Ал шынында, Абылайға ата-бабасының дәстүрі бойынша мұндай келісімсөздердің құны бес-ақ тиын еді. Қағаз бетіне түспеген уәделерін қазақ хандары, көңіліне жақпаса, оп-оңай бұза беретін. Абылайдың газауатқа қосылмауына себеп болған — Орта Азия мұсылмандарының бір қауым боп, Ауған ханы Ахметті бар әскеріне қолбасшы етуі еді. Қазір Ахметтің қарамағында жетпіс бес мың әскер бар, егер шүршітпен соғыс ашпаған күнде, бұл қалың қол қайда барады? Көп жылдан бері үнемі соғысып, әбден қалжыраған қазақ жасақтары бұндай әскерге қарсы тұра алар ма? Одан да… Түркістан жерінен көңілі бар бұл хандардың әскерлерінің қабырғаларын сындырып, шүршіттер ұйқы-тұйқысын шығарса бізге пайда деген. Әрине, күнгей жағыңнан шүршіттің көрші бола қалуы да қазақ еліне тиімді емес. Бірақ Россия бекіністері құр ғана қазақ жерінде ме, бір шеті шығыста, Қытай қабырғасымен шектес, сонау ұлы Мұхитқа дейін созылып жатыр ғой… Бұл Қытай боғдыханы санасатын жағдай.
Ал Абылай Шығыс мәселесін осылай түйіп қойып, Қызылжарда орыс тілін үйренген баласы Тұғылды бас етіп, өзін үш жүздің тағына бекітуін өтініп Петербургке, Екінші Екатерина әйел-патшаға елшілер жіберген. Үш жүздің «игі жақсылары» Абылайды ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп «Үлкен Ордаға» хан сайлағанмен, әйел-патшаның қол астындағы бар қазақ еліне хансың деген указы шықпаған. Әрине, бар қазақ еліне Абылай хан бола қалған күнде, осы мезгілді күтіп жең ішіне тығып келген қанды тырнағын ақ патшаның өзіне де көрсете бастауы мүмкін. Ресми түрде бекітілмей жатып, бар қазақ оны өзінің ханы деп танып, соңынан еруге бар. Ал бекітілген күнде… Жоқ, қатын патша ақымақ емес. «Есеңгіреген елге есті бастық беруге болмайды, одан да есеңгіреген елге есеңгіреген бастық берсең — қарамағыңдағы жұрт саған қарсы бас көтере алмайды».
…Абылай әдеттегісіндей ерте оянды. Таң селеуленіп атып қапты. Қыз көйлекшең бүкшиіп аяқ жағында отыр. Тарқатылып кеткен қою қалың шашы иығын көме, бүкіл денесін жауып, жерде шұбатылып жатыр. Тек боп-боз боп ақша жүзі ғана көрінеді.
— Қандай тілегің бар? — деді Абылай, өзінің қыздарымен шамалас жас сұлуға. — Айт, орындайын!
— Тілегім біреу-ақ…
Қыз үнінен ренжігендік сезілмеді.
— Бір қыздың құшағында бір тайпа елдің тағдыры тұрған жоқ, хан ием… Мұны мен де ұғамын. Бірақ қатты дауылды күні тек қыран құс қана өз бағытынан адаспайды. Жұрттың бәрі қыран емес. Аласапыран кездегі жұртымның бір табансыздық көрсеткенін кешіріңіз!
Қыз сөзі Абылайға ұнады.
— Жақсы. Ал өз бауырларыңа қарсы садақ безеген ана екі ағаңды қайтеміз?
— Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң…
Абылай езу тартты.
— Біз олардың «үйірін тапқанын» қайдан білеміз?
— Босатып көріңіз. Егер сізге ерсе, өз айыбын өздері жуғаны.
— Ал ермесе ше? — деді Абылай.
Қыз қуанып кетті.
— Онда, мейліңіз. Қандай жігіттің тағдыры болса да, өз елінің тағдырынан қымбат емес.
Абылай шаңырақтан көзін алмай бозарып келе жатқан таңға қарап ұзақ отырды. Иә, қол астынан қашып кетпек болған Қоңыраттың бірнеше адамын аямай жазалады… Ал қалғандарының көңілдері енді қалай қарай ауады? Үйсін, Жалайыр, Дулат, Албан, Суан сияқты Ұлы жүздің белді рулары не демек? Бұлар Абылайдың ісін қош көре ме, жоқ па? Бұл рулардың көп жігіті қазір хан жасақтарында. Ал ертең сол жігіттер қазақ елі Қоқан әскерімен бетпе-бет айқасуға тура келгенде Абылайдың қаттылығына өкпелеп, Қоқан жағына шығып кетсе қайтеді?
Хан қызға көз қиығын тағы бір аударды да ләм-мим деместен, орнынан тұрып, үйден үн-түнсіз шығып кетті. Ол тағы бозғылт реңді аспанға қарады. «Аққу құсты көрмегелі не заман!» — деді әлденеге күйінгендей, бірақ сол сәтте-ақ бойын жинап алды. Анандай жерде тұрған күзетшіні өзіне шақырды.
— Шабармандардан хабар бар ма?
— әлі ешкім оралмай жатыр.
Абылай Қазықұрт жаққа көз тастады. Тау етегінде көрінген салт аттылар хан ордасына қарай келе жатыр. Кенет ат дүбірі естілді. Құйындата шапқан салт аттылар ауыл сыртына кеп тоқтай қалғанда, Абылайдың жүзі жылып сала берді. Бұл келген Қыпшақ Маңдай батыр мен Керей Жанай батырдың жасақтары еді. Олар осы Қаратау маңындағы ілік-шатыстарында қонақтап жүріп, елдеріне әлі қайта қоймаған-ды. «Аттан!» деген айқайды естісімен, Абылай ордасына жеткен беттері…
— Бұқар жырауға кісі жібердіңдер ме? — деді Абылай.
Дәйекші жауап қайтара алмай қалды. Ханның қабағы түйіліп кетті. Бір кезде өзіне тірек болған жырау мен ханның арасы күннен-күнге суйи бастаған. Қоңырат еліне істеген рахымсыздығын көріп, Бұқар жырау ашуланып, кеше хан аулынан жүріп кеткен.
Қазықұрттың күншығыс жағынан тағы бір шаң көрінді. Құйғыта шапқан шабарман атынан домалай түсіп, хан алдына тізе бүкті.
— Алдияр, Жалайырдан бізге тек төрт-бес жүз ғана жігіт қосылатын түрі бар…
— Қалғандары ше?
— Қоқандықтардан қашпақ боп үйлерін жығып жатыр.
— Осындай хабарды Ұлы жүздің басқа руларынан да алдық! — деді дәйекші жігіт.
— Сонда қай жаққа қашпақ?
— Алакөл тұсына.
— Шүршіттің шоқпарының астына барып тығылмақ па?! — Даусының қалай қатты шығып кеткенін Абылайдың өзі де сезбей қалды.
Бірақ, түс ауа, шабармандардың айтқанындай халінің тақа жаман емес екені анықталды. Абылайға қанша наразы болғанменен шүршіт пен Қоқан озбырлығы түбі қатты тиетініне шек келтірмеген Ұлы жүздің көп рулары көп кешікпей өздерінің жігіттерін Абылайдың ақ туының астына тегіс әкелмек деген хабар естілді. Бұдан кейін, іле-шала Бөкей мен Садыр батыр бастаған Дулаттың қалың қолы келе жатыр деген сөз де ауыл шетінде дүңк ете қалды. Ал Сырғалы Елшібек батырдың дер кезінде жетуіне Абылайдың өзі де күмәнданбаған…
— Күнәкәр Божбан руынан жазаланбаған қанша адам қалды, — деп сұрады Абылай кәрі қылыш жасағының бастығынан.
— Алдияр, өзіңіз өлімге бұйырған көтеріліс басшыларының бесеуін ғана ат құйрығына байлап үлгірдік… Қалғаны қол-аяғы байлаулы отыр…
— Босатып жіберіңдер тірілерін!..
Тұтқыннан босанған Божбан жігіттері арқан батқан білектерін сипай, заматта үйді-үйіне тарай бастады.
— әділетті үкіміңнен айналайын-ай, құдіретті хан иеміз! — деп анандай жерде тұрған Божбан ақсақалдары, маңыраған қойдай, шуласа баталарын берді.
«Бес адамын ат құйрығына байлағанымды көрген соң бұлар маған баталарын беріп жатыр, — деді Абылай ішінен, — жазаламай бәрін бірдей кеше босатып жібергенімде, бүгін бұл алғыс болмас еді!».
Кенет Абылай «Жаныбек! Қаныбек!» деген сыбырлай шыққан үн естіді. Бұрылып еді, кетіп бара жатқан жігіттердің ішінен өзінің екі ағасын шақырып тұрған Қоңырат аруын көрді. Екі ағасы қыздың жанына келді. Әлде нені сұрады. Содан кейін екеуі үйлеріне қарай жүгіре жөнелді.
«Осы екеуін бекер босаттым-ау», — деп ойлады Абылай тағы да, бірақ сол сәтте-ақ оларды есінен шығарды. Тек бір жеті өткеннен кейін ғана, біреуге істеген жамандықтың жойылмайтынына, қанды кектің бәрібір жүрек түбінде сақталатынына көзі жетті.
Абылайдың газауат ұранына қосылмағанын пайдаланып, Қоқан әміршілері оны біржолата құртпақ еді. Олар бүкіл мұсылман қауымына: «кімде-кім Абылайға жәрдем беруді ойласа, оны алла тағаланың қарғысы атсын» деп жар салды. Бірақ діни дәстүрге онша берік емес қазақ даласы бұған мән берген жоқ, өйткені бұл ежелден келе жатқан өзінің әдет-ғұрпы бар ел. Дінді қорғау- дан көрі, жерін қорғау ата-бабадан қалған мирас. Осы дала заңына салып, Самарқант, Хиуа, Бұхар, Қоқандардың мың сан минареттерінен қазақ ханына «лағнат» айтып жатқандарына қарамай, Ұлы жүздің көп руларының жігіттері Абылайдың ақ туының астына жиналды.
— әй, Тұрымтай шабарман! — деді Абылай дауысын көтеріп.
Шабармандардың ішіндегі ең пысық, жарқын жүзді бала жігіт ханның жанына жетіп келді.
— Не айтасыз, алдияр?
