— Ұқтық.
Өзіне сұқтанған көрікті кісі қазақтың аты шулы ардагері Батыр Баян екенін Құралай да қолға түсісіменен-ақ сұрап білген. Әкесі Қореннің сүбесіне көк найзасын бойлата бұлғап, Батыр Баянның өлтіргенін өз көзімен көрген. Қолға түскен киіктің лағындай жаутаңдаған жас сұлу, «мына қыз менің олжам» деген батырдың сөзін естігенде, жүрегі дір-дір қағып, өн бойы қалшылдап кетті. «Олжа!» деген сөздің ар жағына не жататынын ес білгеннен-ақ түсіне бастаған сұлу қыз дәл осы сәтте әкесін өлтірген адамның еркіне берілу — өзі үшін кешірілмес күнә деп есептеді. Өн бойын енді бір ызаның, қайтпас қайсар кектің оты билеп әкетті. «Сенің олжаң болып қасыңа жатпасқа ант етемін, — деді кенет күбірлеп жоңғар әйелдерінше екі қолымен көкірегін басып. Қыз дәл осы ашу үстінде, Батыр Баян әкесін көзінше өлтіріп, өзін қандай жылатса, Батыр Баянның да дәл өзіндей боп жылауын арман етті. Шамасы келсе кек алуға анасының ақ сүтімен серт берді.
Ат жалын тартып мініп, жорыққа аттанғалы Батыр Баян осы сапарын ең олжалы сапарым деп есептеді. Бірақ өзге серіктерінің қабағы қатыңқы еді. Бұны Батыр Баян байқаған жоқ, есіл-дерті жоңғардың тұтқын қызы болды да тұрды. Тезірек Обағанға жетіп, некесін қиғызып, үшінші әйелі етіп алғанша асықты… Батыр Баянның өзіне деген ықыласын іштей сезсе де, қыз көңілі селт етпеді, ол күзетші жігіттерден елде Батыр Баянның он бес жасар інісі бар екенін естігенде, жүрегінің түбіне бір сұрқия сырды түйгендей болды.
Қол ұзақ жүріп, ақыры Обаған өзеніне де жетті. Ұрыста қаза тапқан балаларын жоқтаған кемпір-шалдар мен ерлерінен айрылған қаралы әйелдер дауыс қып, бүкіл даланы басына көтерді. Сөйтсе де жаудан олжалы қайтқан Батыр Баянның алдынан шығып оны жеңісімен құттықтаған ел адамдары да көп еді. Батыр Баян серіктерін біртіндеп, таратып, жиырма шақты жігіті мен Құралайды ғана жанына қалдырып, өз аулына таяған кезде, жанында он шақты құрбысы бар, алдынан Ноян шықты. Астындағы ақ боз жорғасын ағызған қалпында: «Көке! Көке!» деп ағасының қасына жетіп келгенде, қуанғанынан екі көзі жасаурап кеткен Батыр Баян, інісін жас баладай атының үстінен көтеріп алды.
— Көкетай, әбден сағындым ғой…
— Жалғыз баурым. Сені көргенше өзім де өліп қала жаздадым ғой.
Ағасының құшағынан босанған Ноян енді өз атына қайта мініп, Баянның өзге серіктерімен амандаса бастады. Кенет сәл кейінірек тұрған Құралайға көзі түсті. Сол-ақ екен, жас жігіттің бойын бір ыстық леп шарпып әкеткендей, ат үстінен ауытқып барып, өзін әзер ұстап қалды.
— Көк…е, бұл кім? — деді тілі күрмеле сөйлеп.
«Жеңгең» деуге Батыр Баянның аузы бармады.
— Тұтқын қыз ғой… — дей салды інісінің сөзіне мән бермей. Бұл кезде Құралай да жаудыраған қарақат көзін жас Ноянға қадап қалып еді. Кенет қыздың да екі бетінің ұшы қызарып, бойын бір тәтті сезім өртеп кетті. Жас жігіт көз тоярлықтай сымбатты екен. Тіпті түр-келбеті ағасынан да көрікті ме қалай. Қыз жүрегі алып-ұшып, жігіт бетіне тағы қарады. Ноян да одан көзін алмай тұрған, екі жанар түйілісіп, бір-бірінен ажырамай сәл тұрды да, екеуінің де ішіне от тастап барып тайқып кетті. Осы сәтте қыз да, жігіт те бірінсіз бірі өмір сүре алмайтынын түсінгендей…
— Сауға, көке! — деді Ноян ағасына жалына қарап. — Бір жолғы олжаңды маған қи!..
Баянның жүрегіне біреу қанжар сұғып алғандай болды. Жайшылықтағы әдетіне салып, «ала қой» дей алмады. «Жоқ, бұл жолғы сұрағаныңды бере алмаймын» деуге інісінің көңілін тағы қимады. Аузына сөз түспей көп тұрды.
— Мұндай сауға тілеуге, Ноянжан, сен әлі баласың ғой, — деді бір уақытта даусы қарлығып. — Ер жет, саған бұдан да сұлу қор қызын әкеп беремін.
— Жоқ, көке, маған қор қызының керегі жоқ, осы сұрағанымды бер, — деді Ноян, жоңғар қызының отты жанарының лебіне еріп бара жатқандай, екі беті бал-бұл жанып.
Дәл осы сәтте Құралай сұлу үн қосты.
— Көкежан, — деді бұ да Батыр Баянның туған қарындасындай еркелеп, — менің әкем жоқ қой, сізді бұдан кейін «Көке» деп атаймын. Беріңіз ініңіздің бір тілегін. Мен де сізден соны қалаймын.
Өзіне Жоңғар лебізімен қазақша тіл қатқан сұлу қыздың сиқырлы сөзін естігенде, Батыр Баянның жаны бұрынғысынан да күйіп кетті, не дерін білмей.
— Жақсы, кейін көрерміз! — деп атына қамшыны басып қап, ауылға қарай шаба жөнелді.
Осы күннен бастап, Ноян мен Құралай арасында махаббат оты өрши түсті. Қыз жігітті қанша жақсы көрсе де қызыл ернінен сүйгізуден артыққа бармады. Ноянның махаббаттан есі ауып, басы айналды. Қыз одан көрі естияр еді. Әкесінің Батыр Баян қолынан қалай өлгенін көз алдына елестетсе-ақ болғаны, өз бойын жинап ала қояды. Өне бойын кек кернеп, қатуланып кетеді.
Ал Батыр Баянның жүрегі қан жылауда еді. Екі жастың бірін-бірі шын сүйгенін көрген сайын, өртене түседі. Ер жігіттің ғашықтық сезімнен арылуы, көк темірдің суарылып, құрышқа айналуымен тең. Өз жүрегін қайта соқтыру үшін, оған енді басқа адам боп туу керек. Бірақ ел-жұртының намысы, тәуелсіздігі үшін жанын қиюға дайын Батыр Баян, жақсы көрген інісінің көңілі үшін, өзін-өзі қиянат жолынан ұстай білді. Жүрегі оттай өртенсе де, Ноянға Құралай сұлуға үйленуге рұқсат етті.
Ағасының мұндай жомарттық еткенін естіген Ноян сол күні кештің батуын, аяғымен шоқ басып тұрғандай шыдамсыздана күтті. Көшпелі елдің қыз бен жігітінің бірін-бірі жақсы көруі таза, риясыз түсінікті келеді… Қой қораланып, сүт пісіріліп, қыз-қырқын алтыбақанға шығатын мезгіл де жетті. Лақтырған ақ сүйекті іздеген боп өзгелерден бөлініп кеткен Ноян мен Құралай сай жағасында оңаша кездесті. Жігіт жүрегі алабұртып, ағасының Құралайды өзіне сауғаға қиғанын айтып берді. Қыз бұл сөзді естігенде жігіттің құшағына кіре солқылдап жылап жіберді. Бірақ сол сәтте кенет оның көз алдына баяғы бір сурет тағы елестеп кетті. Батыр Баян сүңгіте салған көк найзадан өліп бара жатқан әке, су жағасында жер құшақтап боздаған ана… Соның бәрін кешіп, енді міне ата жауының інісінің құшағында тұр! Неткен опасыздық!
Құралай бойын жинап алды.
— Ноян, — деді ол ыстық жасы бетін жуып, — дүниедегі жалғыз арманым өзің болдың. Сенші… Мен мәңгі сендікпін… Бірақ жалғыз ғана тілегім бар. Бер соны.
— Бердім. Айт.
— Көкең Батыр Баян шапқан елде жалғыз анам қалған еді. Мені әкетіп бара жатқанда, жер бауырлап жатып: «Құлыным, менің ақ батамды алмай ерге шықпа!» деп еңіреп қалып еді. Ана тілегін ақтауға ант беріп едім. Сол антымды орындауға мұрша бер, содан кейін мен мәңгі сендікпін.
Жігіттің жүрегі дір ете қалды, қолындағы ақ құсының енді мәңгі ғайып болғалы тұрғанын сезгендей:
— Сонда мен не істеуім керек? — деді абыржып.
— Жоқ, сен ештеңе де істеме. Сені мұнда тастап өзім де кете алмаймын. Кішкентай жүрегімді білегіңе шынжырлап байлап қойғандайсың. Ол шынжырды үзетін менде құдірет жоқ. Бар тілегім біреу-ақ: екі жүйрік ат әкел. Таңды күтпей біздің елге қашайық. Тірі болса кәрі анамның батасын алайық, өлі болса басына барып әйбатмия қызыл гүл қояйық. Содан кейін мен мәңгі сенікімін. Жарың етпей күңің етсең де өмір-бақи ризамын. Тек жүзіңді көріп, маңайыңда жүрсем болғаны.
Құшағында тұрған жас сұлудың көзінен аққан ыстық жасы жігіттің албырт жүрегін қорғасындай балқытып жіберді. Ерлікті, әділеттікті арман еткен бала жігітке дәл осы сәтте қыздың қиыла айтқан бір сөзі дүниедегі ең әділетті, ең қасиетті сөз боп естілді. Құралайдың ана тілегін орындауға рұқсат ет деген өтінішінен оның қаншалық пәк, адал, қасиетті жан екенін бұрынғысынан да артық сезіне түсті. Дәл осы сәтте қызға еріп, туған елін тастап жау жағына қашу — ел-жұрты кешпейтін қылмыс саналатыны есіне де келмеді. Тек сүйген жарының адамгершілікке жататын күнәсіз тілегін тезірек орындауды борыш санады. Ол өзін енді сонау мөлдір аспанда көз жетпес шыңға көтеріліп бара жатқан қырандай сезінді.
— Тілегіңді тегіс қабылдадым, — деді құлшынып. — Темірқазық туа мені осы арада күт. Ел жатқанша жылқыға барып қос күреңді ұстап әкелем.
Ноян уәдесінде тұрды. Батыр Баянның Тұлпаркөгінен осал соқпас қос күреңге мініп, бұлар Темірқазық туа: «Уә, алла, жолымызды оң ете көр», — деп оңтүстікке қарай «шу!» деп жөнеп берді.
Қос күреңді түнде Ноянның алып кеткенін, ауыл адамдары сәскеде көлге жылқы келгенде бір-ақ білді. Ауылда Ноян да, Құралай да болмай шықты. Қос күреңге арналған шоландағы күміс ер-тоқым да жоқ екені анықталды. Қарсаққа бүркіт салуға шыққан құсбегі таң атып бара жатқанда, Іле жақтағы Жоңғар еліне қарай шауып бара жатқан екі салт аттыны көріпті, Ноянның Құралайдың азғыруына еріп, Жоңғар еліне қашқанына енді ешкім шек келтірмеді. Қанша қиналса да амалы жоқ, ауыл ақсақалы, бұл хабарды Батыр Баянға барып жеткізді.
— Ер Көкше, Ер Қосай, Батыр Баян, Уақтың аруағын көкке көтеріп едіңдер, — деді қария, — сендер көкке көтерген жалауды Ноян бала жерге түсіріп тұр. Үкімін өзің айт, амалын өзің тап!
Жоңғар қызының бір күле қарағанынан періште де жолынан таятынына шек келтірмеген Батыр Баян қайтарып ештеңе сұраған жоқ. Кесел болып іште жат- қан күйігі, елінің намысы, жалғыз інісінен айрылу қаупі — бәрі-бәрі жан-жағынан қабаған иттей қамалап жан сезімін астан-кестең етті… Батыр Баян енді бір-ақ шешімге тоқтады. Бір қыз үшін елін сатқан қара бетті қалайда қолға түсіріп, өзі жазаламақ болды. Сауыт-сайман киместен, керегеде ілулі тұрған қыпшақ садағы мен сауыт бұзар қос жебе салынған қорамсақты жалпақ күміс белдігіне байлай сап үйден атып шықты. Үнемі белдеуде тұратын Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді.
Ешкім тоқта деген жоқ.
Батыр Баян ұзақ шапты. Оқтаудай боп жаралған Тұлпаркөк тер шыққан сайын қарыштай түсті. Түс ауа Жолдыөзек деген жерге таяғанда, алдындағы екі қараны көрді. Бұл — Ноян мен Құралай еді. Қос күрең қанша жүйрік болғанмен, тоқ күйінде ұзақ шабысқа шыдамай, оптығып, болдыра бастаған. Қыз бен жігіт арттарынан құйғытып келе жатқан жалғызды байқады. Батыр Баян екенін айтпай таныды. Атының шапқан екпініне қарап, батырдың қатты ашулы екенін де ұқты.
— А, құдай, құтқара көр! — деп, Құралай тебіне түсті.
Екеуі жарыса шауып, Жолдыөзекке таяп қалды. Бұл бір бақытсыз жер еді. Құнарсыз, сортаң. Бұл арада бұрынды-соңды талай адамның қаны төгілген. Сол себептен де бұл өзекті Асан Қайғы «Жолдыөзек» демей, «Қандыөзек» деп атаған. Осы жаман атынан шошып Атығай руы соңғы кезде бұл араны жайламайтын болған.
Осы Қандыөзекке келіп қалғанын көрген жас Ноян бір сұмдыққа душар боларын сезді. Қашқанмен құтылмасын байқады да, атының басын тежеп, тоқтай қалды.
— Құралай, ең болмаса сен құтыл! — деді ол Жоңғар қызына. — Тоқтама, шаба бер, не болса да өзім көрейін…
Ноян атынан секіріп түсіп, ағасына қарсы жүрді. Садағын кезене ананың шауып келе жатқан түрінен шошынып, жас жігіт қалтырап кетті.
— Көке, кешір! — деді көзі жаутаңдап, ағасы арқан бойы таяғанда.
Бірақ дәл осы сәтте атының басын тартпастан құйғытып жетіп келген ашулы Баян ызаға шыдай алмай, қыпшақ садағын тартып қалды. Башқұрт тәсілімен істелген сүйір ұшты сауыт бұзар қайың жебе жас Ноянның дәл жүрек тұсынан кеп қадалды, жас жігіт тіл қатуға да шамасы келмей ұшып түсті.
— Көкежан, не істедің? — деп, Құралай атының басын бұрып қайта шапты.
Екі көзі қанталап кеткен Батыр Баян үзеңгісіне шірене беріп, садағын екінші рет тартты. Ноянның тұсына жетіп қалған қыз ат үстінен қалпақтай ұшып сүйген жігітінің жанына сылқ етті. Қызып алған Тұлпаркөкпен орағыта шауып әзер дегенде тоқтатып, Батыр Баян да кейін бұрылды.
Күлімсіреген ишаратын жоғалтпай, боп-боз боп өліп кеткен інісін көргенде, ашумен не істегенін енді түсініп, өкіре жылап Ноянның үстіне құлады. Екі бетінен аймалап сүйіп, әлден уақытта барып басын көтерді. Екі көзден жасы сорғалап, інісінің басында тізерлеп ұзақ отырды. Тек бір заматта ғана жанында ыңырсыған дауысқа бұрылды. Бұл Құралай еді. Батыр Баянның өзіне қарағанын сезді ме, қыз ақырғы рет көзін ашты. Бір кезде берген анты есіне түсті ме, Батыр Баянның егіліп жылап отырғанын көріп, қыздың көзінде бір ұшқын жалт етті де сөне қалды. Ол енді ешбір кексіз, ашусыз, Баянға жалбарына қарады.
— Көкежан, — деді үнін әзер-әзер шығарып, — жалғыз тілегім, Ноян екеуміздің арамызға топырақ салмай, бірге көміп кетіңіз…
Осылай деді де, сонау талмаусырап батып бара жатқан күн көзімен таласқандай, қара жерге көмуге қимайтын қайран сұлу Құралай көзін жұмып, о дүниеге жүре берді.
Өз қолымен өлтірген қос аяулысының басында солқылдай жылап Батыр Баян ұзақ отырды. Тек таң сыз берген кезде ғана, беліндегі болат қанжарымен терең етіп көр қазып, араларына бір уыс топырақ салмай, қос бағланын жер құшағына беріп атына қонды.
Батыр Баян аулына қайтып келіп, ешкімге ләм-мим деп тіл қатпай, аһ ұрып, үш күн бойы жер бауырлап жатып алды. Тек төртінші күн дегенде орнынан тұрып, Уақ руының біраз батыр жігіттерін ертіп, Абылай шақырған Телікөлге беттеді.
… Сағынып күткен батыры келгенде, Телікөл маңайында жатқан қалың қол мәз-мейрам боп қуанды. Тек оның сүзектен тұрғандай сарғайып кеткен жүзін көріп таң қалды.
— Неге кешіктің? — деп сұраған Абылайға ғана қанды оқиғаны бастан-аяқ баяндай кеп:
— Ел намысы бір кешірмес ағаттық іс істетті, — деді.
Аяушылықты білмейтін Абылай:
— Жоғалтқаның көп болса да үкімің адал екен. Халық намысы ер құнынан артық деді, — қайғың тек өзіңдікі… Ал ата жолы бәріміздікі. Одан таймағаның — бұл бәріміздің абыройымыз.
Абылай батырдың бетіне қарамай, алыстағы көкжиекке тесіле көз жіберіп, әлденеге ойланып қалды.
— Иә, Абылай сұлтан, сіз әділетін айтып тұрсыз, — деді Баян күрсініп, — бірақ менің жүрегімде жазылмас жара қалды ғой. Оның емі — тек қан төгу ғана… Қанға — қан!
— Ондай ерлікке күн ертең-ақ туады, — деді Абылай. — Ер жігіт өз жарасын әрқашан да жау қанымен жазар болар.
