ, Қоңырат билерінің қолдауы арқылы арада үш жыл өткенде Үлкен Орда тағына хан боп көтерілді.
— Қазақ елі Тәуекелдің өткен күнәсін кешіріп, Үлкен Орда төңірегіне шоғырлана бастады, — деді Бұқар жырау. — Өйткені оған басын қосар ер керек еді. Ойпатты тасқын басқанда, не орманды өрт алғанда қасқыр мен қоян, бұғы мен жолбарыс апаттан құтылмақ боп бірге қашады. Қазақ елі ол кезде осындай жағдайда еді. Жан-жағынан қаптаған жаудан құтылудың жолы — тағы да тек бас бірлігі. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір ердің соңынан еру қажет болатын. Ондай адам Абдолла жағындағы әкесі Шағайдан бөлінген бақ-дәулетке қарамаған ер азамат Тәуекел. Осылай деп бекзадалар халықты ұғындырған. Осылай деп бүкіл туған-туысы, аға-інілері де дәріптейді. Жалғыз қауіп Шағай болса, о да жақында дүние салған.
Бұл кезде, әрине, Бұхар ханы Абдолла да текке қарап жатпады.
Бұхарға қарсы көтерілген еңбекші жұртты қанға бояп, басты. Хандығының оңтүстігіндегі Бадахшанды, батысындағы Қорасан, Гилян, Хорезмді өзіне біржолата бағындырып алды. Шығыс Түркістанға аттанып, Қашқар мен Жаркентті аямай шауып, көп мал-мүліктерін олжаланды. Енді алдында Сырдың орта және аяқ шеніндегі қалаларды бағындыру ғана қалды.
Осы екі арада Абдолла хан мен оның баласы әбді-Мумин арасында бір хандықты екіге бөлген араздық қаулап кетті. Абдолла хан болған күннен бастап, әбді-Мумин бүкіл Балхыны меңгеріп келген. Оған енді бұл билік аз көрінді, бүкіл хандықты билегісі келді.
Сөйтіп Бұхара хандығының күші екіге бөлінді.
Осы жағдай енді қазақ хандығының күшеюіне, Түркістан саясатына тікелей қатынасуына көп көмек берді.
Сөйткенмен де қазақ даласының халі қиындай бастады. Қытай боғдыханы айдап салған Жоңғар әскері қазақ ауылдарын шабуды үдетті. Сан түрлі жауыздық әдіс қолданып, Қытай саясаткерлері көшпелі халықтардың арасына от жағып, біріне-бірін айдап салып, олардың шұрайлы жерлерін өзіне ала берді. Өзара айқаспен қалжырауға айналған бұл халықтар Қытайдың тәртіпке қойыл- ған әскерлеріне ұзақ қарсылық білдіре алмады. Қытай айдаһары созыла жылжып, қазақ жеріне түсті.
Ал құбыласы мен теріскей жағынан дәл қазір төніп тұрған қауіпті Тәуекел хан көрмеді. Түбі Қытай боғдыханымен, Жоңғар қонтайшысымен алыса қалар күн туса, бұл жақтағы айбарлы көршісі Россияның керегі болар деп ойлады ол. Тіпті Абдолламен соғысқан кезде де орыс патшасының тыныш жатқаны қажет-ақ. Осы жағдайларды есепке ап, ол Түменге өзінің немере ағасы Оразмұхаммед батырды елшілікке жіберді. Бірақ Оразмұхаммед Түмен қаласына барған соң, осы қаладағы Мәскеуге қарсы әрекет жасап жүрген Ноғайлы билерінің тобына қосылып кетіп, қолға түскен. Орыс патшасы тұтқындарды айдап Мәскеуге алып келіп, Ноғайлы елінің билерін өлім жазасына бұйырып, «Джамши әл-тарихиды» жазған Жалайыр Қадір әлби мен Оразмұхаммедті тірі қалдырады. Оразмұхаммедтің әкесі Борис Годуновтың қарамағында біраз жыл қызмет істеп, патшаға еңбегі сіңген адам еді. Сол себептен оның баласына тимеген. Ал Тәуекел хан немере ағасы Оразмұхаммедті босатып аламын деп көп әрекеттенді. Мәскеу патшалығымен келісім сөз де жүргізді. Елшілік те жіберді. Бірақ патша Оразмұхаммедті босатпады да және өлтірмеді де. Ақырында орыс жеріне қуылып барып, қызметімен ұнаған Тоқтамыс ханның немересі Қасым сұлтанның аты берілген Касимовка (Кармек-Шахар) қаласына Оразмұхаммедті әмірші етті. Енді Тәуекел хан тыныш жатқан жолбарыстың құйрығын басқысы келмей, Мәскеу патшасы Борис Годуновпен тіл табуға тырысты. Бұған Оразмұхаммед те аз жәрдем берген жоқ. Құбыласы тынышталған Тәуекел, әкесі мен баласының арасындағы өшпендікті пайдаланып, Абдоллаға қарсы соғыс ашпақ болды. Әрине, соғыс ашуға хандарға қашан да болса себеп табылады, түбі Сыр бойындағы қазақ шаһарларына туатын қауіп осы хан жағынан туады деп сенген Тәуекел. Содан кейін барып, қазақ жеріне көзін тіккен Қытай, Ойрат хандықтарымен алыспақ болды.