— Жалайыр ауылдарына қайтадан шап. Тезірек жетсін де. Егер дер кездерінде келмесе, Қоқан ұрысынан кейін, Қоқанға туған кеп, Жалайыр билерінің де басына туып жүрмесін! Соны ескерт!
— Ал егер жауап қайырмаса ше?
— Мә, менің қамшым… Жауап қайырмайтын болса алдарына таста да, өзің кейін шап!
Шабарман үйден ата жөнелді.
Кең дала сойыл ұстаған салт аттыларға тола бастады. Қазықұрт тауының басынан кемінде он шақырымдай жер ап-айқын көрінеді. Абылай әлсін-әлсін батыс жаққа көз тастап қояды. Біреуді сабырсыздана күткендей. Ханның неге осынша тыпыршып тұрғаны жанындағы серіктеріне де аян. Хан Бұқар жыраудың келуін күткен еді. Бұл күнде әбден қартайған Бұқар жырау бұрынды-соң- ды қазақ көрмеген қызық адам еді. Өткір тілі, алғыр ойы үшін, оның иығына талай рет мауыты шапандар жабылған. Бірақ жырау оларды жанындағы серіктеріне тартып, өзі көнетоз шидем шекпенімен қалатын. Ал қыс болса киері — түйе жүн қалың күпі, тозығы жетіп қалған қарсақ тымақ. Кейде жорыққа мінетін аты да болмай қалады. Сөйтсе де, Бұқар жырау келіп түскен ауыл қызық-думанға бататын. Үлкені мен кішісі тік тұрып күтетін.
Осы кәрі бүркіттей тұғырда отырып қалған қарт жырау хан кемшілігін жұрт көзінше батыра айтқанменен, Абылайдың негізгі істерін қолдайтын, оны жұртқа жеткізетін жаршысы болатын! Бірақ, соңғы жылдары әйгілі жырау Абылайдың қатыгездік, жан шошырлық көп ісінен көңілі қалып, хан қиянатын ашық айта бастаған. Бұрынғыдай емес, хан ордасына да сирек көрінуге айналған. Жыраудың бұл қылықтары Абылайдың көңілін бөле беруші еді. Бұқар кедей болғанменен, сол кедей қалың бұқараға жұмсайтын құралы екенін хан жақсы түсінетін. Ал хан қанша айбарлы, қаһарлы көрінгенмен сол кедейлерсіз, «импрамсыз» ойлаған ісінің бірде-бірін орындай алмайтыны тағы оған мәлім.
Бір кезде осы білгір жырау Абылайды Россиямен қол ұстаспақшысың деп айыптаған. Соңынан, бұл одақтасу — қазақ даласын шүршіттен аман алып қалуға керек екеніне көзі жетіп, Абылайға бұрынғысынан да жақындай түскен. Енді оны бүкіл қазақ елінің басын қоса алар бірден-бір ханы санаған. Бірақ, ойлаған мақсатына жету үшін қандай қатыгездікке де болса дайын ханның кейбір қылығы кейінгі кезде Бұқарды шошытып, Абылайдан іргесін аулақ сала бастап еді. Кеше ғана Абылай бұрынғыларынан да сорақы, жан шошырлық қылмыс істеді. Ханға бағынғысы келмеген Қоңыраттың бес басты адамын ат құйрығына байлатып, айуандықпен өлтірді. Бұл қылмысты хан ауылдан аулақ жерде жасырын істеткенмен, жырау біліп қалған. Ашулы жырауды әлі де болса өз ордасына ұстамақ боп, Абылай оның алдына өз жылқысынан айдатып әкеп атақты боз айғырдың үйірінен бір жүйрігін сыйға тартқан. Мүмкін, сол сыйлығы теріс кетпеген болар, мінеки, үніне үш жүздің баласы тегіс құлақ салған Бұқар жырау қасында бір топ адамы бар, хан ордасына қарай келе жатыр…
Бірақ қырағы көз Абылай, Бұқар жыраудың астында өзінің бәз-баяғы топай торысы екенін анадайдан-ақ көрді. Бұл хан тартуына илікпеудің белгісі еді. Әдетте жырау ауылдың ту сыртынан домбырасын тартып, ел көңілін көтеретін көп толғауының бірін айта келуші еді. Бұ жолы оның бірі де жоқ. Таяу кеп, даяшы жігіттердің көмегімен аттан түсті де жақындай беріп ханға басын иді.
— Арсың ба, Абылай хан!
— Барсың ба, жырауым. Жолыңыз оң болсын!
— Бүкіл дала жылаған жұрттың көз жасыменен саз балшыққа айналыпты… Ат тұяғын әзер алып келді, алдияр!
— Ханға қарсы шыққан бүлікшілер өз жазасын алуға тиіс.
— Бүйте берсең, көп кешікпей, саған бүкіл қазақ даласы қарсы болып көрінер, хан ием…
— Менің орнымда өзің болсаң не істер едің, әулием?!
— Ата мекен жерінен су шығып па бұл жұрттың? Ең болмаса соны сұрамайсың ба, алдияр? Шетінеген хандықты қан төгумен желімдей алмайсың, Абылай.
— Астыңдағы атың жүрдек болса, қамшылаудың қажеті болмас еді… Тоз-тозы шыққан тобырдың басын қоса алмай-ақ өтетін шығармыз бұл дүниеден!
— Ханда қырық кісінің ақылы болмаушы ма еді?
— Бұл жұрт әзәзілдің тіліне еріп, жат елге көшпекші… Аруанадай азынап, апшымды қуыра бергенше, ақылың болса айтсаңшы, жырауым.
Он екі қанат ақ ордада кешке таман хан кеңесі басталды. Бұл шаққа дейін жағдай әбден анықталған-ды. Жан-жаққа жіберілген барлаушылар тегіс оралған. Қоқан ханы Қытай боғдыханына елші жіберіп, әскерінің негізгі бөлегін қазақ даласына қарай аттандырғаны белгілі болды. Әрине, мұны Қоқанның жас ханы шүршіттердің ақылынсыз істемегені де мәлім еді.
Қоқан әскері қазақ жасақтарынан анағұрлым көп. Бірақ сапа жағынан Абылайдың атты сарбаздарынан көш төмен. Оның үстіне бұлардың ішінде өз бауырларына қарсы соғысқысы келмейтін қазақ жауынгерлері де бар.
Хан кеңесі Бөкей, Сағыр, Жабай басқарған Ұлы жүздің қолдары Қоқан әскерін Бадам мен Арыс өзендерінің бойында қарсы алсын деп шешті. Алғаш-қы айқастан кейін әскер кейін шегініп, Қоқан қолын өзімен бірге қазақ даласына қарай ерте беруге тиісті. Бұл кезде Елшібек сарбаздарымен толықтырылған Абылайдың өз гвардиясы Сауранды орағыта Ташкентке барып тимек. Қысқасы, Қоқан ханы қазақ жерін аламын деп жүргенде, қазақ әскері оның өз үйінде бүлік шығармақ. Ал Ташкентті қорғап, Абылай мен Елшібекке қарсы тұра алар сол тұстағы Шанышқылы мен Қаңлы руларын қазақ жағына шығару үшін, бір топ ақсақалмен Бұқар жырау аттансын делінді.
Абылай сауытын киюге ордаға кірді.
Қыз әлі кетпеген екен. Абылай оның жүзін қара көлеңке үй ішінде жөндеп көрмеген-ді. Енді сұқтанып қалды. Қыздың сұлулығы соншалық, оны қиып тас- тап кетудің өзі де қиын еді. Қыздың аты хан аузына өзінен-өзі түсті.
— Сұршақыз, — деді Абылай, — айттырып қойған жерің бар ма еді?
Қыз ұзын кірпіктерін жоғары көтеріп, сопақтау келген үлкен көздерімен ханға жаудырап қарады.
— Үш жүздің ханына оның қандай бөгеті бар?
Қыз сөзі Абылайға тағы ұнады.
— Жарайды, Сұршақыз, — деді ол, — жорықтан аман-есен қайтсам, әкеңе қырық жетімді матап беріп, өзім құда түсем.
Қыздың сұрша беті ду етіп қызарып кетті, көзінде қуаныш сәулесі жарқ етті.
Абылайдың бойын бір орасан қуаныш билеп кетті. Осы жасқа келгенше талай ұзын етектіні жолықтырды. Бірақ оған біреуі де мұндай ұнап көрмеген-ді. Жігіт болып ат жалын тартып мінгелі, басынан өткізгені кілең жорық, ұрыс, талас. Алған әйелдерінің бәрімен де тек төсек үстінде танысты. Сұршақызбен де солай кездесті. Бірақ ол қартайғанда кез болған ең қымбатты қазынасы тәрізденді. Дәл осы сәтте «таңдаған қызымды ғана қатын етермін» деген жас кезінде берген серті есіне түсті. Абылай болмашы езу тартты. «Пешенеңе жазылса аспандағы аққу да аяғыңның астына түседі екен».
Сұршақыздың көзі тағы жарқ ете қалды. Жоқ, ол қазір түндегі Абылайдан зәресі ұшып қорыққан жас өспірім қызға ұқсамайды. Бұл енді айбарлы ханның сүйікті әйелі! Қиянат көрсеткен әлеммен атысуға бар сұлу!
Абылай сыртқа беттегенде, Сұршақыз бірге ере шықты. Қаптаған жұрттан ұялған жоқ, Абылайдың алдынан көлденең тарта берген тұлпарына ханды қолтығынан көтеріп өзі мінгізді.
Абылай еңкейіп Сұршақыздың маңдайынан сипады да, артына бұрылмастан, күтіп тұрған қолға қарай желе жөнелді.
— Қош бол, арысым, — деді күбірлеп, — сау барып, аман қайта гөр, қатерлі сапардан…
Сұршақыз кетіп бара жатқан қолдың соңынан көзін алмай ұзақ тұрды. «Ордадағы киімдеріңді алып кет» деп айтқысы келген Абылай нөкерлерінің бірі өктемдей басып қыздың жанына келді.
— Бикеш, — деді ол кекете, — бүгін хан төсегінде ұйқыңыз әбден қанған шығар. Енді үйіңізге қайта берсеңіз де болады.
— Кім ақұрық бастығы?
— Ақұрық бастығы Жамантай. Ал сізге бастық болуға мен де жараймын-ау деймін…
— Шақыр Жамантайды!
