— Патша үшін бұл шарафні ишпағанлар күнәға батады! — деп жариялады. Сөйтті де өзі жұрт көзінше қолындағы арақ құйылған шыныны аузына апарып, көмейіне төңкере салды.

Бұдан кейін ешкім «ішпеймін» дей алмады. Барлығы да шыныларын қолдарына алды. Біреулері бірден жұта салды, біреулері қақала-шашала ішті. Кейбіреулері аузына апарған боп, білдірмей жерге төкті.

Ішіп болғандар жамыраса сөйлеп, күліп жатты.

— Удай ғой!

— Өңешімді өртеп жіберді ғой итің!

— Қой, пәлесінен аулақ.

— Молла-екең өзі рұқсат еткен соң ғана іштім.

— Өле-өлгенше көргенім осы ғана болсын!

— Қатын патша да, губернатор да риза шығар…

Жамырасқан бейшаралар өздері ауыздантқан осы арақ-шарапқа бір екі жүз жылдан астам уақыт өткен кезде, үрім-бұтақтарының әбден қанығып алатынын қайдан білсін! Қайран аңқау сорлылар! Енді олар асқа кірісті. Бұған келгенде қазекең ақ патшаның атын ататқан жоқ. Екі білекті сыбанып жіберіп, сүбенің майлы етін асағанда қарап тұрған адамның айызы қанғандай еді. Он екі мүшесі түгел астауға салынған құнанның семіз еті, қабырғасы қабырға, төсі төс, жілігі жілік күйінде заматта жоқ болып жатыр. Астаулар мен табақтар әне-міне дегенше дымы қалмай қайтып жатыр. «Ана бір домалағына қол жалғап жіберші», «әлгі ботташық дегені осы болар», «тамақ емес қой мына жарықтығың», «мына бір шөп жапырағының ащысы-ай», «бұл орыстар не болса соны тамақ етеді екен-ау», «пәле, балық болсаң осындай бол, әр қабырғасының өзі тебендей ғой!» деген дауыстар да шығып қалды. Ішілген қымыз, төгілген шарап.

Бір кезде Неплюев орнынан тағы көтерілді. Ол рюмкесін жоғары ұстап:

— Ал, құрметті қонақтар, мына шарапты Россия елінің шын досы, Кіші жүздің ханы, ұлы Әбілқайыр үшін алып қоялық, — деді.

Столдың бір жағында отырған бір топ «Ура!» деп шу ете қалды. Бұл драгун, гренадерлер тобы еді.

Бұл жолы молла үгіт жүргізген жоқ. Біреулер ішті, біреулер шыныға қолын да тигізген жоқ. Тек әр жерден естілер-естілмес күңкіл үндер шығады.

— Мәртебең өсе берсін, Әбілқайыр!..

— Әбілқайыр үшін шарап ішкенше, у ішкенім жақсы емес пе…

— Бағы жоғарылай берсін хан иеміздің.

— Шаңырағы күйреп ортасына түссін.

— Көріңде өкір, көріңде өкіргір Әбілқайыр, сенің әлегіңнен күнәкәр боп кәпірдің қолынан дәм таттық қой…

— Байқап сөйлеңіз, қария біреу-міреу естіп қалар?

— Естіп қалардай не айттым? Айыбым көрмегенімді көрсетті дегенім бе?.. Шырағым, пәле жаппай отыр… Пайғамбар жасына келгенде маған Әбілқайыр ханнан бөтен кім мұндай құрмет көрсеткен. Бұдан да абыройың аса берсін, Әбілқайыр хан.

— Осы құрметтің бәрі Әбілқайыр үшін ғой.

— Шіркіннің қадірі қалай күшті еді.

— Күшті болмай, бар қазақты бір тоқтыдай көрмей арзанға сатып отырса…

— Тек, жайыңа отыр! Жөн-терісін білмей…

әр жерден осындай күңкілдер естіліп жатты. Бірақ кімнің аузынан не шыққанын адам аңғарар емес, гу-гу әңгіме. Әлдекім қолына домбыра ап патшаны, губернаторды, Әбілқайырды мақтамақ боп шырқай жөнелді. Бірақ та оның үні қызып алған офицерлердің «Ұзақ өмір берсін» деп қосыла салған әнінің астында қалды. Бұл әнге мас бола бастаған бай мен билер де қосылды. Арасында мүфтидің жіңішке ащы даусы да естілді.

Қонақтары осылай өзді-өзі болуға айналғанда, Неплюев Әбілқайырды стол басынан тұрғызып ап, қолтықтап, сай жағалай қыдырып кетті. Бұрын да мұндай қонақасында екі-үш рет болған, шарапты да қанша ішуді білетін хан өзін жақсы ұстап келеді.

Неплюев сәл қызулау, көңілдегі сөзін айтып, ханмен ашық сөйлескісі бардай. Бірақ губернатордың бұнысы қулық екенін Әбілқайыр жақсы біледі, сол себептен де ол артық бірдеме айтып қалмайын деп сақтана түсті.

— Әбілқайыр хан, — деді Неплюев жұрт шуынан алыстаған кезде, — ертең кеңесіміз басталмақ. Сізге Жоңғар мен Қарақалпақ елшілерінің көзінше тілектеріңізді ашық айту қиын да болар…

— әсіресе, ол тілектеріміз өтпей қалып жүрсе…

— Иә, ондай да жағдай болуы мүмкін… Сондықтан мен сізбен оңаша сөйлескім келіп еді.

— Менің де.

— Онда тіпті жақсы. Қандай өтініштеріңіз бар? Айтыңыз.

— Өтінішім үшеу. Алдыменен екеуін айтайын. Ол екеуі қабылдана қалса, үшіншісінің қажеті де болмас.

— Жақсы. Бірінші өтінішіңіз?

— Бірден бұл өтінішімнің неден туғанын баяндап өтуге рұқсат етіңіз… Жасыратын түгі жоқ, соңғы кезде менің қадірім Кіші жүз елінің алдында төмендеп барады. Бұған себеп Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің әрекеті…

— Қалайша?

— Әбілмәмбет хан: «Әбілқайырға орыс патшасының жәрдемі жоқ» дейді. Сөйтіп менің жұртым алдында абыройымды түсіруде. Ал өзі Барақпен, басқа да сұлтандармен бірігіп, Жоңғар қонтайшысының жағына шықпақ. Аманат та бермек. Тек менен қауіптеніп мұндай іске бармай жүр. Біле білсеңіз, Әбілмәмбет хан, Абылай, Барақ сұлтандар Россия патшалығына қарсы.

— Олар сіздің де қасыңыз ғой?

— Кімде-кім Россия патшасына қарсы болса, ол менің де жауым.

— Солай делік. Бірақ бұл болжауға сену қиын. Өйткені Әбілмәмбет те, Абылай да, Барақ сұлтан да осыдан екі жыл бұрын Урусов генералдың алдында бастарына құран көтеріп «Россия патшасының қол астына кірдік» деп уәде берген жоқ па еді?

Бір мың жеті жүз қырқыншы жылы августың жиырма сегізі күні көп келісім сөздерден кейін, Орынбор комиссиясының бастығы генерал-лейтенант Василий Алексеевич Урусовтың алдында «Россия қол астына кірдік» деп Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан мұсылман дәстүрімен бастарына құран көтеріп ант берген. Генерал-лейтенант со жолы әрқайсысына күміс қынапты қылыш тартқан. Сондай қылыш Кіші жүздің батыры Бұғыбай мен Есетке де тапсырылған. Сол күні «Россия патшалығының қол астына кірдік» деп Орта жүздің жүз жиырма сегіз старшынасы, ал келесі күні, Кіші жүздің жүз алпыс бес старшынасы қолдарына құран ұстап келісімге келген.

Орта жүздің ханы мен сұлтандарының Россия патшалығының қарамағына кіруіне көп еңбек еткен Урусов со жолы Петербургке бөтен қызметке шақырылып, келесі жылы оның орнына Неплюев келген. Қазір Орынбор губернаторының айтып тұрғаны осы жағдай.

— Біз көшпелі елміз ғой. Антты құр бос уәде деп қарайды қазақтың көп адамы.

— Сіз олай қарамайсыз ғой!

— Менің жолым бөлек.

— Әбілмәмбет хан да антын бұзған жоқ қой…

— Бұзбаса енді бұзады.

— Оған қандай дәлеліңіз бар?

— Дәлелім… Әбілмәмбет хан сіздің мәжілісіңізге неге келмей қалды?..

— Бәсе, неге келмей қалды?

— Жоңғар уәкілін шақырғаныңызды біліп, келмей қалды. Өзі Жоңғар жағына шыққалы жүргендіктен ол елдің елшілерінің алдында сізге жолыққысы келмеді… Бұным дәлел емес пе?..

— Жарайды, Әбілмәмбет Россия патшалығына қарсы делік, — деді генерал салқын үнмен, — сонда сіздің бірінші тілегіңіз неде болмақ?

— Россия патшасының жауы — менің жауым. Әбілмәмбет секілді жауды құртып, Россия патшасының аяғының астына салу үшін, бірінші өтінішім — маған қарулы үш мың солдат беріңіз. Мыңы орыс, қалған екі мыңы қалмақ пен башқұрт жауынгерлерінен.

Неплюев бұған тіпті қуанып қалды. Әбілқайыр мен Әбілмәмбет ханның арасының шын жаман екеніне көзі анық жетті. Бұл Россия патшасының бір елді бір елге, бір ханды бір ханға айдап сап, ортасынан пайда көздейтін ежелгі саясатына дәл келетін жәйт еді. Россия әкімдері бір ханның ұпайынан екінші ханды күшейтуді дұрыс көрмейтін. Бірін-бірі жеңе алмай, ит жығыс боп алысып-жұлысып жүргендері оларға тиімді еді. Оның үстіне Әбілқайырға үш мың әскер беретін Орынбор губернаторының халі де жоқ. Орыс патшалығы өзі үлкен соғыс жүргізіп жатқанда, қазақтың хандық таласына үш мың әскер қайдан берсін. Бірақ ол шу дегеннен «бермеймін» демеді.

— Ал екінші тілегіңіз не? — деді Неплюев, — не болса да екеуін де естиік…

— Екінші тілегім: ортаншы ұлым Қожахмет сіздердің қолыңызда аманат болып тұрғалы жеті жылдан асып барады. Шешесі сағындым деп әбден мазамды алып жүр. Енді Қожахметті босатып, оның орнына кіші ұлым Шыңғысты аманатқа алсаңыздар.

— Шыңғыс қай әйеліңізден туып еді?

— Қарақыз ханымнан.

— Е… е…

Әбілқайырдың ортаншы бәйбішесінен туған Қожахметті жақсы көретінін, оны өзіне қырғи қабақ бола бастаған Жағалбайлы руына қарсы пайдаланғысы келетінін бұрын Нұралыдан естіген-ді. Бәлендей баурына тартып өзіне жақын ұстап көрмеген, тоқалдан туған Шыңғысты аманатқа бергенінен — бермегенінің өзі жақсы емес пе?

Әбілқайырдың түпкі ойларын түсінген Неплюев енді оның өтініштеріне тікелей жауап беруге кірісті.

— Әбілқайыр хан, — деді ол жылы сөйлеген боп, — Сіздің Россия патшасының алдында еңбегіңіз көп. Сіз бірінші боп қазақ елін Россияға бағындырам деп бірталай әрекет істедіңіз. Сол еңбектеріңіз үшін, жай уақытта болса, екі тілегіңіздің екеуін де орындар едік. Ал қазір бұл өтініштеріңді орындайтын мүмкіндігіміз жоқ…

— Қалайша?

— Қазір Россия үлкен соғыс үстінде. Әр солдат есепте. Мұндай жағдайда қазақтың екі ханы бірін-бірі мұқату үшін Елизавета Петровна үш мың солдат бере алмайды. Әрине, қазақ даласында Россияға жамандық келтірердей шын қиын жағдай туып тұрса, онда бір сәрі… Үш мыңнан да көп солдат табуға болады…

Неплюев ақырғы сөзімен Әбілқайырдың қомақтап айтқан себептерін жоққа шығарды. Бұны ұққан Әбілқайыр:

— Бәрі түсінікті, — деді қабағын сәл шытып, — ал Қожахмет жайында не айтасыз?

— Бұл ойланатын мәселе. Түбі мәртебелі Россия патшасы Елизавета Петровнаға хат жазу қажет шығар. Аманатты ауыстыру үшін патша ағзамның указы керек…

— Солай деңіз.

— Ал енді үшінші тілегіңізді айтыңыз.

Әбілқайыр қаншама өзін-өзі ұстағысы келгенмен де, тамағына тығыла қалған ашуын баса алмады.

— Үшінші тілегім. Көптен бері Қалден Церен менің қарындасым Қарашашты сұрап жүр еді, — деді даусы сәл қырылдап шығып. — Біздің ойымыз Қалден Церенді өшіктіре бермеу… Артымда бәлендей сүйенер тірегім болмағандықтан, Жоңғар қонтайшысымен үнемі жауласа беруден пайда шықпас деймін. Мәртебелі Елизавета Петровна бұған қарсы болмас.

«әһе, — деді ішінен Неплюев, — тырнағыңды сен де көрсете бастадың ба? Бұның: сендер мені қолдағыларың келмесе, мен былай шығам, — деген қоқан-лоқың ғой… Қарайық бұдан не табар екенсің?».

— Жоңғар тайпасымен Бірінші Петр патшаның кезінен достық бітіміміз бар. Бізбен дос елмен достасамын дегенің теріс емес, — Әбілқайыр Неплюевтің кекетіп, не шынын айтып тұрғанын түсінбейді. Жайбарақат пішінмен генералдың бетіне қарап еді, қатып қалған тас мүсін тәрізді, шикіл сары бетінің бір тамыры бүлк еткен жоқ. Неплюев сөзін жалғай түсті, — әйткенмен сәл қоя тұралық, арғы күнгі келіс сөзден не шығар екен, соны күтіңіз. Қыз болса күйеу табылар…

Әбілқайыр бұл өтінішімен де ештеңе ұтпағанын сезді. Өкпелеймін деп бір сырын ашып алғанына өзі де өкінді. Сөйтсе де бұл ойын Неплюев Нұралы арқылы бұрыннан да білетіні есіне түсіп, «оқасы жоқ, ең болмаса менің бұлардан жасырын ісімнің жоқ екенін ұқты ғой, бұған да шүкір» деп далбасалады.

Нұралы туралы сөзді енді Неплюевтің өзі қозғады.

— Өзге балаларыңызға қарағанда, Нұралы қазіргі жағдайды анағұрлым жақсы түсінеді, — деді генерал. — Сіз ол туралы бұрынғы пікіріңіздемісіз?

Әбілқайырдың зығырданы қайнады. Нұралы туралы әкесінен бұрын Неплюевтің сөз қозғауы оның күдігінің дұрыс екенін анықтады. Сонда да сыр бермей:

— Нұралы менің тірегім, менің ісімнің жалғаушысы, — деді. — Ол туралы ойымды өзгертпеймін.

Неплюев те Нұралының әкесі жайында ақпар беріп жүретінін Әбілқайырдың білетінін түсінді. Бірақ оның сөзін бөлген жоқ. Хан сәл ойланды да:

— Жаман айтпай жақсы жоқ, мен алда-жалда қаза таба қалсам, ақ патшадан жалғыз тілегім: менің орныма Кіші жүздің ханы етіп Нұралыны бекітсін.

— Бұл тілегіңізді патша ағзам мақұлдар деймін, — Неплюевтің лып етіп көне қалғанына Әбілқайыр іштей қатты ренжіді. «Осы иттер менің тез өлгенімді күтіп жүр ме, қалай?» Неплюев те өзінің тым тез жауап бергенін сезді. Ол күліп:

— Бірақ, сіз әлі ұзақ жасайсыз. Нұралы қанша жақсы болғанымен сіздің жолыңыз бөлек. Россия өзінің адал достарынан айрылғысы келмейді.

Неплюевтің бұл сөзді саясат үшін айтып келе жатқанын түсініп тұрса да, хан көңілі көтеріліп қалды. Жылы сөзге кім жібімесін:

— Иә, Нұралы жақсы хан болуы мүмкін…

— Нұралының тағы бір артықшылығы — ол Қарақалпақ елімен жақсы. Тіпті бір рет қарақалпақтарды өзіңіз шаппақшы болғаныңызда оларға араша түсіпті. Нұралыны қарақалпақтар сыйлайды. Ал бізге қазір олардың Россия қол астына кіргені шарт. Өйткені, Хиуаны Россияға қарату үшін, орта жолдағы Қарақалпақ жерінен өтуіміз керек.

— Сөз жоқ, қарақалпақтарды Россияға қаратуда Нұралы таптырмайтын адам. Ал бірақ Хиуа туралы оның өз ойы бар… Нұралы жақында Хиуадан қайтты. Ондағы бар жағдайды көзімен көріп келді. Егер маған әскер берсеңдер, өзім барып Хиуаны Надир шахтың қойған адамынан тартып аламын дейді.

«Әбілқайыр қулықпен орыс әскерлерін тағы қолына түсіргісі келіп тұр-ау» деп тұжырған Неплюев;

— Қандай әскерді айтады Нұралы сұлтан? — деді елең етіп.

— әңгіме қазақ әскерлері жайында. Хиуаға орыс әскерін енгізудің керегі жоқ. Діншіл жұрт, кәпір әскері келді деп, бүкіл халқы боп қарсы тұруы мүмкін. Ал қазақ жауынгерлері оларға өз қосындарымен бірдей. Хиуаны біздің бабаларымыз бұрын да талай алған. Әрине, басып кірген Қызылбас елінің патшасы Надир шахтан көрі қазақ сұлтаны Нұралыны жергілікті ел құшағын жая қарсы алады.