— Яссы шаһары бұл кезде Түркістан шаһары деп аталған. Тәуекел ханның астанасы да осы Түркістан. Хан сарайы Қожа Ахмет Яссауи мешітінің күншығыс жағында, қалың бау-бақшаның арасына салынған. Күйген кірпішке сан түрлі бояумен әшекейлеп жазылған құран сүрелері, сырлы әдемі өрнектер. Оңтүстіктің аңызақ ыстық желі еш әсер ете алмас, қалың қабырғалы кең бөлмелер. Түркістан хан сарайы Самарқант пен Бұхар патша сарайларындай алтын күмбезді, айбарлы болмағанмен, біркелкі сыпайы, салтанатты.
Ал қазір, жасыл төккен майдың сәулетіне қарамай, соғысқа дайындалған қала әдеттегісінен бір түрлі суық, ызғарлы. Жасақ жалғыз Түркістан ішінде ғана емес, сонау Қарнақ пен Сукенттен бастап, Түркістан маңындағы дих, қышлақтардың бәріне де лықылдап толған. Ақ Жайық, Есіл, Нұрадан келген жуан қоныш батырлар, Жаркент, Ақсудан да келген Қытайы қылыш безенген жауынгерлер.
Кеше хан кеңесі болған. Бұл кеңесте Тәуекелдің қарамағындағы қалың әскер үш сапқа бөлініп, Абдоллаға күш жинауға мүмкіндік бере алдымен Ташкентке, онан кейін Самарқантқа аттанылсын деп шешілген. Бұл қалаларды алғаннан кейін барып Бұхар ханымен келісім сөз жүргізілсін делінген.
Түркістаннан шығатын әскердің басшылары әрине хан тұқымынан болмақ: оң қолын Тәуекелдің інісі батыр Құджек, сол қолын қазір жиырмаға жеткен, жұрт: «Еңселі бойлы ер Есім» деп атай бастаған Есім сұлтан басқармақ. Әскердің ортадағы кіндік қолының туын Тәуекел хан өз шатырына тікпек. Осылай үш тісті өткір айырдай қалың қол Ташкентті қоршамақ. Бұндай жағдайда қандай үлкен шаһар болмасын, тек өз күшімен ғана қарсыласа алады. Оларға сырттан жәрдем келмейді. Ал Абдолла әскерінің дені жалдама әскер. Сан түрлі ұлттың қанқұмар, бұзық, тентектерінен құрылған. Бұндай жалдама әскердің өзінен күшті қолға қарсы жанқиярлық көрсете қоюы екіталай. Оның үстіне қала тұрғындары Бұхар хандығының ауыр алым-салығынан әбден жадап-жүдеген. Бұған шыдай алмаған шаруалар қатын, баласын шұбыртып қазақ даласына қарай қашатын. Абдоллаға бір кезде қызмет істеп, Бұхар жұртшылығының қандай ауыр күйде екенімен жақсы таныс Тәуекел, Ташкент, Самарқант жатақтарына: егер шаһарлары бұған көшетіндей күн туса, алым-салықтан мүлдем босатамын деп уәде берді. Бұ да қала тұрғындарының бірігуіне ірткі салды.
Жеңіс өз жағында болатынына көзі жеткен Тәуекел ғибадат бөлмесіне кіріп, Ақторғынның төсегінде ұйқысы қанып шыққан.
Бірақ таңертеңгі асқа отырар алдында оған тағы бір жаман хабар жетті. Ол өзіне серік адамдардың бірде-бірін шақыртпай, хан сарайына Жиембет жырауды алғызды.
Таңертеңгі намазын оқып, шайын ішіп хан сарайына келсе, Жиембет жырау есік алдындағы бауда күтіп отыр екен.
Тәуекел уәзіріне:
— Жырау кірсін, — деді.
Бұл баяғы ұстай қалсаң шоқтай күйіп тұрған Жиембет емес. Түрі солғын, отыздан жаңа асып бара жатса да қою қара сақалына ақ түсе бастаған. Басындағы бөркі де жас кезіндегідей қып-қызыл қыр түлкісінің терісінен көмкерілмеген, сұрғылт жүнді Қаратау қарсағының пұшпағынан жасалған. Үстіндегі шекпенінің де жағасы мен жеңдері қырқылған. Тек үкілі домбырасы ғана жап-жаңа. Сірә, хан ордасына Қазықұрттан жол шегерінде домбырасын әдейі жаңартқандай…
Жиембет сарай жырауы болғысы келмеген. Ол Індір маңынан Қаратау тұсына көшіп келгенмен, хан ордасына анда-санда ғана қатынап тұратын. Келген сайын Тәуекел оған ат мінгізіп, шапан жаптыратын. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, Тәуекелдің өзі қашқын болып жүрген кезінде жас Жиембет оның соңына ерді. Ноғайлы жерінде Тәуекелді алғашқы мадақтаған да осы Жиембет. Жыраудың одан басқа да Тәуекелге керек жері бар.
Жиембет жырау қызық адам. Ол Тәуекел хан болған күннің ертеңіне жоқ болып кетті. Соңынан хан жіберген қуғыншылар, жырауды әрі-бері іздеп таба алмай қайтқан. Сол Жиембетті екі жыл өткеннен кейін әлдекімдер қол-аяғын қыл шылбырмен матап, Тәуекелдің алдына алып келді. Тексерген уақытта оқиға былай болып шықты. Еліне қайтқан Жиембет Байұлы руының атақты бір шонжарының он жеті жасар Есенбике атты қызымен көңіл қосады. Астындағы жал- ғыз аты, қолындағы екі шекті домбырасынан бөтен қалың мал төлер қайраты жоқ Жиембет Індір тауына қызды алып қашады.