Жігіт бірдеме айтпақшы болып келе жатты да кілт тоқтады. Ханның бір түндік «жас иіс» қызметіне ғана жарап, сағы сынған қыздардың пішіндеріндей емес Сұршақыздың тәкаппарлана қалған келбетінен ол қыз басына «бақ құсының» қонғанын аңғарып, шошып кетті. «Осының өзі Абылайға ұнап қалғанның қай жағында, — деді ішінен, — көзі жәбір көрген жан сияқты емес, бір мол қуанышқа кенелгендей жалын атып тұр екен, кәрі неме, қатыны етіп алмаса нетсін».
— Жамантайды шақыр дедім ғой, мен саған!
Қыздың үні бұрынғысынан да ызбарлы шықты.
— Құп!
Нөкер Жамантайды тез-ақ алып келді. Сірә ол жолай өзінің ойын ақұрық бастығына жеткізген болуы керек, балуан денелі Жамантай жуаси келді.
— Не айтасыз, бикеш!
— Айтарым екі сөз. — Бірі — мына бейпіл ауыз жігітке, денесінің ең майлы жерінен қырық қамшы дүре соғыңыз.
Аңқау мінезді Жамантай шошып кетті.
— Ойбай-ау, онда ол атқа отыра алмай қалады ғой.
Қыз жымия езу тартты.
— Онда шалбарын шешіп, қалақаймен оңдап тұрып он рет ұрыңыз! Екінші бұйрығым: отағасым жауын жеңіп жорықтан қайтқанда алдынан шығуға, жүген-құйысқаны, ер-тоқымы ақ күмістен қақталған ақбоз жорға дайындаңыз!
Бұл сөздерді айтып тұрған Сұршақыз ханның ең сүйікті қосағы екенін түсінген Жамантай…
— Құп, айтқаныңыз орындалады, ханша… — деп басын иді.
…Үш күннен кейін Ұлы жүз әскерлерінің қоқандықтармен ұрысы Түркістан шаһарының күншығыс жағында басталды. Қоқан әміршісі әлім хан жұртты өзі ерте білгенменен, соғыс тәсіліне қанықпаған, әскери тәжірибесі аз жігіт еді. Божбан ауылдарына жіберген тыңшылары арқылы Абылай ордасында болған оқиғаның бәрін білген. Өзіне қандай қолдың қарсы шығатынын да естіген. Тек білмегені — Абылай мен Елшібек батырлардың төрт мың қолмен бір бүйірінен Ташкент шаһарына қарай өтіп кеткені ғана еді. Артында жау бар деп ойламаған әлім хан мен кәрі тарлан Ерден батыр бар әскерін Түркістан тұсына төккен. Алпыс сана қолға ие болған жас хан Ұлы жүз әскерінің бетін қайтарысымен, олардың соңынан қуып берді. Бөкей, Сағыр, Жабай басқарған жасақтар, көшпелі елдің ежелгі тәсілін қолданып, ұстатпай, құр шегінген де отырған. Тәжірибелі Ерден батырдың «бос қуа берудің қажеті болмас» дегеніне қарамай, жауынгерлерінің көптігіне сенген әлім қазақ жігіттерінің соңынан қалмаған. Сөйтіп олар өздерінің артқы шебінен тіпті алыстап кеткен.
Бұл кезде Абылай мен Елшібек басқарған төрт мың қол Ташкентке кеп тиді. Ташкент қорғаншылары қарсы тұра алмады. Бұлардың көбі хан әмірімен, күн көріс шаруасынан амалсыз қол үзген қала жатағы, жалғыз атты диқан, не болмаса әлі сойыл сілтеуді жөндеп үйренбеген, тек батырлардың кеу-кеуімен «шапқыншыларды қырып салмақ» болған бала жігіттер еді. Бұлар қазақ атты әскерінің тегеурініне шыдай алмай, шаһар кілтін Абылайға әкеп тапсырды.
Ал Түркістанды ала қоямыз деп лепіріп келген қоқандықтардың негізгі күші кенет шегінуін тоқтатып, табан тіресіп тұрып алған қазақ әскеріне төтеп бере алмады. Жан-жақтарынан жапа-тармағай сан рет ат қойса да, сай-салаға бекініп алған Дулат, Жалайыр, Үйсін жігіттері жауды маңына жуытпады. Қардай бораған садақ жебесі мен пілтелі мылтықтың оғына шыдай алмай, қоқандықтар жел үрлеген шөптей, кейін қарай сан рет жапырылды. Кейде тіпті қазақтың салт атты жауынгерлері өздеріне қарсы дүрсе қоя беріп, көп жігіттерін найзамен түйреп жер құштырды. Ұрыс осылай үшінші күнге созылды. Өздерінің көптігіне сенген қоқандықтар, енді ақырғы айқасқа дайындалған. Дәл осы сәтте «Ташкентті Абылай хан басып алыпты!» — деген хабар жетті. Бұған қоса «Бұқар жырау барып азғырып, Ташкент маңындағы Қаңлы ауылдары тағы қазақ жағына шығып кетіпті. Абылайға көмекке Арқадан көп әскер келе жатыр-мыс» деген суық сөз тарады.
әлім хан мен Ерден батыр Ташкентті Абылайдың алғанына көздері жеткеннен кейін, енді өздері қашуға мәжбүр болды. Әлім мен Ерден Абылайға елші жіберіп бітімге келуін сұрады. Абылай жұртты енді дүрліктіре берудің керек еместігін еске алып, тез-ақ бітімге келді. Бұл бітім сол бұрынғы бітімді күшінде қалдырды. Тек қоқандықтар осы жолғы соғыс шығындарын толық төлейтін боп келісілді. Және қарамағындағы қазақ руларынан алым-салық алмайтын боп уәделесті.
Осылай өздеріне тиімді бітімге қол жеткізіп қазақ жауынгерлері Қаратауға қайтты.
Шат-шадыман қалың қол. Борт-борт желген кілең сәйгүлік қазақы жылқы. Абылайдың ақ туын көтерген қалың қолдың алдында бір топ жас жігіттер.
Бұлардың мінгендері жал-құйрығы түйілген қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік, не болмаса құлан қандас бота тірсек сүліктен жаратылған будан. Олардан кейін Бұқар жырау, Елшібек, Сағыр, Бөкей, Жабай батырлар қоршаған хан Абылай. Астында омырауы салақұлаш, жотасы тақтайдай құйма тұяқ қара көк; қатты аяң майда желіспен әлде нені әңгіме етіп, қарқ-қарқ күліседі. Бәрінің де жүзінде шаттық, қоржындары тоқ. Тек бір-ақ адамның қас-қабағы жабыңқы. Әлсін-әлсін ұзын мұртының ұшын тістеп, әлдекімге азуын басып келе жатқандай, алға қарай сабырсыздана ентелей жортады. Анда-санда Абылайды ту сыртынан оқты көзімен ата қарайды. Бұл — морт мінезді, ханға деген ашуы әлі тарқамаған Қоңыраттың батыры Қаныбек еді. Қос батырдың біреуі жау қолынан жарақаттанып хал үстінде елге қайтқан. Қоңырат жігіттерінің алдында Қаныбек жал- ғыз өзі. Соңындағы жігіттер бір-біріне сыбырлап қана сөйлеседі.
Тұтқыннан босанғаннан кейін көкейлерінде тек ел намысы, қайнаған ағайынды қос батыр дереу Қоңыраттың ер жүрек жігіттерін жинап, Сағыр қолына кеп қосылған. Ал босануларына қарындасы Құндыздың себеп болғанын, оның Абылайдың төсегінде түнеп шыққанын білмейтін. Қос батырдың морт мінездерінен хабардар ауыл адамдары оларға Құндыз жайын айтуға қорыққан.
әлім ханмен кездескен ұрыста екеуі де ғажайып ерлік көрсетті. Бірі жараланып кейін қайтқан да, екіншісі — кіші батыры Қаныбек, ағасы Жаныбектің орнын жоқтатпауға тырысқан. Ерлігіне ерлік қосып, қан майданда жан аямай ұрысқан. Осындай қанқызу бір шайқаста, Қоңыраттың батыр жігіттері қашып бара жатқан қоқандықтарды соңына түсіп шоқпарымен көк желкеден дәлдей ұрып кезек түсіріп келе жатқан. Аты екпіндей жеткен Қаныбек біреуін енді ұрам деп шоқпарын ыңғайлай бергенде әлгі атынан қарғып түсіп, тұра қалған.
— әй, сауға! Жан сауға! — деген анау бұған отты көзін қадай.
Бұл — Ерденнің інісі Ералы еді.
Ералының жаман атымен, бұрыннан да таныс Қаныбек енді орасан долдана түсті.
— Көрсетейін мен саған жан сауғаны! — деді ол шоқпарын ыңғайлай түсіп. — Айта бер иманыңды, қара жүз!
Жау қолында өзінің жалғыз қалғанын көрген Ералы Қаныбектің аямайтынын бірден түсініп, енді жалынбай өлуге бел буды.
— Сатылған! — деді ол Қаныбекке удай ащы тілмен. — Жалғыз қарындасың Құндыздың абыройын сатып, Абылайдан жаның әрең қалып еді, мен сенен өткен қара жүз емеспін, мә, өлтіре бер!
Қаныбек шоқпарды қос қолдай сілтеді. Ералының басы быт-шыт боп, миы шашырап, денесі күрс етіп жерге құлап түсті. Қаныбек артына бұрылып қараған жоқ, Ералының жаңағы сөздері құлағынан кетпей, біреу жүрегіне қанжар сұғып алғандай, боп-боз боп дірілдеп, өз жігіттерінің жанына әзер жеткен.
Сол күні өзінің бір сенімді жігітінен ауыл ақсақалдарынан «ел жақсылары» Құндызды Абылай төсегіне апарып салғанын, Құндыздың оған қарсы болмағанын, ертеңіне Абылайдың бұларды босатыңдар деп бұйрық бергенін білді. Енді оның жүрегіне намыс, ашу қорлану — бәрі жиналып, жыландай қадалды. Жұрт бетіне қарай алмай, сол күні түнде жігіттерінен бөлініп жеке қонып шықты. Сол күннен бастап ешкіммен де сөйлеспей, ашуға булығумен болды. Намыстанып, жаны күйінген Қаныбек бір мезет Абылайды жарып өлтіруді ойлады. Бірақ онда мына жұрт жүндей түтіп, хан төсегіне барған ұятсыз Құндыздан кегімді ала алмай қалармын деп сескенді. Абылайды өлтіруді ол енді соңына қал- дырды.