— Бұл еске алатын жәйт екен, — деді Неплюев ойлана, — бірақ дәл қазір Надир шахқа қарсы соғыс ашу мүмкін бе? Россия жеті жылдан бері Түркиямен соғысып жатыр. Азов төңірегінде жеңгенмен, Очаковоны алғанмен, біз әлі түріктерді мүлдем тізе бүктірген жоқпыз. Оның үстіне Персиямен соғыс ашсақ…

— Сіздер емес. Хиуадағы Надир шах әскерімен біз соғысамыз ғой. «Надир шах туралы әңгімені бұл неге бастады, деп ойлады Неплюев, — бізді тағы бір үлкен соғысқа арандатпақ қой. Сөйтіп лай суға қармақ сап, пайда таппақ…»

— «Біз» дегеніңіз кім? Кіші жүз хандығын айтасыз ба? әлде сіз, Әбілқайыр мырза, Кіші жүздің Россия қол астындағы ел екенін білмейсіз бе? Сіз білмегенмен мұны Надир шах жақсы түсінеді ғой. Хиуа мен Үргенішті алған Надир шах енді қазақ жеріне кірмек болғанда, кім тоқтатып еді оны? Сіз бе? әлде Ұлы Россия патшасы ма? Жоқ, мұндай елмен қазір соғыс ашудың қажеті болмас. Ал соғыс аша қалар жағдай туса, бұған Петербургтың рұқсаты керек. Онсыз қимылдауға қақымыз жоқ.

Әбілқайыр ақырын басын изеді, Россия қол астына еніп, Жоңғардан аман қалғаны үшін, Әбілқайыр өзінің билігін құрбан етті. Енді ол бұрынғыдай қалаған уақытында сау етіп Хиуа қақпасының алдына бара алмайды. Оған Россия патшасының рұқсаты керек! Иә, мұндай бағыныштылыққа болашақ ұрпақтары қалай қарар екен?

— Жөн екен айтқаныңыз, губернатор мырза, — деді Әбілқайыр сыр бермей — Петербург не айтады, соны күтейік. Надир шахтың әскері Хиуаны бүгін-ертең тастап кеткелі тұрған жоқ қой. Әлі уақыт бар…

Неплюев Әбілқайырдың көңілі жүдеп қалғанын білсе де, оны жұбатқысы келмеді. «Қанша дегенмен де бізге бағынышты адам ғой. Бәрібір, бүгін болмаса, ертең осылай сөйлесуге тура келеді, еті үйрене берсін» деді генерал ішінен.

— Бірімізбен біріміз ұғынысып алғанымыз қандай жақсы болды, — деді Неплюев, қалтасынан шынжырлы алтын сағатын алып. — Біраз уақыт болып қалыпты. Қалған шаруаны ертең кеңесте талқылармыз. Қайталық. Әлі маған Жәнібек мырзамен де ақылдасу керек.

Әбілқайыр бұған елең ете қалды, бірақ үндеген жоқ.

Арғынның бір тарауы Шақшақтан шыққан Қошқарұлы Жәнібек «Ақтабан шұбырынды» басталып, Абылайдың атағы үш жүзге тарағанға шейін, Орта жүздің ықпалды, ең әйгілі адамының бірі еді. Әбілқайырдың қарындасына үйленгеннен бері, ол Кіші жүз ханының оң қолына айналған, Кіші жүз ханына Орта жүздің де кей руларының бағынуына көптеген себебі тиген. Егер Әбілқайырдан дабыл шықса, әскерін ертіп ең алдыменен хан ордасына жетіп келетін осы Жәнібек. Сондай қылықтың бірі бір мың жеті жүз отыз сегізінші жылы болған. «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын-ақ Жайық пен Еділ арасындағы жер үшін таласып келген Еділ қалмақтары Кіші жүздің Жоңғар әскерінен күйреп Россия патшалығының қанатының астына әлі кіре алмай жүрген шағында, аулын шауып малдарын айдап әкетіп, маза бермеген. Жайықтың арғы бетінен жайылым бер деген Әбілқайырға Еділ қалмақтарының сол кездегі ханы Дондук Омба «әлі өз жеріңнен айырылып қалма» деп жауап қайырған. Әбілқайыр «жыланның үш кессе де кесерткелік әлі бар, Қалден Церенге күшім жетпесе де, дәл саған күшім жетер, Дондук Омба» деп жиырма екі мың сойылмен екі қол болып Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы аттанған. Соның бір қолын, он мың сарбаздан құрылған Орта жүз әскерін осы Жәнібек батыр басқарып барған. Әбілқайырдың осы екі қолы Еділ жағасындағы Қызылжар деген жерде Қалмақ әскерімен кездескен. Қазақтардың келе жатқанынан хабарсыз отырған Қалмақ әскерін Әбілқайыр мен Жәнібек осы жолы қан-жоса етіп жеңген. Көп ауылдарын шауып, мал-мүлкін талап, екі мың шаңырағын өздерімен бірге айдап әкелген. Бұл қорлыққа шыдай алмаған Дондук Омба іле-шала қол жинап, бір мың жеті жүз қырқыншы жылы жиырма мың әскермен қазақ даласына аттанбақ боп тұрғанда, Балдан Норбидың әкесіне істеген опасыздығының кесірінен бұл жорық болмай қалған. Сонан кейін Орынбор экспедициясының бастығы генерал-лейтенант Урусов екі елдің хандарын шақырып алып, кек алу мәселесін тоқтатқан, Бірақ қарамағындағы елдердің тату-тәтті тұруын көздемейтін патша саясатын мықты ұстанған Орынбор губернаторлары Кіші жүз бен Еділ бойындағы қалмақтардың хандарын түбегейлі келісімге келтірмеген. Кейде араларына шоқ тастап та қоятын. Осындай жағдайда Әбілқайыр үнемі Жәнібекке арқа сүйеуші еді.

Жәнібек батырдың қазақ руларының Россия патшалығының қол астына кіруінде де еңбегі бар. Ол басқа хан, сұлтандар сияқты Россия мен Жоңғар арасында ауытқымай, бастан аяқ Россияға қосылу жағында болған адам. Сондықтан Орынбор комиссиясының екі бірдей бастығы, алдымен белгіленген Урусов та, кейін оның орнына келген Неплюев те «Жәнібек батырдың абыройы қазақ еліне ешбір ханнан кем емес» деп, онымен үнемі санасып отыратын. Екеуі де Анна Иоанновнадан Жәнібек батырға, Россия патшасының бұратана ұлттардан шыққан еңбегі сіңген әскери адамдарына берілетін тархан атағын сұраған. Бұны Әбілқайыр да қолдаған.

Жәнібектің көптен аңсап күткен сол атағы жайлы патша указы кеше ғана келіп еді. Бұны әзірше Неплюевтен басқа жан білмейді. Ол бұл указды губернатор кеңесі біткеннен кейін қонақтарын тағы жинап, солардың көзінше оқымақ, адал қызмет істейтін адамды Россия патшасы қалай жоғары бағалайтынын айтып, мақтап өтпек.

Жәнібектің аты аталған шақта Әбілқайырдың әлденеге секем алғанын аңғарып қалған Неплюев:

— Жәнібек батырды мен сіздің жекжатыңыз ғана емес, одақтас досыңыз деп қадірлеймін, — деді.

— Оған шек келтірмеңіз.

— Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан келе жатып, кейін қайтып кетті. Ал Орта жүзден келген басқа ақсақал би, батырлар көп. Біреу соларды басқармаса, біздің кеңесіміз Орта жүздің пікірінсіз өтеді. Мұндай мәжіліске олардың қатысқаны жөн.

— әлбетте.

— Оның үстіне Жоңғар елшілері Орта жүз өз тағдырын Әбілмәмбет пен Абылайсыз да шеше алатынын көрсін.

— Дұрыс айтасыз, генерал мырза, — деді бұл шешімге қуанып қалған Әбілқайыр, — менің де айтып жүргенім осы ғой. Орта жүздің тағдырын тек Әбілмәмбетке беріп қоюға болмайды. Жас болса да қазір билік Абылайға көшіп бара жатқан секілді…

Бұл жолы Неплюев пен Әбілқайырдың ойы бір жерден шықты. Орта жүз елінің ішінен Әбілмәмбет пен Абылайға қарсы қоюға жарайтын бір адам болса — ол Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр.

Әбілқайыр мен Неплюев стол басына қайта келгенде, жұрт азан-қазан екен. Хан мен генерал жоқ деп, ешкім күтіп отырмапты. Арақ, шарапқа тойғаны мас боп, көгал үстінде қорылдап ұйықтап жатыр. Көпшілігі арақ араластырған сары қымызға лықия тойып ап, шеке тамырлары білеудей боп жапанды жалпағынан басып, гу-гу етеді. Орыс офицерлері де есесін жібермеген тәрізді. Орыспын, қазақпын демей, бірін-бірі құшақтап, әлденені айтып, қарқылдап күліседі…

Жұрттың мұндай күйін көрген Неплюев қонақтарын дастарқан басына бұдан ары ұстауға қорықты. Мас болып қалған біреуі әлдеқалай шатақ шығармай тұрғанында, бұл жиынды дер кезінде таратуды жөн көрді.

Ол арақ толы бокалын қолына алып:

— Құрметті қонақтарым, мен соңғы тосты сіздердің құрметтеріңізге ішемін, — деді. Сосын үлкен бокалдағы арақты аяғына дейін қағып салды. «Браво! Браво!» деген офицерлердің айқайы естілді. — Келгендеріңе көп рақмет! Бүгінгі бас қосуымыз осымен бітсін. Таңертең сағат онда ресми мәжілісіміз басталады.

— Көп рақмет!

— Көп жаса, генерал мырза!

— Бір бас қосып қалдық қой… — деген сөздермен жұрт опыр-топыр түрегеліп, тарай бастады…

Жиырма үшінші август күні басталған мәжіліс жетінші сентябрьге дейін созылды. Жоңғар елшілері қатынасып отырғандықтан, ең күрделі мәселе Россия қол астына қазақ елінің кіргендігін Жоңғар хандығының мойындауы еді. Сол себептен кеңестің біраз күні Россия, Жоңғария және Қазақ елі арасында қандай байланыстар, келісімдер болатынын анықтауға кетті. Россия патшасының өкілдері Жоңғар елшілерінің қазақ жеріне не үшін келгендерін, қандай талап қоятындарын білгісі келді. Оған Кошка мен Бұрун:

— Қазақ елі біздің Қытаймен ұзақ уақыттар бойы соғысып жатқанымызды пайдаланып, талай шапты. Сол үшін біз олардың көп жерін басып алдық. Қазақ елі енді бізге салық төлеуге, аманат беруге тиісті, — деген пікір айтты.

Оған Неплюев:

— Біздің қол астымыздағы елдің бөтен жұртқа салық төлеуі не аманат беруі Россия империясының заңына қайшы келеді, — деген жауап қайырды.

— Біздің қастарымыз арамызға қандай от жақса да, қазақ елі қолына құран алып, Ұлы Россия патшасына берген антында тұрады, — десті Орта жүз бен Кіші жүздің атынан сөйлеген Әбілқайыр мен Жәнібек, — Россиямен мәңгі біргеміз. Ал Жоңғар елін шапсақ, ол ғасырлар бойы бітпей келе жатқан арамыздағы ұрыстың жалғасы еді. Егер Жоңғар елі бізге тыныштық беретін болса, біз де оларға қол көтермеуге, ұлы мәртебелі губернатордың алдында уәде етеміз.

— Қазақ хандары жаратылғалы уәделерін орындап көрген жоқ, — деді Жоңғар елшілері, — бұл біз талай естіген көкек әні, антын ертең-ақ бұзады.

— Бұл жолы олардың антын бұзбайтынына біз кепілміз, — деді Неплюев.

— Олай болса, біздің ұлы қонтайшымыз Қалден Церенге елші жіберіңдер, — деді Кошка мен Бұрун, — қалған келісім сөзді сонда бітірелік…

Осылай келісті, бірақ Жоңғар елшілері бірден жүріп кетпеді. Олар үш жүздің ақсақал биі, батыры қолдарына құран ұстап: «Россия қол астына кірдік» деп губернатор алдында ант бергенін көздерімен көрді. «Игі жақсыларға» рақмет айтып, әсіресе Ұлы жүздің басшыларына ризашылығын білдіріп сөйлеген Неплюевтің сөзін естіді. Бұл Жоңғарларға қатты батты. Өйткені Жетісу олар үшін Жоңғар қонтайшысы басып алған өлке боп саналатын. Ұлы жүз бұл кезге дейін қонтайшысына салық төлеп, аманатын беріп келген.

Орыс патшасының қазақ жеріне ішкерілеп кіре бастағанын көрген Жоңғар елшілері, өздерімен одақтас Қарақалпақ батырларын ертіп, дым бітіре алмай, елдеріне қайтып кетті.

Бұлар кеткеннен кейін Неплюев тағы екі мәселе қарады, бірі Орта жүз бен Кіші жүз хандарының арасындағы қайшылық болса, екінші Еділ қалмақтары мен қазақ елінің арасындағы өшпей келе жатқан қастық еді.

Қазақ хандарының өзара жау болуы Россияға қаншама тиімді болғаныменен де, Әбілқайырды біржолата шошытып алмайын деп, Неплюев оған «қандай қиын істі болса да татулықпен шешуге тырыс» деп ақыл берді. Оның үстіне Әбілқайырға өз қарамағындағы орыс қарашекпендерімен жақынырақ отыру үшін, Елек пен Берді өзендерінің бойында көшіп жүруге рұқсат етті. Бұл соңынан қазақ еліне деген үлкен жақсылық боп табылды. Осы арада Кіші жүздің ең алғашқы егінші жұрты пайда болды. Ал ханның өзіне «орыс бекіністерінің қайсысына болса да кіріп жүруге еріктісің» деді. Сондай-ақ Кіші жүздің ханын қазынаның астығымен қамтамасыз етуді орыс әкімшілігі өз міндетіне алды. Неплюев осы болмашы істің бәрін патша ағзамның Әбілқайырға ерекше көрсеткен құрметі деп ұғындырды. Бұның бәрі жылаған баланың қолына бір үзім нан ұстатқанмен бірдей, Орынбор губернаторының шығарып салма саясаты екенін Әбілқайыр түсінсе де, қарсы ештеңе айта алмады.

Еділ қалмақтары мен қазақ елінің таласын да Неплюев оңай шешті. Дос- тастырып, бірімен бірі қарым-қатынасын жөндеп, ел боп араласып тұратын келісімге келтірудің орнына, «Еділ қалмақтары, сен Жайықтың бергі бетіне өтпе, ал қазақ елі, сен Жайықтың арғы жағасына шықпа» деп үкім айтты. «Тұтқындарымызды қайтарып берсін» деген Еділ қалмақтарының өтінішіне, Жәнібек: «оларды қайтару мүмкін емес, біз сол жылы-ақ қалмақ тұтқындарын Хиуа, Бұхар базарларына сатып жібергенбіз» — дегеннен кейін, Неплюев бұл мәселені соңынан қарамақ болды. Осылай тынымды ештеңе өндіре алмаған Еділ қалмақтарының елшісі де іштей тынып еліне жүріп кетті.

Бұл мәжілісте тікелей өз басына олжа тапқан тек Жәнібек болды.

Келісім сөз қызу жүріп жатқан кезде, қалт еткен бір үзілісте Неплюев қонақтардың басты адамдарын өзінің шатырына жинап, қазақтың, қалмақтың, баш- құрттың сұлтандары мен батырларының алдында тамаша бір шабытты үнмен Елизавета Петровнаның указын оқып шықты.

Бұл указда патша азғамға көрсеткен адал қызметі үшін Жәнібекке қырғыз-қазақ халқының бірінші тарханы деген атақ берілді. (Бұл Россиядағы фельдмаршал дәрежесімен тең еді). Егер патша ағзамға адал қызмет істесе, тархан атағы оның балаларына, ұрпақтарына дейін мирас етіледі делінген.

Указды оқып шыққаннан кейін жаңа тарханның құрметіне барабан соғылып, зеңбіректерден салют берілді.

Қошамет көрсеткен жұрт гуілдесіп кетті.

— Уа, Шақшақ, атың бәйгеден келді!

— Даңқың аса берсін, Жәнібек!

— Тархан дегені хан дегені ме екен? Қарадан да хан шығады екен-ау!

— Шап ауылға, сүйінші сұра!

— Уа, Арғын атам, бір көтердің ғой аруағымды! — десіп, бүкіл дала шуға толып кетті.

Тархан? Бұл қай халықтың тіліндегі сөз. Дәрежесі қандай болмақ? Жәнібекке бұл атты сұрағалы қашан! Патша ағзам указын әне берем, міне берем деп, Жәнібектің алдына оны қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдатты да қойды. Ақыры берді-ау әйтеуір. Бұрын өзі тілектес боп жүрген Әбілқайырдың қиялы қазір алай-түлей. Бұл не? Қызғаншақтық, әлде көре алмастық па? Ағайынды екі адам бәйгеге ат қосып, ағасының аты келсе, қызғаншақ болса, інісінің жаны күйінеді. Бұ да сондай бірдеңе… Әйтпесе Әбілқайырға Жәнібектен жақын кім бар? Туған балалары да ханға бұдан артық жақсылық ойлаған емес.

Жәнібекке тархан аты берілгенде шаттанғандары көп, жанына қызғаныш шоғы түсіп, күндестік сезім билегендер де аз емес. Ондайлар құр күлген, қуанған болады. Бірақ, көздерінде ызғар, еріндерінде кекесін ізі байқалады.

Ал, Неплюевтің өз есебі өзінде, «Бала секілді, бұлардың қуануы да, ренжуі де оп-оңай. Мұндай елді басқару қиынға түспейді. Егер біреуді мерт еткің келсе, өзгеден оның дәрежесін жоғары көтере қойсаң болғаны».

… Жалпы келіссөздер бітіп, қонақтар тарқардан бір күн бұрын Неплюев Құдабайды тағы шақырды.

— Әбілқайыр хан көптен бері Сырдарияның етегіндегі құлап қалған көне қала Жанкентті қайтадан жөндеуді сұрап жүргенін білесің бе? — деді.

— Білем…

— Не үшін екенін де білесің бе?

— Мүмкін Жоңғарға таяу тұрғысы келетін шығар.

Қу тілмаш осылай деп губернатордың бетіне күлімсірей қарады. Губернатормен соңғы кездерде жиі кездесіп жүрген тілмаш Неплюевтің ызғарлы түріне де, орынсыз айқайына да үйреніп алған-ды.

