Сөйтіп бір күні, бір мезетте туған екі батыр бір күнде, бір мезетте о дүниеге сапар шекті. Сұлтан тұқымынан шыққан Тәуекел артына алты әйелі мен сегіз баласын қалдырды. Иран, түрік, орыс әдебиеттерінде Тәуекел хан деген айбарлы атын қалдырды. Ал сол ханмен бірге өмір сүрген, құлдан шыққан Қияқ батыр, елі-жері үшін үнемі жорықта жүріп, елуден асқанша бұл дүниенің рахатын көре алмай кетті.
Осындай мыңдаған белгісіз батырлардың арқасында қазақ елі сан жанталаста жеңіп шығып, ғасырлар бойы өзін аман сақтап келді…
Қазақ жерінен Тұяқ батыр мен Кіші жүзден шыққан Жолымбет батыр бас- қарып келген қалың қол жетісімен, Бұхар әскері сәл кейін шегінді. Енді ұрыс бұрынғысынан да қыза түсті. Есім сұлтан қаланың күнгей жағына, Құджек сұлтан — теріскей тұсына шапты. Құбыла жағындағы Қаңлы, Шанышқылы секілді рулардың әскерін Тұрсынмұхаммед әмір басқарды. Бекіністің ең қауіпті жағы күншығысы еді. Бұл тұсты Жолымбет батыр қорғады. Шабарман енді бұл батырдың да жараланған хабарын әкелді. Осы себептен қаланың күншығысына Тұяқ батырға шабуға тура келді. Хан ордасы күншығыс жақтағы майданда болатын. Кімде-кім осы майданды басқарса, сол жалпы әскердің қолбасшысы саналуға тиісті еді.
Қазақтың іргелі руларынан шыққан батырлар мен Шыңғыс ұрпағынан тараған сұлтандар Тәуекел ханның Қияқ пен Тұяқты мың басы еткеніне іштей наразы еді. Әрине, дәл қазір бұлар Тұяқтың айтқанына бағына қоймаулары да мүмкін. Бұны түсінген Ақторғын, ерінің сауытын кие бастады.
Атына қонғалы жатқан Тұяқ үйден бір жас батырдың жүгіре шығып, Тәуекелдің Теңбілкөгіне асыға мінгеніне таң қалды.
— Тұяқ батыр, мен де сізбен бірге барамын, — деді әлгі жас батыр.
«Бұл кім? Қайдан пайда болды бұл батыр?» Жөн сұрасар уақыт емес, қатарласа шаба жөнелді. Сонда ғана Тұяқ жанында келе жатқан — Тәуекел ханның кіші бәйбішесі Ақторғын екенін білді. Тұяқ оған: «Қайт кейін!» дей алмады. Қазақтың батыр қыздарының жауға қарсы шабуы жаңалық емес. Ақторғынның жанында болуы, хан атынан Тұяққа «қазір сен әскер қолбасшысысың» дегенді ескерткендей еді.
Бұлар күншығыс қақпаға жеткенде, ең алдымен көргендері: қамалды қоршап не істерін білмей үрпиісе қалған қазақтың қалың әскері мен осы қамалға ар жағынан тұтасқан қара бұлттай, жұбын жазбай төніп келе жатқан жау лашкарлары болды. Тәуекел ханның қаза тапқаны екі жаққа бірдей жеткен екен. Айбарлы қолбасшысынан айрылған қазақ әскері қандай абыржыса, жау жағы сондай қатулана түскен. Күншығыс тұсты қазір басқара қоятын батыры жоқ екенін сезген Жармұхаммед пен Бақимұхаммед сұлтандар әскерлерінің көпшілігін де, білектісін де осы өңірге төккен.
Міне, олар қара бұлттай қаптап келе жатыр… Жаңадан күш қосылғанына қарамай қазақ жауынгерлерінің құты қашқан. Әр жерден «Сап түзеңдер!», «Қашушы болмаңдар!» деп айқайлаған мың басыларының жарлығын ешкім тыңдар емес, соғыс кезінде хан өлуі жаман ырым! Мүмкін содан да болар, кешегі айбынды қазақ жігіттері, қазір қасқыр шапқалы тұрған қойдай үрпиісе қалған.
Қорған мен жау арасы бір шақырымдай. Жау қазір лап қояды. Сонда бәрі де бітеді. Қашқанға қатын да батыр, қазақ әскерін мынау келе жатқан алып күш көше-көшені қуалай жүріп қырып салады. Қала ішіндегі ұрысқа үйренбеген қазақ жігіттері ең болмаса өз бастарын да арашалай алмайды. Жаумен не болса да жазық далада кездесу керек.
Кенет қорған қақпасынан жауға қарай бір салт атты шаба жөнелді. Астында Тәуекелдің Теңбілкөгі, үстінде Тәуекелдің сауыты, басында дулығасы… Абыржыған қол заматта тына қалды. «Бұл кім? Бүгін ғана өздері қара жерге қойған Тәуекел тіріліп келгені ме? Япырмау, ханмен қатарласа шауып бара жатқан Қияқ батырдың өзі ме? Оны да бүгін ханмен бірге жерлеген жоқ па едік?»
Сөйткенше болған жоқ, бұлардың құлағына Ақторғын мен Тұяқ батырдың:
— Аруақ! Аруақ — деп айқай салған ұраны естілді.
Сол-ақ екен, жаңа ғана үрпиісіп тұрған қазақ жігіттері, аттарына қамшыны басып-басып жіберіп, алға қарай қалай лап қойғандарын өздері де білмей қалды.
— Ақжол! Ақжол!
— Үйсін! Дулат! Шақабай!
— Қарақожа! Қабанбай!
— Бекет! Қаңлы! Бөрібай!
Қашан да болса бірінші боп атой салған жау қорқынышты. Қолбасшыларынан айрылған әскерден мұндай қимылды күтпеген Бұхар лашкарлары дүрлігіп қалды. Кейбіреулері аттарының басын кейін бұрып та алды. Тәуекел ханның өздеріне аян Теңбілкөгі мен алтын жалатқан дулығасын көрген Бұхар әскері хан өлмеген екен деп ойлады. Өздеріне таяп келе жатқан қаһарлы күшке қарсы тұра алмады. Тіріліп келген Тәуекел мен Қияқтың сұсы жеңді ме, кейін қарай қаша жөнелген лашкарлар көрінді. Тек кейбір топтары ғана найзаларын ыңғайлап қарсы шапты. Көптіктен гөрі ерлік жеңетін заман, қазақ әскерлері сол қаһарлы беттерінен таймаған қалпында, алыстан кеп бар пәрменімен жағаны ұрған долы толқындай, жұбын жазбай, Бұхар шебінің дәл ортасына кеп кірді. Қарқындары соншалық екпінді болды, тынық суды қақ жарған сүйір тұмсық қайықтай, жау шебін қақ бөліп өте шықты. Әне-міне дегенше көк найзалар қағысып, құрыш алдаспандар құлаштай сермеліп, қоян-қолтық ұрыс басталып та кетті. Қабақ қаққанша талай жүйріктер шылбырларын сүйретіп босап шыға берді, сан ерлер «әттеген-ай» деп қара жерді қаба құлады. Тұяқ өзінің ежелгі серігі алты жігітімен қаптаған жаудан Ақторғынды қорғаумен болды.
Ұрыс қыза түсті. Жауларының аз екенін білген Бұхар лашкарлары қазақ жігіттерін тықсыра бастады. Осы кезде «Есім! Есім батыр жетті!» деген айқай шықты.
Сол сәтте бір бүйірден астындағы Ақтанкерін көсілдіре салған еңсегей бойлы Есім көрінді. Соңынан шұбыра шапқан қалың қол. Бұл қаланың күнгей жағындағы Бұхар әскерін жеңіп енді күншығыс тұсындағы майданға келе жат- қан Есім жасақтары еді. Қазақ әскеріне жаңа күш қосылғанын көрген Бұхар қолы енді кейін шегіне бастады.
әңгімесін айтып болып Бұқар жырау Бөгенбайға қараған:
— Міне, көрдің бе? Қарамағындағы жұрттың тілін алмаған Тәуекел не тапты? Қаншама халықтың қанын төгіп, ақырында өзі де жау қолынан дүние салды. Тарих әділеттілігі осылай…
— Иә, хан хандығына тартпай тұра ма? Қара халықтың қамын қайсысы ойлап жүр дейсің? — деді Бөгенбай. — Мені қажытқан жоңғарлар емес, Әбілмәмбет пен Әбілқайырдың алтыбақ алауыздығы.
— Сен осы Әбілмәмбетпен әлі табыса алмай жүрсің бе?
— Сірә, түсініспей-ақ өтетін шығармыз.
Жоңғар әскері Түркістанды алғаннан кейін, Орта жүздің ханы Әбілмәмбет ордасы Үш жүздің түйіскен жері — Телікөлдің тұсына көшкен. Баянаулы жағынан келген Бөгенбай мен Бұқар жырау Арқаның біраз жігітімен осы арада, хан ордасының жанында болатын. Бұл кез жоңғарлармен үлкен ұрысқа бармай, уақ жорықтарда итжығыс түсіп, екі жақтың арасы бір мезет қару күшінен көрі, тіл қуатына көшкен шақ. Түрлі-түрлі келісім сөздер, әділетті, әділетсіз бітімдер жүріп жатқан. Дәл осы күндері Әбілмәмбет ордасына кенет бір суық хабар жеткен. Қалден Цереннің қанқұмар інісі Лоло-Доржи, Қалден Цереннің келісімінсіз, өзінің бес мың қолымен Сырдың төменгі етегіндегі Әбілқайыр хан- ға қарайтын қарақалпақ пен Тама, Табын руларының біраз аулын аямай шауыпты. Соғыстың алғашқы кезіндегідей, әлгі ауылдардың күлін көкке ұшырып, бар малын айдап әкетіпті. Көп адамын қырып, іске татитын қыз, бозбала, сұлу әйел, қарулы жігіттерін Хиуадағы күң мен құл сататын базарға әкетіп бара жатыр деген хабар жетті. Әбілмәмбет шаптырған барлаушылар бәрін растап қайтқан. Және олар «Жоңғардың қолы екі бөлініпті. Үш мыңы қыруар малды айдап, өздерінің ордасы тұрған Ілеге қарай қайтыпты. Ал Лоло-Доржидың өзі екі мың сыпайымен сан жетпейтін тұтқынды матап Хиуаға беттепті. Тұтқындардың ішінде Тама еліне серуенге келіп жатқан Әбілқайырдың туған қарындасы Сақыпжамал бике де бар екен» деген хабар әкелді.
Орда маңындағы батырлар, жауынгерлер дүрліге қалған. Алдаспандарын қайрап, найзаларын ұштап, Хиуа базарына айдалып бара жатқан қарақалпақ, қазақ бауырларын құтқарып қалмақ боп, жорыққа дайындала бастаған. Сол дүрліккеннің бірі Арқадан бес жүз сарбазбен келген Бөгенбай батыр еді. Бірақ Әбілқайырдың Үлкен Ордадан бөлініп кеткеніне риза емес Әбілмәмбет Кіші жүз ханының қарындасы Сақыпжамалдың да күңдікке сатылуға айдалып бара жат- қанын естігенде, ішінен «шоқ-шоқ» айтып, қолын бір-ақ сермеді: «Шабылған жұрт Әбілқайырдікі. Күшті болса адамдарын өзі алып қалсын» деген. Даурыққан жауынгерлер су сепкендей тез басылды.
Әбілқайырдың бұл кезде сонау Жайық бойында жорықта жүргенінен хабардар Бөгенбай ғана қызуын баса алмаған, «Әбілқайыр үлгіре алмайды, Хиуа жолына біз жақынбыз!» деп Бөгенбай ханға келіп, жорыққа шығуын өтінген. Бірақ Әбілқайырға өкпелі хан көнбеген. Ашуға мінген Бөгенбай өзінің бес жүз жігітіне атқа қонуға бұйырған.
Сонымен Бөгенбай қолындағы аз әскермен, бір төбенің бауырында, өзінен әлдеқайда көп жауының жолын тосып жатты. Көп кешікпей-ақ алыстан талмаусырап бір қайғылы үн естілді. Жауынгерлер тына қалды. Көп дауыс қосылып бір зарлы ән айтып келеді.
«Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
ән жоқтау тәрізді. Шерлі жүректен шыққан ащы запырандай. Бүкіл халықтың қайғысы осы бір өкси айтылатын өлеңге сыйып кеткендей, адамның жүрегін тырнап әкетіп барады. Бұл әнді көзінен жасы парлаған, елінен, жерінен айрыл- ған көп әйел қосылып айтқанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Жар тасалап жатқан жігіттердің үстін ауыр зіл басып, жарық дүние қарауытып кеткендей болды. Жігіттер тістеніп, қаруларының сабын қыса түсті.
Бұлар жатқан жер терең шатқалды, ұзыннан-ұзақ созылған тау арасы еді. Ирелеңдеген көш жолы осы тау арасынан өтіп, алдындағы жазық алаңға шығады. Одан әрмен қарай құмайт, тақыр дала басталады.
Көп кешікпей бір қойнаудан салт атты көрінді де, біртіндеп көбейе бастады. Енді сай ішін қаптаған адам, күңіренген үн жауып кетті. Қан сасыған талай ұрысты басынан өткізген Бөгенбай да көз алдындағы мына көріністен жаны түршігіп, бармағын тістей берді.
Топтың алдында күміс ер-тоқымды нардай қара айғыр мінген, басында қазандай қара дулығасы, үстінде көк темір сауыты бар, қара мұртын құлағына апарып орап қойған, Лоло-Доржидың өзі келе жатыр. Сырт бейнесінің өзі-ақ бұл ноянның қаншалық қанқұмар екенін көрсеткендей. Оның соңынан жолдың екі ернеуін ала, кілең көк найзалы, шойын шоқпарлы, ат үстіне оба тастай боп шөккен жоңғар басқыншылары. Ортада ұзыннан-ұзақ созылған тұтқындар. Шаштары тұлымдалынып жұлынған қыздар, жалаң аяқ, жалаң бас әйелдер, кейбіреуі жас нәресте бөпесін арқалап алған, ал қайсыбіреуі аяғын жаңа ғана апыл-тапыл басқан баласын жетектеп әзер келеді. Бұлардың дәл ортасында ұзын қыл арқанмен маталған кешегі жайсаң, жақсы жігіттер. Киімдері жыр- тылған, денелері жарақаттанып ісінген, үстері қан-қан. Шыққан көз, жұлынған құлақ… Осы сұмдық көрініске қосыла нан сұрап жылаған жас баланың ащы даусы, «қой-қойлап» жалынған анасының күбір-сыбыры, жүре алмай қиналған ауру, жаралы жандардың ыңқыл-сыңқылы, оларды боқтаған, балағаттаған, зірк-зірк еткен жоңғар нояндарының қаһарлы айқайлары тұмандай тұтаса келіп, тау арасын бір сұмдық үрейлі үнге толтырып жіберді.
… Қарындастан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді».
Жылау-сықтау арасынан аспанға әзер қалықтап көтерілген жаралы құстай, өкініш-қайғыға толы күйікті ән талып жетеді.
— Сорлы халқым-ай! — деп бір жас жауынгер еңкілдеп жылап жіберді.
— Сабыр ет, жігітім! — деді Бөгенбай бұрылмастан тістене. — Қазір олар сыбағаларын алады.
Бөгенбай бұл араны өзі таңдаған. Жоңғар әскері сонау алаңға шыға бере тиіспек.
Шұбырған топ өте бергенде, бір жастау әйел жол шетіне шығып, емшектегі баласын құндақтай бастады. Бұны көрген еңгезердей қара ноян жарға қонғалы келе жатқан қара құстай әйелге таяй берді. Кенет көк найзасын жарқ еткізіп жерде жатқан нәрестені найзасының ұшыменен іліп алып, жолдың шетіне қарай лақтырды. Әйелдің жан даусы шығып шар ете қалды. Нәресте лақтырған тымақтай, аспанға далбаңдай көтеріліп, қалың бұтаның арасына барып түсті.
Ноян өзінің ісіне мәз болып, қарқылдап күлді. Оның баланы соншалық алыс- қа лақтырғанына қошамет көрсете, өзге нояндар да күле бастады. Тау арасы бейне бір бос күбідей күңгірлеген, сасық күзендей шақылдаған, сұмпайы күлкілерге толып кетті.
Баласынан айрылғанын жаңа түсінген әйел, жан ұшырып жаралы барыстай, әлгі ноянға тап берді. Бұны көрген тұтқындар да шыдай алмай, жоңғарларға қарсы ұмтылды. Бірақ байлаулы, матаулы топ не істей алады, қарулы жоңғарлар енді оларды қамшының астына алады. Жарқылдай түскен жоңғардың қисық қылышы, бар күшімен сермелген шойын шоқпарлар. Талай жас нәрестелер найза ұшына ілініп, көкке ұшты, қос қолдап ұрған шоқпардың салмағынан талай қыршын жастың мойны үзіліп жерге түсті. Тау арасы іп-ілезде қан-жоса болды.
Сабалып жатқан топ ішінен бір сәт қолаң шашы жерге төгілген, үстіндегі мақпал қара пешпентінің өңірі дал-дал болған бір жас қыз жүгіріп Лоло-Доржидың алдына барды. «Мына қырғынды тоқтат» деген болуы керек, ноянға бірдеме айтып жатыр. Ноян жауап қайырар емес, кенет үзеңгісіне жабысқан қызға қарады да, сәл еңкейіп, қыздың шашын ұстап, тақымының астына басты. Содан кейін қыздың бажылдап, бақырғанына бүлк етпей, қанды қырғынға қарап, мелшиіп қатты да қалды.
Дәл осы сәтте:
— Ағатай-ау, бұдан да өлгеніміз жақсы еді ғой! — деді Бөгенбайдың қасында ашуға булыққан әлгі жас дауыс.
Бөгенбай жалт бұрылды. Қарсы алдында үріп ауызға салғандай бір жас жігіт тұр. Оның көзінде тұнған мөлдір жасты көрді де:
— Аттарыңа мініңдер! — деді.
Бұл жас жігіт Науан ұстаның жалғыз баласы, соңынан ерлігімен бүкіл қазақ еліне аян болған Керей еді. Ол серіктеріне жүгіре жөнелді.
Аздан кейін:
— Аттан! — деген Бөгенбайдың күшті даусы шықты.
Тау арасы ұранға толып кетті.
— Ақжол! Ақжол!