Күн бата қалың қол Қазықұрттың етегіне таяды. Жігіттері жауды жеңіп келе жатқанына қуанышты Қаратаудағы қалың елдің ақсақалдары мен қыз-бозбаласы алдынан шықты. Екі жақ таяй бергенде, Қаныбек ауыл жастарының алдындағы ақбоз ат мінген қарындасы Құндызды көрді. Ералының айтқан сөздері құлағының түбінен ап-анық естіліп, жүрегі тағы да удай ашып кетті.
— Абыройын сатып масқара болған азғын қарындасыма да өлім! Момын елді қан қақсатқан, хан Абылай, саған да өлім! — деді Қаныбек іштей, қанды үкім айтып.
Көп ішінен тұрып атсам жазықсыз біреуге оғым тиіп кетер деп, ол жасақ шетінен бір бүйірлеп оңаша шыға берді. Бұған ешкім бәлендей көңіл де бөлген жоқ. Желе жортып келе жатқан екі топ біріне-бірі таяу кеп тоқтады. Ауыл тобынан ақ боз ат мінген Сұршақыз ғана алға қарай қозғалды. Сірә, жеңіс иесі Абылайды құттықтамақ болуы керек. Бірақ ол аузын ашып та үлгірмеді, ысылдай кеп қадалған қозы жауырын оқ оны ат үстінен жерге ұшырып түсірді.
— Ал енді екінші жебем, Абылай хан саған! — деді әскердің бір бүйірінде оңаша тұрған Қаныбек қорамсақтан сауыт бұзар оғын алып. — Содан кейін, ақ семсер, сен малынарсың өзімнің ыстық қаныма!
Қаныбек садағын оқшау тұрған Абылайға кезей берді. Бірақ тартып қалуға үлгірмеді. Өзінің сол жақ қолтық тұсынан кеп қадалған сүйір ұшты қайың оқтан теңселіп барып ат жалын құша құлап кетті.
Сұршақыздың оққа ұшқанын аңғарып қалған Абылай, жалт бұрылғанда, қыз ағасы Қаныбектің де жерге құлағанын көрді. Атынан түсіп қыздың қасына барды. Бір тізерлеп отырып, қыздың әлі нұры сөніп бітпеген қарақат көздерін жапты.
— Кім атты Сұршақызды? — деді айналасына қарап.
— Ағасы Қаныбек батыр, — деді күзет бастығы.
— Неге атты?
— Білмедім.
Хан құлап жатқан Қаныбекке қарады.
— Ананы кім атты?
Бұл кезде жасы мосқалданып қалған Қапан мерген алға шықты.
— Мен.
— Неге аттың?
— Егер мен оны атпағанда, ол сізді ататын еді. Садақ жебесін сізге қарай меңзеді.
Абылай бұл оқиғаның мәнісін енді түсіне бастағандай болды. Жүрегі алай-түлей боп өртеніп, Сұршақыздан айрылып қалғанына қатты өкініп тұрса да, тіс жарып сыр бермеді. Тек әлден уақытта барып:
— Жер ортасына келгенде бір қуанышқа жеттім бе деп едім, құдай, оны да қимадың ғой, — деді күбірлеп.
Жұрт айбарлы Абылайдың сақал-шашы бозарып, мүлдем қартайып қалғанын жаңа байқады. Кенет оның үлкен қанды көздері жарқ ете қалды.
— Жігіттер, екеуін бірдей ардақтап қатар қойыңдар! — деді жігерлі үнмен. — Тағдыр осылай шешкен тәрізді…
Ағалы-қарындасты екі жас бір зиратқа қатар жерленді… Осы уақытқа дейін Түркістанның күншығыс жағында «Құндыз төбе» деген төмпешік бар. Бұл екі жастың қабірі.
…Ұлы жүздің басты рулары қатынасқан, жеңіске арналған атаулы той болды. Осыдан екі жеті бұрын ат құйрығына байланған жігіттің туысы, кеше ғана қаза болған Жәнібек, Қаныбек пен Құндыздың туған нағашы ағасы Қоңырат руының араларында ештеңе болмағандай, ақсақалы Нұрғазыға Абылай қымыз құйылған күміс кесені өз қолымен ұсынды.
Сонан соң тоқсанға келсе де әлі тұғырдан таймаған Бұқар жырауға қарады.
— Адам дегеннің қандай екенін ұқтың ба, жырау… Қан мен жасқа бөлесең ғана олар сені жақсы көре бастайды!..
— Көп кешікпей, тағы да жаман түс көреді екенсің, хан Абылай!
Хан мен ақынның арасында бұл әңгіме ұзақ жылдан бері келе жатқан таластары еді…
…Хан ордасы орнаған теріскейдегі Көкшетауға қарай қалың қол алдында хан мен жыршысы келе жатыр. Көптен бері бұл екеуінің бір сапта қатар жолға шыққаны осы. Жасы ұлғайған сайын Абылайдың мінезі қатулана түскен. Ханның мінезі қатуланған сайын Бұқар жырау одан алыстай бастаған. Бір кезде ақылшым деп көкке көтерген Бұқар жыраудың сөзіне, соңғы жылдары, хан құлақ қоймайтын болған. Сөз қасиетін жоғары бағалайтын Бұқар жыраудың мінезі, кейде ханның қитығына тиіп, кейітіп те тастайтын. Жырауды әдейі ашуландырғысы келгендей оның көзінше Абылай бұрынғыдан ары ширығып қатая беретін.
— Иә, адам деген осындай, — деді Абылай, жаңа ғана үзіліп қалған ойын қайта жалғап. — Бір сомын тартып алып, он тиынын қайтарып берсең жұрт сені әділетті билеуші санайды!
Бұқар жырау ханға көз қиығын аударды да қойды.
— Қартаяйын деген екенсің, Абылай.
— Сенен кәрі емеспін ғой.
— Мен ондай кәрілікті айтпаймын, алдияр… Адам деген ақ пейіл, сенімпаз келеді… Оның бұл қасиетін күлкі етуге болмайды.
— Бұл сөзіңе қарағанда, мен емес, өзің қартайып қапсың…
— Жоқ, мен бұрынғымнан ақылды бола бастадым…
— Мен де, жырауым!
Бұқар жырау бұрылып артына қарады. Біраз жұрт ауылдарының тұсына келгенде бөлініп кетіп, соңдарында азғантай ғана жігіттер қалыпты.
— Біздің сөзімізді ешкім естімейді, Абылай… Оңашада сұрамақшы едім, айтшы… Божбандарды неге ат құйрығына байлауға бұйырдың? Оларды саған қарсы қоймақ болған өзіңе жақын адамдары еді ғой. Және Божбандар Қоқан хандығына дәл бүгін көше қоямыз демеген-ді. Ел арасы елегізи бастағаны рас. Жел сөзге еріп қопарыла көтерілуі де мүмкін еді. Ал сен… Ақылшы жіберіп тоқтау айтудың орнына, қамыс арасына жігіттеріңді тығып қойып, әлім ханға тілдесуге бара жатқан адамдарын ұстап алдың. Сосын Божбан атаулының бәрі осындай деп, бықпырт тигендей еттің. Неге бүйттің?
— Бұның бәрін сен қайдан білесің, жырауым?
— Білмей… Елу жылдан бері мен сенің мінез-құлқыңа, айла-тәсіліңе қанықпын ғой, алдияр.
— Қанық болсаң… Жаңа өзің айттың ғой, ел арасы елегізи бастады деп… Бүгін елегізсе, ертең ереуілге шығады. Өзгеге үлгі болсын деп жазаладым.
— Жоқ, бұл үлгі емес, күйік… Күйіктен ел қартаяды, еңсесі түседі…
Екеуі біраз уақыт үндемей қалды. Абылайдың тұнып келе жатқан көздерін- де кенет бір ұшқын пайда болды. Даусы да жас жігіттің даусындай мығым шықты.
— Қу қатын-патша бекітпегенмен, айтшы, жырау, осы жұрт мені Үш жүздің ханы деп санай ма?
— Иә, сені «Үлкен Орда» ханы санайды! — деді жырау ханның бұл сұрақты неге бергеніне түсінбей.
— Онда мынаны түсінші… Мен ат жалын тартып мінгелі, ажалдан қорқып көрген жоқпын. Досымды да, қасымды да аяуды білген емеспін. Біреуін ат құйрығына байлап өлтіріп, біреуіне оқалы шапан жауып, мадақтай көтеріп, өзіме серік еттім. Соның бәрін тек хан болу үшін істедім бе? Иә, солай-ақ делік… Ал сонда сол дәрежеге мен неге соншама құмарттым?
Бұқар жырау атының басын бұрып алды.
— Иә, бәсе неге?
— Өзгеге үстемдігіңді жүргізіп, мерейің жоғары болу үшін дейтін шығарсың. Жоқ, олай емес. Оған жай хан болсаң да жетеді.
Абылай кенет тұнжырай қалды.
— Жарайды, бұның жайын басқа күні, сыр пернесін тағы бір қайғы шерткен күні айтармын. Ал қазір…
— Иә, қазір?
Абылай езу тартты.
— Баяғыдан бері менің сойылымды соғып, қартайғаныңда өз ісіңнен өзің қорқып қалдың ба, жырауым?.. Өткен іске өзіңді өзің қинамай-ақ қой. Оданда менің мына сұрауыма жауап берші… Бастары қосылмай кеп, «Ақтабан шұбырындыда» кеуегінен қашқан қояндай сасып, жартысынан көбін жоғалтқан бұл елге қандай адамның хан болуы керек еді. Былбырап аққан ыстық қан иісінен жүрегі айнымайтын, қатал басшысы болмаса, сұрқия заманда жан-жағынан қаптаған жауы даласын аткөпір етіп, өздерін әр жотаның етегіне төбе-төбе қып үйіп кетпесіне кім кепіл еді? Сонда қазақтан не қалар еді? Осы сұрағыма жауап бер, әулие жырау…
Бұқар жыраудың да көңілі орныққандай. Ол тіпті Абылай жаққа мойнын да бұрмады. Айдалаға сөйлегендей мылқау үнмен:
— Иә, өзің айтқандай, керек кезінде қатал болмағаныңда, мен сенімен бүйтіп қатар келе жатпас едім, — деді. — Рас, өмір бақи сенің ісіңді көтермелеп келдім. Ол шежіре ғой. Ал әңгіме қазір шежіреде емес, басқада. Оны өзің де жақсы білесің.