Неплюев өз ойын онан ары сабақтады.

— Ол күйреп қалған қаланы қайта тұрғызу үшін, қанша қаржы керек екенін білуге геодезистер жіберуге тиістіміз. Жақында хан ордасына прапорщик-геодезист Илья Муравин барады. — Неплюев Құдабайға түксие қарады. — Оның қызметі тек көне қаланың орнын зерттеу ғана болмайды. Бар хабарды соған жеткізіп тұрасың…

— Құп, тақсыр, сеніміңізді ақтауға бармын.

— Әбілқайыр Муравинді өзіне патша үкіметінің атынан келген кеңесші деп санайды. Солай деп онымен келісілген. — Генерал күлімсіреген болды. — Кеңесші тілмаш емес, ханның ішінде не жатқанын да біліп тұруға міндетті. Ал осы прапорщик барғанша оның міндеті саған жүктеледі…

Неплюевтің өзіне сенбей Муравинді жіберіп отырғанына іштей наразы болып қалған Құдабай:

— Ол міндетті мен бұрын да атқарып келе жатқан жоқ па едім? — деді төмен қарап. — Және жаман да атқармаған секілді едім.

Неплюев өз тыңшысының көңілін тақа жүдеткісі келмеді.

— Сен жаман жұмыс істеп жүрген жоқсың. Адал еңбегің үшін дәрежеден де құр қалмассың… Прапорщиктен саған келер зиян жоқ. Бар!

— Құп, тақсыр.

Жарты сағаттан кейін Құдабай Әбілқайырдан көптен бері қолы жетпей жүрген сусар бөрік пен оқалы шапан киді. Бірақ хан одан жақында өзінің Ордасына Жанкентті тексеруге прапорщик Муравин келетінін, ал оның негізгі қызметі ханды аңду екенін білді. Ал сол күні түнде Неплюев Петербургке, сыртқы істер коллегиясына: «Әбілқайыр туған баласын аманатқа беріп отырып, Россияға қарсы шыға алмайды, бірақ оған сенуге де болмайды, өйткені ол екі жүзді және тәкаппар адам» деп хат жазды.

… Ал бұл кезде Әбілқайырдың орыс патшасының алдында тек өзім ғана адал болып көрінсем деген саясатының арқасында, Россия әкімдеріне өкпелеген Орта жүз ханы Әбілмәмбет Түркістан шаһары мен оның төңірегіндегі Қарнақ, Сукент, Сауран, Сығанақ секілді тағы отыз екі қаланы қайтарып берем деген Жоңғар қонтайшысының сөзіне сеніп, бір мың жеті жүз қырық екінші жылы Боқыраудың басында Қалден Церенге аманат етіп, өзінің кіші баласы әбілфейізді жіберді. Кешегі жауына бас иген бұл қылығын ол бір жағынан, осы кезде Жоңғар қонтайшысының қолына тұтқынға түскен Абылай сұлтанды босатып алу үшін істеген боп көрінді.

Бұрын өзіне қарсы кеп, әр басқан адымын аңдып отырған Орта жүз ханының өз жағына шығатын құлқынын сезген Қалден Церен қырық бесінші жылы орыс бекіністері мен қазақ жерінің іргелеріне жиырма мың қарулы әскері мен жол салуға арналған жеті мыңдай адамын әкеп қойды. Бұның бәрі бүгін болмаса, ертең қазақ жерінің дәл ортасына басып кірудің дайындығы еді. Үлкен айқас басталғанша олар жақын тұрған қазақ ауылдарын дүркін-дүркін шауып, мазасын ала берді.

Мұндай қиын жағдайда Орынбор әкімдерінің алдында екі түрлі міндет тұрды. Бірі, осы уақытқа дейін қазақ даласынан жырып алған жерлерін, салған бекіністерін сақтап қалу болса, екіншісі, қазақ даласына Жоңғар әскерін кіргізбеу.

Бұнымен қатар Орынбор губернаторы Кіші жүздің еліне Жайық өзенінің арғы бетіне мал жаюды тоқтатуды бұйырды, Жайық пен Еділдің ортасында бұрыннан көшіп жүрген кейбір рулар енді бұл араны тастап, Жайықтың бергі бетіне қуып шығарылсын деді. Ал бұған қазақ ауылдары көнбейтіндей ниет көрсетсе, осы маңдағы казак-орыстардың қарулы күштерінің бас қолбасшысы подполковник Ртищевке қалмақтың қарулы әскерлерін қазақтарға қарсы қолдануына рұқсат етілді. Және қалмақтарға қазақтардан талап алған мал-мүлік, тартып алған жерінің бәрі өздерінің қарамағында қалатынын айтты. Ал бұндай шараларға көнбей қарсылық істейтін қазақ ауылдарының басшыларын, сенат өзінің бір мың жеті жүз қырық төртінші жылғы бесінші марттағы указы бойынша «ұстап алып, Орынбордағы Роговик, Сібірдегі Нерчинскийдің күміс шығаратын заводтарына жер аударылсын» деп жарлық етті. Бұл шара аз болғандай, бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы Сыртқы істер коллегиясы қазақ елі Жайық өзенінің оң жағына малдарын айдамас үшін, бұл өзеннің сол жағасы Каспий теңізіне дейін күзді күні өртелсін деп бұйырды. Бұнымен қатар орыс бекіністерін қазақ ереуілшілерінен сақтау үшін қазақ жеріне қарулы әскер шығаруға указ берді. Бұл указ бойынша, қарулы әскер қызметін Жайық бойының казак-орыстарына міндеттеді. Оларға қазақтардың жылқыларын ғана айдап алу емес, өздерін де тұтқын етіп, жер аударуға рұқсат етілді. «Шаш ал десе бас алатын» казак-орыстар енді ойларына келгенін істеуге еркіндік алды.

Мұндай жағдай тек қана Жайық бойында емес, Сібір губернаторының қарамағындағы қазақтарға да қарсы пайдалануға бұйырылды.

Бұл қысым жалғыз қазақ кедейлеріне ғана емес, жақында ғана кеп, жаңа жерге қоныс тепкен орыс шаруаларына да түсті. Патша қанауына шыдай алмаған бұқара арасында Пугачев бастаған көтеріліс белгі бере бастады. Бұған қазақ, башқұрт секілді ұлттардың кедей тобы да қосылды.

Неплюев қазақ елі мен патша үкіметінің арасындағы қырғи-қабақтықты бәсеңдетудің бір айласы бітім сөз жүргізумен қатар, қазақ даласымен сауда-саттықты кеңейте түсуде деп ойлады. Ол, тіпті, бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы Сыртқы істер коллегиясына берген рапортында: «Бұл халықты құр қорқытумен ғана емес, көбірек сауда-саттық секілді жақсылық істер арқылы да бағындыру жолын ойлауымыз керек» деп жазды. Егер бұған қазақ елі көнбейтін болса, оларды күшпен бағындыру үшін, өзіне және Ойыл жолындағы әскердің бастығы генерал-майор Штокманға Жайық қазақ-орыстарынан екі мың, Орынбор мен Ор бекіністеріндегі әскерден бес мың солдат берілуін сұраған. Түбі бұл әскер аз бола қалса, тағы қалмақ, башқұрт, шоқынған татарлар мен мешерлер секілді Россия патшалығына бағынышты бұратана ұлттардан он мыңға тарта қарулы адам қосылсын деген. Әрине, осыншама әскерді Неплюев неге сұрап отырғаны Сыртқы істер коллегиясына да айқын еді.

Осындай жағдайда қазақ елінің өз тәуелсіздігін сақтап қалуы екіталай шаруа.

Бір жағынан жиырма мың әскерін жалақтатып жоңғар қонтайшысы Қалден Церен, екінші жағынан дәл осындай әскерін қазақ жеріне кіргізе бастаған орыс патшасы. Жан алқымға енді келді. Хан мен сұлтандар өздерінің жолын тауып жатты: бірі орыс патшасына қызметке кірді, бірі Жоңғар қонтайшысымен ауыз жаласпақ болды. Ал қара халық ше? Жерінен, бостандығынан айрылуға жақын қалғанын сезіп, жанталасты.

Орыс патшасы арқылы «жұмақ орнатам» деген Әбілқайырдан да, Жоңғар қонтайшысы арқылы тыныштық әкелем, атамекен Түркістаныңды қайтып әперем деген Әбілмәмбеттен де халық суий бастады. Білегін сыбанып жіберіп, ол енді батыр жігіттерінің соңына ерді. Орыс патшасы салдырған бекіністерді шапты, керуендерін тонады, патша солдатының қолынан бір шаруа өлсе, оның құнын екі есе қайтаруға тырысты. Осылай Кіші жүздің көп рулары атқа қонса, Орта жүздің жігіттері де бос қалмады. Әбілмәмбет ханнан көрі, енді олар өз араларынан шыққан Баян, Малайсары, Бөгенбай, Бұқарбай, Олжабай, Елшібек секілді батырларының жасағы боп, тұс-тұстан Жоңғар қонтайшысының үстемдігіне қарсы шықты.

Орыс патшалығынан не әскер, не Жайықтың арғы бетінен жайлы қоныс, не аманатқа берген баласы Қожахметті қайтып ала алмаған Әбілқайыр өзінің қадірінің шын түсе бастағанын енді айқын сезінді. Бұл Әбілқайырдың емес, Орынбор губернаторы Неплюевтің қатесі еді. Әбілқайыр қазақ елін Россияға қосу жолындағы алғашқы қайраткерлерінің ең табандысы екені даусыз болатын, ел көзінде оның қадірін көтере білу керек еді.

Соңынан ерген жұртының өзінен алыстай бастағанын ұққан Әбілқайыр қатты састы. Біресе қарамағындағы елді Орта Азия хандарының жеріне көшуге, не болмаса Иран шахының қол астына кіруге үгіттеді. Ондағы ойы егер қазақ рулары солай қарай ауар болса, орыс патшасы қарамағыма өзіме керек әскер беріп, қазақ елін біріктіруге тағы шақырар деген үміт. Бұдан да ештеңе шықпады. Қазақ жұрты жат ел хандарына жалынышты болғаннан гөрі, қандай қиындық көрсе де өз жерінде қалғанын артық көрді. Бұл бір ерекше өкініш еді. Нәдір шах әскері келмей тұрып, 1744 жылы Әбілқайыр Хиуаны басып алған. Соңынан тұрғын елдің бүліншілігі арқылы аз уақыт бұл араға Нұралы да хан болған. Нәдір шах мұны да қуып жіберген. Хиуа хандығынан айрылып қалған Әбілқайырдың жүрегін өкініш жегідей жеген. Халық болса жолын өзі тауып кете ме деп қорыққан Әбілқайыр, сасқанынан орыс патшалығына қарсы қимыл көрсете бастады. Сондай әрекеттің бірі қырық жетінші жылы болды. Әбілқайырдың ақылымен қазақтың екі мықты қолы Үйшіктің төменгі жағындағы мұз боп қатып қалған Жайық өзенінің үстімен өтіп, Қызылжар деген жерде қалмақтардың ұлысы мен орыс балықшыларының қалашықтарын шапты. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды. Алты жүзден астам қалмақ пен орыс адамдарын тұтқын етіп өздерімен бірге әкетті. Осы жылы тағы да қазақтың бес жүз адамнан құрылған жасағы Үйшікті айнала өтіп, үстірт арқылы Еділдің жағасына шықты. Тағы тыныш жатқан жұртты шауып, мал-мүліктерін олжа етті. Бірақ жолай өздерін аңдып жатқан казак-орыс жасағына душар болып, әзер қашып құтылды. Әбілқайыр Россия бекіністеріне қарсы басқа да жорықтар ұйымдастыра бастады. Әбілқайырдың бұндай қылығын көрген Кіші жүздің кей рулары оның маңына қайтадан шоғырлана түсті.

Алайда Әбілқайыр Россия секілді ұлы мемлекетті аз қолмен қарсы шығып, мұқата алмайтынын жақсы білетін. Сол себептен де ол баласы Қожахметті босатып аламын ба деген үмітпен, тұтқынға түскен орыс адамдарын қайтарып бергізуге бірталай әрекет істеді. Бірақ орыс әкімдері оның бұл ойын тағы теріс ұқты. «Бізге қарсы әрекеттерінен ештеңе шықпайтынын білгендіктен, Әбілқайыр бұрынғысынан көрі жуасыды» деп жазды Неплюев Сыртқы істер коллегиясына.

Ал бұл кезде Жоңғармен тіл табам деген Әбілмәмбеттің де басқыншы елмен дос бола алмайтынына көзі жеткен. Қалден Цереннің бар көздегені қазақ елін бүтіндей өзіне бағындыру екенін Орта жүздің ханы түсінді. Россия патшалығы алдында Әбілқайырдың беделінің түсе бастағанын білген Әбілмәмбет енді орыс әкімдерімен тіл табуға тырысты.

Демек, орыс әкімдері Әбілмәмбеттің және оған ерген Абылай секілді сұлтандардың мұндай ықыласын пайдаланғысы келді. Енді Орынбор губернаторы Неплюев өзінің ескі әдеті — қазақ хандарын, сұлтандарын бір-біріне айдап салатын әдісіне қайта көшті. Ол енді Әбілқайырға қарсы Барақ сұлтанды пайдалануды ойлады. Бұл кезде Әбілқайыр мен Барақтың арасы әбден шиеленісіп болған. Осыдан жарты жыл бұрын ғана Барақтың баласы Ханбабайдың Созақты билеп тұрған әкесіне Хиуадан Сырдария арқылы жіберген жетпіс түйелі керуенін Әбілқайырдың жасақтары талап алған, осы керуен жайында хабар берген Неплюевтің өзі еді.

Бұл кезде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Түркістанды беремін деп алдаған Қалден Цереннен мүлде ат құйрығын үзген. Жоңғар қонтайшысының шақыр- ғанына, ақсақалдармен ақылдасып бармай қойған. Бұған ашуланған Қалден Церен қолындағы Әбілмәмбеттің аманат баласы әбілфейізді, Барақтың ұлы, Шағайды өздеріне қайтарып, қазақ даласындағы елшілерін, саудагерлерінің бәрін жинап алған. Бұнысы Қалден Цереннің тағы соғысамын дегені еді. Бұндай жағдайда Орта жүздің ханы Әбілмәмбет те, батырлары Барақ, Абылай, Жәнібек, Бөгенбай, Күшік те, Кіші жүздің белді адамдары Бұғыбай, Бөкембай, Алтай, Тайман, тіпті хан балалары Нұралы, Ералы, Айшуақ та Россия жағына шығып, соны паналауды ұйғарған. Бұны біреуі ел қамын ойлап істесе, енді біреулері қорыққандығынан мақұлдады. Барақ секілділері Россия патшасына бағынуды түпкі ойы ұнатпаса да, басқа лажы болмай, амалсыз көнді.

Бүкіл Орта жүз бен Кіші жүз басшыларының бұлай Россия жағына күрт құлауына тек Жоңғар қонтайшысымен араларының қиындап кетуі ғана себеп болған жоқ. Халық бұл кезде соғыстан, алыс-жұлыстан әбден шаршаған еді. Енді ол аз уақыт болса да тыныштық іздеп, өзінің азып-тозып бара жатқан шаруасын жөндегісі келген. Мұндай аласапыран кезеңде халық тыныштық тек орыс патшалығы арқылы ғана келеді деген сенімде еді. Өйткені Россия патшалығы кеше қазақ жеріне бекініс ретінде салған: Орск, Елецк, Троицк, Үйшік, Ямшенев, Семейпалат, Тобольскілердің бәрінде де сауда-саттық жүргізе бастаған. Қазақ еліне керегі де осы. Енді олар бұл қалалардағы орыс саудагерлеріне малын, терісін, жүн-жұрқасын сатса, өзіне керек астығын, матасын, қазан-ошақ, ыдыс-аяғын, кетпен-балтасын алды. Орыс әкімдері қазақ еліне тек мылтық, күкірт секілді қауіпті заттарды көп сатуға рұқсат етпеді.

Россияда сауда қалаларының күшейе бастағаны соншалық, ондағы болатын жәрмеңкелерге қазақ жерін басып Орта Азия хандарының сауда керуендері де келді. Ал қалың бұқара орыс қара шекпендерімен таяу танысып, олардан егін салу, балық аулау секілді өнегелерді үйренуге кірісті. Көбі өзі секілді шаруалармен тамыр-таныс боп алды. Орыс әкімдері де бос жатпады. Біресе Әбілмәмбетке, біресе Абылай, Барақ, Жәнібектерге бір кезде Россия қол астына кіргендерін құлаққағыс етіп, кісі жіберумен болды.

Осы тұста Кіші жүз ханы Әбілқайырдың күйі бұрынғысынан да нашарлай түсті. Екі жүзділік саясатының салдарынан ол не қазақ елінің, не орыс патшалығының сеніміне кіре алмады. Ал Орынбор губернаторы Неплюев өз жұртының алдында қадірі кеткен Әбілқайырдан мүлдем құтылуды қарастыра бастады. Бұл жолы ол Әбілқайырды сенат, не Сыртқы істер коллегиясы арқылы емес, Кіші жүз ханының Орта жүз сұлтандарымен бәз баяғы бас араздығын пайдалану арқылы-ақ құртпақ болды.

Ал Әбілқайыр енді тікелей Петербургпен тілдеспекке қол созды. Ол өзінің Неплюевпен қырғи-қабақ екенін айтып, жәрдем сұрап Тевкелевке хат жазды. Орынборға бұл хатты алып келген Құдабайды ертеңіне Неплюев шақырып алды.

— Орынборға неге келдің? — деді амандықтан кейін.

Құдабай жасырған жоқ.

— Әбілқайыр ханның генерал Тевкелевке жазған хатын әкелдім. Осы жерден Петербургке баратын біреу арқылы беріп жібермекшімін.

— Хат не жайында?