Абылай сол күні Әбілмәмбет ханмен ақылдасып алды да, Кіші жүз әскерлерінің келуін күтпестен, Қалден Церен қолындағы Түркістан уәлиеті мен Сырдың сонау Аралға дейін баратын төменгі жағындағы қалаларды Жоңғардан қайтып алу жорығына аттануға бұйрық берді. Бұл үшінші жыл тоқсанның екінші айының бас шенінде, сәрсенбінің сәтті күні болды. Қазақтың сол кездегі атақты батырлары мен Абылай бастаған қырық мыңға таяу қалың қол теріскейден күнгейге лап қойды.
Бұл жолғы жорық үш жүздің басының бір мол қосылған жорығы еді. Осы сапар Абылайға да үлкен абырой әперді. Қол үш салаға бөлініп, бір саласын жасы келіп қалса да әскери істе қолбасшылық тәжірибесі мол Қанжығалы Бөгенбай батыр басқарды. Бұл атақты Үмбетай жырау:
Баян аула, Қызыл Тау
Абыралы, Шыңғыс тау.
Қозы — Маңырақ, қой — Маңырақ
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдың.
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың.
Ауыр қол жиып алдырдың,
Ақ Шәуліге қос тиіп,
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгенбай
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдың, —
деп жырлаған Бөгенбай мен Қабанбайдың ерлігі ерекше көрінген жорық еді. Бөгенбай он мыңға жуық қолды басқарып, Түркістан уәлиетінің солтүстік жағына, Қалден Цереннің Ұлытауға аттанбақ болған Созақ бекінісі тұсына қарай беттеді. Қолмен бірге атақты жырау Үмбетай аттанды.
Екінші қолды Жәнібек тархан басқарды. Бұлар Сыр бойының төменгі саласына қарай сапар шекті. Жәнібек әскеріне тек қана Торғай, Ырғыз бойын жайлаған Орта жүздің жігіттері ғана емес, бұған Сырдария жағасындағы өздерінің атамекен қоныстарын қайтарып алмақ болған Кіші жүздің Шекті, Табын, Тама, Адай секілді біраз руларының өжет жігіттері қосылды. Бұл қолда сол Торғаймен шектес Сарыкеш маңындағы Уаққа жататын Тәтіқара жырау бар.
Үшінші қолды (негізгі қолды) Абылайдың өзі басқарды. Бұл сап Шиелі, Жаңақорған бойларымен кеп Түркістанның өзіне күнбатыс бүйірінен тимек болды. Бұнда қазақтың аты шулы батырларынан: Баян, Сырымбет, Жанұзақ, Малайсары, Жәпек, сәл кейінірек келіп қосылған Қабанбай болды.
Абылай қолының ас-суын дайындап, жауынгерлерінің кір-қоңын жуатын бір топ қатын-қалаш, қыз-қырқынмен бірге, Қабанбайдың Гауһардан туған қызы Назым жорыққа шықты.
Бұл жолы Баянаулада Бұқар жырау сырқаттанып қалып қойды. Оның орнына жазда Абылайдан Ботақан мен Жанайдың құнын өлеңмен сұраған он жеті жасар Көтеш ақын ерді.
Жазғытұрымғы сай-саланы қуалай аққан қар суындай қазақ қолдары тарамданып, жан-жаққа қарай аттана бастады. Қазақ жауынгерлерінің жұмған жұдырықтай боп бір майдан ашудың орнына үш тарам боп бөлінуінің де себебі бар еді. Қазақ қолдары қазір едәуір күшейіп қалғанмен де, соғыс өнеріне келгенде, Жоңғар хандығының тұрақты әскерінен әлі де болса төмен жатқан. Құр ерлік, жанқиярлық, өжеттік жеткіліксіз қасиет. Әбден машықтанған өнер, әдет еткен соғыс тәсілдері керек-ті. Шиті мылтықтан басқа қаруы жоқ қазақ жігіттерін топырлатып, аз да болса зеңбірегі бар, соғыста әбден шыныққан Қалден Цереннің тәртіпті әскерлеріне қарсы қоюға Абылайдың көңілі дауаламады. Өз әскерін үшке бөліп, Қалден Цереннің әскерін де үшке бөлшектеп, жеке-жеке құртпақ болды…
Бірақ қазақ тәрізді көшпелі елдің қонтайшысы Қалден Церен Абылай қулығын бірден ұқты. Қазақтың бас күші Созақ тұсынан шығатын Бөгенбай бастаған, не болмаса Аралдың жоғарғы сағасынан, — қарақалпақтың өкпе тұсынан кеп тиісетін Жәнібек сарбаздары емес екенін айтпай түсінді. Бас күш Абылай маңайында деп ойлады ол. Бұны Түркістанның күншығыс жағына жіберген ертөлелері де анықтап қайтты. Бұл кездегі жоңғар әскер басшысы Қалден Цереннің ортаншы ұлы Цеван-Доржи Созақ пен Қазалыға көмекші әскерлер жіберді де, өзі он бес мың қолымен Абылайға қарсы аттанды.
Абылай әскерінен бұрын келіп, ол Жаңақорған бекінісін қоршай шебін құрды. Ортада жаяу жасағы. Екі бүйірінде жоңғардың жал құйрығын өріп тастаған тапал жылқысын мінген атақты атты әскері. Цеван-Доржи бұ жолы түйе үстіне орнатылған он бес жеңіл зеңбірегін, Абылайдың мың төлеңгітінен құрылған кілең ер жүрек атты әскері жүреді-ау деген жерге орналастырды.
Алдында жау шебі барын білген Абылай, енді өз әскерін жая түсті. Жаңақорған бекінісін алуды бес мергені бар Қабанбайға жүктеді, Сырымбетті оң жақ қанаты, Баянды әскерінің сол жақ қанаты етті. Әрқайсысында үш мыңнан атты әскер. Олардың соңынан сойылды, шиті мылтықты үш мыңнан сарбаздары бар Малайсары, Оразымбет батырлар. Өзі Сағымбай, Қанан, Жанұзақ секілді ерлерімен, жорыққа алғашқы аттанған он жеті жасар Жанай деген баласымен шептің дәл ортасында болды. Қарамағында аты шулы, ер жүрек төлеңгіттерден құралған мың салт атты жауынгерлері бар. Бұны басқаратын «Алтайдың ақбасы» аталған ер Сеңгірбай.
Жансыз жіберілген ертөлелері арқылы Абылай өзіне қарсы тұрған қайын ағасы Қалден Церен өліп, енді Жоңғар қонтайшысы болған Цеван-Доржи екенін білді. Абылайдың бұл әміршіге ерекше өштігі бар. Қалден Цереннен қазақ жеріне Ертіс жағынан тиюді талап еткен де — осы Чорас руымен көңілдес Цеван-Доржи. Абылай Қалден Цереннің қолына түскенде, оған өлім жазасын сұраған да — осы Цеван-Доржи. Барақ пен Әбілқайырдың өштесуіне себепкердің бірі болған да — осы Цеван-Доржи. Ал кейін Әбілқайырды өлтірген Барақты қазақтарға бермей қалып, бірақ түбі өз елі жағына шығып кетуі ықтимал деген қауіппен өткен жылы, яғни бір мың жеті жүз елу екінші жылы, у беріп өлтірткен де осы Цеван-Доржи. Рас, Барақтың өлуімен байланысты, Абылайдың алдында бақ таластырып кесе-көлденең тұрар ешкім қалмады. Сол күннен бастап Абылай Орта жүздің бірден-бір билеушісі деп саналды. Ұлы жүздің біраз рулары да бұның жағына шықты. Бірақ соған қарамастан Цеван-Доржи Абылайдың тісі көптен қайраулы еді. Ана бір жылы Әбілмәмбет хан Қалден Церен бітімге келіп, баласы әбілфейізді аманатқа Ташкенттегі қонтайшы Ордасына қалдырғанда, уәде бойынша қазақ еліне қайтаратын Түркістан мен Сыр маңындағы отыз қаланы бергізбегендердің бірі — осы Цеван-Доржи. Егер сондағы бітім іске асқан болса, бүгінгі қан төгілмес пе еді, қайтер еді. Цеван-Доржидің күткенінің өзі осы майдан болса, сол майданды бүгін Абылай ашпақ!
Ұрыс сәрсенбі күні таң ата басталды. Абылай да, Цеван-Доржи да елшілер арқылы уәделескен мезгілдерінде өз әскерлеріне «аттан» деп бұйрық берді. Көлденеңі он шақырымдай жазық далада қан төгіс қырғын тез-ақ қызып кетті. Жер дүбірлете шапқан аттар, таңғы мөлдір ауаны қақ жара ысылдай атылған садақ оғы, шиті мылтық шаңқылы, гүрсілдеген зеңбіректер. Біріне бірі қарама-қарсы сермелген қисық қылыш, бүкір алдаспандар, соғылған сойыл, батырлардың болат денесіне қырш-қырш кірген көк найзалар. Оқ тиіп, жан ұшыра кісінеген жылқы, жан тапсыра алмай ыңыранған жаралы жауынгерлер. Түс болмай-ақ майдан даласы қан сасыды. Аяғыңды басқан сайын аттан құлап жат- қан адам денелері көрінеді.
Алып майданның екі жақ шетіндегі Сырымбет пен Батыр Баян бастаған қазақ әскері қиын да болса алға қарай жылжып бара жатқаны сезіледі. Тек екі жақтың екі бас қолбасшысы тұрған майданның орта шебі мызғыған жоқ. Тағы:
— Аттан! Аттан! — деген ұран шықты.
Сол сағатта-ақ Сеңгірбай, Сағымбай, Қанай бастаған сұлтанның мың жігіті зеңбірек оғы жетпейтін қалың жыңғылды сайдан шыға сала Цеван-Доржидың тұрған төбесіне қарай лап қойған. Бірақ бір шақырымдай шапқан кезде кенет гүрсілдей жөнелген зеңбіректерден жауған жойқын оқтар дәл аттарының маңдай алдынан кеп гүрс-гүрс жарылған. Алдыңғы шептегі жүз қаралы ер жүрек жігіттер ат-матымен омақаса жер қауып, заматта арттарында келе жатқан жау- ынгерлерге бөгет болды. Көп салт аттылар алдындағы аттар мен адамдардың өліктерінің үстіне кеп құлады. Осы кезде зеңбіректер қайта гүрсілдеген. Амал жоқ, лапылдап келе жатқан қалың қол еріксіз кейін шегінді. Абылай бұйрығымен жігіттер тағы шапқан. Бұл жолы да жүзге таяуы қаза тауып, қалғаны кейін серпілді. Зеңбіректі Цеван-Доржиды бұлай ала алмайтынын білген Абылай, енді шабуыл шебін басқаша құрды. Зеңбіректерге тікелей шаппай, оны ат тағасындай қоршап, жан-жағынан анталауды бұйырды. Бірақ үш рет шабуылға шығып, ең батыр деген үш жүзге тарта ер жігіттерінен айрылған әскер не істерін білмей, тағы дағдарып қалды.
Бұған Абылай:
— Япырмай, осыншама, қазақтан жауға шабар бір еркек кіндікті тумаған ба? — деді қатты дауыстап. — Қайсың барсың?
Осы кезде топ ішінен «Абылай!» деген дауыс шықты.
Бұл ұран салған Абылайдың он жеті жасар баласы Жанай еді. Ол тебініп қап, зеңбіректерге қарай атой салды. Бірақ бұдан бұрын гүрсілдеген тажалдардан әбден үркіп қалған астындағы басы қатты кертөбел, бала жігітті жау шебіне емес, бір бүйірдегі жиде тоғайына қарай ала жөнелді. Жұрт тағы тына қалды.
Дәл осы кезде, Абылайдың зеңбіректерді қоршаған жігіттерінің оң жақ тұсынан Цеван-Доржи тұрған төбеге қарай, басында үкілі камшат бөркі бар, ақбоз атты бір қыз бала «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шыға берді. Ақбоз ат көсіле сермеп келеді. Қыздың қолында не сойыл, не найза жоқ, бар болғаны тобылғы сапты қамшы. Осынау қарусыз қыздың ерлігін көрген қызба қалың топ, енді шыдай алмады, лап қойды.
— Абылай!
— Атығай!
— Ақжол!
— Қарақожа!
— Қабанбай!
— Абылай! Абылай!
«Қабанбай» аты аталған тұста Найман жігіттері гуілдей шапқан топтың алдарында келеді. Зеңбіректер ортадағы топтың алдыңғы қатарына ғана оқтарын жіберіп үлгерді. Бірақ екі бүйірдегі сойылгерлер сапы тез-ақ жетіп қалды. Ар жағындағы жоңғар атты әскері келіп үлгергенше, түйелі зеңбіректерді түйе-мүйесімен таптап кетті.
Ақ болат сауыты жарқылдап, Жалынқұйрығын көсілте Абылайдың өзі де шапты. Төбе басындағы қонтайшы көк шатырын жинай бастады. Сөйткенше болған жоқ, Жоңғардың шаян құйрықты сары жібек жалауы шығысқа қарай шегіне берді…
Қазақ әскерлерінің тегеурініне шыдай алмай, жоңғарлардың тұтас құрған шебі бұзылып, енді майдан үзілген жеке-жеке топтардың, қолдардың айқасына айналды. Осы кезде онсыз да қызыл қанға боялған әлем бетін бұрынғысынан да қызарта түсіп, күн де батты. Екі жақ өліктерін жинап көмуге ұрыстарын тоқтатты. Бүгінгі күнгі ұрыста Жоңғар жағынан қырылған адам қазақтардан анағұрлым көп боп шықты. Осылай жоңғар мен қазақ арасындағы қанды ай- қастардың жаңа белесі ашылды. Бұл қазақ елінің жоңғар қонтайшыларын мүлдем жеңіп, атамекен жерінен қуудың ең алғашқы айқасы еді.
Абылай өз шатырына келгеннен кейін, бағанағы қалмақ зеңбіректеріне жападан-жалғыз қарсы шауып, бүгінгі жеңіске жол салған қызды іздетті. Бұл Қабанбай батыр мен қазақтың батыр қызы Гауһардан туған жас Назым екен. Бүлдіршіндей жас қыздың осыншама ерлік көрсеткеніне риза болған Абылай, беліндегі сом алтыннан соғылған жаңа белбеуін шешіп берді.
Абылай басқарған осы соғыс екі айға созылды. Қазақ әскері Жаңақорғанды, Шымкентті алып Түркістанға таяды. Солтүстіктегі Бөгенбайдан да Сайрам мен Созақты алдық деген хабар келді. Батыр Баян қолы да Талас өзеніне таяй түсті. Жәнібек батырдың да қолы Қарақалпақ жерінен жоңғарларды Сырдың жоғарғы сағасына қарай сырғыта бастады. Енді амал жоқ, Цеван-Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды. Абылайдың да бұл бітімге көнбестік лажы жоқ-ты. Үш ай бойы, Арқадағы үйлерінен алыс жерде ұрысқан қазақ жауынгерлері де әбден қажыған-ды. Жорыққа аттанған жауынгерлердің бестен екі бөлегі қаза тапты. Бұл жаңадан басын қосып, ел болып келе жатқан қазақ жұртшылығына осал соққы емес-ті. Оның үстіне Абылай бұл жолғы жеңістерін Жоңғар хандығын шын күйретудің басы деп санамаған. Қазақ хандары түгіл, Қытай боғдыханымен алысуға жарап келген жоңғар қонтайшыларының әлі де күші мол екенін ол жақсы білетін. Қысылып бара жатса Цеван-Доржи Қытай боғдыханына бас иіп, сол шекарадағы көп әскерін кейін шақырып, қазақ еліне төгеді. Тіпті єытайдан да жәрдем алады. Сонда Абылай оған ұрыстан әбден қажыған жігіттерімен қалай төтеп береді? Тағы бір естен шығармайтын жайт, күз болса келіп қалды. Ар жағында қылышын жалаңдатып қыс тұр. Шаруа жайын ойламаса да болмайды.
Абылай Цеван-Доржидың жіберген елшісін құрметпен қарсы алды. Ұзақ сөздерден кейін, Орта жүздің ханы Әбілмәмбеттің қарамағына Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент секілді үш ай ұрысып жоңғарлардан тартып алған бірнеше қалаларды қалдырып, Түркістан шаһары мен оның уәлиетін қазақ еліне тегіс қайтарып беру мәселесі алдағы уақытта тағы қаралмақ боп келісілді. Қазақ елінен жоңғар қонтайшысы алып тұратын алым-салық көлемі де әжептәуір азайтылды. Қазақ хандарының қарамағына Сырдарияның төменгі жағы мен Талас өзенінің Жаңғы қаласы тұрған жеріне дейін қайтарылмақ болды. Әрине, жоңғарлардың бұрынғы жағдайы болса, Цеван-Доржи бұның біріне де көнбес еді, енді амал жоқ көну керек. Өйткені оның арт жағында да қыс бойы ұйықтап, жаз шыға басын көтерген айдаһар тәрізді, күшейіп келе жатқан Қытайдың боғдыханы Цзинь-Лун бар…
Осындай абыройға жеткен Абылай, жан-жақтағы батырларына:
— Биылға соғыс осымен бітті. Енді аттың басын елге бұрамыз, — деп бұйрық берді.
Өзі Арқаға көшуге үлгірмей, Созақ төңірегінде қалып қойған Әбілмәмбет ханның ордасында аз күн аялдамақ болды. Хан немере інісінің құрметіне үлкен той жасап, сый-құрмет көрсетіп жатқанда, үйге асыға басып Көтеш ақын кірді, Ол үкілі домбырасын еңкілдете жылатып қоя берді. Мәз-мейрам боп қуанышқа бөленіп отырған Абылай:
— Жарқыным-ай, күйің қалай зарлы еді, сай-сүйегімді сырқыратып жіберді ғой, Жанай ұлым аман ба? — деді.
Сонда Көтеш:
Алтын күн кім қуанар батқанына,
Аққуды кім қуанар атқанына.
Жанайың жау қолынан қаза тапты,
Еліне енді жүргелі жатқанында, —
деп, жоқ жерден он жеті жасар Жанайды жоңғардың бір қарақшысы өлтіріп кеткенін хабарлайды.
Көрдей тұншығып тына қалған үй ішінде, кенет булығып өксіген дауыс шықты. Бұл Жанаймен түйдей құрдас және осы жорықта онымен жан аяспастай достасқан бала жырау Көтештің өксігі еді.