— Тоқтама, жырау, айта бер!
— Жоңғар, Қытаймен соғысып, Қоқан хандарының бетін қайтарғанша, сен жұртты бірімен бірін өшіктіріп, не орынсыз өлімге бұйырып көрген жоқсың… Ботақанды тірідей көрге көмгеніңді де ұмытпаған шығарсың, Абылай. Жұрт ол қылмысыңды да кешірді ғой. Иә, сен ол кезде бар болғаны сұлтан едің, бес мың адамның саған күші жететін еді. Әлде алдарынан көтерілген қазаның мен сабадағы қымызың сені құтқарды деп ойлайсың ба? Жоқ, Абылай. Жұрт қонтайшыға қарсы шығатыныңды түсінді. Сол заманның шындығы сенің жағыңда екенін ұқты. Су тасығанда сең ұрған балықтай есеңгіреп қалған ел, өзінің көсемін іздеді. Бәрінің басын қосатын ер-азаматын іздеді.
Сол ер-азамат, тар жол, тайғақ кешуде жұртын аман алып шығатын ер сен ғана боп көріндің ол күндерде.
— Ал содан кейін не болды?..
— Содан кейін… Батыр Баян қаза тапты.
— Иә, айта бер… не демексің, жырау?
— Туған інісі Ноянды өлтіргені үшін, бұл жалғаннан кеткісі келген жоқ. — Бұқар жырау алыстағы көкжиекке қарай сөйледі. — Батыр Баян саған қатты сенген-ді. Ал сен болсаң Қашқар мен Құлжадағы қазақ, ұйғырдың ереуіліне көңіл бөлмей, Алтынемелді тастап, кейін шегіндің. Батыр Баян бұны опасыздық деп санады. Өмір сүрудің оған енді еш маңызы жоқтай көрінді. Көрер көзге өлім іздей бастады. Бұндай жағдайда ешкім еш нәрсені білмейді деп ойлау әміршілердің әдеті ғой.
— Қытайға қарсы соғысар бізде күш болмағанын білмейтін бе едің, жырау?
— әйткенмен, ереуілге шыққан елдің біразын сақтап қалатын едік. Бізден қауіп ойламаған Чжао Хой мен Фу Де бүкіл шығыс Түркістанды қан-жоса етті…
Абылай мысқылдай езу тартты.
— Менің шегінгенімді жұртқа өзің дәріптеп едің ғой!
— Бұл қу заманда менің еріксіз дәріптегендерім аз дейсің бе…
— Тағы нең бар, айтып қал, жырау?
— Ал сен Алтынемелден тек хан болу үшін шегіндің. Содан кейін-ақ жолың, соңыңнан ерген елдің болашағынан екі айрылды, ханым!
— «Болашақ?» — Абылай басын шайқады. — «Болашақ» деген не?.. «Ел» деген не? Мұндай сөзді менің арғы бабам, жер шарының тең жартысын жаулап алған ұлы Шыңғысхан білген емес.
— Ал өзің ше?
— Білмесем… Арманым мен өксігі мол елу жылымды ат үстінде өткіз- бес ем.
— Шыңғысхан да бар өмірін жорықта өткізген. Бірақ ол бабаңның жаулап алған жарты әлемі қайда, Абылай? Бізге қалдырған мұрасы — тек жанталаса алысу ғана емеc пе… «Болашақ» дегеннің не екеніне енді түсіндің бе? Ал ел ше?… «Ел» деген ешуақытта да еш нәрсені ұмытпайды. Оны «алдадым» деп тек хандар ғана ойлайды, Абылай…
— Мен еш уақытта халықты алдаған емеспін.
— Соңғы жылдары сен халықты жиі алдай бастадың, Абылай. Сенің жасағың бұрынғыдай өз жерін ғана қарап отырған жоқ, бөтен елдердің жерін тартып алу әрекетіне де кірісіп жүр. Біресе қарақалпаққа, біресе қырғызға, өзбек қалаларына жорыққа шығасың. Дегеніңе көнгісі келмеген қазақ руларын да шабасың…
— Осының бәрін сол қазақ елі үшін істеп жүрген жоқпын ба?
— Жоқ, халыққа одан келер пайда шамалы. Басқаны қойып, Жайық қырғынын ғана есіңе салшы…
Сол қырғында қырылған қырғыз жігіттері көз алдарына елестеп, екеуі де бір мезет үндей алмай қалды. Қырғыз манаптарының қазақ ауылдарын оқтын-оқтын шауып, малын барымталап маза бермегенін сылтау етіп, Абылай қалың қолмен кеп, Туро өзенінің бойын жайлаған қырғыздың Солты руының көп аулын шапқан. Күтпеген жерден жауға төтеп бере алмай қырғыз ауылдары Шу бойы- на қарай босқан. Шу қойнауындағы Қызылсу мен Шамси өзендерінің түйіскен сағасында үлкен ұрыс болған. Осы қан төгісте қолға түскен қырғыз ауылдарын Абылай Сарыарқаға айдап әкеп, Есіл мен Нұра бойына орналастырған. Осы күнгі қазақ жеріндегі «Бай қырғыз» бен «Жаңа қырғыз» рулары солардан қалған-ды.
— Содан кейін қырғыз барымташылары қазақ ауылдарына беттеуді қой- ды ғой, — деді Абылай, — сол жолы Шату асуынан өтіп, қырғыз ауылдарын шапсам, оным — қырғызбен көршілес қазақ елінің тыныштығын ойлағаным емес пе?
— Қарғыс атсын ол күнді! — деді Бұқар жырау екі қолын жоғары көтеріп. — Қайта оралмасын, өшсін қарасы сол қалпымен!
— Неге?
— Жайыл ойпатында достық емес, қастық туды!
— Біз біресе жоңғарлармен, біресе шүршіттермен қырылысып жатқанда, қазақ ауылдарын әлсін-әлсін шауып маза бермеген сол манаптар емес пе еді?
— Иә, қырғыздың манабы мен қазақтың ханына атақ, мал-мүлік, төлеңгіт, құл керек болды. Бірақ одан кім зиян көрді? Қылшылдаған алдаспан жазығы жоқ қара бұқараның басын қара жерге домалатты. Бұны да сендер сол жазығы жоқ жігіттердің қолымен істедіңдер! Сол себептен де бауырлас екі елдің арасына қастықтың уын қандарына сіңіруге тырыстыңдар. Құдай бұндай қырғынды өзге халықтардың басына бере көрмесін! Өшпенділік уы енді ұрпақтан ұрпаққа кетсін дедіңдер, күштілер. Сөйтіп қастық өрши беруін тілейсіңдер. Бізге ең жақын қырғыз халқы еді. Сол халыққа өнеге болар артыңа не қалдырып барасың? Қалдырғаның — Жайыл қырғыны ма?
— Ол қырғын да ұмытылмас дейсің бе, жырау?
— Ұмытылады, неге ұмытылмасын, ол үшін…
— Сөйле жырау!
— Ол үшін жер бетінде хандар мен манаптар болмауы керек.
Абылай езу тартты.
— Ел еркесі жыраулардың тек болғанды ғана емес, болмайтын жайды да айтуға қақысы бар. Сөйле! Маған тағы қандай айып тағасың!
— Бес батырын ат құйрығына байлап өлтіргеніңді Қоңырат жігіттері кешеді деп ойлайсың ба?
— Мен өлмей тұрып, ешкім оған құн сұрай қоймас!
— Сен де мәңгі-бақи тірі тұра алмайсың. Абылай? Кесілген теректей бір күні сен де құлайсың. Сонда денең бұзылып бітпей-ақ қанмен желімдеп құрған хандығың ыдырай бастайды. Со кезде бар айыбың, су жыланның басындай шошайып-шошайып шыға келеді. Сенің сүйегің қурап қалса, заман осылай тұра берсе, Божбанның жетінші ұрпағы бес батырының қалай өлгенін ұмытпайды. «Болашақ» дегенде менің айтарым осы, Абылай. Төгілген қанды қалай жапсаң да бәрібір шүберектің бетіне шығады. Заманымыз дүрбелең болды деп, дөрекі іске жол беру күнә. Қиянатты істеу жеңіл, жою қиын. Ал сол қиянатты өрбітіп жүргендер кімдер? Мына сен, хан Абылай. Кіші жүздің ханы Нұралы, Қоқан әмірлері, Қырғыз манаптары. Патша мен боғдыхандар!
— Сонда мені мадақтаған толғауларың жалған болған ғой?
— Ол толғаулардың бәрі сенің ұстаған жолыңа сенгендіктен туған. Бірақ менің сол сенімімді ақтамадың, Абылай!
Екеуі тағы біраз уақыт үндемей қалды. Күн батуға айналғанда, Абылай атының басын тартып, қолдың қонатын жерін көрсетті. Бұл бір құрақты қара судың жағасы еді. Жігіттерінің хан шатырын қалай тігіп жатқанын Абылай бір мезет қарап тұрды да тағы Бұқар жыраудың қасына келді.
— Сен айтқан пәлсапаларды емес, басқа жәйттерді ойлаудамын, — деді ол бір түрлі қажыған кейіппен, — қиянат пен әділеттік, зұлымдық пен жақсылық. Бұның бәрі мен бастаған іс емес… Ойға қалдырған басқа дүние. Хандығың берік емес дедің — бұл сөзің шындық. Бірақ менің хандығымның осалдығы қанмен желімделгенінен емес…
— Сонда неде?
— Орыстың Омбы тәрізді қалаларында талай рет болғанымды өзің де білесің. Сол қалаларға келісімен күзетшілерімнен бөлініп, көшелерін жеке аралайтынмын… Жан-жағыма қарап, көргенімді ойға сап ұзақ жүретінмін. Орыс қалалары біздің шығыс елінің көшелері қыңыр-қисық Бұхар, Хиуа, Самарқант секілді емес… Көшелері түп-түзу, кең, бірі мен бірінің арасы мөлшерленіп бөлінген.