— Бөгенбай! Бөгенбай!
Кертөбелімен ойқастап шыққан Бөгенбай, ат қарқынын тоқтатпастан келіп, қара шоқпарымен қос қолдай соғып, ә дегенде Лоло-Доржиды ұрды. Ол дүниенің не болып кеткенін білмей ат жалын құшақтап шаба жөнелді. Жоңғарлар есін жиғанша қазақ жігіттері біразын жайратып салды.
Жоңғардың қатыгездігінен жандары түршігіп, әбден ызаланған жігіттердің әрбіреуі он кісінің қимылын істеді. Қолбасшылары жараланған, әрі күтпеген жерден тиген соққыдан абыржып қалған жоңғарлар қаша жөнелді. Бірақ тау арасындағы тар шатқалдан жол тауып құтыла алмай, көбі сойылға жығылды. Тек екі жүзге жетер-жетпесі ғана қашып құтылды.
Үшінші «қалмақ қырылған» ұрысы осылай аяқталып еді. Бағанағы Лоло-Доржиға барып, өтініш айтқан қыз Әбілқайырдың қарындасы Сақыпжамал бикенің өзі екені.
Ұрыс біткеннен кейін, Бөгенбай жігіттерімен Кіші жүз еліне қонаққа бар- ған, Бөгенбайдың батырлығына риза болған Әбілқайыр және бұл секілді батырды өз жағында ұстауды жөн көріп, Сақыпжамалды Бөгенбайға қосты.
Бөгенбай сол бетімен осы жақта қалып қойған. Содан бері ол Ұлы жүз бен Кіші жүздің түйіскен жерінен қоныс алып, осы арада бес жылдай отырды. Әбілмәмбетке өкпелі Бөгенбай әлі де осы жақта қала берер ме еді қайтер еді, жақында Абылай сұлтаннан кісі келген. «Қазақ елінің алдында әлі талай асу бар, батыр елге қайтса жөн болар еді» депті Абылай. Оған Бұқар жырау да өтінішін қоса жолдапты. Бұл арада да Бөгенбай абыройсыз болған жоқ. Сан ұрысқа қатынасты. Халқының алғысын алды. Әйтсе де, кіндік кесіп, кір жуған жерін өзі де сағынып жүр еді. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры елге қайтуға келісім берді. Осылай, әне-міне көшемін деп жүргенінде, кеше Әбілқайыр ханнан да шабарман жетіп, «Ордаға келсін! деген хабар әкелді.
Бөгенбайдың бүгінгі толқуы осыдан еді. «Хан неге шақырды екен? Менің көшкелі жатқанымды біреу жеткізген ғой шамасы. Енді ашық айтуға тура келеді…»
Ол не де болса хан ордасына барып қайтпақ болды.
ІІ
Орта жүз ханы Сәмеке Сарыарқаның түкпірі Нұра өзенінің арғы бетіне қарай ығысқанда, Күші жүздің ханы Әбілқайыр ордасын Ырғыз өзенінің жағасына әкеп тіккен.
Бұл кезде қазақ елі жоңғарлармен тайталас түсіп, кейде жеңіп те жүрген. Осындай жеңістің бірі Әбілқайыр хан мен Тайман батырдың басқаруымен Сарысуға құятын Бұланты өзенінің жағасында, ал екіншісі тағы осы Әбілқайыр мен Бөгенбай батырдың басқаруымен Қошқарата мен Боралды өзендерінің жоғарғы сағасында болған. Сол айқастардан кейін Әбілқайыр хан тікелей жоңғар әскерімен соғысуды қойған. Оның көңілі енді басқа бір күрестерге ауған.
Ал бірақ Әбілқайыр көшіп кеткенмен, қазақ елі Жоңғар шапқыншыларына қарсы шығуын тоқтатпады. Күрес күннен-күнге үдей түсті. Әсіресе Іле мен Қаратал өзендерінің бойында Қабанбай мен Баян батырлар бастаған халық жасақтары жоңғарларды сан рет жеңді, әйтсе де бұның бәрі, негізі мықты құрыл- ған жоңғар әскерін күйрететіндей күшке айнала алмады. Тек басқыншыларды тойтаруға болатынын көрсететін, халықтың рухын көтерер айқастар өресінен аспады.
Жоңғарды жеңген күнде, ар жағында одан да күшті, өзіне көз тіккен Қытай боғдыхандары бар екенін еске алмаған жұрт осылай, өз тағдыры үшін жан аямай күресе берді.
Сөйтсе де, ел басына туған күннің тым қатерлі, қазақ жеріне қызыққан көршілерінің қауіпті екенін ойлағандар да табылды. Соның бірі Кіші жүздің ханы Әбілқайыр болды. Ол енді батыс жаққа үміттене қарады. Бірақ ханның Ырғызға көшіп келісімен қазақ пен қарақалпақ елінің атынан «қарамағыңызға алыңыз» деп жазған хаты Петербургке жеткенде, орыс әкімдері таң қалмады. Жоңғармен күресіп жатқан қазақ елінің түбі өзіне осылай келіп пана сұрайтынын олар бұрыннан да білетін. Сол себептен аптықпай, қазақ елінің шын жағдайын түсіну үшін, Россия патшалығы арнаулы елші жіберуді ұйғарды. Россия әкімдері шығыс көршілеріне өз қарамағындағы мәдениеті, дәстүрі, тілі жақын кісілерден елші жіберуді әдет етіп келген. Бұ жолы да со дағдысына салып, татар молдасы Мақсұт Юнус оғлын аттандырды.
Кіші жүздің ханы бұл молдамен бір мың жеті жүз жиырма алтыншы жылы қарақалпақ жерінде кездесті. Осы кездесуден кейін Әбілқайыр: «Еділ қалмақтары тәрізді бізді де қарамағыңызға алыңыз» деп ақ патшаға хат жазып, Қойбағар Көбек ұлын бас етіп тағы елшілер аттандырды. Бұл елшілерге: «Қайтсеңдер де патша ағзамнан башқұрт жері мен Жайық өзенінің ортасында көшіп жүруге және Россия қалаларына барып сауда-саттық істеуге рұқсат алуға тырысыңдар», — деп тапсырған. Бірақ шығыс жағында әлі әбден бекініп болмаған Россия патшалығы, қазақ елін қарамағына алса, Жоңғар қонтайшысымен бұрынғы қарым-қатынасын бұзуы мүмкін екенін еске ұстап, тоқ етер жауабын түрлі сылтаумен соза берді. Россия патшалығының қолтығына кірген Еділ қалмақтары мен башқұрт елінің «мұртын балта кеспей отырғанын» көрген Әбілқайыр Россия патшалығына «қарамақтарыңа ал» деп, әлсін-әлсін хат жазып, елшілер жіберуді қоймады. Ақырында қазақ елінің өзіне бағынышты бо- луынан тек пайда түсетінін ұққан, Бірінші Петр патшадан кейін таққа отырған Анна Иоанновна Әбілқайыр ханның бір мың жеті жүз отызыншы жылы нау- рыздың сегізі күні «қорғандық» істеуін өтінген қағазына жауап ретінде, қыр- ғыз-қайсақ жұртын қарамағына алғандығын білдіріп, бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы февральдың он тоғызыншы күні указ шығарды. Бұл указды бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы октябрьдің бесі күні Ырғыздағы Әбілқайыр Ордасына Сыртқы Істер коллегиясының тіл машығы — аударушысы Мұрза Тевкелев әкеп тапсырды. Россия патшасы Кіші жүзді өз қол астына алғанын естіп, Ұлы жүздің атынан Қодар би, Төле би, Сатай батыр, Бұлақ батыр қол қойған, «бізді де қол астыңызға алыңыз» деп Анна Иоанновнаға жазылған өтінішті Петербургқа Қангелді батыр алып келген. Сөйтіп, қазақ елі мен Россия жұртшылығының арасындағы жаңа дәуір басталды.
әйтсе де Әбілқайырға берілген указдан кейін де қазақ елінің Россия патшалығымен қарым-қатынасы бірден жөнделіп кете алмады. Башқұрт пен Еділ қалмақтарының шабуылы да тыйылмады. Ханның Россияға арқа сүйемек болғанына риза емес қазақтың өзге сұлтандары, әсіресе, Әбілқайырдың бақ күндес қастары оның саясатына кедергі жасап, кіжіне түсті. Осындай қамшысын білегеннің бірі Барақ сұлтан еді.
Жоғарғыдай жағдай туған кезде, патшаның өзі «миллион сомға дейін шығын шығарсаң да, қазақ жерін Россияға заңды түрде бағындырудың жолын тап» деп бұйрық берген Тевкелев қайтадан Әбілқайыр ордасына аттанды. Бұл хабарды «ұзынқұлақ» Кіші жүз ханының Ордасына тез-ақ жеткізді. Сол күні-ақ Әбілқайыр Тевкелевпен кездесу қамына кірісті. Ең алдымен үзеңгілес батырлары мен өзіне қарсы жақтың ойларын білгісі кеп, Бараққа, Бөгенбайға, Тайман- ға, бір тайпаның ақсақалы — биі Бөгенбайға ат шаптырды. Бөгенбайдан өзгесі хабар алғаннан кейін, көп кешікпей хан ордасына жетті. Бөгенбай мен Тайман жайшылықтағы өз серіктерімен келсе, Барақ сұлтан әжептәуір қарулы қолмен хан ордасына кеп түсті. Және неге екені белгісіз, өзінің ежелгі қасы, қан майданда сан атысқан Қалден Цереннің елшісі Церен-Доржиды ерте келіпті.
Бұл бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы еді. Әбілқайыр Ордасы бүгінгі қонысы Ырғыз өзенінің жағасында. Қазір хан ордасында бірнеше адам отыр: Қанжығалы Бөгенбай, оның қарсы алдында Шекті руының аты-шулы батыры Тайман. Бұлардан жоғарырақ, Әбілқайырдың оң жағында Найманның сұлтаны Барақ… Жұрт оны қайсарлығы, ержүректігі үшін Көкжал Барақ атаған. Ханның сол жақ бүйірінде, Бөгенбайдан жоғарырақ, Жоңғар ханы Қалден Цереннің елшісі, қара түндей түнерген Церен-Доржи…
Бөгенбайдың көзі әлдеқалай Тайманға түсіп кетіп еді, өткен бір жайлар есіне келді.
Онда бұл екеуі де қылшылдаған жас жігіт еді.
Сол жылдары Қанжығалы руы Қараөткел мен Керекудің түйіскен тұсындағы Ерейментау, Қоржынкөл, Ақкөл, Қоянды-Қойтас, Шақша деген жерлерді жайлайтын-ды. Ал Шекті руы Ақ Жайыққа құятын Жем өзенінің бойында көшіп жүретін. Жазы аңызақ, ыстық келіп, қысы қатты болар жылы екі ел бірдей Сырдың қамысты жағасына қарай жылысатын. Осындай Қанжығалы, Шекті рулары дария жағасында бастары қосылған жылы ұлан-асыр бір үлкен той болған. Қоңырат руынан шыққан атақты бай саудагер Қисан жалғыз ұлын сүндетке отырғызған. Осы тойда Арқадан келген Бөгенбай мен Шектінің жас жолбарысы Тайман қатты керісіп қалған. Содан бері екі ақиықтың бетпе-бет ұшырасып отырғаны осы. Ел басына күн туғанда жеке бастың кикілжіңі естерінен шығып кеткен-ді.
Күннің аңызақ ыстығына қарамай, тіркестіре тігілген хан ордасы — ақ боз үйдің есіктері түгел жабық. Жайшылықта жел соқсын деп түріп қоятын іргелері де түсіріліп қойылған. Он екі қанат ақ боз үйде осы бесеуінен басқа есік алдында жалаңаш қылыштарын кеуделеріне таяй ұстаған, еңгезердей қос күзетші мен сырлы тегенедегі сары қымызды сапырып отырған, ханның он сегіз жасар кенже ұлы Ералыдан басқа ешкім жоқ. Хан, сірә, кенжесі мен есік алдындағы күзетшілеріне сенетін болар, қонақтарымен сыр жасырмай еркін сөйлесіп отыр.
— Иә, Әбілқайыр хан! — деп еңгезердей қара сұр Барақ сұлтан, ұшы құлағына дейін жетіп тұрған, білеудей қара мұртын саусағымен сылап қойды. — Алысқа ат шаптырып, бізді неге шақырып отырғаныңды ішім сезеді. Қатын патша біздің елге Теуіпкелді қайта жіберсе, бұдан үш жыл бұрынғы «қарамағыңа кірдім» деген сенің сөзің жеткіліксіз болғаны ғой… — Ол Әбілқайырға мысқылдай қарады. Қазақ жерінде — Тевкелевті «Теуіпкел» деп атап кеткендіктен, оның кім туралы сөйлеп отырғанын бәрі де түсінді.
— Болжауың дөп тәрізді… Мырзаны қайта жіберуіне қарағанда бір менің уәдем әйел патша ағзамға жеткіліксіз болғаны хақ… Бірақ, — Әбілқайыр сол жағында отырған Церен-Доржиға көзінің қиығын аударды да тына қалды.
— Иә, айта бер, не «бірағы» бар?
Әбілқайырдың жүзі қуқыл тартып үндемеді.
— Айтамын деген сөзіңе, істеймін деген ісіңе іркілмейтін Әбілқайыр хан, неге үндемей қалдың? әлде арамыздағы жат адамнан қысылып отырсың ба? Айта бер, Церен-Доржи Қалден Цереннің елшісі болғанмен, менің жақыным…
Әбілқайыр езу тартты.
— Қалден Цереннің елшісі жақының болуына қарағанда, Жоңғар қонтайшысының өзі де досың боп шықпасына кім кепіл…
— Кекетпе, Әбілқайыр! Церен-Доржи жай ғана жақыным, емес, сенімді серігім…
Хан оның сөзін мақұлдағандай басын изеді.
Иә, қонтайшы Ордасында да алауыздық бар екенін ол білетін. Бірін-бірі аямауда бұлар арғы бабасы Шыңғысханның шын мұрагерлері еді.
Жоңғар тағының болашақ қонтайшысы, өзінің әкесінің туған інісі Шұно-Дабоны Қалден Цереннің қалай жойғаны жұрт арасына мықтап тарай бастаған. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Әсіресе, осы үйде отырған Бөгенбай батырға Шұно-Дабоның өлімі Қалден Цереннен болғаны айдан анық еді.
Дүниеде құпия қалар ештеңе жоқ. Бәрі де естіледі. Әсіресе жау ордасында болып жатқан оқиға, дұшпанына тез жетеді. Оған себеп: хан тағының бір құлағы бар. Ол — алтыны.
Жоңғар ордасының мықтылары екіге бөлінгенін Әбілқайыр бұрын да естіген. Алдын болжай білетін тәжірибелі Сыбан Раптан мен оның баласы Қалден Церен бар әскерін жеті сала етіп, ең алдымен қазақ жерін жаулап алу керек екенін жөн көрсе, ал жоңғар нояндарының бір тобы әскердің бетін Ертістің төменгі саласына бұрып, Сібірді алуды мақұлдаған. Бұл топ — осы Жоңғар хандығының негізін салған Чорас руынан шыққан Даян ханның ұрпақтары — жас нояндар еді. Соның ішінде бағанадан бері бір ауыз сөз айтпай түнеріп отырған Сыбан Раптанның ортаншы ұлы Церен-Доржи да бар. Бұлардың жатса-тұрса көретіні сонау Сібірде қалған ата-бабаларының молалары. Солардың аруақтары «сенің ата мекенің осы ара — біз жатқан жер» деп шақырып жатқандай көрінетін оларға.
Сібірді жаулап алудың керектігін жас нояндардың құлағына кімдердің құятынын Әбілқайыр Қалден Цереннен кем білмейді. Бұл кезде орыс әскерінің алдыңғы шебі Манчжурияның шекарасына жеткен-ді. Ол аз болғандай, сонау Тынық мұхитта да орыс кемелері жүзе бастаған. Міне, сондықтан да Қытай әміршілері жоңғар жолбарысының тұмсығын Сібір жағына қарай бұрғысы келген. Осы жолбарыс өзінің болаттай өткір тістерімен Тынық мұхитқа созылған қатын патша қолының күре тамырын орып түсуін арман ететін.
«Қытай — жер кіндігі болғанда, жер шарының шеттері де Қытайға жатуға тиісті!» — боғдыхандар. Олар Сібір өңірін де қосып алып, қала салмақ болды. «әзірге бұл араны жоңғар жолбарысы мекендей тұрсын, ал уақыты жеткен шақта оны әрі қарай, күнбатыс жаққа қуып жіберіп, бар тайганы өзіміз жайлаймыз», — деп ойлаған.
Ал Қалден Церен, көмейі қанша кең болғанмен, орыс жерінің тамағынан өтпейтінін түсінетін. Сібірді жұтамын деп қақалып жатқаннан гөрі, басы бірікпей жүрген қазақ елінің кең байтақ даласын біртіндеп қарамағына алып, Ұлы Жоңғар мемлекетін құруды тиімді санаған. Ондай мемлекет құру үшін қазақ елінің тең жартысын қырып тастап, қалған жартысын басқа елдерді жаулап алуға пайдаланбақ болған. «Бүкіл әлемді сілкіндірген» жирен сақалды ұлы бабасы да дәл осылай істеген…
Бірақ Қалден Цереннің бұл ойына Чорас руынан шыққан жас нояндар көнгісі келмеді. Олар енді өздеріне серік іздей бастады. Бұндай бірен-саран серіктер қазақ сұлтандарының арасынан табыла кетті. Соның бірі Барақ еді. Ол жақында өзінің кіші қызын осы Церен-Доржиға берген. Бұны да Әбілқайыр білетін. Және ол бүлікшіл Церен-Доржиды қазақ жеріне айдауға аттандырғандай, Қалден Цереннің әдейі жібергендігінен де хабардар еді. Қазақ даласында ұзақ уақыт жүргендігін пайдаланып Церен-Доржи Орта жүздің кей сұлтандарын өзімен одақтас етіп те үлгірген. Ал жоңғар нояндарына еріп, қазақ сұлтандарының Сібір қалаларын шабуға шығуы қазақ еліне ажалмен тең түсетін апат екенін ұққан Әбілқайыр енді екеуінен де сырын жасырмауға бел буды. Өйткені Барақ пен Церен-Доржидың одағы — қазақ елінің Россия қол астына кіруіне қарсы ұйымдастырылған қауіпті одақ еді.