Ойын-той былай қалды. Абылай «аһ» ұрып, төсектен басын көтермей жатып алды. Жанай өліміне Олжабай жазықтыдай, осы сапарда баласымен бірге болған батырға сұлтан тіл қатпай қойды. Абылайға көңіл айтып, сонау Арқадан қаз дауысты Қазыбек би, Ұлы жүзден Төле би, Кіші жүзден Бала би келді. Бұл үш бидің келуі Абылайды Үш жүздің елі өзіне көсем ете бастағанының белгісі еді.
Сонда қаз дауысты Қазыбек:
— Уа, Абылай, Үш жүзің үш аққан өзен еді, солардың табысқан жеріндегі сен бір бәйтерек едің. Бәйтеректі дауыл ұрмас па, жапырағы оның түспес пе, бұтағы оның сынбас па? Құдай ма едің тетігін ұстаған бұл жалғанның, бұның не, бір балам өлді деп жатып алғаның? — десе, Тәтіқара жырау:
Үш жүздің баласы
Ақылдасып, сырласып,
Хан көтерсек деп еді.
Үш жүздің баласын
Бір баласындай көрмеді.
Ат құйрығын үзіңдер,
Аллалап атқа мініңдер,
Хан талау етіп алыңдар!
деген ашулы толғауын айтып еді.
— Жөн айтасыңдар! — деп Абылай басын көтерді.
Міне, осындай Ордаға бір кезде Көтеш ақын тағы кірді. Бұ жолы ол күй тартқан жоқ. Босағада бір тізерлеп отыра қалды да, көзінен жасы сорғалап, ащы дауыспен аңыратып қоя берді:
Үш жүзге уа, Абылай, қайғың аян,
Кез жетті қара бұлттан енді оян.
Тағы да суық хабар әкеп тұрмын
Өлтірді Олжабайды қашқын ноян…
Абылай басын төсегінен жұлып алды.
— Уа, жарқыным, жөніңді айтшы, не дейсің?
Көтеш ақын енді Олжабайдың қалай қаза болғанын айтып берді. Екеуі өз қостарына қайтып бара жатып, жолай әдемі бір әуен естиді. Олжабай серігінің «қазақ әні емес, қалмақ әні тәрізді. Сірә, қоршаудан шыққан тұтқындар болуы керек» дегеніне қарамай:
— Жоңғарлар болса қайтеді, қазір бітіміміз бар емес пе? — деп болмайды.
Бұлар ән шыққан тұсқа таяп келгенде, жанған отты қоршай отырған Жоң- ғардың қашқын жауынгерлерін көреді. Аттарының басын бұрып үлгірмейді. Қараңғы түнге қарап атқан садақ оғы сауытсыз келе жатқан Олжабайдың дәл көкірегінен кеп қадалады. Олжабайдың тек:
— Дүниеге келген соң өлуге де тиістісің, — деуге шамасы келді. — Амал қанша, арманда кетіп барам. Бірақ мен өлсем де менің арманым жетінші ұрпағымда бір қайталанады. Бір әулетім өзім тәрізді батыр және асқан жырау болады, — деді де көзін жұмды…
— Иә, Олжабай өлеңді жақсы көретін еді, — деді Абылай. Содан кейін төсегінен түрегеліп, сауыты мен қаруын әкелуді бұйырды.
Олжабайдың айтқаны келді. Жетінші ұрпағында тағы бір ұл туды. Халық оған арғы бабасының атын берді. Ол жас еді, бірақ асқан дарынды, тамаша ақын болды…
ІІ
Манжурлардың атақты қолбасшысы Фу Де басқарған қара құрттай қайнаған Қытайдың жаяу әскері Алтынемел қырқаларынан үшінші рет кейін асып түсті. Бүгін таң атқалы Абылайдың қалың қолы үшінші мәртебе шабуылға шықты. Осы үш шабуылдың үшеуінде де јытай әскері Іле өзені мен Алтынемел адырларының арасындағы ойпатқа жетіп, қазақ жігіттерінің тегеурініне шыдай алмай кейін қашты. Майданда қыруар өліктері қалды. Абылай «осы жолы жеңдім-ау, енді беттей алмас» деп ойлаған сайын тағы қарсы жақтағы белестен шұбырып түсіп келе жатқан Қытай әскерін көреді. Қанша қырсаң да, бітпейтін құмырсқа сынды. Оның үстіне Қытай әскерлерінің арғы жағына барып қайтқан ертөлелердің айтуы бойынша, ішкері жақтан қаптап Қытайдың екінші қолбасшысы Чжао Хойдың әскері таяп қалған көрінеді. Дені атты әскер деседі. Тұлғасы тұрымтайдай жылқы мінген Қытайдың атты әскері қазақ жігіттеріне бәлендей қорқынышты да емес-ті. Жауынгерлері ат үсті ұрысына шорқақ… Бірақ Қытайдың қаныпезер, қаттылықтарымен аты шыққан екі қолбасшысының әскері түйісе қалса, әрине, қазақ қолы шегінуге мәжбүр болады. Бұндай жағдайда Қытай әскерінен кейін шегіну деген сөз — қазақ жеріне екінші «Ақтабан шұбырынды» келтірумен бірдей. Сондықтан да Абылай төртінші шабуылға дайындалды. Қайткенмен де Фу Де мен Чжао Хойдың әскерін ойсырата жеңсе, әлі де үміт бар. Жоқ, бұ жолы Абылай жауын жеңе алмайды. Өйткені ақ түйесінің бүгінгі жатысы оған ұнамаған.
Ақ түйе кенжесі Жанай қаза тапқан жоңғар жорығынан қайтысыменен пайда болған. Қайғыдан әлі сейіле қоймаған Абылай сол күні ерте тұрып, Ақ Ордадан шыққан. Күздің қара суығы келіп қалған екен. Бір-екі күннен кейін аулы қысқы қонысы Көкшенің қойнауына көшпек. Қысты қалай өткізудің қамын ойлап тұрған Абылай кенет ауыл сыртындағы ақ түйеге көзі түсті. Мүше бітісі өзгеше, ірі, жүні сүттей аппақ, шудалары шұбатылып жерге түскен. Абылай баяу басып қасына барды. Түйе үріккен жоқ. Мұрны тесілмеген, үстіне қом салынбаған. Әр өркеші баладай. Абылай тағы таяй түсіп еді, ол тайраңдай шауып бел асып кетті… Ертеңіне таң атып келе жатқанда Абылай тағы сыртқа шықты, тағы ақ түйені көрді. Абылай жақындап еді, қашпады, үйіне қарай беттеп еді, соңынан ере жүрді. Сол қыс ақ түйе Абылайдың түйелерімен бірге болды. Қыс қандай қатты болса да, Абылайдың бірде-бір қотыр ешкісін қасқыр тартқан жоқ, қотыр тайы бораннан ығып, жылымға түсіп шығынға ұшырамады. Жұрт бұл түйені Абылайдың ырысы, киесі деп жорысты. Бұл ақ түйенің шын ғажап қасиеті кейін байқалды. Абылай жаз шыға күнгейі мен күншығысынан мазасын ала берген жоңғар әскеріне тағы қарсы аттанбақ болды. Сұлтан кеңесі Ертіс жағасының торғауытына ма, әлде Іле бойының ойратына ма, қайсысына жорыққа шығуды шеше алмай тарасты. Абылайдың таңертең өзгеден ерте тұратын ежелгі әдеті. Далаға шықса, ақ түйе орда сыртында жатыр екен. Басы күншығысқа қараған. Түйенің бұрын үнемі күнбатысқа қарап жататынын білетін Абылай кенет бір ойға келді. «Жұрт бұл түйені менің кием деп босқа айтпайтын тәрізді ғой, осы жолы ақ бураның көрсеткен жағына аттанайын». Ол осы айтқанын орындады. Жолы болып қайтты. Сол күннен бастап ақ бураны жорыққа аттанса, өзімен бірге ала шығатын болған. Ақ бура ертең ұрыс деген күні басын қай жаққа салып жатса, Абылай сол жақтағы жауына аттанатын және үнемі жеңіп қайтатын.
Ал осы жолы Абылай Арқаның бар әйгілі батырларын ертіп, Іленің жоғарғы жағынан баса-көктеп кірген Қытай әскеріне қарсы жорыққа аттанғанда, жолай ол «Абылай асуының» үстіне түнеген. Таңертең өзгелерден ерте тұрып, әскерін аралап келе жатып, ақ бураның Іленің оңтүстік бойына емес, солтүстікке қарап шөгіп жатқанын көрді.
Абылай енді жолым болмайды екен деп кейін қайтуды да ойлады, бірақ қаптап келе жатқан Қытай әскері егер алдынан қарсылық көрмесе, қазақ жерін басып алар деп қауіптеніп, «не болса да нартәуекел!» деп, келе жатқан бетінен таймаған. Үш күннен бергі ұрыста Фу Де әскерін бірнеше рет тойтарып кейін ығыстырғанмен де, жүрегінің күпті болып, өз ісіне өзі сенбей әлсін-әлсін қауіптене беруі де сол ақ бураның теріс бұрылып жатуынан еді.
әйтсе де үш күннен бері Фу Дені бет бақтырмай тұрған Абылай, Чжао Хой жетпей тұрып тағы бір қимылдайын деп, өз әскеріне кезекті бұйрығын берді.
— Батыр Баян қолын қазір кейін шегіндіріп, Іленің оң жағасындағы анау жиде тоғайына барсын, Чжао Хой атты әскері бізге қарсы аттанса, бір бүйірінен тисін. Ал Сырымбет батыр жауынгерлерін мына қырқаның арғы бетінде тасада ұстасын!
Абылайдың бұйрығын алысыменен қазақ жауынгерлері Іленің тұманды шат- қалдары жұтқандай, өзен бойындағы жиде, тал, қамысты қойнауларға кіріп көзден ғайып болды. Тек төбе бастарында барлаушылар ғана қалды. Олар Қытай әскерлерінің дабылдарын ұрып, жаңа шабуылға дайындала бастағанын естіп жатты…
… Иә, қазір қазақ жеріне жоңғар жасақтары емес, Қытайдың көк темірмен құрсанған қалың әскері келе жатыр. Қытай империясын жер шарының кіндігі деп санайтын, аспан баласы — боғдыхандар шекара деген ұғымды тіпті білмейтін. Қытай жауынгері жеткен жердің бәрі Қытайдікі деп ойлайтын. Сол себептен де Қытай боғдыханы қазақ деген көшпелі елді өзінің дегеніне біржола көндірмек боп, тоқсан мың әскерінің бетін қазақ даласына қарай бұрған.
Осының алдында ғана ұлы Жоңғар трагедиясы аяқталған. Көршілес жоңғар мен қазақты біріне-бірін айдап салып келген Қытай мен Манчжурия билеушілері енді өздеріне аянбай қимылдайтын мезгіл туды деп шешкен. Қазақ пен жоңғар бірін-бірі әбден қансыратып болды деп ойлаған. Тек енді оларға жаралы қос жолбарысты ұрып алу ғана қалған. Және тезірек ұрып алғысы да келген. Өйткені, өзінің ішкі бүліншілігін жоя алмай жатқан Россия Орталық Азияның істеріне тікелей кірісуге әлі де дайын емес еді.
Бір мың жеті жүз қырық бесінші жылы Қалден Церен өлді. Ұлы қонтайшы өлісімен оның балаларының арасында таққа таласу басталды. Бұл таласты жеңіп бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы таққа Қалден Цереннің ортаншы ұлы, нағашылары Чорас ақ сүйектеріне арқа сүйеген Цеван-Доржи сайланды. Бір мың жеті жүз елу үшінші жылдың аяғында оны өзінің туған ағасы Ламо Доржи өлтірді. Осы жылдан бастап Жоңғар мемлекетінің іші қым-ғуыт таласқа айналды. Қонтайшы тағына енді Қалден Цереннің немересі Амурасана мен Ламо Доржи қырылысты. Бұл таласты, әсіресе, Абылай жақсы пайдалана білді. Ол кейде шешесі қазақ Амурасананың қолтығына су бүркіп, кейде Ламо Доржиға аздаған атты әскер беріп, қазақ еліне әбден тізесі батқан Жоңғар мемлекетін біржола әлсіретуді көздеді. Ақырында Қытай боғдыханының көмегімен Жоңғар қонтайшысы Амурасана болды. Бірақ бұл кезде Жоңғар империясының тағдыры шешіліп те қалған-ды.
Қытай әбден жаулап алып, алтын таққа өзінің Цинь династиясын отырғызған Манчжурия феодалдары Қытай боғдыхандарының басқыншылық саясатын қайтадан жандандырды. Қытай мен Жоңғар арасындағы әдеттегі бір қантөгіс жанжалды сылтау етіп, Фу Де мен Чжао Хой генералдар басқарған Қытайдың тоқсан мың әскері Жоңғар жеріне баса-көктеп кірді. Бұл жолғы Қытай-манчжур әскерінің жорығы әдеттегі ұрысқа ұқсамады. Екі айдың ішінде Қытай императоры Цзинь Лун жіберген тоқсан мың әскер өзінен үш есе кем және бөлшектенген жоңғар жасақтарының күл-талқанын шығарды. Бір миллиондай халқын қырды. Сөйтіп бір кездегі күшті көшпелі мемлекет біржолата құрыды. Амурасана бас сауғалап қазақ жеріне қашты…
Кеше ғана өз қолымен бауыздамақ болған нағашы жұрты оны құрметпен қарсы алды. Абылай үстіне үй тігіп, алдына үйірлей жылқы салды. Бірақ көп кешікпей Амурасана сол жылы қазақ жеріне Қытайлар әкелген ұлы апат — қара шешектен Тобылда қайтыс болды.
Сөйтіп шығыстағы бір айбынды мемлекет көрер көзге құрып кетті. Жоңғар қақпасынан соққан жел қазақ даласына ұзақ уақытқа дейін жылымшы қан мен өліктің сасық иісін әкеп тұрды. Құзғын қарғалар енді сол қан иісі шыққан жаққа қарай ұшты…
Мұны көрген қазақ елі шошып кетті. Қытай мен өз даласының арасында тұрған жоңғар хандығының жоқ болып кетуінен қандай қауіп туғанын ол бірден ұқты. Енді шығысқа үрке қарады. Қытай боғдыхандары мен қазақ батырлары бұрын да сан шайқасқан. Тіпті Қытайдың Тан династиясы кезінде де қазақ елі үш жүз жыл күресіп, жеңгізбеген. Рас, Қытай әскерінің кейбір кезеңдерде қазақтың көне жері Көкше теңіз — Балқашқа дейін жеткен шағы болған. Бірақ тұрақтай алмаған. Соңдарына күйген қала, күйзелген даланы қалдырып қайтып отырған. Ал бұл жолғы Қытай боғдыханының қанішерлік қылығы өзгеше көрінді. Енді қазақ елі алыстағы аждаһаның ысқырғанын ғана емес, арандай ашқан аузынан қанжардай тістері ақсиып, өзін жұтуға келе жатқанын білді. Сол себептен де, бұрын қазақ жерінде орыс бекіністері салына бастағанына күмәнданып келген Бұқар жырау:
Шүршіт келеді деген сөз бар-ды,
Көктен түскен төрт кітап
«Енжіл» атты кәләмда,
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді ақтарып
Көмулі көрден денеңді, —
деп, Қытай әскерінің қорқау қасқырдан кем емес жауыздығын айтып, жұртты күні бұрын ұлы айқасқа шақыра бастады. Қазақ елінің басына бұл кезде тағы бір қара бұлт төне түскен. Бұл қара бұлт Қоқан хандығы жағынан келе жатты.
Ел бүлігі қашанда болса билеушілерден шыққан. Жоңғар мемлекетінің жойылуымен байланысты, Сырдың жоғарғы жағында көшіп жүрген қыпшақтардың әміршілері Нарбота би мен Ерден батыр Ташкент, Түркістан, Арыс секілді Сырдың орта тұсындағы қалалардың Қоқан хандығына көшуіне көмектесе бас- тады. Бұл қалалар жоңғар қонтайшысының қарамағынан босанса да, енді Қоқан хандығына бағынышты болар қаупі туған. Қоқан хандығы да енді Ташкент пен Түркістан уәлиеттеріне жататын шаһарларды біртіндеп басып алуға айналды. Қазақ еліне екі жаумен алысар ауыр күн туды.
Жоңғария мен Қашқарияны оңай алған Қытай боғдыханы қазақ жеріне ғана емес, тіпті Самарқант, Бұқар, Хиуа, Қоқанға да ауыз салуға баратынына Абылай шек келтірмеді. Өгізге туған күн бұзауға да туатыны күмәнсіз. Сол себептен де Абылайды, көкжал қасқырдың бір шабуынан қалмайтын Ерден мен Нарбота билердің әрекеті емес, қатерлі аждаһа Қытай боғдыханы қобалжыта берді. Ал, Самарқант, Бұқар, Қоқан әміршілеріне ақыл кіріп, бұған келіп қосылғанша, қазақ даласы айдаһардың өңешінен өтіп кетпесіне кім кепіл? Міне осыны ойлаған Абылай жаз ортасы болмай Үш жүзге ұран салып, бар әйгілі батырларын жинап, Көкше теңіз түбінен күншығысқа қарай қалың қолмен жорыққа аттанған. Ілемен жоғары көтеріліп, құмырсқадай қаптап келе жатқан Чжао Хой мен Фу Денің әскеріне қарсы жүрген.
әрине, Абылай Қытай империясын жеңе қоям деп ойлаған жоқ. Онда басқа да ой бар еді. Қазақ елінің басы қашанда сырттан жау келгенде ғана бірігетін, Абылай содан үміт етті. Кешікпей сұлтан жорамалы шындыққа айнала бастаған. «Қара Қытай қозғалса — ақырзаман болады» деп бесіктегі баласына өсиет айтып қорқытып, қазақ рулары келе жатқан жауының шын қауіпті екенін түсініп, бастары бірігуге айналды. Басқыншы жаудан аман қалудың бірден-бір жолы Үш жүз боп одақтасуда ғана екені айқындалып қалған. Сондықтан да Абылай саясатының жаршысы Бұқар жырау:
Шүршіт келсе, Сырға көш,
Ішетұғын суы бар
деп, жан сақтаудың жолын ғана айтып қоймай:
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан суға шүйгумен,
Көлден көлге қоныңыз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін.