— Онда не тұр? — деді Бұқар жырау. — Самарқанттың көшелері тар, қисық болғанменен Ақсақ Темір зиратының, Биби ханум мешітінің қайда екенін тауып баруға болады ғой…
— Жоқ, мәселе онда емес, басқада. Шыңғысхан әскері несімен күшті боп еді, есіңде бар ма?.. Өзінің тәртібімен, іріктеліп құрылған санымен күшті емес пе еді. Әр түменде он мың жауынгер болған. Әр жауынгер өзінің орнын білген. Бүкіл әскер сол қалпымен жүріп отырған. Әр сыпай жанындағы көршісі жа- йында жауапты еді. Осылай темір тордай боп қатып қалған қалың қол Шың- ғысхан тірі кезінде шебін бұзбай шабуыл жасап, бүкіл әлемнің тең жартысын жаулап алған. Ал ұлы хан өлісімен алдымен түмендер тәртібі бұзылды, біріне-бірі кесірін тигізе бастады…
— Иә, сосын?
— Шыңғысханның тәртіпті, мызғымас түмендерінен қорыққан басқа халықтар енді өздерінің өмірін сол Шыңғысханның түмендеріндей қатал тәртіппен құра бастады. Тіпті көшелерінің арасына дейін өлшеп қойғандай. Міне, бұл елдердің күштілігі қайда жатыр! Болашақтары да осында! Барлығы белгіленген, мөлшерленген! Егін еккен, қала салған. Қаласынан да, егінінен де ешкім қашып кете алмайды. Төрт тағандап жерге жабысып қалған. Жердің үстін былай қо- йып, астына да кіріп барады. Өскеменде көрдім, үстіндегі топырағын аршып, астынан темір мен қорғасын алып жатыр. Сол темірден зеңбірек пен соқа құяды. Ал біз болсақ малымыздың соңынан құла түзде қаңғып жүрміз. Даламыз үлкен деп мақтанамыз. Бірақ ол да қаншаға барады дейсіз. Көршілеріміз бізді жан-жағымыздан қысып келе жатыр. Егер егін егіп, қала салып, кен қорытып үйренбесек, түбі құрып кетуіміз де ғажап емес.
— Ертегіге айналған сонау көне заманда қазақ жерінде де қала салынып, егін егілген, — деді Бұқар жырау. — Сосын сенің бабаң Шыңғысхан келді, көш соңынан шұбатылған шаңдай біз де соңынан ердік. Сол күннен бастап дүние әлем-тапырық боп, шатысып, кетті ғой…
— Ұлы бабам қиратқан қалаларды, мүмкін, маған қайтадан тұрғызу керек болар?
— Орыс қалаларынан неге көзіңді алмайтыныңды енді түсіндім! — деді Бұқар жырау. Оның көзқарасында әрі таңырқағандық, әрі қобалжығандық бар еді….
Үлкен Орда ханы Абылай, осы кезде Омбы генерал-губернаторы бұнымен келіспей хан ауылының жазғы жайылымдарының бірі Зеренді көлі мен Сандықтау маңында жаңа бекіністер салып жатқанын естіді. Және дәл осы кезде «Россия» империясының іші бұлқан-талқан боп бүлінуде екен!» — деген хабар жеткен. «Өлді деген орыс патшасы Үшінші Петр тірі боп шығыпты. Ол қазір Жайық қазақ-орыстарын бастап Петербургке қарсы шығыпты. Петербургті алып, қайтадан таққа отырмақ екен. Оған башқұрт, мордва секілді бұратана ұлттар да қосылыпты».
Ақ патша басына күн туғалы тұрған осы аласапыран мезгілді хан пайда- ланғысы келді. Жаңа ғана ауыл-ауылдарына қайтарылған қазақ жігіттері қайтадан жиналсын деп, жан-жаққа ат шаптырды. Қол жиналысымен Көкшетау, Қызылжар қалаларына аттанбақ болды. Бұл хабарды естіген Орынбор гене- рал-губернаторы да өз әскерін қазақ даласының шетіне әкеп, тойтарыс беруге дайындалды. Бекіністердің қабырғаларына зеңбіректер орнатылды. Бұл зеңбіректердің біразы қазақ жігіттері шабуыл жасайтын далаға қарай қойылса, қалғанын бүгін болмаса ертең Пугачевтің барлаушылары келетін тұсқа бекітті. Ереуілге шыққан Пугачев жасақтары Жайық бойындағы, Орынбордан басқа бекіністерді түгел алған хабары естілді. «Жаңа патшаға башқұрт ауылдары да қосылып жатыр екен!» деген «ұзын құлақ» бүкіл қазақ даласын шарлап кетті.
… Иә, орыс патшасына кеткен жерлері мен оның сол жерлерге салған қалаларын алуға бұл бір ыңғайлы кез еді. Бекіністерінде шамалы ғана гарнизондары бар орыс қалаларының, көп жылғы соғыста әбден шыныққан Абылайдың атты әскеріне төтеп беруі екіталай болатын. Оның үстіне бұл гарнизондардағы солдаттардың өздері де «қатын патшаға» деген наразылығын жасырмай, ашық айта бастаған. Күн сайын әскер арасынан Пугачев жасақтарына қашушылар да көбейген.
Абылай, жорыққа шығу алдында хан кеңесін шақырмақ болды. Осы кеңесте өзін Үш жүздің атынан қимылдауға рұқсат алуды басты мәселе етіп қоюды ойлаған.
Бірақ хан шешімі күрт өзгерді. Оған себеп болған Жайық жағасында бір төлеңгіттің әкелген хаты еді. Бұл хатта Жайық бойының бір топ батырлары Арқа жігіттерін күреске шақырған. «Орыс бекіністерін талқандап, жасақ боп құралып, Жайық бойындағы жаңа патшаға келіп қосылыңдар — деген бұл хатта. — Жаңа патша орыс, қазақ, башқұрт, татар басыбайлы құл, хан төлеңгіті демейді, бәріңді бірдей бостан етеді».
Хан нөкерлері хатты таба алмаған, бірақ төлеңгітті ұстап Абылайға алып келген.
— Кімсің? — деген хан оның бетіне тесіле қарап.
— Төлеңгіт ханға басын да иген жоқ. Танау шеміршегі жұлынған, кең маңдайына темірмен күйдіріп басқан «ұ» деген әріп бар. Бұл «Ұры» деген сөздің белгісі. Мұндай таңба тәртіп бұзған, не қашуды ойлаған тұтқындарға патшаның кен шығаратын орындарында салынатын.
— Танымай қалдың ба мені, Абылай хан?!
Абылайға төлеңгіт даусы таныс секілді көрінді.
— Өздерін өздері батыр деп атаған алаяқтардың хаты қайда?
— Батыр деген ат әкесінің дәулетімен бірге келмейді, жігіт адам қан майданда ерлік көрсетіп өзі алады! — деді төлеңгіт кекете күліп.
Абылай жігітті енді таныды.
Бұл баяғы жалғыз көз Орақтан тараған Қияқ пен Тұяқ құлдардың ұрпағы Науан ұстаның жалғыз баласы Керей еді. Ол Бөгенбайдан кейін де талай қанды ұрыстарға қатысқан. Еңіреген ер бола тұрса да, ақырында хандарға еріп, адам баласы бірін-бірі аямай қырған жорықтардан жүрегі шайлыққан. Сөйтіп ол жылқы баққан ауылдың бостан жігіті боп отырып қалған. Бірақ өмірдің қиянаты оны қайтадан қанды тартысқа алып келген. Бірақ бұл жолғы тартыс өзгешелеу еді. Күндердің күнінде уақытында ханға деген гараж-қаражатын төлей алмай, ол бір сұлтанға бес байталға төлеңгіттікке сатылған-ды. Бір күні бұның жасөспірім қызын сұлтанның зорлап жатқан үстінен шығып, оны қанжарымен жарып өлтірген. Абылай ісін қарап, кісі өлтіргені үшін, патша үкіметінің қолына берген. Ал патша соты күміс шығаратын жерге каторгаға айдаған…
— Иә, қайдан жүрсің, жылқышы Керей! — деді Абылай, — өзің секілді кісі өлтіргіштер барып қосылып жатқан жаңа «орыс патшасы» кім?
Керей тісін ақсита күлді.
— Жай кісіні өлтіру обал. Ал сұлтанды өлтіру — сауап. Алла тағаланың өзі ондай күнәңнің тең жартысын кешеді.
— Бүкіл күнәңді кешу үшін не істеу керек?
— Ханды өлтіру керек! — деді Керей сабырлы үнмен.
Тақымына қыл бұрау сап қинағанмен, Керей Пугачев батырларының хатын кімге бергенін айтпады. Келесі күні оны асау айғырдың құйрығына байлап, азаптап өлтірді. Сол күні түнде хан төлеңгіт аулының жүз елу жігіті Пугачев ереуілшілеріне қосылмақ боп қашып кетті. Олардың ішінде Керейдің ер жетіп қалған екі баласы да бар. Ертеңіне мың жарым нөкерімен қашқындарды Абылайдың өзі бір кішкентай өзеннің жағасында қуып жетіп, алдына сап айдап қайтуға қоршай бергенінде, кенет гүрсілдеген мылтық дауысы шықты. Бірден он шақты нөкері оққа ұшқан Абылай амалсыз қамысты сайға барып тығылды. Жаңа салынып, жатқан бекіністің бір рота солдаты офицерлерін өлтіріп, қазақ жігіттерімен бірге Пугачев әскеріне қашқанын хан артынан естіді.
Амал жоқ, бұларға шегінуге тура келді. Абылай Ордасына қайтып келгеннен кейін, орыс бекіністерімен шектесе отырған Қарауыл руынан жорыққа шақырылған жігіттердің тең жартысы келмегенін білді. Ауыл билері мен ақсақалдары Абылайға «кедей біткеннің бәрі орыс ереуілшілеріне қосылып кетті» деп хабар берді. Осы күннен бастап хан төлеңгіттерінен де күніне екі-үш адам жоқ болып отырды. Кешегі «кәпір» деп өздері қорқытқан орыс қара шекпендеріне ауыл жігіттерінің еркімен барып қосылып жатқанын көрген сұлтандар енді зәре-құттары қашып сасайын деді. Жұрт қаһарынан қорыққан кейбіреулері орыс бекіністеріне тығылды…
Бір жеті бойы Абылай хан ордасынан шықпай қойды. Бір нөкерін Омбы генерал-губернаторына, екіншісін Орынборға шаптырды. Үш жетіден кейін Абылай мен Нұралы Тобыл өзенінің жағасындағы бір шағын бекіністе кездесті. Бұл мәжіліске Орынбор мен Омбыдан келген орыс офицерлері де қатынасты.