әрине, дворян тәрбиесімен өскен Неплюев бірудің хатын ашып оқудан аулақ еді. Ал тілмаш, ханның өтінішімен өзі жазған хаттың дымын да жасырмай бәрін айтып берді. Хаттың түпкі мәні Кіші жүздің ханын Орынбор губернаторымен татуластыру жайында және Неплюевтің өзі сенатқа жазған Әбілқайыр екеуінің арасындағы қайшылықтар туралы болғандықтан, Неплюев Әбілқайырдың аңқаулығына езу тартып күлді де:

— Жақсы, хатыңды ертең біздің почта арқылы жібер, — деді. Сосын кетіп бара жатқан Құдабайды тоқтатып, — Кіші жүз ханы мен Орта жүз сұлтандарының арасындағы бақ таластықты, қайсымыз орыс патшасына көбірек жағынып, атақ-дәреже аламыз деуден туған өшпендікті өзім де жақсы білемін. Бірақ мәселе қазір онда емес… Басқада. Россия патшалығы енді Әбілқайырға арқа сүйей алмайды…

Құдабай сәл басын көтерді.

— Әбілқайыр хан райынан мүлдем қайтып, біржола Россия патшалығына арқа сүйегісі келсе де ме?

— Бәрібір, — деді Неплюев. — Енді Әбілқайыр райынан қайта ма, қайтпай ма, маңызы жоқ. Өзінен ақылды жас шықса, кәрінің оған жол беруі жаратылыс заңы…

«Ол жасың Әбілқайырдың баласы Нұралы ғой! — деді ішінен Құдабай. — Нұралы шу бастан өзін дұрыс ұстап келеді. Бірақ Әбілқайыр тәрізді көкжалдар бір бұлқынғанында жоқ қылғалы тұрған арыстан ашуланса, Нұралы секілді көжектің несін қалдырады?»

— Сонда… Біздің ханымызды орнынан түсірмексіздер ме? — деді тәуекелге бел буған Құдабай, — сенат ол туралы указ берді ме?..

— Өйте қояр ма екен… — Неплюев енді Құдабайға ызғарлана қарады. — Патша үкіметінің Әбілқайырда енді шаруасы жоқ. Қазақ сұлтандарын өзіне қарсы қойған екен, жауабын да өзі берсін…

«Сонда Әбілқайырды о дүниеге қай сұлтан жөнелтуге тиісті? — Құдабай тіпті терлеп кетті. — Губернаторы қайда бастап барады?»

— Меніңше қазақ еліндегі оның қас жауы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет, — деді Құдабай. — Екеуінің арасындағы бақ таластық…

— Жоқ, Орта жүздің ханы бұл іске жарамайды. Әбілмәмбет Әбілқайырды өлтіріп, бүкіл Кіші жүзді өзіне қарсы қояр ақымақ емес. Басқа қайсысы бар?

— Барақ сұлтан… Екеуінің арасындағы өшпенділік бірін-бірі нағыз өлімге қиярлық жағдайда. Оның үстіне Барақ сұлтан орыс қалаларының қазақ жеріне салына бастауының бас айыпкері Әбілқайыр хан деп санайды, Кек алуға ол тайынбас…

— Иә, Барақ сұлтан бізге де дос емес, «қол астына кірдік» деген анты құр шығарып салма сөз. Шын беріліп жүрген ол жоқ. Міне, осы Барақ сұлтанды пайдалану керек…

— Сонда маған не бұйырмақсыз?

— Барақтан жоңғар қонтайшысы құнын сұрамайды. Рақметін айтады, сенің міндетің — Бараққа біздің ойымызды сездіру… Және Россия патшалығының да қуғын салмайтындығына сендіру.

— Жоңғар мен орыс патшасы Әбілқайыр үшін, Барақты дарға асып, оққа байламайды делік. Бірақ мұндайда жайшылықта жек көргенмен, хан құнын жоқтар Кіші жүздің рулары бар емес пе? Барақ олардан сескенбей ме? Қанша көкжал дегенмен, оған да жан керек қой.

— Кіші жүз руларын Нұралыға жібер. Болашақ хан өзіне бағынышты елімен тіл табысар…

— Ал өзім жайында…

— Өзің жайында қам жеме… Россия империясы өз адамын қашан да қорғай білген.

Қанша сұм болғанмен, Құдабай осынау бір алыста жатқан сұмдықтың ыз- ғарынан өзін тоңып кеткендей, бозара қалды. Тыңшысының мұндай халін ал- ғашқы рет көрген Неплюев оның көңілін ашқысы келді.

— Орынборға көптен бері келген жоқсың ғой, — деді сөзді басқа жаққа бұрып. — Губернатор кассасында бірталай еңбек ақың жатыр. Соны ала кет.

Жаңа ғана салы суға кетіп тұрған Құдабайдың түрі енді жайнап сала берді.

— Менің еңбегімді ұмытпағаныңызға мың да бір рақмет! — деді Құдабай басын иіп. — Жаңағы тапсырғандарыңыз бұлжытпай орындалады.

Елге қайтқаннан кейін Құдабай Хиуа ханының қол астында жүрген Барақтың үлкен баласы Ханбаба арқылы сұлтан Неплюевтің ойын жеткізді. Ханбабадан да шапан киіп, ат мінді. Енді ол Әбілқайырға да Орынбор губернаторының бар сырын жайып салды. Тек Ханбабамен сөйлескенін ашқан жоқ. Ханнан да камшат ішік киіп, жорға мінді.

Неплюевтің ойы бұнсыз да күтпеген жерден тез орындалды. Бір мың жеті жүз қырық сегізінші жылы шілде айының аяғында Әбілқайырмен сөйлесуге Петербургтен генерал-майор Тевкелев келді. Бұл хабарды естісімен бүкіл балаларын және Кіші жүздің басты адамдарын ертіп Әбілқайыр Орға жетуге асықты. Он күндік жерге, ат ауыстырып отырып бес күнде келді. Екі аптадай болған әңгімеде Әбілқайыр орыс патшалығына, әсіресе Орынбор губернаторына деген бар өкпесін айтты. «Келіннің бетін кім бұрын ашса, сол ыстық» дегендей, Кіші жүздің ханы «Россия қол астына кіруіне» себепкер болған Тевкелевтен еш сырын жасырған жоқ, бар ой-құпиясын жайып салды. Өз заманының бір ақылды, берік адамы және Россия мен қазақ даласының қосылуына көп еңбек сіңірген Тевкелев бұ жолы да Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуші адал уәкілі екенін ақтады. Тіл тауып, Әбілқайырдың ашуын тарата білді. Әбілқайыр шын жүректен бұдан былай да ақ патшаға адал қызмет етуге уәдесін берді. Тевкелевпен келісіп, жеті жылдан бері қайтара алмай жүрген Қожахметін қайтарды. Орнына ел ағаларының балаларымен бірге өзінің ортаншы ұлы Айшуақ сұлтанды аманатқа қалдыратын болды. Бір жыл өткеннен кейін Айшуақтың орнына ең кенжесі әбілді жіберетін боп уәделесті. Ал Неплюев пен Әбілқайырдың арасын жөндеуді Тевкелев өз міндетіне алды.



Осылай ақ патшаға адал қызмет істемек боп, Әбілқайыр еліне қайтты. Құдабайдың айтқан құпия сырынан қорқып, жолай Орынборға соғып Неплюевке жолықпай, тікелей Ырғыз өзенінің бойында отырған Ордасына беттеді.

Әбілқайыр жоңғар жағына шығып кеттіңдер деп көршілес қарақалпақ елін оқта-текте шабумен болатын. Әсіресе, Әбілқайырдың сойылы «Ақтабан шұбырынды» кезінде осы қарақалпақ тайпасына келіп қосылған Ұлы жүздің бір бөлегі Жалайыр ауылдарына қатты тиген. Бұл ел құрып кете ме деп қорыққан Жалайырдың басты адамдары, екі мың шаңырағын және олармен араласып кеткен екі-үш қарақалпақ аулын Кіші жүздің шекарасынан Торғай бойына көшірмек болған. Осы бір тайпа елі көшіп келе жатқанда «Сендер Әбілқайыр ауылысыңдар» деп, жақында ғана өзін Орта жүздің біраз жұртына хан көтерткен Көшек сұлтан екі жүз сойылымен қапыда кеп тиіскен. Көшектің қолына Барақ та келіп қосылды. Олар қарусыз көшті басып қалғанда, тек жүз үй қарақалпақтар ғана қашып құтылған. Осы құтылған жүз үйге Ор қаласынан қайтып келе жатқан Әбілқайыр кездесті.

Қарақалпақтар айыптарын мойындарына алып, Кіші жүз ханының қолына берілді. Енді Әбілқайыр Барақтан анау екі мың шаңырақты тартып алмаққа бел байлады. «Өзіміз бар болғаны жүз елу ғана сойылмыз, Бараққа төтеп бере алмаймыз» деген серіктеріне: «Барақтан қорыққан сендер — қатынсыңдар. Әйтпесе еркектен еркек қорқа ма екен» деп болмай, сол жүз елу адамымен, ұзап кеткен көшті қуып берген. Мүмкін Кіші жүз ханы жасағының жеткіліксіз екенін ойлаған да шығар, бірақ нартәуекел етті. Баяғы Нұрбике оқиғасынан кейін Бараққа әбден өшігіп алған намысқой Әбілқайыр, бұл айқастың қауіпті екенін ақылға сала алмады, бар арманы Барақты өз қолымен өлтіру болды да тұрды. Осы жолы қас жауының қанын ішпесе, оған Барақ екінші рет кездеспейтіндей көрінді. Сол себептен де атына қамшыны асыға басты. Екі қол Торғайдан бір күндік жердегі Улкаяқ өзенінің жағасында кездесті.

Қарамағына енген Жалайыр жігіттерімен жасағы көбейіп қалған Барақ, Әбілқайырдың жүз елу адамына бет бақтырмады. Тықсырып, қоршап алып, біреуін қалдырмай қыруға айналды. Әбілқайырға әбден өшігіп алған Жалайыр мен қарақалпақ жігіттері енді Барақ жағына шығып, жан аяспай соғысты. Бірақ жаратылысынан батыр Әбілқайыр «тағдырдың жазғаны осы болса көріп алайын» деп, кейін шегінбеді. Бірінші адамды ат үстінен ұрып түсірді. Өзі де Барақтың баласы Шағайдың қолынан ат жалын құшып құлады. Жерде сұлап жат- қан ханның жанына шапқылап жеткен Барақ беліндегі ұзын сапты, сүйір ұшты Хиуа қанжарымен жүрек тұсынан сәл төмендеу жерден құлаштап ұрды. Әбілқайыр ышқынып барып демін алды. Көгілдір аспан заматта қанға малын- ғандай қып-қызыл боп, шыр көбелек айнала жөнелді.

— Міне енді алыс-жұлыс, үміт-арман… бәрі-бәрі бітті, — деді ол үнсіз күбірлеп. Кенет ғажайып бір ой ең ақырғы ақыл-сезімін шарпып өтті. — Қандай данышпан едің, байғұс қазақ?! Сенен басқа бірде-бір халық дүние шіркінге «жалған» деген ат қоймаған болар. Қалай тауып қойғансың. Қу дүние, шын жалған екенсің… Өттің де, кеттің ғой…

Барақ алабұртып қабындап кеткен жүрегін зорға басып:

— Өз қолыммен өлтірдім! Өз қолыммен қаныңды іштім! — деді айдалада насаттана дауыстап. — Енді арманым жоқ. Қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге бармын.

Сонан кейін ол артына қарамастан, атына мініп, күншығыс жаққа қарай жорта жөнелді.

… Бір жылдан кейін Кіші жүздің ханы етіп, Елизавета Петровна Нұралыға указ берді.

Әбілқайыр өлгенде, оның артында көптеген ұлы-қызы, үрім-бұтақтары қалды. Олардың ішінен патша үкіметінен шен-шекпен киген правительдер де, жұртын ағарту жұмысына ат салысқан ғалымдар да шықты.

Әбілқайырдың өз аты да тарихтан орын алады. Бірақ ол хандық, жаугершілік, ерлік істерімен емес, сан қиындықтары, қайшылықтары болса да, түбі тарих өзі ақтаған, қазақ елінің Ұлы Россия қол астына кірсек деген ғасырлар бойы келе жатқан тілегін ресми түрде мемлекеттік саясат сатысына көтерген алғашқы ханы болып танылды.

Үшінші бӨлім



І



Қалампыр, миялы жұпар аңқыған көкорай шалғын белуардан келеді. Сырымбет тауының күнгей жағында қаз-қатар қонған кілең ақ боз үй алыстан ақ шағаладай боп көз тартады. Бұл — Абылай сұлтанның аулы. Сәл қашықтау тұстағы шағын қараша үйлер — төлеңгіт аулы. Төлеңгіт аулының да, сұлтан аулының да маңайы әбігер, қараң-құраң жұрт. Сойылып жатқан мал, көтерілген қазан. Жас иіс толы жаздың басы. Таңертеңгі мезгіл. Түс ауа үлкен той басталмақ. Қазір соған әзірленіп жатыр. Той Абылай сұлтан мен Қалден Цереннің қарындасы Хочадан туған тұңғышы Қасымның жетіге толып, сүндеттелуіне арналған. Абылай жоңғарлармен бір үлкен айқаста қолға түсіп, үш жыл қонтайшының Ташкенттегі сарайында тұтқында болған. Ақыры немере ағасы Әбілмәмбет хан мен Орынбор губернаторы Неплюевтің кірісуінің арқасында бір мың жеті жүз қырық үшінші жылы тұтқыннан босанған. Қалден Церен бұның орнына аманат етіп Әбілмәмбет ханның кіші баласы әбілфейіз бен Барақ сұлтанның ортаншы ұлы Шағайды алып қалған. Қалден Церен Абылай сұлтанды құр босатпаған, түбі өзіме керек болар деп, оған сүйікті қарындасы, батыр Хочаны жар етіп қосқан. Әрине, жоңғар қонтайшысы өзінің бұл ісінде ел басқаратын адамға керек, Абылайдың батырлығын да, ақылдылығын да еске алған.

Абылай даңқы бұл кезде жер жаратын. Қарындасын берген қонтайшы қателескен жоқ еді. Өзі хан болмағанмен немере ағасы Әбілмәмбет ханнан Орта жүзге бұның қадірі кем түспейтін. Ел басқаратын ерекше қасиеттерінің арқасында оның даңқы үш жүзге бірдей тарай бастаған. Кім болса да Абылай пікірімен санасатын күйге жеткен. Қарындасын берген әккі қонтайшы қателесті: Абылай дегенін істемеді, өз саясатын жүргізді. Қандай жағдайда болса да қазақ жерін Жоңғардан босатуды ойлады. Бірақ атағы жер жарғанмен, Абылайға тікелей бағынған ел — Көкшетаудың жан-жағында сыңси қонған, өзіне жеті қызын беріп, жеті отау тіккен, Атығай, Қарауыл тәрізді Арғынның белді рулары ғана еді. Бұл әлі оның үш жүзге хан саналып, бетіне жан қаратпайтындай айбарлы кезі емес. Арғынның өр көкірек, долы мінезді кей рулары Абылайға тақа бас ие қоймаған шағы. Жетідегі сотқар ұлын сүндетке отырғызып, той істеудегі сұлтанның бір ойы, әзірге шет жайылып жүрген осы руларды өзіне тарту еді.

Ел билеу?

Ел билеу оңай тисе, халық тізгіні қолында болған адамның бәрі де ел аузында қалмас па еді? Қазақ тарихында жүздеген хан менен мыңдаған сұлтандар өтті. Солардың халық жадында қалғаны саусақпен санап аларлықтай. Хан тағына жету кейде оңай болғанмен, хан тағында отыру қиын. Өйткені оған тек қана күш емес, ақыл, айла, саясат керек. Бұл қасиеттер сандықтағы дүниең тәрізді, біреуде бар, біреуде жоқ…

Абылай ел билеу ісінде Есім хан тәсіліне көңілін көбірек аударатын. Тікелей оның жолын ұстамағанмен, кей әдістерін өз ісінде қолданып отыратын. Бұған да себепкер болған бәз баяғы Бұқар жырау. Ол бір күні Есім ханның тарихын оған айтып берген:

— Хан тағдыры — халық тағдыры емес, — деген Бұқар жырау, — кейде жауымен тартысы бір болып, қан майданда бірге қаза тапса да жатар моласы бөлек. Тек тарихтағы азды-көпті ісі халық ойынан шықса, сондай ханды қазақ елі есінде қалдырған. Соның бірі Есім хан.

— Хаджири есебі бойынша бір мың сегізінші жылы, яғни біздіңше, бір мың алты жүзінші жылы, — деген Бұқар жырау Абылайға, — Тәуекел ханның орнына қазақ елі жиырма екі жасар Есімді хан көтерді.

Есім қазақ хандығының тағына отырысымен, ағасы Тәуекел мен Қияқ секілді Мауреннахр жерінде ұрыста қаза болған белгілі батыр, сұлтандардың пырағын Ташкент жерінен әкеп, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінің түбіне жерлеткізді.

Оның бұл кездегі ең күрделі саясаты: Шығыс Түркістанда болып жатқан Моғол бектері мен Жағатай ұрпақтарының арасындағы жанжалдарға кірісуі еді. Өйткені дәл осы шақта Қытай айдаһары Шығыс Түркістанға қарай созыла жылжып келе жатқан. Бұл қазақ еліне зор қауіп туғызған. Сондықтан Қытай мен қазақ хандығы ортасындағы елдердің қандай күйде екенін білу керек болды.

Ал Жетісу мен Шығыс Түркістанның біраз жеріне әмірлігін жүргізіп әбдірашит хан өлгеннен кейін, балаларының арасында үлкен дау-жанжал басталған. Олар бұрын қазақ хандарымен одақтас саналған қырғыз елінің де кей тұсын өздеріне қаратуды ойлаған. Бұларға қырғыз руларының ала ауыздығы да өздерінің жерін, суын талан-тараж етуіне жол ашты.

Есімнің хан болған кезінде әбдірашиттің ортаншы ұлы әбдірахман Шалыш пен Тұрфанның билігін алған. Жетісу мен Шығыс Түркістанның қалған жері әбдірашиттың өзге балаларының қолында қалған. Бірі Ақсуда хан болса, бірі Құсанды, бірі Құшты меңгерген. Қысқасы, әбдірашит қайтыс болысымен оның ұрпақтары билікке, жерге таласып қырық пышақ боп бүкіл Моғолстанды талан-тараж еткен.