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, —
деп ел бірлігіне шақырды. Ел бірлігі — жау бетіне ұстар қалқан. Қытай әскерінің қазақ жеріне кіруі, қазақ ұғымында — ордалы жыланның келуімен тең. Осындай жағдайда ақ түйенің майдан ашылар жаққа қарамай қырындап жатуы жұртқа түсініксіз-ақ. Бұл қандай ырым? Бұның сыры тек әзірше Абылайға ғана аян…
… Қыр басында тұрған Абылай енді Бұқар жырауға бұрылды.
— Жырау, бүгін ақ түйенің қырын шөгіп жатқанын көрдіңіз бе? — деді ол, — жамандықтың белгісі болмаса нетсін…
Бұқар жырау Қытай әскерлерінің төртінші рет шабуылға шыққанын қарауда еді. Қара құрттай қаптап келеді. Бір қазаққа жиырма Қытай жабылғалы келе жатыр. Басым күшке шыдай алмай, қазақ қолының бір жақ шеті жапырылып кейін шегіне түскенін Бұқар жырау жаңа аңғарды. Бірте-бірте қазақ әскерінің халі қиындай берді. Өмір бойы ішер асқа жарымай өткен, бірақ өз әміршілерінің зорлауымен соғысқа әкелінген Қытай әскері шабуылға шыққанда өлген тірілгендерін білмейтін. Әлде қорлық өмірден өлгендерін артық көре ме, қарсы жауған оққа кеуделерін тоса, үнемі алға ұмтылатын. Осыны көріп тұрған Бұқар жырау Абылай сұрағына асықпай жауап қайтарды.
— Қасқырдан қорыққан қойшыдан жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе, ең алдымен өзіңе-өзің сен. Әйтпесе бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.
— Көңілімде бір күдік бар. Одан қалай құтылам?
— Жеңетініне сенбей майданға шыққан қолбасшының өмірі ұзақ болмайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар…
— Ол қандай ем?
— Ажал.
— Ажал?
— Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден де құтқарады, — деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын көрсетті. — Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың.
Абылай бұған бір ауыз сөз айтқан жоқ. Жалынқұйрығын тебініп қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнелді.
Бұқар жырау атынан түсті. Мойнына белбеуін салып, бір тізерлей отырып, алласына «ақсарбас» айтып, жалбарына бастады. Әрине Бұқар жыраудың құдайға бағыштаған сөзін діни адамдардың біреуі естісе, «құран сөзін қор еттің!» деп сөгер еді, өйткені, оның аузынан құдайға жалбарынудан гөрі, ұран шақыруға ұқсас, ереуілді жыр тізбегі ағытылып жатқан.
Абылайдың жалғыз шапқанын көрген қазақ жігіттері шегінуді тоқтатып, жауға қарай лап қойды.
— Абылай! Абылай!
— Аруақ! Аруақ!
Таудан құлаған тастардай, өлген-тірілгендеріне қарамаған садақшы, найзагер қалың қол алдарындағы шәрке табанды, қара қалпақ, қара шапанды жаяу әскерінің алдыңғы шебін күл-талқанын шығарып, кейін қуа бастады.
Қайтып оралған Абылай Бұқар жырауға:
— Қолбасшыға күптенудің серік емес екенін енді ұқтым! — деді.
Бүгінгі жеңістен рухтанған Абылай ертеңіне де шабуылды өзі басқармақ боп, сауытын киіп, әскер алдына шыға беріп еді, Бұқар жырау:
— Ажалмен ойнама, сұлтаным. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ рет сынады. Бүгінгің артық! — деді.
— Ер жігіттің серігі тәуекел демеп пе едің, Бұқар аға?
— Жүз тәуекелдің бір тәубесі болар. Кешегі тәуекеліңе бүгін тәубе ет.
Абылай бірдеме деп келе жатыр еді. Бұқар жырау:
— Қазақта Абылай біреу-ақ, ал Қытайда Пуделер көп, — деді қолын жоғары көтеріп, — құдай менің тілегімді күнде бере береді дейсің бе, жетер енді!
Жалпы көшпелі елдердің салты бойынша жырау, ақын дегендердің қадірі халық алдында өте жоғары бағаланатын. Жырау арқылы ру көсемдері өздері бағынышты хан, сұлтандарға өкпелерін де жеткізетін. Бүкіл ел-жұртының мұң-мұқтажын жоқтаған мұндай жыраулармен ең тегеурінді хандардың өздері де санасатын.
… Бүгінгі ұрыс кешегіден де қиынға түсті. Өлген, тірілгеніне қарамай, Қытай сыпайлары әміршілерінің бұйыруымен үсті-үстіне шабуылға шықты. Құлынжалды садақтарын шірене тартқан қазақ жігіттерінің жебесінен алдыңғысы оққа ұшса, артындағылары өліктерін басып өтіп, алға қарай ұмтыла берді. Қытай әскері қазақ жігіттерін тағы да ығыстыра бастады. Осындай бір шабуылда, қызып кеткен Бұқар жырау:
— Кеше құдай он тілегімді бергенде, бүгін бір тілегімді бермей ме? — деп жау шебіне қарсы шаба жөнелген. Абылай «тоқта» деуге де үлгермей қалды. Бір заматта Бұқар оң қолының қарынан оқ тиіп, өз кісілерінің жанына әзер жетті. Бұқарды Абылай елге қайтарып, қасына енді Тәтіқара жырауды алды.
Абылай тұрған қыземшек биік шоқының басынан көз жететін адыр-қырқа беттері тегіс көрінеді. Оның қасында қазір төрт-ақ адам бар: Қанай, Бекболат, Тәтіқара және Сырымбет батыр. Өзге батырлардың бәрі де майдан даласында.
Қырағы көзді Абылай арғы белестен тағы бір лек Қытай әскерінің төмен түсіп келе жатқанын көрді. Құдайға шүкір, әйтеуір әлі Чжао Хойдың көк найзалы атты әскерінің шаңы шыққан жоқ.
«Бүгін кешегідей емес шабуылдары анағұрлым бәсең, сірә Чжао Хойдың атты әскерін күтіп тұр-ау, — деді ішінен Абылай, — бәлендей қауіп туа қоймас».
Абылай күнбатыс жаққа бұрылды. Таң атқалы уақыт мөлшерін де байқамапты, күн бесіндіден еңкейіп бара жатыр екен. Бірдеме айтпақ боп ол енді Қанайға қарай беріп еді, кенет басындағы қалпағы анадай жерге ұшып түсті. Абылай жалт бұрылды. Қалпағы жерде жатыр. Тазқараның тайлақ жүні қадал- ған жеріне қағаз байланған қозы жаурын садақ оғы қалпақтың дәл айыр ұшына кеп шаншылыпты. Абылай жылдамырақ қимылдап қалпағын жерден өзі көтерді. Қағазын жұлып алды да, жебені лақтырып жіберіп, оқ тескен қалпағын айналдыра қарап шықты. Егер жебе төрт елідей төмен тигенде, Абылай сұлтан бұл дүниеге жоқ екен.
— Япырмай, қандай мерген еді! — деді ол кім болса да қалпағына дәл тигізгеніне таң қалып. Сөйтті де қолындағы қағазға көз жүгіртті. Әдемі әріппен әлдекім: «Абылай, сақ бол, бүгін түнде күзетші бір жақының сені өлтірмек. Қайсы екенін анық білмеймін» деп жазыпты. «Оқ сол жағымнан атылғандай болып еді, кім де болса, өз әскерімнің ішіндегі бір дос-жар кісі жазған болды», — деді Абылай ішінен, қағазды ұп-уақ етіп жыртты да лақтырып жіберді.
Абылайдың қағазды оқығанын көріп, сұп-сұр боп түсі қашып кеткен Бекболат би:
— Жақсылық па, жарқыным? — деді.
— Жәй әшейін… Жауды қашан жеңеміз деп сұрайды. Сірә ұрыстан шаршаған біреу болар.
әрине, Бекболат Абылайдың сөзіне сенген жоқ, бірақ одан әрі қазбаламады.
— Мерген-ақ жігіт екен…
— Айтпаңыз.
Абылайдың бағы өскен сайын қасы да көбейген. Оған бүгінгідей садақ оғы жасырын жерден талай рет атылған-ды. Түбі Абылай хан бола қалса, қарамағындағы елдеріне биліктерінің бұрынғыдай жүрмейтінін сезетін бақ күндес төре тұқымдары да оған жамандық ойлай бастаған. Бұны білетін Абылай жанына халыққа қадірі бар батыр, жырау, шешендерді көбірек жинауға тырысқан.
Абылайға қарсы бидің бірі Бекболат еді. «Хатта не жазылыпты?» деп ол босқа сұраған жоқ-ты. Әкесі қаз дауысты Қазыбектей емес, Абылай дәрежесінің бұлай көтеріле беруін ұнатпайтын. Және өзінің қарсы екенін жасырмайтын да. Тек ел шетіне жау келе жатыр дегенді естігеннен бері ғана райынан қайтқан. Қазір қазақ елін тағы бір апаттан алып қалу үшін Абылай секілді ер жүрек, табанды адамның соңынан еруді Бекболат мақұл көрген. Қорқынышты хабар тараған күннің ертеңінде өз жігіттерімен Абылайдың жасағына келіп қосылған. Ал сол Абылай Бекболаттан сырын жасырып тұр. «Ол қағазда не жазылды екен? Сұлтан соншама неге сұрланып кетті?» Абылай батып бара жатқан күнге тағы бір қарап қойды. Жау шебінен «бүгінгі ұрыс бітті» деген дабыл үні естілді.
— Жарайды, — деді Абылай, — бұ жолы біз шүршіттердің дегеніне көнейік. Бүгінгі ұрыс осымен аяқталсын…
Қазақ дауылпаздарының дүңкілі де кең даланың үстінде қалықтай жөнелді. Сол-ақ екен екі жақтың әскері екі бөлініп, кейін қарай серпілді. Ай туа майданға ат-арбалы өлік жинаушылар келді. Майдан шекарасында екі жақтың күзетші әскерлері бір-біріне көрінбей, жыра-сайларды бүркеніп, түнгі шептерін құрды.
Абылай өз серіктерімен шатырына қайтты. Қазақ қолдарының тоқтаған жері Іле мен Күркірек атты шағын өзеннің тоғысқан алқабы болатын. Ортада Абылайдың ақ ордасы. Жан-жағында шашырай тігілген өзге қолбасшы батырлардың үйлері… Абылай аттан түсісімен шатырына кіріп, үстіндегі сауыттарын тастап, жайшылықтағы киімімен өзін күтіп отырған қолбасшылар кеңесіне келді. Сосын мәжілісін тез өткізіп, әдеттегісінен көрі кешкі асын да ертерек ішіп, жатып қалды.
Абылайдың жорықта ерте тұру жалпы ғадеті еді. Және басы жастыққа тиісімен-ақ тез ұйықтап кететін… Абылай бүгін де сөйтті. Тек жартылай шешініп төсегіне жатар алдында керегеде ілулі тұрған қылышын қынабынан суырып алып, жалаңаш күйінде бас жағына қойды. Сосын ұйқыға кетті. Әлден уақытта кенет көзін ашты. Бағанағы қағаз есіне түсті…
Оянып алғаннан кейін бүгін күзетте кімдер тұрғанын білгісі келді, бірақ бұл ойынан тез қайтты. Алатын ажал болса алтын сандықтың ішінде жатсаң да, әзірейіл өзі табады деп ойлады ішінен. «Егер бүгінгі түн менің ақырғы түнім болса, тәуекел, оны да көрелік…»
Абылай біраз жатып тағы ұйықтап кеткен еді. Қара киімді бір дәу адам кеудесінен баса, үстіне кеп құлады. Үстінен қара бура басқандай, тыпыр еткізіп қозғалтар емес, демі бітіп тұншығып өліп бара жатыр…
— Абылай, Абылай! — деп әлдекім аяғынан жұлқылап тартқандай болды.
Абылай көзін ашты. Шалқасынан жатқан екен, бастырылып қалыпты. Үсті-басы қара терге малынған.
— Түс көрдіңіз бе? Дауысыңыз тым қорқынышты шықты ғой…
Абылай қолын жалаңаш қылышының сабына апара берді.
— Бұл қайсың?
— Мен ғой… Нұржанмын.
Абылай қылыш сабынан қолын кейін тартып алды. Бұл Қарауыл руынан алған ортаншы әйелі Қамшаттың туған інісі еді.
— Жалғызсың ба?..
— Жалғызбын… Түн бүгін тым қараңғы. Орданы айнала күзет қойдық. Мүлік екеуміз босағада тұрмыз.
— Қазір қай мезгіл?
— Түн ортасы ауып бара жатыр…
— Жақсы, әлі бір ұйықтап тұрар уақыт бар екен.
— Иә… Ұйықтаңыз…
Абылай үйде жалғыз қалды.
Ұйқысы кенет шайдай ашылды. Күні бойы болған ұрыстан әбден шаршаған еді, тынығып қалыпты; бағанағы хат тағы есіне түсті. Хат сөзі бұ жолы жүрегіне бір түрлі суық, ызбарлы тиді. «Кім екен бұл хатты жазған? Бір жақының өлтірмекші деді ғой… Қайсысы екен? Жақының дейді?.. Күзетте бүгін Қарауыл мен Атығай руларының жігіттері тұр. Олар қастық ойламаса керек-ті. Сонда қайсысы болды? Айтпақшы Нұржан есік алдында «Мүлікпен екеуміз тұрмыз» деді ғой. Жоқ, ол башқұрт болғанмен, оны маған Қарасақалдың өзі жіберді емес пе… Бірақ шынында солай ма екен? Расымен Қарасақалдан келді ме екен? Бұны мен Қабанбай батырдан неге сұрамадым?»
Қарасақал бір мың жеті жүз қырқыншы жылы Россия патшалығының отаршылық саясатына башқұрт халқын қарсы көтерген қайраткер еді. Патша әскері бұл көтерілісті аямай басқан кезінде, қазақ даласына қашқан. Бұнымен бірге қазақ жеріне келген башқұрттың өзге кедей, шаруа адамдары соңынан елдеріне қайтып, Салауат Юлаевтың жасағымен бірге Пугачев көтерілісіне қосылған. Ал Қарасақал қазақ даласында қалып қойған.
Қазақ даласы он жетінші ғасырдың аяғынан бастап-ақ патша үкіметі, жоңғар қонтайшысы, јытай боғдыхандардың зәбіріне шыдай алмаған адамдардың панасына айналып еді. Құлазыған ұшы-қиыры жоқ кең дала кімді болса да жасыра алады. Оның үстіне қазақ халқының кең пейілділігі, жомарттығы, елінен айырылғандарға деген аяушылығын қоссақ, қазақ даласы мұндай жандардың екінші Отанына тез-ақ айналып кететін.
Қарасақалға да халық сондай құрмет көрсеткен. Ең алдымен Кіші жүз арасында, кейін Қарқаралы маңындағы қаз дауысты Қазыбек биді сағалап жүрді. Қарасақал бір жағынан орыс патшалығын алдамақ болса, екінші жағынан қазақ елінің Жоңғар мемлекетіне өштігін пайдаланып, өзін Сыбан Раптан өлгеннен кейін, қонтайшылыққа таласып, Қалден Цереннің қолынан қаза тапқан Шұно Дабомын деп лақап таратты. Алдымен Қазыбек, артынан Қаракерей Қабанбай Қарасақалға сый-құрмет көрсетіп, өзіне жеке ұлыс билетіп қолдарында ұстады. Кейін оның Қарасақал, Шұно деген аттарын өзгертіп, Қарахан деп атады. Қараханның Қарасақал екенін білетін орыс патшалығына да, Шұно емес екенін білетін жоңғар қонтайшысына да қазақ елі ұстап бермеді. Жоңғар қонтайшысынан зорлық көргендер енді жазықсыз қуғынға түскен «Шұно Дабоның» қарамағына қашты. Бұл кезінде Қалден Церенді қатты қауіптендірген…
Қазақ елінің өзіне көрсеткен жақсылығын Қарасақал да бос тастаған жоқ. Маңына жиналған жоңғар, башқұрт, татар жігіттерінен жасақтар құрып, қазақ қолдарына қосты. Бұл жасақтар қазақ елінің бостандығын, тәуелсіздігін қорғауға өзінің ержүректілігін, шын берілген дос екенін жоңғар, Қытай басқыншыларына қарсы күресте сан мәртебе көрсеткен. Көпшілігі жоңғар жігіттерінен құрылған Қарасақал жасақтарының қадірі, әсіресе, Жоңғар мемлекеті құрылғаннан кейін арта түскен…
Абылаймен сыйлас осы Қарасақал жақында оған өзінің Мүлік деген жігітін жіберген. Майданда Мүліктің ерлігін, мергендігін өз көзімен көрген Абылай, оны өзін күзететін жасаққа көшірткен.
Шеттері жырымдалған тулақтай ала шабыр бұлт күміс айдың бетін қымтай жапты. Жаңа ғана самаладай жарық дүние заматта қараңғылана қалды. Есік босағасында Нұржанмен қатар тұрған Мүліктің тыпыршып күткені де осы кез еді. Ол қынабынан қанжарын суырып алып, жалаңаш жүзін қолымен сәл сипап көрді. Дірілдеп кеткен жүрегін тоқтатып Ақ орда есігіне таяй түсті. Дәл осы сәтте Абылайдың ыңыранған үні естілді. Мүліктен бұрын үйге Нұржан кірді. Өзінің сәл кешігіп қалғанына өкінген Мүлік енді жалаңаш қанжарының сабын ашулана қысып, үй ішіндегі дыбыстарға құлағын тосып тұра қалды.
Мүлікті Абылай ордасына Қарасақал емес, Қоқан әміршілері Ерден мен Нұрбота билер жіберген. Жоңғар қаупінен құтылған Қоқан билері, орта жолда Абылай жасақтары тұрғандықтан, Қытай шаубылын өздеріне қорқынышты санамаған, қайта Абылайдың қиын жағдайын пайдаланып, Сырдария бойының шаһарларын басып қалуды ойлаған. Бұл ойына бөгет тек Абылай. Ал қазіргі кезде қазақ даласының саяси және әскери билігі Абылай қолында. Егер ол өле қалса, Үш жүз тағы бытырап, қазақ хандығының быт-шыты шығатынына Нұрбота мен Ерден шек келтірмеген. Халық деген не? Олардың ойынша басқаратын кемеңгері болмаса құр топыр. Енді олар Абылайдың көзін жоюға тырысты. Міне, кісі өлтіргіш сұрқия Мүлік Абылайдың ордасына осындай құпия тапсырмамен келіп еді. Егер Мүлік ойлағандарын орындап келсе, қос би оның басына жұмақ орнатпақ боп уәде берген…
Мүлік бүгін жүйрік атының басына дорба кигізіп, төрт аяғына кигіз байлап, сайға тығып қойып, іске кірісуге бел байлаған. Тек аңдығандай Нұржанның қасынан екі елі ажырамауы мұны күдіктендіре бастады.