Осы мәжілістен кейін Абылай мен Нұралының жасақтары бүкіл қазақ даласын шарлап өтті. Пугачев көтерілісшілеріне қосылмақ боп қашып бара жатқан қазақ жігіттері мен орыс солдаттарын лек-легімен ұстады. Оларды мойындарына арқан байлап сүйретіп, орыс бекіністеріндегі кәрі қылыш офицерлеріне апарып тапсырды. Жарты сағаттан кейін бұлардың бастары кесіліп, «кімде-кім бүлікшілерге қосылғысы келсе, осылай өледі» деп бекініс қабырғаларына қойылды.
Абылай мен Нұралы арнаулы жасақ шығарып, көтеріліске қосылған ауылдарды шапты. Бұл жасаққа патша үкіметіне адал қызмет істеп келе жатқан қазақ мырзалары мен орыс ұландары бірігіп, қазақпен көршілес башқұрт ауылдарын да ботадай боздатты. Сонда тоқсан үштегі Бұқар жырау ашуланып, өзінің:
Абылай-ау, Абылай,
Момынға келіп бек болдың…
деп басталатын атақты толғауын айтып еді.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Орыспенен соғысып,
Басыңа мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба.
Күніңде мендей жырлайтын
Тоқсан үште қария
Енді де саған табылмас
деп бітетін, орыс халқымен достасуға шақырған жыры бүкіл қазақ еліне тарады. Бұл толғауға құлақ қойған жайлаудағы жылқышы, күзеттегі жауынгер енді қашқын орыс солдаттарын ұстап берудің орнына, Абылай нөкерлеріне «ел арасын бұзғалы жүрсіңдер» — деп, өздеріне тап беруді шығарды.
Ел арасында Абылайға деген наразылық туа бастады. Хан жасағына келіп қосылудан гөрі, қазақ жігіттері Жайықтың арғы бетіндегі Пугачевтің белгісіз батырларының қол астына қашты. Бүкіл қазақ жерінде түнде жанған оттар көбейді. Ол отты қоршай отырған ереуілшіл жігіттердің қосылып салған әндері жиі естіле бастады. Оларға Пугачев көтерілісінің хабарын жеткізгелі асыға шапқан салт аттылардың дүбірі келіп ұласты.
Сондай күндердің бірінде Бұқар жырау Бурабай көлінің жағасында «Абылай алаңы» атанған жердегі хан Ордасына келді. Жыраудың Абылайды білгеніне жарты ғасырдан асып кеткен-ді. Жоңғар қолына «Абылайлап» жеке шапқан жас жігіт әлі күнге дейін жыраудың есінде. Жігіт ағасы болып Қалден Церенге тұтқынға түскен Абылайды да жырау ұмытқан жоқ. Бетінің тамыры бір бүлк етпей, адам қанын белшеден басып жүрген бүгінгі Абылай да жыраудың көз алдында. Осының бәрін білетін жүзге келген жырау Абылайдың дәл қазіргідей құты қашып, әбігерленген кезін көрген емес. Қартая бастаған хан, қарсы алдындағы бір затқа көзі тұрақтамай, қолындағы қамшысын білеп жұрттың апшысын қуырып жүр.
Хан аулының ақ үйлері әлдеқашан жығылған. Сары атан, қара інгендерге әлдеқашан артылған. Көш алды қозғалып та кеткен. Күнгей жаққа қарай айдалған үйір-үйір жылқылар мен қотан-қотан қойлары да әлдеқашан Көкшенің хош иісті қырқа белестерінен асып үлгірген. Бұл әбігер — хан аулының көшу әбігері. Осыдан үш күн бұрын Абылай хан Ордасын елімнің көне астанасы Түркістанға көшірем деп жариялаған. Сол сағаттан бастап хан ауылы әбігерге түскен. Төскейдегі жылқыға, жеке қонған ағайын-туысқа хабаршы шапты- рылған.
әрине, хан ордасының Түркістанға көшірілуі, қазақ елінің көне астанасын іздегендіктен емес еді. Қазір қай астананың көне, көне еместігіне қарайтын Абылайда мұрша жоқ-тын…
— Япырмай, жеттіңіз бе, жырауым? — деді Абылай, аттан түсіп жатқан Бұқарды көріп, — жолыңызда, әйтеуір, ешкім кедергі болған жоқ па?..
— Қазір жол бойы толған адам ғой, — деді жырау ойын ашып айтпай.
— Иә, қазір жол бойында тонаушы көп. Жұрт бұзылды ғой!
Бұқар жырау тағы бір ой тастады.
— Қартайғанда дүние біткеннің бәрі жаман көрінетін әдеті.
— Жоқ, одан емес! — деді Абылай.
Сөзімді ешкім тыңдап тұрған жоқ па дегендей, Абылай жан-жағына қа- рады.
— Мен бұл арада отырсам, мына жұрт хан етіп қалдырмайды!
Бұқар жырау жағдайға енді түсінді.
— Орыс қалаларындай қала салам деген өзің емес пе едің…
— Қарғыс атсын мұндай қалаларды! — деді Абылай қолын сермеп. — Бұл қалаларды мен тек губернатор, жандаралдар ғана билейді деп ойлайтынмын. Астанасында қатын патшаның тұратынын да білетінмін. Түбі олармен тіл табысармын деуші едім. Бірақ менің ойлағанымдай болмай шықты. Бұл қалаларда бастықтарына бағынғысы келмейтін бүлікшілер де тұрады екен. Келімсектерден үлгі алған құл-құтан, малшы-жалшы, кедей тобыр індет келгендей әбден бүлініп барады.
— Хан Абылай, енді міне шыныңды айтып тұрсың! — деді Бұқар күлімсіреп.
— Неге жалғызсың, жырау? Үнемі қасыңа еріп жүретін серіктерің қайда? Қазір біз жолға шығамыз ғой…
— Жоқ, мен осы арада қаламын! — деді Бұқар жырау, әлдеқайдағы көк- жиекке көз жіберіп.
…Алтын сәулесі бүлдіргенді, жидекті жасыл даланы нұрға бөлеп, күн жоғары көтеріле берді. Көшкен жұрттың орнында қалған оттар сөнуге айналған. Төбе басындағы Бұқар жырау күнгей жаққа қарап әлі тұр. Алыстағы белестен асып, хан көші біртіндеп жоғалып барады. Көкжиектен көтерілген сағыммен ойнап, Абылайдың ақ туы бұлдыр қағады…
Эпилог
Бір мың жеті жүз сексен бірінші, Ұлу жылы Түркістан өлкесіне өте ауыр жыл болды.
Гулей соққан ыстық жел шаһар маңының майда құмын көкке көтеріп, жан-жануардың көзін аштырмай, тұтығып тұрды. Жаз шыққалы бір тамшы жаңбыр көрмеген сұр топырақты тақыр дала арса-арса боп жарылып кеткен… Табиғаттың осынау қияпат қысымы жетпіске келіп хал үстінде жатқан Абылайдың да тынысын тарылта берді. Бірақ ол бүкіл денесі құрысып, жүрегі қабынып, ауыр науқас өкпесіне біздей қадалса да, дауыс шығарып сыр беретін емес. Шоғы сөнген қоламтадай күннен-күнге бозара түсіп, сөніп бара жатты. Иә, бұл ауру сонау Үмбетей жырау келіп, Бөгенбай батырының өлімін естірткен күннен бас- талған-ды. Со күні Абылай бір түрлі қобалжуда еді. Үш жүздің ел-жұрты өзін Үлкен Орданың ханы етіп боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтерген күнінен сегіз жыл өткен соң, Абылай бүкіл қазақ ханы етіп бекітуін сұрап, баласы Тұғымды бас етіп, Петербургке елшілер аттандырған. Бекерге қауіптенбеген екен, Екінші Екатерина қатын патша оны тек Орта жүздің ғана ханы етіп тағайындады. Бұл хабарды естігенде Абылай бармағын шайнап, теріс бұрылып кетті. Тұғымды Петербургке аттандырғанда, қанша қобалжығанмен де, «Мүмкін, қатын патша бекітіп қалар» деп үлкен үміт күтіп еді. Со үміті орындалмай, қапаланып отырғанында Арқадан, Баянаула жақтан бір топ жуан қоныш, түлкі тымақ, кіселі күміс белбеулі ақсақалдар Ордаға кіріп келген. Ханға тәжім етіп сәлем берісіменен Үмбетей жырау босағада бір тізерлей отыра қап, қарлыққан кәрі даусымен, өлім естіртетін әуенге салып, бір термені шұбырта жөнеліп еді:
Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тыңдамай,
Талай істер басыңнан
Өтіп еді-ау жасыңнан
Қиын, қызық әрбір жай, —
деп Үмбетей жырын бастай бергенде-ақ сұлық отырған Абылай, бойын жиып алған. «Қай батырым, не қай жан күйер ақсақалым қаза болды екен?» — деп шошына қарап еді. Бірақ жырау тоқ етерін айтпай орағытып, алдыменен Абылайдың қасында қандай батырлар болып, қандай ерлік істер істегенін біраз жыр етіп келді де, кенет оқ тиіп құлаған қоңыр қаздай сұңқылдады:
Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тыңда тағыда-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде
Қайрылмас қаза келгенде
Батырың өлді — Бөгенбай! —
дегенде Абылай жүрегі қабынып, не дерін білмей, сілейіп отырып қалған.
Бөгенбай-сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай,
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай —
деген ең ақырғы жыр шумағын әзер тыңдады.
Баянаулада өлген батырдың құрметіне Абылай ел жинап, құран оқытып, қазасын осы Түркістанда өткерді. Сол күннен бастап өз денесі құрысып, жүрегі қабынатын кесел пайда болды. Бірақ, бұл дерт айында, жылында бір ұстап, Абылайдың әдейі тәубесін келтіргісі келгендей, әрі-бері қысып, артынан тарқап кететін. Ал сол кесел, міне, үш айдан бері, ханды тұрғызбай біржолата басып алды. Абылайдың есін жиюынан талықсуы көбейіп кетті. Бүгін де сондай халде еді. Әлсін-әлсін ұстап жанында отырған Бұқар жыраумен өлер алдында қоштасып, іштегі арманын сыртқа шығаруға да мұршасын келтірмей қойған. Сөйтіп қиналып жатқан ханның, тек түс ауа ғана тілдесуге шамасы келді. Көңіліндегісін айтып қалайын дегендей асыға тіл қатты.