Қанша от ауызды, орақ тісті болғанменен, жырауды өзіне тең көрмей бай жігіттерін жіберіп, қызы мен Жиембетті ұстап әкелдіреді. Бірақ жыраудың Тәуекел ханға жақындығы барын естіген қыз әкесі ата ғұрпын бұзған ақынын өзі жазаласын деп, қол-аяғын байлап хан алдына алып келген.
— Иә, сөйле жырау! — деген, Тәуекел күрсініп Жиембетті көрісімен.
— Қол-аяғы байлаулы жырау қалай сөйлейді? — деді Жиембет ханға тесіле қарап.
Тәуекел жігіттеріне «босат» деген ишарат білдірді.
Босанған Жиембет керегеге сүйеулі тұрған хан домбырасын алып, шырқай жөнелген:
«Үш ай тоқсан кезінде.
Қақ көктемнің кезінде
Қошқар менен бура мас,
Айғыр менен бұқа мас.
Жас болжамы жеткенде
Қыздар менен жігіт мас —
Сол мастықтың жөнімен
Алдыңа келген мен бір жас, —
Кессеңіз, ханым, міне бас!»
Сонда Тәуекел езу тартып:
— Қыз бен жігіт екеуі де айыпты екен, екеуі де жастыққа мас болған екен, — деген қыз әкесіне қарап, — екі балаңды бірдей дүрелеп, байеке, елге жақсы ат ала алмассыз, болған іс болып қалған екен, бұларды айырғанмен, сынған тобатай қайта бүтінделмес. Бір жолға күнәсін кешіріңіз.
Жазадан құтылғанмен байдың ашуынан сескенген Жиембет сүйген жары Есенбикемен Індір жағына бармай, Қазықұрт маңындағы ел арасында қалып қойған. Ол той-думанда тек жарлының жоғын жоқтап, халықтың сүйікті жырауына айналған. Кеше хан кеңесі кезінде Үстірт жағынан Тәуекелге көмекке келген Кіші жүздің шағын қолының ішінде Жиембет жырау да бар дегенді Тәуекел естіп қалған. Ел аралаған ақын, жыраудан қарамағындағы жұрттың өзіне деген ойын, алғысын, қарғысын біліп тұру хандардың қашаннан бергі әдеті. Осы дәстүр бойынша «халық құлағы, көзі» деп саналатын жырауды өзіне шақырып, жорық алдында жұрт аңысын білгісі келді.
Амандасып болғаннан кейін Тәуекел:
— Сөйле, жырау! Біздің жорығымыз жайында ел-жұртың не деп жатыр? — деді.
— Қуанышты ел-жұртты көрмедім…
— Айта бер, жырау.
— Бізге бөтен елдің жері керек емес деп жатыр жұртың. Бұхар, Самар- қантты аламыз деп — халықтың қанын төгу қиянат, хан мен сұлтандардың бұл әділетсіз жорығын қостамауымыз керек. Алда-жалда Ташкент, Самарқанттағы хан сарайлары керек болса, сұлтандардың өзі барып соғыссын дейді хал- қың. Расында да, Тәуекел хан, сен жақсылыққа бастап отырған жоқсың. Соңыңнан жұрт ерсе, өз елін, өз жерін қорғаймын деп ерді. Ал сен… Бұл бүліншіліктің аяғы неге барып соғатынын білесің бе? Енді өзбек қалалары ғана өртеніп қоймайды, қазақ даласын да өрт алады!
Хан сұп-сұр боп кетті, бірақ сыр берген жоқ.
— Айтарың болса тағы айт!
— Қыс ұзаққа созылса мал қырылады, хан ием. Далада иін-тірескен шөпті шабудың орнына, ер азаматтарың соғысқа аттанғалы жатыр. Бұдан жұртыңа қандай пайда бар?
— Айт, айта түс, жырау!
Жиембет кілт тоқтады.
— Жоқ, мен болдым, — деді. — Сен бұйырсаң да хан ием, бұл сөзді айтып жүрген адамдардың атын мен саған естіртпеймін.
— Естіртіп қажеті жоқ, — деді Тәуекел езу тартып, қазір оларды өз көзіңмен көресің… Сөздерін өз құлағыңмен естисің…
— Сосын!?
— Олардың күмәндануы дұрыс па, төрелігін өзің айтасың…
Тәуекел есік алдындағы күзетшілерге ишарат етті. Сол сәтте есіктің ар жағынан шынжырдың шылдырлаған үні естілді.
Аздан кейін он шақты күзетші қоршаған екі батыр үйге кірді. Аяқ, қолдары кісендеулі. Жиембет жыраудың жүрегі ойнай жөнелді. Бұл атақты егіз жігіт Қияқ пен Тұяқ еді. Жақында ғана хан екеуін мың басы еткен. Тәуекел Ақ Орданың қалдығын жинап, қазақ хандығын қайта құрғанға дейін, екеуі де оған аянбай қызмет етіп келген. Тәуекел Қияқ батырға өмір бойы борышты да еді. Сөйткен қос батыр, міне, енді хан алдында айыпты боп, кісендеулі тұр.
— Жорық алдында халық арасында сенімсіздік туғызып, әлгі сөзді айтып жүрген ерлерің, міне, мыналар, — деді Тәуекел, — «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деген де, міне осы! Қан майданда қан төгілсе тек құлдардың ғана қаны төгіле ме? Айқаста ажал қарасың ба, төресің бе, таңдап жатпайды. Қан төгілмей хандық құруға болады дегенді кім айтқан?!