… Оның Қоқаннан келгенін бір-ақ адам білетін. Ол әрі мылқау, әрі меңіреу, өзінің атқосшысы өзбек жігіті еді. Ол Хиуа ханы Қоқан әміршілеріне сатқан құл болатын. Қоқанда екі баласы қалған. Мүліктің неге келгенін мылқау білмейтін. Тек бүгін таңертең Қоқаннан келген шабарманның оған қағаз беріп жатқанын көріп қалған. Мүлік шабарманмен сөйлесіп тұрғанда шатырды жинап жүрген мылқау қоржынға тығып қойған сол қағаздағы «тездет» деген сөзді оқыған болар деген ой Мүліктің денесін кенет дірілдетіп жіберді. Бірақ сол сәтте «қойшы, әрі мылқау, әрі саңырау құл қайдан хат танысын», деп өзін-өзі басты. Бірақ қорыққанға қос көрінеді, күдік алған көңіл қайтадан қобалжи түсті…
Ол осылай не істерін білмей, мазасы кетіп, әбігерленіп тұрғанда Ақ ордадан Абылайдың өзі шықты. Мүліктің жүрегі жиі-жиі соқты. Абылайдың бойшаң тұлғасы ай сәулесіне бөленіп, бұрынғысынан да ұлғайып, айбарлана түскендей. Бірақ Мүліктің әккі көзі оның қарусыз екенін бірден шалып қалды.
— Азырақ ауа жұтқан жөн болар! — деді Абылай кетіп бара жатып, артына бұрылып қарамастан.
— Жақсы, соңыңыздан мен ерейін, — деді Мүлік, сосын Нұржанға бұрылды, — Нұреке, Орда есігін сіз күзетіңіз… Біз жоқта үйге біреу-міреу кіріп кетіп жүрмесін…
Абылайдың езу тартып кекете күлімсірегенін Мүлік көрген жоқ. Ол қолындағы шиті мылтығы мен беліндегі қанжарын шешіп алып, Орда қабырғасына сүйеді. Қарусыз қолбасшы дәретке барарында соңынан еретін күзетшінің де қарусыз болуы ежелден келе жатқан тәртіп.
Абылай таң қараңғысына көзін сәл үйретіп тұрды да, Ордасының оң жақ іргесінен екі жүз қадамдай жердегі сайға қарай аяңдады. Арт жағында ілби басып Мүлік келе жатыр. Кенет ол ышқырындағы алмас пышағын қынабынан суырып алды. Абылай сәл кідірді.
— Мынау ағараңдаған не?
— Өзіңіздің ақ бураңыз ғой…
— Жарықтықты кешеден бері көрген жоқ едім, күндіз Орда маңында бол- ды ма?
— Иә, кешке таман бір көргенімде алдыңыздағы сай жағасында тұрған-ды…
Бұлар таяған кезде ақ бура орнынан түрегелді. Абылай оның қалай қарап жатқанын аңғармай қалды.
— Жарықтығым, барсың ба? — деп жанынан өте берді. Ол сайдың қабағындағы қалың бұтаға қарай аяғын бірер басты да, арт жағынан «Алла!» деп бір-ақ рет бақырып қалған дауысты естіп, жалт бұрылды. Дауыс адам айтқысыз үрейлі шықты. Абылайдың жалт қарағанда көргені — өзінен бес қадамдай жерде Мүлікті желкесінен тістеп ап, жерге алып ұрып, аяғымен тарпып-тарпып жіберіп, үстіне шөге берген ақ бурасы болды. Дауыс шыққан жерге Нұржан да, өзге күзетшілер де жүгіріп келген.
— Уа, не болды? — деді Нұржан даусы дірілдеп. — әйтеуір, өзіңіз аман- сыз ба?
Абылай ақ бураны көрсетті.
— Күзетші Мүлікті ақ бура басып қалды. Қазір астында жатыр.
— Ойпырмай, не дейсіз. Ой, жануар… — Нұржан бураға қарай тұра ұм- тылды.
— Тиме! — деді Абылай ақырып. Нұржан кілт тоқтады. — Несі қалды дейсің.
Жұрт не істерін білмей тұрып қалды. Әлден уақытта ақ бура түрегелді де қара түнге кіріп жоқ болды.
Бір жас жігіт шақпақ тасын ұрып, от тұтатқан. Лап етіп жанған кепкен қурайдың жарығы қанды оқиға болған жерге түсті. Жұрт мылжа-мылжасы шыққан Мүліктің денесі мен қасында жатқан түсі суық жалаңаш қанжарды көрді. Мүліктің тісі ақсиып кеткен. Сықылықтап күліп жатқан адам тәрізді… Оның қылышы мен садағын тастап кеткенін көрген Нұржан бір сұмдықтың бола жаздағанын енді түсінді.
— Япырмай, ә… — дей берді. — Ақ бура болмағанда… мына сұм сізді өлтірмек екен ғой..
Абылай үндеген жоқ. Аяғын саспай басып Ордасына кіріп кетті.
Аңыз бұл оқиғаны бізге осылай жеткізді. Тек ажалдан құтқарылған Абылай, Мүліктің «соңыңыздан ерейін» деген сөзін естігенде, күлімсіреген жерін ғана аңыз айтпайды.
Ал сұлтан болса, Ақ ордаға кіріп бара жатып, кешегі хатты өзіне кім жаз- ғанын ойлауда еді. Ол хаттың шетінде «Мүлік» деген, көзге көрінер-көрінбес сөз де бар-ды. Дос адам шынын жазған екен. Оны ақ бура айқындады. Абылай Ордасының есігін аша беріп тағы күлімсіреді. «Кісі алатын бір бура он күзетшіге татиды екен-ау».
… Күндегі уақытынан сәл кештеу оянған Абылайға таңертең күзетшілері мылқауды алып келді. Абылай екеуі оңаша қалған. Өзбектің тұнжыраған бетіне ұзақ қарап отырды да, қолына бор алып, жанындағы дөңгелек столдың бетіне араб әрпімен:
«Кеше менің басымдағы қалпақты атып түсірген сенсің бе, жігітім?» — деп сұрады.
Мылқау борды алып жазумен жауап қайырды.
«Менмін».
«Мергендігің үшін көп рахмет!»
«Рахметті ең алдымен жазмышыңа айт».
«Мүлікпен екеуің қайдан келдіңдер?»
«Қоқаннан…»
«Кім жіберді?».
«Ерден мен Нұрбота билер».
«Қандай шаруамен?»
«Қоқан билері сенен қорқады».
Абылай «жақсы» деп, басын изеді. Ол түрегеліп еңгезердей өзбек құлына өзінің керегеде ілулі тұрған құндыз жағалы шапаны мен камшат бөркін кигізді. Серіктеріне құлды өзінің қағаз көшіретін хатшысы етіп алатынын айтты. Көп кешікпей Қоқан жағына Абылайдың бес жігіті жүріп кетті. Олар өздерімен тілектес саудагерлер арқылы, мылқаудың құлдықта жүрген екі ұлын сатып алуға тиісті еді…
… Күн ұясынан көтеріліп те үлгірген жоқ, Жоңғар қақпасының бергі бетінен дүркін-дүркін айқай-шу естілді. Қытай жағына жіберген Абылайдың ертөлелері, түнде Фу Де мен Чжао Хойдың әскерінің қосылған хабарын алып келді.
— Келген күштің негізі атты әскер, — деді барлаушылар. — Аттары да бұрынғыдай емес, қазақы жылқы. Шамасы, Қашқария мен Ұлы жүз ауылдарынан тартып алған секілді…
— Дегенмен жаяу әскері көп қой, — деді Абылай барлаушылар жасағының бастығы Сеңгірбай батырға қарап, — дәл бүгін олар майданға шыға қояр ма екен, қалай ойлайсың…
— Жоқ, бүгін олар ұрысқа шыға алмайды. Алыстан шаршап келді ғой. Ал кешегі соғысқа қатынасқандары олардан да жаман шаршаған. Түнде екі мыңға жуық өлік жинапты, оңай ма… Ал қазір олар қазан көтеріп, тары орнына, бүгін екі есе етіп күріш салып жатыр… Бұнысына қарағанда Чжао Хойдың әскерінің аман-есен жеткенін тойламақ тәрізді. Бізге қарсы тек шамалы қалқан қоймақ ойы бар.
— Жақсы, — деді Абылай. — Менің Ордама мың басы батырларды тегіс шақырыңдар…
Сеңгірбай алдыңғы шепке кетті. Жан-жаққа қолбасшы батырларды жинауға шабармандар жөнелді.
… Абылай Ордада жападан-жалғыз отырып, қалың ойға шомды. Ертең таңертең не істеу қажет, соны бүгін шешуі керек. Абылай қалай шешсе, таңертең ақ бура солай қарап жататын болады.
Қырғын ұрыс басталғалы, міне бірнеше күн өтті. Қырылған шүршіт бізден он есе көп дейік, бірақ Фу Де ме Чжао Хойға ол дым да емес. Ал қазақ еліне келсек… «Ақтабан шұбырындыдан» бері әлі бұрынғы санымызға жете алмай келеміз. Бізге әрбір жігіт қымбат. Жарайды, Фу Де мен Чжао Хойдың осы екі қолын жеңсін-ақ, сонымен соғыс біте ме? Қытай боғдыханы үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы қолын жібереді… Жоқ, қазір қазақ елінің Қытайдың мың басты айдаһарына қарсы тұра алар дәрмені жоқ… Ол айдаһардың қолына түскен қазақ рулары әзірге шыдай тұрсын…Тірі қалу үшін суыр болып жерге кіріп, таутеке боп құзға шықсын, әйтеуір, құрып кетпеудің жолын іздесін… Ал, қазір біздің борышымыз неде? Шүршітке қазақтың оңай жау емес екенін көрсетіп, әскерімізді аман-есен елімізге қайтаруымыз керек. Шүршіт соңымыздан қумақ болса, сонда көрсін біздің күшімізді. Әрине, ақылы су боп кетпесе бізді қумайды… Қумаса теңбе-тең түскен боп айрыламыз…
Ал әскерімізді қайткен күнде де аман сақтауымыз қажет. Қоқан билері Мүлікті босқа жіберіп отырған жоқ қой. Олардың ойы ап-айқын: шүршіттер қазақ жауынгерлерін қырып жатқанда, сұрқия Мүлік қазақтың болашақ ханын өлтіреді… сол кезде Қоқан әміршілеріне кім қарсы тұра алады? Баз баяғы қазақ елін талан-тараж етіп, талап алмақ. Әрине, қоқан билері өздеріне ең қолайлы жерлерді күні бұрын белгілеп қойғандары да мәлім, әйтпесе Арал теңізі тұсында олардың жасақтары текке көрінбесе керек-ті. Шүршіт шапқыншылығы олардың ойына да келер емес. Алла-тағала өзінен өзі сақтап қалатындай көреді. Шүршіт пен Қоқан әмиратының ортасында қазақ қолдары тұр. Надир-шахтың Хиуадағы құлдары да Қытай айдаһарының бар екенін естерінен шығарған. Бар айналдыратыны қазақ елі. Бізге тиіспеген, көз алартпаған бір күндері жоқ. Қытай боғдыхандары алда-жалда қазақ әскерін құрта алса, шүршіттен бұлар аман қала ма? Өгізге туған күн бұзауға да тумай ма? Иә, сөйтеді. Ал, кенет олар бізбен біріккен күнде де, Қытай айдаһарына Қоқан мен Хиуа да төтеп бере алмайды… Сондықтан әзірге…
— Бүгін түнде біз кейін шегінеміз, — деді Абылай, батырлар әскери кеңеске жиналып болған соң, — артымызда қуғыншыларға төтеп беретін болмашы қалқан ғана қалады.
Үй іші тына қалды. Ызыңдап ұшқан масаның дыбысы ғана естіледі. Батырларда үн жоқ…
— Бұнымыз қашу ғой! — деді Қаракерей Қабанбай ұнатпаған пішінмен.
— Иә, солай десе де болады, — деді Абылай саспай. — Бірақ бұл қазақ батырларының ажалдан қорқып қашуы емес. Әскерін сақтаудың амалы.
— Бұған біз түсінерміз-ау, — деді қанжығалы Бөгенбай, — соңымыздан ерген жұрт не дейді?
— Дер кезінде шегінбесек, енді жиырма күннен кейін, тек сіз бен біз ғана тірі қалармыз. Оның өзі де неғайбыл, — деді Абылай, — өлік жинаушылар кешегі айқаста жеті жүз кісі өлді деген хабар әкелді. Алдыңғы күні алты жүздей жігіт қаза болды… Күнде осындай шығын етсек санаңдар, қанша күнге жетеміз?..
— Абылай сұлтан жөн айтып отыр, — деді Жәнібек тархан қамшысын алдына тастап, — шегіну керек. Бірақ қай тұсқа барып бекінеміз? Соны ақылдасайық.
Мысқылшыл Қанай мырс етті.
— Торғайға тартамыз. Қытайдан қашсаң, ар жағында Орынбор бар.
Шүршітпен бетпе-бет кеп шайқасуды ғана білген кейбір қазақ батырларының бұл оқиғаны тереңірек ойлауға өрелері жетпей жүрген-ді. Сұңғыла Қанай көп адамның ойын айтып салған. Осы отырғандардың кейбіреуі Абылайдың Россиямен жақындасуын жөн көрмейтін. Тіпті оны айыпты санайтын. Бұлар қалай десе олай десін, Абылайдың көз алдынан жақында ғана болып өткен жоңғарлардың қанды қайғылы халі кетпейтін. Әттең не керек, жаңа әйел патша өзінің империясында не болып жатқанын әлі ұға қойған жоқ. Соның салдарынан Абылай да шүршіттің сазайын тартқыза алмай отыр.
— Жә, жетер! — деді ол ақырғы кесімін айтып, — қазақ елінің тағдырын көкпарға салатын заман емес. Көкше теңізге дейін шегінеміз. Одан әрі бармаймыз. Ал шегінген әскерге қалқан боп, өз жігіттерімен бір батыр қалсын!
Абылайдан батырлар ұйғарымынсыз үзілді-кесілді жарлық естіп көрмеген қолбасшылар не дерлерін білмей, абыржып қалды. Ешкімнен ақыл сұрамай, бұлай бұйыра сөйлеуі оның ел тізгінін өз қолына біржола алғанын аңғартқандай еді. Мұндай қылық тек Үлкен Орда ханына ғана лайықты болатын. Батырлар осылай абыржып отырғанда, Батыр Баян:
— әскер соңында қалуға мен бармын! — деді.
Абылай орнынан түрегелді.
— Онда сөз осымен бітті. Жарықтық ақ бура қалай шөгіп жатыр екен, енді соны көрелік…
Ақұрық шетінде жайылып жүрген ақ бура келе жатқан кісілерді көріп, бері беттеді. Абылай «бурашым, бурашым» деп еді, бір тізерлей барып, Көкше теңізге қарай басын бере шөге бастады…
… Екі жақтың негізгі күші түгіл қатынаспағанмен, бүгін тағы қырғын ұрыс болды. Тек ымырт жабыла, Абылайдың бұйрығы бойынша, қазақтың қалың қолы кейін шегінді. Беттерін Іленің төменгі сағасына бұрған қалың әскерді арт жағынан қорғап, өзінің таңдаулы мың атты қолымен Батыр Баян қалды. Бұлар бос жатқан жұрттың әр жерінен от жағып, әскердің шегінгенін жауға сездірмеу үшін алдамшы көрініс жасауға кірісті…
Негізгі қол Балқашқа қарай он бес шақырымдай өткенде ғана, жігіттер арасында күңкіл шыға бастады.
— Сірә, біз шегініп бара жатқан тәріздіміз ғой.
— Түн ішінде осыншама жедел жүргенімізге қарағанда, шегіну былай тұрсын, қашып бара жатпасақ нетсін.
— Қашсақ, қашып бара жатқан да болармыз. Олар тым көп қой.
— Көп деп жоңғардан қаш, Қытайдан қаш… Әбден су жүрек боп өлетін болдық қой тіпті.
— Үндеме, шырағым. Біз шегінгенмен, шүршіттің қолында қалған ел ереуіл шығарып жатыр деседі…
— Оны Абылай біле ме екен? Қашқар, Құлжадағы ұйғыр мен қазақтар бас көтеріпті…
— Бұны саған кім айтты?
— Жұрттың бәрі айтып жүр ғой…
— Бәрі дейсің бе?.. Иә, солай шығар. Жұртқа не бетімізбен қараймыз. Қытайдан қорқып қаштық дейміз бе?
— Шырағым, біздің тағдырымыз қазір батырлардың қолында. Ал батырлардың тағдыры Абылайдың қолында. Шегінсек со кісінің ақылымен шегініп бара жатқан болармыз.
— Шегінуге қанша ақыл керек? — деді, қабағы қатулы, бүгінгі ұрыста жалғыз ағасы оққа ұшқан жас жігіт. — Абылай ақылды болса жауды жеңудің жолын таппай ма?.. Қашу қатынның да қолынан келеді.
Алдыңғы жақта келе жатқан Тәтіқара жырау бұрылып кейін қарады. Ай жаңа туып, жер-дүние сәл ақшыл тартқан. Жігіттің қатыңқы қабағынан өте күйінішті екенін ұқты.
— Ауыл иті ортаға алса, көкжал қасқыр да қашып құтылуға тырысады, — деді ол жігітті жұбатып. — Асықпа, иттер андыздап соңынан түскенде ғана, көкжал қасқыр біртіндеп құртады…
Жігіт жауап қайырған жоқ. Енді біраз жүргеннен кейін қалың қол Іленің бір жалпақ өңіріне келіп аттан түсті. Әскер кешкі асын ішіп, азырақ көз шырымын алсын деп бұйырды Абылай. Заматта қостар тігіліп, әр жерде қазандар көтеріле бастады. Бірақ жауынгерлердің түрінде рең жоқ. Қашқандарына қорланғандай мойындарына су кетіп, иықтары салбырап, әр жерде топ-топ боп жиналып, күбір-күбір сөйлеседі. Абылайдан рұқсат алып, Тәтіқара мен Көтеш жырау осы жүдеген топтардың арасына барып, көңілдерін көтермек болды.