Есім шақырған хан кеңесінде қазақ елі әбдірахманды қолдамақ болды. Әбдірахманның шешесі Жетісу бойындағы Үйсін қызы еді. Және әбдірахманның да, өзіме жәрдем түбі осы жақтан келеді-ау деп, бір бүйірі қазақ еліне тартып тұрды. Есімге бұл мәселе жөнінде қырғыз манаптары да қосылды. Оған себеп, қырғыз еліне Жаркент, Ақсу, Қашқар хандарынан гөрі ертеден одақтас болып келген қазақ елі қолайлы еді. Тағы бір жағдай: осы тұста Жоңғар қонтайшысы күшейе бастаған. Ал олардың шапқыншылығынан құтылу саясатында қырғыз бен қазақ тілегі ұштасып жатқан-ды. Сан мәртебе екеуі бірігіп, Жоңғарларға тойтарыс та берген.

Есім әбдірахманға жәрдем ретінде бес мың қазақ әскерін жіберуді ұйғарды. Ол бұл әскерді Тұяқ батырға басқартпақ болды.

Ертеңіне хан Тұяқты шақыртып алды. Тұяқ пен Есім екеуі де еңселі, зор денелі еді. Сарайға тәжім беріп кіріп келген батырға, хан:

— Жоғары шық! — деп қасындағы жастықты төрге қарай сырғытып тастады. Қарадан шыққан адамға ханның өз қолымен жастық тастауы зор құрмет. Тұяқ жайғасып отырғаннан кейін Есім оны неге шақырғанын айтып келіп:

— Жетісу мен Түркістан маңайындағы Ұлы жүздің бар руларын біз өз қолтығымыздың астына алуымыз керек, сол себептен Үйсіннің көп жұртын билеп отырған әбдірахман ханға жәрдем беруді ұйғардым, — деп сөзін аяқтады.

— Хан ойы халық тілегінен шықса, оған не жетсін! — деді Тұяқ сабырлы үнмен. — Бәріміз де адамбыз ғой. Адам болған соң армансыз тіршілік ете алмайды екенсің. Бұйрығыңызды орындамастан бұрын, менің де бір арманым бар еді, егер рұқсат етсеңіз, соны айтайын…

— Айт, батырым.

— Үміт деген бір қайық. Ер жігітті жолы болса дүниенің қапасынан да, қайғысынан да алып шығады, менікі сол бір үміт қой. Тағдыры өзіңнің қолыңда…

— Тыңдайық, аяғына дейін айт…

— Жарайды, құлдың баласы демей, батырым деп тыңдағың келіп тұрса, айтайын… Алдымен мынаны білгім келеді. Хан ием, мен ақ сүйектен шыққан жоқпын, жан-тәніммен ел-жұртыма қызмет істеп келем. Ерлігім, не қызметім көңіліңізге олқы соғып жүрген жоқ па?

— Жоқ, өзге батырларым бір төбе де, сен бір төбесің ғой. — Шыны ма, кекесіні ме Тұяқ айыра алмады. — әбдірахманға жұмсап отырғаным да содан емес пе…

— Онда айтайын. Бас кеспек болса-дағы тіл кеспек жоқ. Қисаң жеңгең Ақторғынды маған бер.

Біреу жағынан тартып жібергендей, Есімнің өңі қара күреңденіп кетті.

— Ей, сен не малтаңды езіп отырсың?

— Жаңа өзің айтқан жоқ па едің, өзге батырларым бір төбе де, сен бір төбесің деп…

Ханның ызадан қаны қашып, мойнына құрық түскен асаудай басы кекжең ете қалды. Әрине, қазақ елінде хан мен әйелі бірге өлсін деген заң жоқ. Ағасы Тәуекелдің жұбайы да өмір бақи жесір қалмайды. Біреуге шығуы керек қой. Бірақ ол ханның әйелі, ханның жеңгесі емес пе? Есігінде жүрген құлға қалай шығады? Ол мүмкін емес…

— Жеңгең Ақторғын да осыны тілейді, — деді Тұяқ батыр.

— Сонда қалай болғаны? Тәуекел ханға жыл болмай жатып көңіл қосып қойғансыңдар ма? Онда екеуің де айыптысың?

— Жоқ, олай емес, хан ием!

— Жә, тоқтат!

Қанына тартпағанның қары сынсын дегендей, Есім қазір қанына тартып отыр. Төреден жаратылған ханның жесірін қарадан шыққан бір батырдың аламын дегеніне қорланып қалған. Бұл да ештеңе етпес еді, егер құралай көз, оймақ ауыз жесір жеңгесіне жас ханның өзінің көзі түспеген болса… Өзінен он жас үлкен болса да, Есімге ол он жеті жасар қыздай көрінген. Қыпша бел, ақша маңдай, кербез жеңгесінің қасында өзге орда сұлулары аққудың жанындағы қоңыр қаздардай ғана боп қалған. «Аға өлсе, іні мұра» деп қарайтын қазақ дәстүрімен, Есім ағасының асынан кейін жесірін өзі алмақ ойда еді. Хан қанша әділеттімін дегенмен де, өз нәпсісінің тілегінен аса алмаған.

Ол қолындағы күміс қоңырауын үсті-үстіне ашулана қақты. Үйге асыға кірген күзетшілерге:

— Қару-жарағын сыпырып алып, мынаны қазір зынданға тастаңдар! — деп бұйырды да теріс бұрылып кетті.

Хан сарайының жанындағы қара алаңдағы зынданға атақты мыңбасы Тұяқ батырды апарып салған хабар заматта бүкіл Түркістан шаһарын шарлап өтті.

«Қару-жарағын сыпырып алып Тұяқ батырды қара алаңға апара жатыр» деген хабарды дәйекші балаларының бірі келіп жеткізгенде, Ақторғын жерге тиер ұзын қолаң шашып өргізіп отырған-ды. Жүрегін ұстап, кенет аппақ бөздей боп шошып кетті.

— Жолымбет батырды шақыр, — деді қасында тұрған әйелге.

Кіші жүздің таңдаулы қолын басқарып жүрген Жолымбет батыр Ақторғынның нағашы атасы. Ханнан кешірім сұраудың керегі жоқтығын ханым бірден ұққан. Сұрағанмен де бұл өтініші жақсылыққа апармайды. Қазақ дәстүрі: Есім өз жесіріне не істеймін десе де еркі бар. Әрине, ақылға салса хан өзінің нәпсісі үшін Тұяқ секілді халықтың сүйікті батырын зынданға тастап, қалың елді өзіне қырғи қабақ етпес еді. Және Ақторғынның Кіші жүздің қызы екенін де естен шығармағаны жөн. Бір тайпа елдің намысына тиюдің қанша қажеті бар? Аз күнгі ләззатынан басқа, он жас үлкен Ақторғын оған не бере алады? Алдымен өзі суынбай ма? Ал Тұяқ болса бір сәрі. Қырық жас еркектің қылшылдаған кезі. Тұяқтың жасы да Ақторғынға сай. Сол себептен де Ақторғынның кішкентай жүрегін ол өзінің үлкен алақанына сап мәпелеп тұрғандай болып көрінеді жесір әйелге. Иә, Тұяқтың бұны өмір бақи мәпелеп өтетіні хақ.

Ақторғынға мұндай сезім осыдан жарты жыл бұрын пайда болған. Тұяқ бұны бір күні қолтығынан көтеріп атына мінгізген. Ағашты түбірімен жұлып алатын сонау бақандай күшті қолы сонда Ақторғынның кеуде тұсына тіпті жұмсақ тиген. Неге екені белгісіз, сол сәтте бұның кішкентай жүрегі алас ұрып ойнай жөнелді. Ақторғын сонда осы бір алып қолдың жүрек тұсында ұзақ қалуын тілеген…

— Хан тағында отырған қайнымнан еш жақсылық күтпеймін, — деді Ақтор- ғын нағашы ағасына бар жайды айтып болып, — мен елге қайтуым керек. Сенің жігіттерің қалада тұрғанда тез қашқаным жөн. Тұяқпен дос-жар секілді едің, хан соңымнан қуғын жіберіп әбігер болып жатқанда, оны зынданнан құтқара көр, нағашы аға. Айыбымызды Ноғайлы елі өзі айтсын…

Намысқор Жолымбет батыр жиенінің сөзін мақұлдады. «Ақторғынды берсе, Ақ Орданың шаңырағын сыйлап Тәуекелге берген Кіші жүз, Есімге ойыншық еткізбейді. Төркін елімен ақылдаспай, бұл қай қорлағаны! Ал Тұяқ батырға келсек, жиеннің бұл тілегін де орындауға болар, — деді Жолымбет батыр, — жиен қарындасын құтқаруға көнгенде оның көңіл қосқан жігітін зынданнан шығарудан неге қашсын. Тұяқ батыр бір елдің ардагері. Кеше Бұхарға аттану керек пе, керек емес пе деген сұрақ туғанда, жұрт ханның сөзін емес, осы Қияқ пен Тұяқтың сөзін тыңдаған жоқ па еді? Егер Тұяқты құтқарса, қара халықтың алғысын алады».

Жолымбет батыр осылай ойлады.

Тұяқ сол қара алаңдағы қара зынданда отыр. Анда-санда қозғалып қалса, шынжырлары шылдырлайды. Шыңырау үстіндегі болмашы тесіктен сонау көгілдір аспан көгінде оқта-теке ұшып бара жатқан құстар ғана көрінеді. Тек өткен күндер қиялдары ғана жан серігі.

Тұяқ жүрегінде Ақторғынға деген от сонау алғашқы кездескен күннен-ақ жанған. Осы оттың да зардабы болуы керек, Ташкент түбіндегі ұрыста ол Ақтор- ғынға арналған талай өткір найза ұшына өз кеудесін тосты. Ақторғынға төнген сан жауды шойын басты келте шоқпарымен жайратты.

Түркістанға келгеннен кейін, Тәуекелдің қырқын бергенше Тұяқ Ақторғынды көрген емес. Одан кейін де сирек кездесіп жүрді. Онда да жұрт көзінше ғана. Осы кезде бір-ақ рет Ақторғынды өз қолымен атқа отырғызды. Соның ертеңіне дәйекші бала келіп:

— Ханым сізді шақырып жатыр! — деді.

Тұяқ баланың соңынан ерді. Бұны сарай есігінің алдында қарсы алған Ақтор- ғын:

— Батыр, бір күннің ішінде асауымды үйретіп бере аласың ба? — деп сұрады.

— Жарайды, — деді Тұяқ қуанғаннан жүрегі жарыла жаздап.

«Патша әйел сүйген жігітін ең алдымен асау жылқысын үйреткізіп сынайды екен» деген бір аңызды Тұяқ жас кезінде естігені бар. Ханымның бетіне қарады. Жаудыраған көзінен өзіне деген бір өзгеше сезімді байқады. Ақторғын бұған асау атын емес, асау жүрегін сынатқалы тұрғандай көрінді.

Ақторғынның үйрет деген асауы төркіні — Жағалбайлы елі жіберген, құрық көрмеген жеті жасар тағы жылқы боп шықты. Төрт жігіт арқандап әзер ұстап тұрған асаудың үстіне Тұяқ секіріп мінді. Асау құйындата құба жонға ала жөнелді. Күн батып бара жатқан кезде қара терге малынған, әбден жуасыған асауды батыр Ақторғынның босағасына әкеп байлаған.

— Мың жасаңыз, батырым, — деді жесір, көзі баяғысындай тағы ұшқын атып.

Сол күні ел жатардың алдында Тұяқтың шатырына дәйекші әйелдің бірі келді. Батыр әйелдің соңынан ерді. Сарай есігінің алдында Ақторғынның өзі күтіп тұр екен. Үйге кіріп, оңаша қалғаннан кейін ол:

— Батыр, асауымды мініп көрдім, тамаша етіп үйретіпсің, ақысына не берейін? — деді даусы дірілдеп.

Тілі күрмелген адамдай Тұяқ ештеңе айта алмай тұрып қалды. Қуаныштан жүрегі лүпілдеп, демін әзер алды.

— Жарайды, ақысы үшін… Өзім сүйейін, — деді күліп Ақторғын.

Қуаныштан есін жия алмай тұрған батырдың қасына келді. Аяғының ұшымен созылып көріп еді, ерні тек Тұяқтың кеуде тұсына ғана жетті.

— Түу… бойым жетпеді ғой, — деді ол еркелене, — көтерсейші өзің.

Тұяқ бақандай қолымен Ақторғынды тік көтеріп, жас баладай алдына алды. Жесір әйелдің жұп-жұмыр аппақ білегі мойнын орай түсті. Дүние шыр көбелек айналып кетті. Тек жүрегінің жан тамыры лүпілдей соғып, қуанышқа сыймай тұрған Ақторғын нұрға малынған ақ жүзін Тұяқтың кезерген тастай қатты ерніне таяй берді.

Таң қараңғысы кезінде Тұяқ батыр Ақторғынның сарайынан шықты. Ханымның ақ сазандай аппақ денесі құшағында тұрғандай екі қолымен әлденені әлдилей күлімсіреді.

— Тәубе! Тәубе! — деді даусы қуанышқа сыймай, мұндай да тамаша түндер болады екен-ау!



Ақторғын құрсақ көтеріп қалған еді. Бірақ Бұхардың кең жібек көйлегі оның тола бастаған ішін өзгелерге аңғартпаған. Әйтсе де, хан сарайындағы тесіле қараған көп көзден ханым қысыла бастаған. Бүгін болмаса, ертең құпия сырдың ашылуы айқын… Тұяқ батыр анадай күйге ұшырағаннан кейін, оған қашудан бөтен жол жоқ-ты. Қашпаса бәрібір жұрт алдында масқара болады. «Не Тұяқ батырға қосылуым керек!» деді нағашысы Жолымбет батырға Ақторғын өзінің шын сырын ашпаса да, алыстан ұқтырып.

Бір сұмдықтың болып қалғанын іші сезген Жолымбет, енді бүкіл Кіші жүздің абыройын сақтағысы келді. Бұрын көңілінде аздаған дүдәмал күдігі болса, осы мезгілден бастап «нартәуекел!» деп, Ақторғынды құтқаруға кірісті.

Сол күні түні Жолымбет батыр бастаған бір топ жауынгер қаланың күнбатыс жағында қақпаның түбіне келді.

— Қайда барасыңдар? Кім рұқсат етті! — деп алдарынан кес-кестей күзет бастығы тұра қалды.

— Мен рұқсат еттім! — деді Жолымбет атының басын сәл тежеп. Кіші жүз батырының ұр да жықтау, сотқар мінезімен бұрыннан да таныс күзет бастығы «ә, сіз бе едіңіз» деп кейін шегіне берді.

Бір топ жігіт қала қақпасынан шығып, батысқа қарай шаба жөнелді. Ортасында Тұяқ батыр үйреткен есік пен төрдей шұбар айғырды мінген, бет-аузын тұмшалап жауып алған біреу кете барды. Бұл Ақторғын еді.

Жесір жеңгесінің қашқанын ертеңіне білген Есім ашуланып, дереу қуғын жіберді. Бірақ Ақторғынды ұстай алмай бар қаһарын Тұяққа аударды. Күзетін күшейтті. Жолымбет батыр оны құтқарып үлгермеді: Есім хан Тұяқ батырды қара алаңдағы зынданнан шығарып, өз сарайының іргесіндегі зынданға әкеп салдырды.

Есім Кіші жүзбен біржолата жанжалдасқысы келмеді. Өшін бөтен жолмен қайтаруды ойлады. Тұяқ батырдың орнына Шығыс Түркістандағы болғалы жат- қан ұрысқа ол енді Жолымбетті жіберді. Бір ажалға барып қайтсын, деді хан ішінен, тірі келсе сонда көрерміз, хан ісіне қалай кірісудің керек екенін!

Жолымбет Қашқардан алты айдан кейін оралды. Және үлкен жеңіспен қайт-ты. Бұл жеңісті ол әбдірахманның іні, ағаларымен соғысудан емес, сыртқы жауымен айқасудан тапты.

Қытай боғдыханына тістері бата алмаған Жоңғар қалмақтары осы кезде Жетісу бойындағы қазақ пен қырыз ауылдарына шабуылды үдеткен. Осындай үйреншікті бір жорығынан қалмақтың қалың қолы қайтып келе жатты. Алдарында қыруар мал, түйе теңдері толған дүние-мүлік. Арқанмен матастырған қырғыз-қазақ ауылдарының қыз-келіншегі.

Шатқал, құзды тауларының бір бөктерінде аңдып тұрып, жоңғар қолы жазық ойпатқа шыққан кезде, Жолымбеттің бес мың жауынгері жан-жағынан атой салған. Жау әскерінің саны көп болса да, ойламаған жерден тиген қазақ жауынгерлеріне төтеп бере алмаған. Зәре-құты қашып, өз бастарын қорғаумен болды.

Жолымбет қалмақтардың күл-талқанын шығарып, бес жүздей жауынгерін қолға түсірді. Шабылған қазақ, қырғыз ауылдарының адамдарын босатып, мал-мүлкін тегіс өздеріне қайтарды. Ал Жоңғар қолынан түскен басқа көп олжаны «елдегі қатын-балаларыңның несібі» деп ала жібіне дейін қалдырмай, алты айдан бері олжасыз жүрген әскеріне бөліп берді. Оның ішінде «хан үлесі» саналатын қазына-мүлік те кеткен. Жолымбет Ордаға қайтпай жатып, оның бұл қылығын (әрине, түскен олжаны он есе өсіріп) қастары Есімге жеткізді. Ханға «олжамыз» деп, тек бес жүз тұтқын жау жауынгерін ғана алып келген. Бұрыннан да өш Есім, енді бетінен түгі шыға ашуланды. Оның үстіне сол күні түнде зынданнан Тұяқ батыр да қашып кеткенін естіген. Тексеріп келгенде Тұяқты қашыр- ған Жолымбеттің адамдары болып шықты. Әбден ызаланған Есім Жолымбетті ұстауға бұйырды. Жендеттер Тұяқтың орнына енді Жолымбеттің өзін зынданға апарып салды.