Жиембет бар сырды бірден ұқты. Еңгезердей күзетшілердің ортасында шоқтығы анағұрлым биік қос батыр тапжылмай тұр. Қол-аяқтары кісендеулі. Сонда да тәкаппар бастарын төмен иер емес. Осындай ұлы жорықтың алдында Қияқ пен Тұяқ секілді халықтың сүйікті батырларын біржолата құртып жіберуге Тәуекелдің де көңілі дауаламаған.
Хан ишарат етті. Күзетшілер үйден шығып кетті. Сонда ғана Тәуекел:
— Егер сендерді бұрыннан білмесем, сөздеріңнен Абдолланың алтын ақшасының сылдыры естіледі дер едім… — деді қос батырға ренжи қарап.
— Біздің мына ақылсыз бастарымызды бірден алдырып тастамағаныңызға рақмет, тақсыр хан, — деді Қияқ батыр. Оның даусынан мысқыл білінді.
— Басымыз алынбай қалады деп қорықпаңдар! — деді Тәуекел кекесін сөзге кекесін жауап қайтарып. — әйтсе де, Абдоллаға неге сонша жандарың аши қалды. Қияқ? Соны айтшы?
— Біз қазақпыз, хан ием.
— Иә?
— Қазақ болғанда жай қазақпыз. Бізге басқаның жерінің мүлде керегі жоқ.
— Ал Абдоллаға ше?
— Келіп көрсін. Біздің шаһарларымызды аламын деп екі рет келді емес пе, одан не шықты? Оны өзің де білесің. Ал бізге басқа елдің қаласының керегі жоқ. Мұны жалғыз біз емес, қарамағыңдағы барлық жұрт айтады.
— Дәшті Қыпшақ елінің жорықтарын ұмыттың ба, Қияқ батыр? Еліміздің ерлігі көне жырлардың бәрінде де айтылған. Ата-бабамыздың атын естігенде, сонау Стамбул, Рум дірілдеген!
— Ол хандардың жыры, хан ием.
— Ал атағы ше?
— Ол хандардың атағы, хан ием!
— Бәрін бізге бергенде, өзіңе не қалды?
— Ата мекен жерім қалады! Оған қоса сонау менің қараша үйімнің жанында жайылып жүрген елу қой, төрт түйе, жауға шабар бір жүйрігім қалады! Со да жетеді маған. Ал егер жұт келіп, сол күн көрісімнен айрылсам, менің үй ішімді еш ханның атағы аштықтан алып қала алмайды. Тіпті қос мүйізді Ескендір Зұлхарнайынның атағы да!
— Ал Тұяқ батыр, сен не дейсің?
— Біздің бәріміздің тілегіміз бір. Өзбектің де, қазақтың да, қырғыздың да. Ташкентте жақыны жоқ Түркістан тұрғындарын кездестіре алмайсың. Өз күнін өзі әзер көріп жүрген Бұхар ұстасын жалғыз атты Тұяқ барып шапқанда не табады?
— Тек Бұхар ұстасын ғана шабамысың? Қолыңды қышытып жүрген хан сарайын да тонайсың ғой.
— Одан маған не тиеді? Хан сарайының мүлкі — хандардың үлесі…
Ханның жарылып кете жаздап ашуланғанын Жиембет жырау көріп тұр. Тәуекелдің бетінен қаны қашып, отты көзі ұшқын атады.
— Соғыс бола ма, болмай ма, оны сендер емес, хан шешеді, — деді. — Тек мынаған ғана жауап беріңдерші. Ташкентте де туысымыз бар дедіңдер ғой жаңа. Ал сол Ташкенттен қазақ жеріне жүздеген адам неге қашады?
— Ол жақта бір кедейдің терісін екі рет сыпырады, ал мұнда…
— Тоқтама, аяғына дейін айт!
— Ал мұнда бір жарым рет қана! — деді Қияқ батыр, ханның бетіне тіке қарап.
— Ұмытпаспын бұл сөзіңді, батыр, — деді Тәуекел ызадан тұншыға, — жарайды, бұл жайында тағы да сөйлесерміз. Тек сендер маған мынаны айтыңдаршы… Ташкент жорығына бармай-ақ қойыңдар. Сонда Бұхар әміршісінің құлдығынан құтыламыз деп бізді күтіп отырған ағайын-туыстарыңның үмітін сатқандарың ба, қалай болғаны?..
Мұндай сұрақты күтпеген қос батыр бірден жауап таба алмай қысылып қалды.
— әрине, біз оларға жәрдем беруге тиістіміз… — деді Қияқ күмілжи.
— Бәсе, солай шығар! Ташкентті алсақ, Абдолла ханның шаһарларымызға шабуыл салатын қаласы қалмайды. Көрдіңдер ме, бұл жорықтың не үшін керек екенін? Жә, болды енді, батырлар… Барыңдар… Тезірек Ташкент жорығына дайындалыңдар.
Тәуекел күзетшілерді шақырып алып, екі батырдың аяқ-қолдарындағы кісендерді алуды бұйырды. Қияқ пен Тұяқ ханға ләм-мим деп тіл қатпай, құр бастарын иіп тәжім етті де, үйден шығып кетті.
— «Қилы-қилы заман болар» деген міне, осы — деді Тәуекел Жиембет жырауға бұрылып. — Бұрынғыдай емес, хан қарамағындағы адамдарына: «Жорыққа бірге жүріңдер» деп өтінетін күйге жетті…
— әйтсе де, әлгі екеуін дұрыс босаттың, хан ием.