— Құдайдан жалғыз ғана тілегім бар еді, Бұқар аға, алар болсаң қан майданда жүргенімде ал деуші едім, — деді ол ақырын көзін ашып. — Көрдің бе, міне, елу жыл оқ дарымай келіп, ақыры бір шаншудан ажал таппақпын. Өмірде бар тілегімді бергенде, құдай бұл тілегімді неге бермеді екен.
Бұқар жырау «өлмейсің» деп оның көңілін жұбатқан жоқ. Адамның өңменінен өтетін үлкен өткір көздеріндегі нұрдың сөніп бара жатқанын көрді де ең болмаса сөйлесіп қалайын дегендей, Абылайдың төсегіне жақындау отырды.
— Иә, Абылай, — деді сөзді әріден толғап, — елу жылдан астам ат үстінде болдың. Батыр да атандың, ақыры хан тағына да отырдың. Бірақ соның бәрінен не қалды?
— Сенің осылай дейтініңді сезетін едім, — Абылай езу тартқандай болды, — рас, хан тағына жету үшін мен ұзақ һәм бұралаң жол бастым… Бірақ сол хан тағы маған не үшін керек еді? Осы сұраққа көңіл күйім тағы бір қасірет шеккен күні жауап берейін деп едім ғой. Сол күн туған секілді… Адамға өлімнен артық қасірет бар ма? Ал тыңда… Иә, хандық құру, тек мансапқорлықтан туды ма сол арман? Жоқ, Бұқар аға, онда сен мені білмегенің. Қолыңда күшің болмаса, кімге айтқаныңды істете аласың? Ұлы хан тағына отырсам қазақ елін өзімнің дегеніме жеткізсем деп ойлағам… Ал соңынан… Әділетті ұлы хан болсам халық менің бұрынғы қиянаттарымды ұмытады ғой деп сенгенмін…
— Бірақ сенің қолыңнан ондай хан болу келмеді ғой.
— Хан бар жерде қиянат болмауы мүмкін емес екен. Бірақ мен сол қиянатымды да, озбырлығымды да, халқымды уысымда ұстау үшін жұмсадым, ел бірлігін күшпен сақтамақ болдым.
Бұқар үндемей отырып қалды. Бір кезде барып:
— Иә, Абылай, сен қанды көз қара бүркіт едің!
Саған еліңді аққу құстай әдемі әніңмен басқармадың деу күнә болар… Олай басқаруды мына замана көтермес те еді, — деп Абылайдың ұзын, арық саусақтарын сипады. — Ал енді бұл жалғаннан өтіп барасың, артыңдағы ұл-қызыңа айтар қандай кеңесің бар?
Абылай бұл сұрақты күткен секілді. Сәл ойланып жатты да, Бұқарға көзінің қиығын аударды.
— Ұл-қыз дейсің бе?.. Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі айтарым бар. Бірі — қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым — мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, қолыма найза ұстап майданға шығайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір тұтам жерін бергем жоқ. Ал батыстан келе жатқан орыс еліне, оның бекініс, қала салуына қарсы шықпадым. Тіпті қара шекпендеріне егін-жай да бердім. Осыны неге істедім? Ақ патшамен тіл тапқым келді. Рас, кейде оның қиянаты да аз болған жоқ. — Абылай өзін Їш жүздің ханы етпеген өкпесін айтқысы келді де кенет қоя қойды. — Бірақ «битке өкпелеп тоныңды отқа салма» деген, сол ақ патшамен найза арқылы емес, сөз арқылы тіл табуға тырыссын. Бұлай ету өздеріне сүйеніш болады. Ақ патша тірі тұрса, Абылай ұрпағынан ел билеу үстемдігі кетпейді…
— Абылай, — деді Бұқар жырау, — өмірде қиындықты да, қызықты да көп көрдің, ал сонда қандай өкінішің бар?
— Өкінішім, — деді Абылай күрсініп. — Өз басымның өкініші… Үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей Егорұлының кеңесімен Зеренді, Шортандыны жайлаған төлеңгіттеріме егін егуді үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады. Және жұттан да қуаңшылықтан да қорықпайды. Ал мен жаудан қазақтың жері біткенін қорғаймын деп жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой, білмей қалдым…
Абылай үндемей сәл жатты да, жұмылып кеткен көзін қайтадан ашты, дүние шіркінді қимағандай салтанатты хан сарайына сұқтана бір қарады.
— Жырау, егер айтарың бітсе, менің де сенен сұрарым бар, соған жауап берші.
— Айтыңыз, хан ием.
— Адамзатқа әрқашанда қуат беретін үміт деген ұлы күш бар. Ол ақылыңды қанағаттандырып қияға самғатады. Жігеріңді қамсыз қайрай көк темірге салдыртады. Мен де бұл дүниеден көп нәрседен үміттенген едім, жеткен жерім осы болды. — Абылай ауыр күрсінді де тағы үндемей қалды. Аздан кейін қайта сөйлеп кетті. — Үмітсіз тек шайтан дейді қазақ. Жоқ, ол бекер екен. Ең үмітсіз — көктемі мен жазы өткен, терең тамырлары қайта жасармастай боп семген кәрілік екен. — Ол тағы қинала күрсінді, — әрине, жетпіс екі жас кәрілік пе? Бірақ басымнан өткен қилы-қилы кезеңдерге көз жіберсем, мың жыл жасағандаймын. Жоқ, мазасыз ой, бітпес тартыстан, тәнім емес, жаным қартайыпты. Ал жаныңның қартайғаны — шын кәріліктің келгені, алдағы үмітіңнің тегіс сөнгені… Үмітіңнің сөнгені — ол сенің өлгенің! Бұл аурудан жазылсам да, жаным шаршаған кәріліктен жазыла алмайтыным кәміл. Жазылудың да керегі жоқ секілді, бірақ сөйтсе де өлгің келмейді екен, әлі де жер басып, күн сүйіп жүре тұрсам дейсің…
— Иә, хан Абылай, мың жасасаң да өлім әрқашанда ерте.
— Солай екен! — Абылай ауыр күрсінді. Сосын өзін өзі кекеткендей езу тартты. — Өлгелі жатып, өлім әуестей, неге осыншама қақсап кеттім. Менің айтайын дегенім басқа еді. — Ол енді сәл ширақ сөйлей бастады, — Хиуа тұтқынынан өзімді алып шыққан Ораз құлдан бастап мен дүниеде аз адамның қанын төккен жоқпын. Майданда да өз қолыммен сан ер жүрек, албырт жасты ат жалын құштырдым… Жазығы бар, жазығы жоқ, талай адамның қаны мойнымда… Өмір бойы, қазақ тәрізді азғантай ел қасқыр тектес келсе, сол жөн деп ойладым. Өйткені ол өз тіршілігі үшін алыса да, жұлыса да біледі. Қазақ елі де сол қасқыр тәрізді өз тағдыры үшін күресе алса ғана, тірі қалады деп ұққам… Заман тек өзін де, басқаны да аяуды білмейтін күштінің заманы… Мен елімді соған баулыдым. Өзімдей болуын көкседім. Бірақ мұным, міне, өлер алдында ғана түсіндім, дұрыс емес екен… Ел болып жер бетінде қалудың басқа да жолы бар сияқты… — Ол тағы шаршай сөйледі. Кенет тағы басын сәл көтерді, — өзің көріп отырсың, маған енді бұның бәрінің қатысы жоқ… Тек енді сен маған мынаны айтшы, осы менің құдай алдында күнәм көп пе? О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір «сен күнәкарсың» деп гүрзісімен ұрып жүрмей ме, осы сұрағыма жауап берші, жаным тынышталсын.
Елу жылдан астам майдандас болып жүріп, бір рет те Абылайдың ажалдан қаймыққанын көрмеген Бұқар жырау, оның о дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір гүрзісінен қорыққанына таң қалды. Әйтсе де ол Абылайдың өлер алдында сонау өзі төккен көп қаннан шошып жатқанын ұқты… Бұқар жырау жауап беріп үлгірген жоқ. Абылай ақырғы рет ышқынып демін алды да, көзін мәңгі жұмды.
Бұқар жырау ұзақ уақыт құлпытастай шошиып отырып қалды. Бір мезетте ұйқыдан оянғандай, алдында жатқан Абылайдың қан-сөлсіз сұсты бетіне қа- рады.
Ол енді ақырын күбірлеп сөйлеп кетті.
Аза күнде қан жылап
Қайғыдан қара бұлт тұрар.
Қурай кенет жас құрақ
Ақ қайың сәтте морт сынар.
Ажал, сенде жан болса
Тілімді удай салар ем,
Бетіңді етіп қан-жоса.
Тоқтатар сөз табар ем!
Жеңілді Бұқар сөз таппай,
Құм бітеді көмейін.
Кешір, ханым Абылай,
Қара тасқа не дейін?
Білсең де өстіп өтерін,
Дүние саған болды тар.
Жалғыз тәубе етерім:
Артыңда қалған атың бар.
Бұқар созыла тұра келіп Абылайдың бетін жапты. Сосын аяғын ілбіп басып сыртқа шықты.
— Уа, халайық, — деді дауыстап. — Шаңырағың құлап жерге түсті, хан Абылай дүние салды!
Үш жүз аза тұтып Абылайды Қожа Ахмет Яссауидің мешітіне жерлегеннен кейін, Бұқар жырау Сарыарқаға қайтты. Халқымен тағдыры бір қарт ақын артына бұрылып қарай-қарай, терістікке ұзай берді…
* * *
Иә, қазақ даласына Россияның келуі, қайта оралмас тарихтың өктемді желісін жылдамдата түсті. Бұл кезде хан, сұлтандардың, ру басы батыр, билердің кешегі қолындағы алмас қылышы, басыбайлы құлы — «импрам» — қара бұқара, енді өзінің күшін анық сезініп, қазақ деген айбарлы жұртқа айналған. Ұлы орыс халқымен бірігіп, бұл жұрт өзін қанаушы тапқа, феодалдық қоғамының үстемдігін жүргізетін уәкілдері хан, сұлтан, бай-манаптарға, олардың қорғаны Россия патшаларының отаршылық саясатына қарсы күрес жолына шыға бастаған. Сана-сезімі ояна түскен, кешегі көшпелі ел, өздерін тағы да алмас қылыш етіп қолдарына ұстап, өтіп кеткен хандар заманын қайта орнатпақ болған Абылай ұрпақтарының жанталастарын да, қанды әрекеттерін де ұға түскен. Мұраттарына жету үшін енді олар бұл жолдан басқа, жаңа жол іздеуге кіріскен.