— Жақсы, — деді, қияқ мұртының ұшын бір ширатып қойып Әбілқайыр, — қазақта мақал бар ғой «Сырыңды айтпа досыңа, досыңның да өз досы бар» деген. Бәрібір мен айтқан сырды Барақ сұлтан өзінің досы Церен-Доржи мырзаға айтпай қоймас, ашық сөйлесейік.
Барақ сұлтан езу тартты. Кенет ол «қашаннан бері мені өзіңе дос санайтын бола қалдың?» деп Әбілқайырдан сұрамақ болды да, сабыр сақтап, өзін-өзі баса қойды.
— Жарайды, — деді сосын түксиген қабағын сәл жадыратып. — Теуіпкелдің келе жатқанын естідік. Ол неге келе жатыр екен? Қайсымызды теуіп кетпек? Мені ме, Абылай сұлтанды ма, Әбілмәмбет ханды ма, қай қасыңды? әлде Ор қаласын салғалы келе жатыр ма?..
— Мүмкін…
— Қайдам, сен салдырмақ Ор қаласы, бәрімізге бірдей қазылған орға айналмаса нетсін…
Әбілқайыр ханның Россия патшалығының қол астына кірумен қатар, патша үкіметі алдына қойған екі негізгі мәселесі болатын. Бірі — Кіші жүз еліне Еділ мен Жайық өзендерінің аралығынан жайылым беру. Екіншісі Ор өзенінің Жайыққа құятын сағасынан Ор қаласын салу, Әбілқайырдың ондағы ойы — қол астындағы орыс бекінісі арқылы өзінің билігін күшейту, бекіністегі әскерді бақ күндес сұлтандарға қарсы пайдаланып, үстемдігін арттыра түсу; бүкіл қазақ елін өз дегеніне көндіру. Бірақ бұл екі тілегінің екеуі де әзір орындалмай тұр. Бар мәселе әзірге екі жақтан бірдей қағаз жазылумен ғана аяқтала берген. Тек бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы қазақ жерінің батыс жағын басқаратын Орынбор экспедициясы құрылғаннан бері Ор өзенінің төменгі сағасына қала салудың мәселесі қайта қозғалған. Барақ сұлтанның «әлде Ор қаласын салуға келе жатқан шығар?» деуі осыдан еді. Хан жауабына шамданып қалған сұлтан кекесін сұрағын жалғай түсті.
— әрине, Теуіпкелді ана жылғыдай құрметтеп, сырнай-кернейлетіп қарсы алатын шығарсың?
— әлбетте. Россия секілді дос елдің елшісі түгіл, қас еліміздің де елшісін қошаметтеп, төрімізге шығарып отырмыз ғой… — Хан Церен-Доржиға қарап қойды.
— Бірақ саған келе жатқан қонақ ата-бабасының дінін ұмытқан шоқынды ғой?
— Сенің де қонағың жетісіп тұрған жоқ-ау, — деді Әбілқайыр Церен-Доржидың шүршіт дінінің адамы екенін ескертіп, — кейін жиеніңді сүндетке отырғызарыңда, бізді де тойға шақыратын шығарсың, Барақ сұлтан?
Барақ сұп-сұр боп кетті. Енді ол іштегі ашуын сыртқа шығарды.
— Қатын патшаның Теуіпкел арқылы саған жіберген сыйлығы да, Теуіпкелге сенің көрсеткен салтанат құрметің де таңғажайып болып еді ғой. Бірақ одан не шықты? Қазақ жерінде түнерген баяғы қара бұлт — сол қара бұлт… Төрт жағыңнан соққан ызғарлы сұрапыл — сол сұрапыл… Россия қарамағына алды деп, Еділ бойын жайлаған қалмақ мықтылары малыңа жайылым беріп отыр ма? Бұрынғыдан да өшігіп алды. Оларға тыйым салған қатын патша жоқ. Ал Ор бекінісі саған тек бізбен күресу үшін ғана керек.
— әрине, сол үшін керек!
Барақ не дерін білмей тоқтап қалды.
Сұлтанның айтып отырғаны шындық еді. Қазақ елінің Россия патшалығының қарамағында болуына күрделі еңбек істеп жүрген Тевкелев осыдан бір жыл бұрын ғана Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында: «Қырғыз-қайсақ жұрты тәрізді қалмақ пен башқұрт халықтарының да сана-сезімі төмен. Бәрі де тағы және терең ойламайтын елдер… Егерде әлдеқалай біреуі Россия патшалығына қарсы бас көтерер болса, қалған екеуін оған қарсы пайдалану керек. Мұндай жағдайда біз айыпты емеспіз, біздің ұят-арымыз қашан да болса таза қалады» деген.
Россия патшалығы бұл елдерге қарсы өзінің отарлау саясатының бар әдісін пайдалана білді. Соның ішінде атам заманнан келе жатқан көне әдісі «бір ұлтты бір ұлтқа айдап салып, бөліп алып билеуді де» молынан қолданған. Демек, отаршылық саясатының осындай бір қатал әдістеріне қарамай, бұл ұлттардың болашағы тек Россияға қосылуда ғана қалған еді. Өзге жолдың бәрі, әсіресе Жоңғар хандығымен одақтасу тәрізді далбаса жолдар, қазақ елін мүлдем күйреу- ге апаратын…
— Өз билігің өз қолыңнан кеткен соң, бізді орыс басқара ма, жоңғар бас- қара ма, бәрібір емес пе? — деді Барақ сұлтан қайтадан сұрланып.
— Қонтайшы басып алған жерінің адамдарын тегіс қырып-жойып, тек өлі жандарды ғана басқарғысы келеді.
— Орыстар ше?
— Бүгінге дейін орыс саудагерлері біздің жерімізге тек керуендерімен ғана келіп жатыр.
— Соңынан солдаттары келгенде не болмақ?..
— Оны уақытында көрерміз. — Әбілқайыр тағы Церен-Доржиға қарады. — «Қорқау қасқырдан гөрі арыстанға жем болған жақсы» деген мәтел бар.
— Ендеше, ол арыстаның бізді неге қорғамайды?
— Істеп отырған қастығымыз аз ба?
— Қандай қастығымызды айтасың?
— Қазақ жерінен Ташкент, Хиуа, Бұхарға қарай аттанған орыстың бір керуенін тонамай, сау өткіздік пе? Сөйтіп отырып, орыс патшасына қалай қорған бол дей аламыз?..
Әбілқайыр ханның бұл айтып отырғаны да шындық еді. Бір мың жеті жүз отыз екінші жылы, полковник Гарбер басқарған жүзге таяу жауынгер қорғаушысы бар, орыстың Хиуа мен Бұхарға бара жатқан сауда керуені Астрахань атырабында тоналған-ды. Орыс саудагерлерінен тек Гарбердің өзі мен бірнеше солдаты ғана аман-есен құтылған. Өткен жылы, майор Миллер басқарған, Орынбордан Ташкентке бара жатқан дәл осындай орыс керуені тағы тоналды. Мұндай жағдайлар Ертіс, Есіл бойларында да жиі кездесе бастаған.
Әбілқайыр осыларды Барақтың бетіне әдейі салық етіп отыр.
— Орыс керуендерін өткізсең, елімізге бейбітшілік пен қуаныш орнайды дейсің ғой, Әбілқайыр хан. — Барақ сөзі енді тұтыға шықты. — Бұның бекер. Айтайын дегенім көп еді, бірақ орда сенікі…
— Айт! Айт! — деді Әбілқайыр мысқылдай. — Айтарыңды айтып жүрсің ғой, бөтен жер ме, менің ордам ба, саған бәрібір емес пе?
— Онда тыңда! — деді күреңденіп кеткен Барақ. — Әбілқайыр хан, сен елімізге тыныштық емес, бүліншілік әкелгелі отырсың!
— Мен бүліншілік әкелмей тұрып-ақ, қазақ жері Жоңғар қонтайшысы қырған жұрттың сүйегіне толған жоқ па?
Барақтың кенет ерні кезеріп, көзі ұшқын ата қалды.
— Әбілқайыр хан, сен өзіңнің қамың емес, халқыңның қамын ойлайды екенсің ғой! — Барақ Әбілқайырдың тамағынан ала түскісі келгендей шарт жүгініп отыра қалды. Церен-Доржи да тайпы табан етігінің қонышындағы пышағына қолын созды. — Кәне айт, айтшы шыныңды?!
Барақ сұлтанның оқыс қимылынан Әбілқайыр ханның беті бүлк еткен де жоқ. Сол сазарған қалпында селт етпей отыра берді. Тек есік алдында тас мүсін секілді қозғалмай тұрған қос күзетшіге көзінің қиығын аударып еді, екеуі бірдей қолдарындағы садақтарын Барақ пен Церен-Доржиға кезеніп тұра қалды.
— Жоқ, Әбілқайыр хан, — деді Барақ сұлтан, ашудан күреңденіп кеткен бетінің ызғары тарамай, — сен Ор бекінісін орыс патшасына бәрімізді матап беріп, тек өз басыңды жоғарылату үшін салып отырсың!
— Менің орнымда өзі¦ болсаң қайтер едің, Барақ сұлтан?
Жылан мен мысық арбасуындай, Ақ Орда ішін бір суық ызғар биледі. Ашулы Барақ тағы сөйлемек болып келе жатыр еді, бағанадан бері жұмған аузын ашпай отырған Бөгенбай батыр жартас үстіне қонған бүркіттей қомданып, саңқ ете қалды.
— әй, Әбілқайыр хан! әй, Барақ сұлтан! — деді сол қолын жоғары көтеріп, — хан мен сұлтан өзара қырқысып жатырсыңдар. Сонда қара халық бізді неге шақырдыңдар? Соларыңды айтыңдаршы!
— Иә, соны естілік, — деді Тайман батыр да сұрланып.
— Иә, иә, сөйле! Сөйле! — деді Әбілқайыр өз айыбын мойнына алғандай, Бөгенбайдың халық арасында қандай қадыры бар екені есіне енді түскен болуы керек, ол батыр сөзін бар ықыласымен тыңдамақ сыңай көрсетті.
Бөгенбай ат арқасына ерте қонған батыр еді. Осыдан он бес жыл бұрын өзі Үргеніш жақта жорықта жүргенде, жоңғардың бір аламан жасағы аулын шауып, қатын-баласын найзалап өлтіріп кеткен. Содан бері Бөгенбай ер үстінен түскен емес. Елінің жат жауларыменен сан айқасты. Және үнемі жеңіп жүрді. Бұл күнде атағы алты алашқа аян болып, даңқының көтерілгені соншалық, тіпті бұл істемеген ерлікті де қазақ бұған таңды. Бөгенбай аңызға айналды. Халқының осыншама құрметі мен өзінің жеке басының батырлығы арқасында, ол жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінің жауына қарсы жалау етіп көтерген көсемдерінің бірі болды. Қандай хан болсын, сұлтан болсын, Бөгенбаймен ақылдаспай майданға шықпайтын күйге жеткен.
— Иә, сөйле, Бөгенбай батыр! — деді Барақ сұлтан да.
— Сөйле десеңдер, сөйлелік, — деді Бөгенбай ішке тұнған ызасы мен уайымын әзер басып, — біз хан емеспіз халықты билейтін. Ал халықтың қаны төгілетін жерде жалғыз ғана хандар сөйлеп қоймаса керек-ті. Маған салсаңдар, орыс бекіністерінің маңында жұртқа қауіпсіздеу екені рас. Сол себептен де Жоңғар сойылынан пана іздеген көп ауыл, орыс шекарасына таяу көшіп барды емес пе? әрине, ол арада қара халықтың басына бәлендей жақсылық орнап жатқан жоқ. Сөйтсе де халық деген Сейхұн дариядағы балық тәрізді қаупі аздау тереңдікті іздейді. Орыс шекарасына да сол үшін таяу қонып жатыр. — Ол енді Бараққа қарады. — Ел мына сенің жақындарыңнан алыстау жерде түтінін түтетіп, малын бағып, асын тыныш ішкісі келеді.
Дәл осы сәтте Ақ Орданың есігі ашылып, үйге бүкіл Кіші жүзге аты шыққан әйгілі сұлу, Әбілқайырдың кіші тоқалы Нұрбике кербез кірді. Сұңғақ бойлы, тобылғы күрең, мөлдіреген қарақат көздерінде адамның жүрегін шөлдетер ашымық бір ұшқын бар. Басына киген алтын зерлі сәукелесі, үстіндегі белі қыналған алтын оқалы мауыты қамзолы көлеңкеде жанған шоқ тәрізді. Ырғала басқан әр адымында, жұмырланып, тола бастаған сымбатты дене бітімінде бір ерекше сиқыр ұялағандай, үйдегі еркектердің көзін бірден өзіне аударып әкетті. Ашулы сөздер ызғарымен күңгірт тартқан ақ боз үйдің іші кенет күн сәулесі түскендей жадырап сала берді.
— Мырзалар, қонақ үйге жүріп дәм татыңыздар, — деді ол, құралай көзінен сәуле төге, қоңыр даусын сәндене созып.
Нұрбикенің көген көздеріндегі қызығы мол бір құпия сыр жарқ етіп Барақтың бетіне төгіле түсті де кенет біреу үрлеп жіберген шамдай сөне қалды. Енді ол көзін төменірек отырған қос батырға аударған. Бөгенбай мен Тайман батырдың жүздері де тобылғының қып-қызыл шоғына тосылғандай әлденеге балбырап, қызарып кетті. Нұрбике сұлу түнде көрген тәтті түсі есіне түскендей ақырын жымың етті. Енді ол жаудыраған қарақат көздерінен махаббат күн шуағындай әсем бір жылылық төгіп, сұлу тоқалдың кіргеніне мән бермей отырған Бараққа қайта бұрылды.
— Сұлтан қайным, дәм татыңыздар деп тұрмын ғой, — деді еркелене үн қатып.
— Бұйырған дәм болса татармыз, — деді Барақ, жасы отыз беске келіп қалса да әлі де жас қыздай сылаңдаған тоқалдың ажарына немқұрайды көз тастап. — Алдыменен мына хан тағындағы жұбайыңыздың ақылына қанып алуға мұрсат беріңіз.
Бүкіл алты алашты сұқтандырған көркіне Барақтың назар салмағанына Нұрбике ханым шамданып қалды:
— Ақылға шөлдеп келсеңіз, онда сусыныңызды әбден қандырып алыңыз, — деп мысқылмен күлімсіреді де бұрала басып шығып кетті. Ерке тоқалының айтқанын екі етіп көрмеген Әбілқайыр:
— Астан үлкен емеспіз ғой, — деді, — жүріңіздер, дәм татып шығалық.
— Иә, сөйтелік, — деді батырлар да қостап.
Әбілқайыр орнынан түрегелді. Барақ сұлтан да амалсыз қонақ үйге қарай беттеді. «Ханға әмірін жүргізген бұл қатынның қандай құдіреті бар екен? Байқап көретін екен» деді ішінен.
Нұрбике ханымның құр ғана сұлулығы емес, хан қадірлер қылығы да мол еді.
Бұл «Ақтабан шұбырындының» алдындағы бір тойда Бөгенбай мен Тайман батырлардың қатты өштесуіне де осы Нұрбике себепкер болған. Ол той иесі Қойсан байдың ерке-шора қызы еді. Тойға келген екі батыр жігіт он жеті жасар Нұрбикеге көрген жерден ғашық болды. О кезде бәсекелес екі батыр сұлу қызды бірінен бірі қызғанып, өз көңілдерін қатар білдірген.
Ерке-шора бай қызы бір жағы қалжыңбастық, еркелікпен, екінші жағынан жігіттердің намыстарына тиіп, мазақ етпек оймен:
— Екеуіңді де бірдей ұнатам, — деп еді, — тек кімнің өнері асса — сол менің қалауым…
Қыз шешімін естіген қызба қанды қос батыр енді ашық бәсекеге түсті. Бірақ сайыста да, жамбы атуда да, күресте де, жерден теңге алуда да жеңісе алмады.
Бірінен бірі оза алмаған батырлар қайтадан қызға келді. Нұрбике екеуін ажуалап, тағы күлді.
— Біріңе бірің қимаған өз обалдарың өздеріңе! Енді кеш қалдыңдар, — деді күлкісін тыйып. Сосын өзіне кеше ғана Кіші жүздің ханы Әбілқайыр құда түскенін естіртті.
Таласып жүріп, қыздан айрылып қалғандарына өкінген екі батырдың іштері удай ашыды. Екеуінің арасындағы жігіттік талас енді араздыққа айналған. Сөйтіп жүргендерінде Жоңғар шабуылы басталды. Ел басына туған апат екі батырдың арасындағы араздықты ұмыттырды. Жауларына бір майданда қатар тұрып қарсы шықпағанмен, екеуі ерліктері үшін бірін-бірі сырттай сыйлайтын. Халық құрметіне бөленген қос батыр ақыры Әбілқайыр ханның оң қолы мен сол қолына айналған.
Ал Нұрбике сұлуды алған Әбілқайыр дүниедегі бар арманына жеткендей болды. Тек жанындай жақсы көрген сүйікті тоқалынан перзент көрмеді. Бірақ хан оған опық жеген жоқ. Кербез тоқал өзінің нәзік қылықтарымен ханның көңілін көншітіп, бабын таба білді. Әбілқайыр бәйбішелерінің үйінде түнеп шыққанда, қымыз орнына жылымшы айран ішкендей, Нұрбикені аңсап тұратын күйге жетті. Ерінің жас тоқалынан суымайтынына көздері жете бастаған ханның өзге әйелдері, Нұрбикені қаралай, өсек те айтып көрді. Бірақ хан сонда да тоқалының өзіне деген махаббатына шек келтірмеді.
Нұрбике жайында өсек-аяң көбейіп жүрген бір жылы Әбілқайыр әлдеқалай жас тоқалын ертіп Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барған. Зәулім, әшекейлі мешіттің салтанатты сарайларын аралап жүріп, бір жабық есіктің тұсына келгенде, олар ар жағынан бір сүйкімсіз қарқылдаған үн естіді. Қожа Ахмет Яссауи мешітінде бұрын да талай рет болған Әбілқайырға бұл есік бұзыла бастаған зәулім сарайдың есігі екені, ар жағындағы жексұрын дауыстар сарай қабырғасының құлаған кірпіштерінің орнына ұя салған қара қарғаның қарқылы екені мәлім болатын.
Бірақ әулие мешітінің ішінде қобалжып келе жатқан Нұрбике әлгі дыбыстан секем алып, қасындағы ерінен:
— Бұл ненің даусы? — деп сұраған.