Қазақтың шырқай салған ән шыққан жерге заматта жиналатын әдеті. Бір ошақтың жанында отырып Тәтіқара «алты қырдың астынан естілетін» күшті даусымен бір айқайлап ап, термені желдірте жөнелгенде, әр жерде шоғырланып астың пісуін күтіп жүрген жігіттер, лезде сол маңға жинала қалды. Жырау осы ұрыста көзге түскен жігіттердің ерлігін айтып, жұрттың жабыққан көңілін көтеріп-ақ тастады. Енді көп арасынан:
— Уә пәле! Жігіт болсаң Малайсарыдай бол!
— Япырай, Қаракесек Қапан қандай мерген еді!
— Уа, Бөгенбай батырға кім жетсін! Алты алаштың айдары ғой!
— Ойпырмай, шүршітті қырамыз деп жүріп, көп қызықты көрмей қалыппыз ғой, Тәте-еке, әлгі жуан Қытай сыпайының қалай қашқанын қайтадан айтып беріңізші!
Тәтіқара жырау екі көзі оттай жайнап, термеге қайта басты.
Жуан қарны іркілдеп,
Қытай қашып келеді.
әзірейілдей зіркілдеп,
Жабай қуып береді.
О заман да бұ заман
Мұндай қызық кім көрген
Сан бәйгеде жүлде алған
Шабысы соққан желмен тең,
Аты шулы Кертөбел,
Қалды кейін жете алмай,
Жуан құрсақ, май басқан
Сыпай кетті құтылып,
Қашқан кезде, жігіттер,
Бұл шүршіттен кім асқан!
Осының алдында ғана иіндері түсіп, салбырап отырған жұрт мәз-мейрам боп, дуылдасып қалды.
— О, ерің-ай!
— Шіркіннің жанының тәттісін қарашы, Кертөбелге де жеткізбей кеткен.
Ошақ басы ду-ду күлкі…
… Біраздан кейін жігіттер астарына тоқымын, бастарына ерін жастанып, тәтті ұйқының құшағына енді. Бұдан мың жыл, екі мың жыл, үш мың жыл бұрын да ата-бабалары дәл осылай ұйықтаған. Ежелден келе жатқан осы көне халықтың етін жеп, сүйегін мұрнынан шығарып тастамақ боп, Қытай айдаһары қазақ даласына дәл осылай сан рет кірмек болған. Бірақ әрқашан да басқыншы жаудың күрек тісі быт-шыт боп сынып, маңдайлары тасқа соғылып, Жоңғар қақпасының тар шатқалынан әзер өтіп, талай рет кейін шегінген… Жыраулар бүгін ата-бабаларының сол ерлігін жас ұрпаққа жыр ғып толғады. Жырау сөздері миларына қонған жігіттердің түсіне айдаһарлар кіріп, кейбіреулері шошып оянып, алдаспандарына жабысты…
Олар таң саз бере, әлемді тітірете күн күркіреп, шелектеп жауған жаңбырдан оянды. Абылай бар қолын тез атқа қондырып, құйып тұрған қалың жауын- ға қарамай, жолға шықты.
Күн шыға жаңбыр басылысымен қосын буырқана ақ көбік атып, долдана тасыған өзенге кеп тірелді. Тасыған өзеннің түрі адам шошырлық, жұдырықтай тастарды шыр көбелек айналдырып қақпақылша қағады. Алдарында өткел бермес долы өзен, арттарында Қытайдың қалың әскері, жұрт дағдарып қалды. Осы кезде мың жауынгерімен Батыр Баян кеп қосылды. Қазақ жігіттері таң ата Қытай шебіне тиіпті. Бұлардың аз екенін біліп қалған Чжао Хойдың атты әскері қарсы шауыпты. Әйтеуір жер жағдайын жақсы білетін қазақ жігіттері, жұбын жазбай ұрыса шегініп, құтылып кетіпті. Қытай қуғыншылары соңдарына түсіп, тек қалың жауын басталған соң ғана кейін қайтқан көрінеді, Сөйтіп қазақтардың қашқаны Қытайларға мәлім боп қапты. Бұларды Қытайдың көп әскері қайтадан қууы мүмкін. Қауіп әр сағат сайын күшейе берді. Оның үстіне тасыған өзен қайтатын емес, арнасынан асып, бұрынғысынан да бетер құтырына бастады. Жұрт бұл араны «Күркіреуік» деп бекер атамаған екен, ақ көбік атқан толқындары гүрілдей өкіріп, адамның қарадай зәре-құтын алады. Қалың қол долы өзен мен жау әскерінің арасында қалып, қатты қысылды. Міне осы кезде Тәтіқара алға қарай суырыла шығып, домбырасын безектете, саңқылдап қоя берді.
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақ ұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда!
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Дербісәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын.
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт,
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменалы Керейде ер Жабайды айт! —
деп батырлардың аруағын қозғап, өзенге түсіңдер деп ұран тастады.
Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген. Аты аталған батырлар тасып жатқан өзенге түсуге ыңғайлана бастады. Бәрінен бұрын, үстіндегі ауыр киімін де шешпестен, долы ағысқа бірінші боп Батыр Баян қойып кетті. Абылай оған қарап тұрып: Батыр Баянның кеше шегінген әскерге қалқан боп өзі сұранып қалуынан, бүгін тасып жатқан өзенге жұрттан бұрын түсуінен, аяулы батырды айдап салып жүрген — жалғыз інісі Нояннан айрылып, әлі жазылмаған қасіреті екенін ұқты.
Батыр Баянмен ілесе аты аталған батырлар суға түсе бастады. Оларға өзге жігіттер де қосылды. Сөйтіп қалың қол аман-есен өзеннен өтті. Бұлар бергі бетке шығып, үстеріндегі киімдерін кептіріп жатқан кезде, Күркіреуіктің арғы бетінде Чжао Хойдың атты әскерінің барлаушылары да көрініп қалды.
— Өзеннің бергі бетіне бірде-бір шүршіт шығушы болмаcын! — деп Абылай тағы да Батыр Баянның мың жігітін тастап, өзі қалың қолмен алға қарай жүріп кетті.
Бірақ, бұлардың соңынан сол күні де, келесі күні де ешкім қуып келмеді. Арғы бетке жіберілген барлаушылар: бұ жақта шағын қолмен қалқан қалыпты. Ал Қытайдың басқа бар әскері өздері жақында ғана басып алған жаңа өлке — Шыңжанға қайтыпты деген хабар әкелді. Чжао Хой әскері бері қарай өтісіменен Шыңжандағы қазақ, ұйғыр қайтадан бас көтерген. Қазақ қолдарын қумақ түгіл, «байтал түгіл бас қайғының» кебіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген. Атты әскер қолбасшысымен араздасып қалған генерал Фу Де де, ел талаудағы олжадан құр қалмаймын деп Чжао Хой әскерінің соңынан кеткен. Сөйтіп қазақ даласы бұ жолы да Қытай басқыншыларының қаһарынан аман құтылды.
Бір жетіден бері жауын күтіп тынығып қалған Батыр Баян жасағы енді бір күні түнде Күркіреуіктен өтіп, Қытай шебіне қарай беттеді.
Батыр Баян ертеңіне-ақ, қас қарая өздерінің осыдан он күн бұрын тастап кеткен бекіністерінің тұсына кеп жетті. Мың жігітін төменгі қойнауындағы адыр, асулардың арасына тастап, өзі екі серігімен биіктеу бір төбенің басына шығып, арғы жақтағы ойпатта жатқан Қытай жауынгерлерінің қостарына көз жібереді. Ымырт жаңа ғана түскен, әскерлер кешкі асын дайындап жатса керек. Бүкіл алқап бойы быжынаған от… Санап көріп еді, мыңға таяй беріп жаңылысып кетті. «әр ошақтың жанында жеті-сегіз адамнан болған күннің өзінде де мынау ойпатта кемінде он мыңнан астам Қытай жауынгерлері бар-ау. Ал біз болсақ — мыңға әзер жетеміз» деді ол ішінен. Сөйтті де бір тәуекелге бел буды «ойламаған жерден тиген қолдың бірі жүзге татиды, оған тыныш жатқан елін шап- қан Қытай басқыншыларына деген қазақ жауынгерлерінің жүрегіндегі ашу-кегін қос! Тәуекел!»
Батыр Баян сол күні түн ортасы ауа, Қытай әскерлері тегіс ұйқыға кеткен кезде жауын шаппақ болды. Бірақ күзетшілер отырған бекініс-шепті оралып өтіп, ұйқыда жатқан жауынгерлердің арғы түкпірінен тиюді дұрыс көрді. Сонда ғана бұлардың күлін көкке ұшыруға болады. Батыр Баян өз ойын жігіттеріне жеткізді.
— Сіздің бұл әрекетіңізді Абылай қостар ма екен? — деді әлдекім Батыр Баянның ту сыртынан.
Бірақ Батыр Баян өз шешімін өзгерткен жоқ. Түн көзге түртсе көрінбейтін тым қараңғы еді. Төгілетін қанды жасырғысы келгендей түксие түнерген. Қытай шебіне жіберілген барлаушылар жау қостарының бер жағында терең сай бар екенін айтып келді.
Батыр Баян дереу қозғалуға әмір берді, сайдан өткенше үн шығармауға бұйырды. Іле жағасының жиделі, тораңғыл тоғайын жағалай отырып, қазақ жігіттері сайдың арғы бетіне шығып, қайтадан сап құрды. Алдарында бір шақырымдай жерде жау жатыр…
— Уа, аруақ! Ақжол ата! — деп Батыр Баян тықыршып тұрған Тұлпаркөгіне бірінші боп қамшы басты.
— Абылай!
— Қарақожа!
— Қабанбай!
Ұрандасқан мың жігіт ұйықтап жатқан жау үстінен жөңкіліп келіп қалды. Екпіндері қауға түскен өрттей жан шыдатар емес. Түнде шапқан жау қандай қорқынышты, үстеріне қазақ жігіттері, жетіп келгенде, Қытай сыпайлары не істерін білмей, қостарынан шыға, беттері ауған жаққа қашты. Көбі қара басып қарсылық көрсетпей, жан сауғалап жүргендерінде сойылға жығылды, найзаға ілінді. Бүкіл дала Қытай, манжур әскерінің айқай-ұйқайына толды.
Жер тартып аламыз деп келген Қытайдың көп жауынгерлері осы жат жерде қаза тапты. Өліп бара жатқандарында ғана, сорлылардың көз алдарында сонау туған өлкелерінің көк орманы, мөлдір аспаны, ақырын толықсып аққан мол сулы сұрғылт өзендері елестеді… Көбі «әттеген-ай, бекер келген екенбіз, сол туған жерде неге өлмедім» деп өкінді… Бірақ көк найзаның ұшыменен еріп келген ажал ешқайсысын мүсіркеген жоқ, тас құшағына ала берді…
Бұл айқаста бір мыңға таяу кісі қаза тапты. Қытай қолбасшылары әскерін тәртіпке келтіріп, қарсы тұрып үлгіргенше, қазақ жігіттері көзден ғайып болды. Бұларға тиген жын емес, адам екенін Қытай сыпайларымен қатарласа жатқан қазақ жігіттерінің өліктері ғана анықтады…
Көп кешікпей бозарып таң да атты. Жау қостарынан үш шақырымдай бүйірдегі қамысты тоғай арасына кіріп үлгірген Батыр Баян жасағы шығындарын есептеп еді, қолға түскені, жараланғаны, қаза болғаны бар, үш жүздей жауынгер жоқ боп шықты. Батыр Баянның түсі қашып кетті. Енді Іле өзенінің арғы бетіне шығып, кейін қайтпақшы боп тұрған қолға, кенет ол:
— Жау қолына серіктерімізді тастап кеткеніміз болмас. Өлсе өлігін, өлмесе жаралысын алып шығуымыз керек! — деді ызалы жүзі сұп-сұр боп, — Қытай қостарын қайтадан шабамыз!..
Жұрт үндемеді. Тек бір қартаң жауынгер:
— Осы шабуылды бізге қисаң қайтеді, Батыр Баян, — деді, — бір тәулік бойы астымыздағы аттарымыз да тыным алған жоқ. Және өзіміз де әлсірейік дегендейміз бе, қалай…
— Сонда шынымен-ақ серіктеріңді жау қолына тастап кетпексіңдер ме?
— Тірі қалғанын құдайға тапсырайық, ал өлгеніне жәрдем беру тек алла-тағаланың ғана қолынан келеді…
Тағы бір-екі жауынгер күңкілдеді.
— Құрылған қақпанға өзіміз барып түспекпіз бе?
— Кешірер бізді, шіркін боздақтар…
Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді. Бұл Тәтіқара жырау ең алғаш шегініп келе жатқандарында «Күйігіңнің кегі қайтар күн туар» деп жұбатқан жауынгер еді.
— Жігіттер, өлсек біз өлгендерден артықпыз ба? Серіктерімізді тастап кету жөн емес. Баста, Батыр Баян. Мен ердім соңыңнан!
— Анадан ұл боп туған жалғыз сенсің бе, мен де ердім!
— Мен де!
— Тәуекел, тағы бір шабалық!
— Иә, сөйткен жөн… Аты құрғыр…
— Менің атым да осы шабуылға жараса игі еді…
— Жә, болды! — деді Батыр Баян. — Аттарың жарайтындарың бері шық. Жарамайтындарың осы арада қалыңдар.
Жұрттың бәрі Батыр Баян тұрған жерге қарай шықты.
— Бәсе, менің қырандарым осылай болса керек-ті!..
— Уа, Батыр Баян, сенің бұл әрекетіңе Абылай сұлтан қалай қарар екен? — деді тағы бағанағы дауыс.
Батыр Баян тағы жауап бермеді. Атын тебініп қап алға түсе берді.
Жасақ Қытай қостарына бір шақырымдай жер қалғанша, құрақты, тобыл- ғылы ойпатпен аяңдай жүріп келді де, тізгінді қоя берді. Жер бетін ұран басып кетті.
— Ақжол!
— Абылай!
— Қарақожа!
— Бөрібай!
— Саптыаяқ!
Батыр Баян мен жаңағы қарасұр, жауынгер өзіне қарсы ұмтылған Қытай сыпайларын жайпай ұрыса бастаған кезде, аттары болдыруға айналған, ең соңғы жауынгерлері де жетті. Бұл жолы Қытай сыпайлары білте мылтықтарымен қазақ жігіттерін көздеп атып, орасан қарсылық көрсетті.
Дүние жүзі әлем-тапырық ұрысқа айналды. Қытайлар да қапы қалмады, қазақтар да аянған жоқ. Кескілескен ет, жосылып аққан қан, ата жауына қарсы өшіге ұмтылған ерлер, алдыңғы екі аяқтарын көкке көтере, найзаға кеудесін тосқан кер төбел, мақпал қара, құлагерлер…
Ұрыс күн көтерілгенше созылды. Екі көзі оттай жанған Батыр Баян жан-жақтарын тұтаса қоршаған Қытай қылыштарынан қазақ жігіттерінің екшеліп қалғанын аңғарды. Көптің аты көп, күш тең түспеген еді. Бірақ қызыл қанға батып жер құшып жатқан Қытай жауынгерлері де аз емес. «Аяулы қырандарым, өлсе де жастығын ала өлейін деген екен! — деді ол ішінен. — Бұл айқас жауымыздың есінде мәңгі қалар. Қанша өлігі жатыр. Жоқ, біз текке айқаспаған екенбіз. Біздің жерімізге шүршіттер енді аяғын байқап-байқап басар!»
Сол-ақ екен, өн бойын бір алып күш билеп, өзіне қарама-қарсы келіп қалған, есік пен төрдей қара ат мінген Қытайдың бір жалпақ бет сыпайын қайқы бел қара алдаспанмен қақ бөліп түсті. Дәл осы сәтте қолтығының астынан ұп-ұзын сүйір ұшты көк найза келіп қадалды. Көк найзаны Қытай сыпайы тағы бір ырғағанда өкпе тұсынан өткендей болды. Батыр Баян ат үстінен сырғып жерге құлай берді…
Батыр Баянның құлап бара жатқанын көрген қара сұр жігіт қолындағы алдаспанын жарқ еткізіп көкке көтерді де, құлаштай сермеп, аяулы ерге найза салған жауының басын допша қағып түсірді. Сөйтті де ат жалын құшып, арпалысып жатқан Батыр Баянды жерге түсірмей көтеріп алып, жау қоршауынан өтпек боп атын тебініп қалды.
Бұлардың соңынан қазақтың сиреп қалған жауынгерлері найза, қылыштарын кезей ұстап алға ұмтылды. Мұндай әрекетті күтпеген Қытай сыпайлары өздеріне қадалғалы келе жатқан ажалдың суық ұштарынан сескеніп, жолды аша берді. Батыр Баянның денесін алдына өңгерген қара сұр жігіт жау ортасын жарып өте шықты. Бұны көрген өзге қазақ жігіттері де, алдаспандарын жар- қылдата сермеп, жау шебін үзіп, қоршаудан өтіп үлгерді.
…Үлкен Орда ханы Әбілмәмбет пен Орта жүздің сұлтаны Абылай қатарласа отыр. Әбілмәмбет сәл жоғарылау, Абылай сәл төмендеу. Жоңғар мен Қытайға қарсы айқастарда сан жеңіске жетіп, Абылай бүкіл қазақ еліне әйгілі болғанменен, хан отырған жерде ол тек сұлтан ғана. Ал жалпы халық ұғымында Әбілмәмбет қанша хан болғанмен Абылайдан абыройы, даңқы төмен. Абылай халықты басқарады. Әбілмәмбет — Орданы.
әрине, Әбілмәмбет ханның сонау Хантағыдан жеті күн жүріп, Көкше теңіздегі сұлтан ордасына текке келмегенін Абылай жақсы біледі. Ел ардақтағанды хан да мақтаған. Абылайдың шүршітпен соғысып, әскерін қырып алмай, аман қайт- қанын қошаметтеп, ұлы тойға Әбілмәмбеттің өзі келген. Хан басымен немере інісіне алғысын айтып, батасын бермек.