Сол күні түнде «Жолымбет дарға асылсын» деген хан үкімі жарияланған-ды. Ертеңінде Қара алаңда дар дайындалды. Жолымбет секілді ел-жұртқа әйгілі батырды жазалап жатқанда қара бұқара наразылық көрсетіп жүрер деп сескенген хан, алаңды қоршай әскер қойды. Осы аласапыран күндердің алдында ғана Түркістанға Жиембет жырау келген. Болайын деп жатқан сұмдықты естіп, ол хан сарайына беттеді.

Ағасы Тәуекел ханның досы болған атақты жырауды көргенде, Есім амалсыз күлімсіреп қарсы жүрді.

— Армысың, жырауым! Жүрісің тым асығыс екен, ел-жұртың аман ба?

Жиембет жауап орнына толғай жөнелді.


«Әмірің қатты Есім хан,

Бүлік салып бұйырдың,

Басын бер деп батырдың,

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа.

Атадан жалғыз ол емес,

Хан ие, ісің жол емес,

Жолбарыстай Жолымбет

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алмақ сыйыңды,

Қаһарыңды басқалы

Қалың елім жиылды.

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биіңді.

Малын салып алдыңа

әр саладан құйылды.

Он екі ата Байұлы

Бір тәңірге сыйынды».


Жырау толғауының зілді толғау екенін түсінген Есім хан райынан тез қайтты.

— Жарқыным, ең алдымен амандасайық та! — деді.

Жиембет тізе бүкті.

— Бұл айып бізден, арсың ба, хан ием!

— Барсың ба, Жиембет жырау? Сен келгенде қимайтын қиындық бар ма? Бір ауыз толғауың үшін қидым Жолымбет батырдың күнәсін. Босатыңдар батырды!

Есік алдында тұрған дәйекші үйден ата жөнелді.

— Бір тілегімді орындадың, хан ием, — деді Жиембет басын иіп. — Бізді риза еткенің, бүкіл халықты риза еткенің!

Есім ханның да ойлағаны осы еді.

Жолымбеттен айрылған Есім, енді әбдірахманға жәрдем беруге қалың қолмен өзі аттанды.

Ол бұл өңірде әбдірахман хандығы қырғыз елімен одақтасып, Ақсу, Жаркент, Ош секілді шаһарларды әбдірашиттің өзге балаларынан тартып алмақ боп сан мәртебе жорыққа шықты. Тарбағатай тауын бөктерлей құлаған Батур қонтайшы басқарған жоңғар қолдарымен де алысты. Ақырында аз уақытқа болса да Жоңғар шапқынын тоқтатты. Есім дәкпіріне шыдай алмаған жоңғар әскері Жетісуды жаулап алудан бас тартты. Бұдан басқа оның тағы бір жеңісі — қырғыз елімен бауырласа білді. Ташкент тартысында өзімен достасқан қырғыз манабы Көкеменге арнап Ташкентте «Көкеменнің көк күмбезі» атты салтанатты мешіт салдырды. Және Шалыш пен Тұрфанның ханы әбдірахманмен достық, жекжаттық одағын мықтап бекітті. Бұл достық әбдірахман өлгенше сақталды.

— Есім жетпіске дейін өмір сүрді, — деген Бұқар жырау. — әрине, ол ел билеу ісінде тегеуірінді, кәрлі әрекеттерді де көп қолданды. Әйтпесе Жиембет жырау оны босқа «әмірің қатты Есім хан» демесе керек-ті. Бірақ ол керек жерінде батырларының да сөзін тыңдап отырған.

Сөзінің аяғында жырау:

— Саған берер тағы бір ақылым, — деген Абылайға. — Замана түлкі, адам қыран… Бөктерде бүркітті көрген түлкі, етекке түсіп, жауымен кең жерде айқасудан тайсалса, сол бөктердегі өзі түстес бір қызғылт тастың қия бетіне құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран ондай түлкіні көруі керек. Ел билігі қолыңа тиген екен, көреген бол. Ақылың мен айлаң қатар жүрсін.

Абылай Бұқар жыраудың осы сөздерін жадына мықтап тұтты. Басына қауіп-қатер туған сан қатерлі күндерде де ол қара басынан гөрі, өзі таңдаған жолын жоғары ұстады. Сол табандылық оны алыстағы армандарына да жеткізді.

Абылай қазір қырықтан жаңа асып бара жатыр. Ол сұңғақ бойлы, ат жақты, қара сұр, түсі суық адам. Үлкен, ойлы сұрғылт көздері кісіге қарағанда өңменнен өткендей ызғарлы…

Күн ұясынан жаңа шығып келе жатқан мезгіл… Дүние жүзі сонау алтын күннің нұрына шомыла жайнап, гауһар тастай құлпырады.

Абылай бұлғын жағалы қара мақпал шапанын иығына бос жауып, ақ ордадан шықты. Қолына жез құман ұстаған, иығына шетін кестелеген хиуа сүлгісін жапқан бала жігіт сұлтанның өзіне қарай жақындауын күтіп, анадай жерде үн-түнсіз тұр.

Абылай сонау бір ғажайып табиғаттың оянып келе жатқан бейкүнә көрінісіне сұқтана қарап сәл тоқтады да, құман ұстаған бала жігітке қарап бірер аттап, тұра қалды. Дәл сол сәтте Сырымбеттің ойпаңдау етегінен атой салып шауып келе жатқан екі салт атты көрінді.

Қатар шапқан қос күрең, көл бетін қанаттарымен сипай ұшқан қырғи құстар тәрізді. Ауылға жақындай бере хабаршының;

— Аттан! Аттан! Жау келіп қалды! — деген дауыстары да жетті.

Көзді ашып-жұмғандай мезгіл өткен жоқ, басына орамал байлап алған салт аттының біреуі қараша ауылға қарай бұрылды да, ал далбағай киген, түйе жүн шекпенді мұрттысы Абылайдың жанына келіп тоқтады.

— Арғынның бес мейрамының бес мың әскері келе жатыр, — деді жігіт ентіге, — Ботақанның құны үшін Абылайдың басын аламыз дейді.

— Бастап келе жатқан кім?

— Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат би.

— Ұлы бидің өзі қайда екен?

— Көктемнен бері сырқат деген. Арғынның елірген тентектерін баласы Бекболат ертіп келеді.

— Өздері қай тұста?..

— Сәске көтеріле жетіп қалар. Әйтеуір түстері суық, біреудің қанын ішпей тоқтар емес.

Абылай сәл ойланып тұрды да, дереу шапанын киіп, артында тұрған бір нөкеріне бұйрық берді.

— Ұр дабылды! Қолына қару ұстайтын еркек кіндік тегіс жиналсын.

Сол-ақ екен, орда қасындағы кепкен қарынмен кернелген тай қазандай қос дабылды екі жігіт оқтаудай жұмыр таяқпен қос қолдап ұра бастады. Жаугершілік заман, жауға шабатын жігіттердің аттары белдеуде тұрған. Біразы жақын маңда шідерлеулі жайылып жүрген. Ауыл үсті лезде опыр-топыр бола қалды. Әне-міне дегенше ер азаматтар аттарына да мініп, ауыл сыртына жиналды. Үстіне сауыт-сайманын киіп, Абылай да ақ боз үйден шықты. Төлеңгіт жігіттің біреуі Абылайдың атақты бәдәуи тұлпары Жалынқұйрығын алдынан тарта берді.

Ал жұртты әбігерге салған бұл оқиғаның тарихы мынадай еді. Бұдан екі жыл бұрын Арғынның бір тармағы Қаракесек елінде бір үлкен ас болған. Үш жүздің баласы тегіс шақырылған сол асқа өзінің төлеңгіттерімен Абылай да барған.

Бәйге, күрес, жамбы ату басталып, ас әбден қызған шақта, тамаша көруші жамағатты аралап жүрген Шаншардың еріккен қуларының бір тобы Абылайдың үстінен шығып қалады. Абылай теңге алуды тамашалап тұрған-ды. Сонда көп қудың ішіндегі тентектеу біреуі:

— Сұлтанның басындағы қалпағын қағып түсірсе қайтер еді, — дейді.

Қасындағылар оны желіктіріп:

— Абылайдың қалпағын қағып түсірсең, өзіңнің де басың кетеді, — дейді.

Сонда әлгі қу жан-жағына қарамастан сұлтан тобына кимелеп келеді де, аңдамаған болып, қамшысының сабымен Абылайдың басына киген алтын зерлі айыр қалпағын ұшырып түсіреді.

Сұлтан Шаншар қуының бұл қылығы жанына қатты батса да сыр бермеген:

«Ұлан асыр үлкен ас, жеген тоқ, ішкен мас деген осы екен-ау!» — деп күлген де, атының басын бұрып жүре берген. Жерге түскен қалпаққа қайырылып та қарамаған.

Келесі, бір мың жеті жүз елу екінші жылы генерал Киндерман Қызылжар бекінісін салып болып, осы бекіністің бітуіне Қызылжарда үлкен жәрмеңке ашылған. Оған Қаракесек ішінен де біраз адамдар барады. Осы жәрмеңкеде Абылай өткен жылы өзін күлкі етпек болған қулардың айыбы ретінде Қаракесектің Жанай, Ботақан деген екі белгілі адамын ұстатып алып қалған-ды. Әлде сұлтаным деп сыйламай, тіл тигізді деді ме, әлде өткен жылы қулардың қылығына масайрай күлген топтың ішінен осылар көзіне шалынып қалды ма екен, әйтеуір, Абылай Жанайға онша көп қысым көрсетпейді де, Ботақанды тірідей көрге салады.

— Шаншар жігіттерінікі жай қалжың еді ғой, — деп ақыл айтқысы келгендерге, Абылай:

— Бағынышты елінің бүгін қылжағын кешірген сұлтан, ертең оның қылмысын көтеруге мәжбүр болады! — деп жауап берген.

Көрге түскен Ботақан ас-су ішпей жатып алады. Бір-екі күн өткен соң, Абылайдың бұйрығы бойынша, «енді көрден шық» деп келген жігіттерге ызалы Ботақан, «Көрге түскен адам тірі шықпайды» деп, өзінің ішін өзі есіп жіберіп, жарылып өлген.

Бұл хабар елге жеткен соң Арғынға жататын Қуандық, Сүйіндік, Бөгендік, Шегендік, Қаракесек — Балтақожа, Шұбыртпалы, Қаржас тегіс атқа қонған. Әскер саны үш мыңдай адам.

Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ, бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рулардың кедей топтары да қосыла берген. Ақыры бес мыңға жуық қол Ботақанның құнын жоқтап, алдында кім тұрса да быт-шыт етуге дайын долы күшке айналған. Арғынның ұлы биі қаз дауысты Қазыбек осы кезде жетпіс жетіге кеп, төсек тартып жатқандықтан, бұл топты Абылайдың басқа да астамшылық, қиянаттарын көріп әзер шыдап жүрген Бекболат басқарып келе жатыр еді.

Бекболаттың өзіне өш екенін білетін Абылай, ауыл сыртына шыққан соң, жиналған жігіттерін жіті шолып өтті. Бар болғаны үш жүздей ғана сойыл екен. Мұндай аз күшпен ашуға мініп тасыған өзендей ереуілдеп келе жатқан қара қазаққа төтеп бере алмайтынын Абылай бірден ұқты. Рас, Абылайдың жігіттері сан айқаста болған, біреуі жүзге татитын, мүйізі шаңырақтай кілең марқасқалар, сөйтсе де сұлтан бос қан төгіске барғысы келмеді. Кенет барлаушы жігітке бұрылып:

— Келе жатқандардың ішінде кімдер бар екен? — деп сұрады.

Барлаушы кімнің барын айтуға аузы бармағандай күмілжіп қалды.

— Айта бер, кімдер бар?

— Айдабол Олжабай батыр да бар… Жанында бала жырау Көтеш…

Абылай басын көтеріп алды. «әділет сүйгіш Олжабайдың өзі ереуілшілерге қосылса, бұл тегін аттаныс болмады». О кезде жыраудың батыр болуы, батырдың жырау болуы таңқаларлық іс емес. Арғынның бір тармағы Қаржас руынан шыққан Олжабай әрі батыр, әрі жырау еді. Қырыққа жасы келіп қалса да, қай өнерінің басым екенін өзі де білмейтін. Жиырмасынан бастап батырлығы Орта жүзге әйгілі бола бастаған. Олжабай қатыспаған қазақ пен жоңғар арасында бірде-бір белгілі ұрыс өтпеген шығар. Со кезде қазақ жерінде айтылып жүрген қисса, дастаннан Олжабай білмейтін біреуі де жоқ еді. Әлдеқалай ол бәлен ауылда өзіне таныс емес дастан не жыр бар дегенді естісе, қанша алыс жер болса да оған аттың терін аямайтын… Естіген бір сөзін ұмытпайтын. Сондықтан да болуы керек. Олжабай жырлағанда фарсы, араб, тіпті, кейде орыс тілінің де жеке сөздері кездесіп отыратын. Осы Олжабай сан мәртебе домбырасын қолға алып, өзі дастан шығаруды да ойлады. Бірақ бірде-бір реті келмей-ақ қойды. Ол домбырасын ұстаса болғаны, дәл сол сәтте «ел шетіне жау келіп қалды!» деген жаршы айқайы естілетін. Жырау домбырасын тастай беріп, енді қолына найзасын алатын. Осылайша ол Абылаймен бірге сан мәртебе жоңғарларға қарсы жорыққа аттанған. Жас Абылай қолға түсер жолы, жоңғардың үш ноянын өлтіріп, Олжабайдың өзі әзер құтылған…

Олжабай енді жорықты тастап, қолына домбыра ап, ел қыдырып, халқының мұң-зарын жырлауды қаншалық арман етсе де, жаугершілік заман мұрша бермеді. Әзірге бар қолынан келгені, өзі секілді ән мен күйді аңсаған, бірақ қолы оған жетпей жүрген, жас дарындарға жәрдем беру ғана. Ондай жасты құр қасына ғана ертіп жүрмей, атсызына ат берді, үйсізіне үй берді. Осындай жастың бірі ата-анасынан жетім қалған он жеті жасар Көтеш ақын еді. Олжабай оны өзіне серік етті. Өзі жете алмаған өнер қиясына Көтештің жетуін тіледі.

Осы ақ жүрек, ескі досы Олжабай енді, міне, Абылайдың қанын ішуге аттанған топпен бірге келе жатыр.

Жоқ, бұл жай ереуіл емес, халық наразылығы әбден шегіне жеткен қанды ереуіл.

Абылайдың кенет ешкімнің ойына келмеген оқыс шешім алуына осы жағдай себеп болды.

— Келе жатқан Арғын ереуілшілеріне қарсы шықпай-ақ, бой тасалай тұрайық, — деді ол.

— Сонда біз қайтеміз? — деп ауылда қалатын қатын-қалаш, кәрі-құртаңдар шу етті. — Бекболат жігіттерін біз қалай тоқтатамыз?

— Арғын жігіттерін тойға дайындалған тағамдармен жақсылап қарсы алыңдар! Иілген басты ешкім де шаппайды, — деді сұлтан.

Абылай соны айтты да жігіттерін ертіп, бел асып жүріп кетті. Үйі тігулі, жүгі жинаулы, қазаны асулы қалды. Өрістегі малына да тимей, әдейі ауыл төңірегіне тастады. Келер жауды қарсы алу күтуші жігіттер мен әйелдерге ғана міндеттелді.

Екпіндеп жеткен ереуілшілер мұны көрген соң, күрт басылды. Бұл — Абылайдың өз айыбын түсініп, кешу сұрағаны деп, басалқы айтушылар да табылды. Өздері шаршап, қарындары ашып келген жұрт мал сойып, қазан көтеріп жатқан ауыл адамдарымен әкей-үкей табысып кетті. Аздан кейін қазандағы ас та пісіп, жігіттер қауқылдасып, кенелді де қалды.

Дәл осы сәтте анадайдан аттан түсіп жаяулап келе жатқан Абылай сұлтанның өзі де көрінді. Қасында бір-екі адамы мен талай жорыққа бірге аттанған Тұрсынбай батыр ғана бар.

Ботақанның немере ағасы Қапан мерген қара шиті мылтығын оқтап жіберіп, Абылайды атпақ боп тізерлей отыра қалып еді, Бекболат би ақырып жіберді:

— Алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш деген. Тоқтат!

Қапан мерген орнынан амалсыз түрегелді.

Абылай сәлем беріп, топ ортасына кіре берген. Сол уақта көлденең тұрған бір бозбала жігіт оның алдына жетіп барып, үкілі домбырасын қағып-қағып жіберді де, шырқап қоя берді.


«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,

Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің,

Сұлтаным, қарашыңмен дауыл болып,

Үстіне ақ орданың қол келтірдің.


Абылай, күйіп кетті салған қалаң,

Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң?

Жанайды бүгінгі күн босатпасаң,

Болады ертең жесір қатын-балаң!»


Бұл жігіт — Арғынның ішіндегі Сүйіндік руынан шыққан Көтеш ақын еді.

Бұдан кейін билер дауы басталды.

Абылай өзін кінәлі санап, Ботақанның өлімі үшін үш кісінің құнын — әрқайсысы атан бастаған тоғыз қарадан, жиырма жеті бас мал, оған қоса ат-шапан айып төледі. Өзін атпақ болған Қапан мергенге мылтығыңның қарымы қайтпасын деп, ал оны ұстап қалған Бекболат биге, өлімге қимаған жақсылығың үшін деп, құндыз жағалы күзен ішік пен бір-бір жорға мінгізді. Екі жақ бітімге келіп, жанжалдың аяғы тойға ұласты.