Кенет Әбілқайырға бір ойнақы ой келе қалды.
— Бұл дозақ құстарының шуы, — деді ол шімірікпестен. — Егер мынау сарайға кірген әйел өмірінде ерінің көзіне неше рет шөп салса, сонша құс ұшып келіп, басы-көзін шоқи бастайды… — Хан әйеліне сынай қараған. — Кіресің бе?
Нұрбике сұп-сұр боп кетті де, бойын тез жинап алды. «Егер аспандағы алла-тағалам жердегі менің істеген күнәмді санап жүрген болса, қалай жазалаймын десе де өз қолында ғой. Тәуекел, кірейін» деп ойлады ішінен. Сосын күйеуінің бетіне наздана қарап.
— Менің күнәсіз екенімді білмейтін бе едіңіз, хан ием? Онда ашыңыз есікті. Бәрін көзіңізбен көріп, көңіліңіз орнықсын…
Қуанып кеткен Әбілқайыр есікті аштырмаған. «Күнәлі болса, кіруге қорқар еді, адал екен» деген ол. Жас тоқалын өте жақсы көретін хан өзін-өзі алдап, әйелінің күнәсіз екеніне сенгісі келген. Бірақ бүгінгі Нұрбикенің Бараққа аудар- ған көзқарасынан хан бір сұмдықты аңғарып қалғандай еді, әйтсе де сыр бермеді.
Қыз болып көзге түскелі өзін елемеген еркекті бірінші рет көріп, Нұрбике ақ боз үйде ызаланып тұрғанда, хан қонақтарын бастап ішке кірді. Нұрбике жайнап сала берді. Бұлар жас құлынның балбырап піскен, уыздай дәмді етін жеп, балдан тәтті сары қымызды рақаттана сіміріп, ит жүгіртіп, құс салу жайын әңгіме етіп, бие сауымындай мезгіл отырды. Содан кейін қайтадан хан сарайына келді. Тек хан Ордасының есігін аша бергенде, Барақ сұлтан қонақ үйде шақшасының ұмыт қалғаны есіне түсіп кейін қайтты да көп ұзамай қайта оралды. Басқа адам бұдан ештеңе аңғармағанмен, Әбілқайыр қас жауы Барақтың езуіндегі болмашы ғана күлкіден оның олжасы тек «ұмыт қалған» шақша емес екенін ұқты.
Хан төрдегі орнына отырғаннан кейін, байсалды үнмен сөзін бастап кетті.
— Россия қарамағына кіреміз дегеннен бері менің қасым көбеюде, — деді ол. — Қай халыққа болса да басқа жұртқа бағынышты болу өте қиын. Бірақ біздің жағдайымызда басқа жол жоқ. Жоңғарды жеңсең, ар жағында Қытай бар. Қытай боғдыханына бағыну — тіліңнен де, дініңнен де бірдей айрылу деген сөз. Ал Россия оған қарағанда әділ де, адал да жұрт. Жеріміз де, тағдырымыз да бір. — Кенет ол даусын көтере сөйледі. — Жоқ, не десеңіздер де Россияға қосылу — бізге қалған жалғыз жол!
Күндікке үндемей отырған Церен-Доржи кенет шіңк ете қалды. Алпамсадай денесі мен тұнжыраған түріне қарамай, үні қанден иттің даусындай жіңішке, ащы екен. Аузынан көбік ата, сөйлеп қоя берді.
— Тақсыр хан, қазақ еліне Россияға қосылудан бөтен жол жоқ дегенің бекер, — деді ол астындағы атлас көрпе жамбасына батып отырғандай, қозғалақтап. — Батыр адамның бәрін өзімізге қосып аламыз. Сені де! Сені де! Қатын патшасын ат құйрығына байлап өлтіреміз! Сосын орыс жерінен де асып, әрі қарай барамыз! Арғы бабаларымыз жеткен жерге біз де жетеміз! Одан да әрі кетеміз! Жолымыздағы қала біткеннің бәрін қиратып жоңғар мен қазақ малына жайылым етеміз. Адам біткеннің бәрін қойдай көгендейміз! Саған бұдан артық қандай жол керек?
Бөгенбай батырдың Церен-Доржиға жеркене қарағанын көзінің қиығымен шалып қалған Әбілқайыр:
— Сонда қазақ жерін қайтесіңдер, құрметті ноян? — деді ананың бар ойын білгісі келіп, — қазірдің өзінде жеріміздің тең жартысынан айрылдық… Ол жерді бізге кім қайтарып береді?
— Шын батырларды өзімізге қосып аламыз дедім ғой, — деді Церен-Доржи қайтадан шіңкілдеп, — оларға жер береміз. Ал қара халыққа жер неге керек? Өлсін! Қырылсын!
— Жарайды, сенің айтқаныңдай-ақ болсын, — деді Әбілқайыр. — Бірақ өзің орыс зеңбіректерінің қалай атылатынын көрдің бе?
— Көргем жоқ. Көргім де келмейді.
— Жерін тартып алмақшы болып жатқаныңда, орыстар сенің «көргім келмейді» дегеніңе көнер ме екен?
— Мен одан қорықпаймын, — деді Церен-Доржи, — маған боғдыхан ондай зеңбіректің мыңын береді.
Қызба қанды Жоңғар нояны, ашу үстінде бұл сөзді қалай айтып қалғанын өзі де білмеді.
Церен-Доржиға енді Барақ та тұнжырай қарады. Найман тайпасы жоңғарлармен көршілес отырғандықтан, бұл екі елдің арасында ұрыс-керіс ғасырлар бойы тынбай келген. Жоңғардың жеңіл-желпі шабуылдарына Найманның батыр ұлдары әрқашан да тойтарыс бере алған. Сөйтсе де, көп жылдан бері қатар көшісіп жүргендіктен, бұл екі жұрт кейде қыз беріп, қыз алысып та жататын. Әсіресе, мұндайда жоңғарлықтар қазақтың төре тұқымынан шыққан адамдармен жақындасуға құмар келетін. Бірақ Наймандар қазақ еліне жоңғарлар тиіссе болғаны, құдалығын да, көршілігін де ұмытып, қолына найзасын алып шыға келетін. Найманның бүкіл қазақ еліне әйгілі осындай батырының бірі Қаракерей Қабанбай еді. Барақ қызын Церен-Доржиға бергеніне Қабанбай батыр қатты ашулы дегенді де сұлтан естіген-ді. Сол себеп болды ма, әлде Қытай боғдыхандарының мәңгі қастығы есіне түсті ме, ол Церен-Доржиға:
— Маған шүршіттің жәрдемін айтпа, — деді кейіп, — шүршіттің зеңбіректерінен гөрі бізге орыс зеңбірегі жеңілдеу тиер… — сосын ол Әбілқайырға бұрылды. — Сонда не істейміз? Жерімізге орыстардың қала салуына көніп отыра береміз бе?
— Россияға бағыну — қала салдыру ғана емес. Бұл үлкен саясат, — деді Әбілқайыр, — жақында ғана маған Аралбай мен Оразкелді ақсақалдар келіп: «Қатын патшаға өтініп, Ұлы жүзді де Россия қол астына алдыр» деп кетті. Ал, Жайық пен Ор өзенінің түйіскен жеріне қала салуды сұраған менмін. Бұл қала жеке маған ғана емес, бәрімізге керек… Түбі, қазақ елі толып жатқан ақымақтардың қолында бөлшектеніп жүргенше, бір ақылдының қолында тұтас отыр- ғаны жөн емес пе… Мұнымды кім теріс дейді?..
— Мұндай қамқорлық Үлкен Орда ханы Әбілмәмбеттің ісі емес пе? — деді Барақ тұнжырап.
Әбілқайыр тура жауап беруден жалтарды…
— Мен Үш жүздің басын біріктіргім келеді. Сонда ғана өзге жұрт бізбен санасады, — деді сөзін сабақтап. — Жаңа Бөгенбай батырдың сөзін естідіңдер ғой. Жұрттың көбі осылай ойлайды.
Жерге қарап отырған Церен-Доржи басын көтеріп алды.
— «Кірпікшешен ініне кіргенше ғана дос» деген біздің жоңғарда мақал бар, — деді ол, — ініне кіріп алғаннан кейін инелерін сұға бастайды. Түбінде, қалап алған досыңнан қашып құтыла алмай жүрме.
— Жоңғар кірпікшешені жөнінде айтып отырған жоқсың ба, ноян? — деді Тайман батыр.
— Иә, Церен-Доржи, орыс патшасы бізге нендей сый әкеледі, әзірге беймәлім — деді Әбілқайыр. — Бірақ жоңғардың бұғауымен таныспыз. Ал шүршіттің зұлымдығын өздерің де бізден кем білмейсіңдер…
— Жарайды, Әбілқайыр хан, сенің бұл шешіміңді мен ұлы қонтайшыға күні ертең-ақ жеткіземін, — деді Церен-Доржи ханды қорқытпақ боп, — Жоңғардың бар түмені Ырғыз түбіне жеткенде сөйлесерміз.
— Мейлі, Қалден Цереннің қанды қолын жаңа көріп жүр дейсің бе? Жіберсе, күтіп алуға бармын!
— Онда кешікпей Қалден Церенді де көріп қаларсың.
Жоңғар нояны орнынан түрегелді. Ханға әдет бойынша, сәл басын иіп тәжім етті де, асыға басып шығып кетті. Оның соңынан Барақ сұлтан да тұра берген…
— Отыра тұр, Барақ сұлтан, — деді Әбілқайыр қолымен ишара жасап. Барақ үн-түнсіз қайта отырды. — Тевкелевтің келе жатқанын жаңа айттым ғой. Әрине босқа келе жатқан жоқ. Бұл жолы қазақ елінің ақ патшаға біржола бағынуын талап етуі хақ. Оған қандай жауап қайтарамыз?
— Өзің қандай жауап қайтармақ ойдасың?
— Мен жауабымды осыдан бес жыл бұрын бергем.
— Мен де жауабымды сонда бергем. Сірә, екеуміздің жауабымыз бір жерден шыға қоймас.
— Сонда ат құйрығын кескен жеріміз осы болғаны ма?
Әбілқайыр мен Барақ арасындағы араздық өз алдына. Қазір бұлардың шешетіні тым жауапты мәселе еді. Бірақ амал не, халық тағдыры бас араздықтың қанжығасында кете барды. Найман тайпасы Жоңғар хандығымен қатар тұрғандықтан, Бараққа да Әбілқайырдың айтқанына көне қою қиын еді, сондықтан да ол:
— Ат құйрығын кестім десең өзің біл, Әбілқайыр хан! — деді де ордадан шығып кетті.
Күзетшілер сол тас мүсін қалпында тұрып қалды. Үй ішін тағы да тымырсық тыныштық басты.
— Хан ием, — деді Тайман батыр тыныштықты бұзып, — халайық қайда болса, хан сонда болады деп сенеміз. Соңыңнан ердік, әзірге үмітімізді ақтап келесің. Бірақ бүгін бір түсінбай қалған жайым бар.
— Сөйле, Тайман батыр?
— Бізге Жоңғарлардың істемегені бар ма? Елімізді қан-жоса етті, шалымызды кәрі деп аяған жоқ, баламызды жас деп мүсіркемеді. Қыс қыстау етер, жаз жайлау етер бүкіл жылы өңірімізді басып алды. Ал сондай ата жауымыздың жаңағы Церен-Доржи тәрізді қандышелек батыры қолымызға өзі түсіп отырғанда, аман-есен қоя береміз. Ол аз болғандай, оның көзінше ашпайтын құпия- мызды ақтарамыз. Біздің бар ойымызды ол ертең-ақ Қалден Цереніне жеткізбей ме? Білмеймін, жарқыным, неге бұлай бұның бәрі…
— Құпиямызды айтсақ, ол құпияны Церен-Доржи ешкімге жеткізе алмайтынын білген соң айттық.
— Қалайша?
— Церен-Доржи қасындағы жігіттерімен бүгін түнде Қанды жартас тұсында ажал табулары керек!
— Кім орындайды ол үкімді?
— Батыр Тайман мен оның сайыпқыран жас бөрілері.
Тайман абыржып қалды.
— әй, қалай болар екен?! Менің жігіттерім Көкжал Бараққа татымайды ғой. Оған қарсы ұрыс ашуға кімнің батылы барады…
— Церен-Доржиды қасында Барақ жоқ кезде өлтіреді.
— «Барақ жоқ кездеңіз» қалай? Бәрі бірге аттанады ғой.
— Барақ сұлтан ымырт үйіріле, осы біздің ауылдың тұсына қарай кейін қайтады.
— Неге?
Әбілқайыр жүдеу ғана езу тартты.
— Иә, Барақ кейін қайтқан соң, сендер Қанды жартас түбінде аңдып тұрып Церен-Доржидың тобын басуларың керек. Бірде-бірін тірі жібермеңдер. Біздің ордадан аман кеткені бүкіл жұртқа аян. Сонан кейін елшісінің қанынан Барақ сұлтанның өзі ақталып көрсін.
әңгіменің ар жағы күбір-сыбырға айналып кетті. Бұл кеңес біткеннен кейін, сүт пісірімдей мезгіл өтер-өтпесте, қасында қару-жарақты елу жігіті бар Тайман батыр хан ауылынан күншығыс жаққа қарай қиялап шыға берді.
Әбілқайыр үйде оңаша қалды. Бейуақта берілген әмірінен бөтен ешкімнің хабардар еместігіне сенген хан енді тағына сүйеулі тұрған үкілі домбырасын алып, бір асау күйді безілдетіп ойнай жөнелді. Осының алдында ғана ашу, ыза, әдіс, қулық секілді неше алуан сезімді басынан өткізген ханның домбыраны осыншама құшырлана қағуы — жүрегін өртеген бар азапты ұмытып, бір мезет көңіл қобалжуын басуы еді…
Ал Барақ сұлтан болса, Әбілқайыр айтқандай, хан ордасынан әжептәуір ұзап барып, ымырт үйіріле Церен-Доржи тобынан өзінің сенімді екі жігітін бөліп алып, кейін қайтқан. Қас қарая хан ауылының тұсындағы терең сайға келіп, атын жігітіне беріп, өзі бергі жағаға шықты да, көзін хан аулынан алмай етпетінен жатты да қойды.
Қара шапан жамылған Нұрбике тек ауыл ұйқыға қатты кеткен кезде ғана, уәделескен жеріне жетті. Шыдамы таусылған Барақ сұлтан орнынан атып тұрды.
Баласыз әйел қанша сұлу, еріне қанша ыстық болмасын, ол тек жас кезінде ғана жарына қымбат! Бұл қазақтың ескі дәстүрі. Әсіресе бұл заңды қартайғанша жас иіс құмар төре тұқымы мықты ұстаған. Осыны білетін жеңгелері «Егер хан күйеуің суып кетпесін десең, оған күлге аунасаң да бір перзент тап» деген ақылдарын жүрегіне мойнындағы тұмардай сақтаған ерке тоқал қара мақпал шапаны бозаң үстіне қалай жайылғанын екеуі де түсіндегідей ғана сезінді… Бие сауымындай өткен кезде, орнынан созыла түрегелген Нұрбике Бараққа ерінің Церен-Доржиды өлтір деп әмір бергенін айтты.
Барақ атына қарай жүгірді. Әне-міне дегенше тыныш түнді үркіте оятып, жазық даланы дүбірлете күншығысқа қарай шаба жөнелді. Ашу қысқаны сонша, ат дүбірінен ауыл оянып, Нұрбикенің қылмысы ашылып қалар деп ойлаған да жоқ.
Бірақ бұл қылмысты Әбілқайыр онсыз да біледі. Сай жағасындағы қалың талды жападан-жалғыз бағанадан бері аралап жүрген көлеңке — бұл Әбілқайыр хан еді. Әттең, дүние-ай, Барақты ол тек атына мінген кезде ғана көріп қалды.
Сол күні ол көрер таңды көзімен атқызып шықты. Тек таңертең ғана нөкерлеріне ең жақсы көретін тоқалы Нұрбикені бар жасауымен Сыр бойындағы әкесі Қойсан байдың аулына апарып салуды бұйырды. Нөкерлері де, Нұрбике де «неге?» деп сұраған жоқ.
Сәскеден ауа, Нұрбикенің көші ұзап, жаңа көтерілген сағыммен араласа, көкжиекте бұлдыр тартып кеткен кезде ғана ол үйден шықты. Кетіп бара жат- қан көштің сыртынан ұзақ қарап тұрды. Әлден уақытта барып, жүрегінің бір нәзік қылы үзіліп кеткендей, қинала күрсінді. «Асықпа, Барақ сұлтан, күнім туса сені өз қолымнан бауыздармын» деді тістене күбірлеп.
Осы мезетте күншығыс жақтан құйындата шапқан салт аттылар көрінді. Бұлар Тайман батырдың жігіттері еді. Көп ұзамай олар аттарын ауыл сыртындағы кермеге байлап, бері қарай жүрді.
Тайман батыр өзгелерден бөлініп кеп, Әбілқайырға сәлем берді.
— Жолың болды ма, батырым? — деді хан.
Тайман батыр төмен қарады.
— Сәті түспеді, хан ием.
— Қалайша?
— Біз Церен-Доржидың тобына жеткен кезде, Барақ сұлтан сіз айтқандай, олардың арасында жоқ екен. Аттылы жаумен белес арасында кездесуді қауіп көріп, қара көрсетпей Қанды жартасқа дейін еріп отырдық. Қанды жартасқа жеткен кезде олар аттарынан түсті. Көліктерін отқа қойып, бастарына қоржындарын жастанып, көздері ұйқыға кетті-ау деген кезде, біз де тидік. Ұйқылы-ояу сасқалақтаған жігіттерін бірден сойылға жықтық. Бірақ Церен-Доржи атына мініп үлгіріп қалды. Талағы түскір әбден ұрысқа үйренген бе, біздің дүбіріміз шығысыменен арқырай кісінеп иесіне жетіп келді. Ат үстідегі Церен-Доржи осал жау болмай шықты. Маңына таяған екі-үш жігітімді айбалтасымен ұрып құлатты. Түн қараңғы боп, өзім оған дәл кездесе алмадым. Енді қолыма түстің бе деп, бес-алты жігітіммен қоршай бергенімде, Барақтың «Аруақ! Аруақ!» деген айбарлы даусы естілді. Жігіттерім тым-тырақай қаша жөнелді.
— Өзің ше?