Иә, бұл соғыс Абылайдың қастары ойлағандай боп бітпеді. Енді міне, алдағы уақытта қазақ елі шүршітпен соғыса ма, әлде бейбітшілік бітімге келе ме, тек Абылай ғана шешетін жағдай туды. Егер шүршітке қарсы тұрып соғыса бергенінде, бар әскерінен айрылатын еді. Әскерсіз елге кім қорған бола алады. Ал бар жасақтарымен Шыңжандағы ұйғыр мен қазақтарға барып болысып, Қытай әскерлерімен қайтадан айқасуға дәл қазір Абылайдың мүмкіндігі жоқ. Жат жерде жүріп жауды жеңу қиын. Онда бәрі де қазір ауыл шетіндегі қаралы үйде жат- қан Батыр Баянның кебін киер еді. Жоқ, Абылай дер кезінде шегінді. Ертең «Үлкен Ордаға» хан бола қалса, өзіне керек қалың қолын апаттан аман сақтап қалды. «Үлкен Орда» ханы? Абылай тұнжырап кетті.
«Үлкен Орда» төңірегіндегі сұлтан, батыр, билердің ой-мақсаттары Абылайға алақанында тұрғандай аян еді. Өздері хан болудан үміттенбесе де, Әбілмәмбет өлген күнде хан көтерсек деген адамдары әлдеқашан белгіленген.
Бақ күндес жақындары қазір Абылайдың әр қадамын аңдуда, тілейтіндері — сүрінуі. Россия қол астына кіруді жақтағанында Абылайға олар қандай айып тақпады! Кейбіреулер бұған қара халықты қарсы қоймақ та болды. Әне, анау бір тәспі тартып отырған қария «екі көрші» туралы мысал да айтқан.
«Момын шаруаға ала аяқ көршісі келіп, татулық достық үшін өгіз терісіндей жер бер деп сұрапты. «Ала ғой» депті момын шаруа. Сонда әлгі қу, өгіз терісінен таспа тіліп, момын көршісінің бар жерін қоршап алып, «осындай жер маған ауысады» деп, момынның бар жерін өзіне қалдырыпты. Сенің орыс жандаралдарың да әлгі қуға ұқсайды, — деген осы қария. — Ең алдымен бекініс салуға болмашы жер сұрайды. Соңынан оған егін, бақша салатын жерді өзі қосып алады. Артынан мұжық-төлеңгіттерін әкеп орналастырып, қазақты өз қонысынан қуады…».
Ал қазір қазақ елін шүршіт кеп жан алқымнан алғанда, енді бірде-біреуі «сен бізді кәпірге саттың, ханды да соған көндірдің» демейді. Шүршіт айдаһары жоңғардың тарғыл ырбызы емес, анағұрлым күшті. Онымен артында орыс бекіністері тұрғанда ғана жөндеп сөйлесе аласың…
Жоқ, Абылайдың қазір арқа сүйері төре тұқымы емес. Абылай жағындағылар, әне, анау халықтан шыққан атақты батырлар. Өз аттарын ел-жұртына найзасымен әйгілі еткен ата-бабасы белгісіз жаман тымақ, жыртық тон бұқара жұрт. Тілін таба білсең бұлар жетім лақтай соңыңнан ере береді…
Міне, тізесіне тізесі тие отырған, кексе тартып қалған Бөгенбай, оған таяу Еменәлі мен Жабай батыр, одан әрі Қыпшақ Дербісәлі мен Маңдай, Дулат Бөкей, Алтайдың ақбас атаны Сеңгірбай, Уақтан шыққан Сары батыр… Бәрінің де даңқы жер жарады. Соңдарынан ерген топтары да көп. Ешқайсысы Абылай берген бұйрыққа қарсы шыққан емес.
Егер Абылай «кейін шегін» демесе, осылар шүршітті жеңіп, оның табанының астында жатқан Шығыс Түркістанның біраз елін құртар ма еді, қайтер еді? Бүкіл үш жүз болып атқа қонуға әзір. Бірақ Шығыс Түркістан елі Арқа мен Сыр бойындағы бауырларынан жәрдем күтіп отырғанда, Абылай өз әскеріне «кейін қайт» деді. Өйткені болашақ «Үлкен Орда» ханына шүршітпен қазір соғысу тиімсіз болды. Ханға тиімсіз дүние, бүкіл қазақ даласына тиімсіз болып саналуға тиіс.
Басындағы қалпағын мылқау атып түсірген күні Абылайдың Алтынемелдегі ордасында екі бейшара дәруіштің болып шыққанын осы отырған адамдардың бірде-бірі білген жоқ, Дәруіштер күзетшілер арқылы Абылайға, жалғыз ғана иероглифы бар, күміс теңге көрсетті. Сұлтан дәруіштерді ордаға кіргізуді бұйырды. Ордаға кірген дәруіштердің бірі үстіндегі шапанын шешіп, басындағы сәлдесін тартқанда, Абылайдың денесі мұздап кеткен.
Сұлтан жас кезінде Қалден Цереннің қолында тұтқында жатқанда, Таш- кентке осы көсе дәруіш екі рет келген. Тәкаппар, адуынды Қалден Цереннің басын иіп бұнымен ілтипатпен сөйлесіп отырғанын Абылай өз көзімен көрген. Соңынан, осы көзі іріңдеп кеткен көсе шал ұлы Жоңғарияның құрып кетуіне себеп болған еді…
Ақ ордадағы әңгіме ұзаққа созылмады, қарт дәруіш есегіне мініп, белгісіз жаққа құрып кетісіменен, Абылай Алтынемелден Көкше теңізге дейін шегінуге бұйырған. Ертеңіне ақ бура да Көкше теңізге қарай шөккен…
Иә, Абылай сол күні-ақ осы жолды қалаған Алтынемелде шүршітті жеңу болашақ «Үлкен Орда» ханына тиімсіз көрінді. Қытай жағынан қауіп азайды десең-ақ осы отырған төре, билер басқа әнге басатыны хақ… Жау шабуылы алыстаса-ақ болғаны, саясатшыл, қызыл өңеш ділмәрлар әрқайсысы өз ұлысын бөліп алмақ боп, шарт жүгініп сөзге кіріседі, Мықтылары сойылына да жол беруге тырысады… Онда үш жүздің басын қосып, «Үлкен Ордаға» бағынған ел болуы адыра қалады… Ал шүршіт гүрзісі қазақ елінің басына төніп тұрғанда, Абылай да күшті. Мұндай жағдайда «Үлкен Ордаға» хан болуы айдан анық. Сонда барып ол Алтынемелге қайта оралады… Оған дейін Абылай өз күшін жоғалтпай, қорқау қасқырдай бұның өлігін күтіп отырған Қоқан билері Ерден мен Нұрботаға жонын көрсетіп қойып, орыс арыстаны мен Қытай айдаһарының арасында ебін тауып жүре тұрады. Екі жақ бірдей сені өзіне тартқысы келіп тұрса, тәуелсіздігіңді сақтау үшін, саған одан ұтымды жағдай жоқ. Россияның қол астына кіруді ол әлдеқашан шешкен. Ал кей істе Қытай боғдыханына да бағынышты екенін мойындаудан енді оның ештеңесі де кетпейді… Абылайды іздеп келген шал бұдан артықты әзірге тілеген де жоқ.
Жоқ, бұл ірің көзді кәрі шүршіттің арғы ойын түсінбейтін Абылай милау емес. Мыстан шүршіт қазақты¦ үш жүзін бірдей жоңғар қан жосығына ұшыратпақ. Жоңғар өлігіне тойынған шүршіт айдаһары әлі тоғын басқан жоқ. Сонау Хуанхэ, Янцзи өзендерінің бойынан Қытай шаруасын айдап әкеліп, оларды Жоңғардың тып-типыл боп күйген жұртына орналастырғаннан кейін, араны қайта ашылады. Ол тағы жаңа жемтігін іздей бастайды. Сонда ол жалмауыз аузын ашып, тағы да қазақ даласына қарай жылжиды. Сол уақытта қазақ еліне өз даласына салуға рұқсат еткен орыс бекіністері де керек болады.
Оған дейін Абылай өз жолынан таймайды. Бұл жол қиын жол, бірақ тиімді жол. Түбі Абылайды үш жүздің алтын тағына жеткізетін жол. Кімде-кім осы ұстаған жолына бөгет болғысы келсе, өз обалы өзіне, ондайлардың басын Абылай алдаспанмен қағып түсіріп отырады. Осы үйдегі ақсүйегі бар, қара сүйегі бар, ешқайсысы Абылайдың ойлаған ойына бөгет болмауға тиіс. Өйтпесе… Өйтпесе бұлар да Батыр Баянның кебіне душар болады. Абылай оны жау шебіне тегін қалдырған жоқ, өйткені Алтынемелден бұның неге шегініп бара жатқанын Батыр Баянның түсініп қалғаны Абылайға да аян еді.
…Ханның «Тағанақ» кеңесі бұл жолы әдеттегі дәстүрден тыс, өзгеше бас- талды. Басқа ақсақал, билер сөйлеп болып, Әбілмәмбет хан енді кезекті «маймене» қаз дауысты Қазыбекке бере бергенде, сөзуарлығы жоқ, сабырлы Бөгенбай батыр бақандай екі қолын алдына созды.
— Уа, тақсыр хан, — деді ол әдеттегісіндей тұтыға сөйлеп — бүгін үш жүздің бетке шығар жақсылары жиналып қалған екен, осы кеңесте менің Абылай сұлтанға қоятын бір сұрағым бар.
— Сөйле, Бөгенбай батыр!
Бөгенбай қамшысын алдына тастай салды да, енді Абылайға бұрылды.
— Шүршіт көгенінде қан жылап жатқан Шығыс Түркістандағы бауырларымызды құтқаруға біз неге аттанбадық, Абылай сұлтан? Соған жауап берші.
Он екі қанат орда іші тына қалды. Әлден уақытта Абылайдың қоңыр даусы естілді.
— Шығыс Түркістандағы елдің бас көтергенін мен білген жоқпын! — деді, адамның өңменінен өтетін өткір көзін жалт еткізіп.
«Бұл хабарды ең алдымен сен естуге тиіс емес пе едің?» дегенді әркім іштерінен ойласа да, батылдары барып сыртқа шығара алмады.
«Тағанақ» кеңесінде қазақ елі Қытаймен соғыспайтын боп шешілді. Келісім сөз жүргізгелі Қытайдың ресми елшілері келгенін Әбілмәмбет ханның өзі хабарлады. Бірақ, Әбілмәмбет ханның айтып отырғаны — Абылай сұлтанның ойы екеніне де жұрт шек келтірмеді. Шүршітпен келісім сөздің басталуына қарамай көктем шыға үш жүздің жігіттерінен үлкен қол жинау керек деген хан тұжырымы да Абылайдан шығып отырғаны белгілі еді.
— Қалың қол шүршіттерді де тежеп отырады, — деді Абылай, — Қоқан билерінің де тәубасын ұмыттырмайды. Естуімше, Ерден мен Нұрбота билер Ташкент түбіне көп лашкарларын шоғырлап жатқан көрінеді… Келер жазға дейін біз дайын тұруымыз керек. Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұзылса не себесің? Жау жағадан алғанда кермек татып не табасың? Қапылыста жинала қоюға, жер шалғай.
Үш жүздің «игі жақсылары» Абылайдың бұл ұсынысын әзер дегенде қабылдады. Өйткені Абылайдың қол астында мұндай әскердің болуы қайда апарып соғатынын олар жақсы түсінетін еді.
…Кеңес бітісімен жұрт елді-еліне тарады. Ең алдымен жері алыс Кіші жүздің сарбаздары өз мекендеріне беттеді. Содан кейін Ұлы жүздің батырларын, Орта жүздің де Торғай, Ырғыз, Баянауыл секілді алыстан келген жасақтарын қоныс- тарына қайтарып болып, Абылай енді өзінің қарамағындағы Арғын жігіттерімен Көкшетауға сапар шегуге дайындала бастады. Бұлар жүреміз деп атқа қонғалы тұрғанда, ордаға қос атты шабарман келді. Ол Әбілмәмбет ханның алдына кеп тізе бүкті.
— Хан ием, Лепсі өзенінің бойындағы он мың үй Садыр әндижан төңірегіндегі ағайындарына көшпек боп жатыр!
— Неге? Қандай себебі бар? — деді Абылай даусы қаттырақ шығып.
Найманға жататын Садыр руы Қытай басып алған бұрынғы жоңғар тайпасының жерімен шектес тұратын. Шабарман Абылайға бұрылды.
— Есің барда еліңді тап дейді Тасболат батыр. «Ақтабан шұбырындыда» қалмаққа жем болғандай, бұл Садыр енді Қытайға жем бола алмайды дейді.
— Лепсіге жеткен Қытай, әндижанға жете алмайды деп ойлай ма екен.
— Онысын білмедім. Қоқан жағынан кісі келіпті. Сендерді Қытай құртпаса, Арғын құртады деп, Нұрбота би кісі жіберіп азғырып жатқан көрінеді.
— Арғын құртқаны қалай?
— Әбілмәмбет ханды да, Абылай сұлтанды да Арғын елінің адамдары дейді.
— Сондай сөзге Тасболат батыр құлақ қойды ма?
— Құлақ қоймаса көшер ме еді? Жайшылықта салмақты Абылай күйіп кетті.
— Солай де! Арғындағы өшін менен алмақ болса, көрсетейін мен Садырға Абылайдың сойылын! — Ол есік алдында тұрған нөкердің біреуіне, — шақыр Бөгенбай мен Сырымбетті. Қонсын атқа қалың қолымен! — деп бұйырды.
Ордада бағанадан бері үндемей отырған Бұқар жырау:
— Сабыр ет, сұлтан, — деді. — Ел күйінсе де ер күйінбес болар. Бір жағы Қытайдан, қала берді сендерден қорыққан Садырды шапқанда не таппақсың? Қол жіберудің қажеті болмас, он жігіт қосып бер, ол құтырған Найманмен өзім барып сөйлесейін. Көнбесе амал жоқ, сойылыңды сосын қолданарсың.
— Жырау дұрыс айтады. — деді Әбілмәмбет хан. — Қоқан жеріне бір шаңырақты да жіберуге болмайды.
Бұқар жырау қасына он жігіт ертіп, Қоқан хандығына көшкелі жатқан, Лепсі өзенінің Балқашқа құятын сағасында отырған он мың үйлі Садыр руына жүріп кетті.
Найман тайпасының бір тармағы Садыр руы «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын Талас пен Арыс өзендерінің арасындағы Қаратау қойнауында көшіп жүретін. Әулиеатаға таяу Келтеқара арығы, Бұрындай өзенінің арғы жағындағы Үшащы қойнауы бұлардың келіп-кетімді қонысы. Бұрындай өзенінің бойында «Садыр-Мүрде» деп аталған жер — бұл рудың аталары қойылған зират еді. Сыр бойының бір қуаңшылық жылы осы рудың атақты батыры Жұмарт өзінің қарамағындағы тоғыз аулымен көшіп, жайлауға Арғын руының ата мекен жері Арғынаты тауларына барады. Арғындар бұған ана Ұлытауды жайлаған Бағаналы туыстарыңа көшіңдер деп, жер бермейді. Күшпен Ұлытаудың бергі қойнауына қуып салады. Ашу үстінде Жұмарт батыр Арғын жасағының батыры Ақмырзаны өлтіреді. Содан кейін Арқаға көшуін қойып, енді Бұрындай өзенінің бойындағы Үлкен тұра, Кіші тұра деген кіші-гірім тауларды қыс қыстауы етіп, жаз әулие етегіндегі Талас өзенінің шұрайлы қойнауын жайлайды.
«Ақтабан шұбырындыда» қалмақ қолынан тоғыз баласымен Жұмарт батыр өледі. Қырық мың үйдің он бес мың шаңырағы шұбырып, әндижан жеріне өтіп кетеді, ал қалған он мыңы Лепсі өзенінің бойындағы жоңғар Алатауының қойнауына көшеді. Сөйтіп жүргенде, Жұмарттың әлдеқалай тірі қалған Тасболат деген баласы ер жетеді. Енді әке орнына, мұнда қалған он мың шаңырақ Садырға сол ие болады. Тарбағатайдан Қытай әскері түсіп келе жатқан дегенді естісе де, ол Абылай жинаған қолға қосылмаған. Бір кезде әкесіне Арғынның жер бермегенін кек тұтып, өзін азғырып келген Ерден мен Нұрбота бидің елшісінің сөзіне еріп, әндижанға көшпек болады. Бұл хабарды көршілес отырған — Тобықты руының шабарманы әкелген.
Серіктерімен Бұқар жырау Тасболат батырдың аулына жеткен кезде, күн бесіндіге таяп қалып еді. Ел түйелерін қомдап, үйлерін жығып, көшкелі жат-қан-ды. Битке өкпелеп тонын отқа салған Тасболатқа ашуланған Бұқар жырау аттан түспей, жанындағы серіктерімен батырдың үйінің сыртынан кеп, кәрі домбырасын қағып-қағып жіберіп, айқайға басып еді.
«Садыр, қайда барасың,
Сарысуды көбелеп?
Сен қашсаң да мен қойман
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын
Қар, жаңбырдай себелеп,
Ақмырзамды өлтірдің
Ақ сойылмен төбелеп.
Уа, сен танымай кетіп барасың?
Мен Арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең
Құдандалы таныспын.
Абылай алдында бітпесең, —
Атасын білмес алыспын, —
деп Бұқар жырау, көшпе деп ақыл айтудың орнына Садыр қолынан өлген ерінің құнын сөзге тиек етіп, жырын ызғарлы үнмен тоқтатты.
Үй сыртында келіп тұрған үш жүзге мәлім Бұқар жырау екенін біліп, әлі де болса көшерін де, көшпесін де шеше алмай, үйін жықпай отырған Тасболат сыртқа шықты. Бұқардың құн сұрап келгені жай сылтау екенін әрине, бұ да ұқты. Жырауды қолтықтап аттан түсірді, үйіне алып кіріп, қошеметтеп көрпе төсеп, төрге отырғызды. Амандасып болғаннан кейін, Бұқар жырау:
— Жарқыным, бұл қай көшу? — деді әлі де сабасына түсе алмай.
— Шүршіт келе жатыр дейді ғой, — деді Тасболат ойлана, — Қашқардан қашқандар бар…
— Шүршіт келе жатса, Абылай бар емес пе?
— Арғы беттегі елді шүршіттер тып-типыл ғып өртеп жіберіпті. Құдіретті болса Абылай сонда қайда қалған?
— Арғы бетке шығып шүршіттермен соғысуға әлі ерте… Жұрт қашты деп, батыр қашпас болар…
— Қашпалық…Сонда не ұтамыз?
— Батыр Баян мұндай сұрақ бермес еді. Әне, ол халқы үшін жанын пида еткен жоқ па?