— Ташкент жорығына олар аттанады, — кенет, оның жүзі тағы сұрланып кетті, — содан кейін жолыма бөгет болып көрсін! Абдолланың маған ойлаған қастығын өмір-бақи ұмытпаспын. Самарқантын да, Бұхарын да аламын! Балқы мен Хиуаға да барамын! Абдолланы үрім-бұтағымен бірге, табанымның астына саламын. Мойнына арқан байлап Бұхардың о шеті мен бұ шетіне сүйретіп өтем. Ақсақ Темірдің туы желбіреген Самарқант пен Бұхарда Ақ Орданың ақ туын желбіретем! Бар әлемге атағымды шығарам!
Екі иығын кере, орнынан қалай тұрып кеткенін Тәуекел өзі де сезбей қалды. Көзі сәл жұмылып кеткен. Не айтып, не қойғанын білер емес. Аузы ақ көбіктеніп, бір қолын жоғары көтеріп, тұншыға сөйлеп тұр! әлден уақытта өзіне тіксіне қараған жыраудың көзіне көзі түсіп кетіп кілт тоқтады.
Ақ Орда ханы созыла барып орнына отырды.
— Көкейкесті армандарымның аузымнан шыққаны шошытқан жоқ па сені, жырау?
Жиембет басын шайқады.
— Жоқ. Тек бұл кеселді саған дәл осылай тым ерте келеді деп ойлаған жоқ едім.
— Қандай кесел?
— Хан кеселі… Тым ерте келді. Соңыра-ақ келсе төгілетін қан да аз болар еді, хан ием…
Екі жақ Ташкент шаһарының күнбатыс тұсында кездесті. Абдолла хан алпыстан асқанына қарамай ақ боз атын ойнақтатып, қан майданға өзі шықты. Бұл айқаста әбді-Мумин қатысқан жоқ. Ол өзінің әскерін Балқы шетінде ұстап қалды. Қазақ қолынан екі есе кем Абдолла лашкарлары барынша ерлік көрсетті. Бұл кездегі олардың ең сенімді қарулары Ташкент шаһарларының ең биік қамалының үстіне орнатқан «Қара бура» зеңбірегі, бықыған қазақ қолына ажал тасын жаудыра бастады. Қазақ әскері шыдай алмай кейін шегінді. Дәл осы мезгілде Ташкент шаһарындағы бұрынғы Бабасұлтан жағындағы көп тұрғындар қаланың түкпіріндегі темір қақпаны ашты. Осы қақпадан кірген Қияқ пен Тұяқтың екі мың әскері шаһар ішіндегі Абдолла қолын күл-талқан етіп, ескі қамал үстіндегі қатар тұрған төрт «Қара бура» зеңбірегін қиратты. Кейін шегінуге айналған Тәуекел хан әскері қайтадан шабуылға шықты. Есім мен Құджек сұлтанның екі бүйірін ала, қиялап шапқан жауынгерлерінен қоршауға түсіп қалады екенбіз деп сескенген Абдолла әскеріне кейін шегінуге бұйырды. Сол-ақ екен, «жау қашты» деп сойыл, шоқпар ұстаған қалың қазақ лап қойды. Бұдан бұрын бетіне жан қаратпаған, қорасан құрышына бөленген Бұхардың атақты лашкарлары, бүкіл Орта Азияға әйгілі Ұбайдолла, Асфандияр, әбді-Латиф, Ходжа-Кули-құшбегі, Құдайберді жасауыл, Құлбаба-кЇкілташ секілді әскер қолбасшыларынан айрылып, тым-тырақай шегіне бастады.
әлі де болса лашкарларын тоқтатам деп әуре болып, жасақтарының орта шенінде жүрген Абдолла ханға кенет әлдекім сауыт бұзар жебесін жіберді, Аралары садақ оғы жетердей жерде емес, алыс еді. Сөйтсе де ысқыра ұшқан жебе «жеттім бе саған да» дегендей, екі қабат тор сауыттан өтіп Абдолла ханның қақ бүйірінен кеп қадалды. Ат үстінен құлап бара жатқан ханды күзетші жігіттері қағып алып, жау қолына түсірмей әкетті. Енді Абдолла әскерінің әлі де болса жауына төтеп беріп жүрген топтары қарсыласуын қойып, аттарының басын Бұхарға қарай бұрды.
— Маған оқ атқан сол жігіт. Тек соның ғана оғы менің сауытымды бұзып өте алады, — деді қансырап жатқан Абдолла.
Иә, дәл Абдоллаға арнап көк құрыш сауыт бұзар оғын Сайрам айқасынан бері сақтап келген Қияқ батыр еді. Бұ да ұзақ күткен арманына жетті.
Қазақ әскерлері осы қарқынымен, тасыған өзендей, жолдарында кездескен бөгеттердің быт-шытын шығарып, Ақсақ Темірдің ордасы Самарқантты алды. Бұдан екі жүз жыл бұрын бүкіл әлемді тітіреткен Ақсақ Темір көреген Алтын Орда астанасы Сарайға қандай айбармен кірген болса, енді сол Алтын Орда хандарының ұрпағы Тәуекел хан, сары алтынмен қақтаған ер-тұрманды сүліктей қара арғымағын ойнатып, сондай айбармен Самарқантқа кірді. Қожа Ахмет Яссауи, Қожа Нахшбанди мешіттерін салдырған әлем әміршісі Ақсақ Темір гүлдей жайнаған Сарай шаһарын, бір кезде Батый мен Берке тұрған Гүлстан сарайларын жермен-жексен етіп қиратса, көшпелі елдердің әскерін басқарған Тәуекел хан Самарқант шаһарының бірде-бір кірпіші бүлінбесін деп жарлық берді. Бұнысы Тәуекелдің болашақ ұрпақтың қарғысынан қорыққаны емес-ті. Бұхар хандығына қарсы шықса да, қазақ елі Самарқант, Бұхара, Хиуа, Хорезм шаһарларын пір тұтатын. Оның салтанатты сарайларын көргенде, көріктеріне таң қалып, жас баладай қуанатын. Тәуекел хан соңынан ерген осы халықтың рухани сезіміне қарсы шығып, оны өзіне өшіктіргісі келмеді. Сол себептен Самарқанттың алтын күмбезді сарайлары аман қалды.