— Өзім де шегінуге мәжбүр болдым. Барақтан қорықпағанмен де, төре тұқымы ғой, қарсы сойыл көтеруді жөн таппадым. Өзге қауым қалай көреді, ол әлі ашық жау болып шыққан жоқ қой?
— Дұрыс еткенсің: қардың басын қар алар, ханның басын хан алар, қарашаның төре тұқымына сойыл соғуы лайықты емес.
— Өзім де солай болжадым.
Әбілқайыр бұдан әрі қазбаламады.
— Өңгерген өліктеріңді көрмедім. Сойылға жығылғандарың қайда?
— Көрші ауылда.
— Жөн еткенсің. Орда маңайы онсыз да қара түнек.
Әбілқайыр теріс бұрылып, ауыл сыртындағы белеске қарай жүре берді. Соңынан нөкерлері емес, қасқыр алатын, хан жалғыз жүргенде жанына кісі жолатпайтын, күшігінен асыраған қасқыр қандас қара қылшық, тайшадай арлан төбеті ерді.
Басқа сөз айтпай, зерлі шапанын иығына бос салып жалғыз кетіп бара жат- қан Әбілқайырдың соңынан Тайман түнере қарап тұрды да, жанына келген серіктеріне:
— Қаза болған жігіттердің үйлеріне хабар беріңдер, — деп бұйырды да, Бөгенбай батырға арнап тігілген үйге қарай беттеді.
Аңызақ желге маңдайын сүйгізе Әбілқайыр хан жападан-жалғыз келе жатыр. Көзі алыстағы көкжиекте. Жан дүниесі астан-кестен болып, қара торы жүзіне ыза теуіп, сұрланып кеткен. Церен-Доржиды өлтіріп, оны Бараққа жаба алмағаны жанына қатты батып келеді. Бұрынғыдай емес, Барақпен екеуінің арасындағы болмашы көпір біржолата құлаған. Қалден Церен де бұған деген ақырғы сеніммен енді мәңгі қоштасады. Жоңғар қонтайшысы Әбілқайыр ханды құртпай, Кіші жүз жеріне шабуылын тоқтатпайды. Бұның бәрін Әбілқайыр ап-анық сезінді. Ақыл-ойын жайлаған сұрапыл ашу, өшпенділік тұла бойын өрттей күйдіріп әкетіп барады. Әсіресе, Нұрбикеге ызалы. Кеше Барақтар кеткеннен кейін, кеңес құрып отырғанда ауызғы бөлмеде шолпының сылдыры шыққандай болып еді. Енді міне… сол ауыз үйде жүрген Нұрбике екен. Оның не айтқанын өз құлағымен естімесе де, Барақтың асыға жүріп кетуінен бәрі де белгілі болды. Нұрбике сұлтанға құшағын ғана жайып қоймаған, жұбайының құпиясын да ашқан. Қандай опасыз!
Енді оны бір сәт өкініш биледі. Түнде ашу қысып тұрған шақта хан әбес құлықты тоқалын жендеттеріне өлтіртпек те болған, бірақ қанды жолдан бас тартып еді. Он жыл бойы балдан тәтті ләззат сыйлаған қылықты әйелін өз қолынан өлтіруге қимаған. Опасыздығы үшін мәңгі талақ етіп, еліне қайтуға бұйрық берген. Сол көңілшектігінің зардабынан енді, міне «Қап!» «Қап!» деп тістене аһ ұрады.
Жоқ, Әбілқайыр көңілшек жан емес. Кіші жүздің тағына отырған жиырма жылдың ішінде досына да, қасына да көңілшектік істеп көрген жоқ. Мұның тамырында да ұлы бабасы Шыңғыс ханның қаны бар-ды. Рас, Әбілқайыр Жәнібек ұрпағының кіші тармағына жатады.
Жәнібектің тоғыз баласының ішінде бір анадан Ұснақ пен Жәдік туған. Жәдіктің балалары жеті атасынан хан болып келген. Ал Ұснақтан тараған Бұлақай Құяннан оның баласы Айшуақ, Айшуақтан туған Нырыш, Нырыштың баласы өз әкесі Аджаға (Абдоллаға) дейін, бірде-бір хан болып көрген жоқ. Бақ пен дарын жеті атадан кейін бір қонады деген қазақта қауесет бар, мүмкін содан болар, Жәнібектің жетінші буыны өзі хан болды. Онда да тек Кіші жүзге ғана. Рас, Үлкен Ордадан бұ да дәметкен. Әттең не керек, бақ күндес туыстары мақсатына жеткізбеді. Ал Кіші жүз жеке отау тігіп, Әбілқайырды өзіне хан сайласа, о да сонау Їш жүздің қара шаңырағы — Үлкен Орда хандығы болжырап нашарлап кеткеннің нәтижесі! Ал ел басына күн туып, Жоңғардың қалың әскері қаптағанда, қазақ жұртын біріктіріп жауына қарсы тұруды басқарса, онысы өзінің ерлігінің, көрегендігінің арқасы. Әбілқайырдың бұл қасиеттері жұрт алдында абыройын асырды, кейде исі қазақ елінің көсемі дәрежесіне дейін көтерді. Орта жүздің кейбір ру басшысы, Жәнібек секілді батыры бұның соңынан ерді, қарындасын алып, жекжат болды. Солардың демеуімен Әбілқайыр өзін кейде бар қазақтың жоқтаушысы ретінде сезінді. Әрине, көпшіліктің көкейкесті арманы — тыныштық. Әбілқайыр халықтың сол тілегін пайдалана білді. Ұлы Россияға бізді қарамағыңызға алыңыз деп ең бірінші боп хат жазды. Өзге хандардан гөрі Әбілқайыр Қытай, Жоңғар боғдыхандарының қазақ елін мүлдем құртуға бел байлағанын жақсы түсінді. Әбілқайырдың қылығы үлгі боп, Сәмеке хан да орыс патшалығының қол астына кіруді талап етті.
Ал жоңғар дауылының қарқыны сәл басылып, қазақ елі кей жерде оларға төтеп беріп, кәрі Сәмекенің орнына Орта жүзде Әбілмәмбет, Абылай, Барақ, Қазыбек секілді ел басқара алатын адамдар шыға бастап еді, ел билеп отырған «игі жақсылар» екі бөлінуге айналды. Россия патшалығының қолтығына кіріп алып, Әбілқайыр бәрімізге үстем болмақшы деп қорыққандар да табылды. Олар енді Әбілқайырдың саясатын теріс көріп, кешегі жауы жоңғарлықтармен келісімге келуге де бар екенін жасырмады. Соның бірі Барақ сұлтан, Ал Әбілмәмбет пен Абылай…
Әбілқайыр беті ауған жаққа жүріп келеді. Тек құлағын қайшылап қара қылшық кәрі төбеті ғана соңынан қалмайды. Расымен Әбілмәмбет, Абылай, Барақ жоңғарлардың жалған дәлелдеріне сеніп, кешегі төгілген ағайын-туыстың қанын кешпек пе? Жоңғарлардың айтуы бойынша, қазақтардың жерін, малын тартып алу үшін таламаған көрінеді. Қытай боғдыхандары апатқа ұшыратып жатқан кезінде, Жоңғар елін қазақ батырлары үнемі шауып, әбден зығырдандарына жеткен-мыс. «Ақтабан шұбырындыда» Жоңғарлардың қазақ еліне істеген қиянаты, кәрі-жасына қарамай қырып, ен даласын қанға бояғаны соның ызасы-мыс. Айыпты қазақ елінен алған кегі-мыс. Расында солай ма еді? Жоқ, бекер сөз! Ол кездерде Қытай мен Жоңғар арасы қандай болса, қазақ пен жоңғар, Қытай мен қазақ арасы да сондай еді ғой. Бықыған, өсіп келе жатқан малына жайылым іздеген жоңғарлар бос жатпаған-ды. Ертістен бері қарай, таудан құлаған қорым талай рет жөңки қаптаған. Бүкіл тарихында қазақ жауынгерлері Жоңғардың жерін тартып аламын деп, Ертістен асып соғыс ашқан емес. Рас, өзі келген жаумен сан айқасқан, әрқашан да жеңіп, кейін шегіндіріп отырған. Осының бәрін Әбілмәмбет, Абылай, Барақтар білмей ме? Білсе керек-ті. Онда жоңғарлықтармен қалай бітімге келіп, қолтықтаса қалмақ? әлде айла ма? Менің орыс патшалығының қол астына кіріп күшейіп кеткенімнен қауіптеніп, біз Жоңғар жағындамыз деп, маған халықты қарсы қоймақ па? Олай болса өздері де орыс патшалығына бағынуға бармыз деп, менімен жарысып неге бірнеше рет уәде берді? Бұл қандай ойын? әрине, Барақтың ұстаған жолы ежелден басқа. Ал сонда Орта жүздің ханы мен басқа сұлтандарынікі не? Жоңғар мен орысты өтірік бірін апа, бірін жезде еткен боп, өздеріне дұрыс қаратып, қазақ еліне тек өз бастарының үстемдігін жүргізбек пе? әрине, содан барып жұрт Орта жүз сұлтандары біздің жоғымызды жоқтайды екен деп әрі қарай ауып бара жатқаны хақ. Ал Барақ секілді сұлтандары мені тіпті орыс патшалығына ел-жұртын сатқан адам ғып көрсетпек. Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, бүгінгі әрекетімді ақтар; бізге қалған жалғыз жол — ол Россияның қол астына ену. Бүгін күшті болып көрінгенмен, бар тірлігі құр мал өсіру, өзінен әлсіз елді шабу болған Жоңғар тайпасы да күні ертең не Қытайға, не Россияға бағынады. Күні ертең бізге туған күн оларға да туады. Өйткені, ұлы мемлекетке лайық қайнар бұлағы, көзі тайыз. Өнері, білімі, шығарып жатқан қорғасыны, темірі, егіп жатқан егіні, өсіп жатқан бау-бақшасы, салынып жатқан қаласы, бекінісі жоқ ел ұзақ өмір сүрген емес. Бір қатты боранда бар малынан айрылып қалатын, елінің шетіне жау келсе құр сойылы мен отты жүрегін ала шабатын біз секілді ел жан-жағыңнан қалың жау қаптап тұрғанда, өз алдына жеке жұрт болып тұру қайда?! Тұра алмайды. Осыны неге түсінбейді олар? Жоқ, біз қайтсек те Россия мемлекетінің қолтығының астына кіруіміз керек. Бұл қазақ еліне бірден-бір келешегі бар жол.
Әбілқайыр сәл кідіріп тұрып қалды. Оның сұрғылт көзі тұнжырап кетті. «Мені Ор қаласын салдырмақсың» деп айыптайды. Ор қаласын салдырсам, қазақ елін Россияға бағындыру үшін салдырам. Оны жасырып отырмын ба? Егер сөзіме көнбесе, айтқанымды күшпен істетем. Күшпен бағындырам! Өз халқыма өзім осылай зорлық көрсетуім, біле білсе сол халықтың өзі үшін емес пе? Бүгінгі ісіме, ертең болашақ ұрпақ алғыс айтады! Ал осы арманым үшін, жолымда кім қарсы тұрса аяғымның астына сап таптаймын! Сол үшін маған қазақ жеріне салынар Ор бекінісі керек! Ол бекіністе мұздай қару-жарақты, аузы түкті көп солдат болуға тиісті! әрине, қастарым «осының бәрін Әбілқайыр өз басы үшін істейді, орыс патшасының күшімен бәрімізге хан болғысы келеді!» дейді. Сөздерінде шындық бар, рас мен орыс патшасына сүйенген хан болғым келеді. Күшті хан болғым келеді. Бір жағынан, надан ел-жұртым, сенің қамыңды ойлайтын хан болғым келеді. Халқым, саған адал екенімді кешегі қырғын ұрыстарда көрген жоқсың ба? Өз басымның қамын ойлап қай жерде бұғып қалғаным бар? Алдағы уақыттарда да бұғып қалмаспын! Оған ар-ұятым куә!
Әбілқайыр кілт тоқтады. Көптен бері жүрек түбінде жатқан бір ауыр ой кеудесіне кенет шаншудай қадала қалды. «Ал егер менің үмітім ақталмаса ше? Сонау салынғалы жатқан Ор қаласы, Барақ сұлтан айтқандай, өзіміз құлайтын орға айналса, ел-жұртқа не деймін? Жоқ, олай болуы мүмкін емес, егер ақ патша мені тек халқымның мүңкір-нәңкірі етіп пайдаланбақ болса, онда… Онда… Мен де алысып өлем! Осылай етуді құр өз басым ғана емес, мына әрқайсысы әр тайпа елді басқаруға жарап қалған ұл-қыздарыма да өсиет етіп тапсырып кетем!
… Әбілқайыр ханды бағалай білмеген кейбір орыс пен қазақ тарихшылары оны қара басының қамы үшін жұртын сатқан, бақ күндес жауларын табанының астына саламын деп қазақ елін Россия патшалығына бағындыру саясатын қолдаған дейді. Сол бір қилы кезеңде Әбілқайырдың түпкі ойы солай-ақ делік… Бірақ болашақ тарих, ұстаған жолының дұрыс екенін айқындады. Қазақ елінің Россияға бағынуының қажеттігі Әбілқайырдың өз басының қамынан көрі, әлеуметтік қасиетін жоғары сатыға қойды. Әбілқайыр ұстаған саясаты үшін еш уақытта күрестен бұғып қалған емес. Оған куә қан майданда үнемі алғы шепте болуы, қауіп-қатерді кезеңдерде өз басын қорғап тығылып қалмауы. Ұстаған жолы үшін өз басы түгіл, туған балаларының ешқайсысын аямай кезек-кезек аманат ретінде патша қол астына беруі. Демек, бұның бәрі Россияның қол астына кіру керек екеніне оның шын жүрегімен берілгендігін көрсетеді.
Әбілқайыр қанша қатыгез болғанмен балаларының орыс қаласына аманат боп барып, тәлім-тәрбие, өнер-білім алуын қуаттаған. Әрине орыс төрелерінің арасында ол өзіне деген қастарының да көп екенін білді. Олар әйел патшаға бұны екі жүзді деп хат та жазды. Келешек үлкен мақсаты үшін бұл оған да шыдап баққан.
Әбілқайырдың төрт заңды, үш заңсыз әйелінен он бестен астам ұл, қызы болған. Ханның көзі тірісінде бәйбішесі Бопайдан туған Нұралы, Ералы, әділ, Айшуақ, Қожахмет және қалмақ әйелінен туған Шыңғыс, Қаратай сұлтандар өзіменен үзеңгілес жауға шауып, Орда ісіне кіріскен. Әбілқайыр бұларын орыс бекіністеріне аманат етіп қалдыру былай тұрсын, оларды ең қауіпті жорықтар- ға, тартыс-таластарға жіберіп отырған. Ханның сайдың тасындай, кілең «сен тұр, мен атайын» осы жеті ұлы көп жағдайда өзіне сүйеніш, серік болған…
Әбілқайыр ұзақ жүрді. Ол ауылдан әжептәуір алыстап кеткенін аңғарған жоқ. Оның ойы енді бастаған істерінің қаншалықты қиындыққа түсетініне ауды.
Ханның Россия патшасы Анна Иоанновнаға жазған хаты бойынша Тевкелев бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы Кіші жүз Ордасына келген шағында қандай қиындыққа ұшырамады? Жыл өткенде еліне әзер қайтқан жоқ па? Әбілқайырдың Россия патшасына басшыларымен тегіс ақылдаспай, бүкіл халық атынан хат жазғанын соңынан білген Кіші жүз бен Орта жүздің шонжарлары не істемеді! Тевкелевті еліне қайтартпай қандай қорлық көрсетпеді! «Бұл қазақ жеріне тыңшылықпен келген, біздің күшімізді біліп алып келесі жылы соғыс ашпақ» деп, оны өлтірмек те болған. Дәл осы кезде башқұрт батырлары Торғай бойындағы қазақ ауылдарының малын шауып, әлі Россияға бағынудың байыбына жете түсінбеген халықтың наразылығын бұрынғысынан да өршіте түсті. Әрине, Бұғыбай батыр мен оның күйеу баласы Есет батыр кіріспегенде, о жолы Тевкелев те, оған еріп келген адамдардың бірде-бірі тірі қайтпаған болар еді. Рас, осы жолы Россиямен жақындасу жөнінде көп іс істелді. Бұхара мен Хиуа хандарына уәкілдер жіберілді. Қарақалпақ елінің ханы Қайыппен сөз жүргізіліп, оның Россия қол астына кіргісі келетіні анықталды. Әбілқайыр менімен ақылдаспай қатын патшаға хат жазды деп өкпелеп қалған Орта жүздің ханы Сәмеке де хат жолдап, Тевкелевпен кездеспек болды. Бірақ Арқа жеріне қарай осы кезде Жоңғар қонтайшысы әскерінің бет алған қаупімен байланысты бұл кездесу болмай қалды. Демек, өз басына төнген ажалға қарамай Тевкелев бұл жолы да қазақ елі мен Россияны жақындастыру жолында көп шаруа істеп кетті. Ол Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Абылай, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс пен Қарақалпақ билеушісі Қайыптың Россия қол астына кіруге бар екенін біліп қайтты.
Ал қазір қалай болмақ? Тевкелев қандай қауіп, қандай жақсылық, қандай жамандық әкеле жатыр? Мырза не тілемек? Тілегін мен орындай аламын ба?
Кенет ол селк ете қалды. Хан ордасына таяу тігілген қараша төлеңгіт аулынан «ой, бауырымдап!» бері қарай шапқан ері, әйелі аралас бір топ адамды көрді. Шұбалаңқы топ дәл хан тұрған белесті бетке алып келеді. Бұл сойылға жығылған Тайман жігіттерінің туыстары екенін Әбілқайыр жаңа ғана ұқты. Сөйткенше болған жоқ «ой, бауырымдаған!» қаралы топ хан жанынан өте берді. Тек белес үстіндегі Әбілқайырды көріп екі-үшеуі бері бұрылды. Алдыңғысы кәртең әйел екен, астындағы ұшқыр биесінің тізгінін бос қоя беріп, екі қолымен шашын жұлып, бетін тырнап, ойбайлап келеді.
әйел Әбілқайырдың тұсына таяй беріп, қос қолымен биесінің тізгініне жабысты. Бие тоқтамағанмен, шабысын сәл бәсеңдетті.