Тасболат үндемей ұзақ отырды. Әлден уақытта барып:
— Жарайды, ендеше, біз де көшпейміз, — деді.
Оның даусынан өзінің жеңілденіп қалғаны байқалды. Кім ата мекен жерін тастағысы келеді. Оның үстіне Қоқан ханының қоластына барып, көгере қоюына Тасболат күмәнді еді…
— Ал біздің жерімізге шүршіт келе жатса, Абылай бізге жәрдем қолын соза ма? — деді Тасболат Бұқардан көзін алмай.
— Бұдан былай исі қазақ Абылайдың туы астына жиналуы керек, — деді Бұқар жырау. — Абылай қол астындағы елін қорғауға тиіс. Ол қорғамаса Бөгенбай, Жабай, Сары-сынды батырлар бар. Солар қорғайды… Бұл арада сендер әзірге қазақ жерінің барлаушылары болып қала тұрасыңдар.
Бұқар бір қонып, ертеңінде еліне аттанды. Тасболат оның соңынан ұзақ қарап тұрды. Жырау сөзін ойға салды. «Исі қазақ Абылай туының астына жиналуы керек» деп қайталады ол ішінен. Жұрт Бұқар жырауды Абылайдың тіл мен көмейі деуші еді, сол есіне түсті.
ІІІ
Көкейтесті арманына жеткен Абылайдың көңілі ай-жай еді… Иә, Телікөлдің жағасына жиналған үш жүздің «игі жақсылары» оны «Үлкен Орда» ханы етіп ақ кигізге көтерген. Рас, бұл жиынға Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп руларының басты адамдары келмей қалды. Келмесе, өзі білсін! Абылайға қазір оның қандай маңызы бар? Бүгін келмегені, ертең келеді. Бүгін көнбегені, ертең көнеді. Көнбегенін ат құйрығына байлап, ақ сойылдың астына алады!
Ал қазір айбарынан сескеніп тізе бүккен қалың ел! «Ханның қаһарынан сақта!» деп жалбарынған ру басшылары…
Міне, бүгін, Абылайға осындай кіріптар болғанның бірі — Қоңыратқа жататын Божбан руы. Түркістан уәлиетін жайлайтын бұл рудың басшы адамдары жерінің жақындығын пайдаланып, Қоқан билерімен тіл табысып, Абылай қоластынан шықпақ болған. Саққұлақтары арқылы бұны біліп қалған хан, тал түсте Божбан ауылдарын шауып, басты адамдарын тұтқынға алған.
Далбасалаған ауыл ақсақалдары қайтсек Абылайдың көңілін жібітеміз деп, бар мал-мүлкін алдына әкеп тартып, қойнына ең сұлу қызын салды.
Хан қазір осы жас қызбен оңаша тігілген ақ ордада жатыр… Қоңырат етекті ел. Ұлы-қызы өлген-тірілгеніне қарамайтын намысқой келеді. Сөйтсе де қыз жеңгелерінің «Ханның көңілін таба білсең, еліміздің бағы жанғаны, ағаларыңның ажалдан аман қалғаны» деген сөзінен шыға алмаған. Жігіттердің анда-санда қалжыңдап, ақ төсіндегі тастай қатты қос анарына қолы тигені болмаса, пәк денесін әлі тірі жанға сипатып көрмеген жас сұлу сүттей адал абыройын ханға олжа етіп, елін апаттан, екі ағасын ажалдан алып қалмақ болған. Ол ұяттан екі беті оттай жанып, жүрегі торға түскен торғайдай діріл қағып, жарылып кетуге дайын тұрса да, ханның ыңғайына көне берді, денесіне хан салмағы қатты батса да, асау мінез көрсетпеуге тырысқан.
Ал бұл кезде Абылай жарлығын орындауға Божбан руының бас көтерген адамдарын хан нөкерлері алып келген. Олардың ішінде осы қыздың екі ағасы да бар. Қыз құшағында ләззатқа кенелген Абылайдың ойына кенет осы екі батырды өлтіру туралы берген бұйрығы түсіп кетті. Абылай езу тартты: «Жоқ бір қыздың қызығы үшін, ол бұйрығын бұзбайды, кімде-кім бұған қарсы тұрса осылай өледі!» Көп кешікпей ол, бөкеннің етіне тойып алып, маужырап ұйқыға кеткен жолбарыстай, тұла бойын бір рақат тыныштық билеп, көзі іліне берді.
Абылайдың қасында құты қашып үн-түнсіз жатқан қыз кенет:
— Хан ием, бауырларымның күнәсін кеше көріңіз… — деді жасқа булығып.
— Көрерміз… — деді Абылай ұйқылы-ояу.
Қос батырды өлім жазасына бұйырғаны тағы есіне түсті. «Оқасы жоқ… күні ертең-ақ екі ағаларының менің қолымнан өлгенін ұмытады. Тек хан қойнында жатқаны ғана есінде қалады».
Абылай қайтадан көзін жұмды. Бірақ дәл осы сәтте:
— Аттан! Аттан! — деген айқай шықты. Кенет қырқаны бауырлай шапқан аттардың дүбірлері естілді. Тынық түндегі оқыс дауыстар құлаққа қандай құбыжық боп жетеді, онсыз да елегізіп жатқан ауыл, үрпиісе төсектерінен атып тұрды. Үстеріне жыртқыш құс келіп қалған балапандай, бала-шаға көздерін тырналай ашып, у-шу боп жылай бастаған.
Ауыл сыртында да, орда сыртында да, анау-мынау жаудан сақтап қалар қалқаны бар екенін білсе де, Абылай да орнынан ұшып тұрды. Тақа әбігері кетіп саспаса да үнемі жоқ жерден пайда болар соғысқа үйренген әдетпен жылдам киіне бастады. Шаңырақтан түскен ай сәулесіне шомылып, нағыз бір түнгі періштедей қолаң шашы жерге түсіп не істерін білмей, үй ортасында тұрған жас сұлуға сұқтана тағы бір қарады да:
— Маған арналған өтінішің болса, күндіз айтарсың, — деді де адуындай басып, күміс сапты қылышын сүйрете ақбоз үйден шығып кетті.
— «Аттан» салған кімдер? Қайдағы жау? — деді ол орда алдында тұрған топ жігітке. Күзет бастығы баяғы Батыр Баянның сүйегін алып шыққан қара сұр жігіт, қазір ақ түсе бастаған қою келте сақалын бір сипады да:
— әзір белгісіз, хан ием, — деді сәл алға шығып, — «Аттан» салған жігіттерді ауыл сыртындағы күзет тоқтатқан тәрізді. Дәу де болса, мына келе жатқан солар-ақ шығар.
Дабырласа сөйлескен бір топ жігіт орда тұсына келіп те қалды. Күзетшілер жанында тұрған Абылайды көріп, ұзын сары шабарман иіліп сәлем берді.
— Алдияр тақсыр, жаман хабармен келіп тұрмыз, — деді.
— Қандай хабар? Айт!
— Орта жүз бен Кіші жүздің әскерлерін елдеріне қайтарып жібергеніңізді естіп, Қоқан ханы әлім атқа қоныпты. Қоқан, әндижан, Маргелан, Наманған бойын қойып, Ташкент маңындағы кешегі өзіңізді жақтаған Шанышқылы мен Қаңлы тайпалары тайлы-тайлағына дейін қалмай, соларға еріп келеді.
— Қанша найзасы бар?
— Алпыс мыңнан асар…
Телікөлдің жағасында қазақ еліне хан сайланғаннан кейін үш жүздің елу мыңнан астам әскерін бастап Абылай Қоқанға қарсы жорыққа аттанған. Он күн жан аяспас ұрыстан кейін Нұрбота бидің баласы Қоқан әміршісі әлім ханның әскерін күйрете жеңген. «Ақтабан шұбырындыдан» бастап, кеше ғана Қытай боғдыхандарымен соғысқан аласапыран кездерде Қоқан хандығына қарап кеткен қазақ руларын бостан еткен. Осы жорықтың нәтижесінде Сырдария бойындағы Түркістан, Сайрам, Шымкент, тағы басқа қалалар қайтадан қазақтардың қолына өткен. Ташкент алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болған. Бұнымен қатар бұрын Ташкент хакіміне зекет, гараж төлеп тұратын Шу мен Талас өзендерінің бойындағы және Қаратау қойнауындағы Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Суан рулары алым-салықтан мүлдем босатылған. Ал Ташкент пен әндижанның аралығында көшіп жүретін Ұлы жүздің Шанышқылы, Қаңлы рулары көптен бері сол араларды жайлайтындықтарынан өз қоныстарында, Ташкент құшбегінің қарамағында қалған. Әйткенмен, Абылайдың қамшысы батып кеткен бұл елдердің арасында қазақ ханына деген наразылық та басыла қоймаған. Сондай наразылықтың бірін Абылай кеше ғана осы арада қан-жоса етіп басқан.
Ақыры өзіне тиімді бітімге қолы жеткен Абылай «енді ұрыс жоқ, ел іргесі қоныс тапты», деп әскерінің негізгі жауынгер күші болған Орта жүз жасағы мен Кіші жүзден келген қолды тегіс елдеріне — Арқа мен Жайыққа қайтарып жіберген. Абылайдың қасында ханның өз гвардиясы есепті мың қаралы төлеңгіт пен Дулат, Жалайыр, Албан, Суан руларынан құралған бір санға жуық әскерлері ғана қалған.
«Үлкен Орда» ханының тек өз әскерімен қалғанын білген және Ұлы жүздің жігіттері Абылай жағына мүлдем шыға қоймас деп үміттенген Қоқанның жас ханы әлім дереу бас көтерген. Ташкентті алып, содан кейін Түркістанды да өзіне қаратпақ боп жорыққа шыққан.
Жағатай ұлысына қараған үш жүз жылдан бері Жетісу өңіріне жан бастырмай келген, ерлігі бүкіл Шығыс еліне аян Дулат, Жалайыр Қаңлы, Ша- нышқылы, Албан, Бестаңбалы руларын да Абылай өзімен бір болады деп ойлаған. Сыр бойын Қоңырат, Қыпшақ, Табындар қандай қорғаса, Ұлы жүздің жігіттері де өз ата мекен жерін сондай қорғайды деп сенген. Ал кенет Қаңлы мен Шанышқылы руларының қоқандықтардың азғырғанына ергені, оған Қоңыраттың да делебесі қоза бастағаны ханды қатты ренжітті.
Ташкент төлейтін алым-салықты Қоқан ханы сол маңдағы Қаңлы мен Шанышқылының мойнына салған. Және Ташкент құшбегі өз тарапынан бұл елдерге зекет, гараж мөлшерін көбейткен. Жұртқа осының бәрі Абылайға бағынудың салдары деп түсіндірген. Халықтың ереуілге шығуына осылар себеп.
— Бүлікшілер қай тұста жиналып жатыр?
— Шыршық өзенінің бергі қабағында.
Абылай ордасын жақында Бадам мен Арыс өзені түйіскен тұстағы Бөрітас деген жерге қондырған. Қазықұрттан бұл ара елу, Түркістаннан жүз шақырымдай жерде. Мұнда келген ойы Арыс бойын мекендеген Қоңырат пен Бадам өзенін жайлаған Шанышқылы, Қаңлы руларымен белдесе жақындасу еді.
— ә… Әлі көш жерде екен ғой, — деді хан, — Ташкенттен кейін олар Түркістанға қарай шығады ғой, оған жеткенше, біз де етек-жеңімізді жиып болармыз. — Абылай уақыт мөлшерін білу үшін аспанға қарады. Таң жұлдызы туып қалған екен. Аспандағы таң жұлдызы, жаңа өзі шығып кеткенде есік алдында қалған екінші таң жұлдызын есіне түсірді. Ол бұйыра сөйледі.
— Қазір Сіргелі Елшібек батырға, Дулаттың қос бөрісі Бөкен мен Сағырға хабар беріңдер. Бар қолдарымен осы Қазықұрттың етегіне тез жетсін. Албан менен Суанға да, жақын жатқан Бестаңбалыға да, бергі етектегі Жалайыр батырларына ат шаптырыңдар. Бәрі осы Қазықұрт маңына жиналсын!
— Құп, болады! — деді бас шабарман.
— Сәскеге дейін өзіміздің жігіттер де алдаспанын қайрап, дайын тұрсын! Жыланды үш кессе де кесірткелік күші бар. Қазақ әскерінің үш бөлігінің бір бөлігімен-ақ, құдай бұйыртса, Қоқанның қорқау қасқырының кеңірдегін жұлып алармыз!…
Ол қайтадан Ақ Ордаға кіріп кетті. Енді шешінген жоқ. Қылышын былай қойып, белбеуін босатты да, жүкке сүйеніп, көзін жұмды. Оң жағындағы төсектен жас сұлудың өксігін баса алмай, булыға жылағаны естілді… Жаны жай тапқандай, Абылай тағы езу тартты.
О, тағдыр!.. Расында да тағдыр — өзінің ақ бурасы шығар. Міне, қазіргі киесі — екінші ақ бура. Ең алғашқысы қартайып әбден жүдеп бір күні өзінен өзі мүлдем жоқ боп кетті, ал мынау өзгесі… «Хан киесі — осы ақ бура» бүгін тым көңілсіз еді… Мынау бүлік соған көрінді ме екен?
Рас, Абылайды қатыгез, тас бауыр дейтіндер көп. Бірақ осы «қатыгез» Абылайдың тұсында ешкім де қазақ елін кейін кетті дей алмайды. Қоқан хандығына желке жүнін үдірейте көрсетіп, айдаһар мен арыстанның аузынан ебін тауып құтылып, көкжал Абылай аман-есен өмір сүріп келе жатқан жоқ па? Ал бұның темір тегеурініне шыдай алмай, кей ру беті ауған жағына қашқысы келсе — оның да себебі бар. Абылайға бір тайпаның көрген зәбірінен, бар қазақты шашау шығармай ұстау қымбат.
Алтынемел айқасынан кейін ол өзінің ағасы Жолбарысты Қытай боғдыханына жіберген. Бұл кезде Қытай әміршілерінің арасында өзара қырғын, бақ таластық күрестер қатты жүріп жатыр еді. Абылай келіссөзге дәл осы тұс дұрыс деп тапқан. Қытай императоры Хун Ли өзіне қарсы бас көтеріп, күнде жанжал шығарып отырған Шыңжаң қазағы мен ұйғырына қазақ елі қосылып кетпесін деп қауіптеніп, қазақ ханының елшісін сый-сияпатпен қарсы алған. Абылайға князь деген ат беріп, құндыз ішік, жібек кілем тәрізді көптеген тарту-таралғыларын жіберген. Осы берілген көп сыйлықтың ішінде сол жылғы Қытай календары да бар еді. Бұны Қытай императоры, тек өздерінің мәдениетінің үлгісі ретінде ғана емес, қазақ елі бұдан былай қарай күн, ай, жыл санаттарын шүршіт есебімен жүргізсін деп әдейі жіберген. Бұ да басқа жұртқа өз әсерін тигізудің бір жолы…
Екі жыл өткеннен кейін, яғни бір мың жеті жүз елу сегізінші жылы Шыңжаңдағы ұйғыр мен қазақ көтерілісін қан-жоса етіп басқаннан соң, Қытай әскері қазақ жеріне қайтадан кірген. Бұ жолы олар Тарбағатай тауынан төмен түсіп, Көкше теңізге дейін жеткен. «Ақтабан шұбырындыдағыдай» Қытай әскерінің жолындағы бүкіл қазақ ауылдары «шүршіт келе жатыр» деп тағы босқан. Кешегі көкорай шалғын, бықыған малды ауылдардың орнына, шегірткесіне дейін желінген, өртенген орман, құлазыған қу дала қалған…
Абылай шүршітке тағы қарсы шықты. Аякөз тұсында болған қырғын соғыс-та өлдім-талдым деп жинаған әскерімді қырып алмайын деп, Қытайдың құрт-құмырсқадай қаптаған қолынан ол тағы шегінген. Осы жолғы айқаста Малайсары батыр оққа ұшты. Шегініп келе жатқан қазақ қолы оны қазір «Малайсары тауы» деп аталатын құмдауыт төбенің басына әкеп қойды…
…Хун Ли қанша қаһарын төккенмен де, Абылай Россиядан қол үзбеді. Қол үзудің орнына, жұмсақ жастықтардың үстіне қанжар тырнақты аяқтарын қо- йып мүлги қалған айбарлы арыстанға ұқсас орыс бекіністеріне жақындай берді. Ал қазақ жеріне кіре берген Қытай айдаһары, тұмсығын көкке көтеріп, күздің келіп қалғанын байқап, қандай қауіпке бара жатқанын енді сезіп, тез жиырылып кейін бұрылды да алдындағы Тарбағатай тауына қарай қайта өрмеледі…
Қытай айдаһары орыс бекіністері тізіліп қалған бұл өлкеден оңай олжаға кенеле алмайтынын тез түсінген, Бірақ сол жылы ол қайтадан жүз сексен бес мың әскерін Шыңжаң шекарасына әкеп төккен. Россияның бұған қарсы шығар дәлелінің де, мүмкіндігінің де жоқтығын пайдаланып, енді ол бүкіл Орта Азияны жаулап алмақ болды. Қандай қауіп туғанын ұққан Хиуа, Бұхар, Қоқан, Ауғанстан әміршілері өзара араздықтарын тастап, бүкіл мұсылман қауымы боп шүршітке қарсы «газауат» соғысын ашуға ұран салды. Бұл ұраннан мұсылман дініндегі Абылай да, Кіші жүздің ханы Нұралы да бас тартуға тиісті емес еді. Өзі қол астына кірген Россияның Қытаймен тату-тәтті екенін сылтау етіп, Нұралы хан «газауат» күресіне қосылмады. «Газауатқа» бірікпеуге Абылай да жол тапты. Бір жағынан бұ да Россия қол астында бола тұрып, оның рұқсатынсыз Қытаймен үлкен соғысқа бара алмайтынын ескертсе, екінші жағынан өзінің шүршіт боғдыханымен келісімге келгенін айтты. Жақында ғана Абылай отыз ақ боз арғымақты тарту етіп, Ордашы биді бас етіп, Хун Лиға отыз ақсақалын жіберген. Қытай боғдыханы бұны «бүкіл қазақ еліне бастық» және кімде-кім Цин мемлекетіне қастық етсе, оған өлім жазасына дейін үкім қолдануға қақысы бар деген «филин» — указ берген.