әлемді тітіренткен Ақсақ Темір әмірші зираты «Гөр әмірдің» қасында, өзімен бірге алып жүрген сырлы хан тағында қазақ даласының әміршісі Тәуекел отыр. Күншығыс жағындағы Ұлықбек мұнарасының үстінде жылқы құйрығының қос уыс қылы байланған Ақ Орданың ақ туы желбірейді. Хан жанына Есім, Құджек, тағы солар секілді сұлтан, би, батыр, ақсақалдар бірінен соң бірі келіп, тәжім етіп жатты. Хан көзі әлдекімдерді іздеп, ақыры қалың топ мырзалардан шеттеу тұрған Қияқ пен Тұяқты тауып алды.
— Жауды жеңуге тетік болған, міне мынау қос бөрі, — деп Тәуекел Қияқ пен Тұяқты көрсетті. — Жауға бұлар аш бүркіттей шүйілді, көкжал қасқырдай шапты! Бұхар маралының төсін қанжардай тырнағымен жыртқан қанды көз барыстай, жау шебін күл-талқан етті!
Хан ишаратымен бұл екеуіне уәзірлері олжаға түскен қазынадан Бұхардың екі асыл қанжарын әкеп берді. Саптары сом алтыннан, бетіне ең қымбат гауһар тастар орнатқан. Үстеріне жағасы бұлғын, алтын зерлі Бұхар шапандарын жапты. Алдарына бақтри тұқымдас екі ақ боз арғымақ тартты.
— Ақ Орда — сендерден бұдан да зор ерлік күтеді! — деді Тәуекел. — Қандай тілектерің бар, айтыңдар? Бәрін де беремін!
Сөзге жақындау Қияқ батыр сәл алға шығып тізесін бүкті.
— Біздің қарамағымыздағы екі мың жігіттің көпшілігі малшы-егінші… Іштерінде темір ұстасы, ағаш шеберлері де бар. Соларға елге қайтып, өз шаруаларына кірісуге рұқсат етіңіз, тақсыр хан.
Қарадан туса да Қияқ батырдың даусы тегеурінді шықты, құлаққа ұрған танадай тына қалған тыныштықта, жұрт ызалана қалған хан тісінің шықыр ете түскенін ап-анық естіді.
Бұхар ханы Абдолла бұл күндері оқ тиіп жараланған жолбарысқа ұқсайтын еді. Хан Бұхар, Хиуа, Балқы, Қорасан түгіл, өзіне бағынышты жердің бәрінен әскер жинауды бұйырған. Бір ай өтпей сан жетпес қалың әскер Самарқант пен Бұхардың ортасындағы Зеравшан жағасына шатырларын тікті. Бір күні, жарасы әлі жазылмаған Абдоллаға бүлік шығарып жүрген баласы әбді-Мумин келді. Шатырға кіре тізе бүгіп отыра қалды.
— Сенің жүрегіңе жара салған менің бір білместігімді кешір, әке, — деді. — Бүгіннен бастап ең адал ұлың боламын. Міне нан, міне құран, бұдан былай қарай сенің айтқаныңды екі етпеймін!
Абдолла хан шын қартайған болуы керек, көзіне жас алды.
— Қартайғанымда жалғызымды көрсетіп, қатесін кешіруге мүмкіндік бердің, алла тағала, мұныңа да шүкіршілік, — деді ол шын жүректен. — Мұрагер жалғызым қасымда, бар тілегім орындалды, қазір өліп кетсем де арманым жоқ!
Бұхар секілді қасиетті хандықты басқаруда қандай жолдар, қандай сырлар барын кәрі хан ұлына ұзақ жыр етті. Құпия сырлар да аз емес екен. Содан кейін барып шаршап кеткен хан ұлынан анандай жерде тұрған құмырадағы жүзім шырынын құйып беруді сұрады. Ұлы әкесінің өтінішін орындады. Сәл бұрыла тұрып, жүзім шырынын кесеге құйып әкеп берді. Алла тағала оның жаңа ғана «қазір өліп кетсем арманым жоқ» деген тілегін орындағысы келген болуы керек, баласы берген шырынды ішісімен, Абдолла хан қырылдай беріп жастыққа шалқасынан түсті. Әбді-Мумин әкесінің бетіне тесіле қарап, ұзын, жіңішке саусақтарымен көзін жапты. Содан кейін кесенің түбінде қалған шырынды шатырдың бір бұрышына құйып, орнына апарып қойды. Далаға шыққан соң «ұйықтап кеткен ханды оятпаңдар» деп бұйрық берді де, әскеріне қарай аяңдады.
Тек кеш таянғанда ғана күзет бастығы хан шатырына кірді. Жастық үстінде шалқасынан жатқан Абдолланың бетіне көзі түсіп кетісімен өн-бойы дір ете қалды. Бүкіл әлемге аян сәл езу тартып күлімсірейтін ишараты езуінде. Тағы да біреуге өлім жазасын айтып жатқандай.