— Жалғызымнан айрылдым, қарашығымнан айрылдым, — деді ол қу даланы басына көтере қарлыққан сұмдық бір қайғылы айғаймен. — Алтын күнім батты, қара жыланың шақты! Жалғызымды ажалға айдаған сенсің, Әбілқайыр хан! Құдай сені де жылатсын! Бала-шағаңның қызығын көрме! Көріңде өкір, көріңде өкіргір тас бауыр хан!
Ашу қысқан хан қалш-қалш етті. Баласы өлсе — ел басына туған күйзелісте кімнің баласы өлмей жатыр! Бүгін бұның жалғызы өлсе, ертең менің он ұлым бірдей қанды айқаста қаза таппасына кім кепіл!
Әбілқайыр жалғызынан айрылған сорлы ананы тоқтатар жылы сөз таба алмады.
— Тарт тіліңді, ей сорлы! — деді ол ақырып. — Балаң өлсе жалғыз сенің балаң өліп пе!..
— Тартпаймын тілімді! — деді қайғыдан налыған бейбақ ана. — Қанішер, қара жүз! Адыра қал! Сен! Сен өлтірдің менің баламды! Қайтарып бер ойбай, қайтарып бер, атаңа нәлет, қанішер!
Туғалы мұндай сөз естімеген хан ашудан бұрынғысынан да бетер жарылып кете жаздады. Ол дәл осы сәтте жалғыз баласынан айрылған мынау сорлы ананың ақылынан адасып кеткенін де аңғармай қалды. Екі құлағын қасқырша тігіп, шолақ құйрығын бұлаңдатып, иесінен бұйрық күтіп тұрған қара қылшық арланына:
— Айт! — деуге ғана шамасы келді.
Қанды көз айбарлы қара төбет алқымынан ала түспек боп, екі орғып жанына жетті де, келіп қалған салт атты әйелге қарсы атылды. Сол мезетте әйелдің соңынан тепеңдеп жеткен күрең байталды қапсағай қара жігіт қолындағы құрығын итке қарай қос қолдап сілтеді. Қайың құрық шекесінен тиген жолбарыс денелі ит бір-ақ рет қыңсылай шаңқ етті де, кісі бойындай көтерілген қалпынан қара жерге гүрс етіп құлап түсті.
— Сорлы, сорлы-ай, ханда не шаруаң бар еді! — деді ол, әйелдің шылбырына жабысып, — сенің балаң өлді не, сенің өзің өлдің не, оған бәрі бір емес пе!
әйелдің көзі шарасынан шыға, аузынан көбік атып, бажылдағанына қарамай, биенің тізгініне қолы тиісімен-ақ өліктер жатқан ауылға қарай тепеңдеп шаба жөнелді.
«Ой, бауырымдаған!» жұрттың қарасы өшкен кезде, Әбілқайыр жерде сұлық жатқан итінің қасына келді. Қос қолдап ұрған қайың құрық арланның бас сүйегін опырып жіберіпті. Қып-қызыл қан мен миы бұрқырап жерде шашылып жатыр. Бүйірі әзер ғана бүлк-бүлк соғып, көзі тасырайып, кешегі топ қасқырға жалғыз шабатын қылшық жүндісі енді талмаусырап өліп бара жатты. Күшігінен асыраған, сан қауіпті сапарларда өзіне серік болған итін қимай Әбілқайыр ұзақ тұрды. Ақырғы рет тынысын тартып, төрт аяғын бірдей жазып, тына қалғанда ғана, теріс бұрылып кетті.
Әбілқайыр ұзақ жүрді. Бағанағыдай емес, бойынан ашуы тарап, енді болған істі басынан аяғына дейін көз алдына елестете бастады.
Ақырғы он жыл өмірінің ішінде үнемі қан жосыған сұмдықтардың арасында жүріп еті үйреніп кеткендіктен бе, бойын тез-ақ жинап алды. Кенет баласынан айрылған жаңағы қарт әйелдің «қанішер!» деген сөзі құлағына қайта келді. Сонда барып бұл әйелдің, итін ұрып өлтірген жігіттің кім екенін есіне түсірді. Осы әйелді баяғыда қарақалпақ елінен олжалап әкеліп, өзінің төлеңгітіне қосқаны ойына келді. Күйеуі өліп, жалғыз ұлы ер жетіп, Тайман жасағында жүретін. Енді бүгін о да мерт болды. Иә, әйелдің Әбілқайырды «қанішер» деуге шын хақысы бар екен. Енді итін өлтірген жігіттің де кінәсін кешкен тәрізді. Жігіт өзінің қарулы жылқышысы, жаңағы әйелдің қайнысы Хұсайын деген. Қатты сүзек боп ауырып, төсектен тұрғанына бір айдай болған. Бүгін-ертең жылқыға шықпақшы еді.
Бұл адамдардың өздері де, тағдырлары да таныс болғандықтан ба, хан енді әлгі оқиға жайын естен шығаруға тырысты. Бірақ оның ойынан бір нәрсе кетпей-ақ қойды.
Ұрыста ер жігіт қаза тапты деп ешкім де ханды сөкпесе керек еді. Бұл ел салтында жоқ. Ал бүгін неге бұлай болды? Ханды балағаттар, аяулы итін өлтіртер бұларға мұндай желік қайдан бітті? Мұнда қандай себеп бар? Жалғыз қара халық емес, батыр, сұлтандар да Әбілқайырға қарсы сөйлеуді жиілетіп жүр. Осылардың бәрінің түбірі неде? Жарайды, жұрт ұрыстан, соғыстан қажыды делік. Мезі болған жұрттың тілі де шыға бастауы мүмкін. Бұл бір ақиқаты болар. Екіншісі неде? Екіншісі… Әбілқайыр мойындағысы келмегенмен мойындауға мәжбүр болды. Екіншісі — «Ақтабан шұбырындының» алғашқы жылдарындағыдай емес, халық алдында қадірінің түсе бастағанында еді.
… Түн ортасы ауа хан өзінің ауыр ойларынан сергігендей сезінді. Қарсы алдындағы ошақтың қызыл шоғы сөнуге айналған. Тынық түнде жас қи түтінінің болмашы күлімсі исі келеді. Арғы беттен өгізшағаланың құлаққа жағымсыз айқайы естіледі.
Әбілқайыр отырған диірмен тасынан түрегелді. Кенет өн бойы дірілдеп кетті. Қарсы алдында бүгін ғана жығылған ақ отаудың жапырылған орны жатыр екен. Иә, бұл бір кезде ханның жанындай жақсы көрген тоқалы Нұрбикенің қымбат ақ отауының орны еді…
ІІІ
Қазақ даласының Россия қол астына кіруін бір куәлік қағазбен, не бір указ күнімен атау мүмкін емес. Бұл ондаған жылға созылған ұзақ, қайшылығы мен қиындығы мол ауыр қалыптасу кезі еді. Және қазақ елінің Россияға қосылуын бір ханның, қала берді бірнеше қайраткердің есімдерімен ғана байланыстыру — о да дұрыстыққа жатпайды. Бұл заңды шешімі бар, саяси, экономикалық, әскери фактілер секілді көптеген себептермен шиеленіскен дәуірінің тілегіне қарай тарихтың өзі жаратқан перзенті. Россияға қосылу — рулар арасындағы талас-тартыс, сол рулардың жағрафиялық жағдайы — толып жатқан қасын да, досын да тудырды. Бір жағынан, ұшы-қиырына құс жетпес кең даласында қазақ қауымының қалыптасқан тұрақты экономикасының жоқтығы және негізгі кәсібі құбылмалы, көшпелі, тұрмыспен байланысты болғандығы, екінші жағынан, Жоңғар шапқыншылығының дүмпуі әсер етіп, ру басшылары өздерінің Россияға бағыну саясатын әрдайым өзгертіп отырды. Мұндай жағдайда Россия қол астына кірудің кешегі қолдаушылары бүгін оған қарсы шығып, ал кешегі қарсыларының бүгін оны жақтауы — таңқаларлық іс емес-ті.
Бірақ келешекке керексіз, болашағы жоқтың бәрін өзінен әрі итеріп, тарих доңғалағы алға қарай айнала берді. Осылай қазақ даласына аяуды білмес, орасан қатты жаңа тарихтың дауылды көктемі келді.
Сондай-ақ Әбілқайыр ханның Анна Иоанновнаға 1730 жылы жазған хатындағы «қорғаныңызға алуыңызды тілейміз» деген сөзді соңынан шыққан ресми қағазда «Россия қол астына алуыңызды өтінеміз» деп өзгертуі жайындағы ғалымдардың таластарының да керегі шамалы. Әрине, тарихи куәлік қағаздардың дұрыс аударылғаны жақсы-ақ, бірақ бүгінгі күні «қорғаныңызға алыңыз», не болмаса «қарамағыңызға алыңыз» деген сөздердің қандай айырмасы бар?
Тарихи деректерге қарағанда, Россия патшасы Анна Иоанновна Әбілқайыр ханға берген грамотасында: «… Өздеріңнің өтініштерің бойынша жоғарғы көрсетілген тараулардың негізінде, қырғыз-қайсақ ханы Әбілқайыр, сені және бар қырғыз-қайсақ әскерін қол астымызға алдық… Сондықтан хан мен оның бар әскері біздің императорлық мәртебеміз бен оның мұрагерлеріне мәңгі-бақи адалдығын сақтауы керек» делінген. Бұл грамотада: «Адал және әділетті» патшаға қызмет істеу, соғыс кезінде Россия әскери басшыларының қарамағына қару-жарақты қол болып келуі, Жайық єазає-орыстары, башқұрт, қалмақ секілді Россияға бағынышты ұлттарды шаппауы, қазақ жері арқылы өтетін орыс-сауда керуендерін тонамау, бұрын-соңды қолға түскен орыс тұтқындарын қайтару секілді қазақ хандарының міндеттері көрсетілген. Сонда ғана Россия патшалығы қазақ елін өз қорғанына алмақ болған.
Әбілқайыр хан да, одан кейін «Россия қол астына кіріп адал қызмет істеуге» ант берген Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да, сол жылы Бұғыбай мен Есет батыр бастаған Кіші жүздің үш жүз тоқсан тоғыз «игі жақсылары» да Россияға бағыну деген ұғымды қорған болу деген мағынада түсінген.
Не дегенмен де бұл кезеңнің басты маңызы — қазақ елі осы шақтан бастап Россияға арқа сүйей отырып, өзінің шаруашылығын, саясатын, енді сол Россияның көз-қарасымен байланыстыра жүргізуінде болды. Бұл тарихи керек жағдай еді. Және бұл жағдай осы кезден бастап, алдындағы бөгеттердің бәрінің күл-талқанын шығарып, әрі қарай дами түсті.
әрине, мұндай тарихи ауыр күрес-қимылдарда бағынышты қазақ елі мен патшалық Россия секілді отаршылық саясатты ұстаған екі жұрттың арасында қайшылық, толып жатқан қиындықтардың туатыны да мәлім. Бірақ соның бәріне қарамай, енді қазақ жеріне Жоңғар шабуылы тоқталды. Жоңғар қонтайшысы тек өзі басып алған қазақ даласының оңтүстік өңіріне ғана ие боп қалды.
Осындай «қол астына» кірген қазақ елін Россия патшалығы бір мың сегіз жүз қырқыншы жылдары Үргеніш, Хиуа тұсынан төнген Иран патшасы Надир шахтың шабуылынан да сақтай алды.
Ор қаласынан кейін Россия, Жайық, Елек, Жем өзендерінің бойына әскери бекіністер сала бастады. Орыс патшалары бүкіл Россия шекараларына тұрғызылып жатқан бекіністер мен әскери қорғандарды бірімен бірін байланыстырып, солдаттармен толықтырды. Әскермен бірге қазақ даласына Россияның алыс түкпірлерінен қара шекпендер келді. Бұлар үй салып, егін егіп, меншігіне берген жерді иеленуге кірісті. Мұндай жағдайда келімсек жұрт пен жергілікті елдің арасында қырғи қабақтық, жанжал, сойыл ала жүгіру тәрізді келісімсіз істердің де тууы сөзсіз еді. Бұқара халықты біріне-бірін айдап салып елді басқару — ежелгі саясаты болған орыс генералдары да, қазақ бай-манаптары да бұл алау- ыздық, жанжалдарға астыртын дем беріп, өршіте түсті. Ұлт наразылығын тудыруда бұл екеуі де үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырды. Халықтар достығының неге апарып соғатынын әсіресе Пугачев көтерілісінен кейін бұлар өте жақсы түсінген-ді… Қазақ елі Россияға қосылуының арқасында феодалдық ұйқысынан оянып, мәдениетке қол соза бастады. Россия оны тарихтың алыс-жұлысына өзімен бірге алып кірді, қоғамдық және саяси жағынан күшеюіне мүмкіндік берді. Отырықшылық пен егін салуға, сауда-саттықтың жаңа үлгілері мен өнеркәсіптің өндірістік түрлеріне үйретті.
Бірақ бұл өрбу-өркендеу өзінің қоғамдық сатысында шүу дегеннен-ақ екі бағытта дамыды. Бір жағынан осы екі ұлттың ең алдыменен зәбір көрген кедей топтары бірімен-бірі белсене жақындай түсті: қазақ аулының кедейі мен малшылары, өз жеріне көшіп келген қара шекпендермен тіл табысты, содан кейін патша ағзамның тұз кептіретін, кен шығаратын кәсіпорындарында қазақ пен орыс бейнетқорлары достасты, ақырында барып, сауда капитализмнің өркендеуінің арқасында күрделі өндірістерде екі ұлттың пролетариаттары бірікті. Бұл бағытта революциялық сана-сезімі жоғары орыс пролетариатының соңына қазақ елінің сезімі ояна бастаған алдыңғы қатарлы ұл-қызы ерді. Осы достасу күн сайын тереңдей, дами берді. Қазақ жұртының алдыңғы қатарлы адамдарының революциялық сана-сезімінің оянуына айдаудан келген декабристер мен олардың жолын қуушы орыс интеллигенциясының жәрдемі көп тиді. Бұған қазақ жеріндегі орыс жұмысшылары қосылды. Осылай тағдыры, келешегі бір екі халық күннен-күнге достаса түсіп, өздерінің алдағы бақытты болашағына қол созды.
Екінші жағынан, қарамағындағы елді жеке билеп-төстеудегі феодалдық ықпалын азайтқаны үшін, ақ патшаны қанша жек көргенімен, қазақтың кей ханы, сұлтаны өздері сол патшаның өкілдері генерал-губернаторларымен ауыз жаласып, солардың қазақ даласындағы шоқпарына айналды. Бұл оларға күннен-күнге айтқандарына көнбей бара жатқан бұқараны ауыздықтап ұстап отыру жолы болып табылды. Россия патшасының отаршылық саясаты мұндай адамдардың дегенінен шықты, тікелей жәрдем берді. Рас, орыс генералдарының ішінде әділеттілікті сүйетіндері де, ақылдылары да болды. Олар билеп отырған өлкелерінде қазақ балаларына арнап мектеп, аурухана ашты. Алым-салық жинайтын шенеуніктері мен почта қызметкерлерінен жергілікті халықтың тілін білуді талап етті. Кейбіреулері Петербургке барып қазақ секілді бұратана ұлт- тарға аздаған теңдік те сұрады.
Бірақ мұндай губернатор, генералдар тым аз еді. Ал қазақ жеріне келген шын тарих — отаршылық тарихы аяуды білмес, қан шеңгелді, қатал тарих болатын.
Патшалы Россия бірте-бірте «халықтар түрмесіне» айналды. Декабристерді өз қолымен дарға асып, ұлы орыс халқын табанының астында шірітуді ойлаған Бірінші Николай патшадан қазақ секілді басқа ұлттар қандай жақсылық күте алатын еді? Бұндай жақсылықты Екінші Николай патшадан да, оның генералдарынан да дәмеленудің орны жоқ-ты. Егерде Россия жерінің өзінде қиянат, қазнаны ұрлау, пара секілді жексұрын қылмыстар орасан өрістеніп жатқанда, қазақ даласы секілді отаршылық саясаты қаулаған өлкелерден не күтерсің! Ондай сорақылық бұл жақта екі есе, үш есе арта түсуде еді! Егер Петербургте сот әділетсіздік істесе, Қаратал не Іле бойында ондай әділетсіздік темір шынжырлы, қанды апатқа айналған. Егер Петербургте әділетсіз сот бір кісінің басын алуға бұйырса, бұл арада «кәрі қылыш» жасағы сотсыз жүз кісінің басын бірдей домалатқан.
1737 жылы Сәмеке дүние салды. Орта жүздің билігі енді біржолата Үлкен Орда ханы Болат ханның баласы Әбілмәмбетке көшті. Бірақ ол алыстағы Орынбор әкімшілерінен көрі, қасындағы Жоңғар қонтайшысына жалтақтап қарай бастады. Егер Қалден Церен оған ата мекен Түркістан шаһарын қайтарып беруге көнсе, Жоңғар хандығына бағынышты боп, аманатқа бір баласын жібермек ойға да келген. Әйтседе қонтайшымен біржолата қолтықтасып кетуіне ел наразылығы көлденең түскен. Халық ойын Бұқар жырау:
Ежелгі дос жау болмас,
Шіркеуіште хаты бар.
Ежелгі жау ел болмас,
Көңілінде кірдің таты бар —
деп ханға тікелей айтқан. Жұрт жырау сөзін мақұлдаған. Және Әбілмәмбеттің ойын сезген Орынбор әкімі Неплюев те босқа жата алмаған. Орта жүз Жоң- ғарға ауып кете ме деп қауіптеніп, онымен тіл табуды дұрыс көрген.