Арғынның бұл келген ереуілді тобынан Абылай сұлтан екі затты бүйіріне қатты түйді. Бірі — қарамағыңдағы бұқара өзіңе қарсы шықса, онда төре ісінің қараң қалғаны. Ашуланған халық жараланған арыстаннан кем емес, өзіңді жарақаттамай тынбайды. Төремін деп басынба, жазамен ықтырам деме, шамаң келсе баурыңа тартып ашуын басуға тырыс. Екінші түйгені, сырт жауың болса, оған ел болып қарсы шығасың, не басын аласың, не қан сорпа етіп қуасың… Ал өз еліңнің қай тентегінің басын кесіп құртасың? Мұндай халықты билеудің жолы бөлек. Арыстанды темір торда ұстасаң ғана қауіпсіз. Халықты да үнемі темір торда ұстай біл. Мейлі ол саған ақырсын, айбат көрсетсін, бәрібір шаба алмайды, мерт ете алмайды. Ал бар халыққа темір тор құру мүмкін бе? Жоқ, халқыңа деген темір торың, құр ғана жалаңаш қылыш әскерің емес, ол ақылың, айлаң…

Абылай өле-өлгенше осы екі тұжырымын бұлжытпай орындауға тырысып өтті.

Қасымның сүндет тойы сол күні-ақ түс ауа басталған. Шабуылдан аман қалған сұлтан аулы келген қонақтарын тік тұрып күтті. Күрес, көкпар, бәйге, айтыс, сайыс — бәрі болып, тойға жиналған топ ертеңіне тарады.

Сұлтан ордасында енді тек осы Көкшетау, Қараөткел, Атбасар, Қызылжар маңайындағы Орта жүздің басты адамдары мен Абылайдың үзеңгілес батырлары — Арғын тайпасына жататын Бәсентин руынан Сырымбет, Малайсары; Қаржас руынан Олжабай; Тарақты руынан Байғозы; Ұлытаудағы Бағаналы руынан Оразымбет; Керей руынан Тұрсынбай батырлар қалды. Бұл жиынға жер шал-ғай боп Арғынның аты шулы батырлары Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Алтай руынан ағайынды үш бөрі Жанұзақ, Жолдыбай, Сеңгірбай; Найманнан Қаракерей Қабанбай, Кіші жүздің батырлары Тайман мен Бұғыбай, Абылай сұлтанның ең жақсы көретін батырының бірі Уақ руынан Батыр Баян келмей қалды.

Ханмен қадірі бірдей сұлтан өзге батырлардың келмегеніне бәлендей мән бермегенмен де, Батыр Баянды күткен-ақ еді.

әрине, Абылай баласының сүндетке отыруын сылтау етіп, бұл жиынға өзінің үзеңгілес сенімді батырларын түгел-ақ шақырған. Оған себеп Әбілмәмбет ханмен арасы алшақтап кеткен Жоңғар қонтайшысы қазақ жерін тағы шаппақ боп, қалың қол жинауда деген хабар алған.

— Жарандар, — деді Абылай, қонақтары отырып болғаннан кейін байсалды үнмен, — менің қайын ағам Қалден Церен қазақ елін қайта шаппаққа Ертістің арғы бетіне жиырма бес мың әскер дайындап отыр…

Үйдегі жұрт тегіс елең етті. Кеңеске шақырылған кісілердің жас мөлшері, дәрежелері де әр түрлі еді. Бәрінің де денелерінің үстінен сұп-суық боп жылан жорғалап өткендей жан түршігер бір сезім билеп кетті. «Ақтабан шұбырындының» қанды уақиғасын әлі ешқайсысы да ұмытқан жоқ-ты. Тек о жолы жоңғар әскері қазақ даласының күнгей жағын шапса, енді міне Орта жүздің негізгі қонысы Сарыарқаның шетіне кеп тұр.

Канси өлгеннен кейін таққа отырғанына он сегіз жыл толған Қытай боғдыханы Цзянь-Лун Жоңғарға деген Қытай саясатын әлі де өзгертпеген. Солтүстік пен күнбатысқа қарай сырғытып, шұрайлы жерлерін басып алумен болған. Қарсы келген ойрат жасақтарын, басым күшпен, бірін қалдырмай қырып отырған. Ол күндегі Қытай әскері көшпелі ел — Жоңғар хандығының әскерінен, соғыс өнері тұрғысынан қарағанда, анағұрлым күшті еді.

Россия империясының қол астына кірген Орта жүздің жеріне Қалден Церен шабуылға шығуды ойласымен-ақ, Жоңғардың қанқұмар нояндарына Цзинь-Лун қолдан келер жәрдемін аямаған. Қару-жарағын да, азық-түлігін де берді. Аузынан жырып, күрішіне дейін төкті.

әрине, мұндайда боғдыхан өзінің алтынын да аяған жоқ. Жоңғардың қанды қол түмендерін қалаған жағына жұмсай білетін нояндардың көбін алтынымен сатып алған. Сол себепті де жоңғар әскері орыс бекіністерімен қатар жатқан Орта жүз жеріне қарай бет бұрған.

Жоңғар қонтайшысының осылай дайындалып жатқанын, Ертістің бергі жағын жайлаған Уақ — Керей тайпасының батырлары да айтып келді. Қалден Цереннің енді тек ыңғайлы кезді күтіп отырғаны мәлім болды. Әрине, Қалден Церен Орта жүзге Әбілмәмбеттен гөрі Абылай ықпалының күшті екенін біледі. Егер шу дегеннен қазақ әскерінің күйрей бастағанын көрсе, Абылай амалсыз менің жағыма шығады деп ойлады ол. Абылайдың Жоңғар жағына шығуы — жеңіспен тең. Егер Орта жүз Жоңғар жағына шықса орыс қалаларының іргесі ашылады. Қытай саясатшыларының да көздегені осы.

Абылай бұл мәжіліске досын да, қасын да шақырып отыр. Әсіресе Жоңғармен көршілес рулардың әйгілі адамдары тегіс хабарланған. Әттең, Батыр Баян келмей жатыр. Сұлтанды азырақ ренжіткен осы.

Абылай жаңа ғана бастаған сөзін енді жалғай берем дегенде, сырттан дабырласқан дауыстар шықты.

— Бұқар жырау келді!

— Ұлы жырау аттан түсіп жатыр!

— Арқаның ардагерін қарсы алайық!

— Қош келіпсіз, Арғынның майталманы!

Сөйткенше болған жоқ, бір топ адаммен ордаға Бұқар жыраудың өзі де кіріп келді.

Бұл ұзын бойлы, қапсағай денелі, ат жақты, шоқша сақалды, қошқар тұмсық, еңселі кісі еді. Руы Баянауыл төңірегін жайлаған Алтынторы — Қаржас. Әкесі Қалқаман батыр шешен кісі болған. Алпыс жасында халқының тәуелсіздігін қорғаған Бөгенбай, Қабанбай секілді батырлардың ерлігін көп жырлаған әйгілі жырау. Бұл кезде халық «көмекей әулие» деп атап кеткен.

Мәжілісте келелі мәселе сөз болғалы тұрған соң, Бұқар жырауды Абылай әдейі шақырған.

Бұқар кіріп келгенде, Абылай өзі түрегеліп, оң жағынан орын берді. Жырау бір қарағаннан-ақ үйде көптен бері бастары қосылмай жүрген адамдардың жиналғанын байқап, жүзі жадырап сала берді.

— Арсыңдар ма, жарқындарым?

— Барсың ба, Арғынның ақиығы!

— Бармын, арысым… Сен той жасағалы жатыр деген соң, ой салғалы шығып едім. Бұрын Баян мен Көкшенің арасы жақын-ақ еді…

— Енді алыстап кетіп пе, Бұқар аға?

— Жоқ, жақын. Бірақ жақын болса да алыс. Ортаңа салған орыс бекіністерін орағыта жүремін деп кешеуілдеп қалдым. Ат-тон айыбым бар. Жырымды аласың ба, әлде шерімді аласың ба?

Абылай езу тартты. Адуын жыраудың «ортаңдағы орыс бекіністерін орағытып» деген сөзінен-ақ сезіктеніп, әңгімені бөтен жаққа бұрғысы келді.

— «Жырыңыз» бен «шеріңізді» естіп, ат-тон айыпты біз төлеп жүрмесек нетсін, — деді күліп, — сол ат-тон айыбымды берместен бұрын, басқа бір өтінішім бар.

— Төренің қарадан өтініші болмас, өкініші болар. Шамам келсе өкіндірмейін, арысым айта ғой.

— Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген Үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Қасымымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға?

Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта барып жырау:

— Түс жору — түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін…

— Сөйлеңіз, көмекей әулие…

— Қырыққа келмей табытта жатсаң — өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыс- тан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің… Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен.

Абылай үндемеді.

— Үндемей қалдың ғой, сұлтаным. Шешуім ұнамады ма?

— Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?..

— Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса үш жүздің жүрегінде қаласың!

Абылайдың қабағы жадырап сала берді. Қазақ: «еркектің ақылы қырықтан бастап толады, алпыстан бастап солады» дейді. Абылай қазір қырықтан жаңа асып барады. Түсін жорыған сыншы жырау оның түпкі сырын дұрыс болжады. Абылай — қазақ елін ұлы елдер қатарында көргісі келді, хан болса сол ұлы елге хан болуды арман етті. Сондықтан да ана жылы тұтқында жатқан Абылайға Қалден Церен: «Дүниеде не жаман?» деп сұрағанда, ол: «Дүниеде аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман» деп жауап берген.

Абылай — Әбілқайыр да, Әбілмәмбет те, Барақ та, Нұралы да емес еді. Ол бұл кезде көп нәрсені түсінгенді. Өзінің әр әрекетін сол тұстағы көшпелі ел көсемінің қолынан келетін мүмкіндігіне қарай құратын. Ал тек құдай алдында ғана жауапкер Бұқар жырау болса, күнде өзгеріп жатқан дүние қайшылығын көріп, «дүние шіркін қайда бара жатыр?» деген аздаған күмәнда болатын. Сүйері көк шалғыны толқынданып, жұпар иісі аңқыған қазақтың жасыл даласы, тілегі — халқының қамы.

Бұқар жырау үнемі қасынан тастамайтын қарағай домбырасын қолына алды. Құлақ күйіне келтіріп, біраз шертіп отырды да, алыстан күркіреп келе жатқан жауар бұлттай, әуені қобалжыған бір термені бастап кетті.


«Ай заман, заман-ай,

Түсті мынау тұман-ай,

Істің бәрі күмән-ай


Осылай ол бір толғап алды да, әрмен қарай нөсерлете жөнелді. Жырау салынып жатқан бекіністер мен қазақ елінің болашағын толғады.

Ол әр сөз шумағын лақтырған сайын, алпыста емес, жиырма беске жаңа шыққан жас жігіттей қызулана түсті. Қазақтың көсем ұлдарынан, әсіресе, Абылайдан ел қамын ойлауды талап етті.

Жырау толғауы отырғандарға ұнады ма, жұрт енді домбыраның қағысымен бірге қимылдап, қызулана «Уа, пәле!» деп қосыла теңселді.

Жырау бір мезет ел жайын емес, тек өз басының қамын ойлаған хандарды сөге келіп, кенет сөзін бітірді де, қолындағы домбырасын ашулана есікке қарай лақтырып жіберді. Шабыттанған шақтағы жыраудың мұндай әдетіне қанық есік алдында тұрған атқосшы жігіт домбыраны жерге түсірмей қағып алды.

Бұқар жырау Абылайға түйіле қарады.

— Бар сенгеніміз сенсің, Абылай! Оң жағыңдағы тұңғиықтан құтыламын деп, сол жағыңдағы шыңырауға құлап кетіп жүрме. Шүршіттің ызғарынан қорқып, орыс патшасының қолтығына кірдім деп ант-су іштің. Мүмкін, бұның дұрыс та шығар… Дегенмен, «көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас», жұртыңмен ақылдас.

Абылай үнсіз тыңдап отыр. Қазақ даласы қазір үлкен қобалжу үстінде…

Орынбор генерал-губернаторы Неплюев Ор, Елек, Жайық бойларында орыс бекіністерін салып, қазақ жерін отарлау саясатын қолға алса, Сібір генерал-губернаторы князь Гагарин де одан кейін қалмаған. Ол бір мың жеті жүз он үшінші жылдың өзінде-ақ Бірінші Петр патшаға Ертіс бойына бекіністер салудың мүмкіншілігі барын айтып хат жазған. Осыдан кейін бір мың жеті жүз он сегізінші жылы Семей бекінісі, бір мың жеті жүз жиырмасыншы жылы Өскемен бекіністері салынған. Бұдан екі-үш жыл өткеннен кейін орыс солдаттары Көкшетау маңын иемденіп, жиырмасыншы-отызыншы жылдары Ақмола, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері тұрғызылған. Бұл бекіністердің бәріне солдаттар әкелініп, Россияның шалғай түкпірінен көшіп келген шаруаларға жер беріп, енді бұл араны біржолата қоныс ете бастаған. Ал Сәмеке хан қайтыс болған бір мың жеті жүз отыз жетінші жылдан бастап, патша үкіметі Ақмола мен Көкшетау арасына жол жүргізіп, бекеттер салуға кіріскен. Бұған он мыңға таяу орыс жұмыскерін сонау орталық Россиядан әкеп төккен. Бұл жол Көкшетаудың тау- лы алқаптарының бойын қуалай он жыл ішінде әзер біткен. Әрине қазақ жерінің бұл «бөлісінде» шонжарлар өз ұпайын жібермеген. Жерлеріне жер қосып ал- ған. Сөйтіп, қазақ кедейі қиянатты орыс генерал-губернаторымен бірге өз би, сұлтандарынан да көрген. Қатар қоныстануға мәжбүр болған қазақ, орыс кедейлері өмірдің ауырлығын да, азабын да бірге тарта бастады. Осы қиындықта туған бауырмалдық қатынас ақыры екеуін бірдей апарып Пугачев ереуіліне қосты. Әділетсіздікке көнгісі келмеген қазақ аулына патша бекінісі мен хан ордасынан ел жылатқан «кәрі қылыш» жасағы шығып тұрды. Бірақ қалың халық дәл бүгін ыңғайлы сағатын күтіп, Ертістің арғы бетінде қазақ жерін шапқалы Қалден Цереннің жиырма мың әскері тұрғанын білмейтін. Бар ұғары жерінің тарылып, малының азайып бара жатқаны. Жырау толғауы да осыны айтады, халық та сол үшін оның сөзін ойлана тыңдайды.

Ал халық күйзелісін өз көзімен көріп отырған, ел қамын ойлайды деген Абылайдың көп ісі Бұқар жырауға түсініксіз еді. Әбілмәмбет ханға еріп, бір мың жеті жүз қырқыншы жылы, Қалден Церенге тұтқын болар алдында, Орынбор қаласына барып, қолдарына құран алып, «Қол астыңызға кірдік» деп патшаға ант беруі, содан кейін Қалден Цереннің тұтқынынан қайтып келісімен, арасында бір ай өтпей, Абылай сұлтанның Неплюевке немере ағасы Жолбарысты жіберіп «Россияға қарсылық көрсетпей, онымен сауда-саттық жүргізуге бармыз» деп хат жазып бас июі — қарт жырауды ойға шомдырған. Бұл аз бол- ғандай, Абылай бір мың жеті жүз қырық бесінші жылы Тобыл губернаторы А. М. Сухаревке «Үйсін руын да патша ағзамның қол астына алуларыңызды сұраймын» деп хат жолдаған. Бір мың жеті жүз елуінші жылдары Абылай қазақ жеріне салынған орыс қалаларының жәрмеңкелеріне өзі қатынаса бастаған. Ал Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргеннен кейін, оны қорғаудың орнына, Кіші жүздің ханының қазасына қиналып, Барақ сұлтанды «жауыз» деп, Орынбор әкімдері Әбілқайырдың балалары Нұралы, Айшуақ, Ералылармен көбірек ақылдасып тұруын өтініп Неплюевке тағы хат жіберген. Осының бәрі қазақ халқының қамын ойлаған жырауға әзірге түсініксіз жәйттер.

«Абылай не айтар екен?» деп үйде отырғандар тына қалды. Бірақ осы жұртты басқарып отырған Абылай өз ойын аша алар ма екен? Ел құлағы елу, аузынан шыққан сөз ертең жіпке тізілгендей боп теп-тегіс Орынборға, Тобылға, тіпті Қалден Церен отырған Ташкентке де ізін суытпай жетеді. Ол сөзді сәл кешігіңкіреп боғдыхан да естиді. Әйткенмен, жауап бермей құтыла алмасын білген сұлтан, енді Бұқар жырауға қарай отырып сөйледі:

— Ант-су іштің дейсің, ұлы жырау. Осындай антты «Жоңғарға қарсы қол көтермеймін» деп, тұтқыннан босанар алдында қайын ағам Қалден Церен қонтайшыға да бергем… Ал бүгін оның әскерін өзінен бұрын шаппақшы болып отырмын. Өйткені мен шаппасам ол шабады. Сонда қазаққа менің ант-суымнан қандай пайда?

— Жөн делік… Ал батысың қалай?

Абылай басын шайқады:

— Орыс елі Жоңғар хандығы емес қой.

— Шүршіт елі де оңай емес. Бізге бәрінің де күші жетеді.

— Сол себептен де даламызға бекініс салдырып жатқан жоқпыз ба? Россияға сүйенбей, шүршіттерге төтеп бере алмаймыз. Шүршіттердің ойын қонтайшының өзі айтқан. Олардан енді Жоңғардың өзі құтыла алмай отыр.

— Шүршіт боғдыханы да біздің жерімізге бекініс салам десе қайтесің, — деді Бұқар жырау.

— Онда соғысамыз. Өйткені шүршіт біздің ішімізге кіріп, орыс патшасындай бекініс салар болса, — деді Абылай, қазақ атаулысы құл болар еді.

Үй іші тағы тына қалды. Қытай боғдыхандарының жауыздығы қазақ еліне ежелден таныс. Өрт алған жерде жуырда шөп шықпайтын, Қытай жауынгері өткен жақта тірі жан қалмайтұғын. Талай уақ халықты жұтып жібергенде Қытай боғдыхандарының тамағы аждаһаның тамағындай жалмауыз кең келетін.

— Бұқар аға, жалғыз жолаушыға топ қасқыр шапса, жолаушы ең алдымен қайсысына қылышын сермейді? — деп сұрады Абылай.