О дүниеге сапар шеккен әкесінің жанына әбді-Мумин бірінші боп келді. Сақалынан жасы сорғалап отырып, ұзын саусақтарымен әкесінің езуіндегі күлкісін уқалап кетірді. Әмірдің неден өлгенін білуге шақырған Бұхардың ғалым дәрігерлері «Патшаның патшасы Абдолла жүрегінің кенет тоқтауынан қайтыс болған» деген қорытынды шығарды. Сөйткенмен, қалың бұқара арасында «баласының ауру әкесіне берген жүзім шырыны» жайындағы қауесет сөздер де тарап жатты.
Пәуескеге жегілген сегіз қара ат Абдолланың пырағын Бұхарға алып келді. Қасиетті діни Бұхардың мыңдаған мешітінің қасындағы минареттерден мыңдаған ишан, молдалар алла тағаладан Абдолланың күнәларын кешіруін сұрап, шаһарды азан-қазан етіп басына көтеріп азан шақырды. Екі күннен кейін Абдолланың табыты Қожа Нахшбандидың атақты мазарының тас еденіне қойылды. Бұл христиан есебі бойынша 1598 жылы, ал хаджири есебі бойынша 1006 жылы болды. Ертеңіне Бұхар тағына Мұхаммед дінінің жаңа қорғаншысы, мәртебелі әбді-Мумин әмір келіп отырды…
Самарқантты алған Тәуекел қаралы Бұхарды шабудан құдайдан қорқып бас тартқан жоқ. Мұндай сылтауды сол кездегі тарихшылар ойлап тапқан-ды. Ханның Бұхарға аттанбауына себеп болған Қияқ пен Тұяқ батырлардың және солардың соңынан ерген жұрттың қылығы еді. Самарқант шаһарын алу тойы бітісімен, қос батыр өздерінің жігіттерін ертіп кейін қайтқан. Өзге қазақ батырлары басқарған әскердің көбі бұлардың соңынан ерді. Жауынгерлер жат елге барып қала тонағаннан гөрі, елдеріне қайтып, қатын-балаларын асырағанын жөн тапқан. Ырқына көнбеген жандарды жазалауға Тәуекелдің батылы бармады. Өйткені шегінушілер тым көп еді. Көпке топырақ шаша ала ма, ақыры Самар- қанттан кетуге бұйрық берді.
Ташкентте де қазақ атты әскері көп кідірген жоқ. Бұлардың көпшілігі көшпелі рулардан болғандықтан қыс қыстауға, жаз жайлауға шығу керек екенін жадыларына ұстап, ауылдарына жеткенше асықты. Тәуекел ханға шаһардың қақпасын ашқан Ташкент тұрғындарының арасында да күңкіл көбейе бастады. Хан уәдесін бұзып, жеңілген қалаға салған салығы бұқараға ауыр тиген.
Ал салықсыз соғысты жүргізе алмайтынын білген Тәуекел осылай істеуге мәжбүр болған. Тәуекелдің бұл әрекетіне қарсы топты басқаруға Абдолланың жақын туысы Хазретсұлтан мүфти кіріскен. Әбді-Мумин де тыңшылары арқылы Ташкент тұрғындарына алым-салықтан мүлде босатамын деп өтірік уәде беріп, жаңа бықсып жана бастаған халық наразылығын үрлей түскен. Тәуекел әрі ойлап, бері ойлап Түркістанға қайтуды жөн көрді. Өз ордасына келгеннен кейін Ташкент уәлиетінде не болып жатқанын тек алыстан бақылап қана отырды. Кей жағдайларда болмаса, Ташкент ісіне көп кіріспеді.
Алты ай өтпей, төсегінде ұйықтап жатқан әбді-Муминді бұхарлықтар балтамен шапқылап өлтірді. Әбді-Мумин Шайбани ұрпағынан шыққан ең ақырғы Бұхар ханы еді. Осымен Бұхардағы Шайбани үрім-бұтағының хандық жолы аяқталды. Енді Бұхар ханының алтын тағына Астраханнан қашқан хандардың бірінің тұқымы Жармұхаммед отырды…
Иә, әкесін өлтірген хандарды жазмыш оңдырған емес. Жәнібекті өлтірген Бердібекпен Батый ұрпағының Алтын Ордадағы хандық дәуірі біткен. Ұлықбекті өлтірген Латиф пен Ақсақ Темір ұрпағының Самарқанттағы хандығы аяқталды. Міне, енді сондай жағдай Бұхардағы Шайбани ұрпағына да туды…
Тәуекел ханның да күткені осы кезең еді. Оған Жиембет жырау «хан кеселіне» ұшыраған екенсің деп дұрыс айтқан. Бірақ Тәуекел мұндай соғыста халыққа сенудің қиын екенін түсінген-ді. Халық өз жерін қорғағанда табанды да, күшті де. Ал басқа елдің жерін тартып алу үшін соғысып көрші, ең ер жүрек деген батырдың өзі тірегінен айрылғандай, босаңси қалады. Оның орнына жауың он есе күшейе түседі. Осындай жағдай Самарқанттан табылған бір көне кітапта да айтылған. Өз жері — әскер күшінің мөлдір бұлағы.