Бұндай жағдай Орға қала салдырып, орыс патшалығына арқа сүйей, бүкіл қазақ елін қолыма алам деген Әбілқайырдың жігерін құм етті. Енді ол Әбілмәмбет пен Абылай, Барақтардан орыс патшалығын қызғанды. Кіші жүз ханының бүйтіп зығырданы қайнауына тағы бір себеп бар еді. Әбілқайыр: «Орыс патшасының қол астына кірсем, Жайық пен Еділ өзендерінің екі ортасындағы жайылымдарға малымызды жаюға рұқсат береді» деп үміттенген. Ал Орынбор әкімдері, патша ағзамның нұсқауы бойынша, жайылым бермек түгіл, Кіші жүздің руларына Жайықтың ар жағына өтуге тыйым салды. Ол ол ма, арғы бетке өтпес үшін, күз келе Жайықтың бергі бетінің он шақырымдай жерін өртеп тап-тақыр етуді бұйырды. Күзгі жайылым, шұрайлы жерінен айрылған Кіші жүздің асау рулары «Орысқа бағынсақ бізді жарылқаймын дегенің қайда» деп, енді ханды ашық келеке ете бастады. Ал Ордан жетпіс-сексен шақырым бері тұратын, Торғай өзенінің бойын жайлаған Әбілқайырдың қол астындағы Арғын мен Қыпшақ руларының кей ауылдары енді Кіші жүз ханының қарамағынан шығуды ойлады. Өйткені, егінге қолайлы Торғай өзенінің кең алқабының өзіне орыс отаршылары көз тіге түскен еді. Әсіресе, Орынбор бекінісінен екі жүз елу шақырым жоғары жатқан Торғай өзенінің бойындағы Қарақоға, Доғал секілді малға жайлы ойпаттарды егіске ыңғайлай бастаған. Және осы кезде сонау Жайық, Миас өзендерінің бойымен созылған бекіністер Қорған, Омбы қалаларымен шектес келіп, Ертіс өзенінің бойымен жоғары көтерілген. Одан әрі Бийск қаласының солтүстігін ала, Алтай тауларының етегінен шығып, қазақ даласын қоршауға айналған. Бүгін болмаса ертең енді қазақ жерінің ішіне де ақ патшаның ауыз салатыны белгілі болып қалған.
Бұл отарлау саясатының ызғарлы лебін ең алдымен әзер күн көріп отырған бұқара халық сезінді. Жайылым жерінен айрылғалы тұрған жұрт енді орыс патшалығына ғана емес, өздерін сол патшалықтың қол астына сүйреген Әбілқайыр, Сәмеке секілді хандарына үрке қарай түсті. Оның үстіне алым-салық ауырлап жұрттың еңсесін баса берді. Қарамағына кірген Орта жүз бен Кіші жүздің елдеріне Анна Иоанновнаның указы бойынша салынған салық жоқтың қасы еді. Бар болғаны осы екі Жүздің жылына төлейтіні бір мыңнан үш мыңға дейін түлкі мен қарсақтың терісі ғана болатын. Бұл болмашы салықтың өзін де ел алғашқы он жыл бойы, кейде беріп, кейде бермей келген. Ал ақырғы кезде қазақ жерінің шекарасына бекіністер салумен байланысты, жергілікті орыс әкімдері, бұл салықтарды маңындағы ауылдарға азық-түлік, мал басына қарай айналдырған. Мұндай салықтың салмағы көбіне Орынбор губернаторының қарауына жататын Кіші жүздің елдеріне түскен. Бұрын жанынан еріксіз біреуге бірдеме беріп көрмеген және «мал ашуы — жан ашуы» деп қарайтын қазақ елі, төлеп жатқан мал бастары бәлендей болмағанмен: «Қалалары салынбай жатып істеп отырғаны мынау, ертең бекінген кезінде неміз қалады», — деп күні бұрын сары уайымға түсті.
Осындай жағдайлармен ел алдында қадірі кете бастаған Әбілқайыр, бір жағынан патша үкіметінен күткені ақталмай, не істерін білмей, іштей әбігерленуде еді. Ол ақыры «үш жүздің қамы» түгіл, өз хандығының не боларын білмей, әбден састы… Екі ұрты суалып, сопақ беті бұрынғысынан да созыла түскендей, ақ сұр жүзінен қаны қашып, сүзектен тұрғандай бозарып кеткен. Сұрғылт көздері де бұрынғыдай емес, нұры сөніп, қанталап, қызара қалған. Мезгіл, заманның ағысы, тағдыр, басқа қонған бақ көтеріп, ұлы тілектерге қол созған адамның сол заманның өзі тудырған дағдарысынан, қиындығынан күйреуі табиғи іс еді.
Ол қазір ауыл сыртындағы төбеде отыр. Қасында жақында ғана Арал маңындағы қазақ пен қарақалпақтың ханы болып сайланған үлкен баласы Нұралы. Бозаңды төбенің басына төселген текеметтің үстінде ақ жастыққа шынтақтай жатып, әкелі-баланың оңаша әңгімелескеніне бие сауымынан артық мезгіл өтті. Қабақтары жабыңқы, түстері солғын. Әкелі-балалы адамдардай емес — арбаса қарайды. Бұл арбасу «Хан баласы туған әкесін, өзі хан болуды ойлағанша ғана әке санайды» деген көне қағидадан туған тәрізді.
— Сөйтіп сен, Неплюевтен іргеңді алыс салма дейсің ғой? — деді Әбілқайыр Нұралыға көзінің қиығын аудара.
— Іргеңді алыс салатын мезгілден өтіп кеттің, көке, шамаң келсе тіл табуға тырыс… Сенің сөзің бүкіл Кіші жүздің сөзі…
— Ал егер оның өзі тіл тапқысы келмесе ше?
— Сол тіл тапқысы келгені үшін шақырып отырған болар.
— Жалғыз мені ғана шақырып па? Неплюев Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанды да шақырып отырған жоқ па?.. Анна Иоанновна маған берген грамотасында мені бүкіл қырғыз-қайсақ ханы деп бекіткен жоқ па еді? Қарамағымдағы елді де: Орта жүз бен Кіші жүз деп атаған… Неплюев егер тіл тапқысы келсе, менің мәртебемді осы тұрғыдан неге қарамайды?
— Көке, одан бері де он екі жыл өткен жоқ па? Сенің ондағы айбарың мен қазіргі айбарың бір емес қой… Орта жүз қазір Сәмеке ханның кезіндегідей емес, қай жауыңа болса да төтеп бере алатынын аңғартып отыр… Ақ патша губернаторлары олармен санаспасқа амалы жоқ. Ал алда-жалда Әбілмәмбет пен Абылайға Неплюевты қарсы қойғың келсе, оның жолын табу керек.
— Қандай жол бар? Сірә, тапқандайсың ғой…
— Көке, менің ақылыммен бәрібір жүрмейсің ғой.
— Сен менің ақылыммен жүргелі тұрсың ба?
— Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас…
— Солай де…
әкесі мен баласы талайға дейін үн-түнсіз отырып қалды. Бұл екеуінің бүгінгі сырласуы Ор қаласында болатын кеңеске дайындалудан туған. Орынбор губернаторы Неплюев қазақ жеріне патша үстемдігін жүргізу ісі күннен-күнге қиынға түсе бастағанына көзі жеткеннен кейін, Орта жүз, Кіші жүз және Орынбор губернаторына бірдей жер орталығы деп саналатын Ор қаласындағы кеңеске Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанды және Әбілқайыр ханды шақырған-ды. Өзі де сол Орға келмек. Губернатор соңғы бес жылдың ішінде Кіші жүз бен Орта жүздің арасында пайда болған қайшылықтармен жақсы таныс. Қазақ хандарының Россия патшалығына адал қызмет істеуін талап етумен бірге, осы жолы екі ханның арасындағы наразылықты да сөз етпек болған.
Әбілқайыр баласы Нұралы екеуінің арасы салқындап бара жатқанын бұрыннан да сезетін. Бірақ Арал маңындағы елді Россия патшалығы Нұралыға беріп хан санап указ шығармағанына, бұл жұрт әлі өз қарамағында екеніне тәубе етіп, баласымен бәлендей ашық сөзге бармайтын. Әбілқайырдың ұққаны Нұралының орыс патшасы жағында екені. Түбі қандай жолға түсері белгісіз, ал әзірге тағдырын да, болашағын да орыс патшасының дегеніне бейімдеген. Баласының өзінен де өткен орысшыл болуына, оны ес білгелі осылай тәрбиелеген Әбілқайырдың өзі себепкер еді. Енді ол Россия патшалығына деген өзінің өкпесін, күдігін бұдан әрі Нұралыға ашпады.
— Солай де… — деді Әбілқайыр қайтадан.
— Солай…
Әбілқайырды кенет ашу қыса қалды. Өзімен іштей арбасып отырған баласы Нұралының бір тайпа елдің ханы екенін ұмытып кетіп, жанында жатқан хан асасының астына алып, сойып салмақшы да болды. Асасына қолының тез барып қалғанын өзі де сезген жоқ, бірақ одан артық қимыл етпеді. Өйткені, Нұралының да ұзын тарамыс саусақтары беліндегі Хиуа қанжарының сабын қыса түскенін көзі шалып қалған.
— Солай де!..
— Солай!
Дәл осы кезде ауыл жақтан үлкен бәйбішесінен туған қызы Жанат көрінді. Жанында қалмақ тоқалы тапқан сегіз жасар ұлы Шыңғыс бар. Екеуі ұрысқан адамдай тымырайысып отырған әкесі мен үлкен ағаларына әдеппен сәлем берді. Жанат сұңғақ бойлы, әкесіне тартқан сұрша қыз. Түр-келбетінде сұлулықтан гөрі тәкаппарлық, қайсарлық басым. Киген киімі де ауылдың қос етекті, камшат бөрікті, алтын сырға, күміс шолпылы бойжеткендеріне ұқсамайды. Киімдері жауынгер көшпелі елдің ат үстінде өскен қыздарына лайық ықшам. Белінде күміс сапты қанжар таққан жалпақ белбеу, үстінде белін қынаған қысқа жеңді мауыты пешпент, балағын оюлаған кестелі шалбар. Аяғында биік өкшелі шоңқайма етік. Басында құндызбен әдіптеген шошақ бөрік. Ұзын шашын бөгет болмауы үшін шашбауымен қосып белбеуіне қыстырып қойған. Нықтап басқан аяғының ырғағына қарай, қыпша белі болмашы бұраң тартқанмен, жазы өтіп, күзге қарай сояулана бастаған балқурайдай, дене бітісінде буыны әбден қатқан егделік байқалады. Жанындағы қалмақ өңдес жалпақ бет, тобылғы күрең бала жігіттің тұтас біткен төртбақ дене құрылысы алып күштің иесі боларын көрсетіп тұр. Бұның кигені де хан баласына тақа лайық киімдер емес. Белінде қанжарлы қалың қайыс белбеу. Үстінде ықшам, жағасын қара барқытпен көмкерген қызғылт шапан. Аяғында кең қоныш былғары етік, басында елтірі бөрік.
Балаларының сәлемін алып, Әбілқайыр:
— Жай жүрсіңдер ме, Жанатжан? — деді.
— Жай емес. Бүгін таңертең Қарақыз жеңешеме «Шыңғыс қалаға жүреді, жолға дайында» депсіз. Қашан және қанша уақытқа барады? Ұзаққа ма, әлде аз күнге ме? Соны сұрағалы келдім.
Жанаттың «Қарақыз жеңеше» деп тұрғаны — әкесінің қалмақтан алған тоқалы. Қалмақ есімін дұрыс айта алмағаннан кейін, ауыл әйелдері қара күрең түсіне қарай Қарақыз ханым деп атап кеткен. Бүгін түнде Әбілқайыр ортаншы бәйбішесі Үкілімайдың үйіне қонып шыққан. Бұл Жағалбайлы руының бір атақты байының қызы болатын. Бақытсыз Нұрбикеден кейінгі ең сұлу әйелі. Әбілқайырға аздаған ықпалы да бар. Түнде ханның көңілінің кеңіген бір шағын тауып, бір жағы өкпе, бір жағы назы етіп: «Хан ием, Қожахмет ұлыңды қашан- ғы орыс бекінісінде ұстайсың, сағындым ғой, қайтатын уақыты жеткен жоқ па? Орнына тоқалдың баласын жіберсейші, о да сойталдай жігіт болып қалды ғой», — деген.
Әбілқайыр ортаншы ұлы Қожахметті өзі де жақсы көретін. Аманат ретінде Орынборда тұрып жатқанына жеті жылдан асып кетті. Оның үстіне Ор өзенінің бойын жайлаған Жағалбайлы руы Ор бекінісі салынғаннан бері өзге рулардан гөрі өздерінің күйеу баласы — Кіші жүз ханына анағұрлым ала көз. Әбілқайыр өзі де биыл Қожахметті Орынбордан алып келіп, Жағалбайлы жұртына — нағашы еліне жібермек еді. Жиендерін көріп, мүмкін Жағалбайлы да жібір, ағайынның араздығы басылар деген үміті де бар.
Осындай ойға бекіген хан Қарақыз тоқалына таңертең «Шыңғысты дайында, қалаға жүреді» деп бұйырған. Ханым: «Не үшін, қанша уақытқа жүреді?» деп сұрауға бата алмаған. Ханның сыры әйелдеріне мәлім, өз еркімен бірдеме демесе, сұрап одан ештеңе де біле алмайсың. Сондай мінезіне қанық Қарақыз бике үндемей қала берген. Тек үйіне Жанат келгенде ғана «Баламды қайда апармақ? Қанша уақытқа? Неге апармақ? Біліп бер» деп жалынған. Ал Әбілқайыр болса, өзге балаларына қатал болғанымен, Жанатқа келгенде жаны бөлек, оның айтқанын екі етпейді.
— Шыңғыс ұзақ уақытқа барады. Мүмкін бірер жыл ауылға қайта қоймас, дұрыстап дайындасын, — деді.
Шыңғыс сұп-сұр боп кетті. Баласының кенет өзгерген түрін көріп, Әбілқайыр сәл жібіді.
— Жігіт болып қалдың, саған да шет жұртты көрген жөн. Тәлім-тәрбие, өнер үйренуің керек, — деді.
Хан жанында тұрғандар бала жігітті аманатқа апара жатқанына шек келтірмеді.
— Жақсы, — деді Шыңғыс басын иіп.
Әбілқайыр орнынан түрегелді. Ол бағанадан бері күншығыс жаққа әлсін-әлсін көз жіберіп алаңдап отырған. Сол тұстан кенет үш салт атты көрінді.
— Құдабайлар ғой, — деді Әбілқайыр, — сендер ордаға қайта беріңдер.
Жанат келе жатқан салт аттылардан көзін айырмай сәл тұрды. Қайтқысы келмеп еді, бірақ әкесі мен аға-інісінен ұялды ма, бұрылып кетті. Нұралы, Шыңғыс үшеуі ауылға қарай беттеді. Келе жатқан үш салт аттының бірі Құдабай — әкесінің хатшысы әрі тілмашы. Орынбор маңындағы қазақ ауылдарынан. Келбетті және тепсе темір үзетін жас жігіт. Осы жігітпен былтырдан бері Жанат көңілдес. Көрмесе сағынып қалады. «Осыған барам» деуге әкесінен жас- қанады. Қарадан шыққанға төре тұқымы қыз бермейді. Еркін өскен хан қызы сол себептен де үй ішіне білдірмей, бүгінге дейін жігітпен құпия кездесіп келген. Жақында Қазалы қаласының маңындағы датқа құдалары келмек. Күйеу келетін мезгіл таяған сайын Жанат Құдабайға елте түсуде. Ханның тапсырмасымен кеткен жігітті алты күн көрмей қалып еді, жанын қоярға жер таппады…
Әбілқайыр сырға өте берік жан. Ал алда-жалда көңілінің бір күмәнін ашқысы келсе оны тек Жанатқа ғана айтатын. Өйткені әке балаға сыншы, Жанат заты әйел болғаныменен, өзіне тартқан қатыгез, сырға берік тұңғиық екенін білетін. Әбілқайыр Неплюевтен: Ор қаласына келсін, онда Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан болады деген хабарды алысымен Орынборға жанына он бес жігіт нөкер ертіп осы Жанатты жіберген. Қызы арқылы Неплюевке: «Әбілмәмбет Жоңғар қонтайшысы Қалден Церенмен жақындасқалы жүр. Қалден Церен оған Түркістан шаһарын қайтарса, Жоңғарлармен қайтадан татуласпақ, достықтың белгісі етіп аманатқа бір баласын жібермек. Егер Әбілмәмбет Ор қаласына келе қалса, одан Жоңғар жағына шықпаймын және ақ патшаға адал қызмет істеймін деген антын алу керек. Және Әбілмәмбет сөзінде тұруы үшін бір баласын аманатқа тапсырсын. Ал аманат баласын әкеліп бергенше, өзін жібермей, тұтқын ете тұрсын» деген. Жанат Неплюевке бұл сәлемді бұлжытпай жеткізді. Бірақ әкесі бұл сырды ешкімге айтпа дегеніне қарамай, әлдеқалай Құдабайға айтып қойды.
Осы Құдабайды Әбілқайыр Ор қаласына келе жатқан Әбілмәмбеттің алдынан шығарған. Күшігінен асыраған итіндей хатшысына екі-үш күн Әбілмәмбеттің қасында болып, бар сырын біліп келуді тапсырған.
Әбілқайыр кешеден сол Құдабайды тыпырши күтуде еді. Белестен салт аттылар көрінісімен, сабыры қалмай, әрі-бері жүре бастады.
Құдабай атынан түсіп, ханның қасына жаяулап келді.
— Армысыз, хан ием?
— Барсың ба, жарқыным? Қандай хабар әкелдің?
Кенет ханның көзі Құдабайдың беліндегі жарқыраған күміс белбеуге түсті. Кісесі де, кішкентай қанжарлы қынабы да сом күмістен соғылған. Әттең не керек, бұл күміс белбеу ненің төлеуі болғанын білер ме еді. Ханның өзіне сезіктене қарағанын бірден ұққан хатшы, титтей де абыржымай бейқам тұр.
Хан күдігі тез тарады. Жанатқа тапсырылған құпиядан хатшым хабардар болып қалған жоқ па екен деген сұрау оның ойына кірмеген. «Хатшыма мынадай бір қаралық белбеу тартқаны, — Әбілмәмбет ханның менімен тіл табыс- қысы келгені ғой» деп жақсылыққа жорыды.
— Айта бер, не естіп, не көрдің?
— Естігенім де, көргенім де аз. Тек бар түсінгенім, орыс патшасымен араздасар Әбілмәмбет те, Абылай да жоқ… Ал Жоңғар қонтайшысымен келіссөз жүргізулері жай қулық тәрізді..
Құдабай көрген-білгенін түгел айтты. Кенет Әбілқайыр әлденені ойлана қалды.
— Қастарында ақылгөйі Бұқар жырау бар ма екен?
— Жоқ… Көргем жоқ.
— Сонда қалай болғаны?… Бұқар жырау ел көзі ғой. Келмеуіне қарағанда жұрты хандарының ойын ұнатпағаны ма?
— Білмедім. Губернатор жырауды шақырмаған шығар…
Енді олар Ордаға қарай аяңдады.
Үш күн өткен соң Әбілқайыр қасына Кіші жүздің қырықтан аса ақсақалдары мен батыр, билерін ертіп Ор қаласына жүріп кетті.