— әрине, ең таяу қалғанына, сұлтан.

Бұқар жырау бұл жұмбақ адамның кім екенін енді түсінгендей Абылайға ойлана қарады. Қазақ елін қан қақсатқан алдымен Қалден Церенді жеңбек. Өзге жауларын содан кейін барып ойланбақ…

Абылай кенет жанында тұрған қоржынынан бұзау терісіне салынған картаны алды.

— Міне, — мына жерде Қалден Цереннің әскері тұр, — деді, — бір күні болмаса бір күні олар Ертістен бері өтеді. Сол уақытта үш жүздің әскері, міне, мына тұстан кеп үш жағынан қоршайды. Көрсін сонда Қалден Церен осы қақпаннан құтылып! Даян ханнан бері жоңғарлар үнемі біздің көк желкемізден шығып келген. Ал бұл жолы олардың көк желкесінен біз шығамыз.

— Ертіс жағасына келіп, Кіші жүздің батырлары соғысқа қатынасады дегенге сенгім келмейді, — деді Бәсентиін батыры Сырымбет.

— Неге? — деп елең ете қалды төртбақ келген, Тарақты батыры Байғозы. — Орта жүздің батырлары сонау Еділ қалмақтарымен ұрсысып жүрген жоқ па…

— Кімің бар ол жақта ұрсысып жүрген?..

— Жетім сары Шақшақ батыры Жәнібек ше?

— Ойдөйт дегенің! — деді екі иығына екі кісі мінгендей жалпақ жаурын, алшақ кеуде Сырымбет. — Жәнібек қалмақтармен ұрысса — өзінің қайын ағасы Әбілқайырдың жоғын жоқтап отыр. Қала берді Жетім сары Шақшақтың қонысы хан аулымен аралас-құралас, Ырғыз бен Торғай өзендерінің өңірінде отырған жоқ па? Жәнібектің аулы деген құр аты… Әбілқайырмен жері де бір, суы да бір…

Абылай ұнатпаған рай байқатты: «Міне, үнемі осылай. Біздің жеріміз Ертіс, сенің жерің Жайық деп, бар қазақ быж-тыж боп бөлініп шыға келеді. Жоқ, мұндай жұртпен жауды жеңу қиын, ең алдымен өз еліңнің басын қосып ал. Сосын барып жауыңа тиіс. Сонда оның басын қалай қосу керек? Қотанына қасқыр тимей ел ұйқысынан оянбайды. Қазіргі қазақ елі сондай. Қотанына тигелі тұрған қасқыр — тағы Қалден Церен. Сен осыны пайдалан, бастарын біріктіре бер. Майданға бірігіп шықса, артынан ыдырауы қиынға түседі… Елің бірікпей жауды жеңем деп үміттенбе…»

Кенет жұрт назарын аударып, үйге Ертістің арғы бетіне жіберілген барлаушылар кіріп келді. Олардың айтуы бойынша, Ертістің арғы жағындағы Жоңғар ұлыстарына әлі Қалден Церен әскері келмеген көрінеді. Әркім әр түрлі жорамалдайды деді барлаушылар.

Абылай ойланып қалды. «Иә, әккі қонтайшы ойламаған жерден жау шаппасын деп әскерінің жатқан ұясын жасырған екен. Мұндай жайда жоңғар жасағының шабуылды қай тұстан бастайтынын ешкім біліп болмайды… Сірә, Қалден Церен жауынгерлерін әлі ел түпкірінен қозғамаған болу керек. Әрине, Жоңғардың тоқпақ жалды мықыр жылқысы үш-төрт күннің ішінде-ақ текіректей желе шауып отырып бұл араға жетіп үлгереді. Қонтайшы соған сенеді. Шыныменен Қалден Церен Сарыарқаға аттанбақ па? әлде Түркістан майданын кең- ейте түсіп, Арал арқылы Кіші жүзге қарай ойыспақ па? О да мүмкін. Екі жаққа екі қол шығарады деген де сыбыс бар еді ғой, әлде солай ма екен? әттең не керек, Үш жүздің әскері бірдей бағынса ғой бұған. Онда әр жүздің әскерін әр тұсқа қойып, Жоңғардың келуін асықпай күтер едім-ау! Бір жетіде екі жүз мың атты әскер жинап алатын Қасым хан дәуірі әлдеқашан өткен! Көрінген қара тасқа сала-сала, алмас қылыштың да жүзі майырылған! Енді міне қасқыр қай үңгірден шығады деп, шиті мылтығыңа сүйеніп жан-жағыңа алақтап қара да отыр…»

… Кеңес ақыры қазақ қолдарының жиналатын жерін Телікөл тұсы болсын деп ұйғарды. Бұл ара Үш жүздің әскеріне бірдей жақын. Әрине, Әбілқайыр сарбаздары келмейді, бірақ Жоңғарға өшіккен Кіші жүзде қазақ батырлары аз ба? Ең болмағанда Ырғыз, Торғай бойындағы Қошқарұлы Жәнібекке бағынышты Орта жүздің жауынгерлері келіп қосылар. Ал Ұлы жүз әскері жоқтың қасы.

Абылай аулы көктемнің алғашқы күндерінде-ақ Сырымбет беткейінен Бурабай көлінің жағасына көшетін. Көл жағасының қызғалдақты, сарғалдақты көк балауса шөбі ерте көтерілетін. Қарағай мен ақ қайың сыңси біткен Бурабай маңайы адам айтқысыз бір әсем сурет. Осы жайлауында Абылай аулы жаз өткенше болатын.

Сұлтан кеңесі бітісіменен, Сарысу бойында отырған Орта жүз ханы Әбілмәмбетке өздерінің шешімін айтып шабарман жіберді де, тамыздың бас шенінде Абылай аулы да Көкшенің биік тұсы Бурабайға қарай көтерілді. Салтанатты көш, көшпен іргелес шоқтай иіріп, шашау шығармай айдалған қалың көк ала жылқы. Жаугершілік заман; көшті, жылқыны қоршай, астарындағы болат тұяқ бедеулері мен бәйгі күреңдері жіті басқан, сойыл ұстаған, кілең шолақ сауыт киген батыр жігіттер… Көш ыңғайына қарай, соңынан шұбырған қара мал, оттай жайылған қой-ешкі тіпті кейін. Ауыл-ауылдың арасында, жор- ға салыстырған, сары даланы бастарына көтере ән салған топ-топ қыз, боз- бала…

Аулын Бурабай көлінің жағасындағы «Абылай алаңы» аталатын көк майсалы, сыңсыған марал отты, қызыл ағашты, ақ қайыңды, аршалы тау қойнауына қондырысымен, Абылай Ұлытау арқылы, Бетпақдалалатып, Телікөлге қарай аттанды. Көкше теңіз арқылы емес, алыс та болса осы жолды таңдады. Көкшетаудан Телікөлге дейін екі мың шақырымдай дала. Ал осы далада сыңсып отырған Орта жүздің рулары. Көкшетау, Сандықтау, Атбасар, одан әрі қарай Есілді жағалай, Терісаққан өзеніне жетеді, Қара қойын Қашырлыны басып, Ұлытауды бөктерлей, Қара Кеңгір, Сары Кеңгір, Жезді өзендерінен асып, Сарысуға қарай шығатын сүре жолмен Телікөлге беттейді. Осы жердің бәрінде Арғын, Қыпшақ, Найман, Тарақты, Уақ, Керей. Ұлытаудың күнбатыс жағында Торғай алқабы қаншама ел. «Сонау Көкшетаудан шығып, Абылай Жоңғарға аттанып бара жатыр екен!» деген лақап осы қалың елге жетсе, бүкіл қазақ ауылдарының Жоңғар қонтайшысына қарсы тік көтерілетініне сұлтан шек келтірмеген. Жолда бір жарым айдай жүріп, Телікөлге кеп шатырын тіккенде, Арқадан жеткен жауынгерлерден көз тұнатын еді! Абылай өткен жерден қосылмаған қол жоқ. Саумалкөл мен Телікөлдің арасы ығы-жығы, қара құрымдай қаптаған әскер. Ертеңіне Абылайдың шатырына жігіттерімен келген әр рудың басты адамдары, батырлары тегіс жиналды.

Анықтап есептегенде отыз мыңнан астам жауынгер басы көрініпті. Бұл «Ақтабан шұбырынды» басталғалы, қазақтың ең алғашқы рет бірігіп, мол қол жинағаны. Әлі де келіп жатқан топтар аз емес. Басы Жәнібек, қарт Бөгенбай, Арғынның аты шулы батырлары Тайжігіт, Тасболат, Сырымбет, Жанатай, Жан- ұзақ, Сеңгірбай, Олжабай, Малайсары, Оразымбет. Абылайдың қамқорлары: Толыбай би, Қарауылдың шешені Қанай би, Жәпек батыр. Сырғалы Елшібек, Шекті Тайман, Табыннан Алтай батыр. Әрқайсысының қасында мыңдаған, жүздеген жауынгерлер. Қазақ даласында бұл кездерде атағы шыққан аты-шулы батырлардан Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзден Бұғыбай, Уақ руынан Батыр Баянның жоқ екенін Абылай іштен түйіп отыр. Әсіресе Баян батырдың осы уақытқа дейін келмеуі өкінішті-ақ. Ерлігімен, ел-жұрты үшін жанқиярлық ісімен танылған Батыр Баян Қанжығалы Бөгенбай мен Қаракерей Қабанбайдан кейінгі ең сүйікті батыры еді. Анау екеуі болса қазір пайғамбар жасына келіп қалды, ендігі ең сүйеніші со Батыр Баян мен өзімен бірге Қалден Церенде тұтқында болған Жәпек еді. Ел шетіне жау келсе, ең алдымен жетіп, алдыңғы шепте жүретін Батыр Баянның осы уақытқа дейін келмеуін Абылай жаман ырымға жорыды. «Оның өз басына бір қауіп туды, не ел-жұртының қамына да қаратпайтын бір пәлеге душар болды» деп ойлады.

Арқада Обаған атты өзен бар. Бұл өзеннің бойын ежелден Уақ руы жайлайтын. Орта жүздің жеті арысының бірі болып келетін Уақ руынан бүкіл қазақ даласына әйгілі Ер Көкше, Ер Қосай атты батырлар шыққан.

Осы Уақ руына жасының қартайған шағында келіп сіңіп кеткен, Жәнібек ханның кезіндегі атақты батырының бірі Саяннан туған Аян батырдың бір ұрпағы осы Батыр Баян еді. Қарадан шықса да жеті атасынан әйгілі батыр тұқымы болғандықтан, ел басына күн туғанда, осы Баян атқа ерте қонды. Өзінің асқан ерлігі, халқы үшін жан пида етерлік істері арқасында ол көп кешікпей Уақ руының көсеміне айналған. Әке-шешесі қалмақ шабуылының бір үлкен айқасында қаза тапқан. Өзімен бір туған, биыл он беске шыққан Ноян атты інісі ғана бар. Ноян әлі қолына найза ұстап жауға шапқан жоқ, бірақ алақанына түкіріп, бүгін-ертең менің де кезегім келер деп, бойына біткен қайратын жұмсайтын жер таппай, аласұрып, ауылда әзер жүрген. Өрт мінезді бала жігіт бір-екі рет ағасына «жорыққа мені де ала бар» деп жалынғанда, Баян оған: «Кезің келер, жорық сенен қашып құтыла алмайды. Әзірге сойыл соғып, садақ атып, соғыс өнерін әбден үйрен!» — деп ертпей қойған.

Баянның да қазір қырыққа таяп қалған кезі. Сұңғақ бойлы, аққұба, сұлу мұртты, көрікті жігіт. Жалғыз інісін жанындай жақсы көреді. Ағалық үлкен сезімнің әсерінен де ол өткен жылғы Іле бойындағы жоңғарларға қарсы аттанған сапарында, Ноянның «мені де ала кет» деп көзінен жасы мөлтілдеп тұрып өтінгеніне қарамай, ертпей кеткен.

Екі жақтың да қолы шығын болғанмен, бұл жолы қазақ жігіттерінің жоң- ғарлармен айқасы қиынға түсті. Кескілескен, бірін-бірі аямаған қан төгіс үш күнге созылып, ақырында саны сәл басым Баян жағы жеңді. Қазақтың бес жүз жарақты жігіттерінен үш күн ұрыстан кейін тек екі-ақ жүзі қалды. Төртінші күні ұрысқа шыдар-шыдамасын білмей, Іле бойының қалың тораңғыл, жиде тоғайының арасында жатқан осы екі жүз жігіт, таң ата, үш күннен бері өздері соғысқан жоңғарлардың сегіз аулының бірден көтеріле, тайлы-таяғына дейін қалмай, ұбырып-шұбырып, Қытай жағына қарай көшіп бара жатқанын көрді. Қазақ қолы бұл оқиғаға алдымен таң қалды. Сөйтсе де, олар мал қайырлап жүрген бір жоңғар шалынан ауылдардың неге үркіп қашып бара жатқанын білді. Жоңғар ауылдарына: «Кешеден бері ұрысып жатқанымыз қазақтардың жәй әшейін ертөле топтары екен, Бөгенбай мен Қабанбай басқарған бес мың қол бүгін түсте осы Іле жағасына жетеді екен», — деген хабар кепті. Осы хабардан кейін Іле қойнауындағы жоңғарлардың мына сегіз аулы қопарыла көтеріліпті. Бұл хабардың қалай шыққанын қазақ жігіттері артынан барып естіді. Жоңғарлардың қолына түскен бір өжет сарбаздан: «Бәрібір өлесің, егер шыныңды айт- саң қоя береміз» деп осы ұрыстағы жоңғар батыры жауап алады. Одан: «Осыншама елге шағын қолмен қалай келіп тиістіңдер? Неменеге сендіңдер?» деп сұрапты. Жігіт: «Сендерді жеңетінімізге сендік!» депті. «Қалайша? Осыншама жоңғарды бес жүз сойылмен жеңбек пе едіңдер?» деп мысқылдап күледі жоңғар батыры. Сонда өжет жігіт: «Бәрібір қырыласыңдар! Артымызда Бөгенбай мен Қабанбай басқарып келе жатқан бес мың қол бар! Олар таң ата жетеді! Біз тек Јртөлелер тобымыз!» дейді. «Өтірік айтасың! Шыныңды айт! әйтпесе өлтіреміз! Ал егер айтып тұрғаның жалған болса, қазір босатамыз. Тек бізді алдама!» деген Жоңғар батырының қорқып тұрғанын білген қазақ жауынгері «бәрібір мені өлтіресің, онан да зәреңді ала өлейін» — деп айтқанынан танбапты. Жоңғар батыры сенеді. Еліне сол түнде қопарыла көшуге бұйрық береді. Әлгі сарбазды өз қолымен бауыздайды. Қазақтың қалың қолы келе жатыр деген сөзді естіген жоңғар ауылдары алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Бұл оқиғаның неден болғанын соңынан естіген қазақ жігіттері, дәл осы сәтте жаңа ғана үйлерін жығып, көштері енді қозғала берген соңғы жоңғар батырының аулына тоғайдан шыға лап қояды. Батыр Баян бастаған екі жүз жігіт көшке екі жүз аш қасқырдай тиеді. Әбігері кеткен көш жөнді қарсылық көрсете алмайды. Жоңғардың бас батыры Батыр Баянның қолынан қаза табады.

Бірақ шабылған елден Батыр Баянның жігіттерінің қолына жөнді олжа ілікпеді. Тек шу дегенде қоршауында қалған бір топ қыз-келіншек пен аздаған мал-мүлік қана қолдарына түсті. Босқан елдің көп дүниесі Іле өзенінің суына кетті.

Ұрыс бітіп, болмашы олжаға көңілі толмай тұрған Батыр Баянның кенет екі бетіне қан жүгіріп құлпырып сала берді:

— Мынау адам баласы ма, әлде періште ме? — деді ол қасында тұрған Жәпек батырға, қолға түскен бір топ қыз-келіншектің ортасындағы, үлбіреген жас сұлу қызды көрсетіп.

— Бұл Қорен батырдың он бес жасар жалғыз қызы Құралай сұлу, — деді Жәпек.

— Қай Қорен?

— Кеше Жанатай батырды найзалаған, ал бүгін сенің қолыңнан қаза тапқан жоңғар батыры Қорен…

Баян Тұлпаркөгін тебініп қап, қоршауда тұрған қыз-келіншекті бір шолып өтті. Құралай десе құралай-ақ екен! Мөлдіреген екі көзі тостағандай, қара торы жүзі сәл қаны қашып қуқыл тартқан, қолаң шашы шұбатылып үзеңгіден асып жатыр, басына киген сүйір төбелі құндыз бөркі мен күміс зерлі қара мақпал қынама бешпент-шалбары күміс ер-тоқымымен жарасып тұр. Осынау көрік, жарастық көзді еріксіз тартып, барады. Қызға тесіле қараған Батыр Баян жүдей жаудыраған қарақат көздің қиығынан өзіне деген бір өшпендіктің ұшқынын сезіп қалды.

— Атың кім, Құралай ма? — деді ол қызға.

— Атым Құралай, біліп тұрып несіне сұрайсыз? — Қыз теріс бұрылып кетті. Бірақ ол қазақ батыры атын қалай біліп қалғанына таң қалды. Баянға сол сәтте бір тәуекел ой келді. Жүрегін өртеп бара жатқан сезім жалынын баса алмай:

— Мына қыз менің олжам! — деді Құралайды қамшысының сабымен меңзеп.

Ат жалын тартып мінгелі Баянмен үзеңгілес болып келе жатқан Жәпек сан олжаны бөлген кездерінде әйгілі батырдан бұрын-соңды мұндай сөзді естіп көрмеген-ді. Баян сөзіне бұл да таңырқады. Жолдасының бетіне көз қырын сәл аударды да, батырды қандай сезім билеп тұрғанын енді ұғып:

— Болсын! — деді сосын күзетші топтың екі басты жігітін шақырып алды. — Құралай сұлуды көздеріңнің қарашығындай сақтаңдар. Ақ бетін қарға-құзғын шоқып жүрмесін. Бұл қыз Батыр Баянның олжасы. Ұқтыңдар ма?

Загрузка...