Осыны біле тұрса да Тәуекел хан тағы жорыққа дайындалды. Оның қолындағы әскеріне қырғыздан шыққан бай-манаптардың жасақтары мен оңтүстік Қашқардың ханы әбдірашиттың жауынгерлері қосылды. Барлығы жүз мың әскер, Самарқант пен Бұхарға аттанды. Бірақ енді бұларға ешкім шаһар қақпасын ашқан жоқ. Тұрғын ел келе жатқан әскерден азық-түлікті, мінер атқа деген шөбін жасырды. Барлығын күшпен алуға тура келді. Мұндай жағдай әскердің тәртібін бұзады, әлсіретеді.
әйтсе де құмырсқадай қаптаған қалың қол алғашқы қарқынымен Ташкентті, Самарқантты алды. Енді Бұхардың өзін қоршады. Бетпе-бет ашық майданға шығуға күші жетпейтінін сезген Жармұхаммед хан Бұхар шаһарының ескі бекінісіне кіріп алып, қарсылық көрсетті.
Осындай бірін-бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. Сол жылғы жаз, Мауреннахр жерінде өте ыстық болды. Төбеден күйдірген күн мен күнгей жақтан аңырап соққан аңызақ желден, онсыз да шөбі шамалы Бұхардың жері күйген құйқадай тақырға айналды. Күннің ыстығынан қара жердің өзі шатынап жарыла бастады. Тебінге үйренген қазақы жылқы қабырғалары ырсиып, әзер жүретін халге жетті. Ақырғы екі жүз жылдың ішінде жат жерде соғысып, басқа елдің қамалын алып үйренбеген, қазақ, қырғыз, ұйғыр сыпайлары, бұл соғыстың өздеріне тіпті керек емес екенін енді түсініп, күңкілдей бастады. Оның үстіне күннің ыстықтығынан әскер арасында іш ауру пайда болды. Енді қазақ сыпайлары Бұхарды алудан гөрі, өздерінің елі қалған теріскей жаққа телміре қарауды шығарды. Баяғы Қияқ айтқан күйге жетті. Тәуекел хан Бұхар маңындағы елді үнемі талап, осыншама әскерді қоректендірудің қисыны болмайтынын ұғып, амал жоқ кейін шегінуге бұйрық берді. Қазақ әскері Самарқантқа келіп бекінді. Бұл кезде Хиуадан қалың әскермен Жармұхаммед ханның інісі Бақимұхаммед сұлтан келіп, Бұхар әскеріне қосылды. Енді екі жақтың күші теңдесіп қалды. Бірде бұхарлықтар, бірде түркістандықтар жеңіп, Самарқант түбіндегі айқас бір айға созылды. Осындай бір түнгі ұрыста Тәуекел хан қатты жараланды. Күні күйіп тұрған Мауреннахр жерінде жаз бойы соғысып әбден жүдеген қазақ әскері амалсыз Самарқантты тастап, Ташкентке келіп бекінді. Бұл арада да ұрыс саябырлаған жоқ.
Тәуекел ханның халі қиындай түсті. Жарының ауыр жаралы екенін естісімен, бір топ нөкерімен Ақторғын ханым да жетті.
Күшті кезінде серік болған одақтастары енді мұны жалғыз тастап кетті. «Жалған дос көлеңке тәрізді, күн ашықта жаныңнан қалмайды, аспанды бұлт торласа қасыңда болмайды» дегеннің не екенін Тәуекел енді түсінді. Сонда ғана барып ол өзіне ермей қалған қазақ батырларын есіне алды. Дегендеріне көнбегеніне өкінді. Бұл кезде Бұхар әскері Ташкентті тастай етіп қоршап болған. Түркістанға баратын ең соңғы жол да үзілген. Ал Тәуекел ханның жанында ең сенімді достары мен Ақторғын ғана қалды. Ісік уыты бүкіл денесіне жайылып бара жатқан Тәуекел, кенет жастықтан басын көтерді.
— Бұл не шу? — деді ол елегзи.
— Жау әскері біз тұрған бекініске атой салып жатыр.
Бұхардың қалың әскері қаланы алып болып, Тәуекел хан мен оның серіктері бекінген ең ақырғы қорғанды шабуға шыққан-ды. Қорғанның тақа биік емес қабырғаларына баспалдақтар қойып, үстіне көтерілуге тырысып жатқан. Жау кей жерінің қабырғаларын бұза бастаған. Ат үстіндегі ұрысқа үйренген қазақ жауынгерлері енді жаяу соғысуға мәжбүр болды. Бұл оларға жеңіл тимеді. Жеңуге айналған жау әскері хан жатқан сарайға жақындай берді. Сырттағы шу үдей түсті.
— Не болды? Не боп қалды? — деді есі бір кіріп, бір шығып жатқан Тәуекел хан.
Дәл осы сәтте есік сарт етіп шалқасынан ашылды да, үйге еңгезердей бір батыр кіріп келді. Үсті шаң басқан қан-қан.
— Біз сені әкеткелі келдік, — деді кірген кісі.
Сөйдеді де батыр жігіт жерге сылқ етіп құлап кетті.
Орнынан сүйретіле тұрып, Тәуекел жігіттің бетіндегі шынжыр торды ашты. Қияқ батыр екен.
— Сені алып кетуге келдік, — деді ол кезеріп кеткен ернін әзер қимылдатып, — жат жерден тезірек кетуің керек…
— Басқа елге тиме, өз басыңа өзің жетесің деп едің, Қияқ батыр, айтқаның келді, — деді Тәуекел. Сосын ол да Қияқ батырдың үстіне құлап түсті. Дәл осы сәтте Қияқ батыр да ақырғы рет ышқынып, демін бір алды да, о дүниеге жүре берді.