… Бір мың жеті жүз қырық екінші жылы жиырмасыншы август күні Неплюев Ор бекінісіне таяу Тасөткел деген жерде қазақ хандарымен кездесуге шатырларын тіккізді. Бұдан үш күн бұрын жеткен Әбілқайыр Орынбор губернаторы кеңеске тек қана Әбілмәмбет пен Абылай, Барақтарды шақырып қоймағанын білді. Жоңғар елшілері Кошка мен Бурун, олардың серіктері — қарақалпақ батырлары Момор мен Құшақтың да губернатор шақыруымен келгенін естіді. Екі күннен кейін Неплюевтің бұйрығы бойынша, Әбілқайырдың екі ұлы Ералы мен Нұралы да өздеріне арнап тігілген үйге келіп түсті.
Шақырылған қонақтардың санына қарағанда бұл кеңеске орыс әкімдері үлкен маңыз беретіні анықталды. Оған Кіші жүз ханының көзі көп кешікпей жетті де.
Неплюев жұпар аңқыған жанаргүл, қазоты аралас қалың шөпті Тасөткелдің талды ойпатына елуге таяу ақ боз үй тіккізген. Өзімен бірге келген екі эскадрон атты, бір батальон жаяу әскеріне арнап жиырма шақты шатыр тұрғызған. Аттарының ер-тоқымдары да, солдаттарының киген киімдері де судай жаңа. Бәрі мұздай боп көк темірлі қару-жарақ асынған. Қылыштарының сары жез саптары мен мылтықтарының жалаңаш ұштары күн сәулесімен жарқ-жұрқ ойнайды. Қонақтарына Россия патшасының айбарлы күшін көрсеткісі келген болу керек, Неплюев лагерь сыртына алты зеңбірек қойғызды.
Қонақтардың бәрі жиналғанмен, жиырмасында келуге тиіс Орта жүздің ханы мен сұлтандары августың жиырма екісіне дейін келмеді. «Бұлар неге кешігіп жатыр?» деп алдарынан жіберген кісісі: «Тасөткелге жарты күндік жердегі Қияқты сайына осыдан үш күн бұрын Әбілмәмбет хан қосын тіккен екен, түнде кеңес құрып, таңертең кейін қайтып кетіпті» деген хабар әкелді. «Қандай себеппен қайтты екен? Ешкім ештеңе демей ме?» деп сұраған Неплюевке, жіберген кісісі: «Жоқ себебін айтпапты. Сол араның бір байынан сұрап көріп едім, ол: Орта жүз ханының алдынан Әбілқайырдың тілмашы шыққанын, сол тілмаш еліне кеткен күнінің ертеңіне Әбілмәмбеттің де кейін шегінгенін айтты. Сірә, сол тілмаштан сіздің Жоңғар елшісін де шақырғаныңызды естіген болуы керек. Әбілмәмбет өзі Жоңғар қонтайшысымен келісім сөз жүргізіп жүргендіктен, сізбен ол ел елшілерінің көзінше сөйлескісі келмеген шығар» деген жорамал айтты. Неплюев жирен мұртын сипап, түксиген түкті қабағын қарс жауып сәл ойланып қалды. «Бұл сөздің қисыны бар. Жоңғар елшісінің келгенін естісе, Әбілмәмбет атының басын кейін бұруы ғажап емес. Жоңғар әскері бұған жақын тұр ғой. Бірақ оны қалай естиді? Осындай жағдай болмас үшін Жоңғар елшісінің келетінін мен Әбілқайырға да білдірген жоқ едім ғой… Жоқ, мұнда басқа гәп бар».
Дереу ол Құдабайды шақыртты. Кіші жүз ханының хатшысы, Неплюевтің одыраң-одыраң аттауынан, жирен мұртының едірейіп, көк көзінің шыныдай боп мызғымай қалуынан губернатордың ашулы екенін айтпай түсінді.
— Сау-саламатсыз ба, марқабатлы губернатор мырза, — деді Құдабай тілі сәл күрмеліп. — Сіз шақырып жатыр деген соң…
Губернатор хатшының амандасуына жауап та қайырған жоқ.
— Әбілмәмбеттің алдынан Әбілқайыр сені неге жіберді? — деп сұрады ызғарлы үнмен.
әккі тілмаш әңгіме Орта жүз ханының кеңеске келе жатып кейін қайтқаны жайында екенін сезе қойды. Әбілмәмбет бүгін болмаса ертең келе қалса, өзінің не үшін кейін қайтқанын түсіндіреді. Сонда хан алдында да, губернатор алдында да тілмаштың қара бет ісі әшкереленеді. Әбілқайырдан гөрі, оған өзінің шын қожасы Неплюевтің ашуланбағаны керек.
— Әбілқайыр хан мені Әбілмәмбеттің алдынан жібергені рас, — деді ол басын иіп. — Сізге жеткізуге ыңғайлы жағдай бола қоймады.
— Қандай тапсырмамен?
— Әбілмәмбеттің Жоңғар қонтайшысымен келісім сөз жүргізіп жүргенін Орынбор губернаторы біледі. Егер бұл жолы Россия жағында екенін дәлелдеу үшін бір баласын аманатқа қалдырмаса, сол баласын Орынборға әкелгенше Орта жүздің ханын еліне қайтармайды деді. Соны Әбілмәмбетке жеткізуге жіберді.
Неплюев Құдабайдың сөзіне сенді. Ол жерге бір түкіріп, үйдің ішін кезіп жүр. «Маған Россия жағында Орта жүздің болуы үшін, Әбілмәмбеттің бір баласын аманатқа ала тұрыңыз деп ақыл үйреткен Әбілқайырдың өзі емес пе еді. Кіші жүз ханының бұл құпияны Әбілмәмбетке жеткізуінің қандай себебі бар? әлде бәлені маған жапқаны — Әбілмәмбеттен қорыққаны ма? Жоқ, бұл арада басқа сыр бар… Әбілмәмбет пен менің арама от салғысы келеді. Орта жүз ханының маған қарсы екенін сездіріп, өзі менің алдымда да жақсы көрінбек. Россия патшалығы тек өзін ғана қолдасын дейді-ау шамасы. Бұ да айла. Бірақ Орта жүз бен Россияның арасының алшақтай бергенінен оған қандай пайда түседі? әлде Орта жүзді де өзі арқылы бағындырсын дей ме? Солай тәрізді. Демек, Әбілқайырдың бір сыры ашылды ғой… Бұл ойыны немен бітер екен? Білмеген адам боп жүре тұрайын».
— Құдабай мырза, — деді бір заматта. — Сіздің ақ патшаға адал еңбек еткіңіз келетінін мен жақсы білемін. Бірақ сіз әлі біз риза боларлық қызмет көрсеткен жоқсыз…
— Губернатор мырза, мен естігенімнің бәрін жеткізіп жүрмін ғой.
Неплюев қабағын сәл түйді.
— Ойлаңыз, айтылмағаны да бар шығар.
Құдабай кідірместен жауап берді.
— Білерім сол, алдыңызда құран ұстап ант беруге бармын…
— Құран ұстап ант берудің құны қанша екенін сіз екеуміз де білеміз ғой, — деді кекетіп күлген губернатор. — Ал Әбілқайырдың қалмаққа бермек қарындасы жайында не естідің?
— Түсіне алмадым, тақсыр.
— Кіші жүздің ханы бір қарындасын Қалден Церенге бермек көрінеді ғой.
— Естімеген әңгімем.
Құдабай шынын айтқан. Әбілқайыр Орынбор губернаторына Жайықтың арғы бетінен жайылым бермеді деп ренжігенінде, Хиуаға жүргелі тұрған Нұралыға «Хиуа ханы арқылы Қалден Церен жағына қармақ салып көр. Әбілмәмбеттен гөрі бізге жөн қарайтын мүмкіншілік тумас па екен… Мұндай жағдай туа қалса қарындасым Қарашашты беруге бармын… Әрине, орыс патшасы рұқсат етсе…» деген. Нұралы бұл әңгімені аяқтай алмаған… Надир шахтың Хиуа хандығын басқарып отырған адамына бұл өтінішті жеткізудің орнына, Нұралы қастасып қайтқан. Бірақ оның есесіне Неплюевке жеткізген. Орынбор губернаторының оспақтап сұрап отырғаны осы жәйт. Құдабайдың бұл хабардан ада екеніне сенген Неплюев:
— Әбілқайырдың Жоңғар қонтайшысына қарындасы Қарашашты берсем бе деген ойы бар ма, жоқ па, соны біл, — деп тапсырды да қоя берді.
Неплюев шатырында болғанын білген соң Құдабайды енді Әбілқайыр шақырды:
— Не сұрады? — деді ол хатшысынан.
Құдабай болған әңгімені жасырған жоқ, бәрін айтып салды.
— Жоңғар ханымен сізді жақындаспақшы. Қалден Церенге қарындасы Қарашашты бермек ойы бар көрінеді дейді… Соның анығын білуді бұйырды.
Әбілқайыр тұнжырай қалды. Құдабайдың Орынбор губернаторының тыңшысы екенін хан білетін. Бірақ ол Әбілқайырға Неплюев не сұраса да айтып беремін деп уәдесін берген. Оған қанша сенгенмен де кейбір құпия сырын жасырып қалуға тырысатын. Одан тіпті қорқатын да. Хатшысын біржолата қуып жіберуге, Неплюевтің өзіне қандай қақпан құрып жүргенін Құдабайсыз тағы біле алмайды. Бірақ Неплюев Әбілқайырдың сырын кім арқылы білді? Бұл құпия ойын тек баласы Нұралыға ғана айтқан жоқ па еді? Сонда қалай болғаны? Неплюев, әрине, хан сырын Нұралыдан естіді. Әлде Нұралы басқа біреуге айтып, губернатор содан естуі де мүмкін ғой… Япырмай, солай болғай да!
Әбілқайыр ойлана түсті. Ол бірде көңілденіп отырып бәйбішесі, ақылды Бапайдан: «Мен өлсем, қай ұлым хан болуға лайық» деп сұрағаны бар. Сонда Бапай тұрып: «Айшуақты қойсаң — ат үстінен тұрып сиерсің; Ералыны қойсаң — жауыңа күнде тиерсің, Нұралыны қойсаң — мауыты шапан киерсің», деп жауап берген. Расында, осы Бапайдың сөзі дұрыс-ау… Бірақ Нұралы сол тақты әкеден өзі тартып алмақ па, қалай?»
Кіші жүздің ханы боп отыру үшін қазір ерліктен гөрі ептілік, ақылдан гөрі айла керек. Бұны Әбілқайыр жақсы біледі. Сондықтан ол Нұралыны кінәлаудың орнына өзінің айлакерлігін көрсетпек болды. Неплюевке Қалден Церен туралы ойын өзі айтады. Ал Неплюевтің бұл сырды Нұралы арқылы біліп қалғанын сездірмес үшін, Орынбор губернаторына бұрынғы өтініші өзі өлгеннен кейін Кіші жүз тағына Нұралыны отырғыз дейді. Содан кейін Неплюев өзі шешсін, кімнің ақ патшаға адал екенін.
Сөйтіп Құдабайға Орынбор губернаторы Кіші жүз бен Орта жүздің арасындағы құпия сырдың бәрі айқын болды. Үшеуі де Құдабайдан сезіктенсе де, бәрі де оған өз құпиясын ашты.
«Сенсе — жарылқайды, сезіктенсе — қорқады» көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты.
— Астындағы атыңның аяғына қан түскен екен, ертеңнен бастап ана көк жорғаны мін, — деді хан.
Көңілі көтеріліп, құлпырып кеткен Құдабай «бұл сыйлық не үшін?» деп сұраған жоқ. «Бағана Неплюев шатырының алдында судай жаңа қызыл сафьян былғары ер-тоқым жатыр еді. Шіркін-ай, көкжорғаға қандай жарасар еді!» деді ішінен.
Орта жүз ханы мен сұлтандарының келмей кеткеніне іштей қатты ренжісе де, Нелюев сыр бермей, ертеңіне яғни августың жиырма үші күні Әбілқайырға арналған үлкен қонақасы берді. Бұған Тасөткел қойнауына жиналған қонақтардың бәрі шақырылды.
Неплюев айдалаға ұзын-ұзын столдар қойғызып дастарқанын соның үстіне жайды. Россия байлығын көрсеткісі келгендей, столдарды қазақтың табақ-табақ семіз еттері мен уылжыған сары қымызына, орыстың сан түрлі тағамына лық толтырды. Бұнда шошқа етінен басқаның бәрі бар: құс еті, балық еті, жеміс, тұздаған капуста, помидор, қияр, ең аяғы қабығымен бірге пісірілген картоп та қойылды. Мойындары ұзынды-қысқалы бөтелкелерге құйылған орыстың ақ арағы, бенедиктин, ликер, тағы басқа шетелдің түрлі шараптары самсап тұр.
Қонақтары асқа отырмастан бұрын Неплюев тағы бір керемет көрсетті. Бір батальон солдатын ортадағы алаңға шығартып, жаяу әскер соғысының неше алуан тәсілін ойнатты. Шабуыл, шегіну, қолма-қол ұрыс, мылтықтың сүйір ұшымен жауын түйреу. Одан кейін екі эскадрон салт атты драгундар қонақтарды атты әскер ұрысының қыран-қырлы түрлерімен таныстырды. Орыс әскерінің неше алуан ат ойнату, тал шабу, ордан секірту тәрізді өнерлерін бұрын жақын жерден көрмеген қазақтың ақсақал, би, сұлтан, батырларының естері шықты. «Ой, пәле!», «Жігітім-ақ екен!», «Па, шіркін, мына кертөбел қалай ойқастайды!» деген қошемет дауыстар бүкіл өзен бойын алып кетті. Көріп отырғандары әскер ойынынан гөрі соғысқа ұқсаңқырап, «Орынбор губернаторы осы араға бізді неге жинап алды екен» деп, Неплюевқа күдікпен қарап отырған кейбір аңқау байлар ойын біткенше, «Ей, алла тағала, өзің сақта!», «Құдай-ай, бекер-ақ келген екенмін!» — деп, ішінен иманын айтып, құдайына жалбарынумен болды.
Бұл ойындар біткеннен кейін «бәлем, зәрелеріңді біржолата алайын!» дегендей, өзінің солдаттарының өнеріне риза болған Неплюев қонақтарын лагерь сыртындағы төбеге қойған алты зеңбіректің қасына алып барды. Зеңбіректің қалай атылатынын көрсетпек боп, арт жағында үрейлене топырлап тұрған қалың топқа бір қарап қойды да, «от беріңдер!» деп бұйырды.
Осыдан екі жыл бұрын Орынбор қаласында «орыс патшасының қол астына кірмек» боп келген Әбілмәмбет пен Абылайға Орынбор комиссиясының бастығы бір зеңбіректен бір минут ішінде он рет оқ атқызып жұртты таң қалдырған. Бұ жолы Неплюев алты зеңбіректен бірдей екі минут оқ жаудыртты. Алты зеңбірек екі минуттың ішінде аузынан жалын төгіп, жүз жиырма рет гүрс-гүрс етті. Аспан аударылып жерге түскендей болды. Бүкіл сар даланы тітіреткен бір қорқынышты гүріл билеп кетті. Нағыз ақырзаман туғандай, бұрын мұндайды естімеген қазақ жылқылары кісіней шыңғырып, шылбырларын үзіп, ер-тоқымын бауырына ала, айдалаға шаба жөнеледі.
Мұндай гүрілдің қан базарын бұрын-соңды көрмеген қазақтың «игі жақсыларының» көбі-ақ «астапыралла, астапыралла!» деп жағаларын ұстап, имандарын үйірумен болды. Атыс бітісімен өзенге қарай жүгіргендері де бар…
Зеңбірек үнімен жұрттың зәресін алғанға мәз болған Неплюев «қазақтың жауынгері Хиуаның білтелі мылтығын бір атып қайта тұтатқанша, бұл зеңбірек он рет оқ шығара алады. Осы зеңбіректің атқан оғынан бес минуттың ішінде бір ауыл жоқ болады, ал бір сағаттың ішінде он екі ауылды құртып жібере алады» деді.
Зеңбіректердің жалын атқан әлемді тітіреткен гүрілін естіген жұрт бұл сөзге күмән келтірмеді. Бұл алты зеңбірек түріктермен соғысып жатқан Россияның қазақ жерін отарлауға әзер бөлген бар қаруы екенін білген жоқ. Неплюевтің де қазақ хандары мен Жоңғар, Қарақалпақ уәкілдерін Ор бекінісінің ішінде емес, сыртында қабылдауының да бір себебі осында еді. Әлі қару-жарағы шамалы Ор бекінісін қонақтарына көрсеткісі келмеді. Іші толған пәле екен деп, құр сыртқы сұсынан шоши берсін деп ойлаған.
Осылай күні бұрын еңсесін басып алған қонақтарын ертіп, генерал енді дайындалған стол басына келді. Неплюевтің оң жағында Әбілқайыр мен оның күйеу баласы, Орта жүздің батыры Шақшақ руынан шыққан Жәнібек, сол жағында Жоңғар елшілері мен Қарақалпақ батырлары отырды.
Өзге үш жүзге таяу қазақтың игі жақсылары мен Неплюевке еріп келген орыс офицерлері, жаңа ғана «соғыс ойынына» қатысқан драгундер, гренадерлер, мушкетерлер бастықтары өздерінің шен-шекпендеріне қарай стол бастарына орналасты.
Генерал Неплюев осынша жұрттың достық, бітім үшін жиналғанын, Россия елінің ең ұлы мақсаты көршілес елдермен тату-тәтті тұру екенін айта келіп, шыныға құйылған шарапты ең алдымен ұлы Россияның мәртебелі әйел патшасы Елизавета Петровнаның құрметіне көтеруді ұсынды.
— Кімде-кім өзінің алдындағы шынысына құйылған зәмзәм суын ішпесе, — деді күліп, — ол біздің мәртебелі ақ патшамыздың қасы.
Бұл сөзге нанып қалған қазақтың кей аңқау батыр, ақсақалдары «тәуекел!» деп алдында тұрған кішкентай шыны ыдыстарға амалсыз қол созды.
Бірақ бұны ішсек кәпір болып кетеміз деп сазарып отырып қалғандар да бар. Осы кезде Неплюевтің өзімен бірге еріп келген Орынбор мұсылмандарының муфтиі, ахун Нәсіполла молда орнынан түрегеліп: